Зейнеткер
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.
Алпыстан асқанда Елеукеннің асығы алшысынан жаңылды. Шілдеде зейнетке шықты, қазан айында кемпірі Мәймурә өлді. Астанадағысы бар, елдегісі бар, туыс-туған, жора-жолдастың бәрі бұрын «Елекең қалай?» деп Мәймурәға хабарласатын. «Соғым сойып едік, Елекең ауыз тисін» деп бұл жоқта сыбағасын әкеп тастап жатаушы еді. Кім дүние салды, кімнің баласы үйленді, кімнің келіні босанды – бәрін біліп отыратын Мәймурә тұғын. Аяқтанып кеткен балалардың да жоғын сол Мәймурә тауып берер еді. Тойға, қонаққа бару, қайтқандарға бата жасау, кімге қанша апарады – Елеукен бас қатырған емес, тегіс Мәймура реттеп отыратын. Елеукен қызмет-қызмет деп ештеңеге мән бермей жүре беріпті ғой.
Мәймурә аяқ астынан ауырып, тез кетіп қалды. Жерлеуі өткен соң, қырқына дейін екі ұлы әйелдерімен кеп, он бес-жиырма күннен кезек қолында болды. Кез келген уақытта жаныңызға көшіп келуге дайынбыз деп еді, Елеукен:
– Рахмет, шаруаларыңнан қалмаңдар, мен тыныштыққа үйренген адаммын, – деп бас тартты. Екі ұлдың біреуі облыс орталығында, екіншісі аудан орталығында тұрады, жақсы жерлерде қызмет істейді. Астанада қызы ғана. Ол ата-енесінің қолында. Хабарласса, «Қызым, маған алаңдама» деп Елеукен безек қағады. Өз үйін ғана ойласа екен дейді.
Кемпірінің қырқынан кейін Елеукен бір айдай ешқайда шыққан жоқ. Теледидар көрді, кітап оқыды, анда-санда қоңырау шалған бұрынғы әріптестермен, таныс-тамырмен қысқа ғана сөйлесіп, басқа уақытта төрт бөлмелі пәтерде бұйығы тіршілік кешті. Балалары жалдаған Гүлдана есімді қызметші келіншек күніне бір кеп тамақ істеп беріп кетеді. Күнәра үйдің ішін сыпырып, сүртіп, кірі жиналса, оны жуады. Елеукен оған амандасып, қоштасқанда болмаса, басқа уақытта жақ ашпайды. Өстіп жүргенде бұрын назарына түспей сөренің ең биігінде, артқы қатарда жатқан бір кітапты тауып алды. Өзінің руы туралы екен. Бірнеше жыл бұрын туыстарының біреуі алып келгенде мән бермеп еді. Бекер бопты. Кітаптан бала күнінде атасынан естіген әңгімелердің біразын кезіктірді. Онымен қоймай, шежіре де бар екен. Ал кеп түгенде...
Елеукен ауылда өссе де, алғырлығынан тәуір университеттің заң факультетіне тапсырып, екінші курсында жүргенде-ақ көзге түсіп, құпия қауіпсіздік қызметінің назарына іліккен еді. Ақыры әскерден келе сала ресми қызметке кіріскен. Сол уақыттан бері жұмыстан өзге ештеңені ойламаған-ды. Жеті атасын да, руын да, руының тарихын да ойына алуға мұршасы болмап еді. Мына кітапты қолына алғанда ұзақ ұйқыдан оянып, есін енді жиған адамның күйін кешті. Кітапты оқып болған соң, дереу авторын іздеді. Үш жыл бұрын о дүниеге аттаныпты. Санын соғып қалды. Кітапта көп нәрсе айтылмағандай көрінді. Авторы болса, сұрар еді.
Талайдан бері кимеген киімдерін шығарып, өзі үтіктеді. Үтікті соңғы рет қашан ұстағанын есіне түсіре алмады. Әйтеуір, бойдақ кезі екені анық. Ол уақыттың үтіктері киімнің үстіне дәкіні сулап төсемесең, күйдіріп тастайтын еді. Мына үтік өзі сырғып отырады екен. Киінер алдында мәйкішең тұрып айнаға қарап еді, самайының ақ шашы көбейіңкірепті. Жасы алпыс үште екенін осы бурыл тартқан қос самайы ғана білдіріп тұр. Әйтпесе қара торы беті жып-жылтыр, көп әжім түсе қойған жоқ. Кезіндегі төбелестерден оңға қарай да, солға қарай да қисайып, ақыры сәл ғана доғалданып орта тұсқа қайта тұрақтаған қоңқақ мұрынның тасасында қалып қоя беретін қой көздері әлі шоқша жанады. Құрдастарынікіндей қарашығының айналасына көкшіл шеңбер үйірілген жоқ. Тістері бүп-бүтін. Өзінікі. Соңғы жарты жылда кемпіріне қараймын деп үзіп алғаны болмаса, өмір бойы кір тасын көтеріп, жай күндері жаяу жүріп, демалыста жүгіретін, содан да болар, денесі әлі шымыр. Бұдыр-бұдыр боп тартылған іші елуден кейін босаңқырады демесең, қарын шыққан жоқ.
Кезінде кемпірі таңдап берген қызыл қоңыр көйлегі мен жеңі жоқ сұр күртешесін, қырсыз қара шалбарын, қоңыр шалғымен үйлестіріп киетін қара пәлтесін, ескіше үлгіде болса да, өзіне ұнайтын құндыз бөркін, ортадан төмен бойын сәл де болса ұзартып көрсететін шоңқайма етігін киіп, кітапханаға тартты. Бұның руы қазақтың ең қабырғалы руларының бірі. Бірақ сол үлкен рудың ең аз тараған тармағы. Соған қарамастан, небір батыр-билер шыққан. Қазақ тарихында болған елеулі оқиғалардың бәрінде бұның руынан шыққан адамдардың аты аталады. Оның бәрін кезінде атасы айтқан. Үйдегі кітапта да біразы бар екен. Дегенмен кірмей қалған дүние одан да көп екенін сезеді. Елеукен бірінші күні кітапханадан ештеңе оқыған жоқ. Тек керегін қалай іздейтінін үйренді. Сонда істейтін қыз-келіншектерге дамыл бермеді. Кітаптар қандай белгіге қарай бөлінген, іздеу жүйесі оларды қалай табады, соны түсінуге тырысты. Тек кітап емес, газет-журнал, ондағы мақалалар, авторға қарап тінту, мақала тақырыбына қарап сүзу, кілт сөздер, түгел ұғып алғысы келді.
Екінші күні бірдеңелер табылайын деді. Елеукен ерінбей кітапханадан шығып, кеңсе тауарларын сататын дүкеннен қалың дәптер мен тәуір қалам сатып алды. Өзіне керек жерлерді көшіріп жазып алып отырмақ. Көркем шығармаларда да, зерттеу еңбектерде де, Елеукеннің өзі секілді әуесқойлардың жазғандарында да бұның руына қатысты біраз мәлімет бар екен. Елеукен түк қалдырмай көшіре беруге бекінді. Гүлдана бұрын бес-алты күнде бір кір жуса, енді екі күнде бір жуатын болды. Елеукен күн сайын таңертең жұмысқа кеткен кісіше кітапхана барып, сол жақтан жүрек жалғап ап, кешке шейін және отырып, шаршап бір-ақ қайтатын тәртіпке түсті. Кешке келгенде Елеукеннің тамағы дайын тұрсын деп, бір жағы Гүлдана да сенімге кірді ғой деп қызы оған бір кілт беріп қойған.
Балалары ә дегенде бұның ермек тапқанына қуанып, алғашқы уақыттарда күнде қоңырау шалып, бүгін не таптыңыз деп сұрап, айтқан әңгімелерін бастан-аяқ тыңдайтын. Біраздан соң «кездескенде айтасыз ғой», «кітап етіп жазсаңыз, содан оқырмыз» деп, көп сөйлесуден қашқақтайтын болды. Елеукен тапқанын біреуге айтқысы кеп, ішіне сыймайтын болған соң, бұрын өзі араға Мәймураны қойып, өзі бой жасырып жүретін ағайын-туысына қоңырау шалуды шығарды. Олар ә дегенде қуанып, Елекелеп бәйек қақты. Әңгімелерін ұзақ тыңдап, қайран қалысты. Кейін олар да көтермеуге айналды. Елеукен ренжіп, енді үлкендерге ғана емес, жастарға да хабарласатын болды. Совет заманында туып-өскен үлкендер түсінбесе, бертінде қалыптасқан буын түсінер, қадірін білер деген. Бірақ үнемі жұмыста жүретін отыз-қырықтағы жігіттерде тіпті уақыт жоқ екен. Бес-он минуттан әріге ілесе алмайды. Елеукен ондайдан өзі де өткен. Туыс, жамағайын дегеннен жерініп, әулет, ру дегенді ойламай неше жылын өткізді. Онысы дұрыс болмағанын енді ғана білді ғой.
Бір күні кітапханаға барған жоқ. Кеңсе тауарларын сататын дүкеннен үлкен плакат пен түрлі-түсті әдемі қаламдар алды. Үйге әкеп, үстелге жайды да, шежірені соған түсірді. Атадан баланы таратып жазғанда алып бәйтеректің тамыры секілді боп шыға келді. Көзі тірілерді көк түспен, қайтқандарды қара түспен жазды. Өзі танымайтын, өмірде бар-жоғын білмейтіндерді қарындашпен жазды. Көзі тірілерінің тұсына нөмірін де қоса жазды. Оған қызыл түсті қаламды арнады. Қараса, жартысынан көбін танымайды екен. Танитындарының жартысына жуығының ғана нөмірі бар екен. Бұл болмайды деп басын шайқады Елеукен. Мыналардың бәрін түгендеп, нөмірлерімен қоса жазып қоюы керек. Сосын кезек-кезек қоңырау шалып, оқыған кітаптарын айтып, олармен үнемі байланыс ұстап отырмақ. Мынау бір ғажап шаруа болды.
Кітапхананы қоя тұрып, уақытын тұтасымен ағайын-туысты түгендеуге арнады. Гүлдана бұрынғыдай тып-тыныш мұражай секілді үйге емес, жалғыз брокері бар биржаға келгендей әсер алып жүрді. Елеукеннің құлағынан телефон түспейді. Алдындағы қағаздарға адамдардың нөмірін жазып, қайтқандары болса белгілеп, ол кімнің баласы, неше ағайынды, әкесі неше ағайынды еді, дым қалдырмай тізеді де жатады. Ар жақтағы адам әңгімешіл боп шықса, сағаттап сөйлеседі. Ал уақыты жоқ біреуге түссе, қысқа ғана тіл қатысады да, дереу келесі нөмірді тереді.
Осылайша қыс өтіп, көктем келді. Балалары бұның үйіне жиналып, шешелерінің жылын ақылдасты. Күзді күтпей, тамыздың соңында ел жақтан берейік десті. Өзара келісіп келген екінші шаруаларын да айтты. Бұған қырықтың о жақ-бұ жағындағы жалғызілікті келіншек тауып бермек екен. Елеукен келіндері мен қызынан ұялып, бұл сөзді соңына дейін тыңдамай, үзіп жіберді. Онсыз да шаруам көп, әлі қаншама кітап оқуым керек деп, сөзін ру туралы әңгімеге бұрып жіберіп, ұзақ сөйледі. Қызы үндемей бұның сөйлеп болғанын күтті де, соңғы ұсынысты қайталап айтты. Ертерек адам тауып, шешеміздің жылынан кейін шағындап дастархан жайып, жақын-жуықты шақырып, атап өтеміз деді. Елеукен бұл жолы қарсы ештеңе айтқан жоқ.
Елеукен кейінгі кезде кітаптар оқылмай қалып бара жатқанын байқап, аптаның жартысын кітапханаға, қалған жартысын рудың еркек кіндіктісін түгендеуге арнайтын тәртіпке көшкен. Күн енді-енді ысып, Астана халқы жаппай далаға шыққанда бірінші кездесуге барды.
Келген келіншек жастай жесір қалыпты, енді балалары өскен соң, серік табуға ниетті екен. Бойы аласа, аздап жуандай бастаған. Жасы әлі қырыққа да келмеген, содан ба, өзі қылықты көрінді. Бұл маған бала туып беруі де мүмкін, алсам ала салайын ба деген ой келді Елеукенге. Шежіреде бұрынғы шалдардан тарайтын көп ұлдың тұсында бірінші әйелден, екінші әйелден деген сөздер болушы еді. Сол дәстүрлі жалғар ма еді. Осы ойын қылықты келіншекке айтып көріп еді, ол жақтырмай қалды. Одан кейін қылығын көрсеткен жоқ. Өзім қарамын, мынау да қара, бала туған күннің өзінде ол неғылған бала болады деп, Елеукен де шегіне берді.
Мәймура аққұба, бойшаң, әдемі әйел еді. Шашы елуге келмей ағарып кетті. Боятқан жоқ. Бұрын өрсе, енді төбесіне түйіп қоятын болды. Сонысы да өзіне жарасып тұратындай еді. Әйнегі үлкен көзілдірігін тағып, ұзын пәлтесін киіп, Елеукенді қолтықтап шығар еді.
Әлгі келіншекпен Елеукен кофеханада кездескен. Өзі кітапхана мен үйден жалыққандай болып жүр еді, ана жер ұнап қалды. Енді күніне бір мезгіл сонда отырып, кофе ішіп, ағайын-туысқа сол жерден қоңырау шалатын болды. Алыстан қараған адам оны бір кәсіпкер екен, шаруа шешіп отырған болар деп ойлайтындай. Бірақ Елеукен адамдарға арты-артынан қоңырау шалғанда айтатыны «Пәлен деген кісіні танисың ба?», «Түгеншенің кітабын оқысаң, біраз нәрсе бар екен» деген секілді сөздер еді.
Күн ысыған. Елеукен екінші кездесуге баратын болды. Оған дейін қызы тапқан екі-үш келіншекпен жолығудың реті келмей қалған, біреуін дәрігер деген соң, үйде отырмайды, түні бойы жұмыста жүреді деп Елеукен жақтырмады, біреуі жеме-жемге келгенде айнып қалды, енді біреуі келем деп хабарсыз кетті дегендей.
Елеукен ертерек жетіп, телефонымен алысып отырған.
– Амансыз ба, замандас? – деді бір кісі тура жанына кеп. Қараса, марқұм кемпіріне ұқсайтын кемпір тұр.
– Ә, сәлеметсіз бе, иә... – деді Елеукен не айтарын білмей. Одан соң қарсы алдындағы орындықты нұсқады. – Отырыңыз.
Шашын бояған. Сәл толықтау. Әйтпесе бір қарағанда аумаған Мәймура екен. Жасы одан үлкен болмаса, кіші емес.
Екеуі жеңіл-желпі тамақ алып, ұзақ әңгімелесті. Заманы бір болған соң ба, әлде өзі оқығаны да, өмірден түйгені де көп адам ба, әйтеуір Елеукен қай тақырыпта сөйлесе де, әңгімеге қосылып отырды. Ру, кітаптар туралы айтқанда да Елеукен білмейтін нәрселерді ортаға тастап, таңғалдырды.
Өмір бойы мұғалім болған, күйеуі алты жыл бұрын өмірден озып, балаларының кішісі отбасын құрған соң, серік болатын адам іздеп шыққан түрі екен. Жасы Елеукеннен бір жас үлкен боп шықты.
Бұ кемпір Елеукенге ұнады. Тек бір ғана мәселеге алаңдады. Жуан қара келіншекпен жолыққалы бүр жарған дәмесі бала сүю тұғын. Әрі әңгімесі жарасатын, әрі жастауы болса қатып кетер еді. Әлде бұ кісіні де алып, сәл кейінірек жастауын тағы алғаны жөн бе? Оған балалары келісе ме? Мына кісі не дейді? Қинала-қинала замандаспен қош айтысты. Біраз күн кітапханаға баруды тоқтатты. Кофехана мен үйдің ортасында жүрді. Әртүрлі сезім билеп, ешкіммен сөйлескісі келмеді. Бұның телефонға дамыл беріп, тынши қалғанын байқаған Гүлдана «Бір жеріңіз ауырып жүрген жоқ па?» деп те сұрады.
Жаз шыққан соң ел жақта той мен құдайы тамақ көбейді. Елеукен бұрын ілеу де біреуінде ғана қара көрсетуші еді, осы жазда ешқайсынан қалған жоқ. Қыс бойы хабарласып, алыс туыстарды түгендегені де жемісін берді, бұрын көрмеген кісілер де тамаққа шақырып, көз бе көз танысудың орайын тудырды. Қайда барса да Елеукен соңғы жарты жылда жиған білімін шашып қалуға тырысты. Үйде болса, төрде отырып сөйлейді, даңғаза тойда жүрсе, бір-екі адамды тыныш жаққа алып кетіп дәріс оқиды. Тынған жоқ.
Шешеміздің жылы жақындап келеді, оған дейін біреуді табайық деп балалары ел жақтан да адам іздестіріп көрді. Елеукен қолы тимей жүріп, тек біреуімен ғана кездесті. Жас десең, жас, биязы десең, биязы, әдемі десең, әдемінің өзі екен. Бір адаммен он бес жыл отасып, балалары болмағандықтан ажырасыпты. Бұрынғы күйеуі бұл күнде басқа әйелді алып, екі балалы боп үлгеріпті. Өзі құралпы адамнан көтермесе, қуаты қайтқан бұдан көтермесі анық, Елеукен сол жағын ойлап, мұңайды. Көңілін қимай, әрең дегенде «Бақытты бол» деген сөзін бата секілді ғып айтып, сол арқылы шешімін ұқтырып, үйіне қайтты.
Мәймураның жылы өтті. Балалары жасаған тізімге тағы сонша адамды Елеукен өзі қосқан. Сөйтіп, түсте бір, түстен кейін бір тамақ беріп, кісілердің екі легін күтуге тура келген.
Екінші дастарханның соңы ру үлкендерінің жиынына айналып, ақырында келер жылы жазда ата-бабаларының жайлауы болған Өлеңті деген жерге тас қоятын болып тарқасты. Елеукен астың ойдағыдай өткенінен гөрі осы шаруаға қатты риза болды.
Балалары үйлену жайын қозғаған жоқ. Адам табу сонша қиынға соғады деп ойламаған болуы керек. Енді әкелерінің көңіліне қарайық деп келіскен сыңайлы.
Елеукен ауылда тағы бір он күндей жатты. Немерелерін алғашқы қоңырауға апарды. Балалары әдепкі тіршілікке көшіп, өздері жұмысқа, балалары сабаққа, одан қалды әртүрлі үйірмеге баратын, күндіз үйде адам қалмайтын уақыт басталғанда Астанаға жылжыды. Жолай облыс орталығындағы ұлының үйінен екі қонып, өзінің төрт бөлмелі үйіне жетті.
Гүлдана бұл келеді деп үйді жинап, тамақ істеп қойған екен. Жазда басқа жұмысқа тұрып кетіп, айрылып қалмайық деп, балалары істейтін шаруа болмаса да бұл келіншекке айлық төлеп тұрған. Арасында қызы шақырып алып, өз үйін жинатып жүрді демесе, ала жаздай демалды деуге болады. Сонда да Елеукеннің келгеніне қуанып, жылы қарсы алғаны байқалды. Бұнысы біртүрлі шынайы көрінді.
«Осы Гүлдана секілді біреу керек шығар» деп ойлады Елеукен ішінен. Бұл өзі жасы қырыққа да келмеген болуы керек, бойшаң, денелі әйел. Шаруасын артық сөзсіз істейді. Қабағын шытқанын байқаған емес. Бірақ балаларына «Гүлданаға ұқсайтын әйел табыңдар» деп қалай айтады?
Бұның төрт бөлмелі пәтеріне қызығып-ақ көп қыз-келіншек тұрмысқа шығуға келісуі мүмкін. Сондықтан абайлау керек. Шама келсе, өзінің де жағдайы бар, дүниені мұрат тұтпайтын біреуін табу керек шығар.
Қызметші әйел кеткен соң, көңілі күрт құлазыды. Көптен үйде жалғыз қалмағандікі ме. Әлде тағы бір қыс осы үйде жалғыз қыстайтынын ойлады ма.
Телефонына қарады... Бұ жазғанда Гүлдананың нөмірі де жоқ екен ғой... Кілті жоқ кездерде бір хабарласқан секілді еді. Іздеп көрді. Таба алмады. Қызынан сұрауға болмайды. Әлде, өзі үйленбей-ақ қойса қайтеді? Балам болса дейді, бірақ немерелеріне де өліп-өшіп тұрғаны шамалы. Балажан емес. Шежірені түгендеймін, рудың тарихын жазамын деп барын салып жүргені болмаса, ағайынмен де жақындығы шамалы. Бұның әңгімелерін жаз сайын тыңдай бермес. Дос дейтін досы жоқ. Ауылдағы құрдастарымен әңгімесі жараспайды. Қызметтес болған жігіттермен де шұрқырасып кете алмайды екен.
Балконға шықты. Ел секілді темекі тартуды да білмейді. Осындайда ермек болар еді. Енді тартса, бәрі күлетін шығар. Не арақ та ішпейді. Жазда өзі қатарлас шалдар ара-тұра жиналып, қарт ойнап, аздап жұқалап, үйіне немерелерінен тығылып кіріп, жатып қап жүргенін көріп күліп еді. Үлгі қыларлық нәрсе болмағанымен, ол да бір уақыт өткізудің жолы екен ғой, сөйтсе.
Елеукен таңертеңнен кешке дейінгі кең уақытын, балтыры да сыздамайтын мықты денсаулығын қалай сарқып тауысарын білмеді. Рудың тасы да қойылады-ау, бір жыл жинағанын кітап етіп құрастырар да. Одан кейін не істейді? Мәймурә барда жақсы еді.
Лақап аты: Әбдірәйім
