«Ұлы Әмір және Донна Мария»: тарихи фильмнің көрсетілімі өтті
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өзбек кинематографистері түсірген «Ұлы Әмір және Донна Мария» атты тарихи көркем фильм көрермен назарына ұсынылды.
Туындының желісінде әйгілі тарихи тұлға Әмір Темірдің өмірі мен билік кезеңі, мемлекет басқарудағы ұстанымдары және адамгершілік қасиеттері көркем бейнеленеді. Фильмде Әмір Темірдің тұтқында болған мажарстандық ханзаданың қызы Марияны азат етіп, еліне оралуына мүмкіндік жасаған оқиғасы арқау болған. Осы тарихи оқиға арқылы шығармада азаттық, әділеттілік, ізгілік пен адамдық қадір-қасиет мәселелері терең қозғалады.

Фильм көрсетіліміне Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, сценарий авторы Хайриддин Сұлтан және режиссері Жаһангер Қасымов арнайы қатысты. Кездесу барысында шығармашылық топ өкілдері туындының идеясы, түсірілім барысы және тарихи тақырыптың бүгінгі қоғам үшін маңызы жөнінде ой бөлісті.
Көрсетілім барысында Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов фильмге қатысты өз пікірін білдірді.

«Бұл кино өзбек халқының, тұтас түркі халықтарының мүмкіндіктерін, олардың тарихтағы орнын жақсы көрсете алған. Соның ішінде бүгінгі қоғам үшін аса маңызды гуманизм идеясын алға тартады. Фильмнің негізгі өзегі де – адамгершілік пен ізгілік», – деді Мереке Құлкенов.
Ал фильм сценарийінің авторы Хайриддин Сұлтан туындының тарихи негізіне тоқталып, Донна Мария оқиғасының адамгершілік мәнін түсіндірді.
«Тарихи деректерге сүйенсек, Әмір Темір Марияны азат етіп, сарайдан босатып, еліне қайтуына мүмкіндік берген. Бұл – фильмде көрініс тапқан тарихи шындықтардың бірі. Осы оқиғадан кейін Донна Мария өз ұрпақтарына өсиет қалдырады. Ол Әмір Темірге алғысын білдіре алмағанын айтып, осы борышын кейінгі ұрпақтары өтеуін қалайды. Бұл – адамгершілік пен адам алдындағы борыш мәселесі», – деді Хайриддин Сұлтан.
Тарихи оқиғаны көркемдік тұрғыдан жаңғыртқан фильм халықтар арасындағы рухани сабақтастықты, тарихи жады мен адамзатқа ортақ ізгілік құндылықтарын дәріптейді.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі
