Отаным,
Ешбір сайтан-заң қоздырмасыншы ел ішін!
Өзіңсің - Жарық Дүнием,
Құдай сыйлаған Жұмақ-Қонысым!
Сенің бір уыс топырағыңның өзі -
- Айдан да – жарық,
Жер шарынан да үлкен қасиет, мен үшін!
Өз еркіңде - нанбайсың ба, нанасың ба,
Сол бір уыс топырақ үшін де көтеріп жүрмін
Достың наласын да,
Қастың жаласын да.
Елімнің мыңдағанжылдық қайғы-қасіреті де сақталған
Оның әр түйірінің санасында!
Сол бір уыс топырағың үшін де, Түнге намазданам!
Күнге де шоқынам!
Болмасын деп ертең еларалық сұрапыл кек-ылаң...
Отаным,
Жер-Суыңды жатқа сатсаң, есіңде болсын,
Өзіңе - қақ мыйыңның ішінен қарғыс болып оқылам!
Бұ заман – уақытша соқыр ағын...
Ханыңды да, қараңды да ақылға шақырамын.
Сәл Өлең-Сөз үрлесем-ақ, өлең-шөп қаулатып жібереді Топырағың!
Ойлан, данышпан Отаным!.. ақымағым!..
***
Қысты жырлағым келмейді.
Не бар онда болатындай Жан іңкәр?...
Ұйытқыған, жапалақтаған қалың қар...
Ата Мекенім үшін қайғырған Ақылымда
қардан да таза, мұздан да суық Зарым бар!..
Қыстың қырауына да қызықпаймын,
аяздан жарылардай болғанда іңір өті,
терезелерімнің өн-бойына жапырақтана жүгіретін.
Өйткені,
Ата Тілім үшін қайғырған Көңілімнің қырауы – Періштелер сүгіреті!..
***
Ата Тілім менің,
Сенің күркіреген күндей қасиетті Дауысыңды
Шеше құрсағына біткенімнен-ақ естігем.
Өмір – мынау, дүние қуа дабырласқан көш түмен!..
Қарсы ұрып жүрмін жылмия арбаған сансыз жылан-пиғылдарға
Өзіңнен дарыған кәрлі қара диюдай Сесті мен!
Құдаймен де Өзің арқылы ғана тілдесем.
Өзің арқылы тілдесермін жоқпен де.
Қырық шілтен аңқыған жұпар желің - өкпемде.
Егер, бір Сөзіңді дұрыс айта алмай қалсам,
Бір тал шөп көз ашпай жатып өліп кетеді Көктемде!
Өзіңсің - өлшеусізді де өлшете алатын Өлшемім.
Мұңыңда мұңсыз ойнаған сәбиіңмін де - мен, Сенің.
Күлкім – Жұмағыңның шұғыласы!
Сөз ұқпастарға үнсіз шыңғырған көз жасың – кемсеңім!
Өрекпігенде, өзіңді менсінбейтін өңкей құл-құтан,
Ақыра арқаланып кетем, аспантекті әр Дыбысыңды пір тұта!..
Сен саңқылдап сөйлей жөнелсең, жым болады жынды да.
Сенің үнің ғана құлан-таза айықтырады ауру Нұрды да!
Өкінішті, әрине,
Саған көк тиынын да қимайды, даналығың арқылы байыған бар сараң.
Қанша сараң болса, сонша – аран!..
Бір Өзің ғана жанталасудасың,
Болмасыншы деп ертеңгі ұрпақ та ақыл-ойсыз арсалаң.
Отанымнан да қасиетті Ата Тілім-ау менің,
Егер, Сен өліп бара жатсаң, соңғы деміммен де Жан салам!
***
Қазақтың текті Топырағынан жаралған,
Қазақтың мейірлі Күнінен нәр алған,
Қазақтың қайырлы Суын ішіп, қасиетті Ауасымен дем алған,
Беу, рақметсіз безбүйрек Қалаларым менің,
Қазаққа кекірея аларған!..
Тұрғындарың - көкала ақша қуып шүлдірлеген кіл пенде.
Мен – Түз ұлымын.
Мемлекеттік асыл Тіл - менде.
Беу, безбүйрек Қалаларым-ай,
Қона жатарлық таза жер де таба алмаймын,
Жын шамдары етектеріңді түргенде!
Сендерге деген аянышым Санамды өткірлер!
Көкірегімде жұпар кек бүрлер!
Құрт-құмырсқасынан Қыдырына дейін қазақша емін-еркін сайран салатын
Қазақ Үйімнен садаға кеткірлер!
***
Күн маған
қазақша нұр шашады!
Қазақша ғана тасқындайды өзендер!
Қазақша ғана аңқылдайды ауа да!
Қазақша ғана толғанады кезең-бел!..
Егер, Жаным сәл ауыра қалса,
Мені,
Қазақтың қайырымды Сөзі тұрмақ, қарғысты Сөзінің
өзі емдер!
Уай, Күлтөбенің басындағылар,
Алашымның Ата Тілі тәуелді емес мына опасыз бес күнге!
Сендер, шүлдірлеуден танбайсыңдар ерте-таң мен кеш-түнде!
Қазақтан тусаңдар да, Қазақты қалай ұмыттыңдар,
Күлтөбесі түгілі, күлтөкпесін де таптатпаған ешкімге?!
Оданда, мені
өлтіріңдер, жат тіліне өңшең құл Бастар!
Қақ айырыла, қазақша аһ ұрсын мұңлы Аспан!..
Сонда, сендерге о Дүниеден өзім оралмасам да,
Сөзім оралады, тынысының өзінен-ақ жын қашқан!..
***
Шынға айналған ертек
Қадірлі дұшпандарым менің,
Әрдайым,
Қастықтарыңды қызықтаймын, қызықтағандай баланың тәй-тәйін.
Менің бір емес, - екі Жаным бар.
Көзімді құртқыларың келсе, айтайын.
Бірі – Ата Тілім!
Ел айбыны, Ел сесі!
Үнсіздігінің өзі - бал сезім!
Ерен-Ғайып түрінде ұшып-шығып жатады аузымнан
Жасампаз нажағайларға толы әр Сөзі!
Екіншісі- Ата Мекенім!
Жұмақтан да көркем мұңлы Ұғым!
Мұңлылығынан қуаттанған ізгі жындымын.
Көктем сайын жұпарлана өсіп те шығады,
Туғанымда топырағына егілген кіндігім!
Ау, дұшпандана қанталаған көздер, көгерген еріндер,
Елім мен Жерімнің де Жаны бар, алтын жұмыртқа ішінде сақтаулы,
Әрқайсысының күрсінісі де қуатты өлімнен!
Әрқайсысы - өзіне өзі сенімді Ер!
Ал, алтын жұмыртқа - Көктегі Күн ғой!
Жара алсаңдар, жарып көріңдер!
Туған Елім,Өзің үшін садаға - мендік қуаныш, мендік мұң.
Әулие Тілің арқылы, Тәңір көкірегіндегі шерді ұқтым..
Сенсіз -
- титімдей қоңыз табанына да мыжылып қалар жәндікпін.
Сен барда,
Қобыз-өзегімдегі сарын – Қорқыт сарынымен тең сарын!..
Әр тынысым – Ауаға да демсалым!
Бір уыс топырағың үшін де -
- Атлантымен қоса көтеріп тұруға дайынмын Жер Шарын!
Иә, Ақын әрі әпенді - иығымдағы мына Бас!
Махаббаттан шығармын, сірә, мас?..
Өзіңді Құдайдай көріп, құлай сүйгенім үшін,
Ата Жауым да өз Елін ойлап, жылап жіберер!.. шыдамас!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.