Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Хамит Есаман: Үздіккен көңіліме кінә қойма......

25.03.2016 5799

Хамит Есаман: Үздіккен көңіліме кінә қойма...

Хамит Есаман: Үздіккен көңіліме кінә қойма... - adebiportal.kz


КӨКТЕМ


Көздегі көркемдігім көктем еді,

Көктем шіркін көңілді көп бөледі.

Егіледі жанымда жалқы сәттер,

Төгіледі мезгілдің тәтті өлеңі.


Мамырөлең

Өлеңнің өміршеңі,

Жанымнан биыл тағы төгілсе еді.

Сүйіп-сүйіп алғанмен сәуір гүлін,

Қимай-қимай кететін көңіл сені.


Содан кейін сор ұрып өкінеді,

Білмейсің арманы не,

Не тілегі.

Таңғалмаймын тағы да, тымық түнде

Жылап тұрса жанымның жетігені.


Түседі мұң да есіме, шер де есіме,

Көктемнің көз тояды көрмесіне.

Ақ түнде ғажап әуен әлдилейді,

Ат байлаған ақ үйдің кермесіне.


Гүлгүл көктем сен бүгін егілесің,

Ақ жауынмен өлең боп төгілесің.

Көңіл босап тұрғаны тәтті әуенге,

Ақшырақ арманым-ай не білесің?!.



* * *


Аяладым арманның ақмоншағын,

Тәтті әуенді сол еді тапқан шағым.

Қыз үшін қызыл алма іздеп жүріп,

Бақшада ән салатын сәтті аңсадым.


Көп болды көңіл ашып көрмегелі,

Қалқаға көктем гүлін бермегелі.

Сағынып сары белден ән шырқасам,

Сүйген сәулем оңаша тербеледі.


Қалыпты көз алдымда мұңды қайың,

Тәтті сезім тербеткен түнді ұғайын.

Дүлдүл күнім қайда екен дүбірлеткен,

Алыстаған сияқты гүлгүл айым.


Көңілден керуен болып көшкен өлең,

Бұрын-соңды мұндай күй кешпеген ем.

Сырғалымның сезімі естен кетпес,

Ақ шәйі орамалға кестелеген.


Астыма мініп алып құла құнан,

Шөл бастым таудың тұнық бұлағынан.

Жайлаудың көк майсасын жарып құлап,

Мұңайып жазғаным-ай бұла бір ән.


Ал бүгін еш әуенге қосылмаймын,

Кеудемде буырқанған басылды айдын.

Гүлгүл айым аңсаттың әр нәрсені,

Жарығым-ай, мен енді осындаймын.



ӘТТЕҢ...



Өзегімді тағы да өртеді өлең,

Көктем кетіп барады ерте менен.

Алтын иек, ақ тамақ ару қайда,

Есіл дертім ауғанда еркелеген.


Биік таудың басында шынар өскен,

Сыр толғайын баяғы бұла кештен.

Тобылғы мең торы атқа мініп жүрген,

Қоңыр күндер қалайша шығады естен.


Беу, шалқыған күндерім сағынтасың,

Алғаш ғашық болғандай сабылтасың.

Асқар шыңын Ай сүйген алып таудың,

Жоғалтып алғандаймын лағыл тасын.


Көрінбейді гүлдердің ашылғаны,

Аспан жақта жұлдыздың шашылғаны.

Кешегі күндерімнің көркі қайда,

Бөркі қайда қалқамның басындағы.


Тағдырымның тамыры телкүреңім,

Аулақ қалып көзімде мөлдіредің.

Қаз қаңқылдап жататын қайран көктем,

Өлең едім ол кезде, өндір едім.


Ерте кеткен көктемім қош болғайсың,

Таңды есіркеп әйтеуір кешті алдайсың.

Өкпемді айтып отырмын өлеңіме,

Өлеңімді бір уақ еске алғайсың.



ШІРКІН, КӨҢІЛ...


Шіркін көңіл жоқ нәрсені аңсаттың,

Елесіне емексітіп әр сәттің.

Бірақ бүгін жырламайды жұлдыздар,

Тербелмейді бұрынғыдай ән сап түн.


Түн де өзінше бір сезімге бөленген,

Ай жарықтық аяйсың ғой төбемнен.

Көңіліме ерте сезім сыйладың,

Есіл өмір есімді алып өлеңмен.


Көңілім-ай атпаған ақ таңбысың,

Әлде шырқалмаған әсем әнбісің.

Бағы кемдеу дерттімісің болмаса,

Дидарыңда бір өкініш қалды шын.


Тылсым сырлы тозаңы едім ғаламның,

Тарқамаған базары едім даламның.

Табылары, табылмасы беймәлім,

Мен де әйтеуір жоқ іздеген адаммын.


Аңсадым ба шіркін көңіл болмасты,

Өмір бойы басыма кеп қонбасты.

Бағындым да бұйрығына жалғанның,

Сағындым ба сезімімді алғашқы.


Өмір емес, өлең үшін өкіндім,

Қайран сезім жарық күнім секілдім.

Шіркін көңіл күйіндесің сен бүгін,

Қимасы өліп жалғыз қалған жетімнің.



СӨЗ


Қасиетіңе құлдық ұрдым жасымнан,

Тағдырым ең маңдайыма басылған.

Сұлу қызбен серттескенде сезімім,

Сағынышым болдың көзден шашылған.


Құдайдан соң құдіреттім деп білдім,

Бір басыма жетер азап шектірдің.

Азабымды арманыма қосақтап,

Бүгін тағы құзырыңа кеп тұрмын!


Келдім бүгін, құшақ ашып қарсы алғын,

Қасиетіңе қара өлеңмен тамсандым.

Патшалығың-нан дәмелі дәруіш ем,

Дегдар болып дүниеге жар салдым.


Аңсарым ең, дерт боп ақыр жабыстың,

Сен арқылы көрдім отын намыстың.

Мына өмірге өгейлігімді біліп,

Өзіңменен өлең болып таныстым.


Ортақ кие періште мен пендеге,

Ес білгелі есімді алдың сен неге?!

Сүйегіме сіңіп кетші сезім боп,

Содан кейін өмір бойы емдеме!..



ДАТ


Өктем үн өңменімнен өтердейсің,

Дүние, тасбауыр боп кетердейсің.

Сөзі жетер ақырет күндеріне –

Ақынның еркелігін көтергейсің.


Айды алып бермейсің ғой аспандағы,

Онсыз да аспан жұпар шашқан бағы.

Бір сәт мұңын тыңдашы уа, дүние,

Ақынның зұлымдықтан қашқандағы.


Сөзі тиіп шамына шекпендінің,

Ақындар мұңға айналып кеткен бүгін.

Түсінбестей жан адам пейіліңді,

Уа, дүние, өтіп тұр өктемдігің.


Ынтызар дүниені ол білмекке көп,

Қосылмаған сондықтан дүрмекке кеп.

Ақымақтың ішінде ақылдысы,

Ақындарға әрдайым құрмет керек.


Таланттың бұрқырайды топырағы,

Тербетіп өмір дейтін сахнаны.

Еркелеп кей-кейде ақын болып та алар,

Ақылдының ішінде ақымағы.


Қандай күйге түссе де (серт ет мұны),

Басылмайды ақынның өрт екпіні.

Дүние, сені өзгертіп жібереді,

Шабыт буған түндегі тентектігі.



АҚҚУДЫҢ КӨЗІ


Көзі қандай ерекше мөлдір еді,

Көңіліңе қоңыр күй төндіреді.

Жүрегінің басында шырақ жанып,

Шұғыласына шайырлар телміреді.


Оны сұлу жаратқан бұла далам,

Елжіретіп қарайды мына маған.

Үздіккен көңіліме кінә қойма,

Мен де сені ол үшін кінәламан.


Көзім алды самсаған жұлдыз кілең,

Сүйген едім бұрында бір қызды мен.

Сенің көзің сол көзге барады ұқсап,

Сондықтан жанарыңа күнде үздігем.


Ұнайсың ғой, көзіңде тұнады айдын,

Бірақ мен өзіме-өзім ұнамаймын.

Ауырады жүрегім ақиықтай,

Тиген шығар салқыны құралайдың.


Кешір бірақ, көзіңдей мөлдір емен,

Көңілім мұнша мұңды болды неден?!

Сен кешерсің жанымды, ал бірақ та

Кешірмейтін сияқты өндір өлең...


ҚАРА ӨЛЕҢ


Қара өлең, есіміңнің бірі едім,

Өмір болып өксіп тұрды реңім.

Көріп қалсам ақын болған адамды,

Ауырады жүрегім.


Қап-қара түн көкірегіме құлайтын,

Көңіліме күздің таңы ұнайтын.

Өзегі шер өлеңімді оқып ап,

Қыз-келіншек жаны ауырып жылайтын.


Бірге туып, бірге өлетін даламен,

Бұл дүниеде жалғыз ақын ғана мен.

Көңіл үшін жасап ем сол күнәні,

Жазбай кеттім пәк өлең.


Пәк емеспін және де,

Ол бір сәттер өліп кеткен көнеде.

Мені көрсе басқа жанның жүрегі –

Ауырады о неге?!.


Ауыратын шығар тағы басқаға,

Міз бақпайды тамыры жоқ тас қана.

Шарап ішіп, ақын болып жүргенде,

Хаям болмай өліп кетсең...

Масқара...


СҰЛТАНМАХМҰТ ЖӘНЕ МЕН


Жасымнан сүйдім жырды әсем,

Көңілім көлдей тасқанда.

Сұлтанмахмұттың құрдасы ем,

Жалт ойнап өткен аспанда.


Тудырып талай алыпты,

Көкейі сөйтіп бусанған –

Сүйе алмай келем халықты,

Халықтан сол бір тусам да.


Өкініш жатыр өлшенбей,

Кеудемде мұңды ой ісініп;

Қазақты сүйіп өлсем ғой,

Алаштың қадірін түсініп.


Дерт екпей бітеу жараға,

Қалмайын түсіп табаға.

Ұлмын ба ұлтын сүйетін,

Құлмын ба жүрген жораға.


Өмірмен жалғыз сырластым,

Көңілдің кірін кетіріп.

Сұлтанмахмұтпен құрдаспын,

Мұңдаспын десем өтірік.



АВТОПОРТРЕТ


«Бақаның бағынан,

Сұңқардың соры артық»

Бауыржан Момышұлы


Қайтем жырымның түсік болғанын,

Білем гүлімнің үсіп қалғанын.

Естігем талай ұлы ақынның,

Махаббатына ішіп барғанын.


Мен де іштім шарап, гүлдерді сүйдім,

Бұтаққа біткен бүрлерді сүйдім.

Гүл де қыстырдым қыздың шашына,

Япыр-ау, тағы кімдерді сүйдім?..


Қулар ән салса сызылып таңнан,

Төбемнен ұшты тізіліп қарғаң.

Түсті еске сонда мұңайған аққу,

Ақмоншағы үзіліп қалған.


Аққулар маған күзде келетін,

Қанаттарымен тізбек өретін.

Обалы қанша ақын боп кеттім,

Өлеңнен Тағдыр іздеп өлетін!!!


Берілген бақ па бұл бір Алладан,

Ол жағы әлі бұлдырлау маған.

Өлеңнен іздеп әлек боламын,

Құлын күнімді құлдыраңдаған.


Жалғадым солай әнімді гүлге,

Ұқтырам енді жанымды кімге?...

Жерге жаттығым білінген сайын,

Ойлайтын болдым Абылды күнде.


Кейпіне еніп Қорқыт бабаның,

Мәңгілігіме жортып барамын.

Өмірде бақаның бағынан маған,

Сұңқардың соры артық, қарағым!



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар