Ұлт болмысына айналған әуендердің авторы

Ұлт болмысына айналған әуендердің авторы - adebiportal.kz

Бүгін, 15 тамызда, ғажап әндердің авторы, Қазақстанның халық әртісі, ел есінде мәңгі сақталар ұлы композитор, халық арасында «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 96 жыл толып отыр.

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Жәмшид. Алайда анасы еркелетіп «Шәмші» атап кеткен. Жастайынан әкесінің домбыра мен қобызда ойнап, қоңыр даусымен тербете әуендеткенін, анасының ел ішінде сыңғырлаған үнімен құйқылжыта ән салғанын көріп өскен. Бала Шәмшінің музыка әлеміне деген ерекше махаббаты, әр әннің нәзік сырын терең сезіне алуы дәл осы балалық шағынан бастау алса керек-ті. Кейін Шәмші Қалдаяқов Ташкент музыкалық училищесінде және Құрманғазы атындағы Қазақ консерваториясында білім алады. Жарты ғасырға жуық уақытын музыкаға арнаған композитор шырғалаңы көп шығармашылық жолында үш жүзге жуық музыкалық туындыны дүниеге әкелген екен. Оның әндерінде туған жерге деген сағыныш, Отанды сүю, лирикаға толы махаббат сезімі сынды өшпес тақырыптар кеңінен көрініс табады. Шәмшінің әндері бір ғана кезеңнің емес, бірнеше буынның мәңгі өшпес рухани қазынасына айналып отыр. Композитордың «Бақыт құшағында», «Ана турал жыр», «Ақсұңқарым», «Әнім сен едің», «Бәрінен де сен сұлу», «Ақ бантик», «Арыс жағасында», «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Теңіз құшағында» сияқты көптеген ғажап әндері бүгінге дейін халық жадында сақтаулы.

Шәмші Қалдаяқов шығармашылығының негізгі ерекшелігі – керемет әндері арқылы Қазақстанның музыкалық шежіресін қалыптастырғандығында дер едім. Осы заманның тілімен айтсақ, әр әні хит, әр әуені елдің жүрегінен ерекше орын алған. Композитор тіпті елдің кей өңірлері мен қалаларына арнап та ән шығарған екен. Мысалы, Жезқазған, Қарқаралы, Байқоңыр, Талдықорған, Шардара, Көкшетау, Отырар сынды қасиетті мекендердің атаулары оның әндеріне арқау бола білді. Бұл туындылардың дені бүгінгі күнге дейін сахна төрінде шырқалып жүр. Ұлы композитордың әндері – уақыт пен ұрпақты жалғаған рухани көпір іспеттес. Оның шығармаларынан Отанға деген сүйіспеншілікті, елге деген іңкәрлікті, анаға деген құрмет пен адам жанының нәзік иірімдерін сезіне аласың. Сондықтан Шәмшінің музыкалық мұрасы қазақ халқының мәдени жадында айрықша орын алары сөзсіз. Шәмші әуені – халықпен бірге жасайтын баға жетпес әуен. 

«Менің Қазақстаным» – тәуелсіз Қазақстанның символына айналған ән

Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасындағы айтулы туындылардың бірі – 1956 жылы жас ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным» әні. Рухты әуен аз уақыт ішінде халықтың ықыласына ерекше бөленіп, уақыт өте келе қазақ қоғамы үшін аса қымбат мәнге ие болды. Нақтырақ айтсақ, 2006 жылғы қаңтар айында бұл туынды алғаш рет Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны ретінде шырқалып, еліміздің басты мемлекеттік рәміздерінің біріне айналды. ХХ ғасырдың орта тұсында жазылған шығарманың араға біршама жылдар салып, тәуелсіз  Қазақстанның айтулы музыкалық нышанына айналуы – әннің тарихындағы ең тамаша кезеңі. Бүгінде дәл осы әуендегі Мемлекеттік Әнұран әртүрлі халықтық және халықаралық деңгейдегі іс-шараларда, спорттық жарыстарда, ел өміріндегі маңызды басқосуларда мақтанышпен, қолды жүрекке қойып тұрып шырқалады. 

«Қазақ вальсінің королі» – ұлттық әуеннің заманауи үні

Шәмші Қалдаяқов – қазақтың музыка тарихында халық жүрегінен ойып тұрып орын алған, арада қанша уақыт өтсе де, өзектілігі мен құндылығын жоғалтпаған әдемі әндердің авторы ретінде тарихта қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Композитордың мұрасы – ұлттың баға жетпес қазынасы»,- деп ерекше атап өткен. Сондықтан оның шығармаларын кеңінен насихаттау – бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Айта кету керек, Қалдаяқов шығармашылығындағы тағы бір ерекшелік, вальс жанрын қазақ музыкасының ажырамас бөлігіне айналдыруы. Композитор бұл жанрды қазақтың ән дәстүрімен сабақтастыра отырып, оны отандық эстрадалық музыканың өзіндік әрі танымал бағыттарының біріне түрлендіре алды. Композитордың баласы айтқан естеліктерге сүйенсек, Шәмші орыс музыкасы мен орыс ән дәстүрін жақсы білген. Сондықтан оның шығармаларынан қазақ және орыс музыкалық мәдениетінің өзіндік тоғысқан тұстарын аңғаруға болады. Шәмшінің музыкалық стилінің қалыптасуына әртүрлі мәдени дәстүрлер осылайша әсер еткен екен. Дегенмен композитор шығармашылығының негізгі өзегінде ұлттық әуез бен қазақтың дәстүрлі ән өнері жатқаны белгілі.

Қалдаяқовтың көптеген әндері ел ішін аралаған сапарларынан алған ерекше әсері негізінде дүниеге келген деседі. Осылайша ел табиғатының көркемдігін, әр өңірдің өзіндік болмысын арқау еткен «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Сыр сұлуы», «Арыс жағасында», «Арайлым ақ Келес» сынды шығармалар туылған. Осы туындылар арқылы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы белгілі бір дәуірмен ғана шектелмеді. Еліміздің географиялық әрі мәдени кеңістігімен де тығыз байланысын тапты. Бүгінде композитор шығармаларын симфониялық оркестрлер, хор ұжымдары мен түрлі концерттік ансамбльдер орындап жүр. Шәмші әндерінің заманауи интерпретацияда қайта жаңғыруы – шынайы мәдени мұраның өткенде қалып қоймай, уақытпен бірге түлеп, жаңа буын тыңдарманның жүрегінен орын табатынының дәлелі.

Қалдаяқов мұрасы – жеке тағдырдан ұлттық тарихқа дейін...

Шәмші Қалдаяқовтың есімін ұлықтау, шығармаларын насихаттау – оның әндерін орындаумен ғана шектелмек емес. Композитордың өмірі мен шығармашылығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін елімізде түрлі мәдени-ағартушылық жобалар жүзеге асырылып жатқаны қуантады. Атап айтсақ, концерттер мен еске алу кештері ұйымдастырылып, деректі және көркем фильмдер түсірілуде. Ұлы композитордың есімі көшелерге, елді мекендерге, саябақтар мен мәдениет үйлеріне беріліп, ескерткіштер де орнатылды. Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы және Түркістан облысының Отырар ауданындағы ауылдарға сазгердің аты берілген. Сондай-ақ, ән өнері майталманының 80 жылдығына орай,  Шымкент қаласында «Шәмші әлемі» мәдени кешені ашылып, композиторға ескерткіш қойылған-ды. Ең алғаш 1991 жылы композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм түсірілсе, 2017 жылы экранға Шәмші Қалдаяқовтың тағдыры мен шығармашылық жолын арқау еткен «Ән-адам» атты төрт бөлімді кинокартина жарық көрді. Композитордың шығармашылығын дәріптеуге бағытталған жобалардың енді бірі – 2020 жылы Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық «Менің Қазақстаным» музыкалық челленджі.

Мұның бәрі – Шәмші мұрасының тек бір әулеттің немесе бір буынның ғана естелігі емес, тұтас ұлттың мәдени қазынасына айналғанын аңғартады. Оның әндері ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып, ұлттық музыкалық мұраның өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Айта кету керек, 2022 жылғы маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Шәмші Қалдаяқовқа қазақ халқының музыка өнерін дамытуға сіңірген ерекше еңбегі үшін жоғары дәрежелі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген еді. Композитор дүниеден өткеннен кейін бұл атақпен бірге айрықша белгісі бар  Алтын жұлдыз және «Отан» ордені де табысталды.

Шәмші сазы – ұлт болмысын тербеген әуен ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасын табар ұлттық жадының жарқын үні.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan