Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әділбек Ыбырайымұлы: Мына жалған еріксіз ғашық етк...

17.04.2017 6935

Әділбек Ыбырайымұлы: Мына жалған еріксіз ғашық еткен...

Әділбек Ыбырайымұлы: Мына жалған еріксіз ғашық еткен... - adebiportal.kz

АҒАШТАРДЫҢ КЕЙПІ СОЛ...

Биылғы қыс ырғалып,
Көше алмады,
Қалғысы кеп,
Ол жайын шеше алмады.
Кеш кетті де ызғары мезгілінен,
Қайран көктем,
Көршіңде есең қалды.

Мінезіңнен сол әлгі шықпай оғаш,
Қарсылық та білдірмей...
Құптай да амас.
Ортасынан ауса да
Сәуір айы,
Бүр жармаған бейшара
Тұттай ағаш.

Бұтақтары тарбиған қақсал кепте,
Тыр жалаңаш ұмтылған ақ сәулетке.
Ынтымағы
Тек қана ұстап отыр,
Бар-жоқтығын байқатпай
Жақсы әулетте.

Көктем, көктем!
Шырқыңды көрсет енді,
Ұната да қоймайды Жер секемді.
Алдап-сулап,
Әйтеуір, қошаметпен,
Біз шығарып салдық қой
Көршекеңді.

Дүрк еткізші көгіңді, қиян далам,
Құстар келді,
Болса екен ұяң да аман.
Ағаштардың кейпі сол –
Ауылдағы,
Жеңешемдей бір көйлек кие алмаған...

2017 жылғы 16 сәуір,

сағат 21.08

ЖЕТІСУ СУРЕТТЕРІ

Тау тағы

Қандай сұлу, тәкапар қар барысы,

Асқақтарда болады арман, ісі.
Биіктерде тек қана өмір кешер,
Қазағымның секілді ар-намысы.

Саған ғана түседі төтелеп Күн,
Сен де ғана бар және төтен екпін.
Қарлы шыңның киесі сен секілді,
Алатауды мәңгілік мекен еттің.

Таусылмайтын, бітпейтін жастық – өзің,
Болған емес ешқашан жасты көзің.
Жолбарыстай жүрмедің қамыстарда,
Асқақ шыңның тән алдың тас мінезін.

Алып таудың ұшары жамбастаған,
Ашты қойнын тағым деп алғаш саған.
Арыстандай жатпадың топырақта,
Әппақ қарды сен бастың жан баспаған.

...Жетелейді Арман мен бәріне Үміт,
Көрдім сені көңілдің әрі кіріп.
Сирек көзге түсетін тау тағысың,
Тәкәпарлық тұлғаңда тәңірілік.

2017 жылғы 16 сәуір,

сағат 09.16

МАЗДАҒАН АЛАУ ОТТА...

Мен тағы жапан түзде түн өткердім,
Жалғызбын,
Бірі де жоқ Жібектердің.
Көкшулан қараңғылық,
жанған алау,
Бәріне, бәріне сен, Жүрек, көндің.

Кеткен де жақсы екен ғой дала маңып,
Ақ сәуле түсіресің санаға анық.
Түз төсі тектіліктің төрін берер,
Бұл өмір тайталасқан аламан ұқ.

Бір кезде Ай да шықты адасқандай,
Бұлт-перде,
шымылдықты жаңа ашқандай.
Тағдырдың талқысына мойынсұнып,
Заманның дәргейімен санасқандай.

...Бізден тым тысқарыда қарық Бақыт,
Дейтіндей әлдекімге «тарықпа түк»...
Албырап толысқан Ай таяй түсті,
Мен жаққан отқа қарай жарық тартып.

Екеуміз бір жылуды таптық та өстіп,
Бұл жолғы кездесуді ақтық дестік.
Маздаған алау отта
Ай сұлумен,
Туғанша Шолпан шайпау шаттық кештік...

2017 жылғы 15 сәуір,

сағат 23.34

АҚ СӘУЛЕ МАҒАН ҚАРАЙ АҚТАРЫЛДЫҢ...

Түбінен көкейімнің көк мұнартып,
Барады әлдененің
Екпіні артып.
Тізгінді тең ұстамай қалғанымда,
Болмастың бәтуасы
Кетті ме артып?..

Қамайды ұры сауал жан-жағымнан,

Бөрідей езуіне қан жағылған.
Түнімен уайыммен
төсектес боп,
Оянар бірге және таңға күмән.

Көңілдің бітеу емес,
Жырығын-ай,
Пенденің бірі – басшы, бірі – Құдай.
Өләра
өлексеге
апарғанда,
Кездесті ешкімде жоқ шырық, ырай.

Өмірден ұшырасты жанға медет,
Ұстатты бір пырақты «Самға, мә!» деп.
Көкшулан түн қойнына сіңіп барам,
Қоршаған ғаламатқа таңдана кеп.

Шаттығы шалқығандай шақтарымның,
Ығысып,
Желге ұшады сап-сары мұң.
...Ормандай қалың ойда
Қалғанымда,
Ақ сәуле маған қарай ақтарылдың.

2017 жылғы 14 сәуір,

сағат 22.08

ЖАРҚЫРАП КӨК ЖҮЗІНДЕ АРМАНЫМ ТҰР...

«Мені шалса – лас аяқ шалып жүр,
Мен сүрінсем – жамандарға сүрінем».
Жұмекен

Тымық кеш дүниенің сырын баққан,
Қар еріп, жылғада су сырыл қаққан.
Жатқаны сұлу Айдың жерде кенет,
Жаныңды селт еткізіп, шымырлатқан.

Мөлдіреп тұна қапты іркіндіге,
Сонша ма жүдетті екен шіркінді не?
Тобықтан қақты ма екен қарау ниет,
Жолығып қалды ма әлде біртүрліге?..

Іркінді іріккендей нұрды, алауды,
Көңілім солай қарай бірден ауды.
Қарғаның қаперінде басқа нәрсе,
Ұмытқан екі шоқып, бір қарауды.

Берілген қу құлқынға сана қатты,
Бір тамақ қара жолды жағалатты.
Шоқынып, жықпылдарды түртінеді,
Көре алмай Айдай ғажап ғаламатты.

Ғарышта кіл жақсылар қашанғы анық,
Қарадым заңғар қатқа жасаң қалып.
...Жарқырап көк жүзінде Арманым тұр,
Толықси толған жүзі ашаңданып...

2017 жылғы 13 сәуір,

сағат 23.16

КӨҢІЛДІ ЕЛІТЕДІ ТЫСТАН ШУАҚ...

Далада тоң жібіді, сүңгі қатып,
Ақ сәуле жылтырайды күнді уатып.
Созылған қытымыр қыс айыбындай,
Жібермек оңшап жылдам мінді уақыт.

Жиылды еріген су жылғаларға,
Лақсаға лағып аққан мін болар ма?
Тінткілеп түлкі бәле түртінеді,
Тектен-тек нәпақадан құр қала ма?

Иіннің сескентпеді құламасы,
Табылса көрім болар бұған асы.
Түбіне қара судың үңіледі,
Жатқандай өзін тосып сыбағасы.

Аш қарын шұрылдаған жұғынға қат,
Болмайды содан кейін тыным, тағат.
Ақ қарда қызыл бәле қара жерге,
Қарады құлқы кетіп, сұғын қадап.

Құлқынды оятады іш шаншылап,
Көңілді елітеді тыстан шуақ.
Сәскелік мүйіз болса, бесін – киіз,
...Түлкі жүр түз төсінде тышқаншылап.

2017 жылғы 12 сәуір,

сағат 23.50

ЖЕРҰЙЫҚТЫ ІЗДЕГЕН ЖЕЛМАЯЛАР...

Бұ тарихта бәрі бар, бәрі – мәлім,
Батыр да өткен, дана да...
Бар – ұланың.
Сардаланың киесі, жампоздарым,
Сақтап қалдың Қазақтың шаңырағын.

Қос өркешке артып ап,
Болашақты,
Халқым менің үдере қона, шапты.
Қомыңдағы ұл-қызды құлатпадың,
От та кештің, су кештің,
Сона шақты.

Сардаланың киесі, жампоздарым,
Құрыстың-ау кеңестің колхоздарын.
Мұнай тарттың Каспийге,
Теміржолдың
Сүйретті ғой шойынын пампоз қарын.

Жарысасың бұ күнде заманменен,
Бірге ғұмыр кешіп ең бабамменен.
Сен жасадың қазаққа қайырымды іс,
Болсаң-дағы хайуан шамаң кеген.

Ұлы Дала төсінде кемесіңдер,
Қың демейсің,
Жазғанға көнесіңдер.
...Жерұйықты іздеген желмаялар,
Жерұйықта тайраңдап келесіңдер.

2017 жылғы 10 сәуір,

сағат 22.12

БОС УАҚЫТ

«Ал, бос уақыт дегенің
менің үшін,
Столым мен төсегім аралығы».

Жұмекен

Жанымның басқан ептеп пернелерін,
Кеудемді көріктей ғып кернеген үн.
Столда отырғанда қалам тербеп,
Болмысым батып кетер шерге менің.

Кешемін ой, елестің сілемдерін,
Құбылып, неше мәрте ірең де өңім.
Ілікпей қаламыма жөндемді сөз,
Дал болам...
Жайымды сен білер ме едің?

Кей тұста қанаттанам
Тасқынды аңдай,
Өлермен өршеленем қашқын жандай.
Санамда
Мың сан сөзден ләм таппай,
Уақыт лыпылдайды қас қылғандай.

Өтеді бос уақыт
Ой кешумен,
Жаныңда жоқ адаммен сөйлесумен.
Орнымнан көтерілем
Өзім жоқпын,
Қалады сөлбірейіп кейде сүлдем.

Жалғасар осы кезең неше күнге?
Тек қана
Жаратқанның есебінде.
Өзгеше бұдан Бақыт
Табылмайды,
Құлаймын шаттық тербеп төсегіме...

2017 жылғы 9 сәуір,

сағат 20.14

МЕН ЖАЛҒАНДЫ БАСАМЫН ЖАЛПАҒЫНАН...

Күннің нұры қағады көктен өбек,
Қызыл гүлге қонар шақ көк көбелек.
Шарапаттың шуағы шашылғанда,
Шіркеу түсіп жүрмесін
Сертке кенет.

Уылжыған дүние нәрі қанық,
Көз алдыңда тұрады
Бәрі де анық.
Желдей ессе көкейде көңіл хошы,
Апарады
Сайранға
Сарыны алып.

Жан дүниең жайнайды
Нәші кеткен,
Маңдайыңнан алтын Күн
Ашық өпкен.
Төрт құбылаң
Салғанда тамылжи ән,
Мына жалған
Еріксіз
Ғашық еткен.

Нәзік әлем
Шікәмсіз үлбіреген,
Көбелек те, гүлдер де
Бір-бір өлең.
Жаз жаныңды жайласа мейірімен,
Осы шығар
Өмірді
Сүрді деген.

Көкейімде жатқандай тұнып өлең,
Мазамды алды
Төгіліп күніменен.
...Мен жалғанды басамын жалпағынан,
Сүйеді екем
Өмірді
Шыныменен...

2017 жылғы 8 сәуір,

сағат 21.22

БІРЕУІ БОЙЛАП ӨСПЕЙ...

Өткерген мына өмірде көпті бастан,
Ұшары қарағайдың
Көкке ұласқан.
Ағаштың арасынан қарағанда,
Қаптаған бұтақ болып кетті де аспан...

Ноян дің теңселмейді, шайқалмайды,
Тұр ма екен не түрлі ойда?
Байқалмайды.
Боз тұман – әуедегі, жердегі – бу,
Астасқан жермен-жексен
Жайт алдайды.

Басыңды зеңітеді тұмшалап ап,
Жүретін шіркіндер ғой күн сағалап.
Желіккен желбуаздар тәу етіп жүр,
Ағашқа қалай сыйған мұншама бақ?

Озонды бөліп тұрды зіл денеден,
Ірілер бірін-бірі күндемеген.
Біреуі бойлап өспей,
Қаулап өсіп,
Тірлікке кәкүр-шүкір қың демеген.

Жаратқан берген екен бәрін сәндеп,
Мауқымды басып тұрам сағынсам кеп.
Алыптың бойұсындым болмысына,
Пенделік ұсақтықтан арылсам деп.

... Көктем де келмек болып, сірә, алдайды,
Кісілік ниеттерден сыр аңдайды.
...Адасып осы беті кетсем-ау мен,
Жұмбағы ну орманның шығармайды.

2017 жылғы 8 сәуір,

сағат 17.18

АУАРАЙ ҚҰБЫЛМАЛЫ...

Көктем мен сенің жаның...
Арпалысқан,
Бір бейне көрінеді қалтарыстан.
Қараағаш жасыл желек киетіндей,
Қыстағы кемпір саусақ, қартамыс тән.

Ырайы көк зеңгірдің құты қашқан,
Алады еңсені езіп, зықыны Аспан.
Көктемнің көңіл-хошы болмай тұрса,
Ал, сен қыз, айнымайсың құшынаштан.

Жүзіңді торлағандай әлдене мұң,
Жиілеп бара ма екен әлде демің?
Ауарай құбылмалы,
Мезіліктен,
Сіркесі су көтермес халде ме едің?

Жайыңның болмай қалды бір дерегі,
Көңілді көтермесең, кірленеді.
Тым ерте қожыраған қайран дәуір,
Жаның да қараағаштай бүрлемеді.

Көктем мен көңіл-күйді лекерледім,
Қыс әлі жұмсап отыр нөкерлерін.
Тағы да қар қылаулап,
Сен түйіліп,
Тағасың әлдекімге бекерге мін...

2017 жылғы 7 сәуір,

сағат 23.32

БІР СӘТТІ КЕШУ ҮШІН...

Әлемде экстремалды туризм дамып барады. Оның себебі адамзат бойындағы мораль мен талғамдардың өзгеріске түсуі, қауіпті нәрсені есірткі сияқты аңсау, атаққұмарлық.

Өміріңді өлшемей тектілікпен,
Тоқтайтұғын пәниде жетті нүктең.
Тұрсаңдағы аузында сұм ажалдың,
Шығып кетем дедің бе ептілікпен?..

Қыл көпірі секілді қияметтің,
Қалай ғана өрмелеп қияға өттің?
Жалғыз ғана өзіңді отқа салмай,
Түршіктіріп, өзгеге зиян еттің.

Төбе құйқам еріксіз шымырлаған,
Құмырсқалар денемде жыбырлаған.
Болар-болмас бір сәтті кешу үшін,
Сала ма екен бәйгеге ғұмырды адам?

Көп екен ғой түйткілі ғаламаттың,
Сен қатерге таяндың жағалап тым.
Көпе-көрнеу ойнаған ажалменен,
Саулығына сенбеймін саламаттың.

Ләззаттың бәс тіктің құлқыны үшін,
Өзің және бекзада сылқымысың.
Бәрі жақсы,
Тілің мен діліңді ойлап,
Сен ажалға барар ма ең,
Ұлтың үшін?..

2017 жылғы 7 сәуір,

сағат 22.24

СИЯ ТАМҒАН ҚАУЫРСЫН...

Қауырсынды көк сияға бір малып,
Отырамын столымда ырғалып.
Өлең деген өрт болады тұтанып,
Көрінеді күлгін, сары нұр қанық.

Қызыл-жасыл ғаламатқа шомамын,
Қос жанарым көзіндей боп сонаның.
Айқұш-ұйқыш ой мен қиял астасқан,
Әлемдемін.
Оралуға жоқ әлім.

Кей тұстардан шүпілдеген шер көрем,
Қанат көрем алыстарға сермеген.
Көлкілдеген бақ-дәулетті байқаймын,
Алла маған нәсіп етіп, бермеген.

Естіледі ғажап үн де егілген,
Елітемін құштар, ынтық көңілмен.
Киелі сөз көмейіме құйылып,
Жыр саулайды ақтарыла Көгімнен.

Күшті екпіні сапырылған сананың,
Жоқ нәрсені қиялымнан табамын.
...Ең соңында ақ қағазға жыр түсіп,
Сия тамған қауырсынмен қаламын...

2017 жылғы 6 сәуір,

сағат 21.22

ӘППАҚ ЕТІП ӨҢ БЕРГЕН...

Бітпей қойды тірліктің сарсаңы бір,
Күн жылынбай болдық-ау қаншама ығыр.
Астананың маңына көктем келді,
Мырзалары қарғаның қарсы алып жүр.

Бірақ әсте көрінбес күйбелеңі,
Қарға-ниет барлығын сүйген еді...
Тұттай қайың ақ тәнін бүркей алмай,
Үнсіз ғана сырт көзден именеді.

Қасат қардың жердегі мұрты бекем,
Қарап тұрып қарғадай қыр-қыр етем.
Қылтың-сылтың құбылғыш ауарайы,
Сол ежелгі сыралғы құрбым екен.

Ешкімге де күн бұрын таққпайын мін,
Көктем келсе жайнауға дап-дайын күн.
Жүрегіме батады жаны нәзік,
Сағынышы тек қана аққайыңның.

Сырын ашып айтпайды жан адамға,
Әппақ етіп өң берген саған Алла.
...Топ қайыңның ішінде күлкің қалған,
Сол күлкіні қайтадан таба алам ба?

2017 жылғы 6 сәуір,

сағат 14.58

ҚЫЗҒЫЛТ ТАРТЫП ҮЛБІРЕЙСІҢ...

Жалғыз тал гүл қауыз ашқан, жайнаған,
Жарық та жоқ, сұрқай тірлік айналаң.
Қайсарлық қой деп ұғамын көрем де,
Өзегіңде намыс керіп, қайнаған.

Түнектен де ала білдің нәр ептеп,
Ез мінезге өжеттіктің зары өтпек.
Көбелектің қанатындай қауызың,
Қалтырайды, ызғарлы жел бар өкпек.

Күңгірттіктің үрейі де жүр ұшып,
Гүл-жаныңды мұқатуға тырысып.
Тасмаңдайдың тауқыметін тартсаң да,
Қалмағансың салқындықтан бүрісіп.

Түссе де ымырт жоғалтпадың нәліңді,
Қымтамадың көрер көзден сәніңді.
Қызғылт тартып үлбірейсің,
Және де,
Айтып тұрсың «Өмір» деген әніңді.

Сыр бермедің тірліктегі сынаққа,
Мен сен жақпын, үмітіңді құлатпа.
Өмір күрес екендігін ұқтырдың,
Күрес, әттең, өмір емес бірақ та...

2017 жылғы 5 сәуір,

сағат 19.14

КӘУСАР

Дәл қазір гүрілдейді тау сарылдап,
Етегі күртік қардың қаусарылмақ.
Бір шетте мөлт-мөлт етіп сылдырайды,
Нәтінен шікәмі жоқ кәусар бұлақ.

Гауһардай сүйір мұзға жан салады,
Сүмбіден тырс-тырс етіп тамшы ағады.
Еріген қар суына ыластанбай,
Білмеймін тап-таза боп қанша ағады?..

Қарайсың саф нәрсеге құныққаннан,
Неге әсем жаратты екен тұнықты Аллам.
Пәк көңіл пәк сезімді тудыратын,
Білмеймін қай бір тұста ұмыт қалған?

Мазалап осы сауал бағанадан,
«Айт, айт» деп, қылғындыра жағаны алған.
Кеңкиіп қораш күйде мен қараймын,
Бастапқы болмысынан адаланған.

Пендені табиғатпен сынағандай,
Мөлдіреп ағып жатқан тұма қандай.
Маңына жуый алмай лайсаң су,
Құрдымға ылас күйде құлағандай...

Сонымен ағып кетсе күнә қалмай...

2017 жылғы 3 сәуір,

сағат 21.48

КӨКТЕМ ШЫҒАР...

Бұлың-сұлың күндегі халің басқа,
Жаның құштар болады табылмасқа.
Су аралас мамықты көктен жауған,
Амалың да қалмайды жамылмасқа.

Әкетпедің әлі де күртігіңді,
Біз де қимай жүрміз бе шіркініңді?..
Құйылады қалың қар жентектелген,
Үлгермейсің қағып та кірпігіңді.

Аяқ асты қойыртпақ – шыланады,
Осылай да берер ме «сыбағаны»?
Байқұс төбет қаңғырған үйшігі жоқ,
Тағдырына кінә артып тынады әні.

Тазы болса, әттең-ай,
Түлкі аулайды,
Жанарында бұлыңғыр бұлт аунайды.
Тіл қата алмай мен жүрсем,
Қара төбет,
Қар тұтасқан басын да сілке алмайды.

Сұрқай өңді ызғарды ұнатты кім?
Ақ күпілі қыс жатыр сұлап бүгін.
Көктем шығар иттің де көксегені,
Ал адамның күткені шуақты күн...

Астана
2017 жылғы 2 сәуір,

сағат 22.24

ТОП ҚАЙЫҢНЫҢ АРАСЫНАН...

Ежелден-ақ жалғыз жүріп,
Ой кешуді ұнаттым,
Тарта берді мені өзіне маужыраған шуақ, Күн.
Шоқ тоғайға аяңдадым
Ілби басып, ақырын,
Жылы жаққа жыл құстары қайтып жатқан уақ-тын.

Жапырақсыз селдір ағаш
Сүйретеді сүлдерін,
Сап тиылған шілдедегі шуылдаған дүрмек үн.
Көп қызығы қожыраған
Ақ қайыңдар қораштау,
Кімге қажет бұл жалғанды парықсыздау сүргенің?

Жылуы жоқ ақ сәуледен
Мән іздедім, телміріп,
Күдігімді үмітіме ілдәлдамен жеңдіріп.
– Ай-хой, дәурен, ораласың!
Құшырменен қомдандым,
Қашқан нұрды, басқан мұңды жігерменен жерге ұрып.

Селт етті де желі улеген
Қурайы көп сылдыр бақ,
Бара жатты әлденәрсе жүректегі мұңды ұрлап.
Жанарыма жасын бітіп,
Тастүлектей қарадым,
Алдымда әлі тұрғандай-ақ, уыз күндер бір қымбат.

Көңілім де жасаңданды
Бұрымдыдай көк өрім,
Тәңір өзі біледі ғой пендесіне берерін...
Кенет кеудем атқалақтап,
Қадаламын ұмсына,
Топ қайыңның арасынан ақ бейнеңді көремін...

2017 жылғы 1 сәуір,

сағат 23.52


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар