«Ұйқым келмейді» – адамның күрделі табиғаты жайлы

«Шұбарағашта Өскелең деген жота бар, сол жотаның үстінде ең кішкентай қабір, менің ұлымның мүрдесі. Бір уыс топырақ қана алып қайттым. Орамалға түюлі, сандықтың түбінде сақталған. Егер күндердің күні көзім жұмыла қалса, сол түйіншекті шешіп, ішіндегі топырақты қабірімнің ішіне шашып жіберіңдер. Ұлымнан бір уыс топырақ бұйырсын». Оралхан Бөкей.

«Ұйқым келмейді» –   адамның күрделі  табиғаты жайлы - adebiportal.kz

Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» деген дүниесі тұла бойынан сағыныш пен мұң саулап тұрған ерекше туынды. Алғаш оқығанда біреудің талай жыл жасырып келген жеке сырын оқып жатқандай біртүрлі сезім болған, ал қазір басқаша көресің.

Қолымыздағы «Сана» баспасы шап-шағын, жып-жинақы қылып шығарған кітапта «Ұйқым келмейдіден» бөлек, Оралханның 21 жасында жазған жастық, махаббат жайлы тағы үш әңгімесі берілген. Оларды оқығанда әркім өзінің жас кезін, бүкіл дүниеге қапысыз сенген алаңсыз, таза,  ғажайып шағын, армандарын еріксіз есіне алар еді. 

Шығарма жеке махаббат хикаясынан адам табиғаты туралы шығармаға көтеріледі. Бұл адамның өз таңдауы, өткен өмірі, қазіргі бақыты, жоғалтқаны және сол жоғалтқанын тым кеш түсінуі жайында айтады.  Бір және  кейіпкердің ғана емес, автордың да өз күйі, өз сезімі, өз ақтарылуы секілді көрінетіні қызық. 

Бұл дүниеде адамнан өткен күрделі жоқ шығар. Сырт көзге жанында еш көлеңкесі жоқ, шын мұңсыз көрініп тұрып, ішінде өзінің жалғыздығына малтығып жүретін, ішінің қатпар-қатпарындағы сырды ешкім байқап қоймасын деп аса шеберлікпен жасыра алатын жаратылыс қой адам деген. 

Әңгіменің «Ұйқым келмейді» деген аты ерекше көрінген. Шынымен де ұйқы қашыратын нәрсе аз ба бұл өмірде? Жеңісхан да басқа жұрт сияқты күндіз жұмыста, басқа адамдармен араласады, әңгімелеседі, одан бөлек қаншама міндеттері бар, оның үстіне адам өзін «бәрі дұрыс», «өткен нәрсе өтті», «ол да ұмытып кеткен шығар» деп  алдаусыратуға да шебер-ақ. Ал түнде жалғыз қалғанда, сол тыныштықтың ішінде өзімен-өзі қалмауына амалы жоқ. Ұйқы қашқан кезде адамның күндізгі қорғаныстары әлсірейді де санасы еріксіз «Мен кімнің көңілін қалдырдым, кімге әділетсіз болдым, кімге айтпау керек сөзді айттым, кім менен бір жылылық күтті, ал мен оны бере алмадым…» деген сұрақтарды шығара бастауы мүмкін. Жеңісханның ұйықтай алмайтыны - ол өз өмірімен, өткенімен оңаша қалады. 

Шығарманың бас жағындағы әлі бастықпаған, өмірдің қызыл-жасыл суретіне жанарын суарып болмаған жас адамның мінезі көрінетін ішкі монологы, автордың жастық, өмір, махаббат жайлы жан түкпірінің тереңінен бері тартып шығарғандай тұжырымдары поэтикалық жағынан да қуатты.

Өзі ұнатқан, көңіліне, жүрегіне алабөтен әсер еткен үш қыздың атын атап, қиялында солардың бірінің басын, бірінің белін, бірінің аяқ жағын алып, үш қыздың бейнесінен құрап бір қыз жасамақ болған және осылардың есімдерінен тұратын ортақ ат ойлап таппақ болған Жеңісхан махаббатты бір адамнан табудан бұрын, әр әйелдің бойындағы өзіне ұнаған нәрсені жинақтап, қиялдағы мінсіз бейнені іздеп жүрген қиялилау жігіт болып елестейді. Шынымен де, Жеңісхан солардың қайсысын шын сүйді екен?  

Ол әлі де таңдаудың қызығында жүрген адам сияқты көрінгенімен, шығарманың ортасына ойысқанда, біз оның шын мәнінде әлдеқашан таңдау жасағанын көреміз. Ол үйленген. Түн ортасында қасында қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан әйеліне  көз салып қояды, да, біразға дейін  өз қиялымен, өз ойымен әуре болады.  Осы жерде автор кейіпкердің ішкі сезімдерін, ауылға деген, өткен күнге деген сағынышын, содан тартып «Өрнек» ауылындағы Бақыт есімді қызбен арадағы сезім жайлы естелігін біртіндеп шығара береді.

Ұйқысы қашқан кейіпкер әлдебір сәбидің бейнесін көз алдына елестетпек болады.

«Сол сәби мені кешіре ме екен» , - дейді ол.

 Осы бір ғана сөз Жеңісханның кейінгі бүкіл ішкі күйін алдын-ала аңғартады. Ол әлі оқиғаны баяндап үлгермей тұрып-ақ, сәби алдында өзін кінәлі сезінетінін айтып қояды.

 «Шұбарағашта Өскелең деген жота бар, сол жотаның үстінде ең кішкентай қабір, менің ұлымның мүрдесі . Бір уыс топырақ қана алып қайттым.. Орамалға түюлі, сандықтың түбінде сақталған. Егер күндердің күні көзім жұмыла қалса, сол түйіншекті шешіп, ішіндегі топырақты қабірімнің ішіне шашып жіберіңдер. Ұлымнан бір уыс топырақ бұйырсын. (Әйелім күрсініп ұйқысырады. Балауыз жанып бітуге тақаған. Таңнан хабар сезіледі. Мен осымен жазуымды аяқтаймын. Ал махаббат атты мәңгі бақи таусылмас жырдың қалғанын кеше туған, жас сәби, сендер жалғарсыңдар. Хайыр!) Ұйқым келер емес». 

Бақыт пен Жеңісханның махаббаты мектеп кезінен басталған, Ол кезде Жеңісхан Бақытқа хат жазады, тіпті «саған үйленем» деп серт етеді. Бірақ екеуінің арасындағы сол түннен кейін Жеңісханның сезімі өзгеріп, ол Бақытпен қайта жолықпай кетеді. Жүкті болып қалған Бақыт елдің сөзінен қашып, шалғайдағы Шұбарағаш ауылына жұмысқа кетеді. Ол жақта баласынан айырылады, тағдырдың ауыртпалығын жалғыз көтереді. Ал Жеңісхан махаббаттың жауапкершілігін көтере алмаған болып шығады. Арада жылдар өткенде кездескен кезде Жеңісхан өзінің баласы болғанын естіп-біледі. Бала болған, бірақ, енді жоқ, шетінеп кеткен. Осы кінәлілік сезімнен де Жеңісханның ұйқысы келмейтінін түсінеміз. Демек, мәселе енді «кімді таңдаймын?» деген сұрақта емес, «Мен өзім таңдаған өміріме өзім қаншалықты адалмын?» дегенге бұрылады. Одан кейін Жеңісхан сол жерден бір уыс топырақ алып қайтады. Бұл детальды  жай естелік емес, Жеңісханның өзімен бірге алып жүрген кінәсінің материалдық белгісі секілді. Баласының болғанын естіп-білгені оның санасында әлдеқашан өткен, бірақ өзі толық сезініп үлгермеген бір өмір қайта тірілгендей.

Бақыт ше? Ол үшін сезім аяқталмаған. Ол Жеңісханды күтеді, оның хатын сақтайды, Жеңісханның «сені сүйем, саған үйленем» деген сөздерін, екеуара естелігін жылдар бойы жоғалтпайды. Кейін екеуі кездескенде Бақыттың оған қойғаны: «Сүйсең, екеуіміздің қосылуымызға не кедергі болды?» деген жалғыз сұрақ болды. Бұл жерде Бақыт жай ғана «алғашқы махаббат» емес, Жеңісханның өміріндегі орындалмай қалған моральдық міндеттің бейнесі сияқты екенін әрбір оқырман сезіп те отырған шығар (және осы жерде Буниннің «Қараңғы аллеялар» деген шығармасы еске түсетіні бар). 

 Бақытпен бірге болған кезде оның жанында махаббат болмады дей алмайсыз. Бірақ махаббаттың ең қиын сынағы сезімнің күшінде емес, әлдебір жағдай, қиындық туғанда сол адамның қасында қала алуында, ал Жеңісхан сол сынақтан өте алмады. Осыдан келіп Жеңісханның Бақытқа деген сезімінде жастықтың тазалығы, аяқталмай қалған махаббат, өкініш және кінә араласқан. Ал қасындағы әйеліне қатысты сезімінде үйреншіктілік, отбасы, жауапкершілік, бірге өткізген уақыт бар. Адамның сезімі бір ғана өлшеммен өлшенбейді. 

 Ол ұйықтап жатқан әйеліне қараған сайын, оның жүзінде мұң бардай көрінеді. Оны оқырманға да байқатады. Сіз де ойланасыз: бәлкім, ол күйеуі өзін баяғыдай сүймейтінін, о бастағы сезімдердің орнын үйреншікті әдеттер, өмірдің қалыпты арнасына түскен дағдылар ғана басқанын, неке деген әлеуметтік шеңбердің ішінде қалған екі адамның сұлбасын танығаннан да оңашада мұңданатын шығар?

Шығарма басында тұманда адасқан қыз-жігіттерді жазушы жайдан-жай суреттеп отырған жоқ. Тұман мұнда табиғат көрінісі емес, адамның өмірлік бағдарсыздығының бейнесі.  Бұл жастықтың тұманы, махаббаттың  таңдаудың, адамның өзінің ішкі дүниесін түсіне алмауының тұманы. Адам жас кезінде қай жолдың дұрыс екенін білмейді, біреуді ұнатады, біреуді таңдайды, бір нәрсеге ұмтылады, қателесуі мүмкін, бірақ, адасқанын жылдар өткен соң ғана түсінеді.

Жеңісхан Бақытты тастап кеткенде жараланып қалған тек Бақыт емес екен, енді Жеңісханның өзі де жалғыз, оның әйелі де жалғыз. Демек, бұл жерде Жеңісхандағы ұйқысыздықты ар-ұжданның оянуы деп те қарауға болады. Бұл адамның өзінен қаша алмауы.

Оқырмансың ғой, өзіңше ойланасың: егер күндердің күнінде о баста аңсап, армандап жеткен дүниемізге енжар қарайтын болсақ, онда біз ненің қадіріне жетеміз? Адам қате таңдау жасағанын қашан түсінеді: жолдан шыққанда ма, әлде діттеген жеріне жеткенде ме?

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan