Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Абай Мауқараұлы. Мұхтар мен Мұнайдар I бөлім...

12.07.2024 2569

Абай Мауқараұлы. Мұхтар мен Мұнайдар I бөлім 14+

Абай Мауқараұлы. Мұхтар мен Мұнайдар I бөлім - adebiportal.kz

Мұхтар деп, қазақ әдебиет әлеміне мәшһүр ағамыз Мағауинді айтып отырмын. Мәшһүр сөзі де көтермелеу емес, осы кісінің нақты анықтамасы демекпін. Оған бір дәлел, бүкіл қаламгерлік өмірінде  өте аз сұхбат берген, соның ішінде ең соңғы, биылғы ақпан айының басында ютүб-арнасында журналист Ая Өміртай атты қызбен әңгімелесуі бүкіл қазақ тілді оқырманды (көрерменді деу дәлірек) тағы бір дүрліктіріп тастағыны дер едім. Ол сұхбатта өткен алпыс жас кезіндегі айбын азайған, жетпістегі жігер де жасығаны байқалса да, сол баяғы мәшһүрлігімен көрерменді «Мұхатар ата, тағы не дер екен!?» дегізгені сөзсіз, содан да сонша көп көрілім болғаны анық. Былайша айтқанда, қазақ тілді аудиторияда жиі кезіге бермейтін жарты миллионнан астам көрілім болды. (522 000)

Әрине, сексеннің сеңгіріндегі қариялық жастың момақан, байырқалаған ой-толғаулары көңілге жылы тиеді, өйткені, Совет кезеңінде әбден қорланып мазаққа ұшыраған Қазақ тарихының мың жылдық толғауын тарқатты. Алтын Орда қағанатының  елеулі кезеңдерін еске салды. Әрине, Советтің жалмауыз цензурасы кезінде жанкештілікпен «Алдаспаннан» бастап «Бес ғасыр жырлайды» деп, тұншыққан қазақ руханиатын тірілткен, тәуелсіздіктің алғашқы жылы өз тарихынан жұрдай тобыр көпшілікке арнап «Қазақ тарихының әліппесін» жазған ғалым-қаламгердің ауызынан шыққан әрбір дерек қазақ қауымына құнды екені даусыз.  Дегенмен негізгі мазмұн әдебиет, соның ішінде ешкім емін таппай жүрген әдеби сынға – сөзі сынына «қарт жанартау» тағы бір бұрқ еткен жалын-ойын айтыпты.  Міне, осы жазбаны қолға алуыма сол «жанартау-ойдың» «ыстық лава» пікірлері қозғау салды.  Көп уақыттан бері көкейімде шемен боп жүрген, «Сынның сыны» дейтін сөз өнеріне арналған өзімнің жеке талғамыма дөп келетін  жазушының толғамды ойларына қатысты осы сыни-эссемді қолға алуға ден қойған едім. (Бұған дейін осы ұстаным бойынша, «Қуандықтың суреткерлігі» (Қаламгер порталы, 29-09-2019),  «Кеңес Юсүп және Жүз жылдық жалғыздық» (Мәдениет порталы,19-02-2021 «Сөзбен сомдалған симфония яки Асқардың Адасқағы» т.б. (Жұлдыз журналы, 2023-жыл 5-нөмірі) атты сыни-эсселер жазғам-ды). Осы аралықта республикалық  «Мәдени порталда»  жазушының «Әдеби көркем сын төңірегінде» (13-05-2024) мақаласы жарияланып, әлгі сұхбатта аталған сын туралы ойлары көлемді сараптамаға айналғанын байқадым. 

«Шын мәнінде, қазақ әдебиет сыны өз заманынан елу жыл емес, тура жүз жыл – бір ғасыр кешеуілдеп тұрғаны анық.  Міне, қараңыз, Қазақтың терең талдауға құрылған, толымды, мән-мағыналы әдеби сыны – Жүсіпбек Аймауытовтың Мағжанның ақындығы туралы әйгілі мақаласынан бастау алады. 1923 жыл. Бастау ғана емес, ақыр соңы. Бұдан бергі тұтас бір ықылымда алға басқан жоқ, әлем әдебиетінде бұрын-соңды болмаған сауатсыздыққа ұрындық. Әдеби сын – көркемдік танымның өзіндік өлшемі, барды бағалаушы ғана емес, ендігі жаңа өріске жөн сілтеуші, танымдық және ойшылдық қасиетінен де біржола айырылып, үкімші, нұсқаушы қызметіне жегілді. Әлбетте, балшабектік дүмше көзқарас, қатаң қыспақ  және бұлтарыссыз жарлық нәтижесінде». 

Иә, атақты «он алтының көтерілісіне» дейінгі жүз жылдықта Ақ патша қазақтың жер-суын өзінің меншігі еткенімен қоймай, адамдарын құл санауы – алаш жұртының намысына тиіп арты алапат көтеріліс, соңғы қанды төңкеріс, жалғасы  жаппай аштық-қырғын,  атамекеннен безіп жансауғалаған босқыншылдық,   соңы Алаш арыстарының түгелдей жазаланып атылып кетуі, келесі кезеңде Герман мен  Ресейдің басқыншы соғысына қатысқан қазақ азаматтарының  орасан шығынға ұшырауы, осыншама бәлекеттен тұрғын халқы сиреп қалған елді-мекендерді бөтен жұрттың иеленіп алуы, оны бүлдіріп аяусыз жыртып талқандауы... деген ел мен жерді күйреткен «қырық жылғы қырғын» аталған қаралы оқиға Қазақ халқының басынан өтті. Әйтседе, жиырма мен отызыншы жылдардың арасындағы сәл тыныс, аз мұрсатта  Алаш ардагерлері халқы үшін ғасырға татыйтын іс тындырып кетті, көсемдері қазақ шекарасын шегендеп, басқасы мектепке арналған бір-бір оқулық, үлгі боларлық әдеби мұра қалдырды.  Міне, Мұхтар ағамыздың жоғарыдағы үзіндіде Жүсіпбек пен Мағажан жайлы айтқан хабары осы. Қазақ әдеби сынын алғаш жазған Жүсіпбек, «Ақбілек» атты ғажап реалистік романды да жазып кетті. Тоқсаныншы жылдан кейін «Ақбілек» қолымызға тигенде ғана, «Ботагөз» бен «Тоқаш Бокинді» оқып, «қазаққа бақыт әкелген октябрь» деп айналған басымыз, кейін жазылған «Өз отыңды өшірме»  мен «Аманай мен Заманайды» оқып, «қашқын қазақ» деп, айныған жүрегіміз, сәл-пәл сауыққандай болған-ды. 

«Ақбілек» романы Советтік өкіметтің кезінде жазылғандықтан ақтардың қазақ ауылына жасаған лаңын ғажап шынай көрсетумен қатар сол кезеңдегі қазақ жұртының да нақты жағдайын кемел суреттеуі тіпті кейбір тараулардың публицистикалық нақтылықпен жазылуы, «Советтік социалистік реализммен» әбден уланған санамызға сап рухани самал-жел сынды болғанын айтар едім.  

Мұхтар ағамыз  анықтамасын қысқаша берген «...балшабектік дүмше көзқарас, қатаң қыспақ  және бұлтарыссыз жарлық...» деуі, осы өмірлік ашық ақиқатты жасырған, жалған жалалармен толтырылған әдебиеттің басталуы еді. Осылайша жазылған шығармаларды «Мазмұны социалистік, түрі ұлттық», «Кейіпкері коммунистік моральға сай, іс-әрекеті социалистік жарыспен көрінген» дейтін, сынның «сара бағытын» сызып қойды. Сөйтіп, шығармадағы кейіпкерлерді, «жағымды, жағымсыз, оңбаған бай, обал кедей» деп бөлетін үрдіске жол салынды. Яғни, жазушы өмірден алшақ, өз көңіліндегі жасанды кейіпкерлерді жасауға мәжбүр болатын, соңында соған өзі де сеніп рухани жандүниесі оны да сезуден қалған, ал оқырмандары оны өзінің идеалы етіп алатындай кейіпкерлер галериясы жасақталды. Адамзаттың мәдени өмірінде бұрын-соңды болмаған мұндай әдебиетті «Пролетар әдебиеті» («кедейлер әдебиеті» күлкілі емес пе!?) деп, атады. Бір ғажабы «кедейлер әдебиетінің» әсері мен нәтижесі өте жоғары болды, осы әдебиетті жасаушы өкілдері алғашқы жылдарда-ақ үлкен сыйлыққарға ие болып, «ұлы ақын, ұлы жазушы» деген атақ тағып, тірісінде сый-құрметтің төрінде, қаламақының үріп ұрттайтын теңізінде шалқыды, өлген кезінде де «алыптар шоғыры» деп, әспеттелді.  Ал, осы сел боп тасып жатқан «кедейлер әдебиетімен» сусындағын тобыр оқырман, «Социализмнің салтанатты құрлысын салып бітіп, коммунизмнің шырқау шыңына шарқ ұрған совет халқы» ретінде тәрбиеленіп жатты. Әсіресе, «бақытқа кенелген қазақ халқы» мың жыл жасаса да соры қайнаған өзінің ана тілін тәрк етіп, Хақ дінін қақ шекесінен бір теуіп, қанына сіңген салт-дәстүрін ескіліктің қалдығы ретінде қарғап-сілеп, бүкіл совет халқының ішінде, «маңдайы жарқырап» алдыңғы орынға шықты. Міне, мұны «кедейлер әдебиетінің» нәтижесі емес деп көріңіз! Бұған бас шайқап, тұрып таңқаласыз! Қалайша бұлай, деп?!  Әрине, тек-тамырын зорлықпен ұмыттырып,  жалғанмен жадын жадылап, жартыкеш ақылмен қалған қара тобырды осылай етуге болады, екен! Қазіргі Қазақ халқы соның бірден бір мысалы.  Енді, осындай боп қалған халықтың жадын қалпына келтіру, жер сілкінісінен қирап қалған қаланы қалпына келтіруден жүз есе қиын болуда. Соның ішінде әдебиетін, әдебиеттің ішінде сынын. Өйткені, «қырық жылғы қырғында» (1916-1956) айтылмаған ақиқатты айтатын жазушы шыға ма? Шықса, оған сенетін адам бар ма? Ондай, шығарманы бағалайтын сыншы бола ма?  Күмәнді! Жалған әдебиет, жалған сынмен тәрбиеленген бір дәуірлік өтірікке үйренген «қоғамдық сананы» сауықтыру қиынның қиыны, әрине!  Осы, сыни-эссенің бас кейіпкері болып отырған Мұхтар ағамыз тоқсаныншы жылдың бел ортасында осы іске тәуекел етті. «Сары қазақ» ромнын жазып шықты. Бұл шығарманы «Жұлдыз» журналынан алғаш оқығанда, өз басым тұмшаланған советтік санамда жарқ етіп найзағай оянғандай әсерге бөлендім. Қазақ даласында болған қасіретті алғаш рет танып, «соцреализм» шығармаларының  жалғандығын ұқтым. Қуанғанымнан сол кезде Мұхтар ағамның атына «Жұлдыз» журналы арқылы хат жазғаным есімде. Жұлдыздың сол кездегі оқырманына «Сары қазақ» тосын шығарма ретінде көрінгені сөзсіз, әйтседе, мұны әдебиеттегі ақиқаттың айтылуы деп, ойлай қоймаған шығар.  Егер, шынында қарапайым оқырман, мұны еш айтылмаған дәуір шындығы деп, түсінген болса, сыншылар жағы жалаулатып жазуға тиіс еді. Олай болмады,  Мұхтар ағаның сыпатаған «...Әдеби сын – көркемдік танымның өзіндік өлшемі, барды бағалаушы ғана емес, ендігі жаңа өріске жөн сілтеуші, танымдық және ойшылдық қасиетінен де біржола айырылып, үкімші, нұсқаушы қызметіне жегілді...» дейтін ұстанымдағы Қазақ-советтік сын, сол «темір-бетон» күйінен оңай өзгермейтінін тағы көрсетті, түк болмағандай тырс етпеді. Ал, «Сары қазақты» қазір қайта еске түсірсем, Мұхтар аға, өзін «соцреализмнің» бұғауынан шыққанын осы шығармасы арқылы ашық паш етсе де, романдағы оқиға, кейіпкерлері қияли тұрғыда сомдалған, қызыл төңкеріс пен советтік-фашистік жүйені әшкерелеген символдық шығарма болды. Әйтпегенде, кең көлемде алсақ Семей өлкесінде, кішірейтсек Шұбартау өңірінде қызыл төңкерістің қанды іздері мен  аштық пен босқындықтың неше-ата оқиғалары Мұхтар ағаның санасында сайрап тұрғаны белгілі еді, әйтсе де ондай тарихи, ақиқи деректерге бармады.  Міне, дәл осы тұста тақырыптағы Мұхтар ағаның атына қосақтап жазған «Мұнайдар» деген атаудың мәнін айтудың кезегі келді. Бұл, осыған дейін, «Абадан», «Баянқара», «Жалқара» атты көлемді романдар мен тағы сондай хикаят, әңгімелерінде бөрілер мен жылқыны бас кейіпкер етіп, оларға ерекше аты-жөн қойып, адамдармен қоян-қолтық араласып кететін, ғажайып оқиғаларға толы бөлек бітімді шығармашылығымен қалың оқырманға танымал болған  Ақжайық өлкесіндегі оралдық қаламгер Мұнайдар Балмолда. (Әнші Димаштың «Тағдыр маған махаббат бер!» әнінің сөзін жазған)  Бұл сыни-эсседе қаламгердің ең соғы жазған «Ақжан мен Ақжібек» дилогиясы  жайлы ойларымды ортаға салмақпын. (Өзі романды «Ақжібек» деп атаған еді, ұсыныс бойынша атауға Ақжан есімі қосылды). 775 беттік қолжазбаны түпнұсқадан редактор ретінде оқып шыққанымда, баяғы тоқсаныншы жылдары Мұхтар ағаның «Сары қазағын» оқыған кездегі аласапыран көңіл-күйдің көкжиегі мүлде кеңіп кеткені сонша, Мұнайдарға алғашқы эмоциямды ватсаппен жазып та жіберіппін: «Мұнайдар бауырым, Қазақ-совет соцреалистік әдебиетіне төңкеріс жасадың,  «Сары қазақты» он есе орайтын роман болған екен!» деп...  Иә, эмоция бір басқа да, дәлел-дәйекпен айту мүлде басқа екені аян. Сондықтан да, осынша көлемді романның мазмұнын түгел шолу қисынсыз екенін біле тұра, жоғарыдағы аталған  Қазақ елінің басынан өткен «Қырық жылғы қырғын» оқиғаларын бұл дилогияда қалай қамтығанын баяндай алсам да оқырманға көп жағдай түсінікті болар деп, пайымдадым.  Романның алғашқы тарауы «Жуантөбе» деп, басталады. Бұл автордың ата-бабасынан бергі байырғы мекені екен. Былайша айтқанда Орал өңіріндегі ұшы-қиырсыз созылып жатқан  Қартабай құмы. Жыңғыл тоғайы шоқ-шоқ боп өскен, ара-арасында қараған, дүзген, жиде бұталары көмкерген, ойдым-ойдым жасыл желекті ойпаңдарда жасырын құдықтар мен бұлақ көзі жылтыраған сулы қоныстары да мол, сырт көзге сұрқай көрінсе де байырғы тұрғынына құт мекен, өзіндік аң-құсы мен жасырын қазынасы жетерлік жер шұрайы.  Міне, киіз үйлі көшпенді қазақтың  кедейі мен байы бір қоныста бүтін бейбіт ауыл болып, қызығы мен шыжығы ортақ, ақсақал үлкендері сусынның атасы қымызын ішіп, тамақтың төресі қазы-қарта, жал-жая, жамбас жеп... адал тамақты ауқат қылған талғампаз, дала даналығымен тәрбиеленген өңшең дегдар; бәйбіше, тоқал, қызметші, сауыншы келіншек сынды мәртебелі әйел қауымы үй-жай, сәндік бұйым, киім-кешектің бәрін өз қолдарымен жасайтын асқан шебер сәлеуетті, ақ тамақтың не түрін дайындайтын ықтиятты ыспар; қазан-аяқ, мал сауу жұмысынан еш талықпайтын жансебіл жұмыскер,  шаршауды білмейтін әзілқой, шат көңіл;  қыз-жігіттері ауылдың бүкіл қызметін әлекендей жаландырған пысық-сергек, түндерде алты-бақан тербеп, ақсүйек лақтырып махаббаттың бал-шәрбатын татқан асқақ  сезімтал, бала-шағасы қозы жайып, тай мінген дала ойнымен ержеткен дені сау, ерек көңілді; көк аспан астындағы еркіндіктің  басқа ешбір ел дәмін татып көрмеген бүкіл қазақ жұртына ортақ осындай азат ауыл, ешкімнен аласы да жоқ, бересі де жоқ, өз мұқтажын өзі өтеген сахара қауымы...  Бүкіл алаш жұртына етене таныс осындай елдің тыныс-тірлігі Жуантөбеде жанға жақын, етене суреттеледі.  Келесі тарауда осы ауылдың жомарт байы Таужүректің көкей-көзінде  қайғысы қан құстырған  жуықта өткен жәйттар баяндалады, Ақ патша пәрмен еткен «он алтының» жарлығына ұшыраған Таубайдың екі ұлы бөтен жерде қаза тауып, бірі ұлы мүгедек боп оралған, енді қалғаны аман болсын деп, шүкір етіп отырғанда ауылды қара құйын соққандай  Ақ гвардия отрядтары мен ақ казак дегендер бейбіт ауылға басып кіреді.  Хикаяның басынан соңына дейін азаттық пен әділдік жолында аянбай күрескен, бесаспап батыр, алаштың бүкіл асыл қасиетін бойына сіңірген еңіреген ер, Ақжібектей сүйгеніне сай сүйспеншіліктің пірі, ақжүрек азаматтығымен оқырманның көңіліне берік орнығатын Ақжан баяндалады. Ақжанның әкесін мініп жүрген атына ара түскені үшін казактың атаманы табанда атып өлтіріп, күйеуіне болыспақшы болып аша ала жүгірген анасын да атып, осылайша бозбала қас пен көздің арасында тұл жетімдікке ұшырайды.  Осы ауылдағы Жанас деген бала да, ақ гвардия офицері көз алдында әкесін қылышпен шауып, шешесін зорлап, бауыздап өлтірген сұмдық үрейден тілсіз қалады, соңында Ақжан оған пана болып, оқ пен оттың ортасында жетілген осы жетімек, Қиыр шығысқа сүргінделіп кеткен Ақжан ағасының артында қалған отбасын бағып, кітаптың ақырына дейін Жанастың асқан адамшылығы мен ерен ерліктері жалғасып, аяусыз қорлыққа ұшыраған кінәсіз адамдардың ар-ұят жолындағы жанкешті өмірі оқырманның көз алдында жанды қалпында  қала береді...  Ақтардың алапат лаңынан есін әрең жия берген ауылға енді, Қызылдар атанған, аузы түкті, арақ пен темекіден өнбойынан бұрқыраған сұмдық сасық иісінен сахара жұрты жиренетін, тағы да мылтық асынып, жалаң қылыштарымен айбат шекен ақ орыспыз дегендерден еш айырмасы жоқ,  ауылдан ақысыз-пұлсыз ішіп-жегенімен қоймай, қыздары мен әйел затына зорлық жасап, оларды қорғаған кімді болса да аямай ата салатын жауыз көріністер өрбиді.  Таужүрек байдың өз ауылына Қызыл гвардия отряды тікелей келеді. Алғашқы тарауда: «Құйрық-жалы келіскен, төрт аяғын тең басқан төркіні қазақ тұлпары ақбоз аттың үстінде отырған тұз көзді, ширатпа мұртты, шошқа мойын, төртбақ тұрпатты орыс офицері Таужүреке қарап, тілін бұрап:

- Сен ба хозяин? Если ты хозяин, тогда нам ням-ням давай! Вода, су давай! У вас баня бар? Монша? А вы жабайы киргиз, откуда у вас баня? Хааа-хааа-хааа! Хотя бы теплая вода бар ма? Ты бай, прикажи, нам еда, большой дастархан, кумыз нужен...» . Баяғыда басымызға сіңіп қалған, адамдарға бақыт әкелген, құтқарушы  қызыл әскерлер дейтіндердің, мұнда әдептен жұрдай, келген ауылды мазақтай, басына сөйлеген сөзі, оның түр-сиқын Таужүректің көзімен көруіміз,  шаң басқан  ақиқатты  қайта тірілткендей. «...Біз деген Василий Иванович Чапаев бастаған арнайы отрядпыз, атты әскерміз... Біз сендерге күн бермеген патша самодержавиесінің иттері, әлгі казачествоның, ақ гвардияшылардың атамандары: Дутов, Дыникин, Толстов тағы кім бар еді, солардың барлығын, жолымызда кездескендердің бәрін түгел, бірін де қалдырмай қырып-жойып келе жатқан аса жойқын күшпіз! Мы вашу землю осбоводим от царских псов! Вот так, бай, вот так! Так что, ты зря нас... не бойся, мы тебе друзя. Мы защитники бедных, защитники простого народа! Сен бізден қорықпа! Мы сен сияқты киргизға доспыз...». Романда оны әдейі осылай сөйлеткен, өйткені осы сөзі арқылы оқырман оны бетбе бет көргендей болады. «...Әлгінде орыс офицері жастарың қайда, бізден зиян жоқ дегенін естіген Таужүрек есік жаққа қарап, иегін изегенде, ауызда тұрғандарға қымыз әкелтуге жас жігіттердің бірін жіберіңдер деп ишара бұйрық берген еді, байдың онысын түсінбеген Балсұлу бәйбішесі ішке жаңа түскен келінін жіберіпті. Ақсисаны көргенде манадан бері асқа тәбеті тартпай отырған орыстар бір-біріне ұрлана қарап, жымыңдасып, ас пен қымызға жарыса қол созды... Өзін Иван Иванович деп таныстырған, келгелі төңірегіндегілерде ауыз жоқтай тек бір өзі сөйлеп отырған офицердің де шикілсары өңіне қан жүгіріп, тұз көзі Ақсисаның омырауынан таймай, тесіліп, қатып қалған... Таужүрек орыстың бұл көзқарасынан секемденіп, келініне қабағын шытып, «бұл арадан кет» дегенде Ақсисаның қолы қалтырап кетіп, құты толы қымызды офицердің жеңіне төгіп алды. Жалма-жан сулықпен орыстың жеңін сүртпекші болғаны сол-ақ еді, офицердің қылыш пен тапанша балдағынан күстенген алақаны арудың аш білезігін шап беріп ұстап, аз-кем жұмсақ тәнін қысып, жабысқан қалпы босатпай қойды. Қасқағым сәтте болған осы бір оқыс оқиғадан Таужүрек селк етіп шошып кетті. Шолпысы сыңғырлап, үйден тез-тез басып, шығып бара жатқан келіні аузы түкті кәпірдің олжасына айналардай үрейленді...». 

«Ақ түн» деп аталған үшінті тарау, «...Байдың жылы-жұмсағын жеп, қымызына қызынған қызылдар ертеңіне түске дейін ұйықтап, бесін мен екіндінің арасында байдан алған ішіп-жемдерін артынып-тартынып құмға асты. Кетіп бара жатып командир:

- Бай, біз тағы ораламыз. Құмның қойнауында банда бар дейді, солардың көзін құртып, сенің ауылыңа келіп, сол жеңісімізді тойлаймыз! Сен оған дейін көп етіп қымыз пісіп қой! Хорошо? - деп ауыздығымен алысқан ақбоз атына қамшы басып, ытырыла шапты...». Қызыл орыстың сөзіне алданып, Таужүрек те, ауылдағылар да қызыл-көз жаудан аман құтылдық, деп көңілі жай тауып жатқанда, сыртта сұмдық болғанынан ешкімнің хабарсыз болуы, бір оқиғадан бір оқиғаға қарай осылайша жылдам ауысқан үрейлі көріністер, алдағы басталатын қым-қуыт жағдайлардың бастамасы болып, оқырманды енді не болар екен дегізетін, көркем телесериалдың қат-қабат, шым-шытырық көріністеріне қарай шақырады. «...Ауылдан ұзап шыққан ерлі-зайыпты көл жағасына келіп, жыңғыл тасасында дамылдап отырғанда қайдан шыққанын, сау етіп үш қарақшы шыға келмесі бар ма? Оһо, жүйрік ат та, сұлу қатын да табылды. Тек мынаның еркегі бар екен, - деп бандалар екеуін қоршай берген. 

- Ақсиса, сен маған қарама! Қаш! 

Ербұлан атқа Ақсисаны мінгізіп үлгерді. Өзі қамшысымен қарақшыларды жасқап, бірін ұрып құлатты. Арғы жағы не болғанынан Ақсиса хабарсыз. Ол сол шапқаннан шауып, кетіп бара жатқан қызыл әскердің ортасына барып өзі топ ете түсті. Нәпсікөзді қызыл командирдің сілекейі шұбырып жүре берген. Әскердің бірі келіншекті тез аттан түсіріп алды. Ақсиса келген жағын нұсқап, күйеуінің қарақшылардың қолында түсіп қалғанын айтып безек қақса да, оның сөзін түсінген бір орыс жоқ, зат тиеген арбаның біріне аяқ-қолын байлап, ауызын шүберекпен таңып, топ еткізіп тастай салды. Жанына күзет қойды.,,» «...Қызылдарға не бердіңдер? Оларды құмға бастап бара жатқан кім? Біздің құмда екенімізді оларға кім айтқан? деп, үш қарақшы Ербұланды ұрып-соғып, қинап сұрақтың астына алып, одан түк шықпаған соң бауыздап, жыңғыл арасына тастап кетті...». Міне, Жуантөбе ауылының қасіреті осылай басталады, алыста жатқан Ақпатшаның бұйрығынан азаматынан айырылып, қазаққа жүз қайнаса сорпасы қосылмайтын «тап күресі» деген қанды төңкерістен ақ пен қызыл болып қызыл қанға бөгіп қырқысқан орыс жұртының апатынан аяусыз зардап шеккен, қызылдан жеңіліп бой тасалаған қарақшылардан және қиянат көрген бейуаз қазақ ауылының трагедиясы осылай өрбиді. Романда, «Айбала және Айқара» деп ашылған  тарау, тағы сондай «Найзажал» сынды көптеген ерекше атқа ие Ақжанмен байланыстағы бөрілер туралы сан-қилы хикая, Айбала атты қаншықтың өзін бөлтірік кезінде босатып жіберген Ақсиса келіншекті қызылдардың арбасындағы қамаудан құтқармақшы болған ғажап оқиғамен басталып, кітаптың соңына дейін сан түрлі тосын әрекеттерімен оқырманды тәнті етеді. Қызылдар отрядының командирі Ақжібек қыз үшін Таужүректің ауылына қайта келеді, Ал, Ақжібекті оның ғашығы Ақжан қызылдардан құтқару үшін қыздың жеңгесі Ақсиса арқылы ауылдан алып шығып құмға тығылады. Осыған ызаланған қызыл командир, ауылды тас-талқан атқылап дүрліктіріп, тағы қырғын жасап, тоғыз бойжеткен қызды тұтқындап, ең жоғарғы басшысы Чапеевқа сыйға тарту мақсатында арбаға тиеп әкетеді. Ар-ұятына берік қазақ қыздары өз-өзін бауыздап жолда өледі, өліктің ортасында тірі қалған Балшырын арқылы ауыл бұл сұмдықты біледі. Осылай, ақтардың кесаптынан қызылдардың жауыздығы асып түседі. Бұл Жуантөбе ауылында нақты болған қаралы оқиғалар. Әйтседе, қызылдың командирі бұл қылмыстық әретін ақтың қарақшыларына жауып, ел ішіне  сыбыс таратып сұрқиялық жасайды. Осыдан кейін, ауылдың аман қалған жігіттері Ақжан бастап кек алуға шығады, бұрын ақтардың сойылын соққан, кейін қызылдардың арасына кіріп алған Панченко деген казак атаманымен құм арасында болған қиян-кескі шайқаста қазақ жігіттерінің мергендігі мен алғырлығы көркем фильмдей керемет суреттелген. Ал, Панченко болса, осы Орал өңіріндегі қазіргі Таловка деген ауданда, бертінге дейін Совет өкіметінің бүкіл сый-сияпатын иеленіп өмір сүрген екен. Ел аузында, Панченконың жеке жасағы сол аудандағы Герасим деген емшінің Анна деген жас қызын зорлап өлтіріп, оны сезіп қалған шешесі Марфаны  моншаның пешіне жағып із жасырып, мына қасіреттен төзбеген  Герасим өзін өзі атқаны айтылады. Бұл да Ақжанның атына жала болып жабылады. Панченко алаш ардагері Ғұмар Қарашты аңдып жүріп ұстап, азаптап өлтіреді. Ал, Анна қызға сырттай ғашық болып жүретін, Герасимнің тамыры жас жігіт Қарабек, осы қарасаңда Панченкодан кек алу үшін оның жасағына келіп қосылады, Ғұмар Қараштың азапты өліміне ол сүйтіп  куә болған. Ол кезде Қарабек өзін танытпау үшін бетіне қара перде киіп жүргендіктен «Қарабет» аталып жүреді. Бұл аталған нақты жайттардың бәрі романда өрттей қаулап, жалындай шарпыған іс-әрекеттермен, шалт қимылдарға толы суреттеулермен әрі оқиғаға араласқандардың жанды сөздерімен оқырманды үйріп алады, сонау елес боп ұмыт бола бастаған қазақ даласындағы қанды қасіреттер көз алдыға келеді.  Романдағы өмір әрі қарай жалғасуда, ақ пен қызылдың соғысы аяқталып әлгі бақыт әкелетін Совет өкіметі де орнаған шақ. Жуантөбе ауылы, адамы шығындап азып-тозса да тірі адам тірлігін жалғастыруда.  «Мал ашуы – жан ашуы» деп атқа қонатын елдің малын сыпырып алып, сол үшін аттандасуға астына мінетін атын да тартып алмады ма? Сосын келіп алып, енді кеудеңдегі шыбын жан өзіңдікі, қанша шырылдаса да еркіңде, дейді. Малды ілкіде кім көрінген қарулысы әкететін. Енді құжаттап тұрып, көзінен тізіп алатын болған. Ұжымдастыру, деген жаңалық шыққалы даланың тірлігі түрпідей түрленген. Бәрінен де озып тұрған жаңалық бұл аймаққа комиссар болып осы ауылдағы Бөлекбайдың офицер баласы келіпті. Чапаев дивизиясында қызмет атқарған Тасбол Бөлекбаев Советтің саясатын соққанда небір өкілдердің сөзі ойнамай қалады. Елді қырып кете жаздаған Иван, Федот деген орыс офицерлері Текеге кеткелі дала кең тыныс ала бастағандай болған еді, Тасбол сияқтылар келіп, қос өкпені қайта қысты».  Осы қысқа баяндау үзіндіден-ақ, Жуантөбе ауылының тұрмыс-жағдайы бұрынғыдан да қиындайтыны қылаң береді. Заман сұрқын аңдаған Жуантөбенің байырғы иесі Таужүрек бай, сүйікті қызы Ақжібекті батасын беріп Ақжанға қосады, дұшпан бұрын сырттан жаулап келген орыстар болса, енді  өз ауылдарынан шыққан Бөлекбай, Тасбол, Қойшыбай, Наримандар одан да қиын болды. Қазақ айтқан «іштен шыққан жау жаман» дегендей советтің милициясы болып алған бұрынғы құрбы-құрдастардың зымиян қыспағынан сақтанған Ақжан мен Ақжібек отауларын алып құм ішіне кетеді, сонда өзгеше тірілік құрады. Бірақ, бұл кезде ауылда ұжымдастыру басталып, алдындағы малынан айырылған халық, соңында үйіндегі азығынан жұрдай болады, аштық ажалы етек алады. Соны көзімен көріп жүрсе де, өзі тоқ Тасболдар лауазым мен атақ үшін ештеңеден тартынбайтын жалмауызға айналған. Осының бәрі дәл сол кездегі күнделікті жағдай бойынша ең елеусіз нәрсе де ұмыт қалмай, себеп-салдар бәрі саралана  отырып романда ықтиятты суреттелген. Жуантөбе ауылы аштықтан титықтап, қолда бар малынан ештеңе қалмай, астындағы атынан басқа түгі жоқ ауыл жігіттері соңғы күшін жиып, халықты қорғаушы емес, тонаушы боп кеткен милицияға қарсы көтеріліске шығады. Ең соңғы ұрпағын аман алып қалу үшін Таужүрек бай, кіші әйелі Тәуір екеуі бір түнде босып, жол қиындығы мен жол бойындағы елді-мекендердегі аштықтан адам етін жейтін қорқынышты құбыжық-адамдарға да құрбан бере отырып, Қиян ғұламаның таныстары арқылы, Астарханға жетіп, онда өздерінен бұрын ауып барған Байқадам байдың көмегінің арқасында теңіз кемесімен Түркияға өтіп жан сауғалайды. Осыдан кейін, Совет өкіметі «Халық жауы», «Отанын сатқан» деген желеумен аман қалған ел азаматтарын ұстау науқаны етек алды. Оның асқынғаны сонша, ішкі істер мен милиция адам ұстауда бәсекеге түсті, біреуді біреуге аңдытты, аңдамай жарты сөз қарсылық айқандар ұсталумен тынбай, ұстаушылардың өзі бірін-бірі ұстата бастайды. «Жуантөбенің де сұрқы кетіп, оған Шошқалының орыстары ма, басқа жақтың орыстары ма, түрі мен тілі бөтендер қоныс теуіп, жергілікті жұртпен араласып, өздерінше колхоздасып жатыр... ...Атқора атқа, кеңсе қызыл жағалыға толып, аудандық милиция бастығы Тасбол Бөлекбаевтың шаруасы жүріп, абырой-беделі өскен. Жаңақазан ауданының халқын колхоздастыру науқанына белсене кірісіп, көзге түскен майор облыстан мақтаулар алып, мерейі өсіп, көңіл-қошы біраз марқайған. Қазір ол телефонмен облыстағы бастығымен сөйлесіп отыр». Ақжан «халық жауы» атанып Қиыр шығыс Магаданға айдалып кетеді. Тірі жесір қалған Ақжібекті өз қолына түсірмек болып, оның үйіне келген Тасбол, қолына ұстап келген құпия құжатты сонда қалдырғаны үшін, өзі де ұсталып, Ақжанның қасынан бірақ шығады. Дұшпанына да кек сақтауды білмейтін еркөңіл Ақжан оны лагердегі сойқандардан қорғаумен болады. Тағдыр қисынын қараңыз, мұнда Ақжан батыр, Қарабек батырмен де жолығады, Жуантөбеден имам-молда жаласымен ұсталған Ағарбай әулие де, Ертұран, Әлім Балмолда (автордың туған атасы), қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, советке сатылмағаны үшін сотталған Мағжан ақын да сонда бір-бірімен кезігуі, жер түбі Қиыр шығыстағы саяси қылмыскерлер лагерінің неше қиылы өмірін сол болған сәтіндегідей оқырманға көрсетеді. Романнан үзінді: «Қыс кәріне мінген. СССР-ді аз уақыттың ішінде жаулап аламын деген фашистік Герман әскері көп тұста ішкері еніп, елді мекендер мен қалаларды басып алып жатқан кез. Қиыр Шығыстағы Магадан, Колыма өлкесінде еңбекпен түзеу лагерлерінде жазасын өтеп жатқан тұтқындарға елде болып жатқан бұл оқиғалар айтылмайды, егер біреу соғыс, майдан шебі туралы, тіпті жай «неміс», «жапон» деген сөзді аңдаусыз да айтып қалса, сол үшін табанда атып тастайды, не лагердің адам етін жеп дәніккен аш иттерінің талауына тастай салады». Романдағы Қиян диуана қазақтың бүкіл даналығы мен шығыстың ғылым мен өнерін және қорғанудың ғажап тәсілдерін білетін ерекше тұлға, осы Жуантөбе ауылына сырттан келген. Қиянның ұлы Қиял әкесінен үйренген осы ғаламат өнерімен қиыншылыққа ұшыраған Ақжандарға үнемі тылсым әрекетпен көмек көрсетеді. Қиянның қызы Қадиша болса, «пышақшы қыз» деген атпен әйгілі болып, Жуантөбе құмындағы Панченколармен және өздерін қудалаған Тасболдың милицияларымен болған көптеген бетпе-бет шайқастарда «қияқ» деп шыңғыра шығарған үнімен қатар жауының діттеген жеріне арнайы дайындаған үшкір пышақтарын шаншумен жаудың үрейін ұшыратын-ды.  Осындай бір сәттерде Панченконың құрамында жүрген Қарабек батыр, Қадишаны жаудың оғынан қорғап қалады, қыз да оны біліп таңқалады. Герман мен Орыстың соғысының сәл алдында Ақжібек егіз туған Алаш ұлы мен Айсүмбіл қызын ертіп, қасына Қадишаны серік қылып қиян қашықтағы жігіті Ақжанды іздеу сапарына шығады. Алыс жолда көрмеген қорлықтың бәрін көре отырып жігерлі келіншек ақыры Ағжанды табады, лагердің шетіндегі ну орманды оңаша баспанада бір сәткі бақытты өмірлерін өткізеді. Осындай күндердің бірінде, Қарабек пен Қадиша жолығып, Ағарбай иман екеуінің некелерін қияды. Қаншама қаралы күндерден кейін, қазақ даласынан қиян шетте болған көңілді жылтатын осы көрініс, қазақ деген халықтың ешқашан үміті сөнбейтін өміршең екеніне, хас дұшпанын да мойындатқандай еді.  Романда бұның бәрі де құр баяндау емес, жанды оқиғалармен суреттеледі. Осы сапардан Ақжібек те, (Қазақ деген ұл) Қадиша да (Ғұмар атты ұлды болды) сүйген жарларынан жүкті болып қайтады, үзілмейтін үміт, ұрпақ үшінгі жанкештілік, ақ некеге адалдық... ұлтымыздың жаудың қолы жетпейтін өшпес қасиеттерін осы хикаямен-ақ жеріне жеткізе баяндағандай… Совет армиясының күш алып шабуылдау кезеңі басталғанда, Қиыр шығыстағы «халық жауы» атанған мыңдаған тұтқындарды, «қылмыстарыңнан ақталудың мұрсатын береміз» деп, айыпталушы-қосын ретінде, арнайы мақсатта соғысқа салады. Романда, бұл оқиға жалпы деректермен баяндалумен қатар, Рейхстагты алу қарсаңындағы қызу соғыс көріністерінде қазақтардың ерекше ерлігін даралап суреттейтін ғажап эпизоттар өте мол. 

                                                                                                    (жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар