Жошы хан - мемлекеттілігіміздің тарихи бастауында тұрған ұлы тұлға. Жошы хан туралы жазылып біздің дәуірімізге жеткен архив деректеріне қоса, оған қатысты туған күй-аңыздың да орны ерекше.
Ұлы Далада сонау арғы ғасырлардан бері ел жадында жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып айтылып келе жатқан, домбыра мен қобыздың, сыбызғының үнімен тартылып келе жатқан аңыздар көп-ақ. Солардың бірі – «Ақсақ құлан, Жошы хан». Ең әуелі болған оқиғаға байланысты күй шыққан. Әдетте күйдің шығу тарихын қаузайтын ауызша тарихы қатар жүретіні белгілі. Осыған орай «Ақсақ құлан, Жошы хан» күйінің аңызы қоса айтылып, тоғыз ғасыр бойы ұмытылмай келе жатқандығы ғажап! Осы аңызға қатысты басы ашық жағдай – күйдің ақы иесі – Кетбұға жырау. Бетпақтың шөлінде аң аулаудың қызығына түсіп, есепсіз қырғындап жүрген хан баласы жаралы құланды қыр соңынан қалмай бастырмалатып жүріп, ақыры ашынған жануар қарсы атылып, салдарынан сол жерде қаза табады. Баласының кешіккенінен күдіктеніп, бір қатердің болғанын сезген хан баласы туралы жаманатты хабарды естірткен адамның көмейін балқытылған қорғасын құятындығын айтады. Ханға баласының өлімін естіртуден қорқып қысылған халықты ақыры дәулескер Кетбұға тығырықтан шығарады. Домбырасын құшақтап ханның алдына барған күйші оқиғаны күй тілімен баяндап береді. Ақыры баласының ажалы аңшылықтан болғанын бебеулеген домбыраның сарынынан қапысыз аңдаған хан: «Қайран ұлым, қапияда қаза болғаның ба?» - дегенде күйші: «Хан ием, болған іс болды. Ұлыңыздың қазасы өз аузыңыздан айтылды!» - дегенде, сөзге жығылған хан ақыры домбыраның шанағына қорғасын балқытып құйдырғанда, жеті ішегінің бесеуі үзіліп, екеуі ғана қалған екен дейді, аңыз. Осылайша «Ақсақ құлан, Жошы хан» күйі дүниеге келген екен. Бұл оқиғаға ұқсас «Ою хан мен Жою хан» атты көне халық ертегісі де бар. Мұнда хан баласының өлімі ою тілімен бейнеленеді. Матаға тігілген түрлі оюларды хат тәрізді оқып отырған Жою хан да соңғы бейнелерге көз жүгірткен кезде: «Қайран ұлым, ажалың аңнан болғаны ма?» - деп, баласының қазасын өз аузымен айтады. Сөйтіп мұндағы жұрт та естіртуге белгіленген жазадан құтылады. Қазақ аңыздарындағы «Ақсақ құлан, Жошы хан» күйіне қатысты аңыздардың кейіпкерлеріне қатысты екі түрлі нұсқа бар. Біріншісінде хан әке – Жошының өзі. Аң қуып жүріп, құланға шайналып мерт болған – Жошы ханның баласы. Екіншісінде хан әке –Шыңғыс қаған. Аң қуып жүріп қаза болған – Шыңғыс қағанның үлкен ұлы Жошы хан. Бірақ баяндалатын оқиғаның ұзын-ырғасы екі аңызда бірдей. Бірінші нұсқаның жыр мәтініне қарағанда, күйші күйін тартып берген соң, ханның аузымен баласының қазасы айтылған соң: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоққа» сүйене отырып, күймен бейнеленген оқиғаны, яғни болған жағдайдың мәнісін жырмен баяндап бергенін көреміз:
Уа, иеміз, Жошы хан,
Домбыра не деп жырлайды?
Сарнап бір даусын қырнайды,
Құлағың сал осыған.
Ақсақ құлан, қу құлан,
Қияннан қашқан ту құлан.
Қиырсыз құла далада
Аңда жүрген балаға
Кез болып бір қашыпты,
Белден-белге асыпты.
Ақсақ құлан, Жошы хан!..
Елсіз құба далада,
Қат-қат бұдыр салада,
Мекендеп өрген, өрбісіп,
Ордалы құлан жосыған.
Қуып ақсақ құланды,
Еріккен тұлпар құнанды,
Ордалы үріккен құланға
Құйғытып ойнап қосылған.
Өлім деген Тәңір ісі,
Желіккен құлан әңгісі.
Құлан мен тұлпар еріккен,
Жосыған құлан желіккен.
Балаңды шайнап өлтіріп,
Жұлмалап жалмап кетіпті
Ордалы құлан шошынған.
Сөзді айтып жырлап зарлаған
Домбыраның балаңды,
Естірткені осы, хан!
Өзгеге артпа жалаңды,
Еліктірген балаңды,
Сол қу құлан, ту құлан.
Ақсақ құлан, Жошы хан,
Илан, ханым, осыған!
Міне, ғасырдан ғасырға ұласқан дала аңызы «Ақсақ құлан, Жошы хан» күйінің шығу тарихын осылай таратады.

Бұл аңыздың келесі нұсқасында Арқа даласында, Дешті қыпшақ елінде билік құрып, саятшылық жасап, аң аулап жүрген баласы Жошы ханнан хабар-ошар болмағанына алаңдап жүрген Шыңғыс қағанға күйші осы күйді тартады. Сол кезде Шыңғыс қағанның алдында Кетбұға күйші тартқан екен.
Жошы ханның аңшылықта жүріп ажал құшқаны туралы Өтеміш қажының «Шыңғызнаме» туындысында мынадай дерек келтіріледі: «Шыңғыс хан бір тарапы Бағдат, екіншісі Үндістан, үшіншісі Дешті-Қыпшақ пен Еділ дариясы болған уәлаяттарды жаулап алғаннан соң, осы уәлаяттарды өзінің ұлдарына бөліп берді... Жошы хан ұлдарының үлкені еді. Шыңғыс хан оған үлкен әскер берді де, Дешті-Қыпшақ уәлаятына тағайындап жіберді: «Аттарыңа жайылым болсын» деп Хорезм уәлаятын тағы берді. Жошы хан Дешті-Қыпшаққа бет алып, әйгілі Ұлытауға жетті. Бір күні тауда аң аулап жүргенінде оған бір табын марал-киік кезігеді. Аңды қуалап жүріп атарда ол атынан жығылды да, содан мойны үзіліп, мерт болды», - деп жазады.
Ал Мырза Ұлықбек «Тарих-и арба улус» («Төрт ұлыстың тарихы») атты кітабында: «...Ордаға Жошы ханның өлімі туралы хабар келгенде, хабарды ұлы Сахиб-и Қыран Шыңғыс ханға жеткізуге ешкімнің батылы жетпеді. Ақыры әмірлер бір шешімге келді: ханға жақын ұлы әмірлердің бірі Ұлық жыршыдан бұл хабарды мүмкіндігінше жеткізуін сұрау. Содан соң ұлы Шыңғыс хан жыр айтуға бұйырғанда, Ұлық жыршы ыңғайлы уақыт тауып жеткізген.» Осы диалог былай өрбиді:
- Теңіз бастан бұлғанды, кім тұндырар, а, ханым?
Терек түптен жығылды, кім тұрғызар, а, ханым? –
деп сұрайды жыршы Шыңғыс қағаннан.
Шыңғыс қаған сонда былай деп жауап қатады:
- Теңіз бастан бұлғанса, тұндырар ұлым Жошы-дүр,
Терек түптен жығылса, тұрғызар ұлым Жошы-дүр!
Осы кезде жыршының көңілі босап, көзінен жас парлай бастайды. Мұның бекер емес екенін аңдаған Шыңғыс қаған:
- Жырың көңіл үркітер,
Жошы ұлым өлді ме? – деп сұрайды.
Сонда жыршы Шыңғыс ханға қарап:
Сөйлемекке еркім жоқ, сен сөйледің, а, ханым!
Өз еркіңмен өзіңе жауап бердің, а, ханым! – дейді.
Шыңғыс қаған ұлының қаза болғанын білген соң:
- Құлыны өлген құландай, құлынымнан айрылдым,
Айрылысқан аққудай, ер ұлымнан айырылдым! -
деп жоқтап жылайды. Бұған қарағанда, құланнан ажалы болған хан баласы – Жошы ханның өзі және ол Шыңғыс қағаннан бұрын қайтыс болған. Мұны тарихи деректер де растайды. Және де Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында да осы мазмұнды келтіреді: «Алаша ханның Жошы хан деген жалғыз баласы болыпты. Құлан қуамын деп, бала астындағы аты желігіп, құланның әңгісіне еріп, қазасы сонан болып, бала аттан жығылып, құлан теуіп өлтіріпті.
Алаша хан, Жошы хан,
Ақсақ құлан жосыған.
Құлан теуіп өлтірді,
Бұйрығын ақтан келтірді, –
дейтұғын сөз содан қалған», – деп жазады. Бұдан аңдайтынымыз – Ұлытау жеріндегі Алаша хан – Шыңғыс қағанның өзі болуы мүмкін деген болжамның басы қылтиятындығы. Бұл – әрине, Шыңғыс қағанның өмірінің соңғы кезінде қазіргі Қытай жерінің орта тұсында жүргенін, оның жерленген жерін әлемдік тарих деректері басқаша деректерге тиянақтайтынын ескерсек, нақты осында жатыр деп үзілді-кесілді айту қиын. Мұның жауабын жыл өткен сайын қарыштап дамып келе жатқан заманауи ғылым-техника жетістіктері береді деген сенімдеміз.
Ең бастысы – Жошы ханның тарихи тұлғасы қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрғандығы. Шыңғыс қағанның үлкен ұлы Жошы хан (1180–1227 жж.) әкесі құрған алып мемлекеттің бір бөлігіне билік жүргізді. Негізгі аумағы қазіргі Қазақстан жері болған, Алтайдан Шығыс Еуропаға дейін ұласқан, 1224 жылы құрылған бұл мемлекет Ұлық ұлыс деп аталды. Кейіннен бұл ұлыстың атауы жылнама деректерде Алтын орда деп аталды. Ұлық ұлыс немесе Алтын орданы Жошы ханның ұрпақтары биледі. Алтын орда мемлекеті де замандар озғанда бөлініп, ыдырады. Сол орданың шекпенінен шыққан мемлекеттердің бірі – Қазақ хандығы болғаны да әмбеге аян. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандар – Жошы ханның тікелей ұрпақтары.
«Еуразиялық ұлы мемлекет Алтын Орданы негіздеген Шыңғыс хан–Жошы хан әулеті Қазақ Ордасының да шаңырағын көтерді және барлық уақытта елдің тірек, ұйтқысы, қылыштың жүзі, найзаның ұшы болды. Керей мен Әз-Жәнібек, Тәуекел мен Есім, Салқам Жәңгір мен Абылайдан тартып, қазақтың ең соңғы ханы Кенесарыға дейін «алтын ұрық» – Шыңғыс ханның тұқымы екен. Жаңа заман, XX ғасырдың басындағы Алаш көсемі, 1917 жылы жаңа қазақ ұлысының тәуелсіздігін әйгілеген Әлихан Бөкейхан да Шыңғыс хан нәсілі болатын», - дейді, әйгілі жазушы Мұхтар Мағауин өзінің төрт томдық «Шыңғысхан» романында.

Шыңғыс ханның Бөртеден туған төрт ұлының ұрпақтары Құбылай, Бату, Құлағу, Арықбұқа, Қайдулар және олардан кейінгі мирасқор буындар кезегімен ұланғайыр өлкелерде билік құрды. Жоғарыда аңыздарда айтылғанындай, аңшылықта қаза болған Жошы хан Ұлытауда жерленген. Жошы хан мазарына әр кезеңде жүрілген зерттеулер де осыны дәлелдеп отыр. Тағы бір аңызда Шыңғыс қаған өзінің ұлдарынан: «Бұл дүниенің рақаты не деп ойлайсыңдар?» - деп сұрағанда Жошы: «Кең сахарада мыңғырылтып жылқы ұстап, алаңсыз аңшылық-саятшылықпен дәурен сүргеннен артық рақат бар ма?» - деп жауап берген екен. Расымен де Жошы ханның аңшылық, саятшылыққа құмар жан болғаны, айналасында үш мыңдай бүркітшінің ұстағаны туралы мәлімет келтіріледі.

Шыңғыс қаған мен оның ұлдарына қатысты тарихты індете зерттеп, өз туындыларына арқау еткен Мұхтар Мағауин де жоғарыда аталған еңбегінде Жошы ханның өлімі туралы тоқталады. Жазушы былай деп жазады: ««Аңыздың айтуынша, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан аң аулап жүргенде тұтас бір құлан үйіріне кез болады да, артқы санына оқ тиген құлан айғырын қуып, нөкерлерінен қара үзіп кетеді. Ақыры, бар үйірінен айрылып, өзі де өлімге байланған құлан ханға қарсы шауып, ат үстінен алып түсіпті. Осы Жошының қазасын қаһарлы ханға естірту – тұтас бір хикая. Қаралы хабар айтушы өлімге кесілмек екен. Ешкім батпайды. Ақыры, ел-жұрт әбден дағдарғанда Кет-Бұға деген күйші арнайы күймен естіртіпті. «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйінің ең соңғы, түйінді тарауы жалпы қазақта мағлұм, ұлттық музыканың алтын қорына енген, күні бүгінге дейін тартылады. (Әуел баста бұл тақырыпты күй – аңызымен, әуезімен, ұзақ бірнеше бөлімнен құралған. Ханның сән-салтанатпен ауға шығуы, кең дала, жайылған құлан үйірі, қоршалау, жаппай, жусата ату, ең соңында – ақсақ құланның жайы, ханның қазасы. Эпос-күйдің жұрнақ-жұқанасы күні кешеге жетті, біз өзіміз ең соңғы рет Маңғыстау өңірінен шыққан дегдар қарт Мұрат Өскінбайұлының тартуында, төрт бөлімді күй-дастан ретінде тыңдап едік, 1970 жылдың шамасы, алыстан келген ақсақалдың арнайы күй кеші өткізілген Мұхтар Әуезов музей-үйінің қорында сақталуы мүмкін, әйтпесе мүлде жоғалды.)

Күй – әсерлі аңыз әңгімесімен қоса біртұтас, өзгеше тұрпатты үлгі болып шыққан. Күй мазмұны кейбір тұста жыр арқылы анықталып, дәйектеліп отырады. Күйдің өзі де, оған сәйкес хикаят та тым ертеде туғаны көрінеді. Және нақты тарихи шындыққа негізделген. Мәселен, Өтеміш-қажының XVI ғасырдың бас кезінде таңбаға түскен «Шыңғыс-нама» кітабында Жошы хан аң аулап жүргенде қазаға ұшырады деп жазылған. Қазақ әңгімесі бойынша, мерт болған ханның бір қолы ғана табылыпты. Атақты Әлкей Марғұлан Жихан соғысы жылдарында Ұлытаудағы Жошы-хан күмбезіне қазба жасағанда, орталық қабірдегі ер кісінің бір қолы жоқ болып шыққан. Яғни аңыздағы әсіре – ақиқат шындықтың өңі айналған қалпы. (Мен өзім Жошы құланнан емес, тарпаңнан ажал тапты деп ойлаймын. XVII ғасырдың өзінде жойылып кеткен, көзден ұшқан тарпаң кейінде көпке белгілі құланмен алмасқан.)

Жошының өлімі және оны Шыңғыс ханға естірту туралы хикая XV ғасырдың орта шенінде қағазға түскен, авторы беймәлім, парсы тілді «Түрік шежіресі» («Шаджарат әл-атрак») кітабында жүр. Күй туралы сөз жоқ, аңшылық жөні де айтылмайды, бірақ мұнда да Шыңғыс ханға «бар перзентінен артық көретін сүйікті ұлының» өлімін естіртуге ешкім батпайды, сонда ауыр міндет «алпауыт әмірлердің бірінің жақыны» Ұлұғ-жыршы деген кісіге жүктелген екен. Шыңғыс хан орайлы отырыста, әдепкідей жыр толғауға жарлық бергенде, Ұлұғ-жыршы ретін тауып, түрік тілінде, дәстүрлі естірту үлгісі, еппен, тұспалмен қаралы хабарды жеткізеді. Парсы тілді кітапта жырдың түпкі нұсқасы келтіріледі де, ізінше мазмұндама түсінік беріліп отырады. Жыр мәтіні – далалық түрки, десек те, қазақ аузында сақталған өлең шумақтарымен сәйкес келмейді, бірақ мағна, түйіні ортақ. (Біз бұл аңыздың әдебиленген, құрама нұсқасын 1965 жылы жазылған «Қобыз сарыны» кітабымызда қалыптаған едік.) «Ақсақ құлан, Жошы хан» аңызы туралы бұл деректен асып, бірдеңе деу қиын болар.
Адами тұлғасы турасында Жошы ханның көрші елдерді бағындыруда басып-жаншуға негізделген қырғын соғыстан гөрі мәмілегерлікті қолай көргендігі туралы да деректер қалған. Атап айтқанда солтүстікте жатқан жауынгер Орман елі ойрат пен қырғызды бағындыруға аттанған Жошының мәмілегерлік қабілетін риза болған қаған әкесі: «Ұлдарымның ағасы сен үйден шыға сала жолың болып, барған жеріңде ерді жарақаттамай, жылқыны қинамай, ырысты Орман ел-жұртын түгел бағындырып келдің. Осы ел-жұртты саған берейін», - деуі осының дәлелі.
Жошы хан Шыңғыс қағанның Таңғұт еліне жорығы алдында, өзі билік құрған өлкеде қайтыс болады. Көп өтпей Таңғұт жорығында Шыңғыс қағанның өзі де қаза болады. Өткен дәуірлердің куәсі болып Қаракеңгір өзенінің бойында Жошы ханның көк күмбезді кесенесі тұр. Шыңғыс қаған мен өзге ұлдарының нақты қайда жерленгені әлі күнге дейін анық емес. Тек Жошы ханның күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған, орта ғасырлық сәулет ескерткіші үлгісі болған кесенесі бүгіндері біздің мемлекеттілігіміздің көрнекті нышаны ретінде Арқа бойында асқақтап тұр. Бұл – дәуірлер тұтастығы, ұрпақтар сабақтастығының анық көрінісі.
Фотосуреттер автордың жеке мұрағатынан және ашық ғаламторлық дереккөздерден алынды.
