Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
1 қазан - қазыналы жандар күні...

1 қазан - қазыналы жандар күні

01.10.2025

1352

1 қазан - қазыналы жандар күні - adebiportal.kz

1 қазан – Қарттардың халықаралық күні. 1990 жылдың 14 желтоқсанындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми бекітуімен пайда болған бұл күнді әлем халқы 1991 жылдан бері атап өтіп келеді.

Бұл күннің басты мән-маңызы – жастық шағынан зейнеткерлікке дейін жұмыс істеп тер төккен қарияларың қоғам, мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеп сый-құрмет көрсету, олардың бүгінгі күндегі мәселелеріне, қажеттіліктеріне көңіл бөлу, жас және орта буынның назарын оларға қамқорлық жасауына ықпал етуге саяды.

Қарттарға құрмет – күллі әлем халқының ізгі салты. Әсіресе біздің қазақ халқы үшін қарттар ежелден отбасының, әулеттің, ауылдың, ел-жұрттың басалқасы, ұйытқысы ретінде қарастырылып келген. «Қарты бар үйдің қазынасы бар», «алпысқа келгеннен ақыл сұра», «аулыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» қатарлы, қарттардың қазақ қоғамындағы сыйлы орнын көрсететін мақалдар көп-ақ.

Қазақ қарттарды қара шаңырақтың құты, киесі, үлкен әулеттің айналар қазығы, бірлігін бекемдер қазысы ретінде қарастырған. «Құрым туырлықты әкеден, күміс керегелі ұл дәме етеді», «бір әке отыз ұлды асырайды, отыз ұл бір әкені асырай алмайды» деген мәндес айтылымдардың өзі де осы ойдың бекемі.

Қазақтың өр намысының туы Ер Махамбет те: «Кәрісі кімнің жоқ болса, жастары болар дуана», - демеуші ме еді. Себебі қазақ ежелден үлкеннің сөзіне тоқтаған халық. Осыған орай қазақтың есті қариялары өзінің жасына, орнына сай сөз сөйлеп, ел-жұртының сеніміне сай іс-әрекет жасап, үдеден шыға білуді әрдайым парыз санаған. 

Уақыт көші алға озған сайын, дәуірлердің талап-талғамы да, қоғамның таным-түсінігі де, ондағы адамдардың өзара қарым-қатынасы да өзгеріске түсіп отыратыны заңды құбылыс. Осыған саяр болсақ, бүгінгі қазақ қоғамындағы қазақ қариясының орны да кешегі дәуірдегіден біршама өзгеше екенін еріксіз мойындауымыз керек. Алдағы дәуірлерде қалай болатынын уақыт төреші өзі көрсетер.

Күн мен Ай, жұлдыз жанып аспанында,

Өмірдің құдай берген бас жағында.

Бір адам қартаям деп ойламайды,

Арманда асау толқын жас шағында, - 

деп ақын Шөмішбай Сариев жырлағанындай, жастықтың асау толқынымен алысып жүргенде адамзаттың баласы қыраулы қарттықтың қалай қыр астына келіп қалғанын байқамай да қалатын сияқты-ау?

Отызында кемпір болған қыз аз ба,

Жігіт аз ба отыз бесте шал болған?! – 

деп арынды ақынымыз Мұхтар Шаханов жырлағанындай, мәселе адамның жасында емес, оның жүрегіндегі жалында, мінезіндегі қызу қайрат-жігерде болса керек.

Бақыттысың әр таң сайын көзіңді

Сұлулыққа суарудан қашпасаң.

Қартайдым деп алдай көрме өзіңді,

Қарттық жаспен өлшенбейді ешқашан, - 

деп түйіндемейтін бе еді, ақынның өзі «Сұлулықты сезіну» өлеңін. 

Шындығында алпыс – бір-екі буын ілгері қазақ қоғамы үшін қарттықтың бел ортасы болса, бүгінгі аға-әпкелерге қарасаңыз – кәдімгі талтүс. Сондықтан да бұл жазбамыздың тақырыбын да «Қазыналы жандар күні» деп алдық. Алпыс үш жастағы бүгінгі «зейнеткер жігітке» қарт деп қалай айтарсыз? Бұл – әлемдегі ең көп жасаушы елдер көшін бастаушы норвегтер, француздар, шведтер, жапондардың өмір сүру салты қазаққа да біртіндеп жұғысты болып келе жатқанының белгісі.

Ең бастысы – жас бол, жасамыс бол, жақындарыңа, ұжымыңа, жалпы еліңе, адамзатқа қолыңнан келгенше қолғабыс тигізіп, қамқорлық көрсетіп, жақсылық жасаудан өзге ойы жоқ адам болсақ болғаны. Яғни:

Адам боп келдім өмірге,

Адам боп кету тілегім, - 

дейтін ізгі ұстанымға берік болсақ болғаны.

Жұрттың бәрі азды-көпті үңілетін әлемжеліні түңілу-торығу, алысу-жұлысу, атысу-шабысу мәнді жазбалар ырғындаған мынау заманда өзінің фейсбук әрқашан позитивті постар салып отыратын Амантай Тойшыбайұлының парағынан мына бір жолдарды бүгінгі күннің мазмұнына орай көшіріп салмақпыз: «ЖАС дегеніміз жай ғана сан. Ол пәрмен, күш-қуат, өнім, дағды дейміз бе, немесе жалпы ештеңенің де көрсеткіші емес ...

Біз соны қабылдауға тиіспіз ...

Біз бәріміз де қартайып келеміз ...

Алдымызда ұзақ та бақытты өмір күтіп тұр...

Сондықтан жас кәрі деп қарамастан бірге жұмыс істеп, бақытты өмір сүру маңызды ...

Сенің жасың еш маңызды емес, әрқашан күлімсіреп жүр...»

Өмірде өтеді ғой не бір қызық,

Жамбылдың жасына да келу қызық.

Немере, шөберенің тойын жазса,

Құдайым, соның бәрін көру қызық, - 

деп Шөмішбай ақын бекер жырламаса керек. «Жамбылдың жасын берсін!» - дейтін ізгі тілекті қазақ үшін ұзақ ғұмырдың өлшемі ретінде қабылдап айтып келе жатқалы да сексен жылдан асқан екен. Тілек қабыл болғай дейміз. Саналы ғұмырын шығармашылыққа арнап, құрыш қаламын қолынан тастамаған туындыгер жандар арасында да сеңгірлі сексенді, торқалы тоқсанды бағындырып жасап отырған қарияларымыз баршылық. Олардың қатарында кеше ғана, 30 қыркүйекте тоқсан бірінші жасын қарсы алған ардагер журналист, жазушы, аудармашы Сарбас Ақтаев, көктемде тоқсанға толған сатирик жазушы, публицист, аудармашы Ғаббас Қабышұлы сынды абыздарымыз бар. Көп жасау да кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін, Жаратушының нығмет, сыйы ғой.

Мерекелеріңіз құтты болсын, дария кеуделі, тау мүсінді, ақ сақалды, ақ самайлы,  қадірменді жандар!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan