Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
Абайдың «Толық адам» тұжырымы...

08.08.2025 989

Абайдың «Толық адам» тұжырымы 14+

Абайдың «Толық адам» тұжырымы - adebiportal.kz

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста

Сонда толық боласың елден бөлек».

                                                                                                                                             (Абай) 

Адамдағы сана ағысы мен ұждан биігі талай тұлғалардың танымдық тұжырымына айналғаны мәлім. Айталық, Конфуцийдың «Аспан адамы», Ницшенің «Жоғары адамы», Камюдың «Бүлікшіл адамы» секілді тұжырымдар осы сөзіміздің  айғағы.  Сөз жоқ, Абайдың «Толық адам» концепциясы да осы тізімнің сапына кіреді.  Жалпы, «жоғары адам» немесе «кемел адам» категориясы көне антикалық, сондай-ақ ортағасырлық ойшылдар еңбегінде де аз-кем көрініс береді. Мысалы, әл-Фараби «Адамшылық (ән-инсанийа) – жалпы табиғатында немесе адам табиғатында барлық жанға тиесілі қасиет. Ол сондай-ақ, мақсатты түйсінуді немесе әдетте балама түрде Ақылды қолдануды білдіретін Кемел адам мәнінде нағыз адам болуды білдіреді» десе, Ницше «Қараңдаршы: мен жасынның жай оғымын. Қара бұлттың тамшысымын. Ол жасынның аты – «Жоғары адам»  дейді.

 

Абайда «ақыл», «қайрат», әм «жүрек» іспетті үш ұғым қамшының өріміндей тұтасып үнемі бірге жүреді. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті; ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» десе, енді бір ғазалында «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек...» дейді тағы да хакім. Ендеше Абайдың бұл «толық адам» тұжырымын адамзат нәсілі аталған үш ұғымның басын жымдастырып тең ұстағанда ғана қол жеткізе алатын болғаны ғой. Мұндай үш қасиетті кемеліне жеткізіп пар ұстаған адам кешегіні айтпағанда, бүгінде табыла қояр ма екен? 

Рас, кімде өзіне жетер «ақыл» мен «қайрат», дүниеге ынтық «жүрек»   болмайды дейсіз. Әрине, пенде баласының бойынан бұл үшеуінің бәрі де табылады. Бірақ Абай айшықтап айтатын, бұл үшеуіне мән кіргізіп, мағынасын арттыратын әлгі анықтауыш  үш қасиет табылар ма екен? Мәселе сонда. 

Жай ақыл емес «нұрлы», сол секілді «қайрат» пен «жүрекке» де хакім осы іспетті «ыстық» пен «жылы» ұғымдарын қоса телиді.  Міне, сонда ғана жетілген жанның ішкі мазмұнын көруге болады.

Енді мына мәселеге келейік.

Ғұмыр көшінде ақылы ұстарадай өткір небір  жандармен дидарлас болдық.  Бірақ сол адамның бойынан ақылдың кемеңгер айтатын «нұрын» сезіне алмай пұшайман болғанымызды несін жасырайық. Жарғақ құлағы жастыққа тимеген көп жандардың қайтпас қайраты мен суық жүрегіне де осы көзқарасымызды көлденең тартқан болар едік. Анығы, бұл үш қасиеттің бір адамның бойында табылмағының шынымен-ақ қиын екендігін, демек,  бұл үш  құндылық мосының үш бұтындай  бірінсіз бірінің мағынасы кем екенін ептеп түсінгендей едік. Хакімнің жоғарыдағы ойды одан әрмен ширатып «...Жеке-жеке біреуі жарытпайды, Жол да жоқ жарыместі жақсы демек», я болмаса «...Біреуінің күні жоқ біреуінсіз» деп отырғаны да осыны аңғартса керек. Адам неліктен жартыкеш (Абайша айтсақ, жарыместіктің) шылауында қалады?

Бұған басқа емес өз өмірімізден жауап іздегеніміз әлдеқайда әділетті болар еді.  Біздің «бір кем дүние» деп өз-өзімізді өтірік жұбатуымыздың астарында да осы үш қасиеттің басын біріктіріп  ұстай алмауымыздың жайы жатқан тәрізді. 

Бақсақ, адам баласы ақылының аздығынан кембағал, қайратының кемдігінен кедей, жүрегінің суықтығынан  имансыз атанады екен ғой.  Айтыңызшы, осы үш олқылықтың оры мен тұзағына түспеген пенде баласы (бүгінде) қалды ма өзі?! 

Жұмыр жер үстін әбден зәрезап қылған қанды қырғындар мен рухани дағдарыс атаулының бәрі де осы үшеуінің кемдігінен таған тартып отырған жоқ па?! Егер де әр адам бойында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» үштігі  салтанат құрғанда, жер үстіне жұмақ атаулы баяғыды-ақ  орнаған  болар еді. 

Абайтанушы Тұрсын Жұртбай өзінің «Толық адам» деген екі том ерен еңбегінде: «...Абай үшін бұл үш ұғым: ақыл, қайрат, жүрек – оның ақындық рухының, дүниені қабылдау, мағыналы, астарлы ойлау, көркем бейнелеу амалының көркем жүйесі болып табылады. Ол фәни мен бақидың арасындағы қандай сезім қылын шертпесін, міндетті түрде осы үш тәңіриялық қасиет-киені ой жүйесінің пернесі етеді. Бұл үшеуі Абайдың бүкіл шығармашылық туындыларының мағынасын ашатын көркем жүйе ретінде желі тартады. 

...Бұл үшеуі – мұқым жаратылыс атаулының, соның ішінде тән мен жанның да үш барлаулы күретамыры. Жан қуатынан нәр алған барлық тіршілік осы үш барлау тамырдың қимыл бірлігінің нәтижесіне тікелей тәуелді. Бұл үшеуінің үйлесімінсіз тірлік жоқ. Дүние қараң», – дейді. 

Ілгеріде жазған бір мақаламызда Абайдың қырық бес қара сөзі кей өлеңдерінің түсіндірмесі мен тәпсірі деген пікір айтқан болатынбыз. Мұны өзара салыстырып қарауыңызға болады. Хакімнің он жетінші ғақлиясы (дәл қазір) біз індетіп отырған «...Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек...» идеясының бейне бір қара сөзбен  жазылған интерпретациясы десек те болатындай. Онда (он жетінші сөзде) ақыл, қайрат әм жүрек үшеуін өзара сұхбаттастырған кемеңгер: «...Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол» деп жазады жарықтық. Біздің әлгі дәсердей қылып айтатын «мемлекет қайраткері», «академик» пен «профессор» ұғымдары да Абайдың бұл «қасиетті адам» қағидасынан тым шалғай жатқаны анық.

Басқан ізіңнен садаға кетейін-ай. Ант етуге бармын. Абайдың бұл парасат пайымы ендігі адамзат мұратының тағы  бір биігі десек те болатындай.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар