Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қабдеш Жұмаділов: Сиқымбай (әңгіме)

26.10.2017 3698

Қабдеш Жұмаділов: Сиқымбай (әңгіме)

«Мені дүние жүзі, әсіресе, өзіміздің село жақсы біледі». Осы бір сөйлемді қайдан оқып едім, апыр-ау? Иә, бұл сөзді Сервантес өзінің Санчосына айтқызған екен ғой. Шайқылықпен айтылса да, осында бірталай шындық бар. Мен мұны үш жыл әскер қатарында болып, ауылға оралған кезімде айқын сезіндім.

Шіркін, туған ауыл-ай десейші! Соншалық неге қымбатсың деуші едім, ол сырды енді аңғарғандаймын. Кеше ғана көз алдарында шаң бұрқатып, шапқылап жүрген қара сирақ баланы мұндағылар ұмытты дейсіз бе? Ұмытқан жоқ. Ал, бұл ауылдың адамдарын мен жеті түнде дауысынан танимын. Өзіңді бармақтайынан білетін жандардың ортасында сезіну қандай жақсы еді?! Және ең ғажабы, солардың біреуімен жүздесе қалсаң болғаны, қай-қайдағың еске түсіп, не бір қызық хикаялардың маздап қоя беретіні бар-ау.

Міне, тағы өз үйімде отырмын. Шешеммен, туған-туысқандарыммен көрісіп, мауқымды басқасын, ауылдың амандығын сұрай бастадым. Апам ауылдың кәрі-жасын түгел амандап, санап келді де, мүдіріп қалды.

— Иә, айтпақшы, суайт қайнаға науқас. Әлде кәрілік жеңді ме, жақында жатып қалды, бейшара...

«Суайт қайнаға» дегені — Сиқымбай атам ғой. Лепірген көңілім ойсырап кетті. Дастарқан жиылып, жұрт тараған соң, шешемнің «дем ал» дегеніне қарамай, тұп-тура Сиқымбай шалдың үйіне бет алдым.

Қартты көргенше асығып келем. Шоқша сақалды, екі көзі күлімдеп тұратын құйтақандай сары шал көз алдымнан кетер емес. Мейлі, жұрт оны «Сиқымбай суайт» деп атай берсін, мен үшін оның орны өзгеше.

Meн қарттарды жанымдай жақсы көрем. Қарт болғанда, әңгімеші, ертегіші, шежіре қарттарды, сол бір оқымай қалған «академиктерді» ұнатам. Ондай қарттар ана бір жылдары біздің ауылда әлденешеу еді. Содан қалғаны осы Сиқымбай ғана. Қызықты әңгіме-ертегілерді көп білу жөнінен оның алдына түсе қоятындар бар ма екен? Біздің балалық шағымыздың досы болатын ол.

Қайран қарт қызық кісі еді-ау. Жастармен құрдасындай ойнай беретін. Жаңа түскен жас келіннің мықынынан ұстай алып, шоршытып түсіретін де, соған өзі мәз-мейрам болып, рахаттана күлетін-ді.

— Балалармен ойнап не жетті, тәңір алғыр? — деп кемпірлер ашулана қалса, — Ойында өрелік болған ба? Жас кезім есіме түсіп кетті, — дейтін Сиекең.

«Суайт» деп аталғанымен ол ауыл арасының өсекшісі емес... Оның кесек-кесегімен ойдан шығаратын әңгімелері бір жағы фантастикамен астасып жататын. Жасынан қиял-ғажайып ертегілерін көп айтқандықтан, өзі де соған бейімделіп, жанынан ертегі шығаруға құмар-ды. Бала кезімізде оның хикаялары бізді Жюль-Верннің немесе Герберт Уэллстың романдарынан кем қызықтырған емес.

Бертінге дейін Сиқымбай шаруадан қалған жоқ. Әсіресе, соғыс кезінде колхоз жұмысының жуан ортасында жүрді. Жасы елуден асып кетсе де, еңбекке тарамыс, мықты еді. Әлі күнге дейін көз алдымда, Сиқымбайдың қарауында колхоздың үйдей-үйдей бірнеше өгіздері болатын. Қардың шеті жылт етіп кетісімен, ол өгіздерін парлап жегіп жер жыртуға шығар еді. Сонан жаз бойы пішен басында сүйреткімен шоп тартағын-ды. Сирағымыз шыт-шыт жарылып, сол өгіздердің бұйдасына жармасып біз де жүретінбіз. Бір үйдегі бір азамат саналғанымызбен, бізді жұмыс басына ынтықтыратын бригадирдің айқай-сүреңі емес, Сиқымбай атамыздың қызық хикаялары еді.

Жазғы тымық түн. Үлкендер жағы ұйқыға ерте жантаяды. Бір-бір бөстегімізді жамбасымызға төсеп, Сиқымбайды қоршай біз де жайғасамыз. Ұйқы келмейді. Аспандағы самсаған жұлдыздарға қарап, көз ілместен, қарттың әңгімелерін тыңдап, қиялға батамыз.

— Ата, ана жұлдыздар жерге түсіп кетпей қалай тұр? — дейді бір бала астрономға сұрақ қойған газет тілшісіндей қадалып.

— Е, балам-ай, ол оңай ғой, — дейді Сиекең ойланбастан, — бір-бір сабақ жіпке ғана ілініп тұратын көрінеді. Баяғыда мен оның біразын түсіріп те алғам.

— Айтыңызшы, қалай түсірдіңіз? — деп шу ете түсеміз.

— Атакем үйінің үлкен сары атанына міндім. Қолыма Қайыңды сайдан ұзын құрық кесіп алдым. Сонан соң Берікқараның басына шығып тұрып, құрығымды көкке қарай сермеп-сермеп қалып едім, жұлдыздар бауырсақтай cay-сay ете түсті.

— Қойыңызшы, ата, қазір неге түсірмейсіз, ендеше?

— Е, балам, қазір ондағыдай зор атан қайда, ондағыдай ұзын құрық қайда, Берікқара да қазір аласарып кеткен жоқ па?

Сиқымбай жұмысты жанын салып істейді. Кейде бұлқан-талқан боп тарылып та жүреді. Өгіздерді шықпыртып, жеті атасынан түк қалдырмай сыбап алады. Тілі тотияйындай ащы.

— Ата, неге боқтай бересіз? — деп сұраймыз қызық көріп.

— Боқтамасам, күшім түспейді, — дейді Сиекең қарқылдай күліп.

Өгізінің басын жетелеуге таласа берген соң, бізді Сиқымбай кезекпен ертетін қасына. Сүйреткіде жентектелген пішенді қабырғамыз майысып, маяға зорға әпереміз. Анда-санда Сиекеңнің белінің кілт ете түсетіні бар. Шөпті айырлап көтере беріп: «Үйбай-ай, үйбай-ай» деп, сегіз көзін басып отыра кетеді. Өз айтуынша, бұл кінәрат күрестен болған. Баяғыда атақты Қажымұқанның өзімен күресем деп, белдемесін тайдырып алыпты...

Айтып отырса, Сиқымбайдың басынан кешірген оқиғалары көп-ақ. Жас кезінде ол қызыл әскер қатарында да болып, ақ атамандарға қарсы соғысқан. Онысы рас. Тек соны тым өсіріп айтады. Тіпті Сиекең бір жолы атаман Анненковтың өзімен жекпе-жек шайқасқан көрінеді. Бірде екеуінің де қарауындағы әскерлері қырылып, сопайып өздері қалады.

— Амал қанша, жекпе-жек атысуға тура келді, — дейді Сиекең насыбайын атып қойып. — Анненков екеуіміз екі тасты паналап, күні бойы атыстық. Ойпыр-ай, иттің баласының мергені-ай, қамшымның сабын қылтитсам-ақ, оқпен қиып түседі. Мен де есемді жібергем жоқ, басындағы папағының жұлым-жұлымын шығардым, білем... Ақыры, кешке таман екеуіміздің де оғымыз таусылды. Үстімізді қағып, тастың қалқасынан тұра келістік.

— Жарайсың, — деп айқайлады Анненков алыстан. — Жігіт екенсің. Өмірімде сендей жүрек жұтқан адамды көрген емен...

— Темекің бар ма?

Сонан соң екеуіміз темекі тартысып, насыбай атысып, біраз тұрдық та, атымызға мініп, өз жөнімізге тартып отырдық...

— Ойбай-ау, неге жібересіз, бассалып байлап алмайсыз ба? — деп санымызды соғамыз.

— Пәле! — дейді Сиқымбай, — қаруы жоқ, құр қол адамға соқтығу — жігіттікке жата ма?..

Әрине, қарттың айтқандарының бәріне біз де сене бермейміз. Кейде «ей, осы жері қалай екен» деп, күдіктеніп те отырамыз. Өйткені, бір жолы оның сөзден ұсталып, өтірік айтып отырғанын мойындағаны бар.

...Тағы сол Ақ пен Қызылдың шайқасы. Бір күні ақ бандылар мұнын жалғыз өзін қуып кеп әкетеді.

— Жалғыз едім, көп жауға төтеп бере алмай, қаша соғыстым. Бір кезде менің оғымның таусылғанын біліп, әккі жау қамап ұстауға айналды. «Сиқымбайды тірідей ұстап әкелген адамға ат басындай алтын берем» депті Колчактың өзі. Алтынға қызықпайтын пенде бола ма, бәрінің де көкейін тескен арман — мені ұстау. Қолға түссем тірі қалмайтыным белгілі, атымды үсті-үстіне төпелеп қашып келемін. Кеш батып, қараңғы түсті. Қырсыққанда қымыран іритін әдеті ғой, бір ескі қыстаудың тұсына келгенде, атым төбеден ұрғандай тұрды да қалды. Жан дәрмен қарғып түсіп, қыстаудың ішіне қойдым да кеттім.

Бандалар есік-терезені түгел қамап алды. Бірнешеуі қылыштарын жалаңдатып ішке кірді. Қараңғыда бұрыштарды тінткілеп, онды-солды сермеп жүр. Тұра берсем, қарнымды жарқырататын түрі бар. Дереу белбеуімді бөренеге өткіздім де, төбеге мысықша жабысып, қаттым да қалдым. Бір уақытта біреуінің қылышы белбеуді қиып-ақ түскені. Қара басқанда, қалын жаудың ортасына топ ете қалдым...

— Ah, — деп қалдық бәріміз. — Сиқымбай ата-ау, енді қайттіңіз?..

— Ә, солай ма, айтпақшы қолға түсуге болмайды екен ғой, — деді ол ыңғайсызданып, — кейде осылай қызып кететінім бар. Әншейін, адам осындай халге түссе, қайтер еді дегенім ғой.

Біз мәз-мейрам боп күлеміз. Бізге қосылып Сиқымбайдың өзі де күледі. Оның қызық хикаяларды жанынан шығарып айтағының сонда барып аңғарамыз. Қалай дегенмен, біз «Ақ» пен «Қызыл» дегенді тұнғыш рет соның аузынан естіп едік. Ақтарға қанымыз қайнап, қызылдарға тілеулес болып отыратынбыз.

Кейін ержеттік. Сиқымбайдың әңгімелеріне күле қарайтын да болдық. Жұлдыздардың сауылдап жерге түспейтініне де көзіміз жетті. Бірақ, бәрібір Сиқымбайды ұмыта алғанымыз жоқ. Балалық шақты есіңе алады екенсің, ол соның жуан ортасында жүреді. Сол бір сәби жүректі, ақ көңіл қарияны сағынбай қалай тұрарсың? Мен әскерге аттанарда қарт әлі тың еді. Қол жұмысына жарамағандықтан, қойманың күзетшісі болып орналасқан.

— Қойма деген — қойма ғой. Мұнда колхоздың бар байлығы жатыр, — деген Сиқымбай, — сол байлыққа ие болуға бір жүрек жұтқан, әлуетті адам керек болды да, ол үшін азамат соғысының жауынгері — менен ыңғайлы кісі табылмады...

Оның маңынан әлі де қараң-құраң арылмайтын көрінген. Баяғы өзіміз секілді қара домалақтың бірнешеуі шалды төңіректеп жүрген-ді.

Сол жолы қарт қайтыс болған кемпірін еске алып, біраз мұңайып отырды.

— Байғұс кемпір. О дүниеге баруға неге асыққанын кім білген? Мені жалғыз қалдырып, мүлде сорлатып кетті ғой ол... Балаларым күткен болады, бірақ олар үлде мен бүлдеге ораса да, түні бойы тізем жылынбай, тоңып шығам. Жалғызсырап жүрмін, балам. — Осыны айтып, көзіне іркіле қалған жасты саусағымен ыршытып жібергені әлі көз алдымда.

Міне, содан бері де бірнеше жыл өтті. Осы уақыт ішінде мен ол қартты қаншама рет есіме алмадым. Жора-жолдастарыма оның қызық мінездерін айтып, қанша рет күлдірмедім?..

Есік алдында мені Сиқымбайдың келіні қарсы алды. Қарттың жағдайын сұрап ем, «кісі танымайды, күн санап төмендеп барады» деп үмітсіз үн қатты.

Үйге кірдім. Сиқымбай төсекте томардай ғана боп жатыр екен. Ояу. Қасына барып қолынан ұстадым... Қолы сап-салқын. Бедірейіп маған қараған көзінен кенет үрлеген қоламтадай ұшқын жылтырады. Күлімсіреді, танығаны ғой. Сонан соң мені өзіне қарай тартып, сұп-суық ернімен маңдайымнан сүйді.

— Халіңіз қалай, тәуірсіз бе? — дедім дауыстаңқырап.

Қарт жауап қатқан жоқ. Әлденені еске түсірді ме, шалықтап, күлімсіреген күйі біразға дейін үнсіз жатты.

Мен қарттың жүзіне соңғы рет көз тоқтата қарадым. Сақал-шашы күмістей боп тегіс ағарған. Бір тал да қара жоқ. Отыз тісі түгел түсіп болған шүйкедей шал бесікте жатқан сәбиге ұқсайды. Осынау түр-сипатының өзі қандай көрікті?! Сірә, уағымен келген кәрілікте де сұлулық болғаны ғой. Адам өмірдің ащы-тұщысын тағып, тіршіліктің ұзақ сапарын аяқтап, шынайы қарттыққа жеткенде, дүниенің кірінен тазарып, бір киелі дегдарлыққа, сәбидей сүйкімді пәктікке де жететін тәрізді ме, қалай? Мен Сиқымбайдың сұп-суық, тарамыс саусақтарын аялай сипадым.

— Тәуірмін, — деді ол кенет ап-анық сөйлеп, — жәй тұмау ғой... Ертең-ақ тұрып кетем. Терлесем болды, құлан-таза айығам... Әкем тоқсанға келіп өлген, оған әлі жеті жыл бар... Сен немене, маған сенбей тұрсың ба?

— Жоқ, сенемін. Жазылып кетесіз әлі-ақ...

Қарт маған басын изеп, күлімсіреді. Өмірмен әлі де қалжыңдасқысы келетін тәрізді, бейне сау кезіндегідей көзін қулана қысып қойды. Өмірінің ақтық сағатында да адамдардың көңілін аулап жатыр. Сонан соң шаршады білем, қайтадан әлсіреп қалды. Бір рақымсыз, қатал күш оны әрі қарай еріксіз әкетіп бара жатқан тәрізді.

Осыны сезгенде, тынысым тарылып, тамағыма әлдене түйілгендей болды. Бірақ сыр бергем жоқ. Балалық шағымның дарқан досымен үнсіз қоштастым да, шығып кеттім.

1963 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар