Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Жақсыбек Шанышқылы «Ку-ку» (әңгіме)...

Жақсыбек Шанышқылы «Ку-ку» (әңгіме)

09.05.2026

23

Жақсыбек Шанышқылы «Ку-ку» (әңгіме) - adebiportal.kz

 

Туф-туф-туф

 

– Өзіңе де сол керек! – деді дастархан басында Тұрдымұрат.

– Қалай сонда?! Жасы үлкен кісі ғой...

– Ауланың деспоты болып несі бар еді?!

– Қой, Света апа...

– Болды, адамша шай ішейік, – деп, әйелі әңгімені бастамай жатып тоқтатты.

Тұрдымұрат шайын сораптап отырып, екі ай бұрын болған жағдайды есіне алды. Подъездің жөндеуін ешкім қолға алмайтынын біліп, өз қаражатына кірісіп кеткен. Сонда «Ку-ку апа» атанып кеткен Света апа өзінің ескі таныс полицейлерін шақыртып, тіпті айыппұл салдырған еді.

Ол осы көпқабатты үйдің екінші қабатында тұратын. Бірінші қабаттан екінші қабатқа көтерілгенге дейінгі қабырғалар – талай тарих пен талай сырдың куәсі. Жылдар бойы сарғайған бояу қоңырқай тартып, ескі иіс әрбір тұрғынды өз пәтеріне шығарып салатындай еді.

Көршілердің чатында талай рет «Жөндеу жұмыстарын жүргізейік, бәрі ескірді» деген ұсыныс жазылғанымен, ешкім үндемейтін. Тек біреудің туған күні немесе қаңқу сөз шықса, чат у-шуға толып кететін.

Қолдау табылмаған соң, Тұрдымұрат өзі бастап кеткен. «Жарайсың!» дегендер болды, бірақ қарсы шыққандар да аз емес. «Қанша жыл тұрды, тағы сонша тұрады?» дегендер де табылды. Оппозицияның басында әрине Света апа.

– Айналайындар-ау, бәрімізге ортақ дүние ғой. Сендерден көк тиын сұрап отырғаным жоқ. Тек рұқсат етсеңдер болды, – деп, чатқа қайта-қайта түсіндіріп жазған соң көпшіліктің келісімін алып, жұмысты бастады.

Ешкімге кедергі келтірмей, күндіз жұмысын істеп, кешке құрал-сайманын жинап жүрді. Бірінші қабатты аяқтап, екінші қабатқа кіріскенде, Света апаның «қонақтары» келді.

– Қайырлы күн. Инспектор бәленбай да түгенбай. Не істеп жатырсыз?

– Көріп тұрған жоқсыңдар ма? Жөндеу. Басқалар демалысын қыдыруға жұмсаса, біздікі жөндеу болды.

– Сіз заңды бұзып жатқаныңызды білесіз бе? Шағым түсті.

– Не? Рақмет айтудың орнына айыппұл ма?!

– Қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұздыңыз. Хаттама толтыру үшін құжаттарыңызды беріңіз.

– Сонда мен мына жұмысты жарты жолда тастап кетуім керек пе?

– Аға, мына құрал-саймандар, құрылыс материалдары былай шашылып жатпау керек. Жұмыс жасап жатқан аймақты тым болмағанда лентамен қоршап қою керек. 

– Айналайын, өзі құйрық айналытын жер жоқ. Оны несін қоршаймын?

– Кейін көршілердің жазбаша рұқсатнамасы мен қолы қажет.

– Қазір чаттан көрсетейін... олар, сол жерде көпшілігі рұқсат берген – деп телефонын ашса, төрт жүз алпыс тоғыз оқылмаған хабарлама тұр екен. – Міне...

– Жоқ, ағай. Дамыған заман дегенмен, қағаздағы қол – басты талап. Тұрдымұрат ашуға булығып:

– Жазсаң, жаз! Бір амалын табармыз! – деді.

Хаттамаға қол қойып, полицияларды шығарып салды. Темекісін тұтатып, чаттағы хабарламаларды оқи бастады. Біреулер: «Тұрдымұратқа көмектесейік, еңбегін бағалайық», – десе, екіншілері: «Подъезге оның атын берейік», – деп әзілдеген. Ал Света апа болса, тағы да: «Ол заңсыз әрекет жасап жатыр», – деп бәрінің апшысын қуырыпты.

Подъезд есігі сықырлап ашылғанда Тұрдымұрат телефоннан басын көтерді. Алдында қолына балға ұстаған, үстіне ескі киімдерін киген көршісі Жанат тұр.

– Қане, көрші, бізге не жұмыс бар? Асарға шақырмадың ба – деп жымиып, қолына жұмыс қолғаптарын киді. 

– Әй, үйдің іші – бәріміздің айнадай жүзіміз ғой. Жарқыратып қояйық! – деп, іске кірісті. Тұрдымұраттың көзінен қуаныштың оты жылт етті. Сол сәттен бастап басқалары да біртіндеп жиналып, бірінің щеткасы, бірінің бояуы дайын болды. Әйелдер үйлерінен түрлі гүлдер мен перделер алып шығып ілді. Подъезд қабырғаларына бояу ғана емес, жаңа бір жылылық та құйылып, табалдырықтан аттап басқан адамға да жағымды әсер қалдыратындай подъездге айналдырып еді.

– Бос кесенің ішінен не іздеп отырсың? – деген әйелі Тұрдымұратты естеліктер әлемінен суырып алды.

– А? Иә... – деп, кесесін әйелінің қолына ұстатты.

– Бірақ деймін де, ана Света апаның үстіндегі ескі көрші Жанат. Саған көмектесуінің бір себебі бар екен ғой, иә?

– Бәрі сенің байың ба еді...

– Тоқта, мә... былай ойлап қарасам, Света апаның ку-ку болып қалуына сен кінәлісің ғой, ей!

– Ойнайтын уақыт тапқан екесің... Саған не болды, оған жаның ашып бара жатса, қасына барып жат!

– Енді дұрыс қой, сен подъездге жөндеу жасамағанда, әкім бізге көрші болушы еді, солай ма?! – деп, әйелі шайды күйеуінің қолын ұстатып, жымип қойды.

Сол сәтте есік сыртынан баяғы «Ку-ку!» деген дауыстың жаңғырығы естілді. Біреудің әзіл ме, шынымен Света апаның айқайы ма – ол жағы белгісіз. 

Тұрдымұрат селк етіп, үстіндегі футболкасының жағасын ашып:

– Туф-туф-туф, құрысын... – деп, үш рет өзін-өзі ұшықтап алды.

– Ауладағы балалар ғой! – не болды соншама шошып – деп, әйелі рахаттана күлкіге бөленді. Отағасы да күліп жіберді.

 

«Ку-ку»

 

Света апа - жетпістен асқан, «Аула деспоты» атағын ешкімнен сұрамай-ақ, өзі иеленген, терезеден күні-түні көшені аңдып, ауладағы әрбір қимылды қалт жібермейтін, үйінде жалғыз тұратын кемпір. Өзгелердің күлгенін, шаттанғанын көрсін бе, беті бірден түнеріп кетеді. Балалар алаңда асыр салып ойнай бастаса болды:

– Шулап, басымды ауыртып жібердіңдер ғой! - деп бәрін қуып жібереді.

Бір күні ол үстіңгі қабаттағы көршісі көшетінін естіп, іштей қуанып қалды: «Мүмкін, енді тыныш біреу келер» - деп үміттенді.

Бірақ орнына келген жаңа көршіні көп көрмейсің – бір келеді, бір кетеді. «Міне, рахат осы» - деп үлгергені сол еді, қуанышы ұзаққа созылмады.

Жарты ай бойы көрші пәтерден бірде «Тық-тық», бірде «Тырс-тырс» еткен дыбыстар таңғы оятқышы мен кешкі әлдиіне де айналды. Шағымданайын десе, үй иесін табу мұң. «Әзірге шыдай тұрайын» - деп, тісін тісіне басты.

Көп ұзамай жөндеу жұмысы бітті. Света апаның үміті қайта жанды. Бірақ сол кеште-ақ жаңа көрші қоныс тойын бастады. Сағат түнгі он. Үстіңнен аяқ киім емес, темір гирді сүйреткендей гүрсіл, ара-арасында әзіл-шыны аралас күлкі, ыстық лепті сөздер – бәрі еденнен өтіп, төбесінен тамшылап тұрған судай шыдамының шегіне нүкте қойды.

Бұл жолы Света апа батареяны ұрып көрді, бірақ әсер жоқ. Дереу телефонын алып, ескі таныс полицейлерге қоңырау шалды. Көп ұзамай үйдің алдына көк-қызыл шамы жарқыраған патруль келіп тоқтады.

«Қазір көресіңдер! Айыппұлдың астында қаласыңдар!» - деп, іштей масайрады.

Алайда, бәрі де күткеніндей болмады. Тағы қоңырау шалды.

– Әне-міне тыншиды, ескерту жасадық, - деді ар жақтан таныс дауыс.

– Бар болғаны ескерту ме?! Қазір ұйықтамасам, денсаулығыма зиян! Анау шуда қалай ұйықтауым керек, ә?! Дереу тоқтатыңдар, айыппұл салыңдар!

– Апа-ау, қалай айтсақ екен...

– Көп сөзді қойып, іске кірісіңдер! Әйтпесе, бастықтарыңа қоңырау соғам! Білесіңдер! – деді де, тұтқаны тастай салды.

Ары-бері аунады. Ақыры жарты сағаттан соң шу саябырсыды. «Тынышталды-ау» деп ойлағаны сол еді, есігі тарсылдады. Совет кезінен қалған, қызыл матамен қапталған, сыртқа көз салатын тесігі жоқ ағаш есік тақылдады.

– Кім ол? - деді ол есікке жақындап.

– Көршіңізбін ғой, ашасыз ба? - деді ар жақтан жылы дауыс.

– Неге ашуым керек?

– Жаңа шулап мазалағанымыз үшін кешірім сұрайын деп едім...

– Жоқ, кет. Бәлкім, кек алуға келген шығарсың.

– Жоға, апа, ондай ой жоқ. Сізге сарқыт әкелдім, жерге қалдыру ыңғайсыз...

– Ертегіні үйіңдегі балаңа айт. Жөніңе кет.

– Онда есік алдына қалдырамын.

– Жоқ, жерге қойма. Қазір, ашам, - деп есікті жайлап ашып, шынжыр арасынан қарады да, түрі өзгеріп кетті.

Есікті кеңірек ашты. Қарсы алдында - бірнеше рет қабылдауында шақырып, шағымдарын тыңдап, айтқанын екі етпеген қала әкімі, қолында кішкентай қорапшамен тұр. Жер жарылған жоқ, кірерге тесік табылған жоқ.

– Апа, бәрі жоспардағыдай болмай қалды. Белгіленген уақыттан сәл асып кеттік, кешіріңіз, - деді әкім жылы жымиып.

Света апа бір сәт бұрынғы ашуын ұмытып, жылпостана қалды:

– О, Абылай Дәрменұлы! Ол не дегеніңіз, тойыңыздың шырқын кетіргенім үшін мен сізден кешірім сұрауым керек.

Әкім сарқытты ұсынғанда, Света апаның қолы дірілдеп кетті.

– Әуре болыпсыз...

– Жоға, ол не дегеніңіз, - деп әкім жылы жымиып, кетіп қалды.

Есікті жапқан соң, Света апа ас бөлмесіне кіріп, қорапшаны үстел шетіне қойды. Қолы қалтырап, шынтағы дірілдеп тұрды.

– Ой, ақымақ кемпір... неге дөрекі сөйлейсің... Полиция шақырып не көрінді? – деп өзіне-өзі ұрысты.

Кенет орындығына отырды да, басын ұстап, көзін жұмды. Біресе күліп, біресе тістеніп, дауысын әртүрлі құбылтып сөйлей бастады:

– Қазір тынышталмасаңдар полиция шақырамын! Кет, маған сендей көрші керек емес! Ой, кешіріңіз, сіздің тойыңыздың шырқын бұздым... Енді, соны не газеттерге жазсын ба?.. Жоқ, үндемеу керек...

Сосын орнынан тұрып, столдың астына кіріп кетті. Көзін бақырайтып, бала сияқты сыбырлады:

– Ку-ку... ку-ку! Мен сені қазір ұстап алам! 

Арада бір-екі минут өтті. Терезеден басын шығарып бос тұрған балалардың алаңына қарай: 

– Шуламаңдар... Тыныш... Әйтпесе... – деп еді, даусы кенет үзіліп қалды.

Көзі жасаурап, қолын созып:

– Қалшы, кетпе... үйге қайтшы – деп әлдекімге жалынып тұрғандай сыбырлады.

Осы кезде қорапшаның қақпағы ашылып, ішінен тәттілер отшашудай атылып, шашылып түсті. Света апа еңкейіп жинап жүріп, біреу барлығын сырттай бақылап тұрғандай селк ете қалды да:

– Көрдің бе, мені аңдып тұр ғой... Аңдитын адам тапқан екенсің! Бұл аулада тәртіп үшін мен жауапты! Бәрін мен аңдимын – деп күбірледі де - Ку-ку! Қазір ұстап аламын – деген дауысы еденнің суық жаңғырығымен араласып, үйдің іші тылсымға айналып кетті.

 

***

 

Келесі күні есік алдында отырған бекерші екі кемпір гу-гу әңгімеге кірісті.

– Естідің бе, Света ку-ку болып қалыпты! - деді бірі.

– Ойбай-ау, неге? - деп екіншісі жалт қарады.

– Үстіндегі көршісі анау-мынау емес, әкім болып шығыпты. Енді көршілердің мазасын алуды қою керек. Әйтпесе, бір күні біз де Света сияқты жындыхананың бір бөлмесінен шығып жүрмейік, - деп, екеуі сықылықтап күлді.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan