Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Тұрсынжан Шапай. Көп бояудың бір реңі...

08.01.2020 6035

Тұрсынжан Шапай. Көп бояудың бір реңі 12+

Тұрсынжан Шапай. Көп бояудың бір реңі - adebiportal.kz

Қай ақынның болсын, қалыптасу жолын екі кезеңге бөліп қарауға болады. Біріншісі – алдыңғыларша жазу, әдеби әсерлер мен кітаби «даналықтарды» игеру кезеңі. Кейінгісі – өмірден өзі түйген сырды еркін өлең қылатын, өзіндік көру жүйесі, жазу машығы бар тағдырлы ақындықтың асуы. Артта қалған ескі соқпаққа, анда-санда қайырылып бір қарайтыны болмаса, Гүлнар Салықбаеваны ақын деп танытқан алғашқы жинағының өзінен («Бір жұтым ауа, қызыл күн», 1990) мұндай айқын жол айырығын көрмейміз. Бірден өз тағдыры, өз айтары, өлеңде ешкімге ұқсамас төл мәнері бар Ақынмен ұшырасамыз. Осы шағып жазбада біз оның көп қырлы, көп бояулы әлемнің бірер реңін ғана түстей кетпекпіз.

Гүлнар шығармашылығы – өзінің алдындағы толқын өкілдері Ұ. Есдәулетов, Е. Раушановтармен қатар 80-ші жылдардағы қазақ лирикасының жарқын беті болып табылады. Гүлнардың қатарластары әдебиетке қазақ қоғамы үшін қатерлі өткел, қиын кезеңнің тұсында келді. 86-шы жылдың желтоқсанынан кейінгі рухани дағдарыс, күдік пен сенім, ыза мен намыс торығуға, түңіліске ұласқан алмағайып уақыт солардың қай-қайсысының да шығармашылығында өз таңбасын қалдырды. Гүлнардың лирикалық кейіпкерінің келбетінде де сол кезеңнің мұңы, күйзелісі мен үміті бар. Көңілдегі қаяу, көздегі нала, шетқақпай болған қазақ жасының талайсыз тағдыры, тауқыметті тұрмысы өлеңде лирикалық «меннің» өз трагедиясы болып өріледі.

...Қала. Қара қараңдайды... Ол – мен шошып оянған,

Түсініксіз түс көргендей түршігеді ой-арман.

Сол тұста тырнап аузы ашылып кеткен ескі жарадай әлеуметтік сорақылықтардың, ұлттық төменсіту, «ұлы достық» пердесін сыпырып, ұсқынсыз шын бетін ашқан шовинизмнің кесірлі көріністері көшеге шыққанда-ақ көзге ұрып, кейіпкердің жанын шабақтап, санасын сарсылтады.

Таксиі де тоқтамады,

автобуста кісі көп...

Сен тіркеуде бар шығарсың? –

Алдыменен, күшік, өт...

...Сағыз шайнап тұрғандардың меніменен ісі жоқ..

Семіз әйел самса жейді,

қалса жейді күшігі.

Тек тұрмастың кебін киіп талай тілдер қышыды.

Кесірлер керісті кеп:

«Олай тұр» да, «былай тұр..»

Шыбын жаным, шыдай тұр!

(«Көшедегі өлең»)

немесе,

...Терезелер күледі көше жаққа

Иелері итімен сөйлесетін.

Т. Медетбеков идеалындағы, «арасында бір-ақ сүйем бетон қабырға» тұрған, бір-бірінің мұңына сезімтал, көңілі сергек, жаны елгезек XX ғасыр адамының жағымды-нормативті бейнесі Гүлнардың лирикалық кейіпкерінің көзімен қарағанда, енді басқа қырынан, өзге бір қатал шындығымен көрінеді:

Темір мен бетон — тұрағы,

Қолыңды созшы, кереңім...

Гүлнар өз поэзиясында болмыс бояуын жіті сараптайтын жанары өткір, жаны биік, ойы күлбілтесіз, сезімі жалғансыз лирикалық «меннің» жаңаша бітімін сомдады. Дүниені «ақ», «қара» деп айқын екі-ақ түске бөлмейтін, («көрмейін десем – көзім бар...») өмірдің жықпылы, шындықтың шырайы, сезімнің сыры қанша алуан болса, соның бәрін көңіл сүзгісінде айнытпай танып, жазбай саралаған «меннің» лирикалық жан күнделігін оқырман өз тағдырын оқығандай риясыз қабылдайды. Бұл, әсіресе, 80-ші жылдардағы лириканың ең «осал» тұсы – махаббат тақырыбындағы жырлардан айқын көрінеді. Лирикалық кейіпкер үшін үйреншікті, жаттанды «сүйдім-күйдім» жоқ, сүйгеніне қолы жетпеген әйел жыныстының тұл дүниені талақ қылған мелодрамалық еңіреуі мен теңіз болған көз жасы жоқ. Ол үшін – сүюдің өзі бақыт. Шын ғашықтық, махаббат – әркімнің еншісіне бұйырмас асыл сый, сәулелі сезім. Сүйгенім – мендік болмаса, дүние қараң дейтін пенделік эгоизм оған жат. («Бақыттымын жұтқаныма бір ауа – Сізбен бірге Жерде – аумайтын жұмақтан»). Сүйгені – ол үшін өзінен өлшеусіз биік тұрған жан. («Кенді жердің алтыны – сіз, жезі – біз»). Оған «сен» деуге батпай, «сіз» деп тіл қатуы да, қазақ қызының ежелгі сыпайылығы емес, сол адам (жігіт) бейнесінде көрінген асыл Махаббатты қастерлеуі, құдірет тұтып табынуы. Жолының жіңішкелігіне бағып, өзі сезімін білдіре алмаған ғашығы алыста жүрсе де, лирикалық кейіпкердің жаны онымен бірге, тілегі соның үстінде:

Түндер өліп, ертең-ақ күндер өніп,

Тереземнің алдында гүлдер өрік.

Сыңар қанат Сіз қайтып жүр екесіз,

Біз өмірді сүрерміз бірдеңе ғып...

Өзін «төмендету» арқылы кейіпкер рухани биіктей түседі. Оның сезім әлеміне ежелгі сүю – жек көру диалектикасы да жат емес. Ол үшін тек сүймей де, жек көрмей де, «күйіп кеткен жүрекпен» ғұмыр кешу қорқынышты.

Шам айналған көбелек – шығыс поэзиясында ғашықтық сезімнің ежелгі символы. Гүлнар бұл образға өзгеше қырынан келген. Лирикалық «мен» өз трагедиясын, жан драмасын сол көбелекпен «сырласу» арқылы жеткізеді. Өксу жоқ, күңірену жоқ, өзімен «тағдырлас» көбелекпен үнсіз шер бөлісу ғана:

Сайтан көбелек,

Күйдің «негелеп»

Өзі өртенген –

Менен не көмек...

Әдетте, айғайлаңқырап айтылатын («мен бәріне жауаптымын!») ақындық парыз, азаматтық жауапкершілік тұрғысындағы түсінігін де Гүлнардың ақындық «мені» сыпайы, бейнелі жеткізеді. («Күзетшімін күнге ғашық ағашқа») Жердегі тірліктің бар бояуын, күллі құбылысын түйсіну үшін ол («мен») көру биіктігін, бақылау кеңістігін де жиі өзгертіп тұрады («Ғарыштан бәрі байтақтай – Алыстан бәрі әдемі»). Және құр қол қайтпайды, шындық тауып, сыр түйе келеді («Самғасаң, тірлік сағынтып – Қайтадан қонсаң, ауыртар»). «Адамға,. жалпы жаратылысқа деген ағыл-тегіл, риясыз сүйіспеншілік Төлегеннен кейін мұншама ашық-жарқын сипатта көрінбей кетіп еді» деп жазады Гүлнар поэзиясы туралы әдебиетші А. Шәріпов.

«Күннің көзі қызыл емес, көп түсті» деп, жас ақын алғашқы қадамынан-ақ поэзияда қалыптасқан қасаң, шаблондық көру жүйесіне, канонға айналған образ» өрнектердің мызғымастығына дау айта келгендей. Қатпары қалың өмір шындығын, адам шындығын бағалауда «ақ» пен «қара», «дұрыс» пен «бұрыс» деген өлшемдерге көбірек жүгінген поэтикалық инерция тұсында алуан түсті дүниенің бар бояуын сарапқа тартқан Гүлнар сияқты ақындардың келуі, сөз жоқ, қазақ лирикасының жаңа өріске бет алғанына айғақ.

Күннің түсі көп екенін кеш білдім,

Жай тіліне тұсауымды кестірдім.

Көп бояудың біреуіне боялмай

Ақ көйлегім, неменеге ескірдің?..

Ақ көйлек – күн-тіршіліктің неше алуан бояуына, тауқымет-талқысына, қилы қияпатына көндіге алмай, өмір заңының қаталдығын мойындай алмай, романтикалық әсем қиялының құшағында қалған бейкүнә аңғал жанның, жас көңілдің драмасын бейнелеген образ. Күннің көзі мың түспен құбылса да, осынау нақты өмір, күнделікті күйкі сабылыс суық, сұрқай, қатыгез ұсқынымен лирикалық кейіпкердің жүрегін мұздатады. Адамның – пенде екенін, көңілдердің көлгір, пейілдің сатулы екенін, «пәни – жалған» деген сөздің әдемі тіркес емес, қасіретті ақиқат екенін сездіреді. Лирикалық «мен» жерден, көктен жанына сая, көңіліне жұбаныш таппай басын тауға, тасқа ұрған Лермонтовтың лирикалық кейіпкерінше дауылдан – дамыл іздейді, тыныштықтан бұрқасын сұрайды. Кейіпкер жанының осы мазасыздығы оны жаңа рухани кеңістіктерге жетелейді.

Жалған қызыққа, күйкі тірлікке, өзін-өзі алдап күн көшкен әуре тірлікке ол енді жоғарыдан қарайды («Мен – аспанда, күп – жерде»); («Жұлдызбен жаным жарасып»); («Аспан жақтан келеді айқайлағым»); («Құс жолыменен жыр әлеміне – Жетелеп кетті тағы да мені») т. б.

Гүлнардағы аспан – әдепкі «космостық» иллюзия емес, мағыналы поэтикалық символ. Аспан – биіктік. Аспан – тазалық. Аспан – лирикалық тұлғаның рухани шарықтау кеңістігі. «Жыласам, мен жылайын жер бетінде – Аспандағы аңсарым аман жүргей...» деп, сол биіктік пен тазалыққа – адамдық аңсар-идеалына ғұмыр тілейді.

Гүлнар шығармашылығында замандастың жан-дүниесіндегі құбылыстарды, сол арқылы кезең шындығын қапысыз сезініп, қалтарыссыз айта білетін шыншыл лирикалық, «меннің» тұлғасы бой көрсетті. Оның рухани бітімі, поэзияға 80-ші жылдардың аяқ шенінде келген, Гүлнармен тұрғылас жас ақындар шығармашылығы үшін де ортақ сипат дер едік.

80-ші жылдардың орта шенінде басталған ұлттық түлеу, жаңғыру – лирикаға да елеулі серпіліс әкеліп, көркемдік, рухани тұрғыдан соны ізденістерге өpic ашты. Бұл Гүлнар поэзиясындағы лирикалық тұлғаның рухани жаңа сапасынан да айқын көрінеді.

1993


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар