Кейде қалам ұстаған адам ұзақ ойланады: бәрін айтып болдым ба, әлде ішімде қалған сөз әлі бар ма? Көз алдында бос парақ, немесе пернетақта, ойында мың түрлі бейне, бірақ бір де бірі жазуға айналмайды. Шығармашылық тоқырау — әр жазушының тағдырындағы үнсіз дауыл.
Жасанды интеллект уақыт өте келе күнделікті өмірімізге дендеп еніп келе жатқаны сөзсіз. Соған орай соңғы жылдары мұндай сәттерде кей адамдар жасанды интеллектке жүгінуді әдетке айналдырды. Біреуі сюжет сұраса, екіншілері алғашқы сөйлемді, ал кейбірі өз ойын түзеу үшін алгоритммен кеңеседі. Сол сәтте адам мен машина арасындағы көрінбейтін шекара орнатылады. Бірі сезіммен, бірі есеппен ойлайды – бірақ екеуі де сөз іздейді. Жасанды интеллекттің әдебиетке араласуы – жай ғана технологиялық өзгеріс емес. Бұл – рух пен логиканың тоғысуы, шабыт пен цифрлік жүйенің айқасы.
Әдебиет адам жанының айнасы болса, жасанды интеллект – сол айнаны жылтыратып тұрған жарық секілді. Ол көріністі анық еткенімен, жылылық қоспайды. Қазіргі заман жазушылары технологияны тек құрал ретінде емес, серік ретінде қабылдап келеді.
ЖИ мәтінді өңдейді, құрылымдайды, сөз ұсынады. Ол тіпті белгілі бір стильде өлең де жаза алады. Адам жазған әр сөйлемінде өз жанынан бір ұшқын, өз өмірінен бір із қалдырады. Ал жасанды интеллекттің көмегіне жүгініп жазғандағысында – дерек пен үлгі ғана бар. Әдебиет пен алгоритмнің айырмасы осында. Бірі жылай біледі, бірі есептей біледі. Бірақ кейде оны дұрыс бағыттасаң есеп те сезімге қызмет ете алады.
Жасанды интеллект қазір жаңа мәтін ғана емес, жаңа үрдіс те қалыптастырып жатыр. Әдебиеттің кей бөлігі енді зерттеу мен тәжірибе алаңына айналды: адамдар ЖИ-мен бірге әңгіме, поэма, пьеса жазады. Бір қарағанда бұл жаңалық секілді. Бірақ екінші жағынан, бұл әдебиеттің ең нәзік сұрағын тудырады – адам қайда қалмақ?
Машина шебер құрастырғанымен, өмірдің дәмін сезбейді. Ол мұң мен сағынышты, кешірім мен кінәні білмейді. Сондықтан жасанды интеллекттің жазған шығармасы мінсіз құрылымды болғанымен, жүрекке жетпей қалады.
Әдебиет – жүрекке жету өнері. Ал ол үшін сәл сүріну, қателесу, күмәндану қажет. Мұның ешқайсысын алгоритм бастан өткере алмайды.
Қазақ әдебиеті әр дәуірде жаңару жолынан өтті: жыраулар дәуірінен – ағартушылыққа, кеңестік реализмнен – тәуелсіздік кезеңіне дейін. Енді жаңа кезең – цифрлық дәуір басталды.
Бүгінде жас буын жазушылар мәтін жазғанда заманауи құралдарды қолданады. Бірақ бұл үрдістің пайдасымен қатар қауіпі де бар.
Біріншіден, қазақ тілі мен мәдениетінің нәзік өрнегі алгоритмге оңайлықпен сыймайды. Машина тілдің дыбысын қайталайды, бірақ иісін сезбейді.
Екіншіден, әдебиет – ұлттың жаны. Егер бір күні біздің поэзия мен прозамызды толықтай ЖИ жазса, онда ол жанның үні өзгереді.
Дегенмен бұл үрейге берілетін себеп емес. Керісінше, бұл – қазақ әдебиетінің жаңа мүмкіндігі. Егер жасанды интеллект – дұрыс пайдаланылса, шығармашылыққа серпін береді: мәтінді өңдеу, стильді талдау, жас авторларға көмек көрсету сияқты бағыттарда. Бірақ басты қағида – адам бірінші орында.
Әдебиеттегі ең құнды нәрсе – адамның шынайы сезімі мен жан дауысы. Ол кейде қате сөйлемде, кейде кенет үзілген ойда байқалады. Ал жасанды интеллект ондай бұзылысты түзетеді, сөйлемді мінсіз етеді. Мінсіз сөйлем кейде жаны жоқ сөйлемге айналады.
Сол себепті әдебиет пен ЖИ қарым-қатынасы дәлдік пен тіршілік арасындағы шекараға ұқсайды. Бірі қатесіз, бірақ суық; бірі ала-құла, бірақ тірі.
Нағыз сөз – мінсіз емес, шынайы болғанда ғана әсерлі. Адам баласы ешқашан машинаның жылдамдығымен жаза алмаса, машина ешқашан адамның жүрегімен жаза алмайды.
Қазіргі қазақ қоғамында қолданылып жүрген жасанды интеллект жүйелері әзірге қарапайым көмекші деңгейінен аса қойған жоқ. Олар негізінен оқушылар мен студенттердің күнделікті тапсырмаларын орындауға, суреттерді өңдеуге, ашық дереккөздерден ақпарат іздеп беруге және кейде зеріктірмес әңгімелесуге ғана жарап тұр. Ал оның шын мәніндегі алып әлеуетін қай салада, қалай толық пайдалана алатынымызды уақыттың өзі көрсетпек. Тарихқа үңілсек, көркем әдебиет әрқашан техника мен қоғам дамуының ықпалында болған. Сына жазуының пайда болуы – адамзатқа алғаш эпикалық жырларды хатқа түсіруге мүмкіндік берген сәт еді. Сол сияқты әр дәуірдің жаңа құралы өз уақытының әдебиетіне серпін беріп отырған. Қазіргі заман да одан өзгеше емес – жазу үрдісі бұрынғыдан әлдеқайда жылдам әрі ыңғайлы сипат алды. Егер қаламгер қауымы жаңа тәсілдерді орнымен қолдана білсе, одан үлкен пайда көрері анық.
Алда әдебиет екі бағытта дамуы мүмкін. Бірі – технологиямен бірігіп, жаңа пішінге ену: интерактивті романдар, дыбыстық поэзия, визуалды проза. Екіншісі – рухани тереңдікке қайта оралу: адам мен сөз арасындағы адалдықты сақтау.
Мүмкін, болашақта автор мен алгоритм бірге жазатын шығармалар көбейер. Бірақ сол шығармалардың құнын анықтайтын нәрсе – техника емес, адамның ізі. Әдебиеттің мәні – сол ізді жоғалтпау.
Жасанды интеллект әдебиетке жаңа тыныс бергенімен, оның жанына қосақтасып ене алмады. Ол жазуды жеңілдеткенімен сезінуді үйрете алмады.
Адам мен машина – бәсекелес емес, әртүрлі әлемнің өкілдері. Бірі мәлімет жинайды, бірі мағына іздейді.
Болашақ әдебиет сол екі күштің тепе-теңдігінен туады: есеп пен жүрек, логика мен шабыт, техника мен тағдыр арасындағы нәзік көпір.
Алайда сол көпірдің ортасында әрқашан адам тұруы керек. Себебі сөзді тудыратын да, оған жан беретін де – адам.
Бекарыс Шамшат,
Astana IT University, digital journalism факультетінің 2-курс студенті
