Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Аягүл Мантай. Бәріне үлгеруім керек...

21.02.2023 1987

Аягүл Мантай. Бәріне үлгеруім керек 14+

Аягүл Мантай. Бәріне үлгеруім керек - adebiportal.kz

Қателескеніңді мойындау адамды аспанға құс секілді ұшырады. Бірақ біз оны білмейміз. Әйтпесе кешірім сұрар едік қой. Қанатсыз да аспанға ұшуға болатынын сезініп, керемет күйді бастан кешер едік. Біреудің қателігін кешіру бізді кемелдендіреді. Біреудің қателігімен, кемшілігімен жақсы көру – ұлы махаббат. Өкініштісі, біз біреудің кемшілігін көргіміз кеп тұрады. 

Аягүл Мантай

***

Өмірін жоспар мен кестелерге сыйғызып, сызып қойған шеңбермен жүретін адамдар «бәріне уақытында үлгеруім керек» деп жанталасатын адамдар ерте үйленіп, ерте тұрмыс құрады. ...Олар «өмірде бәріне жеттім» деп ойлайды. Шын мәнінде, олар ештеңеге жетпейді. Себебі олар өздерін Құдайға жеткізетін адами құндылықтарды таптап кетеді. Уақыт өте келе сол сезімдермен бірге өздерінің де көміліп кеткенін байқайды. Тірі: тамақ ішеді, жейді, ойнайды, күледі, материалдық дүниесі жетеді, бірақ рухани мүгедек. Қоғам түгілі, өзіне де жақсылық жасай алмайды. 

Аягүлдің “Бөтен” әңгімесінен үзінді

Биыл қазақтың аяулы қызы, дарынды жас қаламгері Аягүл Мантайдың фәниден бақиға озғанына екі жыл толған екен.  Осыған орай ақпанның он сегізі күні Ұлттық академиялық кітапхана ұжымының ұйытқы болуымен «Аягүл» кітабының таныстырылымы өтті. Құрбысы Бану Әділжанқызы мен Жазира Мейрамбекқызы инициатива танытып, жазушының бүкіл шығармаларын жинақтап, естеліктерін топтастырып «Аягүл» атты кітапты құрастырып шыққан. Таныстырылым кешіне Аягүлдің дос-жарандары, жақын туыстары мен оқырмандары келіп қатысты. 

2009 жылы «Жалын» баспасынан жазушының «Жаңбырлы көктем» атты тұңғыш әңгімелер жинағы шыққан. Араға он жыл салып «Жүрекке оралу» атты екінші кітабы, ал өзі өмірден өткен соң Жазушылар Одағының қолдауымен «Уақыттың көз жасы» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. Бүгінгі «Аягүл» кітабы да едеуір салмақты еңбек. Себебі бұл жинаққа Аягүлдің шығармалары ғана емес, Аягүл хақында жазылған естеліктер те енгізіліпті.  Әрі сапалы. Кітаптың жарық көруіне мұрындық болып, қолдау білдірушы қоғам қайраткері, ақын Мақпал Мыса ханым.

Таныстырылым кешінің алғысөзі Ұлттық академиялық кітапхананың басшысына берілді. Көңілі толқыған Ғазиза Құдайбергенқызы:

«Алтын уақыттарыңызды бөліп, Аяштың жаңа кітабының таныстырылымына келгендеріңізге мың алғыс айтамын! Аяшпен ең алғаш 2020 жылы танысып едік. Бүгін таңертең тұрғанымда Аяштың өзі келетіндей сезім болды. Адамды күнде көру міндет емес, түсініскеніңнің өзі мәңгілік жүрегіңде қалады екен. Өлімнің хақ екені белгілі. Аяш аз дүние жазып кеткен жоқ, оның екінші шығармашылық өмірі басталып келеді деп ойлаймын. Фейсбуктағы жазбаларының өзі  оқыған адамға үлкен ой салады. Аягүл көп жазушы бара бермейтін эксперименттерге бара білді. Бұл – менің оқырман ретіндегі ойым.  Сіздер мен біздер Аяштың оқырмандары санының артуына септігімізді тигізуіміз керек деп есептеймін. Жатқан жері жарық, әруағы риза болсын! Артындағы осынша қалың іздеушісі бар екенін көріп, қатты қуанып отырмын» - деп ақ көкірегіне тұнған сырлы дұғасын бағыштады.

Аягүл Мантай 1982 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай ауданының Байқоныс ауылында дүниеге есігін ашқан. Байқоныс ауылында Мұхтар Әуезов атындағы оқу ошағын тәмамдаған соң, Шымкент қаласындағы жекеменшік шағын университеттен «Қазақ тілі және әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығын игеріп шыққан. 2003 жылы Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Баспа ісі және редакциялау» мамандығында білім алған. Әйткенмен әртүрлі әлеуметтік себептерге байланысты бұл оқу орнын толық аяқтай алмаған.  Жазушының 2004 жылдан бері «Ақ жол», «Жас қазақ үні», «Ақ босаға», «Ана тілі», «Ақ желкен», «Айқын» жорнал-газеттеріне әңгіме, мақалалары тұрақты түрде жарияланып тұрған.  «Серпер» жастар сыйлығының иегері. Журналист, жазушы. Ақын Ұлықбек Есдәулетұлының қолдауымен Аягүл 2005 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмысқа алынған екен. Қазақ әдебиеті басылымында біраз жыл өнімді еңбек еткен жазушы 2013-2018 жылдары аралығында Мәскеуде білім алған. 

Кеште Аягүлдің жанашыр ағаларының бірі бола білген, қазақ журналистикасының ардагері Қайнар Олжай:

«Кітапханада екі жиын болып жатыр екен. Көрші залда он камерасы бар саясаткерлердің жиыны өтіп жатса, бұл залда саясатпен айналыспайтын, бірақ сол саясаттан соққы көрген екінші қоғам жиналыпты. Бір шаңырақтың астындағы екі қоғам. Аягүлге менің шапағатым онша тимеді. Бір ретте Мәскеуден хабарласып, сценарий мәселесі бойынша ақылдасып едік. Жалғыз-ақ телефонмен сөйлесуіміз осы болды. Аягүл қазақ әдебиетіндегі құбылыс еді. Біздің қоғамның өзінен шыққан талантты қадірлемей, талауға дайын тұратын ежелгі әдеті бары баршаға аян нәрсе ғой. Нарықтық қоғам руханият өкілінің жанын аса бір түсінбейді. Екеуі қабыспайды. Бүгін Аяш қарындасымыздың естелік кітабы емес, келесі үлкен жинағы жарық көруі тиіс еді. Олай болмағаны өкінішті. 

Аягүлдің әңгімелерінде қаншама кейіпкерлер бар.  Біздің қоғамның қазіргі ахуалын бұлай тап басқан қаламгер өте сирек. Аягүлдің аз ғана әңгімесінен оның шынайы талантын тануға болады. Өзіне қол салған қазақ жазушылардың бірі –  Бердібек Соқпақбаев еді. Оның да ғажайып, реалистік шығармалары мына қоғамның маңдайына сыймады. Бұл жағдайдан тура жарты ғасыр өткен соң осы оқиға қайталанып отыр. Адамды адам, жақсыны жақсы таниды ғой. Аягүлді тани білген Әмірхан Балқыбектің өзі дүниеден ерте озды. Мен әдебиет зерттеушісі емеспін. Десе де, бір кісідей оқырманымын. Ендігі қазақ қоғамы талантын бағалап, көңіліне қаяу түсірмесе ғой деп іштей тілеймін. Шақырғандарыңызға рақмет!», - деп, Аягүл жайлы жылы көзқарасын жеткізді. 

Аягүл Батыс жазушыларын көбірек ұнатты. Оны бәрі білетін. Золяны, Драйзерді, Достаевскийді, Камюді сүйіп оқыды. Қазақ әдебиетінде хандар, билер, батыр бабаларымызды дәріптеу, тарихи оқиғаларды талдау, баяндау, суреттеу; ностальгия, сипаттау көп, психологизм аздығына қынжылатын. «Мына біз сүріп жатқан өмірдің шындығын жазу керек. Жазушы адамның ішін ақтарып, бойындағы ақ пен қараның таласын көрсете алуы керек. Адамның жанында болатын арпалыстар, сезімнің иірімдерін суреттеуі керек. Адам періште емес, сын сағатта пенде. Кей адамның бетіне жағып алған бояуын жуып, шын бейнесін, ащы шындықты көрсете алуы тиіс. Құдайға жүрек арқылы, сезім арқылы жақындайтынымызды. Тағдырдың иір-қиыр жолдарын, адамның өзі туралы шындықпен бетпе-бет келгендегі күйін көрсетуі керек жазушы» - дейтін Аягүл. 

Аягүлдің өлімі неден болды? Бұл жағы бізге қараңғылау.  Шілде айында орын алған ауыр трагедиялық оқиғадан кейін, құрбысы Бану Әділжанқызы, сіңлісі Тоты Мантай, Сәуле Әбілдаханқызы, Әлия Құдайбергеновалар сот барысында куәгер ретінде танылып, бірнеше ай бойы Аягүл үйінің ауласында тексеру жұмыстары жүргізіліп, сараптама жасалған. Аягүлдің туған бауыры Тоты Мантай сот ісінің басы-қасында өзі жүрген. 2021 жылдың Аягүл Мантайдың беймезгіл қазасына қатысты қозғалған сот процедурасы тоқтатылған. Естуімізше, Аягүл Мантай қоғамдағы әділетсіздіктің, жанын жаралаған ауыр сөздің, кибербуллингтің құрбаны болған. 

«2021 жылдың 29 шілдесінде білімді, оқырманға берері бар, халыққа танымал жас жазушы  Аягүл Мантайдың өмірден өз еркімен кетуі көптің жүрегін ауыртып, ақпараттық айдында үлкен резонанс тудырды. Жәй адам емес, көп нәрсені тереңінен түсінетін интеллектуал, талантты адам бұлай жасаса, қоғамымыз неге «адам өлтіргішке» назар аудару керек-ақ. Кіп-кішкентай қарлығаш құстың қанаттарын жұлып, қылқындырып қинап өлтірдік қой бәріміз жабылып. Аягүл – біздің қоғамның құрбаны. Оқырмандары үшін орны толмас қайғы. Іште өксік, өкініш, жауапсыз сауалдар қалды. Көптің көкейінде «Аягүл неге мұндай қадамға барды?»  деген ой қалды. 

Аягүлдің тағдыры – феномен. Әлі талай жыл талқыланатын, себептері көпті ойлантатын, көп былықтың бетін ашқан, біздің қоғамның, қоғамдық жүйенің шынайы бейнесін кқрсеткен феномен. Аягүлдің «жағасында көп адамның ізі қалды. Аягүл негізі мықты еді, оның туыстары, жақын араласқан достары жақсы біледі. Бірақ тағдырының езгісі тым ауыр болды. 2018 жылы онкологияда қайтыс болған әкесінің қырқы өте сап, жалғыз інісінің көлік апатынан мерт болуы Аягүлге ауыр соққы болды. Қайғыдан жүйкесі жұқарған ол өмірден өткенше сол соққыдан айықпады. Талантының тиісті бағасын алмады: қаламдастарының іштарлығынан, ортасынан қысым көрген, негізсіз жұмыстан қуылған Аягүл көп жыл тауқыметін де әбден тартты. Өзі де жар жағасына келіп тұрған Аягүлді оған деген ашуын білдірмек боп мыңдаған адамның алдында Facebook әлеуметтік желісінде бір апта бойы сүйектен өтетін, өлтіретін сөздермен балағаттап кибербуллинг жасаған журналист Сәуле Әбілдаханқызының шабуылы құзға бір-ақ құлатты», - дейді құрбы Бану Әділжанқызы.

Көзі тірісінде Аягүлге көмек қолын созып, қолдау білдірген ағасының бірі – қабырғалы қазақ журналисі Махат Садық аяулы қарындасы өмірден озғанда «Аягүл Мантай трагедиясы» атты очеркін жазып, әлеуметтік желіге жариялаған еді. Махаң кеш барысында Аяш қарындасының есінде қалған жарқын бейнесі жайлы суыртпақтап сыр шертті:

«Армысыздар! Аягүлдің жанашыр құрбы-достары осында жиналыпты. Шынын айту керек, мен Аягүлді көрген жоқпын. Біз 3-4 мәрте ғана телефонмен сөйлестік. Мен өзімнің жазбамда Аягүлге қатысты кішкене ғана шындықты аштым. Біздің қоғам өте балаң. Ұлт болып қалыптасу үшін, ерте есеюіміз ләзім. Жалпы, Аягүлдің трагедиясын айтқанымызда, көр нәрсені ойға алайықшы. Мен 2014-інші жылы «Қазақ Радиосын» басқардым. Фейсбуктен Аягүлдің парақшасын көзім шалып қалып, жеке мессенджеріне: «Сен біздің радиоға жазбаларыңды жіберіп қой. Аз да болсын өзіңе көмегіміз болсын, тиісті қаламақыңды аласың ғой!» - деп хат жолдадым. 

Біздің қоғам сөзбен мақтап, сөзбен арқадан қағуға үйренген. Сіздерге бір оқиғаны баян етейін. Қаныш Сәтбаев Мәскеуге барғанда Баукеңе ақша тастап кетеді екен. Жазушы ағамыз Әди Шәріпов Мәскеуге әр барғанында: «Еңсеңді биік ұста! Сен болашақта мықты азамат боласың!» - деп, Шерхан Мұртаза ағамызға ақша тастап кетіп отырған. Міне осылай бір-бірімізді қолдамасақ, алға жылжымаймыз. Біз – аз ғана ұлтпыз. Ал, аз ғана ұлттың «Аз ғана» таланттары болады. Түйені жабымен жасырмай-ақ, жарамыздың бетін опа далаппен көлегейлемей-ақ, ішіндегі өзекті іріңді шығарып, бір-бірімізге тіке қарай алатындай дәрежеге жеткенде ғана, біздің қоғам сауығады!»

Аягүл өзіндік қолтаңбасы бар, ішкі дүниетанымы мүлде ерек қаламгер еді. Әсіресе, жаңа буынның болмыс-бітімін, ойын «рентген сәулесіндей» анық оқи алар қабілетке ие болған. Жастардың арман-аңсарын, көкейіндегі дертін оқи алған. Қазақ руханиятына үңіліп, жүрегін үңгіген дертін тамыршыдай тап баса білген. Және өз шығармалары арқылы сол жанын мүжіген дертке дауа іздеген.  Қазіргі заман адамының менталды ерекшелігін, құндылығын сезініп, көркем суреттеген. Шебер жеткізген. 

«Аягүл» кітабы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде Аягүл туралы естеліктер жазылса, екінші бөлімінде шығармалары жарияланған. Дизайынын Алмас Сырғабай жасаса, кітап ішіндегі әуесқой суреттерді Аягүлдің өз оқырманы ықылас танытып, салған екен. Кітапты көркемдеуге ат салыссам деген жанашыр сіңлісінің есімі – Гүлнәр Бағашарқызы. Аягүлдің жақын достарының бірі, ақын, журналист Айгүл Сейіл:

«Мен бұл залда Аяштың шығармаларын жақсы білетін адамдар жиналып отыр деп есептеймін. Аяш дүниеден өткенде, жақындары қатты қиналып, күйзеліске түсті. Себебі, Аяштың жазған шығармалары, жасаған дүниелері ел жүрегіне жеткен еді. Астанаға жұмыс іздеп келіп, Аягүлмен үш ай уақыт бірге тұрған едік. Аягүл ол кезде жиырма бес-ақ жаста еді. Жас кезі... Көп оқып, көп ізденетін. Сыйлайтынмын, өте құрметтейтінмін. Бәріміздің айналамызда ақылды, білімді адамдар кездеседі ғой. Бірақ жан-дүниесі мөлдір адамдар сирек қой. Аяштың да жан әлемі кіршіксіз таза еді. Осынша тазалықты сақтап өмір сүру һәм тірлік кешу тым қиын-ақ. 

«Аягүл, сен қазақ қоғамындағы әділетсіздіктерді айтамын деп, отқа күйіп қалмашы. Өзіңе сақ болшы», - деп ақылымды айтушы едім. Әрине, адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады ғой. Кейін жолымыз екіге жарылды. Ол Мәскеуге аттанды. Мен Астанада қалдым. Арамыз көп ажырап кетті. Аягүлдің «Жүрекке оралу» атты кітабы жарыққа шыққан кезде, бұл турасында «Егемен Қазақстан» басылымына мақала жаздым. Сол мақаламда Аяштың шығармашылығын біраз талдадым. Әдебиетші ретіндегі өз бағамды бердім. Әрине, Аягүл туралы көп айтуға болады. Әлі де айтылады. Айтыла бермек. Оның шығармашылық қырын жазамыз, ерекше болмысын жазамыз. Мен ойлаймын, он кітап оқып, шығарма жазған адам мен жүз кітап оқып, шығарма жазған адамның арасында үлкен айырмашылық болады. Жүз кітап оқып, шығарма жазған қаламгер мен мың кітап оқып, шығарма жазған қаламгердің арасы жер мен көктей. Оқыған дүниесінің көптігіне қарай қаламгердің талғамы да өсіп отырмақ. Аягүлдің талғамы тым жоғары еді. 

Бану бастаған, Алма, Жазира, Мақпал секілді жаны жомарт жандар қостап, «Аягүл» кітабының жарық көруіне ат салысқан кісілерге мың алғыс айтқым келеді. Менің Аяш жайлы естелігім бұл кітапқа еніпті. Аягүлді ұмытпаймыз. Алдағы уақытта да Аягүлді ұмыттырмауға жұмыс жасайық! Жатқан жері жарық болғай», - деп көңіліндегі көркем тілегін айтты. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар