Ұларбек Дәлейұлы. Неге біз өтірік тарихпен өмір сүреміз?
Әдебиетші үшін қоғамда жазатын тақырып көп қой. Бірақ әр адам ішкі бейіміне де қарайды екен. Барлық нәрсе балалық шағынан бастау алады деп ойлаймын. Және өзімнің мамандығым тарихшы болған соң, тарихты көп оқимын. Уақыт өте келе, көп тарихи кітаптарды ақтарып, оқып отырғанда, кей дүниелердің сол замандағы орыстың саясатына сай, солардың ғалымдары жазып кеткен өтірік тарих екенін аңғардым. Оны орта ғасырдағы Шыңғыс дәуірінде жазылған Қытай архивтерін, Парсы архивтерін қарап, салыстырғанда бірден байқауға болады. Мысалы, Ясауидің, Рашид әд-Диннің, Джувейнидің және тағы басқа көптеген ғұламалардың еңбектерін зерттеп қарасаңыз мүлде басқа деректер айтылады. Содан кейін маған «Неге біз өтірік тарихпен өмір сүру керекпіз? Неге басқалар жазып берген тарихты оқуымыз керек?» деген ой келеді. Осылай-осылай поэзиядан тарихи деректі прозаға қарай ойысқаным бар.
Бүгін Астана қаласының Мемлекеттік архивінде «Уақыт керуені: Жазушы көзімен» атты жазушы-тарихшы Ұларбек Дәлейұлының шығармашылығына арналған кездесу өтті. Жиынға Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Архив ісін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жангүл Құдабайқызы, тарихшы, ақын Ахат Расул, қазіргі қазақ поэзиясының өкілі, танымал ақын Ұмтыл Зарыққан және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Шараға модераторлық еткен ақын Ұмтыл Зарыққан жас көрермендерге кездесуге арқау болған тарихшы, ақын Ұларбек Дәлейұлының бүгінгі қазақ әдебиеті және тарихтағы алар орны мен өзіндік үлесі жайлы айта келіп, осындай жиынға ұйытқы болған Астана қаласының Мемлекеттік архиві турасында да бір ауыз ізгі ниетін білдірді. «Елордамыздың жүрегі – архив. Өткен күндердегі Астана қаласына қатысты қандай да бір ұлттық, мемлекеттік дәрежедегі маңызы жоғары құжаттарды біздер тек архивтерден таба аламыз. Басымызды қосып, бүгінгі осындай ізгі шараға мұрындық болып отырған бұл орын – қаламыздың бар тыныс-тіршілігін сыйдыра алған құтты мекеме. Бүгінгі шараға біршама жастар келген екен. Сіздер бұл кездесуден төл тарихымыз бен әдебиетке қатысты көп құнды ақпараттар алады деген сенімдемін. Ал енді «Ұларбек Дәлейұлы кім?» дегенде, қазіргі қазақ руханиятында өзіндік орны мен қолтаңбасы қалыптасқан жазушы, ақын деп айтамын. Ұларбек Дәлейұлының поэзиясы – ұлы даланың поэтикасымен қазіргі жаңа қазақтың сезімін ұштастыра алған әдемі поэзия. Сол поэтикалық қуаты кейіннен прозаға ұласты. Алдымен «Хат бармайтын қыстақ», «Қанымдағы қасқыр иісі», «Қарғыбаулы қасқыр» сынды кітаптары жарыққа шықты. Эссе сипатындағы мұндай әдемі әңгімелерден соң, Ұлекең тарих беттеріне қарай ойысып, Жошы ханға, кейіннен Бату ханға «түсіп» бәрімізді таңқалдырды. Солайша тарих беттеріндегі ұлы даламыздың ерекше тұлғалардан құралған галереясын жасауға талпынуда. Керемет поэзиясы үшін Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың, «Жошы хан» еңбегі үшін «Құрмет» орденінің иегері атанған. Кейінгі жылдары тарихқа қатысты көп дүниені зерттеп, оны кеңінен көсіле жазып жүрген жандардың бірі. Бірнеше кітаптың авторы. Соңғы жарияланған «Бату хан», «Жошы хан» атты тарихи деректі романдары бар. Ендеше көп созбай, кейіпкерімізді ортаға шақырайық», - деп көпшіліктің қошеметімен Ұларбек Дәлейұлын төрге оздырды.

Аталмыш шара «Ашық микрофон» бағытында жазушы мен көрермен арасындағы қызықты сұрақ-жауап форматында өткендіктен, студенттер қаламгер шығармашылығы мен тарихқа қатысты көптеген сауалдарын қойды. Әуелгі сұрақты ақын Ұмтыл Зарыққанның өзі бастады. Жиналған көпшіліктен рұқсат алып, қаламгерге: «Ұлаш аға, сіздің поэзиядағы өлеңнің ырғағына, ұйқасына сыймайтын қуат пен күшті кейінгі прозаларыңыздан байқаймыз. Осы орайда поэзия мен прозаның, поэтика мен тарихи романның арасы қалай жымдасты?», - деген алғашқы сауалын жолдады.

Жазушы Ұларбек Дәлейұлы: - Сұрағыңызға көп рақмет. Алдымен, бүгінгі шараға уақыт арнап келген көпшілікке алғысымды айтқым келіп отыр. Өздеріңізбен кездесіп, жүздесудің өзі бір ғанибет! Мен өз басым уақыт болса, жастармен осылай кездесуді жақсы көремін. Жалпы атамыз қазақ – ұрпақ деп өмір кешкен халық. Жас буын – еліміздің келешегі. Мемлекетіміздің ертеңі де өздеріңсіңдер! Ал сұраққа келсек, поэзия да, проза да әдебиетіміздің бір бөлшегі. Мен ғұндар мен көк түріктер заманын өте көп оқимын, зерттеймін. Сол кездегі көшпенді жауынгерлерге нағыз «бесаспап» (универсал) деген ортақ ұғым сай келеді. Көшпендінің баласы өзі дәрігер, өзі шебер, өзі қиссашы, өзі жауынгер болған ғой. Мұны неге айтып отырмын. Бесаспаптық (универсал) қасиет – біздің қанымызда бар дүние. Мен ана ұлт нашар, мына ұлт жақсы дегенді құптамайтын адаммын. Барлық ұлттың артықшылығы мен кемшілігі болады. Бірақ табиғат пен өмір сүру ортасына қарай, қалыптасқан генеалогиялық жаратылыс жағынан қазақ халқы көп жерде озықпыз. Бұл табиғаттың бізге берген сыйы. Біз сол далада өмір сүріп, сол далада ғұмырын жалғаған бабалардың ұрпағымыз. Түпкі негізіміз бір. Бұл әңгіме жаңағы бесаспаптық қасиеттің қайдан келгенінен шығады ғой. Негізі ең бірінші шығармашылығым поэзиядан басталды. Тұңғыш өлеңімді 16 жасымда жаздым. Кездесулерге барғанда, өздеріңіз сияқты жастар балалық шағымды көп сұрайды. Менің туып-өскен жерім – Шығыс Түркістан. Кейінгі империялық бөліністер кезінде, мен туған Алтай тауы Қытай еліне қарап кеткен. Әйтпесе, ол жер кезіндегі ұлы империя Алтын Орданың бөлінбес бөлшегі болатын. Біз сол тауда туып, түйелі көшті көрген, көшпенділік өмірдің дәмін татқан жанбыз. Кезінде тіпті сабақ оқыған мектебіміз құлап, бір тоқсан мектептің ауласында дәріс алған оқушымын. Қазіргі тілмен айтқанда, ескі өмірдің соңғы жағын көрген жанның бірімін. Соған сай, туып-өскен жеріне қарай, адам болмысы мен мінезі қалыптасады екен. Тура сол қалың тау, қара орман, мыңғырған мал, күзгі кеште таудың қойнауларынан боздап шығатын ботаның дауысы – барлығы біздің жүрегімізді қозғап, тумысымыздан ақын қылып жіберді-ау деп ойлаймын. Жасымызға сай махаббатты жазбадық емес, жаздық. Бірақ мен көбіне поэтиалық сарынға мән берем. Кез келген шығарманы жазу үшін ар жағында негізі бір себеп жатады. Бала кезімнен тарихи романдарды оқып жүргенде қызығатынмын. Бірақ тарихи шығарма жазу қиын сияқты сезілетін еді. Әйтпесе әдебиетші үшін қоғамда жазатын тақырып көп қой. Бірақ әр адам ішкі бейіміне де қарайды екен. Барлық нәрсе балалық шағынан бастау алады. Және өзімнің мамандығым тарихшы болған соң, тарихты көп оқимын. Уақыт өте келе, көп тарихи кітаптарды ақтарып оқып отырғанда, кей дүниелердің сол замандағы орыстың саясатына сай, солардың ғалымдары жазып кеткен өтірік тарих екенін аңғардым. Оны орта ғасырдағы Шыңғыс дәуірінде жазылған Қытай архивтерін, Парсы архивтерін қарап, салыстырғанда бірден байқауға болады. Мысалы, Ясауидің, Рашид әд-Диннің, Джувейнидің және тағы басқа көптеген ғұламалардың еңбектерін ақтарып келіп қарасаңыз мүлде басқа деректер айтылады. Содан кейін маған «Неге біз өтірік тарихпен өмір сүруіміз керек? Неге басқалар жазып берген тарихты оқуымыз керек?» деген ой келеді. Осылай-осылай поэзиядан тарихи деректі прозаға қарай ойысқаным бар.

- Жазушының саясатпен қаншалықты қатысы болуы керек?
Осы сұрақты бір кездері өзім де көп ойландым. Ойымды жинақтап, ықшамдап айтайын. Қазір тәуелсіз елміз. Егемендік алдық. Негізі жазушы саясатқа қатысты болмауы керек. Саяси идеялардың құрбаны болып кетпеу керек. Әйтпесе шығармашылық адам өз-өзін жоғалтып алады. Біздер – Алтын Орданың тарихи мұрагеріміз. Бұл – тарихи факт. Және риза болатыным, осы бағытты мемелекет тарапынан да жолға қойып беріп жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, орайы келіп тұрған идеологияны іліп алып кетуіміз керек. Бұл біздің тарихымызға қатысты айтылған дүние. Авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың сөзі бар: «Өткенді ұмытсаң, тарих саған тас атады», - деген. Біз ешқашан тарихымызды білмей тұрып, ертең кім болатынымзды белгілей алмаймыз. Бұған қазақтағы «тексіз» деген сөзі де келеді. Өзінің тегін, атасы, әкесі кім екенін білмеген адам, ертеңгі күні «мен мынаумын!» деп айтуы қиын. Тура сол сияқты біз тамырымыз үзілмей, қанша қиындықтан аман қалған халықпыз. Түрлі репрессия мен түрлі қитұрқы саясаттың кесірінен жер бетінен жойылып кетуге аз-ақ қалдық. Бірақ аман қалдық. Осы тұрғыда тарихымызды айтып жылай беру, «мен сорлы болыппын, мен осындай қиындық көріппін», - дей беру де дұрыс емес. Оның түбі жақсылыққа апармайды. Ұлт болып сондай қилы заманнан өтіп, аман қалған екенбіз, енді басымызды көтеріп, бойымызды тіктейтін кезеңге келдік. Өткенге деген жылаңқылық пен бойымыздағы агрессияны алып тастап, ары қарай жүру керек. Жастар – ертеңгі елдің бір-бір тұтқасын ұстайтын жандар! Осындай ойлардан ширығып-ширығып келіп, 2023 жылы «Жошы хан» еңбегім жазылған еді», - деп жазушы-тарихшы Ұларбек Дәлейұлы көп әңгіменің басын осылай бір қайырды.

Жиынның соңында сөз алған Ұларбек Дәлейұлының қаламгер досы, ақын Ахат Расул жазушымен бір топырақта туып-өскен жерлес бауыр екендігін, отыз жылдық достықтары, шығармашылығының әр кезеңіне куә болғаны жайында келелі ой қозғады. Сондай-ақ, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Архив ісін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жангүл Құдабайқызы да қаламгерге бүгінгі әсерлі әңгімесі мен өзекті тақырыптарды көтерген сұхбаты үшін алғыс айтып, шығармашылығына шалқар шабыт, толағай табыс тіледі. Шара барысында жазушыға жастар тарапынан әдебиет пен тарихқа қатысты қойылған өзекті сұрақтар өте көп болды. Мәнді сауал қойған көрермендерге автор жеке қолтаңбасы қойлыған өзінің кітаптары мен өзге де жазушылардың туындыларын сыйға тартты. Жиын соңында жиналған көпшілік қаламгермен естілікке суретке түсіп, мәз боп тарқасты.

