«Абай әлемі – мәңгілік мұра» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Абай Құнанбайұлының өмірі, шығармашылығы және рухани мұрасына арналған бұл конференция Абайдың шығармашылық мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, әдеби, философиялық және ағартушылық идеяларының бүгінгі қоғамдағы маңызын талқылау, сондай-ақ абайтану ғылымының өзекті мәселелерін қарастыру, халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту мақсатында өткізілді.

«Абай әлемі – мәңгілік мұра» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті - adebiportal.kz

Ұлы ақын, ойшыл дана Абайдың туған күніне орай Астана қаласында көптеген рухани-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – 2026 жылы 10 тамыз күні, сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында өткен «Абай әлемі – мәңгілік мұра» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция.

Абай Құнанбайұлының өмірі, шығармашылығы және рухани мұрасына арналған бұл конференция Абайдың шығармашылық мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, әдеби, философиялық және ағартушылық идеяларының бүгінгі қоғамдағы маңызын талқылау, сондай-ақ абайтану ғылымының өзекті мәселелерін қарастыру, халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту мақсатында өткізілді және оған белгілі абайтанушы ғалымдар мен әдебиеттанушылар, зиялы қауым өкілдері сондай-ақ Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Армения Республикасының ғалымдары мен зерттеушілері, ғылыми-білім беру ұйымдарының, мәдениет мекемелерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жас ғалымдар, докторанттар, магистранттар және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Конференция аясында ұлы ақынның өмір жолымен кеңірек таныстыру мақсатында «Абай - тұтас бір әлем» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Бұл көрмеде ақын шығармаларының сирек кездесетін және алғашқы басылымдары, Абай мұрасына арналған ғылыми зерттеулер, архивтік құжаттар, сондай-ақ оның өмірі мен шығармашылық жолын, қазақ және әлемдік мәдениетке қосқан тарихи үлесін танытатын басылымдар қойылды.

Іс шара онлайн және офлайн форматта өтті. Іс-шараның тізгінін ұстаған филолог ғалым, ақын Аманжол Әлтаев бүгінгі конференцияның маңызына тоқталып өтті: «Бүгінгі конференция жұмысына қатысып отырған барша қауым, дипломатиялық корпус өкілдері және Абай мұрасын рухани азығына айналдырған Қазақстан жастары! Бүгінгі конференция жұмысына қатысып отырған қауым! Баршаларыңызды бүгінгі біз үшін қастерлі де қымбатты Абай күнімен құттықтаймын! 

Абайдың өлген күнінен қаншалықты алыстасақ, Абай рухына соншалықты жақындаймыз», - деп Міржақып Дулатұлы айтқанындай, Абайдың үлкен, алып тұлғасын ұлықтау, Абай мұрасына бойлау, Абайдың рухани мұрасын жаңғырту белгілі бір уақытпенен, белгілі бір мерейтойларменен шектелмейді. Өйткені Абай – өткеннің де, бүгіннің де, болашақтың да алтын қазығына айналатын өміршең, мәңгілік тұлға. Абай мұрасы ел болып бірігуімізге, ұлт болып дамуымыз үшін жол ашатын қастерлі құндылық», - деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы қадап айтқаны секілді, расында да Абай мұрасын сіңіру – бүгінгі біздер үшін де, келешек ұрпақ үшін де қашан да қастерлі. Ардақты ағайын! 

Жүрегімнің түбіне терең бойла, 

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла, -

деген хакім Абай бір дәуірдің ғана өкілі емес, кешегінің де, бүгіннің де және болашақтың да жол нұсқаушысы болатындығы ақиқат. Біздің ұлтымыздың рухани ата заңын мәңгілік классикалық формада жазып кеткен, ар ілімінің негізін қалыптастырған осынау алып Абаймен біз бүгін сырласатын, ой тоғыстыратын боламыз. Және де алыс-жақын шетелдерден осы конференция жұмысына қатысатын меймандарымыздың, ғалымдарымыздың ой-пікірлері арқылы жаңаша үлкен биіктікке қадам басатын боламыз. 

Құрметті конференцияға қатысушылар! «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген хакім Абай тек қана қазақ ұлтына ғана үн қатпайды, адамзат баласына, адамзаттық өркениетке үлкен ой тастаған, соның дамуына үлес қосқан. Абай жөнінде ой толғау – ол тек қана қазақ ұлтының еншісіндегі дүние емес. Сондықтан да бүгінгі «Абай әлемі – мәңгілік мұра» ғылыми-тәжірибелік конференциямыздың халықаралық сипат алуының да үлкен маңыздылығы осына шығар деп ойлаймын. Конференциямыздың алғашқы құттықтау сөздің кезегін біздің руханиятымыздың қастерлі қара шаңырағы Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Күміс Қарсақбайқызы Сейітова берейін.»

 

Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Күміс Қарсақбайқызы Сейітова өз сөзінде конференцияға келген барша қауымға алғыс білдіре отырып, кітапхана ұжымы атынан Абай күнімен құттықтады. Кітапхана басшысы Абайдың өмірі мен шығармашылығын халыққа кеңінен танытып, насихаттауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімдеді: «…Кітапхана тұрақты түрде Абай оқулары, әдеби кештер, поэзия сағаттары, кітап көрмелері, танымдық кездесулер мен ғылыми-тәжірибелік конференциялар сияқты көптеген мәдени іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Одан бөлек кітапханамызда 2015 жылы ақынның 170 жылдық мерейтойына орай, Абай академиялық залы ашылғаны өздеріңізге мәлім. 

Кітап қорында ұлы ақынның сирек басылымдары, әдеби-философиялық шығармалары, поэмалары, қара сөздері, аудармалары, әндері, хаттары және т.б. жинақтары сақталған. Сондай-ақ абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалымдардың, атап айтқанда Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов, Мекемтас Мырзахметұлы, Зәки Ахметов, Рәбиға Сыздықова, Тұрсын Жұртбай тағы басқалардың ғылыми зерттеулері, монографиялары мен мақалалар жинақтары сақталған. Академиялық залдың ерекше құндылықтарының бірі – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы роман-эпопеясының әр кезеңдерде жарық көрген басылымдар жинағы. 

Хакім Абайдың бүгінгі туған күніне орай «Абай – тұтас бір әлем» атты кітап көрмесін де ұйымдастырып отырмыз. Көрмеде 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген Абай өлеңдерінің тұңғыш жинағының көшірмесі және әр жылдары шыққан жинақтары мен ағылшын араб, француз, қытай, жапон, орыс және т.б. тілдерге аударылған кітаптары қойылды. Былтыр қараша айында Эстония елінің Президенті Алар Карис кітапханамызға сылаған төрт жүзге жуық кітаптармен бірге, 1953 жылы алғаш рет эстон тілінде жарық көрген Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының екі томдығын сыйға тартты. Бұл бірегей басылым қазақ әдебиетінің халықаралық деңгейде насихатталуы мен мәдени байланыстардың жарқын үлгісі. Сондай-ақ өткен жылы Черногорияның астанасы Подгорица қаласындағы Ұлттық кітапханада Абай мәдени-ақпараттық орталығы ашылып, жүзден астам құжаттар табысталды. Алдағы уақытта Абай шығармашылығын насихаттау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Хорватия және Эстония мемлекеттерінде Абай орталықтарын ашу жоспарланып отыр. 

Жалпы соңғы он жыл ішінде Қытай, Түркия, Венгрия, Италия, Египет, Ресей және т.б. әлемнің бірқатар шетелдерінде осындай Абай орталықтары ашылды. Бұдан бөлек Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай арнайы электронды мәліметтер базасы әзірленіп, Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана қорына ақын шығармаларының арнайы материалдары топтастырылды. Сонымен бірге мәліметтер қорына 1945 жылы режиссер Григорий Рошаль мен Эфим Аронов түсірген «Песни Абая» көркем фильмі де енді. 

Ұлттық жазба мұраны сақтау мен ғылыми айналымға енгізу және көпшілікке қолжетімді ету – заман талабы болып отыр. Атап айтқанда ЮНЕСКО-ның әлем жады бағдарламасы аясында тізімге «Ғылым ордасы» қорында сақталған Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы бізге жеткен Абай шығармаларының топтамасы ұсынылды. Абай мұрасы – халқымыздың рухани коды, ұлттық мәдениетіміздің асыл мұрасы. Оның шығармаларын дәріптеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Құрметті қатысушы қауым! Құрметті елші мырзалар! Ұлттық академиялық кітапхана атынан сіздерге бүгінгі іс-шарамызға қатысып отырғандарыңызға көп рақмет айтып, конференция жұмысына сәттілік тілеймін! Рақмет!»

«Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының» төрағасы және құрылтайшысы Ермек Бейсембаев сөз алып, «Абай мұрасы – болашаққа бастар жол» тақырыбында баяндамасын оқыды. 

«Абайдың ғылым-білімге үндеген ойлары бүгінгі күні ерекше маңызға ие. Біз қазір үлкен өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Технология дамып, мамандықтар өзгеріп, адамдардың қарым-қатынас жасау тәсілдері жаңарып келеді. Алайда бір нәрсе өзгермейді. Ол: «Адам қандай болуы керек?» - деген сұрақ. Қоғамды не мықты етеді? Нағыз байлық дегеніміз не? Адамның өмірге мақсаты қандай? Абай бұл сұрақтардың жауабын ең алдымен адамнан іздеді. Оның түсінігіндегі білімді адам – тек көп білетін адам емес, ол ойлай алатын, жақсы мен жаманды ажырата білетін, өзгені құрметтейтін, адал еңбек ететін және өз ісіне жауап бере алатын тұлға. Сондықтан Абайдың мұрасын тек мәдени құндылық ретінде қабылдау жеткіліксіз. Бұл бүгінгі қоғам үшін де маңызды құндылықтар жүйесі. Біздің мақсатымыз – Абайды тек сөз жүзінде дәріптеу емес, оның идеяларын нақты істерге айналдыру», - деп атап көрсетті баяндамашы өз сөзінде. 

Ұлы Абайдың ұрпағы Ләйла Мухлисқызы Баймағамбетова сөз алды: «...Қазаққа жаны ауырған, оның болашағын ойлап, халық игілігіне барлық саналы өмірін жұмсады, мыңмен жалғыз алысты. Сол себепті Абайдың жүрегі қырық жамау. 

Жүрегім менің қырық жамау

Қиянатшыл дүниеден.

Қайтып аман қалсын сау,

Қайтқаннан соң әрнеден.

Өлді кейі, кейі – жау,

Кімді сүйсе бүл жүрек.

Кімі – қастық, кімі – дау,

Сүйенерге жоқ тірек, - 

деп Абай күнделікті зорлықпен, надандықпен, әділетсіздікпен күрескен. 

Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен, -

деп мұң шағады. Абай өз халқының ең үлкен жанашыры:

Біріңді қазақ, бірің дос,

Көрмесең – істің бәрі бос! –

деген керемет өсиеттері бізге бойтұмар іспетті болуы керек. Ұлы Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың мақтанышы. Ұлт мәдениетін, сөз өнерін әлемге паш еткен, өшпейтін артына сөз қалдырды

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған? 

Абай мәңгі. Абай ешқашан ескірмейді. Абайдың асыл сөздері мәңгі. Рақмет!

Қазақстан Республикасындағы Қырғыз Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Құдайберген Базарбаев мырза сөз алып, екі туысқан елдің рухани қарым-қатынасындағы Абай тұлғасының, шығармашылығының маңызы туралы тоқталып өтті. 

Қазақстан Республикасындағы Сербия Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Владимир Йовичич мырза ақын өлеңдерінен мысал келтіре отырып, Абайдың ар ілімі, білім-ғылым игерудің маңызы туралы тоқталып өтті.

Қазақстан Республикасының Біріккен Араб  Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Рауан Жұмабек мырза онлайн қатысымда сөз алып, Абай мұраларын халықаралық деңгейде насихаттау тұрғысында әр жылдары атқарылған игілікті істерге тоқталып өтті. 

Өзі онлайн қосылып отырған орын-жай – БАӘ-індегі Қазақстан елшілігінде ашылған Абай танымдық-мәдени залы екен. Онда Абай мұралары мен ол туралы шетел ғалымдарының еңбегі жинақталған. Келген қонақтар ұлы ақын шығармашылығы туралы араб және ағылшын тілінде танысуға мүмкіндік бар екен. Абайды әлемге таныту біздің қастерлі борышымыз. Сондықтан ұлы ақын шығармашылығын шетелде насихаттау жұмыстары өз жалғасын табады. Осылайша келешекте шетелдіктер қазақты Абайдың халқы деп айтатын дәуірге жететінімізге сенімім мол», - деді елші мырза.

Филология ғылымдарының докторы, Хейлунцзянь университетінің профессоры Ирина Карабулатова өзінің онлайн баяндамасында Абай шығармашылығының аударылу мәселесіне тоқталды.

Қазақстан Республикасындағы Татарстан Республикасының Өкілетті Өкілдігі басшысының орынбасары Ольга Ульданова ханым бауырлас екі халықтың арасындағы Абай мұраларын насихаттаудың тарихы, барысы туралы тоқталып өтті. 

Татардың көрнекті қаламгерлерінің қатысуымен Абай туындылары татар тіліне аударылумен қатар, Қазан Федералды университетінде Абай залы жұмыс істеп тұрса, 2025 жылы Қазанда қазақтың ұлы ойшылының кеудемүсіні орнатылған. Бұлардың барлығы – Абайдың ұлттар мен халықтарды біріктірудегі орасан әлеуеті», - деп атап көрсетті баяндамашы. 

Абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбыраев «Абайтанудың заманауи аспектілері және мәтінтану проблемалары» тақырыбында баяндама жасады (Бұл дәрістің басқы бөлігі «Қаламгер ұстаханасы» жобасы бойынша порталымызда жарияланған болатын. Екінші бөлімі осы аптада жарияланады).

ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Абай тіліндегі «ғылым» сөзінің қолданысы баяндама жасады. «Біздің бүгінгі сөзіміз Абай шығармаларындағы «ғылым» сөзінің қолданысына арналады. Біз лингвист ғалым болғандықтан, негізінен адамды, тұлғаны сөзі арқылы тану жағынан қараймыз. «Сөзің – өзің» деген сөз бар, қазақта. 

Сөзі арқылы, тілі арқылы жеке адамды да, тұтас бір халықты да тануға болады. Өйткені,  сол сөзді, сол тілді туғызған – халық. Сол тілдің ар жағында халық, оның тұлғалары тұрады. Абай – біздің осындай бетке ұстайтын қазақ десек, қазақ тілі десек, қазақ әдебиеті десек аузымызға алғаш, бірінші ілігетін тұлғамыз», - дей отырып, Абай тіліндегі ғылым сөзінің алуан мәнмәтіндегі қолданысы туралы кең көлемді баяндама жасады. Бұдан кейін сөз алған баяндамашылардың сөздері де бүгінгі конференцияның мақсаты аясындағы үдеден шығып жатты. 

Конференция барысында Абайдың шығармашылық мұрасының қазіргі қоғамдағы маңызы мен өзектілігі, оның философиялық және гуманистік көзқарастары, ұлттық сананың қалыптасуына қосқан үлесі, қоғамның рухани дамуына, мәдениет пен білім беру саласының өркендеуіне қосқан үлесі жан-жақты талқыланды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan