Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
2025 жылғы Нобель сыйлығының иегері Ласло Краснохо...

2025 жылғы Нобель сыйлығының иегері Ласло Краснохоркаи мырзамен сұхбат

02.12.2025

3758

2025 жылғы Нобель сыйлығының иегері Ласло Краснохоркаи мырзамен сұхбат - adebiportal.kz

Жазушымен сұхбаттасқан: «Париж әдеби сыны» журналының тілшісі Adam Silver. Қытай тіліне аударған: Лю Каңкай. Қытай тілінен аударған: Қаусылхан Қасымханұлы.

 

− Ең әуелі, жазушылық бастамаңыз жайлы сыр бөліссек қалай дейсіз?

− Жарайды. Нағыз шынайы өмір басқа жақта деп ойлаушы едім. Франс Кафканың «Қамал», Малкольм Лоуридің «Жалынтау етегінде» қатарлылардан басқа шығармалар мен үшін інжілдей еді. 60 жылдардың аяғы, 70 жылдың басы болатын. Жазушының тұрғысын қабылдағым келмейтін кез. Бір ғана кітап жазып, одан әрі әрқалай шаруалармен, бастысы музыкамен айналысып кетуді ойлайтын едім. Сіңірі шыққан кедей адамдармен бірге тұрмыс кешіруді көңіліме бүктім. Өйткені, нағыз тұрмыс сонда. Сонымен, үрерге иті, сығарға биті жоқ бір қыстаққа барып қоныстанып, қайдағы бір кетеуі кетіп, қиюы қашқан жұмыстар істедім. Тұрағымды үш-төрт айда бір алмастыратынмын. Әскерге зорлықпен әкетуден қашқаным. Кейін, жазып-сызып азынаулақ бірдемелер жариялап жүргенімде, сақшы мекемесінің шақыруын тапсырып алдым. Олар мені тергей бастады. Сұрақтарына жауап бере отырып:

−Маған сенулеріңізді сұраймын. Мен саясатпен айна....лыс.....пай....мын, - деймін.

− Сен туралы біраз ахуалдардан хабарымыз бар.

− Жоқ, қазіргі саясый жағдайымен еш қатысым жоқ.

− Саған сенбейміз. 

Мен тәп-тәуір ашуландым.

− Айттым ғой. Өздерің секілді біреулер жөнінде бірдеме жазады деп ойлап жүргендерің масқаралық! – деп едім, бұл сөзім олардың шиқанына тиді білем, араларынан бір сақшы яки құпия бір органның кадры болар, төлқұжатымды тартып алмақшы болды. Сабет дәуіріндегі коммунистк партия түзімінде, бізде бірі қызыл, бірі көк екі түрлі төлқұжат болды. Мендегісі қызылы болатын. Қызылы болса тек социалистік елдерге ғана барасың. Ал, көгі емін-еркін.

− Сонда, осы қызыл төлқұжат та сендерге таңсық болғаны ма? – дедім. 

Олар алып кетті. Сөйтіп, 1987 жылға дейін төлқұжатсыз жүрдім. 

Ол менің жазушылық өмірімдегі тырнақалды туындым әрі ең соңғысы болды. Жуырда, ұлттық қауіпсіздік мекемесінен олардың жансыздар жөніндегі талқы естелігін тауып алдым. «Ана Ласло дегенге ешқандай мүмкіндік жоқ, ол партияға тіс-тырнағына дейін қарсы. Ал інісіне орай беруге болады», - деп жазыпты. Сол уақытта маған ешқандай әсер етпеген осы жағдай маған қазір өте күлкілі сезіледі. Бір де бір саяси ереуіл, жиналыс дегендерге қатысып көрмеген жанмын. Сол аядай қыстақта тұрған кезімде жазған тұңғыш шығармам осы болды. 

− Баспадан қалай шығардыңыз?

− 1985 жылы болатын. Басқаларды қойғанда өзім де осы «Сатантангоның» жарық көретініне сенбейтінмін. Социализмдік жүйе жөнінен, судан таза, сүттен ақ шығарма емес. Күйелі. Бір баспаның бастығы Ұлттық Қауіпсіздік Мекемесінің дөкейі болған адам. Өзінде ақ дегені алғыс болатын шен барын немесе осы кітапты шығаруға жетерлік батылдық барын дәлелдегісі келген шығар. Меніңше, бұл романымның басылым көруінің бірден-бір себебі осы. 

− Ол кезде қандай жұмыста едіңіз?

− Бір мезгіл кенші болдым. Кейінтінде қаладан шалғайдағы әрбір ауылдың мәдениет үйінің жауаптысы болдым. Әр ауылда мәдениет үйі бар. Ауыл тұрғындары сол клубқа барып кітап оқиды. Ондағы шағын кітапхана олардың тұрмысының мәйегі дерсің. Жұма немесе сенбі күндері, музыка кеші сынды іс-шаралар өткіземіз. Жастарға пайдалы. Менің басқаруымда алты бірдей ауылдың мәдениет үйі болды. Алтауының арасында шауып жүремін. Өте мәнді жұмыс. Өзім де ұнатамын. Өйткені, мені буржуазиялық әулетімнен алыстатты. Қане, тағы не істедім? Ә, есіме келді. Үш жүз сиырдың бақташысы болдым. Ұнататыным, иен даладағы сиыр қора. Маңында ауыл-қыстақ, қала жоқ. Неше айлық бақташылық кезімде, «Жалынтау етегінде» мен Достоевскийді оқи жүріп, жоқшылық өмір өткіздім.

Әрине, осындай арқар жалақ жан бағыс күндерімде, шарап сілтеуді де үйрендім. Венгрия әдебиет саласында мынадай бір салт бар, нағыз талант арақкеш болуы тиіс. Бір жолы бір топ венгерлік жазушылармен болғанымда, олар: 

− Мұндай жағдайдан құтылуға болмайды, әрбір венгерлік талант иесінің маскүнем болмауы мүмкін емес, - деп соқты. Олардың бұл көзқарасына келіспей, он екі құмыра шампанға бәстесіп, өле-өлгенше арақты ауызға алмаймын дедім. 

− Сол беті ішпей кеттіңіз бе?

− Солай. Сол кездегі жазушылар арасында Петр Хажиносзи деген біреу болды. Өте талантты, шектен шыққан арақкеш. Оның өмірден озуы Венгрия әдебиет саласындағы елеулі оқиға. Қырық жасында, жастай кетті. Менің бұрынғы тұрмысым да осылай, қатерге толы болды. Екі қаланың арасында кәннен-кәперсіз сандалып, вокзал мен шарапханаларды шарлап жүретінмін. Адамдарды бақылап, олармен қысқа-қысқа тілдесемін. Осы жөнінде бір кітап жазсам деген ойға келдім. Осы барыста, әдебиеттің рухани өріс екенін, басқа бір әлем екенін терең сезіндім. Бір дәуірде János PilinszkySándor Weöres қатарлы ақын-жазушылар тынбай жазып келеді. Біз поэзияны ұнатамыз. Ол сырлы да сұлу. Қазір Венгрияда Zsigmond Móricz атты бір жазушы бар. Қысқа жай сөйлемдерді көп қолданады. Өзім қатты ұнататын жазушы Gyula Krúdyды тәржімалау өте қиын.

− Ол кісінің сөз қолданысы басқашалау болды ма?

− Оның сөз қолданысы басқа жазушылардан парықты. Ол кісіні тыңдасаңыз жүз грамм тартып алып бөсіп отырған адамға ұқсайды. Кейде қарадай торыққан адам секілді. Өмір жөнінде ала қашар ешқандай арманы да жоқ. Күш-қуаты тасып жатқан алпамсадай бір азамат. Бірақ, ол кісіні жазушылықтағы туым етпесем де, бірдеме жазбақшы болғанда алабөтен бейнесі маған күш-қуат береді. Ал, János Pilinszky болса, мен жөнінен бір мұғжиза. Оның сөз қолданыс мәнері маған шабыт береді. Әр сөзін бөліп, мысқалдап, нығыздап, лирикалық леппен сөйлейді. Қане, ол кісіге еліктеп сөйлеп көрейін: «Сүйікті Ласло, болмайды, күткеніміз, жазымышты. Біз өмір сүріп отырмыз, қазір, сол жазымыш ішінде». 

− Аударма шығармаларды көп оқыған боларсыз?

− 70 жылдары William Faulkner, Франс Кафка, Joseph HellerMarcel ProustSamuel Beckett қатарлы жазушылардың шығармаларын құныға оқыдым. Апта сайын бір тың туынды жарық көретін. Социалистік саяси жүйенің қысымынан біздегі көптеген жазушылар шығармаларын жариялауға мүмкіндік таба алмай, аудармашы болып кетті. Сондықтан біз Шекспир, Данте, Дюма қатарлылардан кейінгі ұлы жазушылардың шығармаларына қол жеткізе алдық.

−Достоевский қалай?

− Ол кісі мен жөнінен аса маңызды бір рөл сомдаған тұлға, жазушылықтағы рөлі, әсте оның романдары мен хикаялары емес. «Ақ түн» есіңізде болар? Бас кейіпкері әлгі «Нақұрыстағы» Мешкинге ұқсайды. Әу баста осының жай бір оқырманы болсам, кейін осы Мешкиннің жанкүйері болып шыға келдім. Қорғанып құрсауланбайтын, құдды періште секілді тұлға. Менің әр шығармамнан осындай кейіпкер таба аласыз. Мысалы, «Сатантангодағы» Estike немесе «Қасіреттегі» Valuska. Осылардың бәрі дүниеден жәбір көргендер. Олар осындай жан азабын арқалауға міндетті емес, оларды сүйеміз, өйткені, олар он сегіз мың ғаламға, адамзаттың бар екеніне камыл сенеді. Олардың осы нанымына айрықша құрмет етемін! Бірақ, олардың ғарыш пен жер әлем жөніндегі пайымдау тәсілдері мен кіршіксіз нанымдары, менше, мүмкін емес нәрсе. Өз ойымша, біз жануарлар әлеміне тәнбіз. Жануармыз. Жеңістік алған жануармыз. Біз тек жоғары деңгейде адамиланған дүниеде өмір сүріп отырмыз. Адамзат арасында жасап келеміз деп сенеміз, біразын жануарларға, өсімдіктерге, тастарға бөліп бердік. Жоқ. Шындық, әсте, бұл емес. 

− Сөзіңізге қарағанда, сіздің философияңыз нағыз материализм болғаны ма?

− Жоға, Мешкин де реалдық. Кешіріңіз. 

− Оқасы жоқ. Тарқатып айтсаңыз.

− Франц Кафка бір адам. Ол тек Франц Кафка ғана. Өрнекті өмірі, жиған кітабы бар. Алайда, ғарыштың ғажайып бір кеңістігінде, романымдағы сол кейіпкерлер бар шығар. Мәселен, «Сатантангодағы» Irimiás пен дәрігер, «Қасіреттегі» Mr.Eszter немесе жаңа шығармамдағы Барон қатарлылар. Олар абсолютті. Олар тірі, олар мәңгілік өңірде. Мешкинді ойдан құрастырылған деп айтуыңызға болама? Әрине, болады. Бірақ, бұл шындыққа жат. Мешкин басқа біреулер, Достоевский арқылы реалдыққа енген болса да, бірақ дәл қазіргі біз үшін нақты адам. Сондықтан, өлмес шығармалардың кейіпкерлері жай адамдардан тұрады. Бұл құпия жағдай болса да, бұған құлай сенемін. Мысал алсам, «Сатантангоны» жазып, бірнеше жылдан соң, шарапханада біреу иығымнан қақты. Дәл осы шығармамдағы Halics екен. Рас айтып отырмын. Қалжың деп қарамаңыз! Шығарма жазуда өте абайшыл болып кеткенімнің себебі осы. «Соғыс және соғыстың» түпнұсқасы басылым көрген нұсқасымен парықты. Бастапқы жүз бетінде Korinнің өзін ойран еткені жазылған. Бірақ, кейін осы күйге түскен оны жолықтырып қалсам, оған қол ұшын бере алмаспын деп ойдадым. Ол осы аядай ауылда арқандаған аттай қалады-ау деп алаңдап, шығармамда оны сол ауылдан алыстатып, өмірінің соңғы сәттерінде әлемнің кіндігіне бару арманына қол жеткіздім. Солай, ол кезде Ню-Йорк болады-ау деп те ойламағанмын. Оның сол бір сырт ауылда мәңгі ғұмыр кешетін хикаясынан өзімді азат етуддегі тәсілім еді. 

− «Адамзат адамиланған дүниеде өмір сүріп отыр», - деген сөзіңізді ойлап отырмын. Кейде, роман ұшқалақтықпен адамиланып кеткендей сезіле береді. Сегізаяқтар, балдырлар қайда? Сіздің романдарыңызды ұнатуымның бір себебі – олар тар өрістілікпен адамдармен ғана шектелмеуі тиіс. Бірақ бұл парадокс сияқты сезіледі. Олар тағы не болуы мүмкін?

− Бұл өте маңызды. Романның құрылымы әсіре адамиланып отыр. Баяндаушының мәселесі маңдай алды мәселе болатын себебі осында. Мәңгі осылай бола береді. Әңгімелеушіні романнан қалай қағыс қалдыру керек? Жаңа шығармамда, әрбір беті түгелдей адамдардың кеңесі, бұл әңгімелеушіден сақтанудың бір тәсілі. Бұл тек бір шеберлік. Мен сіздің көзқарасыңызға қосыламын, шығармалар мен дүниенің құрылымы түгелдей адамиланған. Бірақ, маған біреу құрылымсыз әлем мен құрылымды адамзат арасынан таңдау жаса десе, адамзатты таңдар едім. Ғарыштың не екенін білмейміз. Ақылдылар бізге: «Ойлаудың қажетсіздігі осы, ойлау сізді ешқайда апармайды», - дегенді айтады. Сіз тек қате түсінік сынды осы алып ғимаратқа асыласыз да отырасыз, ал қате түсінік – ол мәдениет. Мәдениет тарихы дегеніміз ұлы ойшылдардың қате түсінік тарихы. Сондықтан біз әманда нөлден бастауымыз керек. Солай болғанда, мүмкін түсінбеуге орай табасыз, кем дегенде одан әрі қате түсінуден арыласыз. Өйткені, бұл мәселенің екінші жағы − мен шынымен де адамзат мәдениетін тұтасымен жоюға соншалықты батылмын ба? Және адамзат жаратылысындағы сұлулықтан сусындауын тоқтатуға? Жоқ деп айту қиын.

Жалғасы бар.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan