Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Жеті Симеон (орыс халық ертегісі)...

Жеті Симеон (орыс халық ертегісі)

12.12.2025

3356

Жеті Симеон (орыс халық ертегісі) - adebiportal.kz

Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Олардың дене бітімі де, түрлері де бір-бірінен аумайтын жеті егіз ұлы болыпты. 

Оларды жұрт Жеті Симеон деп атайды екен. Уақыт жетіп, қарт дүниеден өтеді. 

Жеті Симеон күн сайын таңертең ерте тұрып, әкеден мұраға қалған жерді бірлесе жыртып, өңдеп еңбек етіпті.

Бір күні сол төңірекпен патша өтіп бара жатып, егістік алаңында бір топ адамның құлдарша жер жыртып жатқанын көреді. «Бұл маңда құл ұстайтын байбатшаға тиесілі жер жоқ еді ғой?!» - деп таң қалған патша бұлардың кім екенін білмекке, ат айдаушы көшірін жібереді.

Көшір жеті ағайындыға келіп:

— Сендер кімсіңдер? Әлдебіреудің құлысыңдар ма, еркін шаруасыңдар ма? – деп сұрайды.

Жеті Симеон оған былай деп жауап береді:

— Біз анадан жетем болып туған ағайынды Симеондармыз. Бұл – біздің атамыздан, әкемізден мұра болып қалған жер. Соны жыртып жүрміз.

Көшір патшаға барып олардың айтқан сөзін баяндап береді. Патша бұған таңғалып:

— Мұндай жетеудің барын бұрын-соңды естімеппін. Бұл да бір ғажайып екен! – дейді. Сөйтіп жеті Симеонға сәлем жолдап, оларға өзінің сарайына келуді бұйырады.

Жеті ағайынды айтқан уақытында патша сарайына келіп, сап түзеп тізіліп тұрады. 

Патша оларға: 

— Ал қанеки, қайсыңда қандай өнер бар? Қолдарыңнан не келеді? - дейді.

Үлкені бастап алға шығып, бір-бірлеп жауап береді:

— Мен биіктігі жиырма сажындық темір бағана соға аламын.

Екіншісі:

— Мен сол бағананы жерге қадап орната аламын.

Үшіншісі:

— Мен сол бағанға өрмелеп шығып, жер дүниені көзбен шоламын. Тіпті сонау алыс қиырда не болып жатқанын көре аламын.

Төртіншісі:

— Мен құрғақта да теңізде жүзгендей еркін қозғала алатын кеме жасай аламын.

Бесіншісі:

— Мен шет елдерге барып, сауданың сан түрімен айналыса аламын.

Алтыншысы:

— Мен кемені адамына, жүк-тауарына қоса теңіздің түбіне сүңгітіп, қанша қажет болса сонша жүздіріп, қажет болса қайтадан су бетіне шығара аламын.

Жетіншісі:

— Ал мен ұрымын. Көзіме түскен немесе ұнап қалған кез келген нәрсені ебін тауып ұрлап кете беремін! – дейді.

Патша сонда қатты ашуланып:

— Өзім басқарған елде мұндай ұнамсыз қабілеті бар адам болуын ұнатпаймын! – дейді. Сөйтіп ол жетінші Симеонға:

— Осы елден біржола табаныңды жалтырату үшін үш күн уақыт беремін! – деп қаһарланады. Ал өзге алтауына осында қалуды бұйырады. 

Мұны естіген жетінші Симеон енді қайда барып, не істерін білмей уайымға батады. 

Патша сонау таулар мен теңіздердің ар жағындағы патшалықтың ханшасына ғашық екен. Сарайдағы уәзірлер мен бай-бағландар мен қызметшілері патшаға жетінші Симеонның сол сұлу ханшаны әкеліп беруге бір көмегі тиюі мүмкін екенін айтып, оны да осында қалдыруын сұрайды.

Патша бұл пікірге ойланып, оның да осында қалуына рұқсат береді. 

Ертеңіне патша барлық уәзірлері мен байбатшаларын жинап, жеті ағайындыға олардың алдында өз-өзінің өнерін көрсетуді бұйырады. 

Сонда үлкені әп-сәтте-ақ  жиырма сажындық ұзын темір бағана соғып береді. Патша өз адамдарына оны жерге қадауды тапсырады. Жұрт жабылып қанша тырысса да, бағананы жерге қадай алмайды. 

Патша бұл істі орындауды екінші Симеонға бұйырады. Екінші Симеон келіп, бағананы оп оңай қадап тастайды. 

Бұдан соң үшінші Симеон бағананың ұшар басына өрмелеп шығып кең дүниеге көз салып қарай бастайды: көз ұшындағы теңізде ноқаттай болып жүзіп жүрген кемелерді, арғы жағасындағы ауылдар мен қалаларды, ондағы құмырсқадай құжынаған көп адамды көзбен шолды. Бірақ қанша қараса да, патшаның ғашығы, сұлу ханша көзіне түспепті.

Ақыры ол бәрін жіті бақылай отырып, кенеттен алыста мұнартқан мұнараның терезесінен албыраған ақша бетті сұлу ханшайымның отырғанын көріп қалады. 

— Ханшаны көріп тұрсың ба? – деп айқайлайды, төменнен патша.

— Көріп тұрмын! - дейді, үшінші Симеон.

— Ендеше жылдам жерге түс. Қандай амал жасасаңдар да, сол ханшаны маған әкеліп бересіңдер! — деп бұйырады патша.

Жеті Симеон жұмыла жұмыс істеп кеме жасап шығады. Сөйтіп кемеге барлық қажетті заттарын тиеп алып, алыс сапарға аттанады, биік-биік таулардан, толқын-толқын теңіздерден өтіп ұзақ жүзеді.

Аспан мен жердің арасында ұзақ жүзіп жүріп, ақыры ханша мекендейтін бейтаныс аралдың жағасына келіп тоқтайды.

Кіші Симеон жолға өзімен бірге шынжырмен жүретін, заттарды әкеліп береді, түрлі нәрселерді лақтыратын өнері бар ақылды сібір мысығын ала кеткен еді. 

Кеме тоқтаған соң іші Симеон сібір мысығын құшақтап жағаға шықты. Ол ағаларына өзі кері оралғанша жағаға шықпауларын ескертті.

Сөйтіп ол аралдағы қаланың ішін аралай жүріп, ханша отырған мұнараның жанындағы алаңға жетті. Ол осы жерде ақылды сібір мысығына заттарды әкеліп беруді, лақтыруды, қамшыдан секіріп өтуді бұйырып, ел алдында өнер көрсете бастайды. 

Ханшайым да осы кезде бұрын-соңды көрмеген ғажайып хайуанның өнерін мұнара терезесінен тамашалап отырған болатын. Бұл кезде ханшайым терезеден өз елінде бұған дейін көрмеген белгісіз хайуанның өнерін тамашалап отырған еді. Ол өзінің қызметшісін Симеонға жұмсап, бұл ғажап хайуанды сата ма, жоқ па дегенді сұратады.

— Бұл хайуан – сібір мысығы. Қанша мол ақша берсе де, оны сатпаймын. Ал бірақ мысығымды шын жақсы көрген адамға тегін сыйлап жіберуім де мүмкін, - дейді, Симеон.

Қызметшісі бұл сөзді ханшаға жеткізеді. Сонда ханша қызметшісін қайтадан Симеонға жолдап:

— Сенің мысығыңды өте-мөте жақсы көріп қалдым! – деген сәлем айтады.

Сөйтіп Симеон ханшаның сарайына барып, оған өзінің сібір мысығын сыйлайды. Бұл сыйлығы үшін Симеон үш күн сарайда сый-құрмет көргісі келетінін және осы уақытта мысықты қалай күтіп бағуды үйрететінін айтады. 

Ханша рұқсатын беріп, Симеон үш күн бойы патша сарайында қонақ болады.

Ханшаның беймәлім таңғажайып аң асырап алғаны туралы хабар сарайда гулейді. Патша мен патшайым, патшазадалар мен ханшалар, бай-бағландардың барлығы тобымен жиналып келіп, көңілді хайуанды, сібір мысығын еркелетіп, сипап мәз болысыпты. 

Мысықты әркім-ақ иемденгісі келіп, ханшадан сұрайды. Ханша оны ешкімге бермейтінін айтып, мысықтың  лүпілдеген жүнін сипай еркелетіп, жанынан тастамай ойнайды. Ол Симеонды көңілі қалаған тамағын беріп, күтуді бұйырады.

Үшінші күні Симеон сый-құрметіне рақметін айтады да, оны өзі мініп келген кемені көруге шақырады. Және кемеде мына мысықтан да ғажап аңдар бар екенін айтып қызықтырады.

Ханша әкесінен сұранып, кешке таман күтушілері мен қызметшілерін ертіп Сименонның кемесіне беттейді.

Симеон ханшаға күтушілері мен қызметшілерін жағалауда қалдырып, кемеге өзі ғана кіруін өтінеді.

— Мұнда сіз бұрын көрмеген ғажайып аңдар көп. Қайсысын ұнатасыз, сол сіздікі! Бірақ оларды күтушілеріңіз бен қызметшілеріңізге емес, өзіңізге ғана тамашалатпақпыз!

Ханша бұған келісіп, күтушілері мен қызметшілеріне жағалауда күтуді бұйырып, өзі Симеонмен кемеге мінеді.

Олар кіре бергенде-ақ кеме қозғала сала жағадан алыстап, көк теңізді толқындата тіліп жүзе жөнеледі.

Патша әкесі ханшаны тағатсыздана күтіп отырғанда, күтушілер мен қызметшілері жылап-еңірей жетіп, болған оқиғаны баяндайды.

Қаһарланған патша айналасындағыларға кеменің соңынан қууды бұйырады. Дереу жасақталған  патшалық кемесі ханшаның соңынан қуады. Біраздан кейін Симеондардың кемесін көреді. Әне-міне дегенше таяп та қалады.

Бұлардың қуып жетіп қалғанын көрген Симеондар кемесімен, ханшасымен бірге судың астына сүңгіп кетті. Теңіздің астымен ұзақ жүзген олар туған өлкесіне таяғанда ғана су бетіне шықты.

Патшаның қуғыншылары теңіздің бетімен үш күн, үш түн жүзіп іздегенімен, көзге түсер ештеңе таппаған соң еркісіз кері қайтыпты.

Жеті Симеон осылайша айдай сұлу ханшаны қолға түсіріп еліне қарай жүзіп келе жатты. Оларды жағалауда мың сан адам тағатсыздана күтіп тұрды! Айлаққа патшаның өзі шығып, сұлу ханшаны теңіздің арғы бетінен алып келген жеті Симеонды қуана қарсы алды.

Олар жағаға шыққанда халық айқай-шуға басты. Патша ханшаны құрметпен күтіп алып, аппақ мәрмәр бөлмеге бастап ертіп әкеліп, тамаша еменнен жасалған үстелге отырғызып, тәтті-дәмдінің бәрін алдына тосты. Сөйтіп арғы-бергі елдің бәрін шақырып, үйлену тойын ерекше дүркіретіп өткізіпті.

Ағайынды жеті Симеонға патшалықтың өздері ұнатқан жерінде еркін мекендеп тұруға және алым-салықсыз сауда жасауға, жер иеленуге рұқсат беріп, көп сыйлықтар беріп үйіне қайтарыпты.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan