Жанат Боқаш – 1976 жылғы туған. Көптеген халықаралық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Ауыл өмірінің айықты көріністерін көркем суреттеп жазып жазып жүрген ақындарымыздың бірі.
Біздің жақтың Наурызы
Күткен күн бәрі,
Күттірумен келді ақыр,
Маңырап мәз боп,
Өзінше болып төл жатыр.
Күркеден шығып,
Күн көкем жылы қарады,
Күлімдеп аумақ,
Шуаққа аунап жер жатыр.
Жылы бір әуен,
Жылы бір леп білініп,
Теріскей беттен,
Көлеңке кетті түріліп.
Бағзыдан қалған,
Баяғы дауыс шыққандай,
Бақилық болған,
Бабамның рухы тіріліп.
Нақыштап сөйлеп,
Жазбастан бәзбір мақамын,
Жүйткітіп ойдан,
Түрлерін нелер батаның.
Ең төрден алып,
Ежелден қалған еншісін,
Баптанар атам,
Бір сипап қойып сақалын.
«Шықтық» деп аман,
«өтті» деп бір жұт тағы,
Жайланып апам,
Қоюлау шайын ұрттады.
Ашыққа шыққан,
Қыстайғы тыққан,
Сары майы мен,
Кебежедегі
қатқан күрең құрттары.
Сейілгендейін,
Қабағындағы қаһары,
Жібігендейін,
бойдағы бар «қаталы».
Жаңа боп түрі,
Жаңаланып кеткен бе,
Желбегей киген,
Әкемнің «қара шапаны».
Абыр да сабыр,
Мәре де сәре әр жерде,
Көксеген осы,
Ішіліп «қара көжең» де.
А, құдайлап,
Алласын алып ауызына,
Аластап отқа,
Қазанын қойды әжем де.
Жомарттық пейіл,
Ашқандай бүгін құлыбын,
Қалдырмай түгін,
Қап түбіндегі «бірінің».
Өреден жазда,
Өрмелеп кейде ұрлаған,
Таныдым түсін,
Анамның ірімшігінің.
Мән де бір бермей,
Қандайлығына сұрқының,
Ағызып айтып,
Аңыз ғып айтып былтырын.
Майларына, мәз болып,
ағам отыр ма,
Бүлкілдеп іші,
«Миығынан күліп мұртының».
Ертегідей көріп,
өткенін сезбей күнінің,
Жел қағып жиі,
Желкесіндегі тұлымын.
Қуанды ол да,
Жүгіріп жүрген жүгірмек,
Төңірекке таң қап,
Бір тартып қойып мұрынын.
Ұлыспен бірге,
төбесі көкке жеткендей,
Шапағы күннің,
Рухына нұрын төккендей.
Ақ көңіл келген,
Аңғалдау біздің бұл елге,
Мың күннің зілін,
Ұмыттырып бұл күн кеткендей.
Санадағы сыр
Бөктерінен,
Бөкентау бір сан қилы,
Ақсақалды,
Абыз шал күй сарқиды.
Бетегелі,
Көгілдір шоқылардан,
Жусан-жырдың,
Жұпарлы исі аңқиды.
Дегендейін,
Бұл әуен – «есті мені»,
*Икі бұлың,
Тауының есті лебі.
Құлдай аққан,
Қобда өзен сыбдырынан,
Құлын күнім,
Сыңғыры естіледі.
Қайыңды арал,
жағалап жар қабағын,
шалдыққаннан,
болған-ды шаң балағым.
Қайыс арқанын,
Әкемнің тығып алып,
Тайды үркітіп,
Тайыншаны шалмаладым.
Есімде әлі,
Есіріп қаңғығаным,
Ағаш ат қып,
Сүйрелеп талдың бәрін.
Тізесіне апамның,
Басым сүйеп,
Кешке жақын,
Қалжырап қалғығаным.
Жігіттіктің,
Желігі жанды дағы,
Арман болып,
Осының қалды бәрі.
Өркениет жолына,
Кеш іліккен,
Өлкем үні,
Жар салып жаңғырады.
Жетпістегі,
Қарт қоныс төсін керді,
Жаһанменен,
Жылжыды көші ілгері.
Атам мінген,
Ақ жал ат жортқан жонда,
Жүрегі жоқ,
Темір ат көсіледі.
Тұлпар мінез,
Тоқымның тер ғып астын,
Етек жеңін жинаған,
Елге ұластым.
Қатпар-қатпар,
Жел жеген жоталардай,
Өшкін-өшкін,
Түріммен өрге бастым.
*Икі бұлың-жер аты
Қобда өзен
Тәубә етіп,
алаң-құбаң күніме,
дәмін татып,
жеттім міне бүгінге.
Асау Қобдам,
арының бар айбатты,
сөз жетпейді,
сенің мөлдірлігіңе.
Ақ жауындар,
ағытқанда түймесін,
тәкаппар паң,
тауларың да жиды есін.
«Тартылды» деп,
жүрген тантып тантықтар,
Алла сақта!
Ашуыңа тимесін!!!
Қара бұлттар,
қарс түйіп қабағын,
Бес Боғдаға,
күн қадаса жанарын,
қопарылып,
қара тастар қазандай,
жан ұшырған,
бойы да сай-саланың.
Алақанмен ұрттағанда –
жүректен,
шыққандайын,
шымырлап үн шым еткен.
Жазда келіп,
Шомыларда, о, ғажап,
менің тәнім,
сенің жаның «дір» еткен!
Көк тіреген,
көк аспанның астында,
кері көңілмен,
«кесір» күнде асқынған.
Қыс болғанда,
табаныммен күнәһәр,
сенің аппақ.
бауырыңнан бастым ба?..
Айналмаған,
малта-малта тасыңнан,
Арулардың,
айнымаған шашынан.
Қасиетті,
сезінбестен шошынам.
Қасіретті,
тағдырыңа ашынам.
Кеудеңе әкеп,
қоқыс төкті – Есірік,
(жағажай ғып,
«жалаңаштар» көсіліп).
Айуандығын,
пенделердің көрсең де,
ақтың үнсіз,
үндеместен есіліп.
Ажал жібін,
іліп біреу мойнына,
(Өлім жеңіп,
бәзбіреудің ойын да)
жазмышының,
дәмі біткен талай жан,
ертелі-кеш,
енген «жұмбақ» қойыныңа.
Сондықтан ба,
байыбына бармастан,
қайғы жұтқан,
қаншама жан қарғасқан.
Сезімсіздер,
серменделер, қырсыздар,
Қобда өзенді,
«Қанды өзен» деп алжасқан.
Көріп сені,
тарқаған-ды жан мұңнан.
Шөліркеген,
шақтарымда қандым да.
Ағаттығым үшін сұрап –кешірім!
тұрмын – ТӘҢІР!
Cенің «Киең» алдында...
Менің кереметім
«Әлемнің кереметтерінің көбі
Еуропа елдеріне тән»
(Ақпарат құралдарынан)
Естисің-ау,
Елең етер талайды,
Мақтанның да,
Десең – азы жарайды.
Ғалымдар көп,
Кереметтер бүгінгі,
Египетте,
Римде деп санайды.
Қалды қайда,
Сонда – малшы, салшылар?
Шиті мылтық,
Жасаған сол аңшылар?!
Әлем өркениетінде біздің де,
Бір болымсыз,
Үлесіміз бар шығар.
Алтыныңды бағала, бар,
Ей, Адам,
Жалғасатын,
Сонау бұрын эрадан!
Ал, менің,
Бір кереметім сол жалғыз:
Туған жерім,
Туырлықты үй дей алам!
2009.01.18.
Шығыс үні
Кеше барып,
Егескенін қырып бар,
Европа ортасынан шығып дәл,
Басындырмай,
Басын кескен жауының,
Варварлардың ,
Басын кімдер ұлықтар.
Бүгін міне,
Жөнеп жөлер ой, сырлар,
Озық өркен,
Бәрі сонда Ай, Шыңдар.
Дүниенің кілті бардай,
Кісімсіп,
Түрегелді,
Батыстағы Ойшылдар.
Кемелдікті,
Кереңдер жеп кеміріп,
Ұсақтарға ұлып,
Күнім жегіліп.
Қасиетім,
Кете ме деп қорқамын.
Ұлы Абайым,
Ұлылығым көміліп.
Бір болымсыз,
Көкейімнен жылысты ән,
Кеудем тұман,
Жейдем жайсыз құрысқан.
Өтер жылдай,
Өлімсіреп жабыққан,
Бір мұңайған,
Күн шығады –Шығыстан.
Қияндағы қыран
Үзбеген құздарынан еш күдерін,
Айбынды алып Алтай төс түлегін,
Арабтың даласына қос қыранды,
Адамның апарғанын естіп едім.
Бабадан жалғасқан бұл жанды мұра,
Неліктен қамалғандай қалды құмда?
Ашындым адамзаттың айласына,
Алаңдап түз тағысы тағдырына.
Қиянат, жақсылық та аса ардақты,
Пенденің тарапынан жасалмақ-ты.
Түлкінің айласынан асқан қыран,
Адамзат айласынан аса алмапты.
Ойлаған кім бар, осы жағын әлі?
Болса да әрбіріне мағыналы,
Тұғырлы туған жерін құс та болса,
Сарылып әр мезетте сағынады...
2002.04.19.
Аққулар оралғанда
Қауырсынға қадаған «қарлы өлең»,
Әуеніне елітіп жанды денем.
Күй толтырам кеудеме келгенінде,
Біздің жаққа аққулар алдыменен.
Әсерленіп астынан қанатының,
Жанданғандай дір етті дала тіні.
Сағыныш-ау, сыздаған ішіндегі,
Қаңқу салып әуеде алатыны.
Ақ қырбақ боп ауадан шашылады,
Аңсары да осылай басылады.
Басын шалған тауларға ақ жамылтып,
Алдын орап «ақ арман» асығады.
Аңғарған аз бұл жағын байқап әлі,
Мәніне сап тұңғиық ой-шаманың.
Бірде боран, бірде ашық құбылмалы,
«Құстың жайы баяғы» дей салады.
Ал мен болсам ерекше тасып тұрмын,
Көңілге еніп қайтадан «асық құрбым».
Көкірегіме сұлулық сырын екті,
Бұрынғыша оралып «ғашық күнім».
Түйсіну
Өткен күннің оймен ашып қырларын,
Ақ жауындай нөсерлеп қос мұңға мұң.
Көне жырлар көкейінен сыр шерткен,
Сапфолар мен Ли Байлар жырлары.
Баз кешумен аз ғұмырда күні өткен,
Шерге толы шөлмегін де жыр еткен,
Қысқа, нұсқа рубайын сөйлетіп,
Омар Хаям түрегелді түнектен.
Мүмкін тәңір солай сірә сый қылған,
Артық па деп тақ пенен бақ сый-мұңнан.
Шығыстықтар шыңыраудан жол іздеп,
Өмір жырын үш-ақ жолға сыйдырған.
Тұңғиыққа тартады ма «ой-шыңдар»
Елемеген олар, сірә, қай сыр бар?
Мәңгіліктің мәнін іздеп шарқ ұрған,
Жаңа дәуір «модернист ойшылдар».
Сыңғыр-сыңғыр сылаң жырдың әні өшкен,
Кетер емес ескерусіз халі естен.
Ұзынсонар жылтыр сөзге оранған,
Сыйлығы жүр Нобеліңнің саны өскен.
Есениндер көбейіпті-ау «құспын» дер,
Абайыңнан артық көкке ұштым дер.
Семсер жырын сілтегендер бар ма екен,
Бейне аңыз Лермонтов, Пушкиндер.
Асау шабыт келмей-ақ жүр бірақта,
Бір ай, тіптен кем дегенде бір апта.
Өр мінезбен, жұлым-жұлым жырыммен,
Кер мінезбен қадаламын жыраққа.
«Жұлдыздың лағыл елесі»
(Сұраған Рахметұлына)
Мысыңды әлі басқан жоқ,
Мылқауланатын мұңлық түн.
Жабылып жылдар дастан боп,
Түреді алдын түндік күн.
Сұйылмай сөздің құны алтын,
Көтеріп көптің зіл мұңын,
Аласың шымшып ақырын,
Шымбайына тиіп шындықтың.
Құтына бөлеп өзіңді,
Оранған өлең-құндағың.
Тербеді, қалам ұстасаң,
Сөгілмей шеті түн бағың.
Өзеуреп емес, өрттейін,
Маздаған лаулап от сөздер,
Оқылып жатыр кеудеңде,
Өзіңе аян жұмбақ үн.
Әмбеге баян болмаған,
Біз кешкен сіздің күн бөлек.
Азынап сырлар арыңнан,
Тістейді тінін тілмелеп.
Астары арман Ай ма екен?
Күлкісін күннің санайсың.
Сабаңа симай сабылып,
«Дүние кілті КІМДЕ?» деп.
Көксеген жері көмбе емес,
Алынса «Өрен» өресі.
«Тегершік» таңды таусылмас,
Отыр ма күтіп, келесі?
Ағыңнан бүгін жарылып,
Жылнама жырды ақтаршы,
Дүниеде жалғыз үн қатқан,
«Жұлдыздың лағыл елесі!».
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.