Зерделі ғалым. Ұлағатты ұстаз. Белгілі әдебиеттанушы. Ғылым бағбаны. Ұстаз-әріптесіміз Қарлығаш Медетқызы биік дәреже, асқар жетістікке қажырлы еңбегі, ілкімді ізденісі мен ғылым-білімге деген махаббатпен жетті.
Кез келген тақырып төңірегінде ойланып, толғанып, жазатын мақаланың сұлбасы бірінші қиял әлемінде туып, сосын қағаз бетіне түсем дегенше біраз уақыттың өтіп кететіні рас. Бұл да бір қаламға деген құрметтің, жазуға деген жауапкершіліктің белгісі болар?! Оның үстіне біз жазғалы отырған ғалымның ғылыми зертханасының өрісі – кең, өнімі – құнарлы.
Әдебиеттанушы, фольклортанушы, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі бағытында талмай еңбектеніп келе жатқан, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қарлығаш Медетқызының атқарған ғылыми-педагогикалық қызметі, жүріп өткен өнегелі жолы ғалымның тұлғалық болмысының болаттай беріктігін айғақтайды.
Сөзіміздің дәлелі болсын, профессордың жазған-сызғандарына, ой-пікірі мен көзқарастарына үңіліп көрейік.
Қарлығаш Медетқызы «Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы» ғылыми журналының 2023 жылғы №2 санында «Ауыл бейнесі және ұлттық таным» тақырыбындағы мақаласында «Бүгінгі қоғамдағы шапшаң өзгерістер жалпы адамзаттың санасына, әлеуметтік ортадағы болмысына, ұстанымына әсер етіп отыр. Ғылымдардың әлемдік даму тенденциясында жаһандық идеялардың даму динамикасын әсіресе, гуманитарлық ғылымдардың дамуынан бақылауға болады... Елдің, жердің киелілігі, ұлттық болмыстың берілуі – көркем шығарманың ажырамас бөлігі», – дейді ғалым.
Рас, қоғамдағы өзгерістердің лебін тереңінен біліп, сезіп зерделейтін ғалым заман ағымынан қалмай, жаңашылдықты тез меңгеріп, уақыт талап етіп отырған заңдылықтар төңірегінен табылады. Ұстазымыз ғылымның, ғылыми-педагогикалық қызметтің қасаң қағидаттарға негізделмейтінін өте жақсы түсінеді. Мұнымен қоса, дәстүр жалғастығы мен ұрпақтар сабақтастығын жаңашылдықпен әдемі үйлесімдікте зерттеп қана қоймай, тәжірибеде де ұтымды көрсетіп жүр. Біз мұны Қарлығаш Медетқызының зерттеу еңбектерінен көре аламыз. Ғалымның қаламынан туған «Сәбит Мұқанов шығармаларындағы фольклорлық дәстүр» монографиясындағы терең талдаулар, нәтижелі тұжырымдар фольклортану мен мұқановтану ғылымына қосқан үлкен еңбек деп білеміз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоғамдық ғылымдардағы қатаң заңдылықтардың өзгеруіне елеулі үлес қосқан бұл монографияның алдағы уақытта да атқаратын міндеті өміршең екендігін көзіқарақты оқырман жете түсінер.
«Ежелден қалыптасқан қазақ фольклоры әр дәуір сипатына қарай өзгеріп, түрленіп отырған. Бұл мұра халықтың рухани байлығының өзегі бола тұра, оның тарихи және көркемдік мәні түрліше көрінеді. Осыған сәйкес фольклорлық мұраның кейбіреуі санамыздан өшіп, қолданудан шығып жатса, кейбіреуі жаңадан өрістеп, дамыды. Осындай рухани қордың озығын, көркемін ақын-қаламгерлер өз шығармаларына арқау етті», деген ғалымның ой-тұжырымынан фольклордың да әр дәуірде түрленіп, басқа формаға еніп, әдебиеттен көрініс тауып тұратынын байқаймыз.
Қазақ әдебиетінің ірі өкілі, классик жазушы Сәбит Мұқановтың шығармашылығындағы фольклорлық мәтіндерді зерделеудегі ғалымның ізденісінен ұлттық өзекті, тұғырлы тұтастықты, жаңаша сарын мен ерекше екпінді айқын көре аламыз. Ғалымның пайым мен парасатынан «фольклорлық жанрлар мен сюжеттер», «фольклорлық кейіпкерлер», «фольклорлық амал-құралдар» секілді тағы басқа мәселелерден біз фольклор әдебиеттің жады мен жаны екендігін ұғынамыз.
Жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатқан біздер үшін, ең маңызды мәселелердің бірі – елдікті есен, тәуелсіздікті тұтас сақтау. Осы мәселе төңірегінде ғалымның «Эмиграция әдебиетіндегі идеялық-көркемдік сабақтастық» атты монографиясы қоғамдық ғылым үшін – үлкен олжа. Яғни, шетелдегі қазақтардың шығармашылығын терең зерделеу арқылы елді сүюді, туған жерді құрметтеуді көркем шығармаларды әдеби талдай отырып дәлелдейді.
Монографияның «М.Шоқай публицистикасы және ұлттық таным», «Елім-айлап өткен өмір»: азаттық пен елшілдік шежіресі», «Әдеби шығарманың көркемдік кеңістігі: «Атамекен», «Туған жер» концептісі» т.б. бөлімдерінде халық арманы мен елдік мұратын айқын байқаймыз. «Қазақ жұртында атамекен, ел мен жер ұғымдарының мәні терең әрі кең. Бұның себебі халқымыздың сахара тірлігі кеңістігін жылдың қай маусымында да еркін жайлағанынан болса керек. Соған сай қазақ үй, отбасы дегеннен гөрі туған ел, жер деген кеңірек ұғымдарды пайдаланған. Әрі ата-бабасынан бері ен жайлап мекендеген, шекара жігі ажыратылмаған қонысы сайын дала болғандықтан сол кеңістікті тұтас атаған». Автордың бұл зерттеу еңбегі ұлтымыздың танымындағы атамекен, туған жер ұғымдарының мәнін терең зерделей білгендігімен ерекшеленеді.
Ғалым зерттеу жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, оны оқу үдерісіне қосып, тиімді оқытудың жолдарын да ұсынады. Мәселен, «Әдебиеттануға кірісіпе», «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» (С.Ш.Айтауғанова), «Эмиграция әдебиет: жаһандану үдерісі мен көркемдік сабақтастық», «Структуралық әдебиеттану және мәтін талдау» (Ж.Ә.Аймұхамбет, С.Ш.Айтуғанова) атты оқулықтар мен оқу құралдарында заманауи педагогикалық талаптар көрініс тапқан.
Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында өзгерістердің көп болғаны рас. Дейтұрғанмен, автордың қазақ әдебиетін оқытуға қатысты ғылыми тұжырымдары әлі де өзекті. «Көркем шығарманы талдау жолдары», «Жанр түрлерін таныту», «Лирикалық шығармаларды оқыту» т.б. мәселелер әдебиетті оқытуда мұғалімдер мен жас мамандарға ғылыми азық.
Ғалымның зерттеу еңбектеріндегі қарастырылған мәселелер ешқашан тарих көшінен қалмайтын, әрдайым зерттеуді қажет ететін тақырыптар деуге толық негіз бар. Профессор Қарлығаш Медетқызының зерттеу бағытының сан-салалы екенін байқадық.
Адам адаммен ғана өседі, өнеді, белігілі бір жетістікке жетеді. Жанында жүрген жандардың жетістігіне қуана білу, бастаған істің өрге жүзуіне қолдау көрсету де екінің бірінің бойынан табыла бермейтін асыл қасиет. Менің де кәсіби маман ретінде қалыптасуыма, жоғары мектепте еңбек етуіме Қарлығаш Медетқызының еңбегі зор. Апайдың турашылдығын, адалдығын, шынайылығын, бар болмыс-бітімін іс-әрекетінен, өткір пікірінен, ойлы көзқарасынан көре аламыз. Ғалым апай өзіме дәріс оқып, сабақ бермесе де әрдайым қолдап, зерттеп жүрген тақырып төңірегінде ұсыныс-пікірін айтып, ұстаздық қамқорлық танытып жүреді.
Жасалып жатқан баяндамадағы, оқылып жатқан дәрістегі, талданып жатқан тақырыптағы, айтылып жатқан пікірдегі, көрнекіліктегі нақтылық, дәлдік бәрі-бәрі де Қарлығаш Медетқызын сипаттайды. Әдетте, «Әдебиетшілер көп сөйлейді, теорияға бара бермейді», – деп айыптап жатады. Бұл сөздер анығында, апайдың болмысына мүлдем жат. Әдебиет нақтылықты сүйетіні секілді, ұстазымыз да дәлдікті көздеп, туралықты ұстанады.
Қорыта айтқанда, Қарлығаш Медетқызы – ғылым мен білімнің, дәстүр мен жаңашылдықтың алтын көпірін салған, ұлттық руханиятты замана талабымен сабақтастыра білген кемел ғалым, парасатты педагог. Оның фольклортану, әдебиеттану, әдебиетті оқыту әдістемесі салаларындағы іргелі зерттеулері қазақ ғылымының мазмұндық аясын кеңейтіп, ұлттық танымның терең қабаттарын ашуға қызмет етіп келеді. Ғалым еңбектерінен уақыт тынысын дөп басқан тың көзқарас, ұлт тағдырына деген жауапкершілік пен ұстазға тән адалдық айқын аңғарылады. Шәкірт тәрбиелеудегі жанашырлығы, әріптеске көрсеткен қолдауы, ғылымдағы турашыл да талапшыл ұстанымы оны биік тұлға деңгейіне көтереді. Осылайша, Қарлығаш Медетқызының ғылыми-педагогикадағы ізденістері – бүгінгі ғана емес, келешек ұрпаққа да бағыт-бағдар беретін, құндылығын жоймайтын рухани қазына.
Ұстаздықтағы гуманизмнің үлгісін көрсетіп жүрген аяулы жанға толайым ғылыми-шығармашылық табыс тілейміз!
Аслан ЕСІМХАНҰЛЫ
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
аға оқытушысы, философия докторы (PhD)
