Қазіргі қазақ поэзиясына қадам басып жатқан жастар туралы тек «жылаңқы» жазады деген стереотип қалыптасып қалғанын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, жастар арасында ойлы ақындар да жоқ емес. Сондай жас ақындарымыздың бірінің өлеңдеріне аз-кем тоқталып, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Әрине, біздің пікіріміз ешкімнің поэзиясының өлшемі емес екені де белгілі.
Ерік Нарынның өлеңдерін бір оқып шыққаннан түсіне қою қиын. Өйткені өлең терең мағынаға, астарлы ойға ие. Оқырман назарын бірден аударатын ерекше өлеңі – «Қарға». Өлеңдерде бозторғайдың, аққудың, қызғыш құстың, шағаланың жырға қосылуы – дәстүрлі құбылыс. Ал күнделікті өмірде сырт келбеті сүйкімсіздеу көрінетін қара қарғаны ақын өлеңге не себепті арқау етті? Бұл өлеңдегі қарға жай қара қарға емес, ол – кеудесі шерге толы шежіре құс, оның қап-қара көздері – қап-қара тамұқ әлем. Ғасырдан да ұзақ жасайтын қарғаның қанша заманға куә екенін жеткізгісі келген ақын былайша жырлайды:
Шамаң қанша
Тіл қата алмай өзіңдей қайғы жұтып,
Қан мен жасқа тұншығып жатыр далам.
Сөйлеп кетсең бір күні адамдарша
Адамзаттың сел тұрып көз жасынан,
Жер бетіне келеді ақырзаман.
Ақын қарға мен даланың зар-мұңын паралелль құбылыс ретінде суреттейді. Бұл өлеңде ақын қарғамен сырласқысы келеді, оның қаралығының өзінде де бір қасіреттің барын аңғарғысы келеді.
Ал «Тұман», «Тау етегін жайлаған ауыл», «Кек алу» өлеңдерін оқыған кезде көз алдымызға еріксіз табиғат бейнесі елестейді. Осы табиғат бейнесін жасауда ақын кейіптеу, яғни жансызға жан бітіру тәсілін өте орынды қолдана білген. Мысалы, «Тұман» өлеңінде:
Шабысынан үйірдің шаң бөккендей,
Торлап алды сұр тұман тау, даланы;
Көзін байлап тұманмен тіршіліктің,
Жасырынып келгендей мөлдір көктем, - деп шебер жеткізген.
«Тау етегін жайлаған ауыл» өлеңінде:
Ақ сәлдедей оранып ақ бұлттарын,
Аруақтарға тұрғандай құран оқып;
Тас жүрегі таулардың соғар дүркін,
Болса да өршіл, тауға да обал, жұртым.
«Кек алу» өлеңінде:
Шерлі боран соғуда жер ананың,
Кегін алып жатқандай адамзаттан;
Қамқоршыдай ақ боран жер ананың,
Ақ дәкемен таңып жүр жараларын.
Осы келтірілген мысалдарда байқағанымыздай, табиғат құбылыстарда адамға тән іс-қимылды жасау арқылы бейнеленеді: торлап алды; жасырынып келді; құран оқып тұр; жүрегі соғады; кегін алып жатыр; жараларын таңып жүр дегендей.
Келесі «Тамшылар» өлеңінде ақын бір сәттік көріністі беру арқылы астарлы түрде адамның өмірі туралы ой қозғайды:
Мұңымды айтып аз уақыт сырлас болған,
Тамып кетті бір тамшы бір жас талдан,
Тамғанынша сол тамшы қара жерге,
Ағып түсті бір жұлдыз түнгі аспаннан.
Расында, бір оқығанда жай ғана көрініс болып көрінгенмен бұл өлеңде әрбір тамған тамшы, әрбір сағаттың тырсылы уақыттың өтіп бара жатқандығын көрсетеді.
Қолына қалам алған әрбір жас қаламгердің өзіндік лексикалық қоры, жиі пайдаланатын бейнелеуіш-көркемдеуіш тәсілі қалыптаса бастайды. Бұл өлеңдерді оқу барысында ақынның «қара» сөзін жиі тілге тиек ететінін байқадық. «Қара» сөзіне мысал келтірер болсақ: қара бұлттар, қара қарға, қара жер, қаралы көш, қап-қара көздер, қап-қара тамұқ, қара түн. Әрине, бұл тіркестер қазақ тілінде бұрыннан қолданылып келе жатқан тіркестер болса да, өлең бейнелілігін жасауда үлкен орын алып тұрғанын жасыра алмаймыз.
Бейнелеуіш тәсілдерден ақын суреттеу кезінде өлеңдерінің барлық шумақтарында дерлік теңеулерді кеңінен қолданғаны байқалады. Бұл – поэзияға тән құбылыс.
Ал «Ақ қасқыр боп бұл боран ұлығандай,
Ауыр еді қасқырдың мұңы қандай?!
Сол жыртқыштан кеудесі кекке толы,
Тобыр халық қашып жүр түгі қалмай», - деген өлең жолдарында ақын тағы жануардың жанын түсінуге ұмтылады. Адамдардың іс-әрекетіне сын көзбен қарайды.
Жалпы қорытындылай айтқанда, жас ақынның тың тақырыптарды таңдауы, табиғат құбылыстарына жан бітіре суреттеуі, өзінің айтар ойын астарлап басқа құбылыстармен алмастырып жеткізуі көңіл қуантады. Өлең құрылысынан автордың өзіне тән сөз қолданыстары көп байқалмайды. Алайда бұл – қателік емес. Өлең өлкесіне аяқ басқан жас қаламгердің болашақта өз жолын тауып, тың теңеулер, көркем кейіптеулер, мәнді метафораларды пайдалана отырып бұл деңгейден де жоғары деңгейде өлең жазатынына сенеміз.
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ, ақын:
Поэзия – əркімнің айтатын əңгімесін өлеңдете жырлау емес...
Бала күнімізде жүйрік аттың қанаты болады дегенге имандай сенетінбіз. Үлкендер бізді алдағысы келе ме, əлде өздері бізден бетер илана ма, «Мынаның он үшінші қабырғасы бар екен, қанатты тұлпар екен» дейтін... Бүгін біз де бір ауыз қисса айтайық. Адамның да қанаттысы болады. Ол - ақын. Əлбетте, біз туабіттісін айтып отырмыз. Жол-жөнекей қосылған ағашауыз ақынсымақтар да жетерлік. Бұдан ілгеріде «поэзия – əркімнің айтатын əңгімесін өлеңдете жырлау емес, керісінше, ешкім айтпаған дүниені əңгіме түрінде айтудың өзі – поэзия» дегеніміз бар-тын. Біздің буында шөпті де, шөңгені де өлең ету көп. Оған тамсанып, қол соғатын оқырман да талғамсыз. Абай, Мағжан, Қасым, Жұмекен, Мұқағали т.б классиктері өткен ұлт үшін бұл ұят емес пе? Ерік Нарынның мақтауын асырайық па, жоқ əлде мақтау мен даттауды оқырман еншісіне берген дұрыс па? Біздіңше екінші нұсқа дұрыс сияқты. Автор жайлы өзге емес, өлеңі сөйлеуі керек. Əділі солай. Бір ғана субьективті пікір қосқымыз келеді. Ерік Нарын – қанатты адам!
Перизат ЖАҢҒЫЛЫШБАЕВА, ақынның замандасы:
Таудың баласы тау сияқты асқақ болу керек!
Ерік Нарыновтың өлеңдерімен «Мұқанов көшесінен» бері жақсы таныспын. Соңғы он жылдықта әлеуметтік желінің қарқыны мықты, бұрын өлеңдерді іздеп жүріп оқитын заманның емес, өлеңді күтіп жүріп оқитын заманның кебін кидік. Еріктің «Он сегізі..» сол кездердің куәсі. Өлеңдерін тыңдаған оқырман оны тоқтатуға асықпайды. Өмірді өзінше түсінуі, құстардың қайтуы, көңілді әннен, тұманды күйге ауысуы осы аралықтардың ішінде оның шығармашылығы жүр. Еріктің болмысы бөлек. Өлеңдерінде өлшем көп. Таудың баласы. Тауға ғашық. Жалпы, қолыңа қалам ұстаған, жазудың құдіретін көтере білген жан тау жайлы «бірдеңе» жазу үшін де кеудесіндегі алапат сезіммен қоса, өзі білмейтін бір күш болатын сияқты. Сіз оны Еріктің мына өлеңінің үзіндісінен-ақ байқаңызшы:
«Асқақ таулар өрлікті ұран етіп,
Шыңдарынан ақ сәуле бұлаң етіп.
Ақ сәлдедей оранып ақ бұлттарын,
Аруақтарға тұрғандай құран оқып.
Бой көтеріп әр мола тау тасынан,
Орын тепкен қырлардың арқасынан.
Асқақ таулар қайысып зор қайғыдан,
Құламай тұр қалайша шалқасынан?!
Тас жүрегі таулардың соғар дүркін,
Болса да өршіл, тауға да обал жұртым.
Шыдай алмай тауларда тау қайғыға,
Жанартау боп атылар олар бір күн.» Таудың баласы тау сияқты асқақ болу керек! Еріктің шығармашылығының ертеңі бар! Сәттілік!
Ерік НАРЫН – Қарқаралы ауданы, Қасым Аманжолов ауылының 1997 жылғы тумасы. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің 3-курс студенті.
ҚАРМЕН СЫРЛАСУ
«Өтті-ау күз» деп,
Сендерді ойлап жүрегім қан жылаған.
Жан-тәнімен ынтығып көктемді іздеп,
Сендерге өлім тілейді барлық адам.
Құштарлықпен,
Құштыңдар кеп дала мен таудың бәрін.
Өз нүктесін оралған құстан күткен,
Өздеріңдей суық-ау тағдырларың.
Ғұмыр зырғып...
Мұрша бермес мәңгілік тұрақтарға.
Құтылған соң сендерден зұлым тірлік,
Қуаныштан гүл егер қыраттарға.
Жыр, әуенмен
Тағдырларың әйнекке шимайланып.
Келдіңдер ме пана іздеп мына әлемнен,
Құшағына аспанның сыймай қалып?!
Өкпелеймін,
Жан-жүрегім от болып лаулай жанып.
Төңкеріліп бар ғалам кетсе деймін,
Аспан жаққа жауар ем қарға айналып.
ҚАРМЕН СЫРЛАСУ ІІ
Көшкен күндер,
Азап шегіп көз жасын төгіскен ел.
Күнді айналған тозаққа қош келдіңдер,
Аспан жақтан қуылған, періштелер!
Зынданы көп,
Тұтқыны етер зарыңды тыңдап алып.
Дәл сендердей жаланың құрбаны боп,
Жер шарына келгем мен қудаланып.
Күнде ерегес,
Ар-ұят пен ақ түстің құны кеткен.
Дүниені суытқан сендер емес,
Дүние ғой сендерді суық еткен.
Жат ғаламда
Отанымды сағынам көз көрмеген,
Көктем келіп жаламнан ақталам да,
Отаныма оралам сендерменен.
***
Шашыңды сенің көрпе қып,
Ұйқыға кетер тіршілік.
Отыңа лаулап, өртеніп,
Келеді тағы күн шығып.
Гүлдер де саған еліктеп,
Әр таңда билеп жайқалар.
Нөсерін бұлттар төгіп кеп,
Өзіңді көріп жай табар.
Сені ойлап өтсе бір күнім,
Кеудеме дүрсіл сыймайды үн.
Бақыттың теріп түр-түрін.
Өзіңе гүл қып сыйлаймын.
Толқиды көңіл көлдері,
Оның да сырын түн білген.
Өзіңді жаным көргелі,
Қанатсыз ұшып жүрмін мен!
ТҰМАН
Қара бұлттар жорға аттай жорғалады,
Жорға аттардан суық тер сорғалады.
Шабысынан үйірдің шаң бөккендей,
Торлап алды сұр тұман тау, даланы.
Хабар үзген кең дала, сеңгір көктен,
Құбылысты сол ғажап көрдім көппен.
Көзін байлап тұманмен тіршіліктің,
Жасырынып келгендей мөлдір көктем.
Биік таулар әніңді шырқатып сал,
Көктем келді ақ қызбен сырласып қал.
Мен көктемді бәрінен бұрын сезгем,
Бірін-бірі сезгендей шын ғашықтар.
***
Дүрсілдейді,
Білегімде жүрегі сұм ұрының.
Мың білекте тағылып жүрсін мейлі,
Қай жерлерде ілініп тұрсын мейлі,
Ұсталмаған ол ұры күні бүгін...
Тұмшалады,
Көздерімді желпіген жылдар жалы.
Өлім үнін естіртіп тұрсадағы,
Сол жүректің бар әлем тыңдарманы.
ТАУ ЕТЕГІН ЖАЙЛАҒАН АУЫЛ
Қырдың басы толыпты молаларға,
(Қарсы тұрар уақытқа шама бар ма?!)
Куәгері әр қаза әр қайғының,
Қарт таулар мен қарқ еткен қара қарға.
Тағы біреу қауышты қара жермен,
Қаралы көш көрінді ала белден.
Тағы біреу қоштасып бара жатыр,
Ауылынан сән кеткен алаң елмен.
Асқақ таулар өрлікті ұран етіп,
Шыңдарынан ақ сәуле бұлаң етіп.
Ақ сәлдедей оранып ақ бұлттарын,
Аруақтарға тұрғандай құран оқып.
Бой көтеріп әр мола тау тасынан,
Орын тепкен қырлардың арқасынан.
Асқақ таулар қайысып зор қайғыдан,
Құламай тұр қалайша шалқасынан?!
Тас жүрегі таулардың соғар дүркін,
Болса да өршіл, тауға да обал, жұртым.
Шыдай алмай тауларда тау қайғыға,
Жанартау боп атылар олар бір күн.
Түбі келер келгендей заман ақыр?!
Бұрынғы ауыл сақталып санада тұр.
Тау етегін жайлаған ауылымды,
Жылдар жылжып, жер жұтып бара жатыр.
ПӘКТІК
Құраласқан бақыты шаттығымен,
Періштелік пәк күндер тәтті білем.
Табанымның астында ақ ұлпа қар,
Ыңырсыйды айырылып пәктігінен.
Хақысы жоқ сүттің де бұзылмауға,
Хақысы жоқ күннің де құбылмауға.
Тым биікте жүрсе де аспан ару,
Боялады етегі қызыл қанға...
ОН СЕГІЗІМ
Өмір деген – Күнді айналу...
Серік Ақсұңқарұлы
Жетім қылып қауқарсыз аңқау елді,
Жесір қылып гүл толы арқа белді.
Әне, батып барады жарық Күнім,
Талақ қылып мен жүрген жарты әлемді.
Мән бермейді айқайға бұл, жарық Күн,
Жарық Күнге мұң шағып шын жалықтым.
Суық, тайғақ, қатыгез мұз әлемде,
Күн нұрынан жүр дейсің нұрланып кім?
Күннен болар, түседі жарық көктен,
Шамшырақтың көлемі алып не еткен?!
Талайлардың дәуренін ептілікпен,
Осы, ұры Күн батысқа алып кеткен.
Күннің сырын алдым-ау біліп қайдан?!
Шындықты естіп салдым мен күдікке ойран.
Менің бала шағымды осы - ұры Күн,
Батыс жаққа апарып тығып қойған.
Мына өмірді кекетіп қара бақыр,
Қанға толған ұяға қонады ақыр.
Батар Күннің қан тамған тырнағында,
Он сегізім ілініп бара жатыр.
КӨКТЕМ
Ниеттес боп таулар менен қырқалар,
Күтіп жүрміз, көп кешікпей жет, көктем!
Күндіз-түні жауған мынау, ұлпалар,
Сені ойлаған түндерімдей көп не еткен?!
Жүрсің бе сен алыс-алыс жақтарда?
Артта қалған қайыңдарға алаң боп.
Тереземде жазылған көп хаттарда,
О, көктемім, өзің жайлы хабар жоқ!
Аяз сорды мынау қара халықты,
Кедей сорлап бай айырылды малынан.
Шамадан тыс озбырлығы қажытты,
Ақ патшаны құлат келіп тағынан.
Сәулелерін шек қып шертсін күн шығып,
Тіршілікке жан бітірсін күй демің.
Мына, сені қалай күтсе тіршілік,
Мені солай күтсе деймін сүйгенім!
КӨКТЕМГЕ ХАТ
Аға деп барсаң ағаға,
Ағаның көңілі көкте жүр.
Бауыр деп барсаң бауырға,
Бауыры оның көк темір.
Есенқұл Жақыпбек
Саялым-ай!
Бар қуаныш, қайғысын отбасымның
Білем десе, біреулер сендей білсін.
Құшақ-құшақ гүліңді ап баяғыдай,
Біздің үйге сен неге келмей жүрсің?
Өзіңді іздеп
Жылуы жоқ жүректей бөлмелерден,
Тентек бала таусылды табанынан.
Ол іздеген жылуды көрге берген,
Қар жаудырып барлығы қабағынан.
Ара суып
Махаббат пен көңілді талақ етіп,
Хал білісіп келмей жүр ағайын да.
Тұлпарыңды жаратып, таң асырып
Жет тездетіп күтейін қонақ етіп,
Сыбағаңды қазанға салайында.
Сенесің бе?
Жылу таппай ешкімнің жанарынан,
Өлеңіме жылынып аман қалдым.
Қалу мақсат емес түк ел есінде,
Тек өлместің қамы үшін қаламды алдым.
МӘҢГІ БОРЫШ
Ол жігітін артық сүйген көктемнен,
Сол сезімді сезе алса ғой от кеудем.
Шыда, жаным, оралам деп көктемде,
Әскер жақтан хат-хабарлар көп келген.
Көз алдынан талай көктем өткен-ді,
Өткен күнде көктем жайлы жоқ белгі.
Бірақ, сол жыл тіршілік пен бар адам,
Дәл сол қыздай күте алмады көктемді.
Қыс та кетті іздеп ата қонысын,
Дегендейін енді мұнда жоқ ісім.
Көктем келді көк беретін киіп ап,
Абыроймен өтеп болып борышын.
Жан бар ма екен сағынышқа төзе алған,
Тез қауышу, қызда өзге жоқ арман.
Мәңгілікке түңілдіріп көктемнен,
Махаббаты табытпенен оралған.
Жер төсінде соқты жүрек сыңары,
Дүрсілінен селт етті әлем құлағы.
Қайтқан құстың естіп жатып шатты әнін.
Күзде кеткен ақ қаздардай жылады.
Рухты сарбаз нені ойлады өтерде?!
Мұңлық ғашық кімді ойлады өтерде?!
Өз борышын махаббаттың алдында,
Мәңгілікке кетті ме екен өтеуге?!
КОЛЛЕКЦИОНЕР
Коллекцияңды алғайсың толықтырып,
Сыйға тартам, ал, міне, сағатымды.
Тағы біреу қатарға қосылды деп
Қол сағаттар бөлмеңде сауық құрып,
Адастырсын есінен қара түнді!
Шын уақыттан жүреді ол сірә қалып,
Бар өзінің тәртібі, заңы білгін.
Секундтарды санамай кідірсе егер,
Ашуланба
сен оған кінә тағып,
Соғысымен үндес ол тамырымның.
Күн мен түннен жүреді жаңылдырып,
Сен таң болар көп оның масқарасы
Мазаңды алса түндерде өксіп жылап,
Мына мені еске алып сабыр қылып,
Өтінемін, қоқысқа тастамашы.
Шалдыққаным бір дертке анық менің,
Дәмін татып қойдым-ау бар мұң, зардың.
Шағын ғана бөлмеме сөре қойып,
Тәртібімен тізгілеп әліппенің,
Коллекциясын жинадым тағдырлардың.
ДӘРІГЕРГЕ
Бас дәрігер бөлмесі алдымдағы,
Есік қағып ішіне кіріп бардым,
Дәрі иісі аңқыған солғын бәрі.
Біреу ауру, біреу сау шимай шатпақ,
Үстел үсті қаншама адамдардың,
Көшіріліп жазылған тағдырлары.
- Я, батырым, қай жерің ауырады?
- Жағаласып жүректің дүрсілімен,
Кеудемде бір бомбалар жарылады.
Біле алмадым жүректің өзі ме әлде?!
Желікпе ойлар жан-жаққа сабылады.
Ол, шамасы біреуді сағынады.
Ал, дәрігер бір күліп алдыдағы:
- Алғыс айтып әкелген кеше біреу,
Ашылмаған ауызы жабық әлі.
Саған берер бар дәрім осы ғана,
Екі-үш рөмке қысылмай тартып жібер,
Уайымдама, бір емі табылады!
КЕЛІНШЕК
Айтылмаған артында жыры қалып,
Нұрлы жүзін қайғының сұры жауып.
Жолға аттанып барады жаз келіншек,
Жасыл түсті кілемін буып алып.
Шошыды ма айқайдан, жарылыстан,
Жалықты ма дүрбелең, сабылыстан?
Алды-артына қарамай кететіндей,
Көрсетті ме қарасын сары мыстан?
Ақ сәуледен жаралған һас бегімдей,
Бара жатыр көзінен жас көрінбей.
Қара бұлттар торлады көк аспанды,
Дуаланған мыстанның әскеріндей.
Келіншектіңжүзі мұң, жаны жадау,
Жылынар ма мұңдардан жағып алау?
Жаурап жүріп аязбен борандарда,
Көктемді іздеп тағы да сабылады-ау!
Кең жалғанның сыя алмай шекпеніне,
Көктемді іздеп осылай кеткені ме?!
Бұл өмірден қанша жан өтті екен-ау,
Сағым болған жете алмай көктеміне?!
Жәутеңдетіп көздерін нұрға ғашық,
Елжіретіп жүрегін мұңға ғашық,
Бала Ерікті өңгеріп арқасына
Бара жатыр келіншек қырдан асып...
ҚАРҒА
Аққуларың!
Айырылса да қан жұтып сыңарынан,
Дәл өзіңдей қасірет шеккен бе олар?!
Қызыл қанға бояған ақтың бәрін,
Неше зұлым ғасырдың көзін көріп,
Жүрегің де қарайып кеткен болар?!
Қара қарға –
Шежіре құс кеудесі шерге толы,
Бақсы болсам мен саған табынар ем...
Салатұғын айықпас жара жанға,
Жасаураған қап-қара көздеріңнен,
Көрінеді қап-қара тамұқ әлем.
Күн батқанда,
Сені көрем төбемде қанат жайған,
Менен басқа ол сырды білген кімдер?!
Қарқ-қарқ етіп асығып бір жақтарға,
Дамылдамай қағылып қанаттарың,
Өтіп жатыр байқалмай күн мен түндер.
Мына маған
Жүрегіңе ем іздеп келсең егер,
Өлең ғана өзіңе ұсынарым.
Адамы жоқ егіліп жыламаған,
Бұл жалғанда ғасырдан ұзақ жасар,
Қандай ғана қарғысқа ұшырадың?
Шамаң қанша
Тіл қата алмай өзіңдей қайғы жұтып,
Қан мен жасқа тұншығып жатыр далам.
Сөйлеп кетсең бір күні адамдарша
Адамзаттың сел тұрып көз жасынан,
Жер бетіне келеді ақырзаман.
КЕК АЛУ
Зәулімдерді теңселтіп шыбық талдай,
Өкпе, назын ішіне бұғып қалмай.
Боран соқты долығып жер ананың,
Өрт боп жанған өзегін суытқандай.
Бұл боранда жандар көп арам қатқан,
Адуыны сондықтан алаңдатқан.
Шерлі боран соғуда жер ананың,
Кегін алып жатқандай адамзаттан.
Дүр сілкінсе табиғат жоқ амалың,
Табиғатта кім ұққан нала барын?!
Қамқоршыдай ақ боран жер ананың,
Ақ дәкемен таңып жүр жараларын.
Ақ қасқыр боп бұл боран ұлығандай,
Ауыр еді қасқырдың мұңы қандай?!
Сол жыртқыштан кеудесі кекке толы,
Тобыр халық қашып жүр түгі қалмай.
Талай боран әскері көктемде өлген,
(Біздер жайлы сұрады-ау өткендерден.)
Дүлей боран қатігез мына әлемге,
Жазалаушы әскердей көктен келген.
ТАМШЫЛАР
Сыйлады айға жарық күн нұр, ұшқынын,
Білдіргендей түнге де туыстығын.
Тамшылап тұр тамшылар теректерден,
Қара түннің үркітіп тыныштығын.
Тық-тық етіп тіліндей сағатымның,
Бұзардай боп ұйқысын дала қырдың.
Маза таппай тамшылар тамшылайды,
Санағандай әр демін қара түннің.
Мұңымды айтып аз уақыт сырлас болған,
Тамып кетті бір тамшы бір жас талдан,
Тамғанынша сол тамшы қара жерге,
Ағып түсті бір жұлдыз түнгі аспаннан.
Жер дүниенің қалғандай қаңсып әні,
Тық-тық үннен тағат та таусылады.
Тауларды аңсап тау болған жүрегіме,
Тамшылайды сағыныш тамшылары.
ОБА
Қоштасармыз амал жоқ сендерменен,
Қайтқан құсқа ілесіп оба келсе.
Қасіретке тап болып ел көрмеген,
Тұздай құрып кетеді-ау тұқымдарың,
Қандастарың тоқтамай жауа берсе.
Құдайым деп телмірдім аспаныма,
Неге қатал сендердей алаң елге?!
Құлпытастай қойылған бастарыңа,
Көк шығады тебіндеп қара жерге.
Ғұмырларың өтсе де мұң, шерменде,
Сол ғұмырдың сүйдіңдер жарық таңын.
Қасіреттің келерін білсеңдер де,
Өзгермеді сұп-суық қалыптарың.
Асып-тасып сыя алмай жылғаларға,
Адамзатқа қауіп боп төнесіңдер.
Қалай баяу жаусаңдар бұл ғаламға,
Сондай баяу өліммен өлесіңдер.
Қылықтарың бар ма екен елге жаққан?
Бүршікте ғой бәрінің ынтызары
Жастарыңнан нәр алып сел боп аққан,
Мынау, арсыз тіршілік құлпырады.
Мүсәпір боп жатқанша қаның ағып,
Өткенді ойлап беріліп сағынышқа.
Жүйрік желге ер салып, қару алып,
Өлу керек болса егер түптің-түбі...
Қарсыласып өліңдер жазмышқа
Айжан Тәбаракқызы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.