Халық қазынасын қызғыштай қорыған

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында Мардан Байділдаев мұрасы жаңа қырынан бағалануы тиіс. Ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихи жадты сақтау, дәстүрлі әдебиетті жаңаша зерделеу ісінде оның еңбектері өзектілігін жойған жоқ. Әсіресе Сыр сүлейлерінің әдеби мұрасын тануда, қазақ фольклорының тарихын жазуда және ұлттық әдеби канонды қалыптастыруда ғалымның орны айрықша.

Халық қазынасын қызғыштай қорыған - adebiportal.kz
Фотосурет: Болат Омарәлиев

Осы күнгі бета, альфа, зумер ұрпақ та, оның алдындағы миллениалдарың да біле бермейтін тұлғалар қаншама десеңші! Қазақ руханиятының тарихында көзге көп түсе бермегенімен, ұлт мәдениетінің алтын қорын қалыптастыруға өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалар бар. Солардың бірі де бірегейі – әйдік фольклортанушы, этнограф, әдебиет зерттеушісі, мәтінтанушы Мардан Келдібайұлы Байділдаев еді. Биыл оның туғанына 100 жыл толып отыр. Бұл –  қазақтың ауыз әдебиеті мен Сыр бойы ақындарының мұрасын ғылыми айналымға енгізген үлкен мектептің ғасырлық белесі.

Мардан Байділдаев 1926 жылы қазіргі Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдап, еңбек жолын «Жазушы» баспасында бастады. Кейін ұзақ жылдар бойы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып еңбек етіп, қазақ әдебиеті тарихын зерттеу ісіне ғұмырын арнады.

XX ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиеттану ғылымында Сыр бойының жыраулық және ақындық мектебі жеткілікті зерттелмеген еді. Мардан Байділдаев осы олқылықтың орнын толтыруға бел шеше кірісті. Ол Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп және басқа да көптеген Сыр сүлейлерінің шығармаларын жинап, ғылыми тұрғыдан саралап, көпшілікке қайта таныстырды. Соның арқасында қазақ әдебиетінің тұтас бір қабаты ұлт игілігіне айналды. 

Ғалымның ең үлкен еңбегі – халық ауыз әдебиеті мұраларын жинақтап, жүйелеуі. Ол құрастырған «Үш ғасыр жырлайды», «Айтыс» жинақтары, кейін Мұхтар Мағауинмен бірге әзірлеген «Бес ғасыр жырлайды» антологиясы қазақ әдебиетінің классикалық қорына енді. Бұл кітаптар бірнеше буынның әдеби талғамын қалыптастырып, ұлттық поэзияның тарихи сабақтастығын сақтап қалуға қызмет етті. Бүгінде бұл еңбектер қазақ әдебиеттануының баға жетпес қазынасы саналады. 

Мардан Байділдаевтың ғылыми қызметі тек мәтін жариялаумен ғана шектелген жоқ. Ол жыраулардың өмірбаянын, шығармашылық ортасын, тарихи дәуірін нақтылап, қолжазбаларды салыстырып, ғылыми түсініктер жазды. Осы арқылы қазақ мәтінтану ғылымының қалыптасуына елеулі үлес қосты. Әсіресе көне қолжазбаларды іздеп тауып, сақтап қалудағы еңбегі ерекше бағаланады. 

Мардан Байділдаев – Сыр бойы мәдениетінің ғана емес, күллі қазақ руханиятының жанашыры болды. Ол үшін халық мұрасы – өткеннің ескерткіші емес, ұлттың болашағын қалыптастыратын рухани иммунитет еді. Сондықтан ғалым архивтерді, ауыл ақсақалдарының жадындағы мұраларды, сирек қолжазбаларды үздіксіз жинап, ғылыми айналымға енгізуге күш салды. Бұл еңбектің нәтижесінде көптеген әдеби жәдігерлер жоғалмай, бүгінгі ұрпаққа жетті.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында Мардан Байділдаев мұрасы жаңа қырынан бағалануы тиіс. Ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихи жадты сақтау, дәстүрлі әдебиетті жаңаша зерделеу ісінде оның еңбектері өзектілігін жойған жоқ. Әсіресе Сыр сүлейлерінің әдеби мұрасын тануда, қазақ фольклорының тарихын жазуда және ұлттық әдеби канонды қалыптастыруда ғалымның орны айрықша.

Мардан Байділдаевтың ғасырлық мерейтойы – оның есімін ұлықтайтын ғана емес, халқымыздың ғасырлар бойы жасаған сөз өнеріне тағзым ететін тарихи мүмкіндік. Ұлттың рухани қазынасын көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізген осындай ғалымдардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Халықтың жадын сақтаған жанның өзі де халық жадында мәңгі сақталмақ. 
 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan