Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
Үш жақсылық – үш күндік өмір...

Үш жақсылық – үш күндік өмір

05.05.2026

40

Үш жақсылық – үш күндік өмір - adebiportal.kz

 

... «Бейбарыс: Ең ғажабы мынада! Құлпытастарға өлген адамдардың есімі, ата тегі, руы жазылып, әрқайсысына бәлiзшi «бiр күн өмiр сүрдi, үш күн, бес күн, жүз күн өмiр сүрдi» деп өрнектейдi.

         Хуан: Сонда қыпшақтар одан артық өмiр сүрмеген бе?

         Бейбарыс: Жо-жоқ! Жайдақ атқа секiрiп мiнетiн жүз жастағы қариялары бар қуатты жұрт. Бiрақ олар жақсылық жасаса ғана өмiр сүрдiм деп есептеген… Дос­жаранына, руластарына, ел-жұртына, күллi Отанына… (Пауза). Мәселен, (саусағын көрсетiп) үш жақсылық – үш күндiк өмiр. Құлпытастағы есеп осылай. Жүзге келсең де қалған ас iшiп, аяқ босатқан күндерiң ғұмырыңды құрамайды...

 

Рахымжан Отарбаевтың

«Бейбарыс сұлтан» драмасынан.

 

 

         Аяқасты көтеріліп, айналаның астаң-кестеңін шығарып кететін жынды желге соңғы жылдарда етіміз үйреніп те кеткен. Кей күндері демін ішіне тартқандай өксік жел ышқынып соқса, бірде солтүстік батыстан ұйытқып басталып, әп-сәтте бағытын өзгертіп, оңтүстік шығысқа ауып кететініне де селт етпейтін болғанбыз. Сол күні де әдеттегідей ой қуып түн ауғанша отырып, таңға жуық «енді ұйықтап алмасам болмас» деп жастыққа бас қойғам. Түн түңлігін таңнан бұрын алай-дүлей дауыл түрді. Үйіріліп соққан дауысы алапат. Бөлек мінез көрсетіп тұр. Икемге келмейтін Рахымжан ағаның тік мінезіндей. Құдды бүгін Тараз төрінде сахналанатын Бейбарыс сұлтан мен автор Отарбаевтың рухы дүр сілкінгендей, шаһарды сілкіп оятқандай сезілді. Премьераға асыққан көңілімді әзер басқанмын, мынадан кейін енді ұйқының реті болмасын түсіндім...

         Рахымжан аға Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтаны» 2013 жылы Алматы төрінде Әкемтеатрда сахналанған. Болмысының өзі қайшылыққа толы, шығармаларындағы шешімдері де ойыңды астаң-кестең етіп кететін жазушы-драматургтің ішкі-сыртқы тартысқа толы драмасын қоюға жақында өмірден озған Есмұхан Обаев тәуекел еткенімен, кейін тығыз шаруалардан қолы босай алмай, бұл іске режиссер Юрий Ханинга-Бекназар кіріскен екен. М. Әуезов атындағы академиялық театр кейін «Бейбарыс сұлтанмен» шетелдерге шығып, халықаралық фестивальдерде талай табысқа жетті. Бұл туралы Есмұхан ағамыз бір сұхбатында: «Өз спектаклі шетелдерде қойылып, атақ, абыроймен оралып жатыр. Тіпті, ағылшынша да қойылу үстінде. Ең болмаса, қуанып бір келіп кетсеші. Жоқ! Қарасын көрсетпейді. Айттым ғой, дерский адам деп. Бұл неткен төзім?! Маған осынысымен де ұнайды. Сондықтан да бұл шығарма драмалық дастан дәрежесіне көтерілді. Әрине, бұл алдымен автордың талантының арқасы. Ізденісі де, төккен тері де ақталды», - деп сыр ақтарған.

         Тараз төрінде әйгілі драмалық дастанды жас режиссер, Асанәлі Әшімов атындағы сыйлықтың иегері Гаухар Адай сахналады. Қоюшы суретшісі Мәдениет саласының үздігі – Гүлдана Алина. Режиссер мен суретшінің тандемінен туған біраз дүниелерге сырттай қанықпын. Біреуін іздеп барып, көріп таңғалып қайтқанмын. Гаухардың тарих, тұлға секілді үлкен тақырыптарға батыл бара алатынын көкейге түйіп үлгергенмін. Ал енді тарихи туындыны, онда да басқа емес, шығармасының өзі бөлек мінез танытып тұратын Рахымжан аға Отарбаевтың драмасын сахналағалы тұр. «Қалай болар екен?» деген ой миымның ойран-ботқасын шығарды.

         Рахымжан Отарбаев драмасында он жасында құлдыққа сатылып, қатардағы құлдан Мысыр елінің кемеңгер билеушісі дәрежесіне көтерілген күрделі бейненің ұлы мақсаттар жолында небір соқпақтардан өткен қарама-қайшылыққа толы өмірін ғана көрсетуді көздемегені анық. Жазушының бұрын айтылып-жазылған нәрсені қайта шиырламайтыны түсінікті. Пьессада Бейбарыс сұлтанның болмысы басқа қырынан биіктей түседі. Осыны спектакльдерін жаңа бағытта, көбінде перфоманс жанрында сахналап жүрген Гаухар Адай қалай жеткізеді?

         Тарихи драмаларды сахналағанда спектакльдің басында прозаның тілімен айтқанда шағын эпилог беріп кету – Гаухардың стилі. Шығарманың айтар ойына қарай, онысын бірде абыз, бірде кейуана, Жер-Ана секілді симулякр кейіпкердің аузына салып жеткізеді. «Бейбарыс сұлтанда» драмалық дастанның баянын қарт тарихшы тарқатады.

         Әрі қарай құлдыққа сатылған бала Бейбарыс, көне Мысыр еліндегі тақ тартысы, кезең-кезеңімен жан-жағын жайпап жеткен шапқыншылықтар, ноқтаға басы, қалыпқа рухы сыймаған Бейбарыстың азаттық үшін күресі қимыл-әрекетке құрылған сахналарда өрбіп жатты. Оқиғалардың кезеңіне сай динамикасы да бірде сәл саябырсып, бірде дауылдатып өте шығатын борандай ұйытқытып кетіп жатты. Тоқпанов театрында біраздан бері мұндай жоғары темпті спектакль сахналанбаған еді. Қанды қыздырып, ат үстінде отырғандай, бір көтеріліп, бір басылып отырдық.

         Сөзсіз спектакль қойып жүрген режиссер, жазушы Смағұл Елубаевтың 516 беттік «Ақ боз үй» романын бірер сахнада ғана шығарманың желісін төл сөзбен жеткізіп, заманның тартқызған тақсіретін, зұлмат кезеңді тұтас қимыл-әрекетке құрып «Хансұлу» перформансын қойған режиссер Рахымжан ағаның драманың түйінін тарқатар диалогтарынан, бөлек шешімдерінен айналып өтпепті. Жат елге құл боп барып, Мысырды билеген Бейбарыс сұлтанның жандүниесіндегі арпалыстар неге болсын селт етпей кеткен біздің көңілді де астаң-кестең еткені. Бір сәтке сахнада қасқайып қарап тұрған Бейбарыс: «Маған қандай атақ теліген? Мені қалай атап жүр?» дегенінде шұбыртып ала жөнеледі ғой. Әлгінде ғана асқақтап тұрған сұлтан бір сәтке шөгіп кеткендей: «Соның бәрі анамның «Байбарысым» дегеніне жетер ме?» дегенінде еріксіз сахнада Байбарыс болып Рахымжан аға сөйлеп жатқандай селт еткізді.

         Спектакльде мынадай сахна бар: Құлдықтан азат еткен Байбарысқа деген көзсіз сеніммен бір топ жауынгер «қайда бастасаң да, соңыңнан еруге дайынбыз» дегендей көздерін байлап сұлтанға ереді. Қимылдары ширақ, қадамдары нық. Тек біреуі ғана жолынан жаңылып, бір қадам алға, екі қадам қиыс басып тұрып қалады. Соңына елеусіз көз салған Бейбарыс әлгіні қамшымен салып қап, сұлатып түсіреді. Мысырда 17 жыл сұлтандық құрған Бейбарыстың дұшпанға да, сатқынға да, екіжүздіге де ымырасыздығын, сонысымен билігі берік болғанын көрсетеді.

         Рахымжан Отарбаевтың драмадағы тағы бір түйінін Гаухар Адай мына сахна арқылы сұмдық жеткізеді. Бейбарыс енді құл емес, даңқы асқан, дақпырты жер жарған сұлтан. Бірақ Қыпшақ даласынан әкелген құлдарды көргенде санасында бала кезіндегі сол бір сұрқай сурет көз алдында қайта жаңғырады. Ұзын шынжырдың екі басында қолы байлаулы екі құл жатыр. Еңсесі түскен, жігері жаншылған. Сұлтан екі құлдың ортасындағы шынжырды жағалап келіп тура ортасына келгенде өз білегіне бір орайды. Орайды да қайта сілкіп тастайды. Сілкіп тастап, саудагерге барлық құлды түгел сатып алатынын айтады. Сатып алып, еркіндік сыйлайды.

         Міне осы тұста драмадағы Бейбарыс сұлтанның билік пен атақ-даңқ қуған жан емес екені, дұшпанына ымырасыз болса да, туған халқының алдындағы перзенттік парызын ұмытпағаны, бала жадында сақталған дала заңымен жүріп келе жатқаны айқын көрінеді. Осы сахна драмадағы мына диалогты да ашып өтеді:

Хуан пірәдармен арадағы диалогта: ... «БЕЙБАРЫС: Ең ғажабы мынада! Құлпытастарға өлген адамдардың есімі, ата тегі, руы жазылып, әрқайсысына бәлiзшi «бiр күн өмiр сүрдi, үш күн, бес күн, жүз күн өмiр сүрдi» деп өрнектейдi.

ХУАН: Сонда қыпшақтар одан артық өмiр сүрмеген бе?

 БЕЙБАРЫС: Жо-жоқ! Жайдақ атқа секiрiп мiнетiн жүз жастағы қариялары бар қуатты жұрт. Бiрақ олар жақсылық жасаса ғана өмiр сүрдiм деп есептеген… Дос­жаранына, руластарына, ел-жұртына, күллi Отанына… (Пауза). Мәселен, (саусағын көрсетiп) үш жақсылық – үш күндiк өмiр. Құлпытастағы есеп осылай. Жүзге келсең де қалған ас iшiп, аяқ босатқан күндерiң ғұмырыңды құрамайды.

Хуан таңғалып, бас шайқай бередi. Бейбарыс қатайып: «Айналасын қызғаныш боп шарпыған, қолтығына ғұмыр бойы у тыққан, күллi әлемге қара тырнақтай жақсылық сыйлауға әлi келмеген, Хуан пiрәдәр, сiздiң құлпытасыңызға «Туды да өлдi», – деп өшпестей ғып жаздырамын. (Жұдырығын түйiп) Өшпейтiн ғып! Кейiнгi ұрпаққа ащы сабақ болсын! (Алақан ұрады) Сөз тәмам!».

Үш жақсылық – үш күндік өмір! Күреске толы, шайқасып жүріп тартып алып билік құрған – 17 жыл. Мысырдағы құлдық дәуірге тоқтам салған, талай ердің басын азат еткен, жырақта жүріп туған халқына қызмет қылған – 17 жыл! Бейбарыс сұлтанның қабір тасына жазылуы тиіс болған – 17 жыл.

Пендеге туа біткен қызғаныш ақыры Бейбарыс сұлтанның да түбіне жетті. Рахымжан аға Отарбаев «Көрген-баққан» күнделігінде: «Бір жарық жұлдыз туса, міндетті түрде қарсы жұлдыз туады. Бұл аспан әлемінде дәлелденген шындық» деп жазған. Сол шындығы ақиқатқа айналды.

Сөз басында айтып өткенімдей, спектакльде режиссер мен суретшінің тандемі айқын көрінді. Суретшінің шешімдері сахнадағы кезеңдердің ауысуын, оқиғаның желісін сөз, диалогты  іс-әрекетсіз-ақ үнсіз жеткізіп тұрды. Декорацияны таңдаудағы минимализм, қызыл, жасыл, солғын күлгін түсті маталар, жайнамаз секілді кілемдер, актерлардың костьюмдері драманың бояуын дәл берді.

Режиссердің спектакльдің музыкасын іздеп табудағы, жазудағы процесіне кездейсоқ куә болғаным бар. Талғам мен таңдаудағы ізденіс тұтас дүниені тудыруда үйлесім тапты. Актерлер «ансамблі» де күткен межеден шықты. Тұтас дүние тудырды. Сөзсіз ойналған сахналардың өзін актерлар іс-қимылымен үнсіз ұғындырып тұрды. Жазушының драмалық дастанға қаламының қуатымен сіңірген рухын, режиссердің терең астармен түйген, суретшінің спектакльдің бояуын дөп басқан шешімдерін тұтас актерлар ансамблі шашау шығармай жеткізді.

Тоқпанов театрының қоржыны тарихи тұлғалық құнды дүниемен толықты! Режиссер Гаухар Адай мен суретші Гүлдана Алинаның жұмысына респект!

 

Ардақ Үсейінова,

Тараз қаласы.

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan