Абай көрсеткен Болмыс ілімі
Теолог, философия ғылымдарының докторы Досым Омаров өз мақаласында Абай танымындағы Болмыс ілімі, яғни рухани білімді қабылдаудың алғышарты туралы қарастырады.
Әуелі Болмыстың не екеніне тоқталайық. «Болмыс» ұғымының түбірінің өзі «бол» деген сөзден шығып тұрғандықтан, ол барлық «болғанды», яғни не бар болса соның барлығын қамтиды. Ол шексіз, мәңгілікті Абсолют.
Хакім Абай бұл тұжырымды өзінің отыз сегізінші қара сөзінде былай деп береді: «Бiз Алла-Тағала «бiр» деймiз, «бар» деймiз» деп, әрі қарай «Ол «бір» деген сөз Алла ғаламның ішінде, ғалам Алла-Тағаланың ішінде» деп түсіндіреді. «Бір Алла-Тағаладан басқа ештеңе жоқ, және Ол ғаламның ішінде, ал ғалам Алла-Тағаланың ішінде» деген ұғымның өзі толық және бүтін толық Болмыс көрінісін береді. Осылай Алла-Тағала мен Болмыс бір ұғым, яғни, Болмыс Алла-Тағаланың көрінісі екенін түсінуе болады. Абай да «Ғұмыр өзі – Хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмалат жоқ» деп Болмыс (Ғұмыр) өзі Алла тағала (Хақиқат) екенін жазады.
Болмыс ілімі бірлікті бұзбайтын толық білім. Бұл ілімді Абай отыз сегізінші қара сөзінде былай деп анықтап береді:
«Қашан бiр бала ғылым, бiлiмдi махаббатпенен көксерлiк болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла-Тағала танымақтық, өзiн танымақтық, дүниенi танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәлiб мәнфағат дәфғы мұзарратларны (пайдалы және залалды iстердi) айырмақлық секiлдi ғылым-бiлiмдi үйренсе, бiлер деп үмiт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала".
Абай әуелі Болмыс ілімін, яғни рухани білімді қабылдаудың алғы шартын айтады. Ол – ғылым, білімді махаббатпен көксерлік екен. «Сонда ғана оның аты адам болады» деп ғұлама бұл адамдықтың шарты екенін нақтылай түседі. Болмаса оларды «жарым адам» қатарына қосады. Махаббатпен көксеген кезде ғана ғылым-білім жүрекке ұялап, түйсікке жетеді. Ол қандай ғылым-білім? Әрине, махаббат арқылы қабылданған рухани ғылым-білім болса керек. Мұны «Алла-Тағаланы танымақтық» деген Алла-Тағаламен байланыстырып тұрған екінші жолдан көреміз. Алламен байланысқан білім рухани, толық болып, ал тек қана дүниемен байланысқан білім материалдық, сондықтан, жартылай білім болып табылады. Абай өзі «Жан құмары дүниеде немене екен? Соны білсең, әрнені білгендерің» деп жұмбақтай келіп, оның шешуін «білмекке құмарлық» деп жан құмары білімге ұмтылу екенін көрсетеді. Жан болмысы рухани болғандықтан, әрине, оның құмарлығы да рухани болуы қисынға келіп тұр. «Болмаса жоқ, ең болмаса шала» деп Абай бұл жерде де адам болудың бірінші шарты Алла Тағалаға сеніммен иманды болып, рухани ғылым-білімге ұмтылу керек екенін ескерткен. Абай осылай толық бiлiмдi қабылдау шарты «махаббатпенен көксерлiк» деп бередi.
Сонан кейiн толық білімнің не екенін көрсетеді. Ол білім - Болмыстың төмендегідей төрт негізі.
Бiрiншiсi, Алла-Тағаланы танымақтық, бұл – Алла-Тағаланың жасампаз, жаратушылық сипатын тану. Екiншi, өзiн танымақтық, бұл – адамның өз болмысын, яғни өзін-өзі және басқа да жан иелерiн тану. Үшiншi, дүниенi танымақтық, бұл – қоршаған ортаны, бүкiл табиғатты тану. Төртiншi, өз адамдығын бұзбай әрекет етіп пайдалы және залалды iстердi айырмақлық. Бұл – iс-әрекеттiң мән-мәнiсiн, оны қалай және не үшiн жасауды тану. Болмыс ілімі Оның ішінде болғандықтан, Болмыстың бір көрінісі болып табылады. Сонымен, Абай Болмыс ілімінің, яғни Абсолюттiң төмендегiдей төрт негiздерін көрсетеді:
1. Жаратушы (Алла Тағала сипаты).
2. Жан иелерi.
3. Қоршаған табиғат (жаратылыс).
4. Iс-әрекет.
Бұлардың алғашқы екеуі Болмыстың рухани бөлігін тану болса, соңғы екеуі материалдық бөлігін тану болады. Бүкіл Болмыстың негізі рух болғандықтан, оларды бірінен бірін бөлмей, тұтас қарастырғанда, рухани білім болып табылады.
Сонымен, Абай бабамыз шексіз Болмыс ілімін бір жүйеге салып, оның рухани негізін беріп кеткен. Бұл жүйе біртұтас. Оны бірінен бірін бөліп қарастыруға болмайды. Себебі, оның негізі бөлінбейтін біртұтас рухани негізде жатыр. Болмыс ілімі бірінен-бірін бөлуге болмайтын материалдық және рухани деңгейлерді бірдей қамтитын толық, біртұтас білім жүйесі болып табылады. Болмыс көріністерін толық қабылдағанда ғана Онымен үйлесімді өмір сүруге болады.
Рухани білімді игеру үшін ең әуелі оның маңызын түсініп, пайдалы білім мен пайдасыз ақпаратты айыра біліп, және оның шыққан көзі мен оны қалай қабылдау керектігін жақсы біліп алу керек. Білім түрлерін қабылдай білудің маңызы бүгінгі күндердегі интернет жүйесінің қарқынды дамуы кезінде аса өзекті болып табылады. Бүкіл әлемді қамтыған шексіз ақпарат жүйесінен әрбір адам өзіне пайдалы мағлұматтарды ғана қабылдай білуі керек.
Адам өміріне керекті Болмыс ілімін Абай осылай түсіндіріп, толық беріп кеткен. Ол Алла-Тағаланың сегіз сипатын беріп, және Жаратушылық хикметтерін суреттейді. Осылай Алла-Тағаланың адамзатты махаббатпен жаратқанын, сондықтан «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» деп көрсетеді. Жан иелеріне келетін болсақ, сансыз көп жан иелерінің арасындағы адамдардың алатын орнын көрсетіп, олардың сипатын, артықшылығын және өмірдің түпкі мақсатын береді. Рухани білім арқылы өзіміздің тән емес, білімге толы ләззатқа бөленген мәңгілікті жан екенімізді және Алламен байланысымызды түсіндіреді. Егер бұл әлемнің тұрақсыздығын, Абай өзінің отыз сегізінші сөзінде ескерткендей, тәніміз біз үшін уақытша қабылданған қонақ үй, немесе, өмірдің арғы жағалауына өтуге берілген кеме екенін түсінсек, сонда ғана өзіміздің мәңгілікті үйімізге, Түп Иеге қайтуға бет бұрамыз. Рухани біліммен өмірдің түпкі мақсатын ашып, өзіміздің кім екенімізді, қайдан келіп, қабырдан әрі өткенде қайда баратынымызды түсінеміз.
Бүкіл заттық әлем, қоршаған табиғат, сонымен бірге денеміз, біз үшін өмір өзенін кесіп өтетін кеме тәрізді. Кемені дұрыс пайдаланып, бұл шексіз өзенді кесіп өту үшін әуелі оның құрылысын жақсы біліп, жасалған материалдарды қайдан алып, қалай пайдалану керектігін білу керек. Яғни, материалдық әлемнің бөліктерін, олардың қасиеттерін, қалай пайда болуы мен қайнар көзі туралы білуіміз керек. Сонда ғана Алланың берген кемесін Абай көрсеткен өмірдің түпкі мақсатына жетуге дұрыс пайдалана аламыз.
Әрекеттің не екенін, оның маңызын түсініп, заман талабымен оны дұрыс пайдалана білудің маңызы өте зор. Яғни, жаман мен жақсыны айыра біліп, қандай әрекеттің пайдалы, ал қандай әрекеттің пайдасыз екенін білу керек. Мұндай білім тек қана әрекет барысындағы тәжірибе арқылы ғана келеді. Күнделікті көретін жақсы мен жаман, қуаныш пен қайғы тәрізді көңіл көріністері фәни өмірдің толқындары. Олардың себебі мен салдарын жақсы түсініп, дұрыс қабылдай білсек, сонда ғана әрбір құбылыс белгілі бір заңдылықтың аясында екенін түсінеміз.
Сол заңдылықтарды түсініп, өмір толқынын жетілу жолында пайдалана білгенде ғана кемеміз алға жылжи алады. Егер олай жасай алмасақ, рухани жолда ғана емес, күнделікті өмірдің өзінде де үлкен қиыншылықтарға жолығып, түпкі мақсатқа жете алмай, өмірдің шырғалаңынан шыға алмай қаламыз. Өмір толқынында кемеміз суға батып, яғни, түрлі күтпеген ауруларға шалдығып, зардап шегеміз.
Абайдың берген Болмыс ілімін «Абайдың рухани мұрасы» атты кітабымызда толығымен қарастырғанбыз. Өкінішке қарай, бүгінгі ғылым жүйелері Болмыс ілімінің бірлігін бұзып, оны түрлі салаларға бөліп қарастырады. Соның салдарынан, ғылым түрлері бірікпей, олардың нәтижелері өмірді бөлшектеп қарастырады. Ал өмір Болмыстың бір бөлігі болғандықтан, ол да біртұтас. Өмірді бөліп қарастырғандықтан, ғылыми нәтижелер адамзат игілігіне емес, керісінше, оған кері әсерін беріп, кейде пайдасынан зияны көбірек болып кетеді. Бүгінгі күндердегі адамзат қоғамындағы ядролық соғыстың болу қаупі туындауы соның бір көрінісі ғана.
Абайдың терең ойларынан адам өмірі ғана емес, бүкіл Болмыстың түпкі мәнін табамыз. Ол бүкіл Болмыстың, оның ішінде адамзат өмірінің мақсаты және оған жету жолы қандай екенін тезисті түрде берген. Бұл Абай мұрасындағы рухани жетілудің негізгі бағыт-бағдарламасы.
