Маңғыстау ақындарының абызы
Абыл Тілеуұлы (1777-1864) – көне жыраулар дәстүріндегі сөз шебері. Шағын шумақтан құралатын «Сексеннің бізде келдік жетеуіне», «Отырған қарсы алдымда Қаным- айым», «Сүйекем сапар шекті сексен бесте», «Арғымақ атта сын болмас» сияқты бірқатар өлеңдерінде, «Естірту» толғауында өмір мен оның мәні, адамның тірліктегі қадір-қасиеті туралы толғанады.
Абыл халық өміріндегі мәнді окиғаларға назар аударып, елдік пен ерлікті толғап, әділетсіздік пен озбырлықты аяусыз шенеген өткір жырларымен халық арасына кең танылған. М.Әуезов Абылды халық арманын өз шығармаларында бейнелей білген үздік ақын десе, Е.Ысмайылов творчестволық дәстүрлері өз заманындағы ақын, жыршыларды үнемі қызықтырып отырған асқан жүйрік импровизатор ақындардың қатарында атайды. Қ.Жұмалиев Абылды қазақ жерінің батыс аймағындағы әдеби ортаның ірі өкілдерінің бірі деп көрсетеді. Бұл пікірлер - Абыл туралы бірден-бір әділ баға.
Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ,
Филология ғылымының кандидаты
АРҒЫМАҚ АТТА СЫН БОЛМАС
Арғымақ атта сын болмас,
Қиған қамыс құлақсыз.
Азаматта сын болмас,
Арты болса тұяқсыз.
Айдын көлде сын болмас,
Жағасы болса құрақсыз.
Асқар тауда сын болмас,
Бауыры болса бұлақсыз.
Ақ киікте сын болмас,
Арты болса лақсыз.
Жеті арнада сын болмас,
Аяғы болса тұрақсыз.
ҚАР ЖАУАР КҮН-ТҮН ОНЫҢ ҚАБАҒЫНАН
Қар жауар күн-түн оның қабағынан,
Жалбырар байтабасы балағынан.
Көк шұнақ лағы өлсе көгенінен,
Сол күні ас өтпейді тамағынан
Тоқты өлсе қыңыр төбел көгенінен
Ойлайды азаяр деп жегенінен
Ол жігіт отын алар, ошақ қазар,
Шықпайды қатынының дегенінен.
Ол жігіт отын алар, ошақ қазар
Отырып от басында болар мазар
Сөйлесіп азаматпен ақыл қоспас
Сөйлесіп қатынымен дертін жазар.
ОРҒИ-ОРҒИ ЖҮГІРГЕН
Тілеумағанбет өлгенде әкесі Бектұрлыға тұспалдап айтқанына түсіне қоймағасын, Абыл осылай айтуға мәжбүр болыпты:
Орғи-орғи жүгірген
Ор қояннан жүйрік жоқ.
Сәті түсіп кездессе,
Ұстайын десең, құйрық доқ.
Өлшеулі күні біткен соң,
Ажал келді, тиді оқ.
Пешенттеп жазған ақ қағаз
Енді оқуға бұйрық жоқ.
ТІЛЕУМАҒАНБЕТПЕН ҚОШТАСУЫ
Тілеумағанбет Абыл ақынмен әрі ағайын, әрі қадірлес адам екен. Тілеумағанбет өліп, соған там тұрғызып жатырған кезде Абыл келеді. Ескерткіш біткесін, дұға оқып, қимас ағайынымен қайғыра қоштасыпты:
Жарылар – сегіз арыс ауылың қалды,
Құдайберген, Майлан, Шотан бауырың қалды.
Шығарған төрт Назарды шаңырағың,
Тастемір қалың қара сауырың қалды.
ТОЙБАСТАР
Әліпте жиырма тоғыз бірі – мим,
Білгенге өлең деген емес қиын.
Алқада қызыл тілді сайратайын,
Әлеумет, күнде болмас мұндай жиын.
Жарқыным, айттым өлең жиыныңда-ай,
Өлеңім тал құрықтың қиынындай.
Жел сөзді Тәңір берген не қылайын,
Өзгедей отыра алман тыйылып-ай.
Әркімнен пелде-пелде өтер заман,
Жүргенде жан ұяда есен-аман,
Тойыңды біз басталық, риза бол,
Іркіліп, айта алмайды кейбір жаман.
Өлеңім айтсам тәтті шекер балдай,
Дем берсе, тіл мүдірмес, Жаббар Алла-ай.
Қарасам бедеріңе, әдемі екен,
Ен нудан кесіп алған құба талдай.
Қай жалған мына жалған, дүние жалған,
Дүниеден мынау пәни кімдер қалған?!
Сәтіне сәрсенбінің той жасапсың,
Тілекті қабыл еткей Жаббар Аллаң.
Дүние диірменнің бұрғысындай,
Барасыз сіз бір елге жыл құсындай.
Көркіңе көрген адам тояттаған,
Басыңның естуші едім бұлдысын-ай.
Бәрін де білуші едім әр нұсқаның,
Сыртыңнан сөз айтпаған дос, дұшпаның.
Салғанда таразыға тең құрбыңнан,
Артық-ты өзге қыздан қырық мысқалың.
Жылжыған көзді судың ағынындай,
Боз бұлттың жерге түскен сағымындай,
Отырсыз сіз бір елге ниет етіп,
Жас дәурен, шолақ болдың неғылып-ай?!
Жалт етіп көрінгендей алтын сырғаң
Дүние қызыл түлкі асқан қырдан.
Жалғанның жылыстаған жылы сондай,
Әлеумет, аз да болса, болың риза.
ҮШ АҚЫННЫҢ ӨЗДЕРІН ТАНЫСТЫРУЫ
Бірде Абыл, Есенбақ, Шернияз үшеуі болыс, байлармен сапарлас болады. «Халыққа ақын, жыршы қадірлі ме, би, болыс-хәкім қадірлі ме?» деген араларында пікір таласы туады. Халық кімді құрметтейтінін көреміз деп, болыстар қойшылар ауылына, ақындар қозышы ауылға түседі. Киімдері де жұпыны, арық атты үш ақынды сойып тастары жоқ қозышы ауылы шәйімен ғана қонақ етеді. Асылған қазан көрінбейді. Шонжарлардың табасына қалмау үшін, ақындар өздерін бірауыз өлеңмен таныстырып, мән-жайды баян етеді.
Шернияз:
Жарылғас – әкем аты, шешем – Тойлан,
Есенбақ:
Жоқ па екен сыңар қозы егіз қойдан?
Абыл:
Шернияз, Есенбақ пен Абыл ақын,
Болыс, би табаласа, неғыласың,
Қайнаса, сенің сорың қайнап жатыр,
Ана ауыл қонағына қойын сойған.
Осыдан бастап өлең, жыр толастамай, қозышы ауыл ақындарды екі күн жібермей қонақтап, жар айтқызған екен, Абыл аттанарда:
- Болыс, байлар ас ішіп, аяқ босатқандарына мақтанса, ақындар халыққа алтын сөзімен қадірлі екен деп ана ауылдағы әкімдерге айта барыңдар, -депті.
ОТЫРҒАН ҚАРСЫ АЛДЫМДА ҚАНЫМ-АЙЫМ
Абылдың әйелінің аты Қаным екен. Оны ағайындары босаңдау, ұқыпсыздау деп, Абылға тең көрмей, өзге әйел алып бермек болып ақынға келеді. Сонда Абыл айтыпты:
Отырған қарсы алдымда Қаным-айым,
Алдымда – ас, үстімде – киім, бәрі дайын.
Арыстан, Артығалыдай ұл туғасын,
Қырмызы, Қытайыдай қыз туғасын,
Ол барда хор қызын да танымаймын,
Басқаны ал десең де мен алмаймын.
ШЕРНИЯЗҒА АЙТҚАНЫ
Абыл кете Шернияз ақынның ауылына келеді. Шернияз атақты ақынға сөз айтуға жүрексінеді де, Абылдың ақындық дарынын байқамақ болып, жеңгесіне бірауыз өлең үйретіп, өзі бой тасалайды.
Ат туар айғыр салса асыл тектен,
Бай, батыр, ақын, жыршы – бәрі де өктем.
Құрмаға мырза, шора жиналса да,
Айтайын шындық сырын бұрын өткен.
Нәсілін атаңыздың білемісіз,
Шығыпты Адай ағам қыздан еппен,-
Дейді. Сонда Абыл:
Ат туар айғыр салса асыл тектен,
Бай, батыр, ақын, жыршы – бәрі де өктем.
Құрмаға мырза, шора жиналса да,
Айтыңыз шындық болса бұрын өткен.
Біреудің жаттамалы сөзін айтып,
Япырым-ай, мұнша неғып есің кеткен?
Бұл сөзді бір-екі ауыз кім үйреткен,
Шернияз соны үйреткен қайда кеткен? –
деп сөздің төркіні Шернияздан келгендігін бірден сезіпті. Сол кезде Шернияз шыға келіп, сәлем береді де, Абылды арашалаған болып былай дейді:
Ат туар айғыр салса асыл тектен,
Асауды үйретеді күші жеткен.
Айғыр салмай үйірге Адай ағам,
Қыздан туа салыпты жеңгесі еткен.
Қайдан білсін Абекең кім екенін,
Тұқым шашып ананың өңіріне,
Құмартып өніміне егін еккен.
Шернияз екі сөзінде де Адай некесіз қыздан туыпты дейтін аңызды тілге тиек етіп, Абылды қағыта өтеді. Оны сезген Абыл:
Өзгеге тартқан жерім жоқ,
Қушық маңдай, шекесіз,
Өзіңмен өзім тең болсам,
Атамды сұрап не етесіз?!
Заманында өзі болған жігіттің
Жеті атасын сұраған жетесіз, -
депті.
Абыл талантына риза болған Шернияз аға ақынмен бірге ел аралап, одан өнеге алыпты.
АБЫЛ МЕН ОРАҚТЫҢ ҚЫЗБЕН СӨЗ ҚАҒЫСТЫРУЫ
Орақ ақын мен Абыл ақын хан-сұлтанға тілі тиіп, қуғын көріп, сол сапардан азып-тозып келе жатып, Орта жүз жерінде бір ақбоз үйге кезігеді. Үйде домбыра тартып отырған қыз бұлардың ұсқынын көріп, әрі сескене, әрі кекете өлең айтады:
...Өлеңге сен де дүмді, мен де дүмді,
Айтысса екі дүмді қазар мінді.
Жүлдені шаппай алған жүйрік едім,
Талайдың айтысам деп сағы сынды.
Сіздерді бұрын-соңды көргенім жоқ,
Жол болсын, жолаушылар тағы сынды.
Сонда Орақ айтады:
...Өлеңге сен де дүмді, мен де дүмді,
Қағысса екі дүмді табар мінді,
Отырған ақбоз үйде қарындасым,
Бермесін бізге берген саған күнді.
Шөлдеген жолаушыға сусын бермей,
Салқам қыз салған жерден неге күлді?
Шалдырмас шаппай бердің өзі болсаң,
Жайланып, сөйлесейік келер күнді.
Орақтың орайлы да тегеурінді жауабынан кейін қыз сөз жарыстырмай, сабыр етеді. Сонда Абыл екі жастың түсінісе бастағанын сезіп, сөзбен сипай өтеді:
Екеуіңіз үйдестіңіз, бүйдестіңіз,
Сыпайы сыр айтысып сөйлестіңіз.
Адамның аңырғаны – жусағаны,
Манағы келер күнді не дестіңіз?
СҮЙЕКЕМ САПАР ШЕКТІ СЕКСЕН БЕСТЕ
(Батыр, би Сүйінқара Үргешбайұлы өлгенде айтқаны)
Нағашың Ер Табынай – Аққұл, Айбас,
Қайының – Байбақты батыр Шолан тапа тайлас.
Ақылыңа өр мінез ерлігің сай,
Көрген жан бір өзіңе кінә қоймас.
Сен барда сүйеулі еді арқам жарға-ай,
Қатепті қайыспайтын қара нардай,
Адайда бір жан едің ар қуардай.
Аузына байтақ жұрты анталаған,
Сүйекем сөйлер еді-ау қарқуардай.
Сүйекем сапар шекті сексен бесте,
Сейсемде қалды жатып Аютөсте.
Қорлыққа көнбен деген бір пенде еді,
Ажалға о да көнді – салған іске.
ҚҰЛБАРАҚ БАТЫРҒА
Аржағың ер Есболай, Итемгеннен,
Келеді айқын жүйрік ит өлгеннен.
Қайтпады қайран ерлер қауымына,
Ажалға өзі барып сүйкенгеннен.
Құлбарақ туып еді Табылдыдан,
Жау көрсе, жаман қашар жабындыға.
Барды да, батыр жауда қапыда өлді,
Тиді де ажал оғы қағындыдан.
АБЫЛ МЕН БАЛДАЙ ҚЫЗ
Абыл айтысқандарын шөптей түсіріп жүрсе де, Балдай дейтін қызды жеңе алмапты. Оның мінін іздеген ақын: «Осы қыздың көңіл жақын адамы бар ма?» - деп қыз ауылындағы жігіттерден сұрайды. Жігіттер Қабылдың Тіленшісі дегенді атайды. Абыл соны тілге тиек етіпті:
Отырған қарсы алдымда Балдайымыз,
Бал татыр жесе секер таңдайыңыз.
Сендерді жақын-жақын дей береді,
Қабылдың Тіленшісі қандайыңыз?
Балдай:
Жаз болса – ауылдасым, сусындасым,
Қыс болса – қораласым, қызылдасым.
Қабылдың Тіленшісін бізге қосып,
Басыңыз, Абыл-еке, ауырмасын, -
деп жеңіп кетеді.
***
Балдай қызды Абыл күйеуге ұзатылғаннан кейін де іздеп барып, талай айтысып жеңіледі. Енді бірде Абыл Балдайдың күйеуінің көзінің мінін біліп, соны ілік етеді. Абыл:
Ақ Балдай, отырмысың ісіңді істеп,
Кісіге «сөйлес» деген «үйге түс» деп.
Қолыңа қонған құсың құтты болсын,
Болыпты көзі тыртық, түлкі тістеп.
Жарасар салсаң тоқым қара көкке,
Құсыңыз қыран ба екен, салшы жеке,
Құсыңның оң көзінің жиегі жоқ,
Алмасақ жиектетіп Сегізекке.
Күйеуінің мініне қорынған Балдай сөз қайтара алмапты.
ЕКІ АҚТАН КІМ ТУАДЫ
Бірде сөз қағыстырып отырып Балдай қыз Абылға сұрақ қояды:
Екі қарадан сұр туады,
Екі сарыдан сұм туады,
Бір ақ, бір қарадан нұр туады,
Екі ақтан кім туады?
Сонда Абыл ойланбастан:
Екі ақтан шамдай туады,
Суырылған таңдай туады.
Көзді ұялтып, жанды мүжіп,
Ай жүзді Балдай туады, -
дегенде, Балдай сұлу үнсіз күле беріпті. Шынында да, Балдайдың әке-шешесі аққұба, ажарлы адамдар екен.
БАСЫНДА МИУА АҒАШТЫҢ САЙРАР БҰЛБҰЛ
Қайыпалды егдерген шағында жас әйел алады. Тойға кезіккен Абылға Қайыпалды:
- Замандас келіншегім көңілсіз отыр, осыған арнап сөз айтып жібер, - дейді. Сонда Абыл айтыпты:
Басында миуа ағаштың сайрар бұлбұл,
Жігіттік - өтер, кетер бір қызыл гүл.
Қусаң да қос ат алып бір шалдырмас,
Қамшылап Әбу жылан мінсең дүлдүл.
Қусаң да қос ат алып бір шалдырмас,
Алтайы беріктен қашқан итке алдырмас.
Ау, тақсыр, алған жарың жақсы болса,
Көңіліңді дүниеде бір қалдырмас.
Алғаның жаман болса, басың күтпес,
Кей пенде, Тәңір салса, тастап кетпес.
Жігіттер, болсаң тату, жақсымен бол
Дүниенің асылындай баға жетпес.
Ел болмас мақтаса да кісі еліндей,
Жіп тұсау - жаман жолдас - кісеніңдей.
Қанша жақсы десең де соңғы жолдас,
Бола алмайды әуелгінің мүшеліндей.
Ханымды сен айтасың келіншек деп,
Ханды ханым айтпағай еріншек деп.
Тіліңді халқың алса да, қатының алмас,
Бұзаудай ноқта тартқан шегіншектеп.
БАЙМАҒАМБЕТКЕ АЙТҚАНЫ
Бірде Баймағамбет сұлтан ауырып жатып Абылды алдырады.
- Сен хан, сұлтанды қаралап өлең шығарады дейді. Мықты болсаң, бұлтармай, маған өлең шығаршы, жақсыласаң – жарылқаймын, өле кетсем – өшпес сөз болсын, - дейді. Сонда Абыл былай депті:
Бопайдан туған әкең Айшуақ хан,
Табаның таймай тұр-ау мінген тақтан.
Дәлірген дажал сынды дәрежеңді
Деп жүрсің Құдай қорып, Қыдыр баққан.
Толы ел – толықсыған көлін тастап,
Қаңғырған Қайыпалды Тәңір қаққан.
Ер өлді деп етек бұлап жылайтұғын,
Байеке-ау, қай ісің бар елге жаққан?!
Бұдан кейін Баймағамбет және басқа ел әкімдері Абылды ханға халықты қарсы қоюшы деп біраз қуғындапты.
ҚАЙЫПАЛДЫҒА АЙТҚАНЫ
Қайыпалды бірде Абылға кездесіп:
- Мен туралы сыртымнан сөз айтатын көрінесің, көзімше айт – депті. Сонда Абыл тайсалмастан балай дейді:
Қызыл тіл Жиреншедей тілім тақсыр,
Қызыл тіл – өнер алды, білім, тақсыр.
Баймағамбет өзіңнен артты десе,
Ұстайды сонда сенің жының, тақсыр.
Қолдаған сол сұлтанды губернатор,
Өзгеден артық па еді дінің, тақсыр.
Хиуаның қонышына кіріп кеттің,
Бір уыс болмаса игі ед күнің, тақсыр?!
Қайыпалды мені тілдедің деп, Хиуа үкіметінің салған салығына қоса Адай руына 60 атан айып тартқызамын депті. Себебі Хиуа үкіметінің салық жинаушы әкімдерінің бірі Қайыпалды болған. Халық оны хан деп ұққан.
Абыл алпыс үйден алпыс адам ертіп, Қайыпалдыға қайта барыпты. Өзі былай депті:
Заманақайым болар жер зыңыранса,
Тау құлап, тас қаңбақтай жұмаласа.
Алдыңа алпыс Адай келіп тұрмыз,
Келе ме ханнан қорқып, қорғаласа?!
Арғы атаң – хан Нұралы, әкең – Есім,
Кетірдің бұйқыт елдің берекесін.
Құландай қырда өскен Адай едік,
Адайға салық деген салдың кесім.
Адайдың салық салдың мойынына.
Шыдамай Адай сенің ойыныңа,
Алпысы адуынды атқа мініп,
Жармасты жарақтанып сойылына.
Оу, тақсыр, тура қарап, дұрысыңды айт,
Абылға алпыс атан салдым деген
Әзілің әнеукүнгі қойылды ма?
Жасанып келген жігіттерді көріп, Абылдың сөзінен сескеніп, Қайыпалды:
- Адаймен әзілдесер жәйім бар еді, жорта айтып едім, - деп құтылыпты.
АҚС¥ҢҚАР СЫНДЫ ШАЛҒЫН ҚАУЫРСЫННАН
Абыл Баймағамбетті де әшкерелейтін сөз айтып, ел әкімдерінен біраз куғын көреді. Сол кезде Қайыпалды тағы кездесіпті. Қасында Хиуа нөкерлері бар екен.
-Сен мені тілдеуді әлі қоймапсың, күнәңді талай кешіріп едім, сен уәдеңде тұрмадың, уәде жұтқан ұрымен тең, Хиуага апарып, дар ағашына байлатамын, - десе керек. Сонда Абыл Қайыпалдыға тағы да өлеңмен жауап беріпті:
Ақ сұңқар сынды шалғын қауырсыннан,
Тырна ілер кара лашын баулысынан.
Шақырса тауда тарлан таң сәріден,
Еділде бұғады үйрек дабысынан.
Қатарда нар сүрінсе халқы сүйер,
Болса да қандай жазаң, ауырсынбан.
Жүр едім, тақсыр, сені дара біліп,
Халыққа жазықсыздан салдың бүлік.
Бұланның бүйірінен жебе тисе,
Бұл оны кайғырмайды жара біліп.
Әкең Есім, арғы атаң хан Нұралы,
Нұралы таққа мініп хан тұрғанда,
Алаштың болған емес бір мұрады.
Алашты тарықтырды Нұралы хан,
Хан болды аз ғана жыл Есім сұлтан,
Хиуадан Нұралыны хан көтерді
Бес баулы Есенұлы, он Сейілхан.
Жүк қалмас артсаң ауыр кара нарға,
«Ұрының» бұл күндері құны бар ма?
Өлеңім қартайған сон қалжыраңқы,
Сөзімнің сына, тақсыр, міні бар ма?!
Сайраған бұлбұл құстың бұлы бар ма?!
Арыса, арымақтың сыны бар ма?!
Сөйлейін, сөйле десең, сөзге жетік,
Тіл мүлтік, қарлыққаннан тісім кетік.
Бастаған жас кезімнен өнерім ед,
Отырмын бұл күндері жасым жетіп.
Дүниеде дертті кісі ойнап-күлмес,
Ел білер қадіріңді, сұлтан білмес.
Кірпігі арғымактың кіржік тартса,
Жабыдай ол жазылып көтерілмес.
Баласы шаруаның егін екпес,
Жер жыртып, өгіз айдап, арба жекпес.
Шалғысы лашынның шалғырт тартса,
Ілер деп қаз баласы кайғы шекпес.
Асуды арманым көп сүрдім, тақсыр,
Құржыңдап құр көкірек жүрмін, тақсыр,
Атадан қалған мұра таққа отыру
Жойылмай, түзелмесін білдім, тақсыр.
Жетпістен аяқ басам жетпіс бірге,
Теңелді көңілім енді қара жерге.
Қадірін картайғанның хан білмеді,
Айдады арба салып өгіздерше.
СУШЫ ҚЫЗБЕН СӨЗ ЖАРЫСТЫРУЫ
Абыл ақкөңіл, әзілқой адам екен. Қарт кезі болса керек. Су алып келе жатқан бір топ қызға қарап былай депті:
Арқаның атып алдым ақша қуын,
Қамысы Атыраудың буың-буын.
Қолында темір шелек, таси-таси
Барады кыздар құртып көлдің суын.
Үлкен қыздар иба сақтапты да, кіші қыз жауап беріпті:
Қызады-ай бұқа - буға, тентек - дуға,
Қайғысыз семіреді қара суға.
Атаның сатып алған кұлы ма едің,
Болар ма жігіт итаршы қара суға.
БІРЕУ БАР...
Біреу бар жоқшылықтан өле алмайды,
Біреу бар аяқ басып жүре алмайды.
Біреу бар буаз аққу сияқтанып,
Назданып аяқ-басын бүге алмайды.
Сұлу бар бидай өңді, кылымсыған,
Еркелеп, сөйлей алмай, ыңырсыған.
Арадан айлар өтіп көргеніңде,
Дәт көңіл шыдай алмай, тыпыршыған.
Ақ маңдай, ителгі көз, алма мойын,
Қанды бет, жазық маңдай, ыссы қойын,
Алыстан ат арытып келгеніңде,
Балқиды қорғасындай тұла бойың.
БИЛЕР МЕН БЕКТЕРГЕ АЙТҚАНЫ
Абыл бірде билер мен бектердің алқасына кездеседі. Олар ақыннан өсиет, насихат өлең сұрайды. Сонда Абыл айтыпты:
Өлеңім сұр жорға аттың сүргініндей,
Қаңтардың қар бораған үргініндей.
Жаманмен мың күн жолдас болсаң дағы,
Жақсының болмайды екен бір күніндей.
Өмірің бір жаманмен өтсе болмас,
Өксітіп ерден дәулет кетсе болмас.
Ағайын сыйласпаса, тіріде оңбас,
Үдере бірге көшіп, бірге қонбас.
Онда - ойын, жиырма бесте желсің, бегілер,
Отызда ой тоқтаткан сенсің, бегілер,
Қырықта қыр басына шыққан бегілер,
Елуде еңкеу тартпай ма, білсең, бегілер.
Албөрі алпысында толған, бегілер,
Желкектей жетпіс жаста солған, бегілер,
Базарда басы шыққан боз жорғадай
Сексенде селкілейді басың, бегілер.
Тоқсанға рә жетсе жасың, бегілер,
Кіртиер кірпігің мен қасың, бегілер,
Қайтарсың жүз жасыңда райыңнан,
Жас кезгі даңқың қалмайды сол ойыңнан.
БАТЫРЛАРДЫ ЖОҚТАУЫ
1832 жылы Хиуа нөкерлері Сүйінқара ауылдарын шауып, Маңғыстау елдерін тонап, малдарын айдап кеткен. Соңынан қуып жеткен батырлар қаптаған жауға төтеп бере алмай, шайқас даласында қаза болады. Сонда Абыл айтқан екен:
Мырзатай өлерінде налып өлді,
Қылышын қия жауға салып өлді.
Өлсе де Мырзатайдың арманы жоқ,
Жастығын өлерінде алып өлді.
Мырзатай өлерінде өрлеп өлді,
Қылышын ит дұшпанға сермеп өлді.
Мырзатай кім-кімнен де батыр еді,
Тіріде жауға намыс бермеп еді.
Бұл жаудан жақсы да өлді, жаман да өлді,
Мырзатай, Дулатұлы Қабан да өлді.
Тигесін ажал оғы, амал бар ма,
Мандайын еш аудармай, табанда өлді.
Жау шапты, көрген жан көп көзіменен,
Ер өлді Бүркітәлі, Кежіменен.
Біз пенде алай-былай десекдағы,
Алладан ажал жетті кезіменен.
Көп Адай жауға аттанды білісімен,
Жанақтан Жанкел өлді інісімен...
АРАБ ӘЛІППЕСІ
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Әліп*
Атасы Әзірет-Әлі Әбутәліп.
Жан беріп, күнәһарды тірілтіп ап,
Тарттырар көр азабын отқа салып.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Би*
Көреді иманды құл Алладан сый.
Қылығы бұл дүниеде жақындардың
Сайланар сегіз жұмақ ішінен үй.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Ти*
Көңілді беріп Хаққа, нәпсіңді тый.
Құдайдан шыныменен қорықсаңыз
Таста да харам нәпсі, адалдан жый.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Си*
Пәк тұтып киіміңді тазадан ки.
Алланың ақ бұйрығы келген күні
Еркіңмен мойыныңды ұсын, жаныңды қый.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Ки*
Озады ошағына тер төккен үй.
Ас ішсең бір қазаннан бір қауым жан,
Меймансың бір-біріңе көрсетші сый.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Жұм*
Малынан зекет бермес кей жаман сұм.
Зекетін көзін қиып бермегенмен
Өлгенде көзіне толар топырақ құм.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Һай*
Жаманға жанап кетсең салар айқай.
Шайтанның мейманасы тасымасын -
Жақсыны хан көтерші даңқына сай.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Дал*
Ғалымға көпті білген құлағың сал.
Тоқысаң ғалым сөзін бойға жиып
Ақылдан жұтамайтын құрадың мал.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Зал*
Иеңді жан бітірген жадыңа ал.
Шыбының тастап сені кеткен шақта
Қалмайды ара тұрып жинаған мал.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Шын*
Пендеге махшар күні болады сын.
Қарындас, ораза ұста, намаз оқы
Жаныңның тазалығы - дінің үшін.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Ре*
Жүреді желеп-жебеп ердің пірі.
Тірлікте *Алла* деген ақ пенденің
Жанында өлген күні қалмас кірі.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Зе*
Мұсылман, көңіл тазарт, дінің түзе.
Періште махшар күні жауап алар
Жасаған жаңсақ кетсем жөнім түзе.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Тай*
Сүйектен өлсең кетер ет пенен май.
Жаныңа періштелер ие болар
Күнәсін бар мұсылман кешір Құдай.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Зай*
Көрінде иманды жатады жай.
Қылығы бұл дүниеде жаққан құлдың
Жаныда о дүниеде иманға бай.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Сат*
Адамға өлсе дайын болады зат.
Жақсылық, жамандықтың арасында
Періште екі иінде жазады хат.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Зат*
Кебіні нәрестенің жалаңқабат.
Тақылдап тілін безеп жүгендерден
Сұрасаң бере алмайды дұрыс жауап.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Айын*
Сыйламас жаман қатын келген байын.
Абалап ел көзінше шаптығады
Өлтіріп мың сан рет өлген сайын.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Ғайын*
Һұр қызы имандыға болар дайын.
Әйелге бұл дүниеде ерін күткен
Төрінен сегіз жұмақ қылар жайын.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Пи*
Пенделер, ізетпенен иманды жый.
Жетімнің жұлып-тартып ауызынан
Боқтықты дүние деп жиғанды тый.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Кеп*
Жүреді періштелер қамыңды жеп.
Жаратқан бар әлемді Құдіретке
Табыншы қасиетке *Бір Алла* деп.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Қап*
Тірінің о дүниеге бармағы хақ.
Жүрегі адал жанға ары алдында
Болады махшар күні Алласы жақ.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Нұн*
Алланың әміріне мойыныңды ұсын.
Күнәлі іс ақыретте жаман дейді -
Мәңгілік күтер алдан қараңғы түн.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Уау*
Өлгенде жеті мүшең өзіңе жау.
Қылығың бұл дүниеде жақпаса егер
Қимылдап аузы-басың қылады дау.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Иай*
Күтеді сегіз жұмақ жаратқан жай.
Ақылға, шарапатқа бейіл болсаң
Иманды осы әріптер таратқандай.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Ләм*
Жұмақтың бәріне ие иманды жан.
Бес парыз мұылмандық бойда болса
Алланың нұры шашып атады таң.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Мим*
Садақа әруаққа берген сыйың.
Тазартар ниетіңді пітір, зекет -
Оларсыз дүниеде жайың қиын.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Вав*
Тұрмасы бұл дүниенің басында хақ.
Көрсет те шыдамдылық тауқыметке
Пәниден кетпей тұрып қанағат тап.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Иа*
Адамның көзі тоймас дүнияға.
Құнықпа келген олжа табысыңа
Жүгінші ұят пенен қайырына.
Әріпте жиырма тоғыз келеді *Ләм-Әлиф*
Жаратқан күллі әлемді Алла халиф.
Түйіні бар әліппе тоғыз торап,
Түйсініп ұққандарға бұл бір ғажап!!!
ӨГІЗБАЙҒА АЙТҚАНЫ
Адайда түрікменадай Өгізбай деген акын болыпты. Ол Төребек ақынды жеңіп, кеуде қағып жүрсе керек. Бір күні Абылға келіп:
- Кетеде Шернияз,
Тазда Есенбақ,
Адайда өзім-ақ, -
депсің, - деп ашуланған екен. Сонда Абыл оның мақтаншақтығын біліп:
- Кетеде Шернияз,
Тазда Есенбақ,
Адайда Өгізекең-ақ!
- Осылайша айтып едім, -деген екен. Өгізбай риза болыпты.
СЕКСЕН БЕС ЖАСЫНДА АЙТҚАНЫ
Жасымыз, бар сексеннің бесеуінде,
Сексен бес наурыз көрдім есебімде.
Біз қайта қалтақ-құлтақ етіп жүрміз,
Біздей шал бүлдірулі төсегінде.
КӘРІЛІК
Жалғыздық жаман,
Жарытып ісі өнбейді.
Жарлылық кұрысын,
Әйтсе де кісі өлмейді.
Кәрілік бәрінен де жаман екен,
Адамды ұрмай-соқпай кісендейді.
СЕКСЕННІҢ БІЗ ДЕ КЕЛДІК ЖЕТЕУІНЕ
Сексеннің біз де келдік жетеуіне,
Жаманның ергенім жоқ жетегіне.
Біз байғұс калтаң-құлтаң етіп келдік,
Біздей шал жатып қалды төсегінде.
ӨМІРМЕН ҚОШТАСАР СӘТТЕ АЙТҚАНЫ
Лә Илләһа Иллалла – иманымыз,
Бір имандай болмады жиғанымыз.
Күн деген бір әмірге жолыққасын,
Паякун енді біздің болғанымыз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.