Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Әдеби бәйге әділ өте ме?...

22.01.2020 7453

Әдеби бәйге әділ өте ме? 12+

Әдеби бәйге әділ өте ме? - adebiportal.kz

Осы сауал әркімнің көңіл түкпірінде жүргені анық. Ашық және жабық түрде, әртүрлі форматта, әртүрлі деңгейде әдеби конкурстар мен мүшайралар дүркіреп өтіп жатады. Мәреге аты келгендер мен «әттеген-айлап» қалғандар кейде қырық пышақ болып жатса, кейде орынды сын-пікірлер айтылып жатады. Енді бір қауым бұл сарсаңға іш жимайды. Олардың пайымынша бұл – топшылдық пен «көкесі» күштілердің әлегі. Қалай десек те әдеби бәйгенің айналасында дау-дамай мен атүсті пікір, алыпқашпа әңгіме көп. Мүмкін мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар тарапынан берілетін әртүрлі марапаттарға өзгеріс керек шығар. Осы түйткілдерді барынша ашық һәм шынайы талдау үшін шағын дөңгелек үстел ұйымдастырған едік.

– Әдеби конкурстарға қазылық етіп тұрасыз ба? Шығармаларды қаншалықты әділ бағалай алдыңыз? Қандай критерийлерге сүйенесіз? «Осы шығарманың обалына қалдым-ау», - деген кездеріңіз болды ма?

Айгүл Кемелбаева: Әдеби конкурстарға жиі қатысамын, бірақ ешқашан қазылық жасап көрмеппін. Әдеби конкурстар шығармашылыққа ең қажетті донордың бірі деп білемін. Оның әділ өтуі советтік кезеңде жиірек болатын. Жабық әдеби байқаулардың маған бергені үлкен шығармашылық жетістіктер болды. Авторын білмей тұрып шығарманы бағалауға ештеңе жетпейді, ешкім бұра тартпайды. Нағыз ақын-жазушының бағы жанады. «Шынымды жасырмай айтсам, мен бір әлі жарияланбаған әдеби конкурстар үшін өмір сүретін сияқтымын», – деп «Мұнара» атты романымда (2003) жазғаным бекер емес.

Бағашар Тұрсынбайұлы: Көп конкурсқа қазы болып көргем жоқ. «Қазақ пен қала» проза бәйгесі алғашқы жылы ұйымдастырылғанда қазы болдым. Онда тақырыпқа сай, көркемдігі мен жазушы қабілетіне қарап бағалаған болатынбыз. Конкурста неге сүйенесіз? Әрине, алдымен тақырып пен көркемдікке. Басқа ешқандай сүйенер дүние жоқ. Ал «обалына қалдым-ау» деп өзім өкінген кез жоқ. Былтыр «Ауылым – алтын тұғырым» байқауына қазы болғам. Сол кезде Жұматай Көксубай деген ақын жігітті ары-бері айтып, қазының өзге мүшелеріне сөзімді өткізе алмадым. Сол жылы бас бәйге алған көкшетаулық Қуаныш Оспан деген жігіттің поэмасына да қарсы болдым. Поэзия аталымы бойынша бас бәйге алмағына қарсы едім. Оған да дауыс беру нәтижесінде сөзім «өтпей» қалды. Оған, әрине, еш ренішім жоқ. Қуаныш қазақтың ет тарту дәстүрін бе өлеңмен жазыпты. Былай алғанда соншалықты көркемдікпен алып тұрған дүниесі жоқ еді.

Мерей Қарт: Семей қаласында жиі өтіп тұратын әдеби байқауларға қазылық етіп тұратыным бар. Оқушылар арасында және студенттер ортасында өтетін әдеби сайыстар, шығармашылық жолда қалыптасып келе жатқан буын үшін зор мәнге ие. Сондықтан жауапкершілікпен қарап, барынша әділ болуға тырысамын. Тырысамын дейтінім; қазылар құрамында жалғыз мен емес, басқа да мүшелер болғандықтан ойымыз бір жерден шықпай қалатын кездер болады. Ұсынылған немесе оқылған шығармалардың көркемдік деңгейіне басты назар аударамын. Ешкімнің обалына қалған жоқпын деп ойлаймын.

Есбол Нұрахмет: Әдеби конкурсқа қазылық етіп көргем жоқ. Әділ бағалау дегеннің өзі субьективті нәрсе. Бір шығарма менің көзқарасым бойынша керемет туынды болуы мүмкін, екінші бір бағалаушы үшін түкке тұрғысыз болып шығады. Егер қазылық етіп жатсам да, тек өзіме қатты ұнаған шығарманы таңдар едім. Ал мен таңдаған нәрсе жалпы жұртқа түгел ұнайды деп айта алмаймын. Сондықтан кез-келген таланттың обалына қалып қоюым әбден мүмкін.

Досхан Жылқыбай: Қателесуге құқығым бар. Болашақта өз ойларыма қарсы шығуға да құқылымын (автор ескертпесі). Әдеби байқауларға қазылық етіп көргем жоқ. Тіпті сол қазылыққа қызығушылығым да шамалы. Өйткені әр шығарма артында автор, әр автор артында себеп тұр.

– Әдеби конкурстар мен әртүрлі сыйлықтарға ат қосып тұрасыз ба? Шығармашылық байқаулардың әділетті өтуіне қаншалықты сенімдісіз? Жүлде алу үшін «кісі салып» көрдіңіз бе?

Айгүл Кемелбаева: 17 жасымнан бастап әдеби конкурсқа қатыстым. 1983 жылы «Жалын» журналының республикалық жабық конкурсынан II орын алдым. Жақында бір журналистен бұрын ойыма ешқашан келмеген бір қызық пікірді естіп таң қалдым. 37 жыл бұрын әдебиетке сол бәйгенің дүбірімен ендім десем болады. Конкурстардың маңызын осыдан-ақ білемін. «Айгүлге ол жабық конкурс болған соң кім екенін білмей, жюри мүшелерінің дауыстары арқылы беріп қойып, оның орта мектепті бітіргенгеніне бір жыл өткен әлі жас екенін білгенде барып, кейбір кісілер бекер бердік деп өкініпті. Авторын білмей амалсыз беріп қойған».

Иә, жюриде ол кезде 30-40 адамға тарта мүше болған. Сол уақыттағы белгілі ақын-жазушылардың көбі дерлік. Бүркеншік атпен түскен қай шығарманың арасында іріктелгендерінен таңдарда қайсысының бағы жанарын бәрі айтысып-тартысып отырып шешеді ғой. Әрине, олардың ішінде ниеті түзулері де, бірен-саран жақтыртпай қалатыны да кездесуі заңды құбылыс. Менің айтқым келгені, қазақтың даналығы бар емес пе: жүгірген алмайды, бұйырған қашпайды.

Содан беріде көп конкурсқа қатыстым. Санын білмеймін. Қатысу процесі соншалық керемет, қиялға кеңістік, жанға қанат бітіреді. Небір үлкен конкурстарға қатысып жүрмін. Ешқашан кісі салып көрген емеспін. Мұны бәрі тамаша біледі. Дос да, дұшпан да. Әдеби орта бірін-бірі бәрібір бақылап, көріп, елеңдеп естіп отыратыны белгілі. Ондай тексіз ой миыма кіріп те шықпайды. Ол әлсіздер, таланты күмән туғызатын өлермендер, дайын үлгілерден қарызданғыш біреулер яғни, әдебиетке шын мәнінде бес бересі, алты аласы жоқ, оның құдықпен ине қазатын бейнетін емес, оп-оңай көздеріне елестей кететін қадір-құрмет, атақ-даңқ, әжептәуір қаржысын аңсап, «ұялмаған бұйырмағаннан жейтін» көлденеңдердің бейшара іс-қимылы. Бірақ адам елден жасырғанды өзінен жасыра алмайды. Сырты күліп, іші ұлып тұрғанның несі жақсы.

Конкурстарға қатысқанда ешқашан рулық, жүздік жүйені, жершілдікті, қазақтың осы солқылдақтығын, соның кесірінен ұсақтан көбірек ұтып, іріден жиі ұтылатын осалдығын, ағайын, дос-жар, көңілдес, т.б. яки бір нәрсені бұлдау сияқты теріс қылықтарды малданудан атымен аулақпын. Шынымды айтайын, қиюын келтіруді, сұрап алғанды менсінбеймін. Оның үстіне, бір құдайдың құдіретімен сырт көз періштелер көктен бақылап тұрады деп ойлаймын. Философ Айванховтың тілімен айтса, «аспани канцелярия» бар деп сенемін. Сонда бәрі хатталып жатады, кейіннен бәрінің де сұрауы болады. Айналып келіп, тылсым құбылыс шынайы адалдықты сүйіп, түбірімен әділдікті жақтайтына көзім әбден жетті.

Бағашар Тұрсынбайұлы: Әрине. Соңғы кездері сын, публицистика жанрлары бәйге номиннацияларына кіріп жүр. Ат қосып тұрамын. Өздері қатыс деп ұсыныс айтып, өзім де қатысқым кеп, материал жіберген кездерім бар.

Байқаулар белгілі дәрежеде ғана әділ өтеді деп ойлаймын. Ең әділ өткіздік деген «Қазақ пен қала» байқауының өзі дауға айналды. Оқырмандар қазылардың шешімімен келіспеді. Бас бәйгеге қатысты айтам. Оқырмандар түсінігінде «әділетсіз» өтті. Ал қазылар, бұл жолы өзім ұйымдастырушы болған соң айтайын, жүз пайыз өздері шешті. Кілең жастар алды. Ішінде бір ғана жігітті танимын. Жас менің өзім. Ал қазылар мүлде ешкімді танымайды. Онда қазылар соңғы сөздерін айтқанда неге бұлай шешім шығарғандарын түсіндірді. Сол бойынша қарасаңыз, түсінер едіңіз. «Қанағат Әбілқайыр, Нұрлан Қабдай, Есбол Нұрахмет, Арман Әлменбет сияқты жігіттер әбден қалыптасқан, жазушы болған жігіттер. Бірді-екілі шығармаларын оқып та көргем. Бұл жазғандары осы бәйгеге қатысқан жастардың әңгімелерінен оқ бойы озып, ерекшеленіп тұрған жоқ. Олар жазса да, жазбаса да осы. Ал кейінгі жастар салыстырмалы алғанда, әлдеқайда тұрақты, ауыр тақырыптарға барған. Әрине, жазуларында олпы-солпылық бар. Ол жағынан қарасаңыз, бәрі сауатсыз. Бірақ жастарға мүмкіндік берейік» деген мағынада сөздер айтылды. Сондықтан бәйгенің әділ өтуі шартты дүние. Өзім қатысып, жүлде алған бәйгелерді де әділ өтті деп айта алмаймын. Өйткені ол біреу үшін әділетсіз өткен болады.

Жүлде алғым кеп, бір бәйгеге қатыстым. Бір ағама айттым. Бірақ жүлде ала алмай қалдым. Сондықтан бәйгеге қатысқанда ешкімге айтпау керек.

Мерей Қарт: Әдеби байқаулар, оның ішінде жыр мүшайраларына қатысып тұрамын. (ара-кідік) Әділетті өтуіне толықтай сене бермеймін. Себебі өзіңіз айтып отырған "кісі салып" деген пәле жолды орайтыны рас. Оны естіп те, біліп те жүрміз. Ал, өзім ондайдан аулақпын.

Есбол Нұрахмет: Әдетте қолымнан келсе қатыспауға тырысамын. Соңғы кездерде тіршіліктің кебімен бір неше конкурсқа қатыстым. Менің түсінігімдегі әділет болған емес. Менің түсінігім бойынша, мен алуым керек еді. Ал олай болған жоқ. Сондықтан әділетті конкурс болатынына сенбеймін. Екінші жағынан, дос доспен, аға інімен бөлісіп, әбден топ-топқа бөлініп кланға айналған әдеби ортада ешқанай да әділет атауына жақын нәрсе болмайды. Бұның бәрі ойын, сахналық қойылым, тендерді игеру секілді дүниелер. Өзім конкурсқа көп қатыспаған соң «кісі салу» деген нәрсені де әдет қылмағам. Бірақ осы жүлдені саған алып берейік, қатыс деп уәде бергендей болып, соңында жоқ боп кететін жауапкершілігі аздау көкелеріміз болды. Бұл системаның осылай жұмыс істейтінін жұрттың бәрі біледі. Кімге іні болсаң қандай жүлде алатының да бәріне белгілі.

Досхан Жылқыбай: Иә. Конкурстарға қатысып тұрамын. Барлық конкурстың әділ өтетініне сенімді болмасам да, әділ өтетіндері мен өткендерін көріп жүрміз. Белгілі бір конкурсты әділ өтпеді деп жерден алып, жерге салуға болмайды, меніңше. Өйткені ондағы әділқазылардың танымы басқа, сіздікінен өзгерек болар. Оларға сіз ұнатқан шығарма ұнамайтын шығар. Осылай түсіністікпен қарағым келеді. Бірақ кейде қызылардың тым артық кететіндері де бар.

Конкурстан орын алу үшін кісі салып көргем. Оным сәтсіздеу болды. Меніңше ұяты бар қаламгер шығармасына сенімді болғанда ғана кісі салады. Өйткені, ұяты бар қаламгер нашар шығармасымен бәйгеге түспейді. Осы тұста мықты шығарма өз өзін ақтап алуы керек емес пе деген сауал туары сөзсіз. Бірақ, жақсы шығарманың алдын орап кетушілер табылады. Әсіресе жабық конкурстарда. Сондықтан, кісі салған нашар шығарма орын алғанша, кісі салған жақсы шығарма мәреге келуі керек деп ойлаймын. Өкінішке орай біздегі кейбір жағдайлар осындай қадамға итермелеп жатады. Қалай дегенменде, байқау, байқаудың қазылары әр шығармаға өз деңгейінде баға бере алмайды. Жақсы шығарма бас жүлде алса да, оның бағасы ол емес. Сөз басында қазылық еткім келмейтіні туралы айттым емес пе! Міне сол сөзді тағы бір ашып өткім келеді. Расында ешбір автор байқауға шығармасына баға тілеп қатыспайды. Оларға сыйлығы керек. Әрқайсысының басында сол байқаудан орын алып, байып кетейін деген емес, бір тіршілігімді бітіріп, ендігі жазар дүниеме ақшаға тәуелсіз қалыпта отырайыншы деген ой тұрары сөзсіз. Сонымен қатар, мен білетін ақын, жазушылардың бәрі бай болуды арман етеді. Ал бай бола қалғанда бәрі бір ауыздан байқауға қатыспайтынын, конкурстарды маңайламай кететіндерін арман һәм мақсат етеді. Жақсы жазушының жақсы шығармасына берілген орын, сыйлық – ол жазушының болашақ жақсы шығармасына арқау болады. Шабыттандырмаса да негізгі финанстық мәселесінен арылтады. Бұл жазушы үшін жеңіс. Сондықтан, менің ойымша жақсы қаламгерге берілген сыйақы әдебиеттің жарқын болашағының елеусіз болса да, бір бөлшегін құрайды. Сосын, бұл жерде мүшәйра үшін, конкурс үшін жазылған дүние нашар болады деген әңгіме туындайды. Меніңше бұл өтірік. Бәрі жазушының ұяты мен талантына, еңбегіне байланысты!

– Әдеби байқаулардың нәтижесі шыққанда, жүлдегерлердің алған орыны мен аты-жөні ғана жазылады. Кімдер қазылық еткенін, қай шығарма, қандай ерекшелігімен мәреге жеткені жұмбақ күйде қала береді. Қазіргі әдеби байқауларға қойылатын талаптар мен шарттарға өзгеріс енгізу керек деп ойлайсыз ба?

Айгүл Кемелбаева: Бұл өте дұрыс сауал. Расымен жюридің аты-жөні тегіс жазылуы керек. Мұндай өзгерістерді қатаң талап еткен дұрыс. Сүйемел, өтірік марапат болмауы үшін. Дарындардың тауы шағылмауы, жік-жік асқынбауы үшін. Қазіргі қазақ қоғамында ақын-жазушыларды ұлт жауындай, арамзадай көретін теріс пиғыл және бар екені айқын.

Бағашар Тұрсынбайұлы: Бұл бәйге өткізушілердің құзырындағы дүние. Ақыры бәйгені өз адамдарына үлестіріп беретін болса, шығарма жинап, қазы сайлап, уақыт созып, адамдардың басын қатырудың еш қажеті жоқ. Оданша сол адамдарын жиып, жазып жүрген шығармалары үшін деп жалпы тарата салу керек. Сонда ешкімнің реніші болмайды. Ал бізде сауын айтып хабарлайды. Онысы үш айға, одан ұзаса бір жылға жуық созылады. Ақыры соңында белгілі тізім алады. Не қызық?

Ал бәйгені жариялаған екен. Онда жасырын атпен, әр қазы өзін ұятқа салып, бағалау керек. Басқа ешқандай шешім жоқ. Ұйымдастырушылар мен қазылар әділ болмаса, басқа қалай болуы мүмкін. Қанша жерден талап пен шартты өзгертсеңіз де, айналып келгенде бір-ақ дүние. Бір ғана шарт, бір ғана талап. Ұйымдастырушы мен қазы әділ болсын!

Мерей Қарт: Әрине. Ашық түрде өтсе деп ойлаймын. Сыншылар талдап, жіліктеп, мүшелеп дегендей. Ақты ақ, қараны қара екенін сонда ғана айқындалады.

Есбол Нұрахмет: Әрине, өзгеріс керек. Керек болғанда да үлкен өзгеріс керек. Беделді бір жерде жұмыс істейтін досыммен жаңаша конкурстың моделін жасауға біраз атсалысқаным бар. Ойымдағы идеяларды сонда айтып, бөліскенбіз, бірақ ол жоба жүзеге аспай қалды. Қатысу шарты да, бағалау да басқаша болуы керек. Қазіргі біздегі анонимді конкурстардың өзінің шынайы анонимді екеніне күмәнім бар.

Егер маған салса, әдеби конкурс атаулыны мүлде тоқтатып, қаламақыны жолға қояр едім. Әр бір сайт, газет конкурстардың орнына әдеби шығармаға қаламақы төлесін. Ал әдеби сыйлықты сыртынан, осы адам жақсы жазып жүр деп берсін, бергісі келіп тұрса, Нобель сыйлығы секілді.

Досхан Жылқыбай: Жабық конкурс аяқталғанда шынында да автордың аты-жөні мен шығармасының аты жарияланады көбіне. Орын алған шығарма кеңінен талқыға түспейтіні де рас. Осы нәрсе шынында қынжылтады. Әсіресе шығармасы шын лайық орын алған қаламгерлерді. Меніңше жабық, интернет беттерінде жарияланбайтын конкурстардан орын алған шығармаларға қазылық еткен адамдар бір-бір пікір жазып, интернетке немесе «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияласа деген пікір бар. Бұл бір жағынан жазушыға жарнама, екінші жағынан конкурстың әділ өтуіне үлкен ықпал ететін еді.

– Соңғы рет қандай конкурсқа қатыстыңыз немесе қазы болдыңыз? Ол қандай ерекшелігімен есіңізде қалды?

Айгүл кемелбаева: 2019 жылы Ақтөбеде Мейірхан Ақдәулетұлы ұйымдастырған «Адырна» журналының конкурсына қатыстым. Екі әңгімеммен сыйлыққа іліктім. Осы конкурспен қатар 14-16 қарашада Ақтөбе қаласында Қазақстан Жазушылар одағының Пленумы өтті. Жүлдегерлерді түгел шақырды, қонақ қылып күтті. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қатысып отырды. Осы Пленумда сөз алған белгілі тұлғалардың сөйлеу мәдениетінің биіктігі және әдебиеттің құндылығын, рухани тұғырын, елдік мәселелерді орынды айта білгені билік адамдарының көкейінде ұялап қалды деп ойлаймын. Әдебиеттің әр облыста дамуы үшін мұндай шаралардың маңызы үлкен.

Сондай-ақ, ақын-жазушылардың бір уақ бірін-бірі көріп, сөзі жарасып, әңгімелесіп тұрғаны әдебиетті тұйық су емес, ағынды өзенге ұқсатады дер едім. Су тіршілік көзі болса, еліңнің келешегіне құпия әсері бар биік көркем сөз туындылары игілік тарататын аса қуатты энергия. Мұхтар Әуезовтың абыздық, тұлғалық феноменін айтсам жетіп жатыр. Қазаққа Абайын, асылын жете танытқан Мұхтар Омарханұлы салып кеткен ақ жол бір халықтың әлем әдебиетіне қосқан үлесін айқындайды. Былайғы сырт дүние кез келген халықты рухани құндылықтарымен, ірі қазынасымен ғана өлшейтінін ұмыту надандық.

Өзім 11 жыл қызмет еткен «Абай» журналы қазір қиын мезетті бастан кешіруде. Қаржысыз, зордың күшімен шығып жатыр. Семейде шығатын «Абай» журналын жандандырса, нағыз оңды дүние сол болар еді!

Бағашар Тұрсынбайұлы: Соңғы рет «Асылтас» қоғамдық қоры ұйымдастырған конкурсқа қатыстым. Бір жылдық степендия тағайындаған болатын. Соны «Әдебиет» номинациясы бойынша алдым. «Жас Алаш» газеті сыртымнан ұсынған.

Мерей Қарт: Соңғы рет әлі қатысқан жоқпын...

Есбол Нұрахмет: Соңғы рет Жас Алаштың «Қазақ пен қала» байқауына қатыстым. Қатысу ойым болмаған еді, реті келіп бір жақсы шығарма өмірге келді. Босқа кетпесін деп сол байқауға бердім. Оқылды, талқыланды, мақталды, датталды. Бірақ жүлде алған жоқпын. Мен үшін әділетсіз конкурс болды. Мен ғана емес, біраз қалам ұстаған жігіттер таңданыс білдірді. Өзім жүлде алған туындылардың көбін оқыған да жоқпын. Біріншіден уақытым тапшы, онсыз да оқитын дүние аз емес. Екіншіден, алғашқы абзацтан тартып тұрмаса әрі қарай уақыт құртқым келмейді. Жалпы абсолютті әділетті конкурс бар деп есептемеймін. Біздің шағын конкурстарды қойып, Нобель сыйлығының қорытындысына да риза болмай жататындар болады. Енді жалғыз ғана тілегім бар, Құдай мені осы елдегі әдеби конкурстардан сақтасын. Қазы да болмайын, қатысушы да болмайын. Өз еңбегіммен мал тауып, күн өткізейін. Шынын айтқанда, басқаны білмеймін, мен үшін конкурстардың тек ақшасы ғана маңызды болатын. Одан алған арзан атақтың бес тиындық құны жоқ. Оның құнсыз болатын себебі де сол. Сыйлықтың құны тек ұлы туындыларға бергенде ғана өседі. Әдебиетке түк қатысы жоқ адам әдебиет бойынша «Дарын» сыйлығын алды. Осыдан кейін-ақ конкурс атаулыдан бір жола түңілуге болады ғой есті адам.

Досхан Жылқыбай: Соңғы рет «Алтын тобылғы» конкурсына қатысып, проза номинациясы бойынша белгіленген екі орынның бірін иелендім. Конкурс дәстүрлі түрде өтетіндіктен, қатты ерекшелік пен өзгешелік байқай қойғам жоқ. Тек сөйлеген сөзінің арасында Нұрлан Оразалин ағамыз біраз шығармаларға тоқтала келіп, менің шығармама қатысты жылы лебіз білдірген. Сөзінің соңын «тілге қатты мән беруі керек» деп аяқтады. Сыртымнан да дұғай-дұғай сәлем жолдапты. Ол сәлмінде де жазу тіліне мән беруі керек депті. Қуанып қалдым.

Дөңгелек үстелді ұйымдастырған: Ұмтыл Зарыққан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар