Қазақтың қабырғалы қаламгері Жарасқан Әбдірашевтің туғанына 70 жыл толды. Әдебиетіміздің дамуына үлкен үлес қосқан ақын, сатирик, аудармашы, сыншы, журналист, қоғам қайраткері туралы ое деректі екшеп ұсынып отырмыз.
1. Өмір сүрген жылдары: 1948 жылы 7 наурызда Қызылорда облысы Арал ауданы Аманөткел аулында дүниеге келіп, 2001 жылы 10 ақпанда Алматы қаласында дүниеден өткен. ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бітірген қаламгер журналистика саласында да өнімді қызмет етті.
2. Жарасқан Әбдірашев – лирик ақын. Өзінің тың қолданыстарға толы тамаша өлеңдерімен оқырман қауымды елең еткізген Жарасқан Әбдірашев 21 жасында КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған. Қазақстан Жазушылар одағының Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлығына ие болды.
3. Жарасқан Әбдірашев – эпитафия жанрында өнімді еңбек етіп, бұл жанрды қазақ әдебиетіне орнықтырған ақын (эпитафия (грек. epіtaphіos – қабір үстіндегі) – құлпытасқа жазылған жазу және дүниеден өткен адамға шығарылған жоқтау). Аталған жанрда жазылған «Құлпытас» жинағы ұлттық поэзиямызға қосылған тың жаңалық болды.
4. Жарасқан Әбдірашев – эпигармма жанрында да өз қатарластары арасында ерекше еңбек етті (Эпиграмма (көне грекше: ἐπίγραμμα «қолтаңба») – белгілі бір адамды, затты, болмыс-құбылысты әзіл тұрғысынан бағалайтын сатиралық поэзияның шағын жанры). Қазақ әдебиетінде Абайдан басталатын эпиграмма жанрындағы жазылған туындылары «Әзілің жарасса...» деген атпен 1989 жылы жарық көрді.
5. Жарасқан Әбдірашев – сатирик. Сатиралық өлеңдер – Жарасқан Әбдірашев шығармашылығында үлкен орынға ие. Сондай-ақ «Тамаша» ойын-сауық отауының бас редакторы ретінде көптеген сценарийлер жазып, көрермендердің көңілінен шыққан.
6. Жарасқан Әбдірашев – аудармашы. А.С.Пушкиннің, Поль Элюардың, А.Блоктың, беларусь ақыны Янка Купаланың, үнді қайраткері Р.Тагордың, палестин ақыны Муин Беистің шығармаларын кәсіби тұрғыда қазақ тіліне аударған.
7. Жарасқан Әбдірашев – сыншы. 1969-1970 жылдары «Қазақ əдебиет» газетінің сын бөлімін; 1970-1974 жылдары «Жалын» альманағының сын және поэзия бөлімін; 1974-1985 жылдары «Жұлдыз» журналының сын жəне библиография бөлімін басқарған кезеңде қазақ әдебиетінің көкейтесті мәселелерін тілге тиек еткен көптеген сыни еңбектер жазды. Әсіресе, «Жалын» альманағында істеген жылдарында «Тураби трибунасы» деген айдармен ащы шындыққа суарылған мақалалар жазып, «Әділсын Жұлдызұлы» деп қол қоятын еді.
8. Жарасқан Әбдірашев – балалар жазушысы. Балаларға арналған көптеген өлеңдер, мысалдар т.б. жазумен қатар Агния Барто, Корней Чуковский т.б. шетелдік танымал балалар жазушыларының шығармаларын аударып жас оқырмандарға ұсынған. Ақынның ұлы, белгілі режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Қаладан келген қыз» фильміне қаламгердің балалық, жастық шағы арқау болған.
9. Жарасқан Әбдірашев – қоғам қайраткері. Аграрлық партияның белді мүшесі ретінде ауыл тұрғындарының азаматтық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтары мен мүдделерін қорғау жолында қалам қарымымен қызмет етіп, қайраткер тұлғаға айналды.
10. Жарасқан Әбдірашев – есімі ел есінде мәңгі сақталар тұлға. 2001 жылы Алматы қаласында ақын атына көше берілген болатын.
Туған жері Арал қаласында да көшеге, мектепке Жарасқан Әбдірашевтің аты берілген. Соңғы жылдары тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған.
Әзірлеген Асылбек Байтанұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.