Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНА ЖАҢАША КӨЗҚАРАС...

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНА ЖАҢАША КӨЗҚАРАС

09.05.2026

18

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНА ЖАҢАША КӨЗҚАРАС - adebiportal.kz

XX ғасырдағы ең күрделі тарихи тақырыптардың бірі – Ұлы Отан соғысы. Советтік кезеңде ҰОС мәселесі тек бір ғана идеологиялық қалыппен түсіндірілді: «бәрі ортақ жау үшін соғысты», «барлық халық тең болды», «жеңісті тек коммунистік партия әкелді» деген ұрандар үстемдік құрды. Ал тәуелсіз Қазақстан жағдайында бұл соғысқа жаңаша, ұлттық мүдде тұрғысынан қарау – уақыт талабы. Өйткені тарих – тек өткеннің шежіресі емес, ол ұлттың санасын қалыптастыратын рухани құрал. Азат мемлекет болудың алғышарты. 

Совет заманында қазақ халқының соғыстағы рөлі көбіне құрбандық пен батырлық деңгейінде ғана көрсетілді. Иә, қазақтан шыққан батырлар аз болған жоқ. Бірақ мәселе тек ерлік жасауда емес. Мәселе – сол соғыстың қазақ ұлтына не бергенінде, не алып кеткенінде. Тәуелсіздік ұстанымы осы сұрақты қоюға мүмкіндік берді. Бұл ұлттық тарихқа постколониялық дискурс жасау үшін керек. 

Ең алдымен, біз мына ақиқатты мойындауымыз керек: бұл соғыс – қазақтың ұлттық мүддесі үшін туған соғыс емес еді. Бұл – екі империялық жүйенің қақтығысы болатын. Бір жағында – Гитлерлік Германия, екінші жағында – Сталиндік Совет Одағы. Қазақ халқы сол кезде тәуелсіз мемлекет емес, ортақ жүйеге кіндігімен байланған бодан ұлт болатын. Сондықтан қазақ сарбазы майданға «ұлттық мемлекетімді қорғаймын» деген санамен емес, советтік міндетпен аттанды. Мұны айту – батырларды жоққа шығару емес, тарихи шындықты мойындау. Советтік идеология соғысты «халықтар достығының символы» ретінде көрсетті. Бірақ сол соғыс жылдарында қазақ даласында ашаршылықтың жарасы әлі жазылмаған еді. 1930 жылдары миллиондаған қазақ қырылды. Сталиндік қызыл террорда небір мықты Алаш зиялылары атылды. Ұлттың рухани элитасы жойылды. Осы трагедиядан кейін арада он жыл өтпей жатып, қазақ азаматы тағы да майданға айдалды. Демек, қазақ халқы бұл соғысқа еркін ұлт ретінде емес, тоталитарлық жүйенің құрамындағы халық ретінде қатысты емес пе! 

Біз бүгін бір нәрсені анық ажыратып алуымыз керек: қазақ жауынгерінің ерлігі мен Советтік жүйенің саясаты – екі бөлек дүние. Мәншүк пен Әлияның, Бауыржан мен Рақымжанның ерлігі – қазақ рухының биіктігі. Бірақ сол ерлікті пайдаланып, Советтік империя өзінің саяси беделін күшейтті. Совет Одағы соғыстағы жеңісті кейін ұлттарды одан әрі бағындырудың идеологиялық құралына айналдырды.

Тәуелсіз Қазақстан үшін соғыс тарихын қайта қарау дегеніміз – «жеңісті жоққа шығару» емес. Бұл – тарихты ұлттық сүзгіден өткізу. Біз Советтік пафостан арылып, соғысқа қазақтың көзімен қарауымыз керек. Қазақ майданда не үшін соғысты? Қазақ ауылына соғыс қандай қасірет әкелді? Соғыстан кейін қазақ қоғамы қалай өзгерді? Міне, негізгі сұрақтар осылар.

Ақиқатында, соғыс қазақ демографиясына ауыр соққы болды. Мыңдаған жас жігіт майданнан оралмады. Ауылдағы еңбек күші азайды. Ұлттың табиғи өсімі баяулады. Оның үстіне, соғыс жылдары Қазақстанға өзге халықтар депортацияланып, күштеп көшірілді. Бұл кейін қазақтың өз жеріндегі үлес салмағына әсер етті. Яғни соғыстың салдары тек майдандағы шығынмен өлшенбейді. Оның ұзақ мерзімді ұлттық зардаптары болды.

Тағы бір маңызды мәселе – тарихи жад. Советтік кезеңде 9 мамыр культке айналды. Соғыс туралы бір ғана ресми нарратив болды. Ал тәуелсіз ел өз тарихын көпқырлы етіп қарастыруы тиіс. Біз ардагерлерді құрметтей отырып, сонымен бірге сталиндік саясаттың қылмыстарын да ашық айтуымыз керек. Өйткені тарихи әділет тек батырларды мадақтаумен орнамайды, шындықты мойындаумен орнайды.

Бүгінгі Қазақстан үшін ең маңызды ұстаным – бейбітшілік пен ұлттық тәуелсіздік. Соғыс тарихына жаңаша қараудың түпкі мәні де осында. Қазақ енді ешқашан өзге империялардың мүддесі үшін қан төкпеуі керек. Ұлттың ең үлкен жеңісі – өз мемлекетін сақтау. Сондықтан Ұлы Отан соғысын зерттегенде біз Советтік лозунг емес, тәуелсіздік философиясын басшылыққа алуымыз қажет. Өйткені тәуелсіз ұлттың тарихы да тәуелсіз жазылуы керек!

Сөз соңында –  осы 1939-1945 жылдары қандықасап майданда ерлікпен қаза тапқан барша қазақ сардарының және тыл ардагерлерінің, жеңіс күнін жақындатқан майдангерлердің рухы шат болсын дегіміз келеді. Біз, олардың жарқын бейнелерін, Отан алдындағы перзенттік махаббаттарынан туындаған өнегелерін сағынышпен, құрметпен еске алып, мәңгілік ұлы ерліктеріне басымызды иеміз. Тыныш ұйықтаңыздар, қаһарман ата-апаларымыз! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan