Пьер Жараван: «Ақырында қалатыны – балқарағай» (Am Ende bleiben die Zedern)
Қыркүйек айының соңында неміс қаламгері Пьер Жараван (Pierre Jarawan) Қазақстанға келіп, оқырмандармен кездеспек. Кездесу Алматы мен Астанада өтпек. Аудамашы Таңсұлу Рахымбекова Пьер Жараванның үш романынан шағын үзіндіні қазақ тіліне аударған екен. «Әдебиет порталы» «Ақырында қалатыны – балқарағай» романынан үзінді жариялаумен қатар, тәржімашы ұсынған төмендегі ақпаратты қоса беріп отыр.
Автормен кездесу Астана қаласында 28 қыркүйекте Қазақ-Неміс Орталығында (Астана, Кенесары көшесі 42/1 ) және 29 қыркүйек күні Ұлттық Академиялық кітапханасында (Астана, Достық көшесі 11) өтеді.
30 қыркүйек, 1 қазан күндері автор Алматы қаласында Қазақстандағы Goethe-Institut (Алматы, Наурызбай батыр көшесі 31, 5 қабат) жас қаламгерлер мен әдеби шығармашылыққа қызығушылық танытатын авторларға, журналистерге арналған шығармашы шеберханасын өткізіп, 2 қазан күні оқырмандармен кездеседі.
Қазақстандағы Goethe-Institut жайлы ақпарат:
Германияның мәдениет институты – Goethe-Institut филиалы 34 жыл бұрын Алматыда ашылған.
Германия Федеративтік Республикасының мәдениет институты ретінде халықаралық контексте мәдени алмасуды, білім беру мен әлеуметтік дискурсты дамытуға және неміс тілін үйренуге қолдау көрсетеміз. Әріптестерімізбен бірге біз жаһандық мүмкіндіктер мен талаптарға сай сенімді диалог жүргізе отыра түрлі перспективаға қол жеткіземіз. Біз ашық, алуан және тұрақтылық қағидаларын ұстанамыз. Бұл принциптер біздің ұсыныстарымыз бен жұмыс істеу үрдісіміздің негізі болып табылады.
Қазақстандағы Goethe-Institut неміс мәдениетін насихаттау мен мәдениет аралық тәжірибе алмастыру мақсатымен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып тұрады. Осы уақыт аралығында қазақ және неміс қаламгерлерінің шығармаларын екі тілге аударып, басып шығардық. Ұлы Абай шығармасының шағын бөлігін, Ілиястың «Құлагерін», жас ақындар өлеңін неміс тіліне аударып, резиденциялар өткіздік. Неміс тілінен де заманауи шығармаларды, балаларға арналған кітаптарды қазақ тіліне аудардық.
Пьер Жараван: «Ақырында қалатыны – балқарағай» (Am Ende bleiben die Zedern)
Неміс тілін үйренудің қаншалықты маңызды екенін әкем тез ұқты. 1983 жылдың көктемінде шешем екеуі отқа оранған Бейруттан қашып Германияға барған кезде, олардың алғаш тұрақтаған жері – қаладағы орта мектептің спортзалы болыпты. Кезекті бір тексеріс нәтижесінде ондағы ауа құрамындағы асбест мөлшерден көп екендігі анықталған соң, бір жыл бұрын ғана мектепті жазғы демалыс кезінде жауып тастаған екен. Әйтсе де, амалдың жоқтығынан жаңа келген босқындарға уақытша тұрақтауға беріліпті. Бөгде тілді тез үйрену үшін, әкем осы жердің өзінде бірнеше кітап тауып алады. Түнгі уақытта, айналасындағылар оранып алып жерде ұйықтап жатқанда, ол қолшаммен отырып-ақ неміс тілін үйренумен болыпты. Жұрт оның күндіз де бір бұрышқа тұрып алып, көзін жұмып, немісше сөздерді қайталап тұрғанын талай көрген. Ол тез үйренетін. Көп ұзамай-ақ көмекшілер (босқындарға жәрдем берушілер) одан аударма жасауды өтінетін болды. Ондайда ол көптің ортасына шығып алып, көмекшілерге бар білген шала-шарпы немісшесін пайдаланып, кімге қандай дәрі қажет екенін, немесе оларға берілген куәлік пен құжаттарда не жазылғанын түсіндіріп беретін. Әкемнің алып бара жатқан білімі болған емес. Жоғарғы оқу орнында ешқашан оқымаған. Мен тіпті оның ортадан жоғары білімінің бар-жоғын да білмеймін. Бірақ ол өмір сүрудің шебері еді және таптырмайтын адам болудың өзіне де себі тиетінін білді.
Спортзалда жағдай көбіне ширығып тұратын. Бұл елге жаңа өмірге деген үміт жетелеп келген жұрт, тәлейіне жазылғанды күтуден басқа амал жоқ, өздерін сондай қарғыс атқан деп ойлайтын. Қапырық ауа, тар кеңістік еңсені басып тұрғандай болатын. Зал іші күбір-күбір, ешқашан тыншымайтын. Түн батса, жылаған баланың, не ананың дауысын, ұйықтағандардың қорылын, жөтелгенін я қасынғанын естисің. Біреуі суықтап ауырса болды, бірер күннен соң тағы бірнешеуі ауырып қалатын. Көмекшілер қолынан келгеннің бәрін жасағанымен, ештеңе жетпейтін: дәрі-дәрмек, тазалық құралдары, азық-түлік, балаға ойыншық, ересектерге де ермек табылмайтын.
Мұндағы жұртты біріктіретін ортақ тағдыр – туған жерден, Отаннан ажырау; олардың бәрі босқын болатын. Бірақ мәселе тек онда емес, уақытша тұруға рұқсат алуға да қатысты еді және бұл елде бәрінің бірдей тұрақтап қала алмайтыны да оларға мәлім. Балаларын жетектеп залдан алып кетпес үшін, аналардың баскетбол себетінің темір бағанына жармасып, айқайлап, еңіреп жылағанын жиі көруге болатын. Ортаға жаңадан қосылғандардың кез-келгені сенің орныңды тартып алуы мүмкін еді. Сондықтан ұрыс-керіс, дау-дамай мұнда жиі болып тұратын мәселелер. Әкем ондайда да елді бітістіріп, татуластыра білетін. Сабырмен сөйлеп, жұртты реніш тудырмаудың қаншалықты маңызды екеніне иландырып жүрді. Сырт көзге жағымды әсер қалдырудың да пайдалы екенін айта жүруші еді, өйткені залда болған оқиғаның бәрі әйтеуір жолын тауып, сыртқа шығып кетіп жататын. Қай кездері есік алдына қолдарына «Бұл қалада мұнша көп адамға орын жоқ!» деген жазуы бар плакат көтерген бір топ адам жиналып тұратын.
Олардан өзге де қап-қап киім-кешек әкелетін топтар болды. Бірақ ондайлар санаулы ғана болатын. Осылайша көп босқын әкеме мұңын шағып, оған сенуге болатын тұлға ретінде қарай бастады. «Біз де адамбыз», - деп шағынатын олар, - «хайуан емеспіз, сонда да бізді қамап ұстап отыр». «Джунияда мен қорғаушы-адвокат болған едім. Өзімнің кеңсем болған, оны қиратты. Мұнда қала алмайтын болсам, қайда барамын? Кері қайтамын ба? Кері жол жоқ енді, үйім жоқ, отбасым жоқ ...» - дейтін. Әкем олардың айтқанын қабылдайтын. Бірақ ешқашан сөзсіз келісе салмаушы еді. Есік алдына жиналатын жұртты түсінудің қаншалықты маңызды екенін ол үнемі баса айтып отыратын, бәлкім олар да бәріміз сияқты беймәлім дүниеден қорқатын болар. Зал неғұрлым толған сайын, жағдай да күрделене түсетін. Өйткені елді шұғыл әрекет етуге мәжбүрлейтін тек күйзеліс пен белгісіздік қана емес еді. Ұрыс-керіс пен төбелестің шығуына діни ағымдардың айырмашылығы да себеп болды. Ливандық босқындардың көбі өз лагерьлерін конфессияға қарай бөліп тастайтын. Сөйтіп спортзал Бейруттың бөлінген көшелеріне ұқсайтын: сол жақта мұсылмандар, оң жақта маронит христиандар. Олар бір-бірін осы жағдайдың қалыптасуына айыптайтын. Барынан айрылып, қуғынға ұшырауына, енді келіп олардың бір шатыр астында өмір сүруіне кінәлі дейтін.
Әкемнің беделінің артуына әсер еткен тағы бір нәрсе – оның Һакиммен достығы. Һаким мен оның екіге де толмаған қызы Ясмин мұсылман болатын. Менің ата-анам христиан. Бәрі Бейруттан бірге қашқан. Һаким мен Ясминнің жататын жері менің ата-анамның орнымен қатар болатын. Залдың христиандар тұратын бөлігінде, егер солай деуге болса. Һаким бірақ балаларды бөлмейтін, қызын барлық баламен бірге ойнауға тәрбиелейтін. Һаким мен әкемнің жұртқа айтатын ойлары бір еді. «Біз енді Ливанда емеспіз», - дейтін олар. «Бұл жаққа бәріміз соғыс емес, бейбіт өмір іздеп келдік. Мұнда біздің христиан не мұсылман екеніміз маңызды емес. Біз енді бір тұтас халықпыз. Ливандықтармыз», - деуші еді.
Бірақ кейде айтқан сөз далаға кеткенмен бірдей. Бірде түн ортасында әкем қатты бірдеңенің жұмсақ бір нәрсені қайта-қайта соққылап ұрған дыбысынан оянады. Қараңғыда жан-жағын сипалап, жанында ұйықтап жатқан анамның бірқалыпты тыныс алғанын естиді де, орнынан көтеріледі. Тұрған күйі түн қараңғылығына тағы да құлағын түреді. Жаңағы дыбыстан өзге ештеңе естілмейді. Ұйықтап жатқандарды басып кетпеу үшін, аяғын кезекпен абайлап басып, жаңағы дыбыс шыққан жаққа бет алады. Алдында біреудің басқа бір адамның кеудесіне отырып алғанын ажыратып ұққан кезде, кеш қалғанын түсінеді. Құрбанының үстіне атша мініп алып, есі ауғандай, оны бетінен жұдырықтап жатқан адамды иығынан ұстамақ болып ұмтылған сәтте-ақ, оның астындағы адамның бетінен сау жер қалмағанын байқайды. Тұсында жатқан бір әйел айқай салады. Сол кезде біреу жарық жағады да, бәрі бастарын көтеріп, айнала шошына қарасады. Жан-жақтан айғай салғандар көбейеді. Еден ғана емес, төрт еркек әрең дегенде өлген бейбақтың үстінен сүйреп түсіріп, полиция келгенше тырп еткізбей ұстап отырған адам өлтірушінің қолы да, үстіндегі киімі де қып-қызыл қан екен.
Залдағы адам өлген жер біразға дейін бос тұрды. Бұл өлім жалпы төбелеске тоқтау салғандай болды. Бірақ залға күнде жаңа адамдар келіп жатты. Көп ұзамай-ақ бос тұрған жерге көрпесін жайып жіберіп, біреу ұйықтап жатты. Бірер күннен соң ол орынның қай тұста екенін айыру да мүмкін болмай кетті.
Тек әкемнің неміс тілін меңгеруі күннен-күнге жақсара берді. Әкем үшін оның осы бөтен тілді игеруге деген қабілеті шешем екеуін күтіп тұрған тағдырмен, болашақпен тығыз байланысты еді. Соның маңыздылығын түсінгендіктен, ол өзі оқып-үйренгенінің барлығын Һакимге де үйретуге тырысты. Кешкісін залда отырып алып, әңгіме айтатын. Алғашында ол әңгімесін еденге отырып алып, өзін қаумалай жайғасқан балаларға айта беретін, олар да ауыздарын ашып, көздері бақырайып қызыға тыңдайтын. Сондағы әңгімесі – адамдарды жан қалағанның бәрі бар, ағыл-тегіл молшылық жайлаған «Амал» ғаламшарына апаратын бір алып ғарыш кемесі жайлы-тын. Кеменің еденіне суға түсетін ғажайып бөлмелер мен сәнді асханаларға, ұшқыштар отыратын кабинаға апаратын түрлі-түсті жолдар сызылған. Әкем спортзалды ойша сол кемеге айналдыратын. Киім ауыстыратын кабиналардағы жұпыны душтар кішкентай роботтарға, арқаңды ысып беретін жоғары технологиялы сумен сауықтыру орындарына айналды. Баскетбол алаңының қаптал сызықтары балаларға, бойымен сәл жүгіріп, секірсе болды, кемені зу етіп аралап шығу үшін ерекше қуат, жылдамдық беретін сызыққа айналды. Кемені басқарушы – қызықты хабарлама айтып, жолаушылардың көңіл-күйін көтеретін күлдіргіш түйе. Оны әңгімелеген сайын, әкем дауысын құбылта қоятын да, балалар ішек-сілесі қата күлетін. «Амал» сөзі араб тілінде «үміт» деген мағынаны білдіреді. Үміт ғаламшары көп ұзамай спортзал тұрғындары үшін қанатты сөзге айналды. Кейбір ата-ананың үміті таусылып, көңілін күдік торлағанын баласынан жасыруға шамасы жетпей, көзіне жас алған сәттерінде, баланың әкесінің, не шешесінің бетін алақанымен аялай ұстап, «Амалға жетуге аз қалды» дегенін еститінбіз.
Әйтеуір әкемнің әңгімесін тыңдаушы топқа, көп уақыт өтпей, ересектер де қосылды. Бірер күннен соң олардың қатарына кейбір көмекшілер қосылды, тек әкемді тыңдау үшін. Сөйтіп кешкі әңгіме сағаты жұрттың басын қосатын кәдімгі бір салтқа айналды. Ол сағатта әкемнен өзге жан сөйлемейтін. Оның дауысы жаныңды жайландырып, айтқаны көз алдыңда болып жатқандай әсерге бөлейтін.
Қазір, әкем жайында көп оқып-білгеннен бері, жанымды «ол өз құпиясын қалай сақтап жүрген?» деген бір сұрақ жиі мазалайды. Әр жолы алатын жауабым біреу-ақ: Оған көмек болған – оның шынайы өмірден алшақтай білу қабілеті.
Һаким босқын мәртебесін алу жайлы хабарды менің ата-анамнан бұрынырақ алды. Жалғызбасты әке ретінде және соған сәйкес деңгейде неміс тілін меңгергендігін дәлелдеуінің арқасында, Ясмин екеуіне шектеусіз тұруға ықтиярхат алып, қуанышқа кенелді. Ол екеуін әкем мен шешем құшақтарына алып, беттерінен сүйіп, спортзалдан шығарып салды. Олардың келесі аялдайтын жері қала шетінен берілген шағын әлеуметтік пәтер болатын. Бірер айдан кейін жұмыс істеуге рұқсат алған Һаким ағаш өңдейтін бір мекемеге орналасты. Ол өмір бойы лютня (ішекті музыка аспабы) шерткен, сондықтан қажалып, мүйізденген алақанын босқындарға тілектес болып жүретін шеберхана басшысына көрсетіп, оның көп жылғы қолөнермен айналысуының салдарынан пайда болғанына сендіру аса қиынға түспеді. Өзі бірақ жұмысын үлкен ықыласпен атқарды. Лютня жасайтын шебердің ұлы болғандықтан, оған ағаштың иісі ұнайтын. Табысты музыкант болу үшін Бейрутқа бармас бұрын, ол балалық шағының көбін әкесінің шеберханасында өткізген.
Менің ата-анама тағы біраз уақыт спортзалды мекен етуге тура келді. Бірақ олар да алдын-ала ескерту хабарлама алған кезде, көп адам жылады. Анам машақаты жеңілдеген соң жылады. Ересектердің кейбірі спортзалдағы өмір менің әкемсіз қалай болады деп жылады. Балалар сүйікті хикаяшылары кетіп бара жатқан соң жылады.
Күн сейсенбі болатын. Есіктен кірген бір адам айнала қарап, сол маңда тұрған бір көмекшіден жол сұрап алды да, әке-шешеме қарай тура жүрді.
- Сіз Браһимсіз бе?
- Иә, - деді әкем.
- Браһим Әл-Һурани?
- Иә, дұрыс айтасыз.
- Ал сіз Рана Әл-Һуранисіз бе? – деді ол анама қарап.
- Иә, - деді анам да.
- Сіздерге хат келді.
Екеуіне хатты беріп жатып, анамның сәл кері шегінгенін байқаған ол, күлімсіреп:
- Құттықтаймын! – деді.
Осылайша хикаяшы Браһим спортзалмен қоштасты. Онымен жұрттың көбі қоштасқысы келді. Бәрі ата-анама бақыт тілеп, тағы, келесі жолы қалада, осы елдің азаматы ретінде, кинода, дүкенде немесе мейрамханада кездесеміз деген сенімдерін білдіріп жатты.
Браһим. Әкемнің аты. Браһим Әл-Һурани. Рана – шешемнің есімі. Әл-Һурани – менің ата-анам. Мен ол кезде әлі өмірге келмегенмін.
Менің ата-анам да Һаким мен Ясмин тұратын әлеуметтік үйге орналасты. Тағдыр да, кей қызметкерлер де оларға оң қабақпен қарады. Үйлерінің арасы бірнеше жүз метр ғана еді. Ол уақытта немісшені өте жақсы меңгеріп алған әкем көп ұзамай жұмыс істеуге рұқсат алды. Бірде анам әкемнің бір қалта жаңа піскен баклаваны шетелдіктерді тіркеу бөлімінің қызметкеріне апарып, оны қалай састырғанын әңгімелеп берген.
- Мынаны әйелім сізге арнап пісірді, – депті әкем.
- Оһ, - деген екен қызметкер. – Мен мұны ала алмаймын.
- Мөр қойғаныңыз үшін, - депті әкем.
- Мөр үшін?
- Жұмыс істеуге рұқсат қағаздағы, - дейді әкем анықтап.
- Аһа. Сол мөр ме? - деп қызметкер әкеме бір, үстелде жақтан баклава толы қалтаға бір, сосын қайыра әкеме қарайды.
- Сізге алғысымыз шексіз.
- Бірақ мен бұны қабылдай алмаймын,- дейді әкемнің мұнысын анық жақтырмаған қызметкер қайталап.
- Өтінемін. Мен бұл елге қонақпын. Бұны қонақтың әкелген сыйы деп қараңыз.
- Маған бұны алуға болмайды.
- Мен ешкімге айтпаймын.
- Сонда да.
- Бүгін сіздің асханада не бар екенін көрдім, - дейді әкем. – Рас айтамын, баклава жегіңіз келеді.
- Өте дәмді баклава екенінде күмәнім жоқ, - дейді қызметкер, шалқая түсіп, - мен бірақ оны ала алмаймын, - дейді.
- Бастығыңызбен сөйлесейін бе?
- Жоқ, - дейді қызметкер дауыстап. – Жоқ, ыыы...
- Әл-Һурани. Браһим десеңіз болады.
- Әл-Һурани мырза, жұбайыңызға менен сәлем айтыңыз, мені қуанды деңіз. Бірақ менің жұбайым бүгін кешке бәліш пісіретін еді, ал мен сіздің тәттіңізді жеп алсам, үйге барғанда ол ренжіп қалады ғой.
- Ренжіп қалады? Жұбайыңыз ренжи ме? Мүмкін емес.
- Жоқ, ренжиді.
- Аа, жо-жоқ, олай болғаны керек емес, - дейді әкем.
- Жоқ, қажет емес.
- Жақсы.
Әкем қалтаны қайта қолына алыпты да,
- Қалай болса да, көрсеткен қолдауыңыз үшін рақмет. Әйтсе де баклава жегіңіз келе қалса, бізге қоңырау шалыңыз, - депті.
Анамның айтуынша, әкем үйге келген соң, күрсініп,
- Бейрутта бірдеңеге мөр қойғызғың келсе, мөр қоятын адамға алдын ала баклава апарасың, ал мұндағылар баклаваңды мөр қойған соң апарсаң да алмайды, - деген екен.
Әлгі қызметкер әкемді көпке дейін ұмытпапты. Қалай ұмытсын? Әкемді сосын тағы үш рет, спортзалдағы таныстарымен бірге барғанда көрген екен. Әкем одан барған сайын мөр қойып беруін өтінеді екен, ол да мөрін қойып беріп отырады екен.
«Хабарсыз кеткендерге арналған ән»
(Ein Lied der Vermissten), роман
Yeki Bud. Yeki Nabud.
Дүниедегі ең керемет, ең көне хикаялар ежелден былай басталады: Бар екен де... жоқ екен. Парсы сөз тіркестерінің бүкіл алтын қорынан алынған жалғыз сөйлем, дәл осы сөйлем - хикая бастауы. Айтылатын әр әңгіменің серпіліс беруші қуаты. Әр хикаяның бастау бұлағы.
Біреу бар екен. Біреу жоқ екен.
Баяғыда бір заман болған екен, ондай заман болмапты.
Yeki Bud. Yeki Nabud. Бар екен де... жоқ екен. Сенің қиялың – желге төзбей қисайған үй. Немесе бір құпия ханшатыр. Жолдаулар мен суреттердің ызыңына құлақ сал. Айналаңа қара. Тыныста. Шайыр иісі сіңген ауа мен зәйтүн тоғайы. Осы сәттің аңқыған жұпар иісі саған: Һабиби, йа альби, көзіңді жұмып, аппақ қаланы елестет, - дейтіндей. Құдықтар мен ақ сәулелер қаласы, Жерорта теңізінің орхидеясы. Көзіңді жұм да, Бейрутты есіңе ал. Өйткені баяғының Бейруты солай болған, бұлай болмаған, үлкендердің айтуынша. Олардың жадында бәрі жақсы сақталған.
Соғыстың алдындағы Бейрут? Һабиби йа айни, сол күндер, еркіндік пен өмірге деген құштарлық! Теңіздің дәл жағасындағы Пепе Абедтің тавернасында өткен жазғы мамыражай түндер, сол жердегі омардың (теңіз жәндігі) түсі ерекше қанық болатын, айлақта тұрған яхталар толқынмен ырғала тербеліп тұрушы еді – Сан Тропе Леванте. Мамырдағы гибискустың (бөрітарақ) жұпары, тамыздағы газанияның хош иісі мен қарашадағы тәтті апельсин. Жағалауда жайғасқан үйлердің шатырынан жыл бойы меззенің (тіскебасар тағам) жағымды иісі айналаға тарап жататын, жұрт меззені Дюраффурд көшесіндегі Абу Наимнен алатын, ол жерде құрма қосып дайындаған тәтті тоқаш та болушы еді, балалар оны теңіз жағасындағы құз-жартастарға жайғасып алып жейтін. Ал олардан төмен жатқан көгілдір теңізге төмендеп ұшқан Middle East Airlines ұшақтарының көлеңкесі түсетін, олар Таяу Шығыс Парижіне жаңа саяхатшыларды тасымалдайтын.
Ескі Бейрут, әр таңда тау асып келіп, қаланы сан-алуан бояуға малындыратын нұр еді. Немесе темір тормен қоршалған терезелерінен американдық фильмдерді көреміз деп жасөспірімдер сығалап жүретін Cinema Montreal-дың түнде жарқыраған неон жазулары, джаз-барлар, ән салып, би билеген Джамела Омардың би киіміне шам сәулесі шағылыса түсетін клубтардың көмескі жарығы. Сол маңда, таяқ тастам жерде қалың кілемдері қауесетті таратпай тұмшалап, қаланың шахмат тақтасындағы күдікті фигуралар – тыңшылардың бар үстелінде отырып сыбырлай жеткізген сырларын ішіне бүгіп жататын ежелгі Сент-Джордж қонақ үйі тұратын.
Бейрут, тар көшелерді кезген қаңғыбас иттер, Морис, Mar Elias-та істейтін жас даяшы кейде оларға асханадан тауықтың маринадталған бауырын білдірмей алып шығып әкеліп беретін. Өйткені Бейрут береке, жақынын жақсы көру мен сыйластық нышаны тұнған жер еді. Жұрт жұма намазға мешітке жиналып, қаланың жартысы босап қалып, біраздан кейін қайта толып жатқанда, шығыс жақтан шіркеу қоңыраулары жаңғыра естіліп, христиандарды кешкі ғибадат етуге шақырып жататын.
Соғыс алдындағы Бейруттегі сарын ше?. Ән мен әуен қаласы! Жаяу жүргіншілер ән салатын, азаншының әуезді даусы қалықтайтын, монах әйелдердің шіркеудегі қауыммен бірге салған әні естілетін. Шаһидтер алаңындағы ақша айырбастаушының жар салған дауысы, жағалаудағы жартастан ғашықтардың күлкісі естілетін. Жұлдыздар алаңындағы қоңырау мұнарасын айнала орналасқан сууқтан (базардан) естілетін саудагерлер дабдыры, Moonlight қонақ үйі алдындағы етікші Ахмед Азиздің Марлон Брандо мен Брижит Бардоға сәтті күн тілеген күбірі. Осынау жайнаған, алуан түсті бояу сіңген, армян зергері маронит тігіншісімен және шиит жеміс сатушымен дойбы ойнайтын қалада, базарлардың кіреберісіндегі дәмханаларда бір мүштікті кезекпен тарта беретін адамдар ешқашан бір-бірінің дінін сұрамайтын, отбасының амандығын сұрайтын. Өйткені мерекені жұрт бірге тойлайтын, ал көп дінді қалада мереке де көп еді.
Бейрут, Моно көшесіндегі сүйір доғалы терезелердің астында ән салып, іштегі әйел затының бет-жүзін ду еткізетін лютняшы Диркан Наджарянның әндері еді ғой. Ішкі аулада ойнап жүрген балалардың күлкісі, бір-бірімен балконнан тілдесетін аналардың сықылықтаған күлкісі естілетін. Сосын уайым моншақтарының сатылмай жатқанын уайымдайтын кәдесый сатушы Һусеин Бадирдің тоқтаусыз күңкілі еді, өйткені адамдар көп уайымдауды қойған.
Бірдеңені әңгімелеп айту бар да, үндемеу бар. Арасында сауал да бар. Сенбеу ше? Қорқу мен күмән ше? Кейіннен болған нәрсенің бәрі қалай болды, себебі не? Жауап орнына алдыңнан үнсіздік шығады. Құм мен шөл дала. География кітаптарын ашсаң, Ливан шөл даласы жоқ жалғыз араб елі дейді. Әсілі олай емес. Шөл барлық жерді алып жатыр. Және онда сөзбен айтып жеткізуге болатын естелік жоқ. Еске түскен нәрсені жеткізетін тіл жоқ. Сұрақ қойсаң, одан кейінгі үнсіздік тыныштықтан да терең. Өйткені тыныштық ешқашан бәрін бірдей жұтып қоймайды. Ең кішкентай бөлменің өзінде сағаттың тықылы не тоңазытқыштың гуілі қалады. Оның үстіне тұншыға жеткен сырттағы шу, күнделікті өмір бар. Сабыр, үнсіздік, тыныштық, көп сөздер бұл күйді дәл бере алмайды екен.
Бірақ үнсіздік бөлек болады. Көкжиектен асып, тигенін жалмай береді, таптым ба деген шындықтың өзі де аяқ асты ғайып болады, құдды бір қолғап киген ұры әрекет еткеніндей.
Исфаһан, Каир, Шам мен Бейруттың дәмханалары мен қоғамдық алаңдарында отыратын баяғының хикаяшылары шөлейттің тек бос кеңістік қана емес екенін білген. Құм астында бір кездері ғайып болған тұтас бір қалалар мен өркениеттер жатқаны оларға аян.
Бала күнімде бір хикаяшы қария: - Бір түйір құм жеткілікті, - деген еді. Күтпеген жерден дауылға тап болып, танымайтын біреудің үйіне қонған едік. Сонда әлгі кісі: - Үлкен әңгіме тарқату үшін бір түйір құм жетіп жатыр, - деген еді.
Аударған Таңсұлу Рахымбаева
Толық ақпарат:
Пьер Яраван – жазушы, шығармашылық жазу бойынша тәлімгер және еркін фотограф. Оның алғашқы романы « Ақырында қалатыны – балқарағай » (Am Ende bleiben die Zedern) 2016 жылы жарық көріп, автор халықаралық әдеби ортада танымал болды. Бұл шығармасы үшін автор Мюнхен қаласының әдеби шәкіртақысына, Бавария өнерін қолдау сыйлығына, сондай ақ AZ-Literaturstern марапатына ие болды. Аталмыш роман Шамбери қаласында өтетін Festival du Premier Roman фестивалінде неміс тіліндегі ең үздік дебют ретінде таныстырылып, оқырмандардың Prix des Lecteurs du Livre de Poche атты беделді сыйлығына да ие болды. Бүгінгі күні роман көптеген тілге аударылып, халықаралық деңгейде кеңінен танылған заманауи неміс әдебиетінің көрнекті туындыларының бірі болып отыр.
2020 жылы Пьер Яраванның екінші романы « Хабарсыз кеткендерге арналған ән » (Ein Lied für die Vermissten) жарық көрді. Оның ағылшын тіліндегі аудармасы беделді Dublin Literary Award сыйлығының ұзақ тізіміне енгізілді. Ал 2024 жылы жазушы қоғам өмірін ашықтық, төзімділік және мәдени алуандық құндылықтарымен байытқан тұлғаларға берілетін Эрнст Хоферихтер атындағы сыйлықпен марапатталды.
Жазушының үшінші романы «Айдағы әйел» (Frau im Mond) 2025 жылдың сәуір айында жарық көрді. Бұл шығарма Tukan-Preis әдеби сыйлығына лайық деп танылып, Германияның беделді SPIEGEL басылымы тарапынан 2025 жылдың ең үздік жиырма романының қатарына енгізілді.
Әдеби шығармашылығымен қатар, Пьер Яраван көп жылдан бері халықаралық шығармашылық жазу шеберханаларының жетекшісі ретінде де белсенді еңбек етіп келеді. Ол Нью-Йорк, Бейрут, Каир, Рига және Әбу-Дабидегі әдебиет үйлерімен, мектептермен және Goethe-Institut филиалдарымен бірлесе отырып, көптеген әдеби-мәдени жобаларды жүзеге асырып келеді.
Қазіргі уақытта ол Мюнхендегі Әдебиет үйінің Offene Werkstatt («Ашық шеберхана») жобасына жетекшілік етеді. Мұнда ол шығармашылық жолын енді бастаған қаламгерлерге де, тәжірибелі авторларға да қолдау көрсетіп, олардың жеке шығармашылық қолтаңбасын қалыптастыруына, сондай-ақ әдеби туындылары мен жобаларын одан әрі дамытуына бағыт-бағдар беруде.
