Бала бойы жетіп тұрса да, одан сайын жақсырақ көрейін дегендей, өкшесін көтеріп, мойнын созды. «The Tower Plaza Hotel» қонақүйінің 61 қабатынан көз салғанда, қарсы алдында жер астынан жаңа ғана көтеріліп қалқып шыға келгендей, содан да тап-таза көрінетін көгілдір көл жайылып жатты. Бедерсіз кеңістіктің арғы жағында көкжиек. Сағымға жалғасқан сол көкжиек пен аспан арасын биік-биік болып сорайған зәулім үйлер жалғап тұр. Айбекке сол сорайған үйлердің көлеңкесі өзінен де рабайсыз ұзын болып көрінді. Осы көлеңке көгілдір көлдің үстіне дейін созылып жатқандай.
-Айбек, қайдасың? Жүр, жинал, қыдырамыз!
Сырттағы ыстық ішін тартты-ау дегенде әке-шешесі бұларды алып шыққан, Қонақүйдің кең бөлмесінде зеріккен балалар шыға сала бір-бірін қуалап ойнап кетті.
Бала үшеу еді, көзі сығырлау, қараторы өңді үлкен ұл – естияр, тіл алғыш, елгезек. Жасы беске енді толған кіші ұл ағасына ұқсамайды, керісінше қимылы баяу, жүзі ағасындай қараторы емес, керісінше жарыққа суарылғандай ашаң, жанары – ештеңені артық білуге сұғынбайды, бірақ, ылғи әлденені бақылап, қызықтап жүреді. Ең кішісі – қыз, ол қазірден әке-шешесіне дегенін істетіп үйренген.
Туристік қаланың кешкі ауасы жанға жайлы, ауасын сімірген сайын бойыңа әлдебір таза қуат құйылып жатқандай. Ұлдың кішісі айналасын ұзақ шолып, бала қиялы пальманы керікке, жолында кездескен ебедейсіз тас мүсінді динозаврға ұқсатып, маңайындағылардың бәрін қырық құбылтып келеді.
– Айбек, аяғыңды бассаңшы. Неге артта қалып қоя бересің осы?
Ол алдындағы сәндік үшін қойылған алып тастың бетіндегі айқұш-ұйқыш бедерлерге қарап тұрған еді.
- Мам, қарашы, мындағы ненің суреті... мен оны түсінгім келеді, – деді ол дауыстап. Оның даусын көше шуы естіртпеді. Қалада бұлар сияқты туристер көп көрінеді, әйтеуір, бәрі бір жаққа қарай бұлтша жөңкіліп барады.
Жеті күн өте шықты, олар бүгін де ұшаққа мінгенше уақытты бекер өткізбей, аралап үлгермекке ені тар көшемен жүре берді. Қарсы алдарынан жаңа ғана кинодан шығып кеткендей сұлу қыз бұларға әлдене деді жымиған жүзі жылы екен.
– Қош келдіңіздер, меймандар! Сіздер біздің құрметті қонағымыз боласыздар, жаңадан ашылған дүкеніміздің есігі сіздер үшін айқара ашық!
Оның даусы жағымды, лебі ыстық көрінеді, үстіне шашқан әтірі де баурайтындай.
Ері келіншегіне қарады.
-Кірсек, кірейік, бүгін үлгеріп сыйлық аламын деп жоспарлап қойып едім, жүдә жақсы болды ғой, – деп қуанғанын жасырмады ол.
Есіктен ене бергенде босағаның екі жағында тұрған сұлу қыздар кезек бас изесіп, ілтипат білдіріп:
– Қош келесіздер! Біздің жаңадан ашылған дүкеніміз сіздерге қызмет көрсетуге дайын! – десті.
Осынша жік-жапар болғандардың көл-көсір меймандостығы мен ықыласы о бастан үйреншікті, жүзінші рет қойылған спектакль екенін іштері біліп тұрса да, бұл кәдімгідей ұнамды.
Өте биік төбесі ауада қалқып тұрған әдемі шарлармен безендіріліп жарқыраған ғимаратқа кіргенде дүкен емес, мейрамханаға тап болдық па деп ойлаған, қарсы алдарынан тағы үш-төрт жас қыз-жігіт шығып, «бері жүріңіздер, лифтіге мінеміз, біздің дүкеніміз жоғары қабатта», – деп бұларды бастай жөнелді.
Ертай мен Арай осы кезге дейін небір жақсы жайды, жарқыраған ғимаратты көріп жүрген болса да, бұлар ішіне кірген лифт өзгеше еді. Еденіндегі ара-арасынан суы сылдырап ағып жатқан көк шалғынның суреті көзді алып, төбеге дейінгі аквариумда балықтардың неше атасы жүзіп жүр. Айналасына қызықтап қарап та үлгермей өздеріне керек қабатқа келді.
Алдарынан шыққан тағы бір топ қыз-келіншек тура бір құрметті құдаларын күткендей жік-жапар болысып, дүкендерін мақтасып, балаларға «қандай сүйкімді балалар еді!» десіп, Ертайдың келіншегіне «сіздей ажарлы адамға жарасатын нешетүрлі көйлегіміз бар, көріңіз» деп алға бастай жөнелді. Дүниенің көйлегі осында ма деді Ертай. Қайда қараса да бренд киімдер. Қайда қараса да жарқыраған асыл матадан тіккен костюм. Тігісі бөлек. Үстіңе ілсең, қона кетеді, кисең бұрынғыдан сымбатты, күндегіден әдемі көрінесің. Ер адам болып бұның басы айналғанда Арайдың жайы тіптен белгілі еді. Тек балалар ғана кедергі жасай берді, біресе Айша мен Айбар болмайтынға таласып, біресе Айбек «шөлдедім, шаршадым» деп, ал дүкенді аралап бітер емес. Бұлар балалардың қолынан тас қылып ұстап алып аралай берді. Сатушылар әкеліп берген коктейль мен балмұздаққа тойған балалар енді бір-бірін қуалап, киімдер арасында жасырынып ойнады. Бір кезде әлденеден секем алғандай жүзбен Айбек шешесіне жақындаған:
-Мам, мам, қарашы...
-Айбек, қазір, күте тұр жарай ма, балам...
-Бірнеше рет гардеробқа кіріп киім өлшеп шыққан Арайдың қасындағы сатушының кәрзеңкесі де ауырлап келеді.
Балалар бөліміне де бөгелді. Кішкентай Айша өзіне алған киімдерді қайта-қайта қараған сайын бетінің ұшына шұқыр пайда болып, күлімсірей түседі.
-Мам, – деді Айбек қайтадан шешесіне әлдене айтпақ болып.
-Балам, ойнай тұршы, қазір болам... Бала әкесіне қарап еді, ол телефонымен болып кетіпті.
Арай белін қынап тігіп, үстінен жұқа шапан жіберген жасыл түсті көйлекті киіп шыққанда Ертай келіншегін жаңа көргендей көзін ала алмай тұрды. Шүберек адамды осылай өзгертетініне бұрын мән бермепті. Оның дәл қазір келіншегін мейірлене сүйіп еркелеткісі келгендей.
-Жараса ма?
-Жарасқанда қандай!
– Бірақ, қымбат екен! – деді Арай бағасына қарап тұрып.
-Мейлі, қымбат болса да алшы. Бұл өзі саған арнап тіккендей екен.
-Рас айтасың ба? – деп назданды келіншек. – Бірақ, бағасы...
-Мейлі, ал. Елге жетеміз ғой. Саяхаттан ескерткіш болсын. Менің сыйлығым.
-Сатушылар басын төмен иіп, әлденеше қоштасып, келгендері үшін рахмет жаудырды. Бұлар лифт алдына келгенде аңғарды, ұлдың біреуі – Айбек жоқ болып шықты.
-Айбек қайда?
-Айбек... жаңа ғана болған.
-Айбек! Айбек!
Ерлі-зайыптының даусы қатар шықты. Әуелі жан-жақтарын қарап, Айбек, Айбек деп дауыстаған күйі екеуі екі жаққа жүгірісіп дүкен ішін шарлап кетті. Бала ұшты-күйлі жоқ. Олармен бірге манағы жайраң қаққан сатушылар да езулерін жиып ала қойып, әбігерге түсті. Сәт арасында айнала у-шуға толып кетті. Рациямен өз тілдерінде әлдене деп хабарлап, сол екі арада форма кигендер пайда болып, бұрыш-бұрышты, қуыс-қуысты қарап жатты.
Айбек! Айбеек! – деген нешетүрлі дауыстар шығып тұрды.
-Бес жасар ұлды көрдіңіздер ме? Сары бала. Шашын сәндеп қиған. Үстінде сары жейде, көк шалбары бар.
-Жоқ, көрмедік.
-Сары жейделі баланы көрдім, бірақ, ол үлкен терезе алдында тұрды. Бәрі ол айтқан терезеге қарай жүгірді.
-Оның лифтіге кіруі мүмкін бе? Қасында кім болды?
-Камера! Камера қайда!
-Камераны қарау керек!
Камерада бұлардың кіргені, жүргені, бәрі бар, міне, Айша жүгірем дегенде қолындағы сокты еденге төгіп алған сәті... міне, Айбек дәліздің соңына қарай кетіп бара жатыр. Бір сәтте ол бұрышты айналғанда бейнежазбада тек бос кеңістік қана қалды. Ол қайда кетті? Бұны көргенде секундтар тоқтап, Арайдың жүрегінде сол мезетте бір есік тарс жабылып, кілтсіз қалғандай болды. Одан арғысы өшіп қалған ба, әлде мүлдем түспеген бе... түсініксіз. Арайдың төбе шашы тік тұрып, даушы жарықшақтана шықты. Ол тілді Ертай сияқты жеткілікті білмесе де, біраз тәуір сөйлейтін:
-Оның бір жаққа кетуі мүмкін емес! Сіздер оны тығып тастағансыздар! Баламды тауып беріңіздер!
– Біз бәрін анықтаймыз, сіздердің дүкендеріңіз, мүмкін, бала ұрлаумен айналысатын ұйым шығар, – дегенде Ертайдың екі қолы ербеңдеп кетті.
– Ол не дегеніңіз, мырза, олай деуге қалай аузыңыз барады? Бала болғасын бір жерде отыра ма, ойнап жүріп адасып кеткен болуы мүмкін. Сабыр етіңіз, қазір табылады. Сеніңіз.
– Жоқ, сенбеймін, сіздерді тексеру керек!
– Сіз бұндай негізсіз сөзіңізбен бізді өкпелетесіз. Біз бренд киімдер сатумен айналысатын ең танымал дүкендер желісіміз.
Өңі қашып кеткен Ертай далбасалап бір келген жеріне әлденеше рет келе береді. Есі шығып ұлын іздеп жүрсе де миы әрнені бір ойлай береді, алғаш рет шетелге отбасымен шыққанда өзінен бұрын балаларының шаттығын елестеткен, бірақ, әуежайда күтіп тұрған көлікке мінгенде де, көше бойындағы ағаштардың жапырағы басынан сипап өткенде де, балалары мәз-мейрам күлгенде де ішкі мазасыздығы тарқамаған... осындай бірдеңеге көрінген бе... Ал Арай болса «Балам қайда, менің балам жоғалды! Айбек! Айбек!» деп өзінен-өзі есіріктене айқайлай бастады. Өзін тыныштандырмақ болғандардың қолын серпіп тастайды. Жаңа ғана таңдап алынып, жарты сағат өтпей шашылып қалған киімдерді жинап жатқан сатушылардың жүзі ашулы, ызалы көрінеді.
***
Жүректері дүрсілдеп, ащы терлері аузына білініп, абыржыған жүздері түтігіп кеткен олар лифт арқылы барлық қабатты шарлап шықты.
-Бұл ғимараттың астыңғы қабаты бар ма, ең астыңғы қабатқа қалай барады? – деп сұрады күзетшіден.
-Біз ең астыңғы қабатта тұрмыз. Бірінші қабат осы ғой.
-Жоқ, нөлінші қабат болмай ма, соны сұрап тұрмын.
-Оған бара алмайсыз. Көріп тұрсыз ғой, лифтте «0» түймесі жоқ.
-Бұндай үлкен жайлардың нөлінші қабаты болмауы мүмкін емес. Ертай қояр емес.
-Мырза, нөлінші қабат бізде барын бар. Бірақ оған сіздерге кіруге болмайды. Ол техникалық қабат, оған рұқсат жоқ.
-Неге түсінбейсіз, мен баламды таппай жатырмын, сіз одан да маған нөлінші қабатқа қалай бару керегін айтыңызшы!
-Жоқ, мырза...
-Айт, жылдам! Мен ұлымды табуым керек! Ол басқа қабатта жоқ! – деп айқайлады Ертай. Күзетші жым болды.
– Сабыр етіңіз, мырза, балаңыз табылады, тек сабыр етіңіз, деумен болды олар. Ең астыңғы қабатқа апаратын есік басқа жақта болып шықты. Оған лифт бармайтыны да рас екен. Ертай баспалдақпен түсіп келе жатып, әлдебір иісті сезді. Бұл жердің салқындығынан денесі де суып барады. Нөлінші қабат дегені осы екен ғой. Сыз тартқан қап-қараңғы жерде бес жасар бала не алсын, бұнда болуы мүмкін емес. Мына қуысты ол қалай тапсын? Мынау не дыбыс? Бір дыңылдаған дыбыс шыға ма ау... Сыртқа шығып кеткен болды ғой, сырттан іздеу керек, – деп ойлаған күйі кері шықпақшы еді, сары киімді баланы көтеріп келе жатқан күзетшіні көрді. Баланы ең төменгі қабаттағы ішінде кәріз тұрбаларынан басқа ештеңе жоқ бос бөлмеден тапқандарын айтты. Ол қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан баласын көргенде көкірегі сыздап кетті.. Ұл оянғанда ештеңе болмағандай, әке-шешесіне ұмтылды. Не жыламады, не басқа эмоция жоқ. Үстінен әлдебір көңірсік иіс шығатындай.
– Сен ол жаққа қалай келдің? – деп баласына еңірей ұмтылған шешесіне аңтарыла қараған бала ештеңе жауап бермеді. Ол өзіне қарап, көзінің жасы мөлтең ете түскен әкесіне ұзақ қарап қалған еді.
– Міне, көрдіңіз бе, мырза, Бала емес пе, ойнап жүріп осында тап болған ғой, ал сіз бізді кінәлі қылмақ болдыңыз. Балақай аман-есен.
-Мен бұл істі бұлай қалдырмаймын, – деді Ертай ширығып.
Арайдың ішінде де бұндағылар «баланың өзі адасып кеткен» деп бетбақтырмаса да, біртүрлі күдік қалған еді. Бірақ өзінің қысқа уақытта ештеңе істеп үлгермейтінін іші шамалап тұрған. Үш сағаттан соң әуежайға жиналулары керек. Қайдағы тексерген... Әйтеуір, баласы аман, табылды. Басқа не керек? Ертай таксиге мінгенде артына қарады. Бұлар жеті күн тұрған бесжұлдызды қонақ үйдің салтанаты шынымен асқақ еді. «Қонақүй уақытша орын. Адамдар бірнеше күнге ғана аялдап, ауыса беретін, көп әсер болатын, бірақ тез ұмытылатын кеңістік, сол қонақүйдің нөлінші қабатында бұның ұлының тағдыры өзгеріп кетуге қалғанын қарашы» деп ойлады ол.
***
Олар ұшаққа мінген соң-ақ бұл оқиғаны ұмытуға тырысқандай болды. Арай ұлын құшағына қысып, «Қалай болғанда да түбі қайыр, бәрі аман-түгел, отбасымен қыдырып қайтқан осы сапар шынымен де есте қаларлықтай болғаны рас қой. Күндіз теңізде шомылды, гидке ілесіп тарихи-мәдени орындарға да барып, балалар бұрын-соңды көрмеген аттракциондарда армансыз асыр салып, кеште қаланы аралады. Кетерде Айбектің әбігерге салғаны болмаса, тамаша демалдық» деп ойлады. Елге жеткен түні бәрі саяхаттан шаршап қатып ұйықтап қалды. Айбек те үйге келгеніне қатты қуанып, бірақ, түн ортасында әлдебір түстер көрді ме, «нөлінші қабат, нөлінші қабат» деп ұйқысырап, бастығырылғандай шошып оянды. «Айбек, жаным балам, ояншы, Айбек» деп еміренген шешесін мойнынан қысып алып ұзаққа дейін жібермей қойды. Бірақ одан кейін бұндай шошыну байқалмады. Ертай жұмысына кірісіп, Арай балалардың қасында, бәрі өз ағысымен жүріп жатты. Сол саяхаттан келгелі бері Айбек қана жаңа мінез шығарды. Кейде түн ортасында оянып алып бұлардың жанына келеді. Кешкі мезгіл болса, «әкем қашан келеді, неге кешігіп жатыр?» деп сұраумен болады. Жексенбі күндері үйдің ішінде отырып көзіне көрінбей қалса да «Әкем қайда» деп сұрағыштайды. Тамақ басында да әкесінің қасығы мен шанышқысы түгел ме деп қадағалап алады. Оның әкесіне жанын бергендей бала көңілі сүйсіндірмей қоймайтын. «Әкежандысын!» – дейтін оған Арай мейірленіп.
-Әкем мені жақсы көре ме? – деді бірде Айбек.
-Әрине.
-Өткенде ол мені жоғалтып алғанда жылады ғой, мен оның көзін көрдім.
-Ия, біз бәріміз қорқып кеттік қой.
-Мен жоғалып кеткенде әкем көп іздеді ме?
-Тек әкең емес, мен де, бәріміз де іздедік қой, дүкендегі бүкіл адамдар, сені мүлдем жоғалтып алған екенбіз деп... қорқып кеттік емес пе?
-Жоқ, әкем бәрінен де қатты уайымдады, білем, ол мені жақсы көреді.
-Әрине, жақсы көреді.
Арай ұлының төбесінен иіскеп, мейірлене бауырына басты.
Күндер өтіп жатты. Айбар өзінен кейінгілерге қарап, кішкентай Айша балабақша жасына жетті. Ертайдың мемлекеттік қызметтегі жолы да біртіндеп ашыла берген. Айбек мектепке барды, бұйра шашы марқаның жүніндей болып көтеріліп, өзіне әйбат жарасып тұратын болды. Балалар арасында оның өз орны айқындала берді, өйткені, ол жуас балаларға тиісіп жатса, қарап тұрмайтын, әлсіз жаққа жақ болатын. Бірте-бірте әділетсіз қойылған баға үшін де пікірін айтатын, досының көз жасы үшін есе қайтаруға асығатын Айбекке мұғалімдер де бөлек қарайтын болды.
***
Бір күні Айбек түнде әкесі мен шешесінің жанжалдасқанына куә болды. Куә болайын деген жоқ еді, әуелі олардың оқыс дауыстарынан, бір-біріне ызбарлана тіл қатқандарынан іш жиып, шошынып қастарына жетіп келген.
-Сен оған пәтерді қай ақшаңа алдың?
-Қорықпа, сенің ақшаң түгел. Өзім таптым.
-Атаңның басы, өзің таптың! Сол үшін қызметіңді бәске тігіп отырсың ғой? Сонда ол қатын саған мына бізден, бала-шағаңнан жақын ғой?
-Болды, шапылдама! Балаларды оятасың!
-Сол үшін қол қойып жүргенде сотталып кетсең екен!
Шешесінің даусы шыңылтырланып шыққанда аса сүйкімсіз екенін Айбек осы жолы аңғарды. Тіпті тап осылай долданғанын көргені де осы шығар ау. Сол кезде ересек адам құсап қастарына келіп тұрған оны әке-шешесі байқамаған. Біраз жерге барысып, әбден шегіне жеткенде барып Айбектің қастарына келіп тұрғанын көріп барып тоқтаған екеуі.
Ертеңінде таңертең жұмысқа жиналған әкесі айнаға қарап киініп тұрғанда Айбек оның айнадағы бейнесі оның өзіне онша ұқсамай тұрғанын көрді. Әкесінің жүзіне көлеңке түсіп тұрған еді. Бірақ, әлі күн шыққан жоқ қой, ол қайдағы көлеңке?
Осы оқиғадан кейін Айбек біртүрлі өзінен-өзі салмақтанып, әке-шешесіне бұрынғыдай жайраңдап тұрмайтын болды. Ол өзінің түсін де ешкімге айтпаған еді. Баяғы бала кездегі нөлінші қабатта екен дейді, бірақ, сәби кезі емес, тап қазіргі кезі, нөлінші қабаттағы бөлменің қабырғасында сағаттар кері қарай айналады, ал есіктерді ашсаң тағы есік шыға береді. Бір бөлмені ашып еді, тұман тұтасып тұр екен, тұман ішінде адамдардың жүздері жүзіп жүрген сияқты, көздерінің орны бос қуыс. Бірі бұған қол созады, бұл ұстайын десе саусақтар түтінге айналып кетеді. Айбектің олармен сөйлескісі келеді, бірақ, олар үнсіз: аузы болғанымен, бірақ, тілі жоқ адамдар екен дейді.
Айбек жетінші класқа көшкен кезде отағасының үстінен іс қозғалып, жемқорлық фактісі бойынша тергеліп жатты. Бұның қашан басталғанын кім айтып жатсын, әйтеуір, тергеу бес-алты айға созылғанда шешесінің қатты жүдеп кеткенін байқаған. Бұл басқа екі баладан гөрі өтірікті бірден байқап, әділетсіздікке төзбейтін Айбекке қатты әсер етті. Сабағы да нашарлап, мінезі де өзгерген. Әкесін соншама жақсы көрген бала енді оның қасында ұзақ қалмауға тырысатындай. Өйткені ол әкесін заң бұзғаны үшін айыптай алмаса да, өзінің әкесіне деген сенімін сатып кеткенін кешіре алмаған. Әйтеуір, есін білгелі сенген дүниелері күл-паршасы шығып қирағандай болған бала өзгере берді.
***
Көп ұзамай Ертайға тағылған айыптар дәлелсіз деп танылып, ол жұмысын қайта жалғастырды. Отағасының басына үйірілген қалың бұлт сейілген соң «уһ» деп тыныстаған отбасы жылдағы дәстүр бойынша шетелге саяхатқа шықпақшы еді. Тек Айбек қана алғаш рет отбасына ілеспей қалды. Әке-шешесі біресе айналып-толғанып, еркелетіп, тіпті болмағасын сес көрсетіп айтса да еретін ниеті байқалмады. Ол бұдан кейін де осылай ылғи да сылтау айтып, отбасына ілеспейтінді шығарды. Сөйтіп жүргенде мектеп бітірер кезі де таяды.
-Мына бала қаңғыбас болып кетті. Көңілдесіңнен қолың босаса, сөйлессеңші, – деді зілденіп Арай күйеуіне. – Ешқандай оқуға тапсырмаймын, оқымаймын деп жатыр.
– Таңертең кетеді, кеште келеді, мұғалімі сабаққа бірде қатысып, бірде қатыспайтынын айтты. Өзімен сөйлесіп көріп едім, дүңк етіп адамша жауап беруді де қойған.
-Қояды ғой, Өтпелі кезең.
-Ол тіпті бірдеңе айтсаң, сөз қайтарып, қыңырайып адаммен қарсыласатын болған.
Ертай үндемеді. Ол ұлының мінезі өзгеріп кеткенін өзі де байқаған. Ең әуелі «Достарымды сағынамын, мектеп ауыстырғым келмейді» – деп бірден қысқа қайырып, көп ақша төлеп оқытатын элиталық мектепке барудан бас тартқан.
-Сен неге үйге тым кеш келесің? Қайда жүресің? Кеше неге үйге қонбадың?
– Мен Рустамның үйінде болдым, екеуміз сабақ оқыдық.
– Өтірік!
– Өтірік дейсің бе? Жарайды. Өтірік. Онда мен саған сұрақ қояйын, пап!
– Ха, сенің маған сұрағың бар ма? Не сұрақ? Ал, қоя ғой!
– Сұрақ былай, коррупция деген не, пап?
– Ақымақ болмашы, соны білмейсің бе, қазір бастауыштың баласы да біледі ғой...
– Жарайды, коррупция деген мемлекеттің ақшасын ұрлап қалтаға салу деген сөз, солай ма? Ал неге сол айып саған тағылды?
– Балам, сен түсінбейсің...
– Айтшы, пап, сен ұрысың ба?
– Сен өзің қалай сөйлесесің әкеңмен?
– Менің түсінгім келеді.
– Бұл жүйе... басқа ештеңе айта алмаймын.
– Жүйе дейсің бе? Қандай жүйе?
Бала алқына дем алып, ширыға сөйлеп... өңі әбден түңіліп кеткен түр.
– Ай, болды, әбден от алып алыпсың ғой. Болды, қой! Ақыл айтқышын мұның!
– Жоқ, сендер өздерің қателік жасайсыңдар да жүйе дейсіңдер... Жүйе деген біздің өзіміз.
– Тоқтат! Болды!
Айбек әкесіне қарады. Үйдің жарығы әлдеқашан сөнген, бірақ терезеден түскен шамалы сәуле әкесінің жүзін екіге бөліп тұр еді: бір жағы жарық, бір жағы көлеңке. Айбек бұған дейін әкесіндей екіге жарылған адамды ешқашан көрмеген.
Ертай енді өзін барынша сабырлы ұстамақ болып сөзін жалғады:
-Сен одан да мынаны айтшы, сонда сенің қай салаға барғың келеді, балам? Енді уақыт оздырмай сол бағытта әзірленуің керек қой.
-Менің оқығым келмейді.
-Қалжыңдаймысың?
-Жооқ, шын. Оқыған ұнамайды. Ондағы оқытатын адамдар бәрі де интернеттегі бар материалдарды оқып алып, сонысын айтатыны белгілі. Ондай білімді өзім де аламын. Егер мен өзіме керек сұраққа жауап алмайтын болсам, несіне оқимын? Мен жай ғана өмір сүрем. Адамдарға көмектесемін.
-Қалай көмектеспексің? Ешқандай білімің болмаса, жұмысың, ақшаң, статусың болмаса...
-Әке, меніңше адамдарға көмектесу үшін дипломың, ақшаң болуы міндетті емес. Осыны айтқанда ұлының кірпі қабағынан ашу шашырап тұрғанын байқаған Ертай ұлына таңырқай қарады. Бала аяқ астынан ақылы тасып кеткендей дүние-жаратылыс туралы, адамзаттық шындық деген бірдеңелер жайлы айтып кеткен. «Бұның бәрін қайдан біледі, қайдан оқып алған?» Оның кейбір пайымдары қызмет баспалдағымен өрлеп келе жатқан Ертайдың миына ауырлау көрінді. Ауырлау емес, тіпті түгел ұқпағаны да анық. «Сандалған!» деді ішінен.
-Сен қиялисың!
-Мүмкін.
-Түсінбейм сені!
-Не түсінбейтіні бар? Керек болса, мен түсінікті болғым да келмейді! Сендер өздерің қателік жасайсыңдар да, жүйе дейсіңдер, ал менің өз бетімше таңдау жасауыма болмайды, ылғи осы, неге мені өз шеңберлеріңе салғыларың келе береді?
Осыны айтып жатқанда зілдей жұдырық баланың желкесінен нұқыған.
Ертай баласын не істесем екен дегенді ұзақ ойлады. Психологқа апарып еді, өз жеке түсінігі бар, еркін, өз идеалдарына иланатындығы болмаса, басқалай қалыпты екенін айтты. Достарыма кеттім деп бірнеше күн жоғалып кеткенде басында қайта-қайта телефон шалып, жер-жебіріне жетіп, ұрсып та көрді, бірақ, ештеңе істей алмады. Нашақор емес, ауру емес, өзің сияқты үлкен адамға не істей аласың? Осылай Айбек өзімен-өзі бөлектене берді. Ол кейде үйде болса да, жоқ адам сияқты еді. Өзі барынша сенген таңғажайып сиқыр нәрселері бұлдырап-буалдырланып, кескін-келбетінен айрылып құбыжыққа айналып кеткендей, содан көңілі қалғандай, тіпті жас жігіт бола тұра тіршіліктен түпкілікті суынып, айналаның дабырасы да құлазытып жібергендей тұнжырап, өз ойымен өзі отыра беретін болды. Қаласа, экспедицияға кеттім деп біраз күн көлеңкесін көрсетпейтін, қаласа үйіне мүлдем келмейді, оның бұл қылығына бәрі үйренген. Өзі солай шешсе, телефонын да өшіріп тастай салады. Тек «Анда жүр, мында жүр» деп сыртынан бақылап отыратын болды. Оның үйге келуі сирей берді. Енді олар оны жарты жылдап көрмейтін болды. Арай ұлын сағынатын. Бірақ, оның мінезін біледі. Ақыл айтайын деп жатыр деп ойласа болды, ары қарай сөз тыңдамайтынын да, оның тірлігіне қатысты бірдеңе айтқанды да көтермейтін ұлын өзі іздеп шығуға аяғы жарамайтын. Бұрынғыдай емес, жасы келіп, денесі ауырлағаннан бөлек, демікпесі ұстап қала ма дейді. Айбар бауыры жайлы әңгімеге құлықсыз, Айша ғана ағасы жайлы жиі айтады.
***
Айша ағасы барады ау деген жерлерді шолып, әркімнен сұрап жүріп, мәлімет жинай бастады. Іздегенге – сұраған, бір күні оны сыртынан байқап қалып, соңынан ілесе берді. Ағасы үйден кеткелі әжептәуір өзгерген, жүдеу. Бірақ, дәл сол екеніне Айшаның күмәні болмады. Тек көлікпен жүретін қыз осы жолы ағасын аңдып бір автобусқа мінді, одан түсіп қалып тағы бір автобусқа мінді. Астананың айнадай жалтырап жатқан көшелеріндегі жаңа салынған зәулім ғимараттар кешкі шамдардан алуан түске боялып, көшелердегі үлкен лед-экрандардан жарық ойыны жүріп, көкке шаншылған шыны мұнаралар аспанды қақ айырып тұрғандай, алыстан қарағанда қала түгел бір мерекелік көрініс сияқты.
Автобус бұрылыс жасап, орталықтан біраз ұзай бергенде, қаланың келбеті өзгере бастады. Қаңырап қалған құрылыстар, тозған бетон қабырғалар, бітпеген кірпіш үйлер, асфальты ойылған көше, шамы жанбай қалған тіректер, қоқыстан арылмаған аулалар... Қаланың ең әдемі жерінде тұратын Айша бұрын-соңды бұл жақтарға келмеген, одан автобустан түсіп біраз жер жаяу жүрді, ағасына байқатпай ілесіп жүріп қала шетіндегі ескі зауыт ауданына келді. Бұл жақтарда жылтыр дүние мүлдем жоқ, тек күңгірт үнсіздік пен сүркей тіршіліктің салқыны ғана сезіледі. Ескі вагонның маңайында жүрегі дүрсілдеп, әбден тозған ескі үйлерден құбыжық шыға келердей қарадай үркіп келе жатты. Айналасы үңгір секілді жайлардың арасымен өтіп, алдында шапшаң жүріп келе жатқан жігіттің соңынан ілескен қыз қалар емес. Бір кезде ол соңына қарады да, қалшиып тұрып қалды:
-Айша?! Сен бұнда неғып жүрсің?
- Аға…
Қыз жүгіріп жетті де, оның мойнынан құшақтай алды.
-Бұл жақ жалғыз жүретін жақ емес, қыздарға қауіпті ғой. Неғып жүрсің?
-Мен.. біз сені сағындық. Сыртыңнан көріп қалдым да...
- Сонда сен мені аңдып жүрмісің?
Қыз тосылып қалды. Ол талып-талықсып келген адамдай ентігіп тұр еді.
-Мен сені ұзақ іздедім… – деді сосын даусын ақырын шығарып. Папам сені көргісі келеді. Ренжімеші. Қарындасы ағасының қолына жармасты. – Үйге мүлдем келмей кеттің ғой. Жүрші үйге! Кеттік!
Ағасы бұрыла берді де, бір сәт үнсіз тұрып, Айшаны жаймен итеріп тастады.
-Кет! Мені іздеме! Ешқайсың мені іздеп келмеңдер енді.
Айша шошып, сәл шегінді. Ол ағасының бұндай мінезін көрмеген.
-Әкем жіберді ме? Не дейді ол? Үйге кел, қасыма отыр, мен сияқты білім алып, мен сияқты қызмет істе дей ме?
Айша бетін басып тұрып қалды. Ол көз жасын ішіне жұтып жатқандай еді, аздан соң тығыны атылып кеткендей болды.
-Болды, жыламашы, Айша. Көрдің бе, мен жаманмын, жаман ағамын. Жоғалған адаммын.
Ол қарындасына қараған кезде көкірегіне өзгеше сезім қордаланып, жанарына мұң ұйып, жүзіне діріл жүгіріп өтті.
-Сен жоғалу дегенді түсінесің бе? –деді сосын ақырын ғана.
-Қалай жоғалу? Кім жоғалады?
-Адам жоғалады да...
-Мен мына үйде тұрамын. Қасымда жігіттер бар. Ондағылардың бәрі – жоғалғандар! Қоғамның күресінге тастаған елестері! Сендер әділет деп сөйлейсіңдер. Ал мен шындықты білемін.
- Аға… бұлай өмір сүруге болмайды ғой… сен… сен өзгеріп кеттің…
-Жоқ, мен өзгергем жоқ, шындыққа жақындадым. Сендер әлі де сол өтірікпен өмір сүріп жүрсіңдер. Әкем айтқан «адамзаттық білімнің» қайда екенін айтайын ба? Ол осы жерде – құжатсыз, үйсіз жүрсе де, өзгенің қиналысын сезетін, соған жаны ауырғандардың көзінде.
Ағасы бір кезде ойына бірдеңе түсіп кеткендей, қарындасының қолынан алды да, сүйрелеңкірей шапшаң басып, ескі үйге қарай алып жүрді.
Үй сырттай қарағанда ешкім тұрмайтын, тастап кеткен үйге ұқсайтын. Қабырғалары сыланбаған, терезелерінің жартысы бітелмей қалған, кіреберісі қараңғы әрі сыз. Бірақ ішке кіргенде өзгеше бір әлем сияқты болып көрінді Айшаға.
Айбек тұратын бөлменің еденінде картон мен алаша төселген, бірақ мұқият тазаланған. Қабырға жалаңаш, мүлде жиһаз жоқ. Бөлменің ортасында бірінің үстіне бірі үйілген кітаптар. Қалың да, жұқа да, ескі де, жаңа да кітаптар бейнебір жалғыздықтың ортасында тірі жан секілді.
-Сен мені неге іздедің? Жоғалып кетті деп пе? Ия, мен жоғалдым. Енді іздеме. Бұнда жоғалған тек мен емес! Ол картон қағаздың үстінде отырған қараторы кісіні нұсқады:
-Айтпақшы, танысып қой, мынау – Коля. Кезінде жақсы жұмыс істеген, ипотекаға пәтер алған, сосын жұмыс орны жабылып, қарыздан қарыз... Банк үйін тартып алды. Қатын да, бала да жоқ. Ана жақта Берік. Бизнесі бар еді. Үстінен үлес алғысы келгендермен бөліспеді – бәрін тартып алды. Қасындағысы Нұрлан. Өмір бойы заводта істеді. Бір күн ауырса – қуып шықты. Болды. Енді кете бер. Қазір такси шақырамын.
Айша келе жатып, көз жасын сүрткілеп, ағасын ойлай берді. Оның үйілген кітаптары ойынан кетпеді. Ағасы да, қасындағы адамдардың мінезі де сол кітаптарға ұқсайтындай. Күнкөріс үшін «пятакта» ауыр жұмыс істейтін, әрқайсысы өз әлемінде, бірақ бәрін біріктіретін бір нәрсе бар…
***
Келмеймін десе де ертеңінде апақ-сапақта Айбек үйге келді. Есікті ашқан Арай тосылып қалды. Қарсы алдындағы шашы иығына түскен, жағына пышақ жанығандай жүдеу жүзді жігіт оның туған ұлы еді. Егер көшеде көрсе танымас еді, басқаға, мүлдем бөтен біреуге, метроларда жүретін жұпыны біреулерге ұқсатар еді. Жоқ, одан күлімсі иіс шығып тұрған жоқ еді, сақал-мұрты да өспеген, тек бастан-аяқ ақ киім киіп алыпты. Онысы таза болғанымен матасы арзан, тозыңқы. «Бұл сонда сектаға кеткен бе» деп ойлаған ішінен Арай. Жүрегі қатты шаншып кетті. «Байғұс балам ай, саған не болып кетті? Неге осындай болдың?» Ұлын құшақтағанда көкірегіндегі қапасы бері атып шығып, мұң-наланы бір лықсытып, даусы шығып кетті.
– Өйтудің қажеті жоқ, мам. Артық эмоцияның керегі жоқ...
***
Өзіне иегін қаға амандасқан ұлы қасына келіп отырған кезде Ертай қапелімде ештеңе демеді. Танымағандай, кіртиіп кеткен көзі бұлдырап тұманытып тұрғандай ұзақ қарады.
-Сені қашаннан бері көрмедік? Тіпті жоғалып кеттің ғой...
-Жоғалдым ба?
-Не істеп жүрсің, балам?
-Біз клиника аштық. «Нөлінші қабат» деп аталады.
– Онда не істейсіңдер?
– Қаңғыбас ит-мысықтарды бағамыз.
– Ал, аты неге «Нөлінші қабат»?
– Меніңше, нөлінші қабат адам санасының түбі сияқты.
«Мына философ тағы бастады» деп ойлаған әкесі ұлының баяғыда қонақүйдің ең астыңғы қабатында жоғалып-табылғанын есіне алды.
– «Нөлінші қабатты» ұмытпаған сияқтысың. Сен ол кезде кішкентай едің. Сол кезде жоғалғанда не көрдің, сені кім әкетті, біреу қорқытты ма деп те ол кезде сұрамадық, қайтадан есіңе салсақ, психикаңа зиян болар дедік. Сен сонда не көрдің?
– Бөлме қараңғы еді, бір жерден дыбыс шығып тұрады екен. Бұл кейде алыстап, кейде жер түбінен бір жолбарыс айбат шегіп тұрғандай дыбысқа ұқсайды. Бөлмеде әлдебір күңірсік иіс бар екен, – деді ұлы ойланып тұрып. – Мені алып кеткен сенің адамдарың ғой, пап. Сен оны өзің де білесің.
Ертайдың іші мұздап кетті. Бірақ үндемеді. «Сол кезде жоғалған Айбек емес, мен шығармын. Кім біледі?» деп ойлады ол. Бәрі есінде. Кешегідей. Ұлын жоғалтып алғанда ғой, бұлар полиция шақырып, қағаздар толтырып, үлкен әбігер басталған.
Осы кезде Ертайдың телефонына хабарлама келді. Экран жарығы Ертайдың жүзіне түскенде оның жүзі қуқылданып көрінді. Телефон бетіндегі «жоспар», «келісім», «балаңды табасың» деген сөздерді Ертайдың өзінен басқа ешкім байқап үлгермеді. Ол бір сәт ауаны ішке жұтты да, қалт тұрып қалды. Таңдау оңай емес еді. Телефонын қайта ашқанда баласының суреті тұр еді. Бұның телефон камерасы баласының соңғы суретін басып үлгергендей іші-басы суып кетті ме ау... «Мен бәріне келістім» деп жазғанда саусақтары дірілдеп кеткен. Экранды жауып жатқанда оның көзінің астына ұзын көлеңке тартылғандай, және осы қолымен кейін қаншама күмәнді құжаттарға қол қойса да табы өшпейтіндей көрінген.
Ол кезде өмірге араласып, қызметтің дәмін алып, ең маңызды істерге араласып, шаруа шеше бастаған кезі. Кейде жоғарыдан тапсырма келеді, бұл орындайды. Еңбегіне алатын үлес дейтіндей үлес те жоқ, бірақ, уәде бар. Кейін ауыздарыңнан ақ май ағызам деген уәделер...
-Сен менен бездің. Мен де өзімнен безіп кеткем баяғыда… Тек сенің жүзіңе қарауға дәтім жетпей келді.
Баласы үндемеді. Әкесі жалғастырды:
-Баяғыда сені ұрып жібергенімді әлі ұмытпай жүрмісің?
Ұлы иығын қиқаң еткізді.
-Жоқ, ондайды есіме ұстап жүрмеймін.
-Есіңде жоқ па? Сенбеймін. Сен содан кейін үйден кетіп қалғансың. Ал, менің есімде, – деді әкесі. Сен оқығым келмейді дегенсің. Мен бұған қатты ашуландым, біз ғой бала күнімізде «білім» дегенді бәрінен биік көретінбіз. Бірақ уақыт өте келе түсінесің, білім – жол емес, жолды табуға арналған шам ғана екен. Ал шам жанып тұр ма, жоқ па – оған жүрек жауапты. Сен сол білімге жақындадың, менен бұрын. Мен… мен жолда адасып қалдым. Адамзаттық білім дегенді түсіндіріп едім ғой, ол кезде қате айтыппын.
-Ия, пап, елдің бәрі алатын шартты білімді, дипломды адамзаттық білім деп қатырдың ғой. Жалпы жұртшылық деуің керек еді, сен шатыстың.
-Әкесі бұл жолы ұлының сөзіне шамданбады.
– Ия, ол математикадан, тілден, діннен, ұлттан да жоғары екен. Ол – біреудің жүрегіне қарай алатын қабілет екен. Адам жанының жарасын сезу… Көзінен бір нәрсе көрсең, айтпай тұра алмау.
-Мен де сені ренжіттім ғой, пап.
-Ештеңе етпейді, балам.
-Жоқ, мен ол үшін кешір демеймін. Сен неге қолыңды арамдадың?
-Мен артық ештеңе алғаным жоқ. Сен жала жаппа!
-Бірақ, қаншама ақшаларға қол қойылып, сол заңсыздықтар көз алдыңда жасалып жатқанда үндемедің ғой? Келістің. Бірге қол қойдың! Сен үнсіз қалғанда, біреу біреудің орнына жауап беріп, жазаға кесілді ғой. Қаншама былықтардың ортасында отырып, жазықсыз адамдардың қолымен қаншама нәрсе жасап...
– Ия, үнсіздік – менің ең ауыр қылмысым. Айта алмадым. Қорықтым. Келіспесем, ойыннан шығатын едім.
-Ол соншама маңызды ойын ба?
-Адал болуға ерік жетпеді. Білесің бе, балам, үнсіздік – кейде әділеттің соңғы қалқаны. Бір көне кітапта: «Әділетсіздікке қарсы шықпаған – соған ортақтас» деген сөз бар. Ал мен үнсіз қалған сайын, соған ортақ болып кеттім.
-Кейде шындық өткір пышақ сияқты, үнемі қалтаңа салып жүруге ыңғайсыз, байқамасаң кесіп жіберуі мүмкін, сол үшін біз оны жасырамыз.
-Ал бір жерде ұзақ жатса пышақ та жүзін тат басып, кетілмей ме? деді Айбек.
-Солай... Солай... ол ауыр күрсінді. Бірақ сенің бойыңда басқа жарық бар. Мен оны әлгі нөлінші қабатта жоғалып-табылғаннан кейін көп өтпей байқадым. Сен… басқа жаққа өттің. Жолың менікінен бөлек.
Әкесі сөйлеп отырғанда Айбек терезеге қарады. Уақыт біраз болғанын байқамапты. Терезенің сыртында қараңғылық қалың болғанымен, бірақ көкжиектен бозамық таң білініп келеді. Баласы көзіне жас келгендей төмен қарап кетті:
– Менің жолым жалғыздық қой…
– Жоқ. Сенің жолың – жалғыздардың жанын көру.
Бөлмеде тыныштық орнады.
Айбек үйден кеткеннен кейін бір ұйым құрғанын айтып жатқысы келмеді. Осы дулы дүрмектен ұмыт қалған, өздерін іздеп жүрген достарының арасында түнде отқа қарап дұға ететіндер де, көшеде кездескен миссионердің кітапшасын құшақтап жүретіндер де, шынайы ықыласпен сәждеге басын тигізетіндер де, шіркеудегі хордың әуеніне елтіп, Исаға дұға ететіндер де болды. Айбек бірде онысының, бірде мұнысының қасында жүрді, бірде үнділік бір жат жұрттыққа еріп, мантрасын қайталады. Мантрада бір дыбыстар шексіз қайталана береді, қайталана береді, бұл оған «жабық шеңбер» тәрізді көрінетін. Шіркеуде хорға қосылғанда ішінен өз атын естігендей болатын, ал намазда сәждеге бас қойғанда маңдайы жердің сызын сезетіндей еді. Бұл құбылмалық сырт көзге адасу болып көрінгенімен, Айбектің ішкі дүниесінде ол – үздіксіз ізденіс еді. Әр сенімнің шеңберін айналып шыққан сайын, ол «Мен қайда жоғалдым? Неге ешбір жол мені таппайды?» деген бір сұраққа қайта оралатын. Өйткені қайсыбір сенім де оның ішкі жарығын толық жаға алмағандай көріне берген.
Осы әрқилы достарының арасында жүріп ол мына бір ақиқатты анық түсінді: дін де, сенім де, рәсім де адамның жүрегін толық аша алмайды екен. Әрқайсысы бір есікке апарады, бірақ есіктің ар жағынан Айбек іздеген жарық табылмайды. Кейде ол түн ортасында оянып алатын да, сол кезде баяғы нөлінші қабаттағыдай әлдеқайдан ескен суықты сезетін. Бір толассыз дыңылдайтын мағынасыз дыбыс құлағына келетін. Қасындағылардың бірі ыңылдап жатып өксиді, бірі қолын созып әлденені іздеген ұйқыдағы кейіптері оған үрейлі елес болып көрінетін. Сонда Айбек «біздің бәріміз де бір кезде жоғалғанбыз, орта жолда ма, әлдебір ғимараттың нөлінші қабатында ма..., айырмамыз жоқ» деп ойлаған күйі келесі бүйіріне аунап жататын. Ол өз ішінде маздап тұратын отты іздеп қажыған, өзін тек соны жарыққа шығару үшін адасып жүргендей көретін.
Ұзақ үнсіздіктен соң әкесі орнына қозғалып, қасындағы тумбодан бір топ кілтті алып шықты. Оны Айбектің алдына қойды да, терең дем алды.
Айбек кілтке қолын созбады, ойланған түрмен әкесінің жүзіне ұзақ қарады. Бұл – қоштасу емес, қабылдау еді. Ол орнынан тұрып, әкесіне қолын берді. Әкесі баласына қолын созғанда, олардың көлеңкелері бірігіп кеткендей болды.
Арада бірнеше күн өткенде Ертай қайтыс болды. Жұмыстан ерте келіп, «Айбекті іздеңдерші», – деді ол біртүрлі көңілі алағызып тұрып. Содан қайтып басын көтермеді. Жұмыста тексеру жүріп жатқанда өзін жайсыз сезініпті.
Көзді ашып-жұмғанша болған жағдайдан естері шығып кеткен бала-шағасының күйін түсіндіруге келмейтін. Қайта үлкен бала Айбар есті екен, әкесінің бүкіл шаруасын жөндеп, жерлеу жұмыстарын тыңғылықты атқарды. Айша шешесіне сүйеу болды. Ал, Айбектің телефоны сөндірулі еді.
***
Арай борансыз-ақ адасып кеткен ұлын іздеп тауып, бетпе-бет сөйлесемін деп жүргенде ол өзі келді.
-Балам, біз сені ренжіттік пе, айтшы. Сенің осы жүрісің не жүріс? Осы уақытқа дейін еркеледің, көтердік. Енді ақылға келші. Әкең болса кетті. Мына үй, бүкіл шаруа Айбардың мойнында. Мені көріп отырсың, қартайдым.
Айбекке шешесі шынымен қартайып кеткендей көрінді. Бірақ, бұрынғы ішкі мазасыздығын сабыры жеңген. Бұл оған қайдан келген, әлде бұл қарттықпен келетін нәрсе ме?
-Келер ай қарындасың ұзатылады. Сен қайтып кел. Мына үйге ие бол.
-Айбар тұра берсе қайтеді сенімен?
Шешесі қыстығып әрең отыр екен, жылап жіберді.
-Ол не сөзің, келмеймін дегенің бе? Мүлдем жоғалғаның ба?
-Болды, болды, мам. Жыламашы. Білесің ғой, мен адам жылағанда қасында отыра алмаймын. Бұл жүйкеме тиеді (жүрегімді ауыртады дегенді айта алмады).
-Осы үйді сенің атыңа жазамын.
-Айбар ше?
-Оның атында да бірнеше пәтер бар ғой. Бірақ, үлкен үйдің аты үлкен үй.
-Әкем де жинаған екен! Арамнан жинаған мүлік деші!
Шешесі ұлының сөзін жаратпай ашуланып қалды.
-Бәрі сендер үшін емес пе?
-Жарайды, ренжімеші, мам, қойдым. Бұл қанша шаршы метр өзі жалпы ауданы?
-300 ден асады.
-Мен бұның кейбір бөлмелерін қайырымдылық ретінде қиын жағдайдағы адамдарға тұруға беріп, ал ең астыңғы қабатына қаңғыбас ит-мысықтар бағатын притон ашар едім де, сыртына «Нөлінші қабат» деп жазып қояр едім.
-Қайдағыны айтпашы.
Шешесі күрсініп үмітсіздік басқан өңі мұңайған күйі ыдыс-аяқты жинастыра бастады.
-Айтпақшы, мам, баяғыда біз барған қонақүйге барып қайтамыз ба? Екеуміз. Қызық болсын. Одан бері қанша уақыт өтті, қандай екен... Сол жерге бір рет барып келгім келеді. Тура сол мен жоғалған бөлмені көріп.
-Көріп не істемекшісің?
-Қызық емес пе? Интернеттен оқыдым, 20 жыл бұрын сол қонақүйде балалар жоғалған екен. Дәл сол нөлінші қабатта. Және сол ғимараттың нөлінші қабатындағы басқа бір үлкен кабинетте жекеменшік клиника болған, ол жерде балалардың санасын өшіріп, жаңа болмысты жасайтын эксперименттер жүргізілген.
-Мәссаған! Шын ба екен? Осыгүні әйтеуір неше түрін жаза беретін болды, рас-өтірігін... Сені әйтеуір Құдай сақтады, деп күрсінді шешесі.
– Бірақ, мен де өзгердім ғой.
– Ия, сен өзгердің.
– Бірақ басқа себептен...
– Қандай?
– Оны айтудың қажеті болмас, мам.
-Сен сонымен үйге қайтасың ба, әлде... тағы жоғаласың ба? Өлтірсең де айтып кетші...
-Ия, мам, мен келем! Жоғалмаймын. Тек достарыммен қоштасып келейін.
Ол соңына қарап еді, бұрын өзі жабылатын механизмі бар есік жабылмай, ашық қалып қойыпты.
Үйден шыққанда қала қашанғыдай ебіл-себіл тірлігінде еді. «Сен тағы жоғаласың ба?» деген шешесінің сөзін есіне алды. «Әр адамның бір сәтте өзін жоғалтатын кезі болады… Бұл, мүмкін, өмірден мағына таппай қалған кезде, табан тіреп, тиянақ қылар ештеңе болмағанда ма... өзінен-өзі жоғалып қалған сияқты сезім. Бұның қай уақытта болатынын ешкім білмейді. Бірі – өз таңдауын, бірі өз сенімін… ал кейбіреулер жүрегінің ішіндегі кішкентай бір жарықты жоғалтады. Ол жоғалған сәт сырт көзге білінбеуі де мүмкін, бірақ, жарық жоғалғанда адамның ішіндегі бір дыбыс та өшеді. Мен де жоғалдым, бірақ, өзімді қайта табуға жақындап келемін» – деп ойлады ол автобуста кетіп бара жатып. Бұл кезде көше шамдары самаладай жарқырап тұрған еді. Тура күндізгідей болып көрінді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.