Мінезді тіркестер
немесе
бір өлеңге қатысты сөз
«Біз өмірді сүрмеппіз,
Өмір бізді кешкен екен...»
Өлеңдегі осы мінезді тіркестер менің көңілімді аударды. Шынында да адам – өмірдің илеуіндегі, боданына байланған бұзау сияқты. Өмір бізді қалауына айналдыра алады. Ықтияры ауса – мәжнүн етеді, данышпан ғып аспандатады, кезбе жасап, тентіретіп жібереді.
Өмір бізді кешіп жүр...
Поэтикалық ой деннің өзі – осы. Он бір буынды қара өлеңнің үшінші жолын шолақ қайырып, жаңа қалып іздеуге ұмтылыс байқалады.
Жүрегімде жүргеннен соң күнде сен,
Сезім бағын жиі аралап, гүл кешем.
Мен сенімен кездескем,
Кездеспеген сияқтысың мүлде сен.
«Кездеспеген сияқтысың мүлде сен» – лирикалық пайым. Мұнда жасырын кейіпкердің психологиясы жатыр. Ештеңе болмағандай суық тартып кететіндер қаншама...
Соңғы кезде көптеген ақындар он бір буынды өлеңді шалыс ұйқаспен жазады. Жолдың үшінші бөлегін үш буынға құрады. Халыққа етене көне ақындарды оқысаңыздар мұндай үрдіске бой ұрып кетпеген. Және олар біздің балаң кезімізде ондай оңай жолға барудан аулақ болуды ескерткен.
Қара өлеңнен танбаған әрі ұйқасын үш буынға құрған Жұмекенде ондай шалыс жоқ. Қара өлеңді серік еткен Мұқағалида – жоқ. Жарасқанда – жоқ. Жарықтық, Жарасқан ағамыз жолды тұтастай жолға ұйқастырып жазатын еді.
Өйткені ондай амал ақынның әлжуаздығын, сиыршылау екендігін танытады. 22 буында өлеңді үш буынмен ұйқастыру өте оңай. Бұдан ақындық қабілет шыңдала қоймайды. Екі-үш сөзбен терең ой айтуға, қысқа орамда бейне сомдауға қабілеті мүкіс қалпында қалады.
Бұл, сөз сырағысы ретінде айтылған байлам, мен талдап отырған жырға қатысы жоқ. Бірақ, жаппай етек алып бара жатқаны – қуантпайды.
Куə болар тағы кетті қашып күз,
Тым жақынбыз, сол үшін де қашықпыз.
Біз өмірді сүрмеппіз,
Өмір бізді кешкен екен...
Ғашықпыз...
Күз неге куә болу керек еді... ол неге қашып кетті? Ол жағы маған беймағұлым. Маған ұнағаны –
«Біз өмірді сүрмеппіз,
Өмір бізді кешкен екен...»
- деген байлам.
Мен ойыма астар еткен өлеңнің иесі – Жангелді бауырымыз.
Жангелдінің қаламы төселген, қарымды ақындардың бірі. «Ысылмаған ауыздан, ойпыл-тойпыл сөз шығатын» жандардың қатарынан емес. Алайда, «өнер алды – қызыл тіл» – эстетикалық талғамның шыңы. Ой мен тіл, көркемдік, ырғақ дөп түсуі некен саяқ. Некен саяқтар ғана шығатын ақ бас шыңға өрмелеп бара жатқаныңа қарап, қуат аламын, жігер табамын, Жан Сері.
Оқырмандарыңды интеллектуалды ойға апарарыңа шүбәм жоқ.
Әділбек Ыбрайымұлы
Бабамның үнін естідім...
Далада мынау сал ғұмыр кешкен сан қырлы,
Бабалар дауысы тау жақтан шықты,
сəл мұңлы .
Қалаға кеткен жақпады ма екен қадамым,
Даланы тастап, көк орай белес шалғынды.
Дүрбелең толы өтсе де жолдан тағдырлы,
Дəсүр мен салты ұрпаққа болған мəңгі үлгі.
Ол жақта жатып, алаңда болған бабам-ай,
Болса да бізде көк аспан ашық, таң нұрлы .
Олардың ізін ұрпағы басты, көш қонып,
Олардың ісін біздер де жүрміз қош көріп.
Олардың Рухы - ұларлы шыңның жонында,
Ұрпағын қолдап, дұшпанға жатыр сес болып.
Зау-шатқалдардан шықпайды кеште бекер үн,
Естіген кезде рухтанып мен де кетемін.
Жаңғыртып тауды күңіренді ме екен бабалар,
Жат жұрттар келіп таптаған кезде мекенін.
Олардың кейде құлақтары əбден шулайды,
Жеті қат жерден ұрпақтың үнін тыңдайды.
«Саны көп ұлттар» сайрандап келіп жатқанда,
Əруақтың өзі ар жақта жатып тулайды .
Ех,шіркін қайран қарағай сүйек батырлар,
Аманатыңа қиянат етті-ау пақырлар.
Онсыз да сендер ұйқысыз ғұмыр кештіңдер,
Алаңсыз енді Алашқа ес боп жатыңдар...
***
Құлазыған бақтардан гүл тергізген,
Ең жылауық əуенге күлкі енгізген.
Ең қараңғы түндерде жолықтырған,
Альциона есімді үркер қызбен.
Ең сауықты кештерде дара жанған,
Ең қауіпті жерлерге дара барған.
Ең үрейлі бір сөзді айту үшін,
Қаншама рет жанынан жараланған.
Ең сұлуды аңсаған Ай мүсінді,
Жұматайды жырлатқан Лəйлі сынды.
Ең қаралы күндерде күлім қаққан,
Ең қуанған сəттегі қайғы сынды
Қайранда пері көңіл-ай,
Қайранда сері өмір-ай...
***
Арада жылдар өтіп қанша міне,
Ойыңа оралыппын таңсəріде.
Оянсам, ояу жатыр бір сағыныш,
Білмеймін, бұл көңілдің аңсары не?
Бұл жүрек бұзылмаған сертім дей ме,
Жоқ əлде басылмаған өртім дей ме.
Сəл ғана кірпік қаққан мөлдір сезім,
Жастықтың жанарында мөлтілдей ме?
Сəлемі жетіп сендей арай нұрдың,
Көңілден арылғандай талай кірбің.
Бет алып Сары-Арқаны самғап ұшқан,
Аққуы сен екен ғой ақ айдынның.
Керіге керуен уақыт көшпесі анық,
Санадан сылқым бейнең өшпес анық.
Ұмыт болған аяулы бір сәттерді,
Сенің хатың жіберді еске салып...
***
Жұлдыздың үдеп жарқылы,
Сұр күздің келді салқыны.
Қыраулы қыстан бір хабар -
Қараша қаздың қаңқылы.
Қамданып көкте жүзбекке,
(Созылмас, сірə, күз көпке)
Құс жолыменен малтуға,
Сап құрған құстар тізбекте.
Бақ-ырысындай бір елдің,
Сағынышындай бір ердің.
Құстардың естіп бір əнін,
Қуандым және түнердім.
Олар да жасар жорамал,
Олар да жолай тоналар.
Тағдырлы құстар көктемде,
Оралмас, бəлкім оралар.
Естілмей қаздың қаңқылы,
Естілмей саздың саңқылы.
Көңілдің жүдеу бағында,
Қарғаның қалды қарқылы...
***
Қылыштай қасы бар қияқты,
Есімін атасам ұят-ты.
Жанары, жайдары қабағы,
Сенікі сияқты.
Үлпілдек үміттей үш таған,
Қолында гүлі бар ұстаған.
Болмысы, мінезі, келбеті,
Дәл саған ұқсаған.
Сезімі өрт болып лаулаған,
Сиқырлы əуендей баураған.
Шарфысы сендегі секілді,
Түсі де аумаған.
Жан едің жүректен өшірмес,
(Білсем де кейпіңді кешірмес)
Ғашық боп қалам-ау сол жанға,
Сенімен есімдес...
***
Баяны жоқ жалғанның бес күнінде,
Соға бердім айналып ескі күнге.
Жаздың үні жыраққа кеткен сайын,
Саздың мұңы құлаққа естілуде.
Бір жыл бұрын ұзатып құба қызды,
Тағы да бір қарсы алдым құла күзді.
Халық еркелеткенмен хəліңді ұғып,
Өмір еркелетпейді-ау сірə бізді.
Естелікті айлар мен жыл құрайды,
(«Ескеріпті» - деп кейін кім жылайды?)
Қайта алмаған күздегі құстай болып,
Пай-пайлаған көңілім тұнжырайды.
Құлазиды қырлар да гүл қаптаған,
Құла күздің даласы жұмбақ маған.
Жазды қойшы, айналып тағы келер,
Менің жазым күн сайын қымбаттаған...
***
Сиқыр сезім арбайды,
Ақылды да басқарды.
Тасқа ұрып ем маңдайды,
Тас айырылды, бас қалды.
Арманымнан тұманда,
Адастырып қинай түс,
О,Тәңірім бұдан да,
Ащы ғұмыр сыйлай түс.
Зәхар мұңын жұтамын,
Кесесінен тағдырдың.
Қабылдасам - ұтамын,
Қасіретін әр күннің.
Жан-жүректің жастығы-
маңдайдағы «бес елім».
Ішкен сайын аштыны,
Тәтті ғұмыр кешемін.
Фәнидегі алауым,
сөнбесе екен бақида.
Ақ жаныммен қалауым-
Әппақ өлең- ақида...
***
Әкемнің қонған жұрты күнес еді,
Ол жақтың тасына да гүл өседі.
Балалық қалған жайлау ойға оралса,
Жанымнан самал шалқып, мұң еседі.
Шыңдары Жамантастың зəулімді өпкен,
(Көрмедім шыңын түгіл, бауырын көптен)
Құралған бұлақтардан мөлдір өзен,
Сарқырап жатқан шығар «Шəугімкеткен».
Марал кеп мама ағашқа қасынатын,
Ол жұрттың маған ыстық тасы да тым.
Әкемнің мінезіндей ауа райы,
Табанда нөсерлетіп, ашылатын .
Құдайдың құты қонған өлкем ерен,
Қайыңы қарағайға еркелеген.
Шілдеде қарды кешкен тау қазақтың,
Өр рухын одан сайын еңселеген.
Көп болды бармағалы арман кешіп,
Шынымен сағынтты ғой заңғар бесік.
Әкемнің жұртын таппай қалар ма екем,
Жайлауда жатыр дейді таулар көшіп...
Жангелді НЕМЕРЕБАЙ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.