Абай шығармашылығы мәдениетаралық коммуникация кеңістігінде: имагологиялық талдау

Имагология – ұлттық бірегейлікті тануға; мәдени айырмашылықтарды ғылыми тұрғыдан түсіндіруге; әдебиеттегі этникалық және мәдени репрезентацияларды объективті бағалауға; халықтар арасындағы өзара құрмет пен толеранттылықты қалыптастыруға қызмет ететіні белгілі. Бұл бағыт әдеби мәтінді мәдениатаралық коммуникацияның маңызды құралы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. 

50

Абай шығармашылығы мәдениетаралық коммуникация кеңістігінде: имагологиялық талдау - adebiportal.kz

Тарихи Абай да және оның шығармашылығы да қазақ қоғамының тарихи-саяси дискурсіне байланысты мәдениетаралық диалогке түскен алғашқы қарлығаштардың бірі екені даусыз. Оған бірінші себеп – Абайдың өмір сүрген уақыты мен кеңістігі. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы Ресей империясының қазақ жерін басқаруда түрлі реформаларды іске асыра бастаған тұс және ақын өмір сүрген Семей өңірі – трансшекаралық аймақтағы әкімшілік-саяси мекен болуымен түсіндіріледі. Абайдың ақындық эволюциясында осы факторлардың, яки орыс тілін үйренуі, кейінгі тұстары оны үздіксіз меңгеруі, орыс әдебиеті мен мәдениетімен танысуы, оны зерттей оқуы, аударма жасап, өнер жарыстыруы сынды әдеби үдерістердің орны қандай деген сұрақ тұрғысында қазақ ғалымдары көптеген жылдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, түрлі тұжырымдар жасап келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Абайдың Шығысқа қатысы, яки ислам ілімі мен философиясына ден қоюы және одан туындайтын өзінің дүниетанымдық, философиялық ойлары мен Ар ілімі, адамгершілік іліміне қатысты тұғырнамаларын ұсынуына қатысты зерттеулер басымдық алып, Кеңес кезеңі тұсындағы тыйым салынған аспектілер кеңінен зерттелді. Тіпті қыза келе, Абайдың орыс әдебиетінен, орыс әдебиеті арқылы Батыс әдебиеті мен философиясынан алған ірі қайнар көзі тұмшаланып, рөлін көлбеулеуге де барған тұстарымыз жоқ емес. Абайтану ғылымындағы ұлы Мұхтар Әуезов межелеп берген – ақын шығармашылығының үш қайнар көзін теңдей ұстау кемшін түсіп, таразы басын белгілі қайнар көздерге бұру амалдары орын алғандай еді. Осы тұста көрнекті ақын О.Сүлейменовтің «Тауларды аларсатпай, даланы асқақтатайық» деген қағидаты ойға оралады, Абай шығармашылығын тұтас, бір бүтін дүние деп қарайтын болсақ, онда ақын шығармаларының үш қайнар көзін де алалап қарауымыз орынсыз. 

Абайтану қазақ ғылымында ең көп әрі жемісті зерттеліп келе жатқан саланың бірі. Абайтану – тек әдебиеттану ғылымының меншігі емес, тұтас қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар: тіл білімі, философия, мәдениеттану, эстетика, социология, дінтану, құқықтану, өнертану, педагогика, психология, әлеуметтік психология, коммуникация теориясы, этнология т.б ғылым салаларында зерттеліп келеді. Соңғы кездері Абай шығармашылығы пәнаралық кешенді зерттеулер нысанына айналғаны қуантады. Еліміздің іргелі жоғары оқу орындары мен ғылым ордаларында ақын шығармашылығына байланысты ғылыми зерттеулер жүйелі түрде жасалып, еңбектер жарияланып жатыр. Атап айтқанда М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ғалымдарының жекелей және ұжымдық еңбектері, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Абай» ғылыми-зерттеу институтының, Еуразия Ұлттық университетінің «Абай академиясы»  ғылыми-зерттеу институтының, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдарының еңбектері және жекелеген көптеген ғалым, зерттеушілердің қомақты еңбектерін (Ғ.Есім, Т.Жұртбай, С.Абдрахманов, Т.Шапай, М.Оразбек т.б.) айтуымызға болады. Еуразия Ұлттық университетінің «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының жобасы аясында жарық көрген көрнекті ғалым Ш.Ибраевтың «Абай феномені» (Нұр-Сұлтан, 2021), «Абайдың ақындық бейнесі» (Түркістан, 2025) концептуалдық, бағдарламалық еңбектерін ерекше атағанымыз жөн. 

Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының эволюциясы мен парадигмаларын талдай келе профессор Ш.Ибраев өте өзекті тұжырымдарын ортаға салады: «Әдебиеттану дейтін ғылым қазақ топырағында тәуелсіздіктен кейін бағыт-бағдарсыз пәнге айналды. Теориясы да, практикалық қолданысы да сөз қуалаған, тұғырнамасыз, бас-аяғы жинақталмаған ғылымнан гөрі көсемсөзге көбірек келіңкірейтін пән қазір қолданыста. Басты тұғырнамасы -мазмұн мен көркемдік ерекшеліктері дейтін ұғымдарды жамылып, зерттеуші ойы мен эмоциясын алаңсыз тықпалау дағдыға енген. Өз сорпасында өзі қайнап жатқан пән, сірә, осы болар.

Әдебиеттану да, оның ішінде абайтану да бұл жолдан шықпайтын болса пән өзінің категориялық ұғымдарын әлемдік тәжірибеге қарай жинақтайтыны былай тұрсын, іргелі ғылыми сипатынан да айрылары сөзсіз. Қазір айрылып та болған сияқты.

Бұл мәселеде түбегейлі өзгерістің қажеттілігі күн санап артуда. Әдебиеттану ғылымы әлемдік тәжірибеге қарай бет бұруы тиіс» (Ибраев Ш. Түркістан, 2025, 108-б). Ғалым жалпы қазақ әдебиеттану ғылымының, оның ішінде Абайтанудың материалистік әдебиеттану шеңберінен шығып, әлемдік әдебиеттану ғылымының соңғы жылдардағы әдіснамаларына бет бұруы керектігін айтады. Ресей ғалымы О.Н.Турышеваның «Теория и методология зарубежного литературоведения»  (М.: ФЛИНТА: Наука: 2013.) еңбегіне негізделген ХІХ-ХХ ғасырлардағы Батыс Еуропадағы  поэтика, герменевтика, феноменология, социология сынды ғылыми парадигмалардың байланысынан өреленген әдебиеттанулық әдіснамаларды кеңінен таратып, ғалым Ш.Ибраев қазақ әдебиеттануына әдіснамалық тұжырымдар ұсынып, Абай шығармашылығын аталмыш әдіснамалар арқылы талдап шығады. 

Абайтану саласына жаңа серпін берген соны еңбектердің негізінде әдіснамалық бағытымыз едәуір айқындала түскенімен әрі қарай да терең зерттеулерді қажет етеді. Ғалым Ш.Ибраев еңбектеріне арқау еткен гуманитариялық әдіснамалардың дені ХХ ғасырдағы әдіснамалар болғандықтан, ғылым бір орында тұрмайтындығы және әдіснамалар мен ғылыми парадигмалар үнемі жетіліп, өзгеріп, эволюциялық, диалектикалық өзгеріс, дамуға ұласып отыратындықтан, қазіргі ХХІ ғасырдың межесінен, қазіргі жаңа ғасырдың алғашқы ширегіндегі әлемдік әдебиеттану, гуманитаристикадағы парадигмалар шеңберінде қарастыруымыз да орынды. Қазіргі әлемдік әдебиеттанудағы кең тарап жатқан, жаңа парадигма – имагология.  Имагология салыстырмалы әдебиеттанудың саласы ретінде ХХ ғасырдың 50-ші жылдары Еуропаның Франция, Германия, Нидерланд елдерінде туып, қалыптасқан сала. Имагология теориясының негізгі өкілдері: Х.Дизеринк, М.Беллер, Ж.-М.Карре,  Д.-А.Пажо, Й.Леерссен, Л. Р. Мойле, Д. Дукич т.б., ал Ресейде О.Ю.Поляков, О.А.Полякова, Н.П.Михальская, Е.Е.Рябчикова, Е.В.Папилова, В.А.Хорев, А.Р.Ощепков, В.И.Габдуллина,  В.Б.Земсков, В.П.Трыков, А.Д.Иванова, М.В.Панина, М.Б.Бахарева сынды ғалым, зерттеушілер тарапынан зерттелген. Қазақстандық ғалымдар С.Д.Абишева, Г.А.Атембаева, М.М.Хавайдарова, Д.А.Сабирова, С.Т.Касенов, Л.И.Абдуллина, П.В.Маркина, С.К.Серикова, А.У.Байболов «қазақстандық мәтін», «әлем әдебиетіндегі Қазақстан бейнесі» сынды тақырыптар аясында зерттеулер жүргізіп жатыр. Жаһандану жағдайында халықтар арасындағы мәдени байланыстар күшейген сайын имагологиялық зерттеулердің өзектілігі арта түсуде. Имагология – ұлттық бірегейлікті тануға; мәдени айырмашылықтарды ғылыми тұрғыдан түсіндіруге; әдебиеттегі этникалық және мәдени репрезентацияларды объективті бағалауға; халықтар арасындағы өзара құрмет пен толеранттылықты қалыптастыруға қызмет ететіні белгілі. Бұл бағыт әдеби мәтінді мәдениатаралық коммуникацияның маңызды құралы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. 

Абай шығармашылығын зерттеуде бұл бағыт маңызды, себебі біз бірінші Абайдың өзін мәдениатаралық коммуникацияның субъектісі ретінде қарастырамыз, екінші Абай мәтін тудырушы ретінде коммуникативтік акт  жасаушы, мәдени коммуникацияның акторы ретінде оның әлеуметтік парадигмасын зерделейміз. Нені айтты, неге айтты, не үшін айтты деген сұрақтардың жауаптарын іздейміз. Ал қалай айтты деген маңызды сұрақ феноменология әдіснамасы арқылы Ш.Ибраев тарапынан жан-жақты түсіндіріліп берілді. Имагологиялық талдау жаһандық тұрғыдан қарағанда Ресейдің бір қиырындағы боданға түскен қазақ деген бір ұлттың ұлттық бірігейлігін айқындауға, оның жаһандық ықпалдастыққа түсе бастаған алғышарттарына, қазіргі біртұтас қазақ жерінің шығысында ауқатты ел басқарған әулеттің ұрпағы ретінде әкесі тарапынан сол кезеңнің әкімшілік-басқару элитасына, саяси билік өкілі мәртебесіне жақын тұлғаның бірегейленуіне талдау жасау мүмкіндігіне ие боламыз. Аға сұлтан Құнанбай сол кездегі орыс билігімен әкімшілік-саяси байланыста болды, ұлдарын орыс оқуына оқытты, бір ұлы Халиолланың Ресейдің Омбы, Мәскеу қалаларында оқығандығы көп нәрсені аңғартса керек. Абай Семей қаласындағы Приходская школада орыс тілінде тіл сындырып, үш ай оқыды делінгенмен, ақынның орыс тілін үздіксіз оқып меңгергендігі және өз балаларын да орысша оқытқаны, ұлы Әбдірахманның да Ресейде білім алғаны анық. Бұл деген сөз сол тұстағы қазақ қоғамының жаһандық ықпалдасуы Ресеймен ынтымақтастығы арқылы қазақ социумына еніп отырғандығының көрінісі. Өзге тілді үйрену арқылы ол тілде жазылған түрлі еңбектерді (мәтіндер: көркем шығарма, мерзімді шығарылым газет-журналдар, тарихи, философиялық ғылыми еңбектер) оқуға, музыка мәдениетімен, тұрмыстық мәдениетімен танысуға мүмкіндік туындады деген сөз. Кейінгі тұстағы Абайдың ақындық айланасында скрипкашы шәкірттерінің де болуы осының айғағы. Дәстүрлі домбыра мен қобызды серік еткен қазақ қоғамына бұл өзгерістің енуі де ықпалдастықтың нәтижесі. Және басты назар аударатын мәселе – орыс тілі арқылы сол кездегі орыс, батыс әдебиеті мен саяси-философиялық еңбектерде көрініс алған жаһандық ойлар, білім-ғылым, ағартушылық концепциялары, этикалық, демократиялық құндылықтар жүйесі, Шығыс ілімі арқылы байытылған толық адам тұғырнамасы Абай тұлғасының бірегейленуіне мүмкіндік береді. Мәдени диалогке түсу арқылы, мәдениетаралық коммуникацияның (қазақ, орыс, батыс, шығыс) көрініс тапқан субъектісі ретінде Абай тұлғасының болмысы айшықтала түседі. Абай болмысында жаһандану феномендері мен мультимәдениеттіктің қалыптасуы, оның бірегейлігін тереңдете түсті. Абайдың жасаған ұлттық мәтіні осы себептен де әлі күнге дейін өзекті әрі құндылығын, маңызын жоймаған. Абайдың ұлттық мәтінді репрезентациялауы  ұлттық қордалы мәселелерге жаһандық деңгей, жаһандық көзқарас, стратегия, жаһандық дискурс тұрғысынан келуімен құнды. Абай қазақ социумының тыныс-тіршілігін, моральдық-интеллектуалдық, экономикалық, құқықтық, ментальдық қалпын өзгелермен салыстырды ма салыстырды. Абайдың қазақ халқына ұсынған модельдері неге тым ауыр, сол кездегі қоғам үшін қол жетпес дүние болды? Абай қазақ халқына ұсынған модельдерді тек өз жанынан ойлап шығарды ма? Әрине, Абай ол құндылықтардың бәрін жаһандық дискурстің тереңінен алды. Ол адамзат тарихы бойынша адамзат қоғамдарында айтылып, жасалып, айналыста жүрген концептілер деуге болатындай. Метатекст, интертекст т.б мәтінтанушылық концептілерді зерттеушілер кез келген мәтіннің болмысында, астарында бұрыннан айтылып келе жатқан адамзаттық ой-тұжырымдардың көздері, өзектері болатынын меңзейтіні белгілі.  

Абай шығармашылығы имагологиялық дискурс тұрғысынан жүйелі зерттеуді қажет етеді. Неге десеңіз, жоғарыда айтып өткеніміздей Абай шығармаларын неге айтты, не үшін, кім үшін айтты деген әлеуметтік парадигмаларда автордың сол тұстағы жаһандық құрылымға, оның ішінде қазақ социумына қатынасын көре аламыз. Әлем халықтары қатынасында қазақ қоғамының сәйкестендірілуі. Автор қазақ болмысын репрезентациялады. Қазақ болмысын репрезентациялауы арқылы – имагологиялық поэтикадағы авто-образын жасады. Авто-образ ақынның өз бейнесі ғана емес, сонымен бірге оның халқының, қоғамының образы. Абай сонымен қатар гетере-образдарды да жасады, ол демек «өзгелердің» образы. Өзгелердің образын жасау кезінде ол стеоретип, миф деген дүниелерді кеңінен тарата талдады, қолданды. Әлқисса деп, өзінің бірінші қарасөзінде бұл сөздерді не үшін, неліктен жазатынын толғап талдап алғаннан кейін, ә дегенде екінші қарасөзінде «Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді: «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдірлеген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп»» (Абай. Шығармаларының академиялық толық жинағы. Үш томдық. –Т.1. Томды құрастырып баспаға дайындағандар: Матыжанов К.І., Мәдібаева Қ.Қ. (түсініктерін жазған), Шапай Т.М., Қыдыр Т.Е., Тұрсынбайұлы Б., Жұматаева А.Н. –Алматы: «Жазушы», 2020. 50-б). келетін ойлары имагологияның талдау мәтіні. Имагопоэтикадағы «миф», «стеоретип» категориялары бұл ұғымдар туралы біздің түсініктерімізден өзгешелеу. Абай өз сөзімен «бала күнімде естуші едім» деп «мифтің» қалай жасалатыны туралы түсінік бере кетеді және ол мифті не үшін келтіріп отыр? Сарт туралы мифтерге қоса, ноғай, орыстар туралы мифтерді де таратып айтады. Қазақтың дәстүрлі танымындағы «өзгелер» жөніндегі стеоретиптерді талдау және оны терістеу арқылы автор жаһандық салыстыру тәсілімен ол «жалған» ұғымдарды сынайды. Ол «жалған» ұғымдардың мақсаты не, не үшін өзгелердің кемшілігін термелеп, іске алғысыз етеміз де, өзімізді көтермелейміз? Өзімізді басқалардан арттырып тұрған қандай қасиеттеріміз бар? Артықшылығымыз не? Немесе неге біз олардан өзімізді артық етіп көруіміз, көрсетуіміз керек? Абай осы сұрақтардың астарына терең үңіледі және мүлде біз күтпеген шешімдер шығарады. Абайдың бұл екінші қарасөзінің бізге берер тарихи құндылығы да өте зор. Өзге ұлттың бейнесін жасауда тарихи концептілерді де хатқа түсіреді. Сарт деген этнонимді қолдануы Абай заманы тұсында «өзбек» этнонимінің қазақ арасында кең қолданылмағандығын көрсетеді. «Орысқа қарамай тұрғанда», «орысқа қараған соң» деп тарихи дәуірлерді ажырату ұғымын қолданады.  Абай өзінің колониалдық кезеңде өмір сүріп отырғанын, өзімен қатар қазақ халқының идентификациясын жасаумен қатар, біз одан нендей қорытынды шығарумыз керек деген дүниені айтады. Абайдың сөзі, айтары – сол кезеңдегі колониалдық дискурс сөзімен барабар болды ма? Абай сол колониалдық-саяси дискурстың өзін қазақ халқы өз қажетіне жарата алу керектігін, тіпті өзі сөз еткен халықтардан үйренері көп екендігі және солардың деңгейінде әрекет етіп, қазақ қоғамының трансформациялануы, жаһандық өркениетке ұмтылуы керектігі айтады. Академик С.Қасқабасов «Абайға дейінгі және Абайдан кейінгі қазақ әдебиеті» еңбегінде Абайдың лексиконында «ұлт» деген сөз жоқ дейді (Нұр-Сұлтан, 2021. 135-б.). Ал Абайдың  ә дегеннен айтар ойының стратегиясында (дискурстық стратегия) ұлтаралық байланысқа негізделген ұлтаралық салыстыру жасағаны кездейсоқтық па? Ақиқаттың бір затты басқамен салыстырғанда айшықталатынын білетін ақын жекелеген халықтардың артындағы кәсіп, еңбек, мәдениет, білім, ғылым, өнер, өнеркәсіп, өркениет концептілерін тұспалдап, символикалық тұрғыда бейнелеп отыр. Осы қарасөзде этнотиптердің жасалғанын аңғарамыз. «Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп, сол айдап кетіп тұрды ғой». Бір ауыз сөз арқылы этнотип жасалып тұр. Ол біздің көз алдымызға дүниеқоңыз, байлыққұмар, тоғышар, көзінен басқа ойы жоқ, мал десе бәрін сатуға дайын тұратын, мал мен байлықты – дүниенің, өмірдің мәні деп түсінетін, тіпті өз баласына да малын қимайтын сараң бейнені елестетеді. Абай осындай тәсілдері арқылы ұлттық идентификацияның көркем моделін қалыптастырады. Абай дүниетанымының көркем мәтінде қазақтың образына қалай айналғанын имагология әдісі арқылы талдауға мүмкіндіктер ашылады. Философиялық герменевтиканың белді өкілі философ Г.-Г.Гадамер: «Адам болмысында қазіргі, өткен және болашақ бірге өмір сүреді және осы ортақ тіршілікте, сұхбатта біз өзіміздің тану үшін басқаны тыңдаймыз. Дәстүр – өткен әдеттер мен аңыздардың жиынтығы емес, қазіргінің тірі өмірі»,- деп адам санасының интенционалдығы туралы ой айтады (Батыс философиясы. Оқу құралы. – Алматы, Жазушы, 2009. 372-б.), яки өткен → қазіргі → болашақ үштігі көрініс алады. Абай екінші қарасөзінде өткен → қазіргі → болашақ үштігі арқылы қазақ еліне жаһандық талаптардан туындаған әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани кодтарын репрезентациялайды. Батыс ойшылдары ұсынған «өзгені қабылдау феноменологиясымен» ұштасатын қазіргі француз имагологиясының «өзгені түсіну этикасы» тұжырымы – имагологияның өзекті категорияларының бірі әрі өте терең зерттеудің қажеттілігі зор. Себебі Абай феномені – «өзін» түсінудің де, «өзгені түсіну этикасының» да жарқын моделін жасап кеткен. Өзгені түсіну – өзгені кінәлаудан, жазғырудан ада, керісінше ондай жағдайға қалай душар болды, қалай оған жетті деген эволюциялық жолдарын, диалектикалық дамуын талдау арқылы түсіну.  Жалпы бұл концептілер – қазіргі әдебиет пен әдебиеттанудың заманауи парадигмаларын анықтайтын дүниелер. Әдебиетте – әдеби шығарма неге,  не үшін жасалады дегенмен қатар, қандай мақсатты көздейді деген әлеуметтік қызметінде жаһандану заманында халықтарды бір-біріне қарсы қойып, бөлшектену, оқшаулану, томаға-тұйықталуды, сол арқылы «өзгені» жатсынуды, өшпенділікті, жеккөрушілікті, сондай-ақ «өзгені» қабылдамау арқылы мансұқтау, фобиялық қатынаста болуды дәріптеу қажет пе немесе халықтар арасындағы шекараларды кемітіп,  мәдениеттер диалогына, адамзат игілігі үшін орын алатын конструктивті сұхбаттасуға ұмтылу, өшпенділік пен жеккөрушіліктің орнына татулық пен келісімді, бейбітшілік пен төзімділікті насихаттауын көздегені абзал ма? Ал әдебиеттануда әдебиетте репрезентацияланған мәдени сұхбаттастықты теориялық әдіснамалар арқылы таратып зерттеу мен түсіндіру нысанға айналады. «Елдестірмек елшіден» деген халқымыздың дана сөзін тілге тиек етсек, әдебиет те – өз ретінде адамзат қоғамының арасындағы елші іспетті. Ал елшінің сөзі – асыл сөз болса, елдер арасында татулық пен бейбітшілік, келісім орнайды. Ал бұл ұлы мұраттар біздің қазіргі аласапыран заманымызда өте өзекті. 

Ноябрь Кенжеғараев,  №1 Алматы қазақ гуманитарлық-педагогикалық колледжінің оқытушысы, ф.ғ.к.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan