Ұлық ұлыс тарихының жаңа беттері

Мари Фавероның «Алтын орда. Дала империясы қалай өзгерді» кітабы туралы бірер сөз.

63

Ұлық ұлыс тарихының жаңа беттері - adebiportal.kz

«Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, 

Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай

тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

 

Алтын Орда тарихы – Еуразия кеңістігінің саяси, экономикалық және мәдени дамуындағы аса маңызды кезеңдердің бірі. Сондықтан бұл тақырып ғасырлар бойы тарихшылардың назарынан түскен емес. Қазақ тарихшылары да Алтын Орданың қалыптасуы мен даму кезеңдерін, оның қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы орнын әр кезеңде зерттеп, ғылыми айналымға құнды еңбектер енгізді. Алтын Орда тақырыбы көркем әдебиетте де кеңінен көрініс тапты.

Бұл ретте Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» тарихи трилогиясының орны айрықша. Кеңестік кезеңнің идеологиялық шектеулеріне қарамастан, жазушы Шыңғыс хан әулетінен тараған билеушілер дәуірін, Дешті Қыпшақ даласындағы саяси үдерістерді, Алтын Орданың ішкі қайшылықтары мен тарихи тағдырын көркем шығарма арқылы кеңінен суреттей алды. Жазушының бұл туындысы қазақ оқырманының Алтын Орда тарихына деген қызығушылығын арттырып, тарихи сананың қалыптасуына елеулі ықпал етті.

Ал 2024 жылы Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Алтын орда» атты көлемді тарихи еңбегінің жарық көруі осы тақырыптың қазақ тарихи-танымдық кеңістігіндегі өзектілігін тағы бір мәрте айқындады. Мағауин еңбегінде Алтын Орда тарихына қатысты мол дерек пен авторлық пайым тоғысып, ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрдің тарихи сабақтастығына назар аударылады.

Осы ретте француз тарихшысы Мари Фавероның «Алтын орда. Дала империясы қалай өзгерді» атты еңбегінің жарық көруі де ерекше назар аударуға лайық. Өйткені Алтын Орда тарихы отандық тарихшылар мен қаламгерлер тарапынан ғана емес, Еуропа ғылымының өкілдері тарапынан да терең зерттеліп келеді. Кітап биыл «Steppe & World» баспасынан Раиса Қадырдың бастамасымен Назгүл Қожабектің аудармасымен 380 бет көлемінде басылып шықты.

Осыдан заңды түрде мынадай сауал туындайды: Мари Фавероның еңбегі Алтын Орда тарихын зерттеуге қандай жаңалық әкелді? Француз тарихшысының зерттеу әдісі мен ұстанымы бізге бұрыннан белгілі тарихи үдерістерді қандай қырынан қайта қарауға мүмкіндік береді? Оның еңбегінің қазақ тарихы үшін маңызы неде?

Меніңше, кітаптың құндылығын бағалау үшін ең алдымен автордың Алтын Орда тарихына қандай ғылыми ұстаныммен келгеніне, қандай дереккөздерге сүйенгеніне және Дала империясының өзгеру үдерісін қалай түсіндіргеніне назар аудару қажет.

Мари Фаверо – ортағасырлық Еуразия, Моңғол империясы, Жошы Ұлысы мен Алтын Орда тарихын ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан француз медиевисі. Оның ғылыми еңбектерінің ерекшелігі – Алтын Орданы тек жаулап алу жорықтарымен немесе әскери қуатымен шектемей, Еуразия кеңістігіндегі күрделі саяси, экономикалық және мәдени үдерістердің біртұтас жүйесі ретінде қарастыруында.

Фавероның пайымдауынша, Алтын Орда тарихтың шетінде қалған кездейсоқ саяси құрылым немесе тек қиратушы күш болған жоқ. Ол – бірнеше ғасыр бойы өмір сүрген, ішкі құрылымы қалыптасқан, сыртқы жағдайларға бейімделе алған және Еуразияның саяси картасына елеулі ықпал еткен қуатты дала империясы. Сондықтан автор Алтын Орда тарихын оның соғыстары арқылы ғана емес, бейбіт кезеңдегі тыныс-тіршілігі, басқару жүйесі, саудасы, дипломатиясы, қалалармен байланысы және мәдени ықпалдастығы арқылы зерделейді.

Кітапта Жошы әулетінің билігі, көшпелі мемлекетті басқару дәстүрі, дала мен қала арасындағы экономикалық байланыс, халықаралық сауда жолдары, дипломатиялық қатынастар және исламдану үдерісі кеңінен талданады. Автордың назарында Алтын Орданың ішкі өзгерістерімен қатар, оның Еуразиядағы басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы да бар. Бұл тәсіл Алтын Орданы белгілі бір тарихи кезеңнің шеңберінде ғана емес, Еуразия тарихындағы өзара байланыстар жүйесінің маңызды бөлігі ретінде тануға мүмкіндік береді.

Осы тұрғыдан алғанда, еңбектің басты жаңалығының бірі – Алтын Орда тарихын бір ғана мемлекеттің тарихы ретінде қарастырмай, оның Еуразиядағы саяси және өркениеттік үдерістерге ықпалын кең ауқымда көрсетуі. Фаверо дала мен отырықшы әлемнің бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі бөлек кеңістік емес, өзара тығыз байланыста дамыған тарихи орта болғанын нақты үдерістер арқылы аңғартады.

Бұл мәселе Қазақстан үшін айрықша маңызды. Өйткені Алтын Орда тарихы – біз үшін сырттан зерттелетін жат тақырып емес, қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамырларымен сабақтас рухани әрі саяси мұра. Жошы Ұлысының тарихы, Дешті Қыпшақ кеңістігіндегі мемлекеттік дәстүр, даладағы саяси институттардың қалыптасуы мен кейінгі хандықтардың тарихы Қазақ хандығының қалыптасу үдерісін түсінуге тікелей қатысты.

Алтын Орда туралы тарихи түсініктердің қалыптасуына ұзақ уақыт бойы сыртқы дереккөздер мен империялық тарихнама ықпал еткені белгілі. Соның салдарынан оның тарихы кей жағдайда тек жаулап алушылық жорықтар, әскери қақтығыстар мен саяси күйреу тұрғысынан бағаланып келді. Мұндай біржақты көзқарас Дала мемлекетінің ішкі даму логикасын, экономикалық қуатын, дипломатиялық мүмкіндіктерін және мәдени ықпалын толық ашып көрсете алмады.

Мари Фавероның еңбегінің құндылығы да осында. Автор қалыптасқан түсініктерді қайталаумен шектелмей, Алтын Орданың қалай өмір сүргенін, қалай өзгергенін және Еуразия тарихында қандай із қалдырғанын кешенді түрде қарастырады. Сондықтан «Алтын Орда. Дала империясы қалай өзгерді» кітабы – белгілі тарихи оқиғаларды қайта баяндаған еңбек қана емес, Дала империясының табиғатын жаңаша пайымдауға мүмкіндік беретін зерттеу.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек», – деп атап көрсеткен еді.

Бұл сөз Алтын Орда тарихының бүгінгі тарихи санамыздағы орнын айқындай түседі. Өйткені Алтын Орда – өткеннің ғана еншісінде қалған мемлекет емес, Еуразия кеңістігіндегі саяси, экономикалық және мәдени үдерістерге ықпал еткен, кейінгі дала мемлекеттерінің қалыптасуына негіз болған тарихи құбылыс.

Мари Фавероның «Алтын Орда. Дала империясы қалай өзгерді» атты еңбегінің маңызы да осы тұстан көрінеді. Автор Алтын Орданы сырт көздің қалыптасқан стереотиптерімен емес, оның ішкі табиғатын, даму заңдылықтарын және тарихи өзгерістерін саралай отырып түсіндіруге ұмтылады. Дала империясының қуатын тек жауынгерлік жорықтарымен өлшемей, оның басқару жүйесін, сауда жолдарын, дипломатиялық байланыстарын, қала мәдениетімен ықпалдастығын және рухани өзгерістерін қатар қарастыруы Алтын Орда тарихының ауқымын кеңейтеді.

Фаверо зерттеуінен біз Алтын Орданың бір күнде пайда болып, бір күнде жойылған уақытша құрылым болмағанын көреміз. Оның тарихы – үздіксіз өзгеріс, бейімделу және сабақтастық тарихы. Саяси құрылымдар өзгергенімен, Жошы ұлысында қалыптасқан мемлекеттік дәстүрлер Дешті Қыпшақ кеңістігінде өз жалғасын тауып отырды. Сондықтан Алтын Орданың тарихын тану – Қазақ хандығының арғы саяси негіздерін, Ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрдің тамырларын тереңірек түсінудің бір жолы.

Осы тұрғыдан алғанда, Мари Фавероның еңбегі бізге Алтын Ордаға сырттан таңылған тарихи бағаны қайталаудан гөрі, оның Еуразия тарихындағы нақты орнын кеңірек пайымдауға мүмкіндік береді. Бұл кітаптың құндылығы да осында: ол Алтын Орданы өткеннің көмескі елесі ретінде емес, Еуразия тарихының бағытын өзгерткен ірі саяси-өркениеттік құбылыс ретінде қарастырады.

Бүгінгі Қазақстан үшін өз тарихын тану – өткенді дәріптеу ғана емес, мемлекеттіліктің тарихи негіздерін терең түсіну. Алтын Орда мұрасын зерттеу арқылы біз Ұлы даланың әлемдік тарихтағы орнын айқындап, тарихи сабақтастықтың мәнін тереңірек ұғына түсеміз.

Сондықтан Мемлекет басшысы айтқан «мойындалған тарихи дерек» деген тұжырым Мари Фаверо еңбегінің ғылыми мәнімен де үндеседі. Алтын Орда – біздің өткеніміздің бір бөлігі ғана емес, Ұлы даладағы мемлекеттілік тарихын түсінуге жол ашатын маңызды тарихи белес. Ал оны әлемдік ғылымның биігінен қайта зерделеу – өз тарихымызды танудың көкжиегін кеңейтетін құнды қадам.

Қанат АЛТЫНБЕК 

Жазушы, зерттеуші, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 

ҚР Ұлттық кітапханасының Ғалым хатшысы, 

                                                                                                                                                                                                                                               Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, PhD докторант.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan