Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Жазушы Мақсат Мәліктің бір әңгімесі хақында...

08.04.2019 4040

Жазушы Мақсат Мәліктің бір әңгімесі хақында

Жазушы Мақсат Мәліктің бір әңгімесі хақында - adebiportal.kz

Дүниеде ойсыздықтан асқан сорақылық жоқ. Адамның бақыты – ой. Оқырманын ойландыра білу қаламгердің басты мақсаты һәм міндеті болса керек. Қазақ бала тәрбиесінің бастауында ойнай жүріп ойлай білуге тәрбиелеу жатыр. Ойлана білген адам ғана бәріне де жетеді, барлық түйінді шешеді. Адамның рухани әлемінде жан шөлін қандыратын әдебиеттің орыны тіптен ерекше. Бүгінгі әңгіме жазушы Мақсат Мәліктің «Құдық басындағы екеу» хақында болмақ. Өмірде өзіміз көріп, естіп жүрген қарт Қаратаудың қойнауындағы Үкаша ата құдығы жайлы өрбіген әңгіме екі достың ерегескен дауынан басталады. Әңгіме жазушының аз сөзбен көп ой тастай білуімен құнды. Оқи отырып Шәкәрімнің «Жазаны кешіп мұтыңдар, Жазадан сірә, сауың жоқ» -деген жолдары еріксіз санаңда жаңғырады.

Аңызға айналған қасиетті құдыққа тастаған шелегің бірде суға толып, бірде орташа, бірде мүлдем қаңсап шығуы көңіліңді алай-дүлей етуі заңдылық та. Бірақ соны адамның пейілімен, күнә салмағына қарата бағалау қаншалықты дұрыс-бұрыстығы оқырманның өз еншісіндегі дүние. Барлығы наным-сенімде тұрғандай. Жазушының оқырманға деген құрметіне тәнті болдым. Ешкімді қатып қалған қағидаларға сенуге мәжбүрлемейді. Керсінше еркіндікке, еркін ойлауға алып шығады. Бірде екі дос болып, бірде шырақшы Сәкен болып толғанады.

«Киелі құдықтың құдіретіне шүбә жоқ. Десе де Құдай берген өміріңді қор ететіндей басыңа не қауіп төнді» - бұл оқушы баланың өлімін естіген шырақшы Сәкеннің ішкі ойы. Жазушы оқушы өлімі арқылы сенім деген ұлы ұғымның мәнін аша түскендей.

Құдыққа барып шелек тастап кімнің қаншалықты ары таза екенін көруге асыққан екі досты бір-біріне айтпай тығылып барған пенделіктері ұялтады.

Соңы тіптен ерек. Кімге құдықтан қандай сый бұйырғаны оқырманға жұмбақ күйінде қалады. Жұмбақ дүние қашанда түрлі ойға жетелеп, қызығушылығыңды одан сайын арттыра түседі. Жазушының осы бір жұмбақ ой кеңістігін оқырманның өз еншісіне қалдыруды өте сәтті шыққан.

Жазушының жаңашылдыққа ұмтылуы өз алдына, мәселе осы бір әңгіменің ұлттық болмыс, ұлттық дүниетанымнан шығып тұрғандығы. Бұл әңгімеден соң әулиеден қалған қасиетті құдықтың мән-маңызы тіптен арта түскендей. Оқыған жан бір көруге ынтық.

Жазушы Мақсат Мәліктің шығармашылық ой әлемі тереңінен біз осыны аңдадық. Кейбіреудің ештеңе байқамауы да мүмкін. Ол оқырманның өз көңіл зердесіне байланысты болмақ.

Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар