Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жүсіпбек Қорғасбек. Жазушы басынан өткен нəрседен ...

26.11.2018 6451

Жүсіпбек Қорғасбек. Жазушы басынан өткен нəрседен гөрі, басынан өтпеген нəрсені жақсы жазады

Жүсіпбек Қорғасбек. Жазушы басынан өткен нəрседен гөрі, басынан өтпеген нəрсені жақсы жазады - adebiportal.kz

(Жазушы Сәуле Досжан прозасы туралы Жүсіпбек Қорғасбекпен әдеби әңгіме)

Анар Кабдуллина: Құрметті Жүсіпбек аға, сіз үлкен жазушы ғана емес, қазіргі жазушылық туралы жазып жүрген әдебиетіміздің үлкен жанашырысыз. Жазушы Сәуле Досжанның шығармашылығы туралы ой өрбітуге келісім бергеніңіз үшін алғыс айтамын!

Қазіргі кезде талантты деген ер-азаматтардың өздері отбасын асырап, ақша табу қамымен қаламынан суып жүргені – өмірдің ащы шындығы, ал енді бірыңғай жазумен айналысып жүрген әйел жазушылар тіпті көп емес.

Сәуле ханымның өз шығармашылық жолын өлеңнен бастағанын білеміз. Жаңа мектеп бітіріп, Алматыға келген кезінде, алдымен «Ақ желкен» журналының есігін имене ашқан талдырмаш қыздың балауса жырлары Фариза Оңғарсыновадай заңғар ақынға ұнап, біразын журналға басқан екен. Барлық жас таланттардың жанашыры Фариза апамыздың кейін Сәуле Досжан туралы: «Соңғы жылдары Сәуленің есімін газет-журнал беттерінен кездестірмегесін, қыз баланың тағдыры оңай емес, балалы-шағалы болып, тірліктің тауқыметімен өлеңді біржолата қойған шығар, оның үстіне әйел затының өнерін, ой-парасатын менсінгісі келмейтін дөкейлеу күйеу тап болды ма – кім білсін деп ойлайтынмын», - деуінен-ақ, қазақтың талантты әйелдерінің тағдыры айқын көрініп тұрған жоқ па?!

Жалпы, қазақ әйелінің тағдыры жеңіл болмайтынын Сәуле Досжан «Қызмет қамақтағы әйел», «Екі күйеулі келіншек», «Көрдемшенің қасіреті», т.б. туындыларында нақты ашып бере алған деп ойлаймын...

Жүсіпбек Қорғасбек: Мен пікірімді қамқор көңілмен айтқым келеді. «Қызмет қамақтағы әйелді» әр бетін қайырып белгілеп оқыдым. Бұл оқырманды бейтарап қалдырмайтын хикаят. Бірақ кей тұстары қатал редактордың қолын тілеп-ақ тұр. Мысалы, хикаяттың төртінші тарауын, яғни он-он бес беттей парағын мүлдем қысқартып тастау керек сияқты. Сонда бұл шығарма қамшы салдырмай жұтынып шыға келмекші. Қалған жетпіс-сексен беті бір хикаят үшін аз емес.

Сюжеттің бас кейіпкер Әсемнің төңірегінде ғана өрбігені абзал. Ал Дайырдың басынан өткендерін термелеп жазу мүлдем қажетсіз. Хикаятқа жүктелген әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық, қызметтік мәселелер онсыз да жетіп артылады. Автор әрқайсысы жеке-жеке шығармаға жүк боларлық әлеуметтік мәселелерді бір шығармаға тоғыстырып, бір кейіпкердің басына жиыстырған. Жүрек ауыртқан, жанға батқан, қоғамнан жауабын таппай жүрген жайттар. Осы тарапта оқырманын қызу пікірталасқа шақырады. Бұл тұрғыдан «Қызмет қамақтағы әйел» мені де бейтарап қалдырған жоқ.

Хикаят ерлі-зайыптылардың психологиялық қарым-қатынасын соншалықты дəл беріп басталады. «Кіреберістегі мүлгіген тыныштықты бұзбай, кілтті сылдырлатпай, емен есікті шиқылдатпай, соншалықты сақтықпен енген» дегенде жүрегің бір дір етеді, «Әкесінің айқайынан шошыған бала басын жастықтан жұлып алды» дегенде жүрегің екі дір етеді, ал: «Өзін көрсе әкесінің ашуы басыла ма деп төсектен ұшып тұрып, кіреберіске келді», – дегенде жүрегің тағы бір дір ете қалады. Автор кейіпкер тұлғасындағы сахналық отбасы «ойыншыларының» психологиясын жақсы меңгерген. «Айттым ғой, сен қызмет қамақтағы адамсың! Сенің бас бостандығың жоқ! Сен министрліктің құлысың!» деген айқай осындай жағдайға тап болған талайдың жүрегін тіліп өтуге татитын көрініс.

«Ұйқылы-ояу, көзі бақырайып, селтиіп тұрған қызын көрген әкесі шынында да басыла қалды», – деген сөйлем осы эпизодты сәтімен тұйықтап тұр. Енді бұл үйде жанжал шықпайды, себебі оқиғаға кішкене қыз бала араласып отыр. Сол қыз бала арқылы отбасылық аяулы сезім қайтадан алға шығады. Содан кейінгі: «Қазанның қақпағын ашып қалып еді, іші бос екен», – деген сөйлем де бір жүкті арқалап тұр. Қазақ әдебінде әйел жұмысынан кешікпей келуі керек, қазақ дағдысында кешкі уақытта қазан бос тұрмауы керек, бірақ бүгінгі қалыптасқан жағдай оған пұрсат бере ме?

Шығарма ары қарай еріксіз дискуссияға тартып әкетеді. Қазіргі әдебиеттің өзегін дискуссия құрайды. Оның ішінде әйел жанына жақын тақырыптар өте көп. Әйел жазушылардың оқылымды бола бастағаны да сондықтан. Мысалы, сен айтып отырған жазушы әйел жақында халықаралық «Букер» әдеби сыйлығынан үміткерлер тізіміне қосылыпты. Өзімен тілдескенімде: «Ол сыйлықты бермесе де, қазақ қаламгерінің аты аталып қалғаны неге тұрады?» – деген пікір білдірді. Егер тіпті ғайыптан тайып, осы сыйлықты алып жатсақ та таңқалмас едім.

Оның бір себебі, осыдан он-он бес жыл бұрын жас журналистерге Светлана Алексиевич деген журналист әйелді үлгі етіп, «заман сұранысындағы тақырыптарды жазады» дейтінмін. Бірақ ол кезде Светлана Алексиевич бәрінен озып, Нобель сыйлығын алып кетеді деп ешкім ойламаған. Осы тұрғыдан келгенде қазір әлеуметтің жанын ауыртқан мәселелер алға шыққанын мойындауымыз керек.

Түрлі халықаралық жанжалдардың кесірінен жетім қалған балалардың, бастарына түскен қиыншылықтардың салдарынан жат жерге қоныс аударуға мәжбүр болған босқындардың, соның ішінде әрқандай психологиялық қысымдарға шыдамай шаңырақтары ортасына түсіп жатқан отбасылардың тағдыр-талайы әлем әдебиетінің нысанасына айналды. Сен сұрағыңа кіріктірген автор әйел жазушы ретінде бұл тақырыптарға деген сұранысты басқалардан бұрынырақ сезінген тәрізді. Әрі тақырыпқа тереңдеп бара алған деуге болады.

Жазушы адам негізінде басынан өткен нəрседен гөрі, басынан өтпеген нəрсені жақсы жазады. Сондықтан сіз қойған сұрақта да, айтқан ойда да шарттылық басым дер едім. Ал хикаяттың өзіне келсек, мұнда өмірді ащы-тұщысымен бірге жинақтап, көркем образда қабылдау ерекшеліктері бірден көзге түседі. Міне, мен осы жерде əйел жазушы ғана жаза алатын нəзік иірімдерді байқадым. Біз əдебиетті жынысқа бөлеміз бе, бөлмейміз бе деп жүргенде, батыс пен көрші елдердің біраз əйел жазушылары оқырман жүрегін жаулап үлгерді. Оларды оқырманға жақындатқан не нəрсе дегенде, əйел жазушылардың əлеуметтік проблемаларды іштен білетінін яки сезінетінін алға тартсақ та болады.

Өз өмірімен үндес дегеннен гөрі, «іштен біледі» десек автордың шығармашылық потенциалы тереңірек мойындала түсер еді. "Қызмет қамақтағы əйел" хикаятының тақырыбының өзі бұл шығарманың кейіпкер психологиясына көп тəуелді екенін меңзеп тұр. Ана ситуацияда əйел қайтеді, мына ситуацияда күйеуі не істейді, олар бұл ситациядан қалай шығады деген сұрақтар анталап тұр. Тап бүгінгі күні дəл осы ситуацияға түскен жас отбасылар аз емес. Тіпті осы тұрғыдан бұл шығарманы жүрегі дірілдеп оқитындар жетіп артылады десек жалған сөйлемегеніміз. Əсіресе миллионнан аса тұрғыны бар мегаполистен жаңа қалаға қызмет бабымен жарыла көшкен елдің басында оның талай мысалы бар. Қазақ жазушылары қайдағы күрделі тақырыптарды жазамын деп жүріп, иегінің астындағы өміршең тақырыпты назардан тыс қалдырыпты. Сәуле Досжанның бірінші ұтқан жері осы.

Шығарма бірте-бірте шиеленісіп, менің шетін қайырып оқыған беттерім де көбейе түсті. Бас кейіпкер Әсем өзінің де жасы келіп қалғанда, жасы ұлғайған еркекке күйеуге шығып, бір проблеманы шешті. Оған қызмет жағдайын түсіндіріп, ақыры ортақ мәмілеге келіп, екінші проблеманы да шешті. Міне, тап осы кезде министрлікте қысқарту жүріп, кімді қысқарту керек екені өзіне тіреліп, жаңа проблемаға тап келді. Біреу оң жақта отырып қалған қыз, біреу жалғызбасты әйел, біреу отбасын жалғыз асырап отырған еркек, енді біреудің жағдайы тәуір, бірақ жұмыс өтілі көп. Әсемнің ұсынысымен сол жағдайы тәуір әйел қысқартуға ұшырайды. «Человечность – это не профессия» (адамгершілігі жоғары болғанмен, кәсіби шеберлігі төмен) деген қағида жайына қалады. Қысқарту мәселесі адамгершілік тұрғысынан шешіледі. Сондағы жұмыстан қысқарған Гүлдәрі Жексенқызының айтқаны қазіргі қоғамымыздағы көп сырдың бетін ашып тұр.

«Сонда мен отбасында бақытты болғаным үшін жұмыстан қсықартып отырсыздар ма? Мемлекеттік қызмет деген жалғызбасты әйелдер мен отбасы жоқ адамдардың қызмет ететін жері болғаны ма?! Күйеуге тиіп, бала туғаным үшін жазықтымын ба?! Одан да ана байсыз, баласыз жүргендерге неге мені үлгі етпейсіздер?», – деген Гүлдәрінің сөзінде қазіргі қоғамның моралдық бет-бейнесі мен қатал шындығы жатыр. Автордың шеберлігі сонда, мұның бәрін бас кейіпкердің алдынан жәйдан-жәй шығара салмайды. Бірінші өзінің басынан өткереді, содан соң басқалардың тағдыры арқылы көз алдына әкеп тосады.

Хикаятта осындай қиын түйіндердің шешімі арқылы оқырманға ой салатын ашық та құпия сырлар жарыса алға тартылады. Мәселен, қазіргі заманда сүйіспеншіліктің қандай түрлері бар немесе пайда болды?Мемлекеттік қызмет істейтіндердің жазылмаған заңдары бойынша жоғарғы сатыда кімдер болуы керек, ортаңғы буында кімдер жұмыс істейді, ал одан төменгілер кімдер? Немесе газетте бас редактор болу үшін егер өз ретімен жүрсең он екі сатыдан өтуің керек, сонда ол қандай сатылар? Әсемнің күйеуі, үлкен ғалым Дайырдың айтуынша, адам атаулыға ортақ тазалықтың жеті ережесі бар көрінеді, ал сонда ол қандай ережелер?

Міне, осы сұрақтар бүгінгі қоғамымыздың бет-бейнесін ашуға қызмет етіп тұр. Ендеше мұндай шығарманы қалай оқымайсыз? Жетістіктерін де көресіз, кемшіліктерін де табасыз. Бірақ ол басты шарт емес. Себебі нарық заңы әдебиетке де өз ықпалын тигізіп жатыр. Соңғы кезде жұрттың құлағын елеңдеткен бірнеше кітап жазылды. Бір қызығы, олардың бәрінің авторлары қыз-келіншектер. Міне, солардың фонында «Қызмет қамақтағы әйел» хикаяты әлдеқайда көшілгері тұр. Менің айтайын дегенім, автор бұл хикаятында өзінің мүмкіншілігін, потенциалын бірқыдыру көрсеткен екен. Кәсіби әдебиетші ретінде сын көзбен қарай отырып, келесі шығармасын әлдеқандай бір үмітпен қолға алдым. Шынымды айтайын, «Үлкен үйдегі үрей» романы мен күткендегіден де мықты шығарма болып шықты. Мен бұл роман төңірегінде кез-келген әдебиет сыншысымен пікірталастыра аламын. Бұл шынында да мен күтпеген шығарма болды.

Жазушы Сәуле Досжанова

Анар: «Қызмет қамақтағы әйел» биылғы жылы ресейлік белгілі «Юность» журналына жарияланған еді. Оны «Журнальный мир» сайты көшіріп басып, індете келгенде, «Лабиринт.ру» кітап дүкені сайтында жарияланған оқырмандардың жақсы пікірлеріне тап болып, әлемдік интернет желісінің мүмкіндігі шексіз екеніне тағы бір көзім жетіп, таң қалғаным рас. Қазақ жазушылары өзқазанында қайнай бермей, әлемдік кеңістікке шығып жатса, қалайша қуанбасқа?! Сәуле Досжанның оқырманға толық жетпей жатқан басқа да сүбелі шығармалары баршылық, солардың ішінде «Үлкен үйдегі үрей» атты шағын романын айрықша атар едім. Оқиға Қарқаралының тап ортасынан ойып салынған қос қабатты, еңселі үйдің айналасында өрбиді. Ол үйді ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ ішіне келіп байып, қағаз ақшамен самауырын қайнатқан татар көпесі салдырған екен. Өзі өлген соң жалғыз ұлға мұра болып қалады. Аумалы-төкпелі заманда Қазанға қашпақ болған көпес мұрагері Арслан өзіне ұл тауып берген қазақ тоқалы Хадишаны бірге жүруге еш көндіре алмайды. Адуындылығы мен надандығы бір-бірінен асып түсетін Хадиша төніп келе жатқан қауіп-қатерді әсте түсінбейді, не түсінгісі келмейді. Есіл-дерті – еңселі үйден айрылып қалмау. Осы ашкөз мақсаты жолында әйел өз тағдырын ғана емес, тар құрсағын жарып шыққан тұңғышының да тағдырын мансұқ етуге дайын. Араға уақыт салып, шарбақпен әсемдеп қоршаған үлкен үйдің қақпасын қайта қаққан Арсланның ең басты мақсаты – ұлын алып кету емес, үй астында көміліп жатқан қазынаны алу. Оның ашкөз ниеті өз түбіне жетіп тынады. Дегенмен, үлкен үйден айрылып қалмау үшін НКВД бастығының айтқанына көніп, ақ төсегінің киесінен қорықпаған Хадиша біраз ақылдырақ болғанда, ақ некелі жарының өзіне жасырын айтқан құпия сырын қазіргі күйеуіне тықылдап айтып бермес еді. Жасырулы қазынаға талас Арслан мүрдесінің қапияда өлтіріліп, жертөледегі қазына салынған сандықта қалып кетуімен шарықтау шегіне жетеді. Бұл – ай толып туғанда үлкен үйді кезіп жүретін елестің ашылмаған құпиясы еді...

«Арслан сағынышпен шаңырақтың әр бұрышына, еденнің әрбір тесігіне қарайды. Ол үшін мына екі міскін жоқ сияқты. Олар сөйлемесе де, қабырғалар тіл қатып, әкесінен қалған дүние-мүлік сайрап тұрғандай. Бір замандағы әкесінің жұртты таңдандырған кітапханасының кітаптарындағы ғұламалар төрде тізіліп отырғандай... Әкесінің маңдай терімен салдырған үйі иесін танып зар жылап тұрып амандасқандай».

Романның трагедиялық салмағы оған өзек болған тарихи оқиғалармен пара-пар. Романның эмоциялық күші, жазушы шеберлігі де осы жерден көрінеді.

Әсіресе, Арсланды өз көзінше өлтірген екінші күйеуінің жауыздығын көріп, есі ауып, ақыры, жынданып өлген Хадиша бейнесін мықты аша білген.

Жалпы, қай шығармасын алмайық, Сәуле Досжанның әйел кейіпкерлерінің образы өзіне тән стилмен, аса тартымды жасалатыны байқалады...

Жүсіпбек Қорғасбек: Шағын роман деген – хикаят. Бұл шығармада романға да тән, хикаятқа да тән сипаттар бар. Көлемі толық форматта 177 бет деген романға аз емес, бірақ хикаятқа көптеу. Хикаятқа тән екені, жүрдек баяндалатын оқиға желісі бір деммен оқып шығуға арналып жазылған. Ал романға тән екені, сол суреттеліп отырған шамадағы дәуір көрінісін айналып өтпей, толыққанды суреттеп бере алған. Мейлі, қай жанрға жатқызса да бұл туынды таза кәсіби тұрғыда жазылған. Автордың қаламгерлік шеберлігін толық көрсетіп тұр. «Қызмет қамақтағы әйел» көпшілік оқырман қауымға арналса, «Үлкен үйдегі үрей» кәсіби әдебиетшілерге де еркін ұсынуға болатын шығарма дер едім. Мұнда көркемдік шарттардың барлығы сақталған, образдар барынша дараланған, мінездер жеткілікті ашылып көрсетілген, әдеби тілдің нормалары бұзылмаған, композициялық құрылымында мін жоқ. Бұрын аса көп белгісіз адам осындай роман жазыпты десе, бір сеніп, бір сенбейсіз.

Романда: «есік құпиялау дыбыспен қағылады». «Хадиша, мен – ерің Арслан болам» дейді келген адам. «Қарсыласарға амалы жоқ әйел қақпаның ауыр ілгегін көтереді». Алға түскен адамның «алп-алп басқан әр қадамы әйелдің жүрегін жаншып кетіп бара жатады». «Төрем, бұл кісі – Арслан ғой» дейді әйел. Келген адам үйдің нақ иесі де, ал төрде жатқан кісі сол көпестің үй-мүлкі мен тоқалын иеленіп қалған милиция бастығының орынбасары. Олардың үшеуінің өмір тарихы да, кешкен тағдырлары да бір кезде Арсланның әкесі салдырған осы шаңыраққа байланып тұр. «Баласының баласына мұраға қалатындай етіп, қарағайдан қиып салған сегіз бөлмелі, қос қабатты, астында жертөлесі бар, жасыл шатырлы үй». Бұл үйді салған ұста: «жер теңселсе теңселмейтін үй салам», «ағашынан үйдің өмірін болжаймын» деп мақтанады.

Кейіпкерлердің тағдыры осы үйге ғана емес, бір кезде біздің ұлтымыз бастан кешкен күрделі кезеңдерге де көгендеулі. Шығармада шынайы суреттелетін заман көріністері кейіпкер тұлғасын мазмұн жағынан байыта түседі. Жоғарыда айтқанымдай, әр кейіпкер дара, олар оқырман күтпеген әрекеттерге барады, тосын мінездер көрсетеді. Мұндайда айтуға асыққан нәрсеңді мысалмен берген де жеңілірек. Мысалы, «Орыс переселендеріне ілесіп қазақтың су тегін мал терісін, жүн-жұрқасын жинап, сауда жасауға бақалшы татар малайлары да жеткен. Ауыл-ауылды аралап, сықырлаған көне арбалары ырғалып қазақтың іргесіне кеп:

«Тері, жүн, түбіт кімде бар,

Айна, тарақ менде бар», – деп шіреніп тұрады екен», – дейді автор. Сол малай қатты байып кетіп, қазақтың жерінен үй салады, ал оның баласы қазақтың біреуге атастырып қойған қызын тоқалдыққа алады, ол тоқал байдың байсалды бәйбішесін үлкен үйден ірге тамға қуып шығады. «Ақымақ Хадиша сол күннен бастап өзі де қисық көздері атысып, жер бетінде бала тапқан жалғыз сол сияқты маңына адам жуытпай қояды». Сонда қонаққа келген қыздың ағасы мұны естіп:

«Бәйбіше деген қазақта үлкен үйде отырып, тоқалдың тапқан балаларын бағып, байының оң тізесін басып отыратын. Татар мен орыстың салтын білмеймін. Оларда да құдай бала бермеген міскінді қораға шығарып жібермейтін шығар», – деп есікті тарс жауып, кермеде тұрған атын өзі шешіп мініп кетеді де қалады. Болып-толып отырған қарындасына жақтаспайды, ата салтына жығып береді. Роман біріне бірі шебер кіріккен осындай эпизодтар мен деталдар арқылы терең мазмұндық сипатқа ие болады. Осы фонда бітіспес күреске түскен кейіпкерлер ақыры бірін бірі жұтып тынады. Реалды өмірде жаңа күйеу күшті, өйткені билік соның қолында. Бірақ бұрынғы күйеу де осал емес, өйткені ол әкесінен мұраға қалған үйден дарыған мистикалық энергияның иесі. Жаңа күйеу бұрынғы күйеуді өлтіріп, үй астындағы жасырын ұраға көміп тастайды. Ал ол өзіне мұраға қалған өз үйі, өлең төсегінің астында қалай тыныш жатсын. Арслан мистикалық күш болып қайта оралып, оның әйелін де, ұрпағын да жұмбақ өлімге ұшыратады. Романның дәуір шындығына негізделген көркемдік шешімі сонда, қандай қоғамдық-саяси формацияда өмір сүрмесін, адам баласы бәрібір дүние-байлықтың соңына түсіп, ақыры «үлкен үйдегі үрейдің» тұтқынына айналады. Мұның бәрі шығарманы талдау барысында айтылып отырған сөз, әйтпесе оқырман бұл романды зерікпей, сериал көргендей қызығып оқып шығады деуге де болады. Әдебиетке кейіндеу және күтпеген жерден келген Сәуле Досжан осы аталған романы арқылы қазіргі көш басында жүрген қаламгерлердің мақтаулы шығармаларынан бір кем емес дүние жазғанын толық сеніммен айта аламыз.

Анар: Жалпы, Сәуле Досжан прозасын оқығанда, оның әр деңгейде оқылатынын байқадым. Айталық, «Көрдемшенің қасіреті» хикаятының мелодрамалық деңгейінде бас кейіпкер Мәрзияның тағдыры, жүрек қалауын кеш жолықтыруы, некесіз бала табуы көрініс береді. Бұл жерде әңгіме бас кейіпкердің ер адамға сүйіспеншілігінде, немесе одан туған балаға деген аналық махаббатында да жатқан жоқ, сол жері мені – постмодернистік қоғам адамын қатты таң қалдырды десем болады. Бұл хикаят туралы жазған рецензиямда жазушының бұл айрықша туындысының ерекшелігін жан-жақты ашып беруге тырысқанмын.

Сол сияқты, «Көрдемшенің қасіретінде» белгілі бір тарихи жүйенің ізі бар. Мұны хикаяттың екінші қатпары делік. Одан белгілі бір кезеңдегі адамдардың тұрмысы, өзара қарым-қатынасы, мораль көрінісі тайға таңба басқандай айқын көрінеді. Хикаяттың соңғы, үшінші қатпары – қазірде қол үзіп бара жатқан ұлттық салт-дәстүрдің барлық қыр-сырына терең қанықтырады. Осы соңғы деңгей бойынша жазушының бастан-аяқ нақты бірізділіктен жаңылмайтыны таң қалдырады және «жеті атадан қан араластырмау» дәстүрін сақтаудың қазіргі кезде ғана емес, жарқын болашақта да ұлт саулығы үшін, ұрпақ саулығы үшін ең маңызды нәрсе болып табылатынын еріксіз мойындатады. Ұлттық салт-дәстүрге беріктілікті дәріптеу – Сәуле Досжанның жазушылық позициясы ма деп қалдым. Ол – кез-келген көркем мәтінді ұлттық нақышпен шебер көмкере білетін жазушы.

Жүсіпбек Қорғасбек: Әдебиеттің де өтпелі кезеңі бар. Бұл кезеңде дағдыдағы авторлар кейін ысырылуы мүмкін. Олардың орнына жаңа есімдер көп айтыла бастайды. Міне, осы есімдердің арасынан сұрыпталып шыққандары үлкен жетістіктерге жетіп жатса таңқалуға болмайды. Олар бүгінгі күнгі оқырманның сұранысына лайықты шығармалар жазады. Оқырманда тап бүгінгі күні толғандырып жүрген проблемаларға батыл барады. Оқырман да ондай шығармалардан өзін көргісі келеді. Мысалы, «Қызмет қамақтағы әйел» қазіргі заманда екінің бірінің басында бар. «Үлкен үйдегі үрейді» ұлт болып бастан өткердік, өткеріп те жатырмыз. «Көрдемшенің қасіреті» ішімізге тереңірек үңілдіре түсетіндей. «Екі күйеулі келіншек» те біраз сырдың бетін ашып тұр десек қателеспейміз. Сәуле Досжан бұл тақырыптарды өткен тарихпен де, бүгінгі әлеуметтік жағдаймен де, үлкен имангершілікпен де, табан астында тапталған адамгершілікпен де қабаттастырып жазады. Бұлар елді елеуреткен естелік те емес, жадағай баяндалған жалаң сюжет те емес, мазмұны түрлі бояулармен байытылған толыққанды көркем шығармалар деп бағалауға негіз бар. Басқа шығармаларының уақыт сынына қалай төтеп беретінін білмеймін, ал «Үлкен үйдегі үрей» әдебиет тарихында қалатыны анық. Осы кітаптарды оқығаннан кейін, автордың келесі шығармасын да күтіп жүріп оқитын оқырман табыларына бек сенімдімін.

Анар: Биылғы әдеби кеңістікте Сәуле Досжан жұлдызы биіктен көрінді десе де болады. Жазушының «Өгей жүрек» кітабының неміс тіліндегі нұсқасы жарыққа шығып, оның тұсаукесері Германия елінде өткізілді. Ағылшын тілінде Лондонда жарық көрген «Көрдемшенің қасіреті» кітабы 2019 жылғы «Букер» сыйлығы тізіміне еніп отыр.

Қазақстан Жазушылар Одағымен бірге, тәуелсіз әдеби агенттіктермен де бірлесе жұмыс істеп жүрген Сәуле Досжанды жаңашыл, креативті жазушы деуге болады. Қазірде тәуелсіз әдебиетті жасап жатқан талантты жазушыларымыз баршылық. Олардың туындылары бірден орыс, ағылшын тілдеріне аударылып, жарық көре бастайтын уақыты келді деп ойлаймын.

Қазірдің өзінде әлемдік әдебиет нарығына шыға бастаған Сәуле Досжан сынды қазақ жазушылары елімізді дүниежүзіне әйтеуір бір мойындатары анық. Мағыналы пікірлеріңізге рахмет!

Әңгімелескен Анар Кабдуллина.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар