Айбергеннің арманы

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.

100

Айбергеннің арманы - adebiportal.kz

Үйдің тұңғышы Айберген шал мен кемпірдің қолында өсіп келеді. Күні бойы тыным таппай, ата-әжесіне қолғабыс қылып жүргені. Ал шешесі сонау Алматыда, жұмыстың қамымен жүр, жылына бір-екі рет қана қатынайды. Әкесі әлдеқашан келместің кемесіне мініп кеткен. 

- Айналайын, Әкөнай..., – деп басталатын әжесінің сөзі, бүйтіп жіберші, сөйтіп жібершімен жалғасады. Басын изеп, зыр жүгіріп, айтқанын дер шағында орындайды. «Үлкен азамат болды деген осы да», – деп әжесі риза болып отырады. Әжесінің ақ шашы орамал шетінен шығып, тау артына тығылған бұлтқа ұқсайды. Гүлді орамалын түзеп қайта тағады. Сол бір ақ шашын жалғызсыратпайын дей ме жүзін қуалай сырғыған әжім өзен аңғарын елестетеді. Шүңірек көзінде мұңнан көрі мейірім басым. Құданың құдіреті деп қояды да әрнені ойлап, бүкшең басып көрші қолаңға қыдырып қайтады. Бұл ауылдың кемпірлерінің қолы сәл босай қалса осылай қыдырыстап кетеді. Кезінде Айберген әжесінің арқасынан түспейтін, кейін қасынан қалмай еріп жүрді. Бүгінде тоғызға келді, шарбақтан шығарып салып, қайтарда күтіп алады. Өйткені қалтасын толтырып тәтті әкелетіні бар. «Үлкен азамат бол»  деп бата беретін қарттардың дұғасы қабыл болды ма, бұрындағыдай ата-әжесінің қойнына жатуды қойды, бірге қыдырудан қашады. Тым өбектеп кетсе, тыжырынып, «еркелетпеңдер олай» деп шытынайтын болыпты. 

Қарт қой бақты, диқан болды, трактор айдады, бүгінде күзетші боп кеңсеге орналасқан. Бұрындары алдынан күтіп алып, даланың иісі аңқитын құшағына сүңгіп кететін. Атасы батқан күнді иығына өңгеріп алған адам құсап, баяу ғана адымдап келе жататын. Ал сырықтай сорайған көлеңкесі сәт сайын ұзарып, әне-міне алып бәйтерекке айналып кететіндей көрінетін. Қияли болып бара ма, қалай, күні бойы есік алдында, аспанмен таласқан тауларға, оның ақиық, ақ бас шыңдарына көз алмай қарап, өз-өзімен сөйлесіп, арман қуады. Атасы баласының алдынан енді жүгіріп шықпайтынын байқап, «ержеткен деген осы-ау...», - деп күлімсіреп қояды. 

- Балам-ау, ағаштың басында не істеп отырсың? Түсе қой, қане! Құласаң, бір жерің сынады! – дейтін тентек баласын көре сап қалбалақтап, – қанша айтам саған, талға шықпа деп. Анау кезде ол жиылған шөпке шығып алғаның. Бала деген тіл алса ғой, шіркін, – деп қойды. Қара торы, еңкіш, тарамыс шал қасына жақындағанда бір-ақ түсінді, атасы ешқандай да алып адам емес, аласа бойлы, қарапайым адам екен. Бірақ алыптық боймен ғана есептеле ме деп ойлады. Ал оның жүрегі мен ақылы, мейірімі қандай. Күн қақтаған бетінен ең бірінші көзіңе ұрынатыны талпақ танауы, қой көзі. Ал жұқа еріні әңгімелескіштігін әшкерелейтіндей. Тіпті қасында кісі болмаса, өз-өзімен күбірлеп отыратынын да талай байқаған. Қалқаң құлағы күзгі жапырақтай солыңқы тартқан ба, бозарып тұр. Басын тықырлап алғанды жақсы көреді, сол үшін де басынан оюлы тақияны тастаған емес. Шайқала жүріп, оң аяғына салмақ көбірек түсіріп, сүйрелей басады. Содан да шығар аяқ киімінің жан-жағы сырылып, қажалған. Кісі баласымен сөйлесіп отырып та, ой үстінде кетіп бара жатып та, қолын қозғаудан жалыққан емес: әуелі мұрнын тартып, қысып қояды да, ернінің айналасын сүртіп, құлағының артын сипап барып сөзін жалғайды. 

- Ата, сенің келе жатқаныңды байқамай қалдым, – деді Айберген бұтақтан бұтаққа төмендей түсіп жатып. 

- Маймыл боп кеттің бе, маймылдар ол ағашқа өрмелейтін. 

Айберген атасы мен әжесіне тентектігін қанша жерден көрсетпейін дегенімен байқамай ұсталып қалатын. Тек ата-әжесі емес, мектеп мұғалімдері, көрші-қолаң да бүгінге дейін: «Әй, тәйт! Қой да қой!», – деп қақпайлап жүретін. Бұны тыйған сайын, одан бетер өршелене бұзақылығы ұстайтын. Қаншама тентектігін ересектер күлкі ғып айтып жүреді: «Сен бала өскен соң бір жерді тесіп шығарсың». Ал Айберген сол тентектіктерін жасырып бағам деген сайын, әшкере бола беретіні ашуына тиетін. Ауыл тұрғындары түгел, маңдайларындағы көз емес, құдды бір камера құсап әр басқан шалыс қадамын аңдып тұратындай. Бірде мұғалімі әжесін жиналысқа шақырып, баласының сабақ үстінде көрші ауылға көкпар көруге кететінін, жайылып жүрген тайларға мініп алатынын, ал алда-жалда сабаққа қатыса қалса, тыныш отырмай өзгелерге қағаз лақтырып, қыздардың бұрымын тартқылайтынын айтып шағымданған. Мұғалім де аясын ба, бұрышқа тұрғызып қояды, ол аздай басқа сыныптағыларға, мұның қандай әдепсіз оқушы екенін көрсетіп шығатын. Әжесі баласын қорғап баққанымен, ұстазға деген құрметі тағы бар. «Бір жолға кеше гөр, әкем», – деп жүріп әрең құтылады. Жиналыстан қайтып келе жатып, бұрқылдап: «Немене жұрттың баласы тәртіпті де менің балам жаман екен бе, бала болған соң тентектік жасайды да. Менің балам сияқты болып алсын әуелі», – деп өз-өзімен ұрысып келе жатады. «Әй, сен де, – деп баласының қолын тартып қояды, – әпкейіңді тыңдап бақ, ұстазды сыйлау керек. Бұзақылығыңды екінші естімейтін болайын», – деп зілсіз ұрсып қояды. Айберген бесікте жатқанда-ақ жылқы жануарына құмар боп шықты. Басқа ойыншықтарға жұбанған емес, ал жылқы мүсініндегі ойыншық көре қалса аузының суы құрып, көзі жанып шыға келеді. Атасы сонысын байқап, тәй-тәй басып жүре бастағанда-ақ тербелмелі ағаш-ат жасап берген. «Дігідік-дігідік», – деп мәз болады да отырады. Ол аздай түн жамылғанда баласының көңілін аулау үшін, жыр-дастан оқып береді. Сандықта жатып көнерген, шаң басқан кітап ғажайыптың өзіндей көрінетін. Парақтағы тозаңы бір-бір шамдай жанып, өз әлеміне сүңгітіп әкетеді. Сондағысы батырлардың мінген көлігі болып қана қоймай, досына, сырласына айналып кеткен тұлпар жайлы айтатын тұсын аузының суы құрып тыңдайтын. Ағыбай батырдың Көкбестісі, Арқалық батырдың Көкжалы, Алпамыс батырдың Байшұбары, Аңшыбай батырдың Қара аты кітап ішінен кісінеп, сыртқы әлемге ұмтылып жатқандай әсер қалдыратын. Кітап оқысам ұйықтап қалар деп үміттенген әжесі, өзі ұйқы құшағына қалай еніп кеткенін сезбей де қалады. Айберген әлгі дастан кейіпкерлерінің жанкешті ерлігін, тұлпарының адалдығын, достығын ойлап қиялға шомады. «Шіркін, менің де сондай тұлпарым болар ма еді», – деп армандап кететін. 

Атқа міну қайда, басып кетеді деп ересектер жақын жолатқан емес. Мектепке бармай тұрып қара ағаштың жіңішке бұтасын жонып, басына жіп байлап, «шүу, жануар» деп үй маңын шаңдатып шаба жөнелетін. Сырттан қарасаң ойнап жүрген балақай. Ал қиял көзінде дұшпандарын тойтарған, тұлпары кісінеп, арындап шауып, жау сескенер айбатты батырға айналып кететін. 

Жыл өткен сайын тайға әне мінгізер, міне мінгізер деп көп күтті. Күткен сайын қиналды. «Қой, айналайын, жығылып қаласың», – дейді ғой баяғы. Мектепке барды, ондағы сыныптастары тайға қалай мінгендерін, әкелерінің қайтіп үйреткендерін мақтанып айтқанда қызыға тыңдап қалатын. Достарының тайға мінуді үйренгенде тайсақтап, қашқақтағанын талай көрген. Бірінің әкесі ондайда: «Бүгін аттың тізгінін ұстай алмасаң, ертең тағдырдың тізгінін қалай ұстамақсың», – деп намысына тиіп қоятын. Енді біріне әкесі: «Өзің жуас болсаң, асау жануар жығып кетеді, сол үшін мына бір жұмыр жүрек мықты болсын, қане! Міне, азамат!» – деп қолпаштап ала кететін. Сырттан бақылап отыратын. Сондайда есік алдындағы қиял әлемінің қақпасы құсаған шынар ағашының бұтасына отырып алып, жолға ұзақ қарайлайды. «Әкем  келіп қалар ма екен, ол маған атқа мінуді үйрететін еді. Арқамнан қағып, «еркек болды деген осы», – деп менің тез үйренгеніме риза болар ма еді. Бірақ ол аспанда ғой. Қолы бос емес. Ал атам мен әжем уайымшыл, бірдеме болып қала ма деп қорқақтайды», – дейді  жабырқап. Ал мұнар жұтқан жол сол қалпы тым-тырыс.  Уақыт өте келе әлгі сыныптастары тай жарыстарға қатысып, бәйге ала бастады. Бәйге десе пысқырынып, тыпыршып тұра алмайтын тұлпардай Айбергеннің де арқасы қозып кететіні бар. Шыдай алмай атасы мен әжесіне кеп ойын білдіріп еді. 

- Қой, жығылып қаласың, беті аулақ, – деп тыйып тастады. 

Еңсесі езіліп, кезінде «тұлпары» болған ағаштан ойып жасаған бұтасын ызаланып сындырып тастады. Сонсоң жылады. Алыста, шаңдатып шауып жүрген құрдастарына қызыға қарап отырғаннан басқа амалы қалмады. Арасындағы таныс достардың тақымын басқан болып, естісін, есітемесін, «Қане, шап, міне азамат, алға», – деп дем беріп қояды. Осының бәрі ой-әуселесін баурағаны сонша, үлкен ағасының қазанатын жиі жағалайтын боп алды. Тамырын басып, мінгісі келетінін ымдап көріп еді, ағасы тырысқан қабағын жазбастан: «Қайтесің, бар да, асығыңды ойнап жүре берсеңші», – дегені. Ренжіп кеткен. Бірде сол қазанаттың ағаш шарбаққа байланып тұрғанын көріп қалды. Ағасы түскі асқа келген беті, жарты сағат уақыты бар. Бұл уақытта біраз жерді шарлап қайтуға болады деді қуланып. «Мұным қалай болар екен, дұрыс па, – деп ары мазалай бастап еді, – ардың мазаламаған кезі болушы ма еді»,– деп мүмкіндікті пайдаланып қалуға бекінді. Бірақ қорқақтап тұр. Тізгінін ағаш шарбақтан шешіп алып, ат басынан өткізе лақтырды. Бұрын-соңды атқа мініп көрмеген, сауырынан сипаған болып, үзеңгіге аяғын сұғып қалды. Ақырын орнынан қозғалды. Сонда да аяғын үзеңгіден алған жоқ. Ердің алдыңғы қасынан шап беріп ұстап, шапшаң мінді-ау, әйтеуір. Рас па, өтірік пе дегендей көзі оттай жанады. Жығылып қалмайын деп ерден ұстап алған, тізгін бір жақта. Жылқы жуас па, босандым-ау демейді орнында қақшиып тұра берді. Үлкендердің тізгінді қолға алып, бойын тіктеп, өкшесімен ақырын теуіп жүретінін көргені бар, соны қайталады. Әне, қозғалып жатыр. «Шынында, мен жылқы үстіндемін, мәссаған! Әй, халайық қараңдар мен атқа міндім, «бәрекелді» деп қолпаштамайсыңдар ма! Өңім бе, түсім бе? Бұл да менің бір бөлшегім сияқты, жылқымен тұтасып кеткендеймін. Алып денелі, еңселі жандаймын. Пах-пах!» – деп өз өзіне тамсанып, үйлерді жағалай төселген соқпақ жолмен кетіп барады. Қаз-қатар тізілген ағаштардың шыбық-жапырақтарынан қорғанам деп ара-арасында еңкейіп қалады. Өзін ересек адам сезінді, дәл қазір ағасы орнына егінді қарауылда деп жұмысқа жібере салса кірісіп кететін түрі бар. Керексе, «жарысқа қатысасың ба», – дегенге де тәуекел етуге шақ. Көңілі лепіріп, бойын мақтаныш кернеді. Өтіп бара жатып, кей құрдас балалар байқап қалып, бұл да атқа отыра ала ма-ей дегендей қарап қалыпты. 

- Доңқи, – дейді Дарханды лақап атымен атап. Параллель класстағы жолдасы. Дәл үйінің тұсынан өтіп бара жатқан. Ол болса қора тазалап, қи шығарып жүр. 

- О, не? 

- Мен бүгін бірінші рет жылқыға отырдым ғой. 

- Енді қайтейін! Мен алғаш рет бес жасымда отырғам. 

Айберген шамданып қалды. 

- Жүр, ендеше, жарысасың ба?

- Сен әуелі дұрыстап отырып үйреніп алсаңшы. Андағы не отырыс, жылқың оқыс қозғалып қалса ауып кетесің ғой. Жүгенді екі қолмен ұстап алыпсың, шабандоз деген бір-ақ қолмен ұстайды, – ересек адамша кісімси сөйлейді. Айберген сасып қалды, ызақорланып:

- Епті адам қалай отырса да жарасады. Сау бол! – деп теріс айналып кетті. 

- Мықты болсаң, осы айдың жиырмасына қырманға кел, тай жарыс болады. Әуселеңді сол кезде көрейік. 

- Келем, дайындала бер, ендеше! 

Тістеніп, қабағы түйіліп кетті. «Мені атқа отыра алмайды деп мазақ қылып жатыр, көрсетем әлі! Жиырмасына дейін он сегіз күн бар. Ағамның атын күнде түсте осылай алып қашып үйреніп жүрсем, он сегіз күннің ішінде шабандоздың өзі боп шықпаймын ба! Қане, бірінші сабағымыз бүгіннен басталсын», – деді де шаппаққа бекініп, жүгенді жұлқып, теуіп қалды. Қазанат еңсесін көтеріп, мән-жайға енді қаныққандай, бойын тіктеді. Айберген жылқының оқыс қимылынан қорқайын деді. Құлағын қайшылап, бөкен желіске салды. Сосын жорғалап шаба жөнелді. Кенет шабысы тіптен күшейе бастады. Қорыққан бала тізгінді тартып, тоқтатпаққа бекініп еді, басы қатты екен, күші жетер емес. Өзінің бір жаққа қарай ауып бара жатқанын байқап, жүгенді жібере сап ертоқымнан ұстай қалды. Сосын көзін тарс жұмып алып, жылқы қайда бастаса сонда қарай қарсылықсыз көне берген. Жығылмас үшін «тақым басу» дегенді талай естіген, солай жасап көрейін деп тақымын баса берген. Оқыстан жылқының арықтан аттап өткенінен бе, ерден сырғып, қас пен көздің арасында бір жаққа ауып кетті. Гүрс етіп жығылғанда, оң жақ жамбасы мен иығының ауырсынғаны, бір тамшы жас ытқып шыққаны есінде. Одан кейінгі ойы, ағамның аты қашып кетсе қайтем, таяқ жейтін болдым-ау деп қам жеді. Бұлдыраған сағым арасына сіңіп бара жатқан жылқы аулақтап бара жатқандай. Есін жиып, көзін ашса жаны ашыған жолаушыдай болып тура маңдайы үстінде қазанаты тұр. Жалын тосып, орнынан түрегелгенін күтетіндей. Пысқырынады. Жалқаубек, жата бермей түрегел дегені шығар. 

Басы зеңіп әзер тұрды. Сосын жұрт көріп қалмады ма екен, ертең достары мазақтап жүрсе қайтем дегендей жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Тербелген жапырақтар мен ұшқан құстардан, жерде жыбырлаған құрт-құмырысқалардан өңге куәгер жоқ сияқты. Атқа ендігісінде мінбей, жүгенінен ұстап ағасының үйіне қарай жаяу тартты. Доңқи досы көріп қап:

- Не болды-ей, жерге түсіп қапсың ғой? – деді шымшып сөйлеп. 

- Болдырып қалды, жылқы да жан иесі, қинамау керек, – деді сыр берместен.

Ағасы есік алдында түтігіп, қабарып тұр екен. 

- Әй, жүгермек, неге рұқсатсыз әкетесің? – деді қамшысын көтере беріп. Мұртына жағылған айранын да сүртпепті. Соған қарағанда атының орнында жоғын терезеден көре қап үйден атып шықса керек. 

- Сұрасам бәрібір бермейсің ғой...

- Екінші мінгеніңді көрейін аяғыңды сындырам, – деді тізгінді жұлқып алып. 

- Сені атама айтам...

- Одан әрмен...

- Жылаңқы екенсің, – деді Айберген қашып бара жатып.

- Қап, мына тентекті-ай, ә! – деді Серік ашуға булығып. 

Тағы бір туысқан ағасы бар, шабандоз. Жұрт оны Жека дейді, шын аты Жексен. Сол Жека ғана кейде жіпсіп бір-екі рет мінгестіргені бар. Онда да құры қора жақты айналдырып шыққан. 

- Аз-ақ қой тағы мінейінші, – дейді аттан түсіп келе жатып. 

- Осыған да рақмет айт, – дейді Жека атын кері алып. Бірақ кейінгі кезде бұл үйге көп соқпайтын болған. Анда-санда қонақ боп кетеді. Онда да:

- Атқа мінейінші, берші, – деп сұрағанына тек бір жауап алатын болды: «Жоқ». 

Содан кейін де көңілі қалып сұраған емес. Тек алыстан жылқысына қызыға қарап тұратын. Бір күні ағаштың бұтағына байланған тізгінін шешіп, оның да жылқысын ұрлап мінді. Құштарлық деген қиын екен, әсіресе сүйген нәрсең болса, ондайда өз-өзіңді ұстау үшін үлкен жігер керек. Сол мінгеннен көше бойында кербез отырып, жан-жағын барлап келеді. Ат үстінде өзін бір патшадай, мансап иесіндей паң сезінеді. Айнала түгел анық көрініп, аспан да жақындап кеткендей. Кенет шапқысы келді. Оның бала қиялы сол – ат шапқанда қанат пайда болып құс сияқты ұшып кетем деп ойлайтын. Алайда шаң қаптыра шапқан тұлпар ұшқан да жоқ, тек ауыздығын шайнаңдап, басын шұлғып екпіндей түседі. Шәй ішіп болып, есік алдына шыққан Жека байланған аты жоғын байқап қимылы шалт өзгеріп, жолға қараған. Айбергеннің ата-әжесі де балаларының анда-мұнда шауып жүргенін көріп, жанұшырды. 

- Шаппа, жығылып қаласың, – деді әжесі. 

- Қой, қайт бері, – деді атасы да бақырып. Болар іс болыпты ғой дегендей Жека да, амалсыздан:

- Әкел бері, жылдам, – дейді зілденіп. Ашу шақырайын десе шал-кемпірден қаймығады. Әйтпесе, Айбергенді бір сыбап алуға бар. Тісін қайрап, ызасы келді. Шаппа деген сайын Айберген одан бетер шаба түседі. Құлай жаздап, әйтеуір бір қайта түзеліп отырды-ау. 

- Желкең үзіледі ғой, ақымақ, – деді атасы. Әжесі жұдырығын түйіп, мысын көрсеткен болады. Айберген тоқтайтын емес. Ақыры, көріпсіңдер құмарым қанғанша шабайын дейтіндей, рахаттана, шаттанады. Көзін жұмып алып, самалға танауын тосады. Қойнына кірген леп жеңсіз көйлегін тербеп, қытықтайтындай.  Осы бір ғажайып сәт ұрыс естуге тұрарлық сияқты.

Осыдан кейін Жека ағасы мүлдем атын бермейтін болған. Онысын сезген Айберген де сұрамайды. Түн баласы жымыңдап, жұлдыз біткен аспанның жанары құсап жаутаңдайды. Жұлдыздар жерге жақындай алмасын білсе де жалт-жұлт жанады, Айберген де ата-анасы келмесін білсе де жолға қарайлайды. Арманы биік болған сайын келіп-кететін қандай да бір қиындық жанын жаралаған емес, керісінше одан бетер қайрай түсетіндей. 

Алайда ата-әженің тым қатты мейірімі мен махаббаты Айбергенді тұншықтыра бастағандай. Не атқа мінгізбейді, не артық-ауыс жүргізбейді. Жұмыс тапсырса да аңдып, «абайла» деп көз қырын салып қадағалап отырады. Содан да шығар тордан қашқан құс құсап Айберген кейде тіл алмай, достарына еріп, қызық қуып кететін. 

- Балам-ау, атқа мінбеші деп қанша айтамыз. Жығылып қалсаң, бір жерің майып болса ше, Құдай сақтасын! Сол бір Әсетпен дос болмай-ақ қойшы, ол бұзақы қайбір жолдас болып жарытады дейсің, – дейді әжесі екі көше төмен тұратын көрші досын меңзеп. Бірер жас үлкен Әсетке үйірсектеп жүрген өзі. Оның пысықайлығының арқасында талай атқа мініп шабатын болған. Айбергенді басқа балалар атқа міне алмайды деп мазақтаған соң ба, Әсетке атқа мінуді үйретші деп жалынғаны бар. 

- Ақысына не бересің, – дейді ол да саудаласып.

- Балық әкеліп берем!

- Жаман көлшіктен балықты өзім де ұстай алам, басқа... – дейді маңызсынып. 

–Мейлі онда, ойнап жүрген ең жақсы екі сақам сенікі болсын. 

Асық дегенде ауыл балалары ішкен асын жерге қоятын. Жұрт балаларының неге екені осы бір Айбергеннің асық ойнаудан алдына жан салмайтынын, оның мергендігі мен қабілетінен емес, осы бір сақаларынан деп ойлайтын. Жеңіліп қалса, «ой, оның сақасы жақсы, менде де сондай сақа болсыншы көрсетер едім, бәлем», – деп қолын бір сілтейді. Міне, осы үшін де Әсеттің көзі жайнап, келіспеуге болмайтын болып тұр.  

- Келістік, – деді алақанына шырт түкіріп, оған созып. 

Түн жарымында қиялдап қалай атқа мінетінін, батырларша шауып, тізгінді тастай ғып ұстайтынын елестетті. Ол шапқанда бүткіл ауыл іштен тынып, барлығының назары бұған ауып қарайтын болады. Әрине, бұл ондайда көзін жолдан алмайды. Бойын тік ұстап, қабағы түксиіп, жылқысын кісінетіп, шаба береді. Арттан қараған жұрт мұны кентавр деп ойлап қалуы мүмкін. Сонда қаумалаған қаймана арасынан одан көз алмай тұрған сұлу бейне – бір сынып төмен оқитын Халимат. Бет орамалын бұлғап, «шап, шаба түс, шабандоз» деп шабыт беріп тұрғандай. Осындай арманшыл ойлар ұйқысын бұзып, көз ілдірмей қоятын. Терезеден түскен жылтыр жұлдыздардың майда сәулесі ұштасып келіп тұлпар бейнесіне ене қалғаны. Сүттей ұйыған түн, айдың нұры айналаға мархабатын аямай төккендей. Бұндай түнде армандамаудың өзі ерсі секілді. 

Таң әлеті. Ысқырық естілді. Әндете ысқырады. Әдетте бұлай ысқыратын кім еді, есіне түсіре алатын емес. Жылы кереуетті қимай, бүк түсіп біраз жатты. Кетіп бара жатқан біреу шығар деп ойлағаны бекер екен, бір орыннан тапжылмағанын аңдады. Сонда барып қана бұның барлығы өңінде екені, өзін іздеп белгі беріп жатқан Әсет екенін дереу сезе қойды. Төсегінен атып тұрып, аппақ пердені шетке ысырды да, терезені ашып, басын шығарды. 

- Қазір шығамын, – деді.

- Он сағат болды ғой тұрғаныма. Әжең көрсе қазір қуып шығады мені. 

- Қазір шығамын дедім ғой.

- Сақаңды ұмытпа. 

Есік алдына шықса, Әсет қолын қалтасына салып, тәкәппар тұр. Танауы көк тірейді. 

- Ат қайда?

- Мына қырдың арғы бетіне қарамайсың ба? Мұнда әкеліп әжең екеумізді сабасын дейсің бе?

- Ақылың бар екен-ей, – деді оның иегі нұсқаған тұсқа көз жіберіп. Қараталдың саясында айқасқа басын тұқыртып тұр, – кеттік, ендеше! 

- Әуелі сақаңды әкел. 

- Мә, – деді Айберген қалтасынан екі сақаны алып шығып. 

- Үшіншісі қайда?

- Ойбай-ау, менде екеу-ақ қой.

- Бөспе өтірікті, сенде үшеу, оны балалардың бәрі біледі, – деді қолындағы сақаларын бір-біріне соғып, жерде жатқан тасты көздеген болып.

- Оны енді бере алмаймын.

- Біз олай келіскен жоқпыз. Мен кеттім, онда, – деді Әсет мұрнын тартып бұрыла беріп. 

- Тоқта!

- Асықтарың ба? Мә, керек емес!

- Оны айтпаймын, үшінші сақаны да әкелем, бірақ, атпен шабуды кешке дейін үйретесің. 

Танауын сипап ойланып тұрды да:

- Келістік, әкел сақаңды, – деді. 

Айқасқа қырсық жануар екен, басын оңға бұрса – солға, солға бұрса – оңға кетіп, керісінше жүреді. Оның үстіне ертоқымсыз, құр алаша төсеп берген. Мүлдем ыңғайсыз. Айбергеннің ызасы келді. 

- Кішкене, шамасы келеді-ау дейтіндей тай ма, құнан ба, таппадың ба? Мынаның басы да қатты, жүрісі де бәсең. 

- Қайта тапқаныма рақмет айт, әйтпесе бұл да жоқ еді. Ергентай ағаны әзер көндірдім, – деді Әсет жаңа сақасымен тізілген асықтарды көздеп тұрып, – Доңқидың іші ашитын болды ғой, алдында бүткіл асықтарымды сыпырып алғанға мәз болып еді. Енді көрейік әуселесін. 

Атқан сақасы мүлт кетті. Бет-жүзі бір уыс боп тыржиып, тершіген маңдайын білегімен сүртіп, бұл қалай болғаны, мына сақа да тигізе алмайды екен ғой, дегендей өкпелеп тұр. Алайда, өзін әлсіз ойыншы көрсеткісі де келмейді.

- Жұрт мақтағандай асықтарың мықты емес екен. 

- Енді өзің ғой, келіскен, – деді жылқы үстінде әлек боп жатқан Айберген. 

- Тақым бас! Тақымың әлсіз болса, жығылдым дей бер. 

- Жаяу жүрістен жалықтым, шапқым келеді. 

- Әлі ерте, жығылып қаласың. 

- Түу, сен де бір ата-әжем құсап, «жығылып қаласың» дей береді екенсің. Мен алғаш мінгенде-ақ шапқам, – деді өзінің көзсіз батырлығын мақтан тұтып, – мынауың не шаппайды, не жорғаламайды. Кер жалқау, есектен қай жері кем?   

- Ергентай ағам естіп қалып, екеумізді сыбап жүрмесін. Бұл оның әйелінен де артық көретін жылқысы. 

- Чө-чө, міне, көріп тұрсың ғой, қамшымен сауырынан сабап жатырмын, қозғалмайды ғой, шіркін! 

- Маған бәрібір, шабам десең шаба бер, – деді де Әсет қисайған күнқағарын көтеріп, қайта киді. Сауырынан шыбықпен сабап-сабап қалып еді, Айбергенді ала қашты. 

- О-о, міне-міне, – деп мәз болғанымен бойын билеген үрей де жоқ емес. Құдды бір шалқыған теңізде шайқалақтаған қайық үстінде отырғандай. Айқасқа да қотыр жермен бір көтеріліп, бір түсіп ойқастап келеді. Көп өткен жоқ, көрпесі ысырылып барады. Бұндайда ердің көмегі қаншалық екенін аңдаса керек. Жалдан бір ұстап, жүгеннен бір ұстап, далбасалап, ауа қармап қалды. Тақымды қанша басқанымен, аяғы  ауып барады. Әйтеуір, гүрс етіп жығылғаны, жығылып барып қолын тоса қорғанғаны, білегінде әлдене шытынағаны есінде. Егесіз қалған ат енді қай бағытқа кетерін білмей, арырақ барып құжынаған шыбынды құйрығымен қақпақайлап тұр. Топырақтың, жусан мен бетеге иісін анық сезгендей. Танауын қышытқан ашқылтым иіс дертіне дәрмен сыйлап жатыр ма екен. Басы зеңіп, жер шыр көбелек айналып барады. Құсқысы келді. Басын көтерейін десе, бүткіл өне бойын ұрып тастағандай дел-сал. Аузы құрғап, шөл қысты. Бозарған түрін көрген Әсет алғашында шошып кеткенімен, қылжақбас әдетінен айнып кете алмады. 

- Шаппадың ба тағы, кел, қайта мінсеңші!

- Артезианға апаршы, қаным кеуіп, қаталап барам. 

- Адам деген шамасына қарау керек қой! Мінуді үйренбей жатып шабам дегенің қай сасқаның, – деді оны аударып тұрғызбаққа ұмтылып. 

- Қолым-ай, ойбай, ақырын!

- Ал, қолың да сынған көрінеді, көгеріп кетіпті. Әжеңнен жақсылап ұрыс еститін болдың-ау, бейбақ!

Әсет Айбергенді атқа қайта өңгеріп, жақын маңдағы артезиан құдығына апарды. Онда барам дегенше жүз тоқтап, жүрегі айнып, ойбайлап отырып әзер жеткен. 

- Бұндай еркелігіңді білгенде келіспейтін-ақ едім, сақаңа да рақмет, алмайтын едім, – деп шағымданып келеді. Сөйтсе де Айбергенді көтеріп-түсіріп көмек қолын созып жүр. 

Мөп-мөлдір суық тұма, тынысын ашты. Бетін жуып, шөлі қанғанша қылғытып жатыр. Суға жуынып тұра бергісі келеді. Сәл алыстаса ауруы үдеп кететіндей. 

- Әсет, мен атқа қайтып міне алмаймын. Үйге барудың басқа жолын табайық. 

- Арқалап апар дейсің бе, қарай көр өзін! 

- Шын айтам, басым зеңіп барады, – деді артезианның шетіне қисая кетіп. 

Әсет жол бойында өткен-кеткен көліктерге қол көтерді. Ымдап ауру досын меңзейді.  Ешқайсысы тоқтайтын емес. Қалпағымен маңдайын сүртті. 

- Немене, адамдар тас жүрек боп кеткен бе? Саған ешкім көмектескісі келмейді ғой. Менің де көмек қолын созғым келіп тұрғаны шамалы. Ақысын да талап етіп, бүткіл асығыңды сыпырып алар ем. Бірақ, бұл адамгершілікке жатпайды, – деді өзін бұзақы көрсетейін дегендей шырт түкіріп. 

Айберген ауырып жатып та әжесінің: «Әсеттен аулақ жүр, ол нағыз сотқардың өзі», - деген сөзін еске алды. Дәл қазір ол үшін Әсеттен артық жақсы адам жоқ. Досы да әжесі құсап ұрысып жүріп игі іс жасап жүре береді екен.

Дырылдап келген трактор да тоқтады-ау. Әсет мән-жайды түсіндіріп шопырға мұны көрсетті, басын изеп, ол да келісе кетті. Әсет қайта айналып келіп, мұны арқасына көтеріп алды. 

- Не деген зілдейсің-ей, түріңе қарасам ап-арықсың. Өстіп жүргенде ұшпаққа апарады ма екенсің, ертең-ақ жазылып шыққан соң, ұмытасың да кетесің, – деді де ырсылдап отырып тракторға мінгізді. 

Әсет кері бұрылып айқасқасына қарай кетті. Трактор айдап отырған ашаң, жүзі тотыққан, қара торы жас жігіт екен. 

- Не болды-ей, бәйгеге дайындалып жүр ме едің?

- Иә, – деді осы бір сөзді зорға айтып. 

- Е-е, биыл қатыса алмаймын де, – деді қолына қарап, – мейлі, келесі жылы қатысарсың. 

Одан кейін ләм-мим деген жоқ. Үй жағына жеткенде жол бойынан түсіріп кетті. Ал үйіне шейін біраз жер. Мехнаттың көкесі сонда басталды. Кішкене жүреді де отырып қалады. Әсет қасымда болар ма еді, шопырдың әкелгеніне рақмет, сонда да есік алдына дейін әкеліп тастауға ілтипат та білдірмеді-ау, деп ойлады. Ұрыс естірмін деп қорыққаны бекер екен, ата-әжесі шыр-пыр боп дәрігер іздеп, атой салып кетті. Мақан доғдырға апарып қолына гипс орап берді. Түн баласы ыңырсып, сандырақтап, шым-шытырық түс көріп шықты. Бәйгеде бас бәйгені алуға шақ қалып мәреге жете бергенде жығылып қалып, қолым сынған екен дейді, одан шошып оянады да, қайта талықсып шауып бара жатады, жылқылар кісінеп, бағынбай алып қашып барады екен дейді. Не керек ауырсынып, ыңырсып жатып таңды әзер дегенде атырды. Қолы жазыла бастағанда бір-ақ ата-әжесі ренжігендей сыңай танытқан.

–Әй, жүгермек-ай, тіл алмайсың ғой! Қанша айтам жығылып қаласың деп. Біз уайымдаймыз ғой, аман-сау өссе екен деп тілейміз. Мінбеші, сол аты бар болғырға. Анау Әсет пе, сені айтақтап жүрген, сол бұзақымен дос болмай-ақ қойшы, тегі! Өзі тентектің нақ өзі. 

Айберген әжесін уайымдатпау үшін, үндеген жоқ. Бірақ  алдында тұрған қою қызыл шәйға қарап отырып іңірді бетке алып айғырмен шауып бара жатқанын елестетті. «Қолым жазылсыншы тура, келесі жылғы бәйгеге дайындалмасам», – деді іштей қайрап, ерік-жігерін жинап. Әсетке тағы қолқа салып, ақысына анау бір қап асықтарын  ұсынбақ ойы бар. 

- Тыныш жүр, абайлап жүр! Үй ауласынан алысқа кетпе! Шалғайда кедергі көп, қарсы қиындық қанша. Басыңа бәле боп жабысса, қайтпексің,  – деді атасы  әжесінің сөзіне қосылып. Айберген керісінше сол бір қиындықтарға қарсы шауып, шаң қаптырып кеткісі келеді. 

- Жалғызымыздан қалған тұяқсың, саған бірдеме боп қалса қайтеміз, – деді әжесі көз жасын сығып. 

- Тәйт, кемпір,– деді атасы дауысы қатқылданып, – қайдағы жоқты айтып жаман ырым бастама. 

Айберген бәрін білетін, ата-әжесінің: «Әке-шешесі алысқа кетті», – дегені әкесінің аспанға кеткенін меңзегені. Ал анасының жұмыс басты боп шаруадан қол үзбей жүргенін, түгел сезетін. Сондықтан олардың көңілін түсірмеу үшін қазымырлап сұрамай, өтірік алданған болады. Сонда да кейде әдейі алданғысы келіп, алысқа кетсе кеткен шығар, келіп те қалатын болар деп жолға ұзақ қарап тұратыны бар. 

Ата-әжесі өзін қызғыштай қорып, неге сонша қорғаштай беретінінің мәнін енді түсінгендей. Бірақ, құс ұшу үшін, жылқы шабу үшін, жұлдыз жарқырау үшін туатыны секілді, адам да арманына ұмтылу үшін туады емес пе! Ол да мына сынған қолынан күні ертең қанат өсіп шығардай үміттенеді. «Жазыла салысымен тізгінді қайта қолға аламын!» – деді тістеніп.

ІІ

Айберген кешкі ас ішіп болған соң, атасымен бірге теледидар қарап «Жануарлар әлемі» бағдарламасын тамашалайтын әдеті бар. Ары-бері шапқылаған зебраны көріп, қандай әсем ат деп таңырқаған. 

- Ата, маған мынандай тай әперші, – деді бір ойы осы жануармен бәйгеде қара үзіп келетініне күмәнсіз сеніп. 

- Әперейін! – деп қойды ойы басқа жақта. 

Атасы селқос айта салса да осы сөзін қармаққа ілінген балық құсап қайта-қайта дәлел қылып алдына шығара берген. Әжесі қанша қарсы болса да, баласының көңілін қалдырмай ақ боз тай сыйлады. 

- Міне, сен бір рет теледидардан көрген ат, – деді атасы күліп қойып, – қара жолағы өшіп қалса керек.

Зебраның өзі болмаса да одан асып кетпесе кем түспейтін мына аққұба тайға қарап таңдай қақты. Қуанышында шек болмады. Атасын құшақтап алып:

- Ата, білесің бе, сен әлемдегі ең керемет атасың! – деді арманына жеткеніне шаттанып. Алайда адамда арман таусылған ба, біріне жетсе екіншісі, оған жетсе үшіншісі шыға бермей ме. Бұл да сол сияқты, енді бәйгеге қатысып, қанжығасы майланатын күнді армандайды.

Таңның атысы, күннің батысы ақ боз тайдың қасынан бір елі шықпай, айналсоқтап жүр. Ат ақырды тазалап жем-шөбін береді. Ол аздай жал-құйрығын тарайды. «Ақпырақ» деп ат қойды. Батырлар жырындағыдай өзін батыр көреді. Күні бойы тайын оттатып, қасында жүріп кітап оқыса, енді бірде мініп алып құйғыта шабатынды шығарған. Бұрынғыдай ата-әжесі, ағалары «шаппа деймін» деп айта алмайды. Өйткені, ауылдан аулақтап, шаң қаптырып, дала жонын тұяғы төпелеп шауып бара жатады. Жығылып қалмай, тақым қысуды үйренгелі өзін ерек бір күш иесі сезініп жүр. Әсетке де жалынуды қойған. Ол да мұның анда-мұнда шауып жүргенін көріп: «Сенен түбі шабандоз шықса керек, – деп шабыттандырып қояды, – ал, енді менен мерген шыға қоймас, ана сақаларыңды да, асықтарымды да ұттырып алдым. Биыл жаздағы бәйгеге қатысып, есемді қайтарам, қара да тұр!» 

- Доңқидан ұтылдың ба, – дейтін мұндайда Ақпырақ үстінде еңсесін тік ұстап, үлкен адамдарша сөйлеп. 

- Жоқ-ә, Жәнібектен!

- Қайсысы, үш орайы бар Жәнібек пе?

- Сары Жәнібек! 

- Е, ол шынында жақсы ойнайды. Мен оны әзер дегенде жеңгем. 

Ақпыраққа мінгенде өзін еркін құс сияқты сезінетіні сонша қолын екі жаққа созып, құшағын айқара ашып алады. Көзін жұмып, ескен самалға танауын тосады дерсің. Мұндайда әсерге берілгені сонша, «ех-ех-ех-ей, мен ұшып келе жатырмын, жарандар», - деп айқайлайды келіп. Көкте ұшқан қарлығаштар да оның мұнысын құп көргендей жанынан: «қане, жарысасың ба», - дейтіндей алдын кескестеп өтеді. Аулаққа аунап бара жатқан күнді бетке алып, көкжиекке ерекше өрнек берген құстар легі қаз-қатар ұшып барады. 

- Ақпырақ, сен құс кейпіндегі тұлпарсың! Қарашы, аз уақыт ішінде біз қаншама жерді шауып өттік. Соған қарағанда биылғы бәйгеде сөреге бұрын жететін сияқтымыз, – деді масаттанып. 

Үйіне кеш оралған сайын әжесі ойбай салып, жығылып қалмады ма деп уайымдап, жанұшырады.

- Әперме деп атаңа қанша айттым, бұл үйде мені біреу тыңдасашы. 

- Әже, жығылғам жоқ, мен аттың құлағында ойнайтын болғам қазір. Көр де тұр, ауыл былай тұрсын республика бойынша ең мықты шабандоз атанам.

- Ниетіңе жет балам, сонда да, жығылып қала ма деп уайым шегеміз ғой. Ақырын шапшы, Құдай үшін. 

Ол тайын ерттеп жайлауды бетке алып, қызғалдақтарға мақтанып, қыр-беткейлерден асып өтіп өзімен өзі жүретіні бар. Ондайда бұрыннан мықты шабандоз атанған құрдастары мұны місе тұтпай, мұрнын шүйіріп қарайтын. 

- Е, Айбергенді айтасың ба, аузының сүті құрғамаған бала ғой. Атасы бір тай әпере қапты тегі, ат көрмегендей ары да, бері де шабады келіп. 

- Сонда да, тайының пошым-пішімі қандай сәнді. Тура араб аттары сияқты. Місе тұтпай тұрғанда бәйгені сол алып кетпесін. 

- Тайы жақсысы жақсы-ақ, бірақ, шабандозға көп нәрсе байланысты. Егер өзің мықты болмасаң, атқа салмақсың, – деп қойды балалар өз арасында. 

Мектепте болмасын, көшедегі ойындарда да Айбергенді бөліп-жаратын. Оған достық құшағын ашқан бірі болмады. Олардан ойы бөлек, талғамы басқа болған соң да шығар асық ойнап, ерте тарасып кетеді. Тек, сотқар Әсет қана жылы шырай танытқанымен, оның да өз ортасы бар. Көбіне ересектермен араласады. Сол үшін де өзін үлкен адамша ұстайды. Ақылдымсып сөйлейтіні де содан. Айберген кейде елегізи ме, тағы бір әдет тапқан. Тайының құлағына сыбырлап жан сырын ақтарып, сырласады. 

- Білесің бе, Ақпырақ, менің сен сияқты досым болса ғой деп қанша армандадым. Ұйықтасам түсімнен, оянсам есімнен кетпедің. Бір күн болмасын бір күні тілегім қабыл болып, сені жолықтырарыма имандай сендім, – деді кең жазыққа қарай тайын жайып жүріп. Жалын сипап, басын басына тақап еркелетеді. 

- Мен анамды сағынам, ол жылына бір-екі рет қана келеді. Әкемді де сағынам, ол аспанда екенін білемін. Ұша алмаймын, сол үшін құстар арқылы сәлем жолдаймын. Досым жоқ, сондықтан көп жалғызсыраймын. Мектепте бәрі мені мазақ қылады. Мен сонда да оларға ренжімеймін. Айтса айта берсін, енді менің досым бар, сен менің досым боласың ғой, солай ма? – деді тайдың мөлдіреген тұңғиық көзіне қадала қарап. Тай пысқырып, басын шұлғып қойды. Оның келісім берген жауабы шығар деп қуанып кетті.

Жазғытұрым, оқушылар түгел демалысқа кеткен. Айберген де атасына қолқабыс қылып Ақпырақты ерттеп алып таң сәріден шық тұнған жайлауды бетке алып, қой бағып кетеді. Шақырайған күннен айнала жап-жарық, түстей көз қарықтырады. Күнқағарын баса киген. Ақпырақтың ауыздығын алып, жайып жіберді. Қой баққалы көп ойланып, толғанатын боп алыпты. Атасы құсап, «еее» деп терең демалып қояды.

- Ақпырақ, бәйгеге аз күн қалды дайынсың ба?.. Е, бәсе, біз жеңіске жетеміз, қарада тұр. 

Сонсоң ақбауыр бұлттарға көз тігеді. Олар да бір-бір жылқыға айналып, кісінеп, шапқылап бара жатқандай. Кеш бата, күннің ыстығы тарқай бастағанда, «кел, тағы бір жаттығу жасайық», - деп, жазира жайлауда шаба жөнеледі. 

- Мен құс боп ұшып барамын, алақай! Шап, шап, қане! Ұш, самға, қыраным! – дейді қолын қанатша ашып алып, әндете сөйлеп. 

Жадыраған жаз әжесінің көңіліндей ыстық. Мейіріміндей құстар сайрап, ауыл әуезіне тербеліп жатқандай. Жан-жануар, жәндіктер, тіршілік біткен құдды бір отбасындай ұйысып, аядай ауылдың ырыс-берекесін арттыра түсетін. Мейірленген қойлар қозыларын бауырына басса, сиырлар өрістен  желіні сыздап бұзауын іздеп мөңіреп келеді. Үйрек, қаздар да балапандарын томпаңдатып арық басына кетіп бара жатады. Сүп-сүйкімді тіршіліктің өзінде махаббат әні салтанат құрып жатқандай. Айберген өзін осындай бір әлемнің бөлшегі екеніне, мына дүниеде ойып тұрып орын алған тіршілік иесі екеніне қуанды. Өзінің үлкен мұрат үшін жаратылғанын сезетіндей. «Менің мақсатым да – бәйгеден бас жүлде алу», – деді атын атқораға кіргізіп жатып. Жүген, ауыздық, ертоқымын түгел шешіп алды. Жалынан сипап: «Досым, қайырлы түн, ертеңге дейін. Қорықпа, жарай ма!?» – деп есігін жауып сыртқа беттеді. 

- Әкөнай, ауқатқа кел, қайда жүрсің? – деп шақырды әжесі ас-ауқат қамдап жатып. 

***

Сәкіге жайылған төсек. Шырылдап жатқан шегіртке емес, жұлдыз шығар деп ойлап қалғандайсың. Жымың-жымың етеді. Қайтадан қиялға шома түседі, сыныптастары алдында беделі артып, Ақпырағы бәйгеден бірінші боп келгенін елестетеді. Ду қол шапалақ, жан-жақтан қошемет. Арасында гүлдей құлпырып тұрған қарсы сыныптағы Халимат та таңқалып тұр. Оның көзінше биік дәрежеге жеткеніне масаттанып, кекілін қайырып қояды. Мұнысында әлі көресің талай биік-белеске жетемін дейтіндей ишара бар. Одан кейін ата-әжесінің баласын мақтан тұтып, жұртқа дастархан жаятынын ойлады. Жылда, наурыз тойы болған сайын қанжығасы бос келетініне қынжылды. Атасы оны қанша мәрте күрестіріп, арқасынан қағып, қолпаштағанымен жеңіліп қала беретін. Ал әжесі неше мәрте мектептегі мәнерлеп оқу, ән айту сайыстарына қатысқан мұны қолдап келгенімен, еңсесі езіліп қайтатын. Ондайда әжесі ешбір марапатсыз, көңілі түсіп тұрған баласына қорап шоколадын беріп жіберетін әлдекімнен. Менің ұлым ән айтты деп тағы мақтанатыны бар көрші кемпірлерге. Ата-әжесі баласының қанша жеңілгеніне куә болса да, бір де бір рет көңілдері қалып, арқасынан қағып, шабыттандыруды қойған емес. 

«Несі бар, бүгін болмаса ертең жеңесің», – деп көтермелеп қоятын әжесі. Алайда, Айберген өзінің мұншама жолы болмайтынына, асық ойнаудан басқа қолынан дым келмейтініне өкінетін. Ал Халимат шын мәнінде мұны көзге де ілмейді, өмірде бар-жоғын да білмейді. Айберген ғана бала көңілмен сырттан ұрлана қарап қоятыны бар. Ең болмаса бір бәйгеден жүлде алғанымда көзіне түсер едім ғой деп қиялдайтын. 

Көп күткен тай жарыс та басталды. Мектеп түлектерінің отыз жылдық басқосуында ұйымдастырған бәйгесі. Ауылдың төмен жағындағы кең жайлауда өтеді. Елдің игі жақсылары, ауыл ақсақалдары мен бай-манаптары түгел жиналған. Оқушылар да сыныптастарын қолдап келіп жатыр. Айбергеннің атасы Рахметбай да көп қараның ішінде баласын мақтан қылып, қымыз сіміріп, құрдастарымен қауқылдасып жүр. Айберген үшін бәрі өзі күткендей емес, ешкімнің ода шаруасы жоқ. Жарысқа қатысу үшін қаншама жанкештілігі, жығылып, қол сындырғаны, нешеме сөз естігені, дайындығы, бәрі де басқалар үшін түк те емес секілді. Өзінен басқаға мәнсіз, бос дүние. Қолпаштап, қол соғып күтетіндей елестеткені қайда. Оның үстіне қол-аяғы дірілдеп, жүрегі кеудесін тепкілеп тыным табатын емес. Мұндай әдеті жоқ еді, неге сонша қорқақтап тұр. Саусақтары жел өтінде қалған шыбықтай қалтырайды. Хәлін білдіртпейін деп қанша тырысса да тізесі дірілдеп, жаураған құсап дірдектейді. Қасындағы шабандоздарға қарады. Түгел ысылған, сондай байсалды, қалжыңдасып, еркін әңгіме-дүкен құрып тұр. Ал өзінің тамағы құрғап, біреу сұрақ қойып қалса дауысы қоса дірілдеп, әзер жауап қатады. Ақпыраққа сүйенді, көптің мысынан жасырынғаны. 

- О, біздің атбегіміз мұнда жүр екен ғой, – деді ашық дауыс топ ішін жарып шығып. Бері келе бергенде бір-ақ байқады дауыс егесі Әсет екен, арқасынан қағып қойды, – мен тұрғанда саған бірінші орын қайда, сонда да саған екінші орынды қияр едім.

- Доңқи, Сәлімдер де қатысып жатыр ма?

- Е, олар былтырғы еселерін қайтару үшін қатыспай қоймайды ғой. Байқаймын, тайың бабында екен. Өзің ше?

- Аздап қобалжып тұрмын. 

- Қобалжитын түгі жоқ, атамның айтатын ылғи бір сөзі бар: «Өмірдің өзі – бәйге». Сол үшін бәйгеден бәрібір қаша алмайсың.

- Үшінші, бесінші, алтыншы, жетінші, он төртінші нөмірлі шабандоздар қайдасыздар, мәреге қарай жақындаңыздар, – деді ар жақтан жүргізуші. 

- Сен нешінші нөмірдесің? – деді нөмірлі көкірекшесіне көз тастап, – он төртінші, ал мен алтыншы, бізді шақырып жатыр... – деді Әсет тайына ырғып мініп. 

Жүргізуші тоқтаусыз сарнап жатыр.

- Тай жарысына 19 тай, 19 шабандоз қатыспақ. Бірінші нөмірлі шабандоз – Дархан, тайы – Торы, иесі Ерғали, бапкері – Қасым. Екінші нөмірлі... – деген асаба қатысушыларды түгел айтып шықты. Кезек Айбергенге де жетті, – он төртінші нөмірлі шабандоз – Айберген, алғаш рет қатысып тұр, бапкері – өзі, қарай көр, тайы – Ақпырақ, егесі – Рахметбай. Үш  айналым, бір-бір шақырымнан үш шақырым болмақ. Ал шабандоздарға сәттілік тілесек, артықтық етпес. Қандай да бір қулық, сұмдық ортаға шықса бірден бәйгеден шеттетілетіндеріңді және ескертеміз, – деп барлық ереже-талаптарын тізіп шықты.

Тайлар тұяғымен жер тарпып, ауыздығын шайнаңдап, шаппаққа ұмтылып тұр. Балалар да бір-бірлерін қолдаған болады, кейбірі керісінше тұқырта мазақ қып тұр. 

Жұрт ұлардай шулап, өз жақтаушыларын арқаландырып, ақыл айтып, шабыттандырып жатыр.   

- Он төртінші нөмірлі баланың тайы әдемі екен, бітімі бөлек, тұрысының өзі паң, бірақ сұлулығына нәзіктік қоса біткен екен. Мынандай бәйгеден гөрі, сарай аттарына көп жарасатын секілді, – деді қаладан келген қонақтардың бірі өзінің ат танитынын байқатып. Қасындағы досы да, мұрынын қасып қойып, өз ойын ортаға салды. 

- Білуімше, жетінші мен төртінші нөмірлі тайлар бірінші келеді. Тұрыстарын, құлақтарын қайшылап, алға ұмтылыстарын қарашы. 

Айберген не де болса тәуекелге бел буып, шылбырды қаттырақ қысып, көзін жұмып жүрек түбіне үңілді. «Айберген, алғашқы бәйгең, қасыңдағылар – тісқаққан, кәсіби шабандоз болғандарымен, сен олардан кем емессің, қолыңнан келеді. Қанша рет күн-түні демей дайындалдың. Енді соны көрсететін уақыт келді», – деді де Ақпырақтың құлағына сыбырлады. 

- Ақпырақ, мен саған сенемін, – деді жалын сипап, мойнын қағып қойып. Жылқы да түсінгендей, басын шұлғып, топырақты шапшыта теуіп, айбат көрсетті. 

Бәйге басталды. Құйғыта шапқан көп тұлпардың тұяғы шаң қаптырып, кім қайда қалғаны көрінбей барады. Алайда жол қашықтаған сайын аралары алшақтай түсті, әзірге алдыда келе жатқан төртінші, жетінші, он төртінші нөмірлілер. Айберген өзінің алдыңғы үштікті жалғап келе жатқанына масаттанып, Ақпыраққа шаба түс деп, қамышыны ет ауыртпайтындай сілтеп қойды. Әсет шылбырын тартып, артқа қарай ығысып қала берген. Енді қасына ілесе келген он үшінші нөмірлі бала болды. Бірнеше тай екінші айналымнан кейін-ақ шаршап болдыра бастады. Байқаса өзі төртінші орынға қарай түсе қалыпты. Бірінші ретке жаман емес, үштіктен дәмелі. Ал Әсет тіптен артта, басын тұқыртып, ат тізігінін тартып келеді. Айберген болса, басын көтеріп алып, шылбырды бос жіберіп, «шап та шап» деп арқаланып алған. Бір өкініштісі, Ақпырақ терлеп, болдыра бастағандай, ырс-ырс етіп басады. Қанша жерден «шап» дегенімен жаны бар емес пе, соңғы айналымға келгенде төрттен, беске одан алтыға түсіп қалды. Ал Әсет керісінше ат тізгінін жіберді де, басын көтерместен қасынан құйғыта шауып өтті. «Е-хе-хей» деп айқайлап, қарсыластарына айбатын көрсетіп қояды. Сол шапқан күйі тоқтамай алғашқы орынға ілікті де, қара үзіп мәреден бір-ақ шықты.

Жетінші боп жеткен Айберген еңсесі түсіп, кәдімгідей құлазып қалған. Ақпырақ та болдырып, аяғын зорға басып келеді. Әсетті қаумалаған көпшілік, ырду-дырду, ысқырық. Жеңілістің дәмі ащы болатынын, өзінің әлжуаз екенін нақ сезінген алғашқы додасы еді. Ойлағаны болмағанда күйзеліске түскенін көрген Ақпырақ бұның хәлін түсінгендей басына басын тақап, жұбатқан болады. Екінші орынға іліккен Доңқи ызақорланып қамшысымен жердің шаңын қағып, ұрғылап жүр. Әсетке әлі-ақ сені жеңермін бәлем дегендей ызбарланып көз тастайды. Басқаларға қараса олар бұл сияқты онша да бір уайымға салынбаған. Базбірлері ғана болмаса – ұтылғанына ренжіп жүрген, әйтпесе дені қалыпты қарайды. Айберген ішкі хәлін сыртқа қанша білдіртпейін дегенімен басқалармен көзі түйісіп қалса болғаны бет-әлпеті бәрін паш ете қалады. Жүзінен бояуы шашырап, жағдайын айғақтап тұр. 

- Әй, батыр, қамықпа! – деді Әсет қасына жуи беріп, арқасынан қағып, – қайта ер екенсің, мен сені соңында келе ме деп едім. «Жұрттың алды болма көз тиеді, соңы болма сөз тиеді», – деген мақалды жете меңгерген сияқтысың. Бірінші ретке жаман емес. Оның үстіне жақында ғана атқа отыруды үйрендің. 

Айберген тай жарыстағы әрбір сәтті көз алдынан қайта өткізіп, сонда сезінген сезімдерді қайта бастан кешіріп көрді. 

- Менің бір түсінбей отырғаным сен соңында келе жатып, аяқ асты алдына құйғытып шыға келдің, бұл қалай болғаны, соған басым жетпей отыр,  – деп таңданды Айберген іштегі толқынысын білдіртпеу үшін жүзін аударып. 

- Әр нәрсенің өз бабы, қыры болады. Мен бұл сырымның ақысына сенен тағы асық алар ем, бірақ досым болған соң тегін-ақ айта салайын. Ешкімге айтпа, бірақ! 

Айберген басын изеп қойды, қандай да бір таңғажайып құпия ашылар деген сеніммен оған ұмсына құлақ түріп. 

- Біріншіден, бұл ешқандай да сиқыр емес, бұл – тәсіл, – деді қолын көкке көтеріп, ақылгөйсіп сөйлеп. Айберген оның ересектерше, мұғалім құсап сөйлейтін осы қылығын ұнатпайды. Ал Әсет ақыл айтқанды, өзін білімді қып көрсеткенді жақсы көреді, – кез келген істің бабы бар, оны меңгеру үшін қажыр-қайрат пен ерік-жігер керек. Тыңда, – деді белдігін түзеп қойып, маңызды бір нәрсе айтпақпын дегендей, – алғашқы айналымда тайыңның басын тартып отыр, әйтпесе соңғы айналымға шейін болдырып қалады. Мынаны қарашы, – деді Ақпырақтың көз жазын сүртіп, – тым қатты шабам деп, байқұс жануарды босқа арам тер қылғансың. Жылқы дегенің  жаны бар, сырлас жануар. Әрқайсысының өзіндік бір сыры болады, соны табу керек, – деді саусағын қайта шошайтып, – сосын бабына қара! 

Айберген тың жаңалық естігеніне бұрын-соңды қалай ойламағам дегендей таңырқап тұр. Ақпыраққа ағаттығы үшін кешірім сұрағандай қарады да, Әсеттен келесі бәйге туралы білмекке оқтала берген. Алайда досы аузын аштырмай, саусағын қайта шошайтты:

- Сосын, – деді жөткірініп, – шапқанда кеудеңді тік ұстама, еңкей. Желге қарсы кеудең шайқалақтап жылдамдыққа кедергі болады. Аттың жылдамдығына жел де тосқауыл. Бағана, байқаймын мойныңды созып, көкірегіңді желге қарсы көтеріп барасың. Ол Ақпырақтың шабысын баяулата түседі. 

Қараң-құраңдаған кісі қараларының арасын кес-кестеп өтіп бара жатып, есекке мінген көсе қарт, қасындағы шалдарға қолын шошайтып ақылын айтып, өткен-кеткен естеліктерін әңгімелеп тұр. «Әсет дегенің аумаған атасы екен, ол кімге еліктейді десең, атасына ұқсап бағады екен ғой» деп ойлады. 

ІІІ

«Әр бір тайдың сыры болады, – дейді Әсет, – ал Ақпырақ сенің сырың неде?» – деп келеді, кең далаға, тау баурайына көз тастап. Көпшілік жүретін тас жолмен емес, шеттегі сорап жолға түсті. Жалғызлікте, ойланып қайтқысы келді. Қасында еріп келе жатқан жылқының көзі жауһар тастай мұң ұялап, жылтылдайды. Үстіне мінген жоқ. Бәйгеден кейін жаны ашып демалсын дегені ме, әлде бүгінгі жеңілістен соң мінуге өзін лайықты санамады ма, кім білсін!

- Мен жеңімпаз болғым келеді. Сыныптастарыма қарашы, әрқайсысы әр түрлі өнерде жеңіс тұғырынан табылған. Әке-шешелері қасында. Сабақтары жақсы. Ешкім оларды қақпайлап қалауларына тұсау салмайды. Ал менің сенен басқа досым жоқ. Оның өзінде бүгін мен сені қинап қойдым, – деді іңір жайлаған жасыл алқапта басқан іздерінен басқа дым естілмей. Құстар сайрап, оюлана, тербеліп нақ төбесінде ұшып барады. Түн жамылған бір шеттегі көкжиектің шетінен қораланған ай мен әжесінің сырғасындай Темірқазық жылтылдап көріне қалды. Бүткіл ауыл-аймақ, көк орай шалғын оның мұңына мұңдасып, сырына құлақ тосып тың тыңдап тұрғандай. Самалға тербелген шалғын, жусан шайқалып «біз сенің жаныңдамыз» дейтін секілді.

- Менің жолым қашан болады, Ақпырақ! Әнге қатыстым, күресте бақ сынадым, домбыра шерттім, не керек, қатыспаған сайысым жоқ. Енді, міне тайжарыста да бақ сынап көрдім. Ересектердің айтатыны құсап, жеңістің өзіне де тіл бітіп: «Болмайды, жығылып қаласың», – дейтіндей болады да тұрады. Басқалар болса шеттетеді Менімен ешкімнің дос болғысы келмейді. Ал мен достық құшағымды жая қалғаным сол екен, опасыздық қылып, жанымды жаралап кетеді. Ақпырақ, мен адамдарға сенуден қалып барамын... – деді еңсесі түсіп, –  ал менің көзге көрінгім келеді. Мойындалсам екен деймін. Мені адамдар жақсы көрсе, сыйласа екен деймін. Сол үшін де күшті, ертерек ересек болғым келеді.  Менің де өмірде ойып тұрған орыным болғанын, айтқан әр сөзімнің салмағы болғанын қалаймын. Ал мен мұның бәрін Ақпырақ сенен басқа кімге айта алам, мені сенен өзге кім тыңдамақ? Жұрт баласынып, сөзімді жартысынан кесе салады. Сөзім өтімді болса, анам жиі келіп тұрар ма еді, ал әкем, тіпті, аспан жаққа кетпейтін де еді...

Ақпырақ үнсіз, ол да мұңайған құсап басын тұқырта ілесіп келеді. Десе де, тұңғиық көзі тілсіз сөйлеп келе жатқандай. Көзге тіл бітсе, «мен сені түсінемін», – деп тұрар ма еді. Кірпігіне қонған ымырт сәулесі, көз жасындай себезгілеп, тарап жатыр. Түртіп қалсаң жылап жіберетін сияқты. Жануардың осыншалық нәзік болатыны қалай, деп ойлады Айберген. Үйге дейін әлі бір шақырым, жол барған сайын ұзап бара жатқан сияқтанады. Десе де өзіне ұнап келеді, қоңыр-салқын, тымық кеш. Айнала түгел ән айтып, жыр жырлап жатқандай. Жанды-жансызға тіл біткендей – сыбыр-күбір. Ұшқан құстарға қызықтап қарайды. Олар мөп-мөлдір аспан-парағына жазылған қаріп секілді қаз-қатар қалықтап барады. 

- Мен саған бір мысал айтайын, жолдас, – деді кенет қоңыр да салқын дауыс дәл құлақ түбінен. Айберген селт ете қалды. Қайдан шықты, кім үн қатты? Қасында Ақпырақтан басқа ешкім жоқ. Шошиын деді, әлде ана бір сайға жасырынып жатқан Әсеттер болды ма екен деп аулаққа көз тастады. 

- Доңқи, Әсет, сендер болсаңдар түк те күлкілі емес? Бері шығыңдар, – деді қорқып тұрса да өзін батылырақ ұстап. Алайда самалға тербелген қамыстың сыңсығаны мен бетегенің қыбырынан өзге дәнеңе жоқ. 

- Қорықпа! Білем, бұл сен үшін таңғажайып шығар, бірақ мен сөйлей аламын, – деді әлгі дауыс қайтадан. Айберген бозарып кетті. Тайдан өңге жанында ешкім жоқ. 

- Әлгі айтпақ мысалым мынау, – дегенде барып қана өзінің Ақпырағы сөйлеп тұрғанына көзі жетті. Түсім бе, өңім бе деп артқа шегіншектеп, қашқақтап барады, – құстар ұша алады дегеніңмен сен де ұша аласың, егер қаласаң. Арман – сенің қанатың. Қарашы, әй, адам баласы, сендер сондай бақыттысыңдар ғой, жер бетінде билік жүргізіп, қалағандарыңды орындай алатындай сендерге сана мен қабілет берген. Мына жер-жүзін, біз – жануарларды, тұмса табиғатты сендердің иеліктеріңе тапсырған. Жүре алғаның, басқарғаның, көре алғаның, бәрі де сенің қанатың емей енді не! Кейде ынсапсыз болып кететіндерің, қалай?! Саған қарап сондай қызығамын, ал сен болсаң сонша күрсінесің келіп...

Айберген сөзінің мағынасынан бұрын адамша сөйлеп жатқанына көбірек мән беріп, таңданысын жасыра алмай тұр. Есін жия алмай біразға дейін күбіжіктей берді. Сонсоң барып қана айтқан сөзін енді түсінгендей, түбіне үңілді.

- Ақпырақ-ау, тұлпарым, сен бе шынында сөйлеп тұрған. Мұндай ғажайып үш ұйықтасам түсіме кірмес, бұл қалай болғаны? 

- Оның несіне таңданасың, жанды-жансыздың бәрінде тіл бар, тек соған құлақ түретін жан болсашы. 

Айберген қасына ақырын келді де бауырына басып, құшақтады.

- Сендей досым барына Құдайға шүкір! Сонда да менің көңіл күйім көп түседі. Сен адам емессің ғой, адамның жүрегімен өмірді сезініп көрсең, нәзік жүрек үшін сондай ауыр. 

- Сен өз жасыңа сай емес, үлкен тақырыптарды қаузайсың...

- Өйткені, мен үйренгім келеді, бәрін білгім келеді...

Ақпырақ алға ұмсына түсті. Айберген соңынан ере жөнелді. Жұлдыз біткен жауып жатқан қар ұшқыны құсап көкті қаумалаған. Хормен ән салып, аспан сахнасында жылт-жылт етіп көрініс қойып жатқандай. Ақпырақтың пысқырып ақырын адым атқанына шашыраған ойы шалынысып ілесіп келе жатыр.

- Сен жүрегім нәзік екен деп қорықпа, нәзіктікке сұлулық тән. Гүлдерге қара, көбелек қанатына мән бер, ақша қар мен тұмаға көз сал! Нәп-нәзік, бірақ қарасаң көзің тояды, жаның тыныштық табады. Сен де табиғи болмысыңнан қашпа.

- Нәзіктігімнен ғой сол көп жанымның жараланатыны. 

- Жараланған тұсыңнан қанат өсіп шықпайды дейсің бе, әлде жаңа дән көктеп шықпайды дейсің бе!

- Ал жақын адамдарым неге алыстап кетеді? Мәселен, аспанға...

- Сен сол аспанға  жақындасын, биіктесін дейтін болар?

- Кімге, қайда?

- Өз-өзіңе, жан дүниеңе үңілу үшін кейде жақындар алыстап, жолдар қашықтайды. Бірақ сен жолға қараудан танба, көкке қараудан жалықпа!

- Ал жолдан да, көктен де ешкім келмесе ше?

- Жолдармен бірге жылдар келеді, ал аспаннан құстар көшеді. Уақыт – шипа. 

- Ал мен сағынамын ғой...

- Сағынғанда ғана әр нәрсенің қадіріне адам бойлай түспек.

- Кейде ешкімге көрсетпей жылаймын, әйтпесе балалар мазақтайды. 

- Жылаудан қашпа, одан көңіл жайлауың көктейді. 

- Мен көп армандаймын...

- Армандауды тоқтатпа, тіпті арманыңа жеткен күннің өзінде де. 

- Бүгін екеуміз де жеңіліп қалдық қой, – деді Айберген жерді бір теуіп. 

- Жеңіліс – жеңіске апаратын баспалдақ. Жеңіле білудің өзі – өнер. 

- Оның несі өнер? 

- Жеңілістен не үйренесің, мәселен?

- Түк те, тек қынжылыс пен ыза...

- Өзіңнің шама-шарқыңды, бабыңды білесің. Өсуге, дамуың керек жақтарды ескересің. Жеңіліс – ең ақылды ұстаз. Ол саған мұғалімдер көрсете алмай жүрген кемшілігіңді дөп басып береді. 

- Мысалға?

- Мысалға: қынжылыс пен ыза. Қынжылма, қуан, ызаланба, шаттан! Өйткені, сен жеңілу арқылы жеңіске қарай жол салып жатырсың. Жеңілісті қабылдай білгендер ғана нағыз жеңімпаздар. Менде құзырет болса жеңімпазға емес, жеңілгенге жүлде беретін едім. Өйткені, олар менмендікті жеңді. Жеңіліс – тәкәппарлықтан құтқарып, дамуың үшін жол сілтейді. Сен бүгін жеңімпазсың.

Айберген ойланып қалды. 

- Сен ата құсап сөйлейді екенсің...

- Мен аталардан да ұзақ жасап келем. Тек көшкені тәнім ғана болмаса, рухымның мың жылдық ғұмыры бар. 

- Сонда қалай, сен қай жақтан келдің?

- Аспаннан...

- Рас па, әкемнің ауылдасы екенсің ғой?!

- Солай. Одан соң мен тұратын мекенде дәл сендердікіндей бәйге жиі боп тұрады. 

- Ол қалай сонда? Неше шақырым, қанша айналым? Бапкері, шабандозы кім? Шынымды айтсам, түсінбедім? – деді Айберген дегбірсізденіп, таңырқап. 

- Сабыр ет, балақай! Мен саған бәрін айтып берем, тек сәл тағат қыл.

Айберген терең тыныс алып, жан-жағына назар аударды. Дәл мынандай ғажап уақиға өз басынан өтіп жатыр дегенге сенер-сенбесін білмейді. Анау аулақта үйлердің жанары құсаған терезелер мөлдіреп бұған қызғана көз тастап тұрған сыңайлы. Жер-жаһанға Ақпырағы сөйлейтінін, оның мың жылдық ғұмыр тарихы барын айтып жар салғысы келеді. 

- Мен сабыр еттім, енді сені тыңдауға әзірмін. Бірақ, жүре-жүре шаршап кеттім, мүмкін аялдап отырармыз...

- Оның қажеті шамалы, кел, одан да үстіме мін! 

Айберген Ақпырақтың жалынан тартып, қарғып мінді.  

- Қалған әңгімені ертеңге қалдырайық. Әр жемістің пісетін уақыты, әр мезгілдің тұрақтайтын маусымы бар: бәрі де өз сағатын күтіп жатыр. Оның үстіне қас қарайып кетті, әжең де күтіп қалған болар, уайымдап қалмасын. 

- Ал менің қазір тыңдағым келеді, ертеңге дейін қанша сағат бар. Оған менің сабырым жете қоймас. Ал әжем уайымдайтындай кішкентай бала  емеспін, ер жеттім. 

- Жақын адамдарыңа қарасып, жанашырлық танытуды – баласыну деп түсінбе! Олар сені артық жақсы көріп, зиян тигізген күнде де армандаудан, арманға ұмтылудан қашпа! Оларды жақсы көруден, құрмет көрсетуден танба! 

Айберген үйге қайтуға амалсыз көнді. Ақпырақ құйғытып отырып, үй маңынан бір-ақ шықты. 

- Ертеңге мен саған ешбір кітаптан оқымаған, ешбір ертегіден естімеген, ешбір мультфилімнен көрмеген өз басымнан кешкен уақиғаны айтып беремін. Күтуің соған тұрарлық деп ойлаймын, – деді. 

Ата-әжесі баласының бүгінгі жарыстан жеңіліс тапқанына мән берместен, өздері үшін қашандағы чемпиондай, ет асып, қонақ шақырып қойыпты. Сондағысы, «балам бәйгеге қатысты, бұған қалай қуанбассың», – деп мақтанады. Көрші-қолаң, қарт-кейуаналар жиналып, бата-тілектерін айтып Айбергеннің мерейін бір өсіріп қойды. Өзін шынында жеңімпаз құсап көрді. Әлде Ақпырақтың айтқаны шын ба екен: «Жеңіліс деген – жеңімпаз атану», – демеп пе еді. Ойлары неткен қызық, мүлдем басқаша. Ақпырақтың сөйлей алатынын біреуге айтқысы кеп, ішін тесіп барады. Бірақ, сыр ашу әдепсіздік деп білген Айберген үндемегенді жөн санады. Тай жарысты, Ақпырақтың әңгімесін, алған әсерін, түгел, жеке-жеке еске алып шықты. Ақпырақтың сөйлесуі, тіл бітіп, сыр ашуы ғажайыптың нақ өзі. Ертерек күн шықса екен, деп тіледі, қайта тілдескенше асық. 

Құланиктеніп таң атқанда, Айберген бір кесе айранға бір жапырақ нанды турап жеп алды да, Ақпырақпен бірге қойларды өріске айдап кетті. Жайлауды тарқаған тойдан кейінгі көңілсіздік жайлаған, ешкім жоқ, құла түз. Отар қой оттап жүр. Ақпырақтың қайшылаған құлағына жақындап:

- Біз адамдардан жырақтамыз, ешкім естімейді, – деді де қойларға қарап бұлар не біледі дегендейін қолын бір сілтеді, – сенің сырың – менің сырым, кеше айтам дегеніңді тыңдауға әзірмін. 

- Ең алдымен ер мен жүгенді алып тасташы, мен еркіндікті жақсы көремін. Тұсаулап, тізгіндеп тастаса кең дүние тарылып кеткендей көрінеді. 

- Егер жек көрсең мен саған енді жүген тақпаймын, қорықпа!

- Айтпақ сырым, мынау, – деді де Ақпырақ қанатын көтеріп, жайып жіберді. Бір-екі қомдап қалып еді, жерден сәл көтеріліп, қайта түсті. Айберген аң-таң. 

- Ақпырақ деп бекер атамаған екем, сен нағыз пырақтың өзі екенсің ғой. 

Аппақ қанаты жазылғанда, аулақтан тау басына қонғалы жатқан бұлтты елестетеді екен.

- Мендік тарих сонау ертеден басталады. Саған өтірік, маған шын, мен сол бір көкте туған балбыраған құлын едім. Қымыз аңқыған бұлттарда шауып, тұяғыммен құс жолының шаңын шашырата тарпитынмын. Одан кейін, мен де дәл сен сияқты тынымсыз құлын боп өстім. Бұзық болғаным сонша мені ата-анам  ешқайда жібермейтін. Ауылдан аттап баспайсың деп басқа аспанға баруыма тыйым салатын. Сонда да сызып берген шеңберден аттап-пұттап, өз әлеміме, өз кеңістігіме құлаш ұрдым. Құдай әлемді сонша кең қылып жаратқанда біз неге оны сонша тарылтуға құмармыз деп ойлайтынмын. Қанша қақпақылағанмен, мен айтқанымнан қайтқан жоқпын. Сондағысы, сенің ата-әжең сияқты онда да сүрініп кетем бе, құлап қалам ба, деп қорыққандары екен. Оның мәнісін кейін білдім, олардың қорғап баққаны – адамдардың зұлымдығынан екен. Адамзаттың қолына түстің бе, құтылу екіталай. Біздер, көктің тұлпарлары, жердегі қызметкер тұлпарлардан аса бір айырмашылығымыз жоқ, сөйлеп, ұша алады демесең. Мен сол бір бала қиялмен әлем аралап жүріп Жерге тап келдім де адамдардың қолында қалып қойдым. Әке-шешемнің мені сонша қорғап баққанының мәнісін сонда ғана түсіндім. Ол кезде заман басқа дегенмен, адамдар сол қалпы. О заманда да адамдар дәл бүгінгідей қаталдау болатын. Соған қарамастан сенің ауылдастарың сияқты, ата-әжең құсаған мейірімді жандар да табылатын. Сондай бір қоғамға тап келіп едім, мені көп жылқымен бірге жұмысқа жегіп, қамшымен сабап, қолға үйретті. Ауыздықтап, тұсаулап, артық адым аттатқызған жоқ. Нешеме жыл бейнет пен азап шектім. Кең далаға, еркін ұшқан құстарға қарап, бұрынғы күнімді аңсап, сағындым. Еркіндікке құштар ақымақ басым нағыз қапасқа тап болғанымды сонда ұқтым. Күндердің күнінде аспандағы ауылдастарым көктің қақпасын ашып жіберіп қасыма жетіп келді де, күшті тұяқтарымен тұсауымды бұзып, ауылыма қарай жол ашты.

- Құдайға шүкір, аман-сау құтылыпсың ғой!

- Иә, сол бір жылдар менің ең бақытсыз жылдарым. Ауылыма оралғанымда ақылдастар алқасы мені суық қарсы алды. Тыңдамай, өз еркіммен кеткенім заңға қайшы екенін, сол үшін жазалайтынын айтты. Сөйтіп, Жерге қайта жіберетін болды...

- Қап, қайтадан ба?

- Иә, бірақ, бұл жолы басқа мақсатта. Жыр, дастан, ертегілерге кейіпкер боп көштім. Кітаптардың көркі болдым. Ер Тарғынның – Тарланы, Алпамыстың – Байшұбары, Телағыстың – Телкүреңі, Ер Төстіктің – Шалқұйрығы, Құлеке батырдың – Құламойны атандым. Мен онда түрлі ерлікке жетіп, егемнің, яғни батырдың, ел мен жердің сенімін ақтадым. Осылайша, міне, сендер оқып жүрген қаншама дастанда, ертегіде көріндім. Сол бір миссиямды сәтті жүзеге асырдым деп ойлаймын.   

Айберген әңгіменің қызығына кіріп: 

- Одан кейін ше, сосын не болды?

- Содан соң, ауылдастарыма қайта оралып, тату-тәтті нешеме ғасыр ғұмыр кештім. Жер бетінде өткізген соншама жыдарымды қуанышпен еске алдым. Әр тұлпардың көкте де атқаратын жұмысы көп. Маған жүктелген міндет – тағы адамдарға қатысты болды, олардың түсіне еніп, қиял әлеміне саяхаттату. Бір күні Үндістандағы бір мырзаның түсінде жүрсем, екінші бір күні Жапониядағы бір әжейді қыдыртып жүремін. Солайша әр ел, әр жердің халқының түстерін түрлендірдім. Көрген түсті өрнектеп, оған әр мен мән сыйладым. Адамдар өңінде жете алмаған қиял, мұратына түсінде жетіп, бір марқайып қалатын. Ақыр аяғында оянып кеткен соң түстің қысқалығын ойлап, сан соғатын. Ал мына жалған дүние де – сондай бір түс екенін, бұдан да күні ертең оянып кетерін түсіндіргім келетін. Бірі түсінсе, енді бірі түсінбейді. Ғасырлар бойы абыроймен атқарған осы бір міндетім тәмамдалған соң, аздап демалып алдым да, жаңа бір қызметке кірістім. Ол өзің көріп отырғандай – бір баламен дос болып, оның ерік-жігерін қайрау, атқа нықтап мінуіне көмектесу. Өйткені, атқа міне алмаған ер азамат ертең еліне қалай пайда әкелмек, отбасылық жауапкершілікті мойнына алып, Отанын қалай қорғамақ? Сол үшін тай жарыста жүлделі орын алғаннан бұрын, аттан құламай, шапқаныңның өзі жетістік. Қалғаны өз уақытымен.  Бұл міндетті қаншалықты абыроймен атқарып жатқанымды қайдам, бірақ, мен саған бір тосынсый жасағым келеді. 

Айбергеннің көзі жайнап кетті. 

- Ол не тағы?

- Сені көк қақпасының ар жағына – жалғыз мүйізді пырақтар мен  қасқалар мекендейтін аспан ауылына апармақпын. Онда да Наурыз тойлап, бәйге ұйымдастырылып жатады. Біз бүгін барсақ дәл үстінен түсерміз. Қалай қарайсың, менімен бірге қатысасың ба?

- Неге қатыспайын, алдыңғы жарыстан жеңіліп қалып, келесі бәйге басталғанша тағатым таусылып, тақымым қышып жүр еді. Мынау, бір жақсы болды ғой.

- Кел ендеше, мін!

- Қойларым ше?

- Жер мен көктің уақыт өлшемі басқа. Біздің онда өткерген бір күніміз, бұ жақтың бір минутымен парапар. Қам жеме!

- Неткен керемет! Әжем айтатын ертегі, дастан, жырнамалар рас екен-ау! Бұны жарияға жар салуға бола ма?

- Кейде ғажайыптарды жасыруға тура келеді. Ол да бәріне бірдей беріле бермейтін нығмет. Қадір-қасиетін біліп, елге-жерге пайда әкеледі-ау деген адамға ғана беріледі. 

Ақпырақ қанатын қомдап, бір-екі сілкіп қалғаны сол екен, жерден найза бойы көтерілді. Тағы бір құлаш сермеп қалғанда Алатаудың басына, одан бұлттардың арасын тілгілеп, құстай ұшып бара жатты. Көз алдында дүние әлем көшіп бара жатқандай. Арман орындалады екен-ау, бала күннен бері құс құсап бір рет болсын самғасам дейтін, міне, бұлттарды бауырына басып, қалықтап келеді. Күннің алтын сәулесі бұлт арасынан сүзіліп өтіп, ақ пырақтың қанатына қонып, ерек реңк сыйлап, шағылысады. 

- Е-хе-хе-хей, алақай, біз ұшып келеміз! Әсет пен Доңқи, Халима мына түрімді көрер ме еді. Қолпаштап дүние түгел шапалақ ұрмас па еді. Рахметбайдың баласы көкте ұшып бара жатыр, қараңдаршы, деп қызықпас па еді, – деді. Қуанышында шек жоқ. Ештеме ойлаған жоқ. Тек қуаныштан алақайлап, өмірдің кең екендігіне, аспанның терең екендігіне таңдай қағып, тамсана берді. Ақпырақ мәрмар тас төселген көктегі бір ауылға жақындай түсті де қанатын қомдап барып қонды. Ары қарай тұяғын тоқылдатып, жорғалай шауып келеді. Алдынан кең алаңқайда орналасқан бәйтерек ұшырасты. Саясында серуен құрған сандаған пырақтар жайылып жүр. Бірі ұшып ана бір бұтаққа қонса, екінші бірі жоғары бұтағына қоныпты, тағы бірілері етегінде жайылып жүр. Бәрі еркін. Ақша бұлттардың үстінде қалықтай ұшып, еркелей шауып жүрген құлындар бір-бірін қуалап ойнайды. Қанатты тұлпарлар алыстан кісінеп, Ақпырақты танығандай ойнақшып, жер тарпиды. Ақпырақ жақындарын жолықтырғанға мәз-мейрам болды ма, үстімде Айберген отыр демеді, құйғытып шаба жөнелгені. Мәр-мәр тасқа тиген тұяғынан күміс ұшқын шашырап барады. Бұларды қаумалаған перизаттар мен пырақтар Айбергенге таңырқап қарап қалыпты. 

- Адам деген халық осы екен ғой, – дейді әлгінің бірі өмірінде алғаш рет көріп тұрғандай таңданыспен. Сонсоң Айбергеннің қалқайып тұрған ұзын құлағынан тістеп, тартып қалды. 

- Ойбай, қайтеді-ей, мынау, – деді бала ашуланып. Әлгі енді танысқан тұлпардың ойында ештеме жоқ:

- Шынында, жаны бар адам екен, о, құданың құдіреті, – деп кісінеп қойды. Айберген оның мұнысын не мазағы, не таңданысы екенін ажырата алған жоқ. 

Ақпырақ қаумалаған пырақтарға мән-жайды айтып, өздерінің саяхаты туралы баяндап берді. Арасындағы кәрі қара айғыр:

– Ертең бізде де бәйге болмақ. Жер жерден әлі де балалар келеді. Дер кезінде, басқалардан бұрын келдіңдер! Жердегі бәйге – бәйге ме, нағыз жарыстың көкесін енді көресіңдер! Бірақ, абайла, сендердікіндей аяқ астымызда жер жоқ. Құлап кетсең, астың шыңырау, сені тосып алуымыз екіталай, – деді балаға ескертіп.  

- Жоқ, мен құламаймын. Қуана қатысар едім. Атқа мінуді жақында меңгерді демесеңіздер, шабандоз болып туғанмын, – деді Айберген арқаланып. 

–Көкірегінде жалын лаулаған, көзі отты бала екен, – деп қойды көп тұлпардың ішінен бірі.

Одан кейін ертеңгі бәйгеге әзірленіп жатқан пырақтардың дайындығын тамашалады. Олар шауып келеді екен де, ары қарай қанат қағып ұша жөнеледі. Айналма жолы бір күндік қашықтық. 

- Өзі ұзақ болса, бірі әділетсіздік жасап жарты жолдан қайтып кетсе, ешкім байқамай қалатын шығар. 

- Жоқ, аспанның қазығы болып әр-әр жерде басқа да пырақтар, перизаттар қадағалап тұр. Бұл өзі жылына бір рет өтетін, аспани жарыс. Бұған басқа шоқжұлдыздар пырақтары да қатысады. Оның үстіне «әділетсіздік» сөзі біздің сөздігімізде жоқ. 

- Сен дайынсың ба?

- Ал сен ше? – деді Ақпырақ Айбергеннің өзіне қарсы сұрақ қойып. 

- Қорқақтап тұрғаным, жердегі алты шақырымдық жолдың өзіне ырсылдап, шаршап қаламын, ал аспанда қалай болар екен, – деді де Айберген аяқ астындағы бұлттардың мақтасын уыстап жан-жақа лақтырып қуықтай қуыстан жерге үңілді, – адамзатты жақсы көремін, олар әрі мейірімді әрі қатігез. Менің сөзімді елемейді, үні шықпас жаяумын. Ал айтқым келетін дүние қаншама, тыңдаса ғой, шіркін! Батыл болғым келеді, адамдарға пайдам көп тигенін қалаймын. Ол үшін ертерек ер жетуім керек шығар. Сол кезде жұрттың бәрі мені сыйлайтын болады. 

- Сый-құрмет – қарапайымдылықта. Кішкентай әрі елеусіз болғаныңда ғана сені шын құрметтегенге қарап кімнің кім екенін біле аласың. Адамдарды танисың. Ал мансап пен абыройға жеткен соң, түрлі бетперделер пайда болады. Сонда да күннің жарығы жақсыға да, жаманға да түскені сияқты сен де бәріне жақсылық жаса. Күн сияқты жарық бол! Алып бәйтерек кішкене дәннен пайда болады, алыс сапарға кішкене адымдар арқылы жетпексің. Мына кең ғаламшардағы кішкентай Жердің өзінде қанша тіршілік иесі бар.  Кішкенемін деп өзіңді қор көрме, кішкентайлар алыптықты көтеріп тұр.   

- Ендеше, нар тәуекел! Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің! Бұл бәйгеге де қатысамын. Аспан бәйгесіне қатысқалы тұрған менде арман бар ма! Сен маған шынында ғажап тосынсый жасадың, Ақпырақ! Мен өмірімде бұндай сый көрем деп еш ойламағам. 

- Менің көрсеткелі тұрған тосынсыйым бұл емес, әсілі, – деді Ақпырақ, мына таудай бұлттардың жоғарғы жағындағы шатқал қойнауына көз тастап.

- Енді не, – деді Айберген елең ете қалып. 

- Кел, мін, – деді де Ақпырақ әлгі шатқал қойнауына қарай жол тартты. Жақындаса, алтын қақпаның ар жағында қараң-құраңдаған адамдарды көрді. Қызғалдақ, сарғалдақ теріп жүрген әр түрлі кісі қаралары. Бірі Ақпыраққа ұқсас ақ тұлпардың жалын тарап жатыр. Енді бірі, өзен жағасынан бақырмен су алып, ағаш суғарып жүр. Қыз-қыз тіршілік. 

- Мыналар адамдар ғой! 

- Иә, аспан ауылындағы тұрғындар. Сенің атаң мен әжең әкеңді осы жаққа кетті демеп пе еді?

- Иә, солай деп айтқантұғын. Менің әкем сонда осында ма, мен оны көре аламын ба?

- Неге көре алмайсың? Анау пырақ үстінде шапқылап жүрген қоңыр жейделі сенің әкең емес пе, анықтап қарашы!?

Айберген көзін сығырайтып зер салды. Бақса, өзінікіндей қалың шашы толқындана желге тербеледі. Құшағын тура өзі сияқты кере ашып алған. Үйдегі сандықтың түбінде сақталған, альбомдағы әкесінің суреттерін есіне түсірді. Әскерде қолын мықынына сүйеп, еңсесін тіктеп түскен; сонсоң фото студиясында, ақшыл пердеге арқасын беріп, бір аяғын екінші аяғына қойып отырып түскен; анасымен тойда қол ұстасып түскен, бар-жоғы бірнеше суреттері көз алдына келе қалды. Сарғайған, бұрыштары желімденген.  Сүгіреттегі әкейдің жүз әлпеті бұлыңғырланып еміс-еміс еске түседі. Сонда да, мына, пырақ үстінде шауып жүрген дәл әкесі екеніне еш күмәні болған жоқ. Ақпырақ кісінеп қалғаны сол екен, әкесі мінген пырақ бұларға қарай жалт қарады. Әкесіне басын бұрып әлдене деді де, қақпаға қарай бет алып шаба жөнелді. Жылқының тұяғы тоқ-тоқ етіп шапқан сайын тұяқпен бірге Айбергеннің жүрегі тулап бара жатқандай. 

Әкесі аттан түсті де, ақырын аяңдап қақпаға қарай жақындады. Маңдайындағы терін сүртіп, тізерлеп кеп отырды да қақпаның торынан ұстап Айбергенге бақшиып қарағыштайды. 

- Құлыным-ай, Айберген, бұл сенбісің? – деді жанары жасқа толып, – қалай, қашан... келдің... мұнда... – деді әр сөзін жұтып қоя жаздап. 

Айберген бөтенсінгені ме, суреттен ғана білетін әкесінің кескін-келбетіне аңырайып қарап қапты. Аузына сөз түсер емес. Талай қою түн ортасында әкемді кездестірсем ананы айтар ем, мынаны айтар ем деп қиялдайтыны бар-тын. Тіпті жоғары сыныптағы тиіскен балаларды да айтып берем деп ойлайтын. Енді бақса, аузына бір сөз түспей мыңқиып тұрды да қойды. 

- Балам, – деді әкесі жылы шырай танытып. 

Айбергеннің көзінен ыстық жас ытқып шықты. Бұл сөзді әкесінен алғаш рет естіп тұр. 

- Неге жылайсың, жылама! Жігіт емессің бе? Жарайды, жылай ғой, жігітте жүрек болмау керек пе екен!

- Сіз неге бізді тастап кетіп қаласыз? – деді тамағына өксік тығылып, әр сөзін бөліп-жарып, әзер айтып. 

- Мен әдейі кеткем жоқ қой, жарығым! Бұйрық солай, жұмыс. Мына сенің Ақпырағыңның жұмысы сияқты, маған да сондай міндет жүктелген, – деді қибыжықтап.

- Сіз аспанға кеткен соң, мен сізді көрмесем де сағындым. Сіз туралы естеліктерді туыстардан естіп, өзімше болмыс-бейнеңізді елестетіп жүрдім. Ата-әжем қанша жерден мейірім-махаббатын төксін, сіздің орныңызды бәрібір баса алған жоқ. Анам да сағынды, ол да көп қиналды. Маған анда-санда бір келіп тұрады. Әкесі жоқ деді ме, көп адам басынып, әкіреңдеп сөйлейді, қол көтереді. Ата-әжеме айтайын десем, олар көңілдері бос, жылап қала ма деймін. Мені жетім деп шеттетеді. Сосын басқа балаларға әкелері атқа мінуді үйретеді, тай жарысқа қатыстырып, баптайды. Садақ атуға, жүзуге, күреске баулиды. Мен де үйренгім келіп қанша тыраштанғаныммен, қолымнан келетін емес. Неше мәрте аттан жығылып қалдым. Алғаш рет тай жарысқа өз күшіммен үйреніп қатысқанымда, қасымда болар ма едіңіз... Мен сізге бәрін айтып берем, әке, – іші толып қалса керек, әкесін көре сап ақтарылып жатыр. Тыныс алуы жиілеп кетті. 

- Ақылды ұлым, сен бәрін ұғыпсың да, бір нәрсені ұқпапсың. Кейде Құдай адам баласына сондай бір қиын тағдыр береді, өскен соң мықты бола түссін дейді. Жамандық болмаса, жақсылықты түсіне алмайсың. Түн болмаса күннің қадірін біле алмассың. Өмір солайша қайрап, небір батырларды тәрбиелеген. Небір жаралы, жетім, қорғансыз жандар қаншама. Соларды түсінсін, көмектессін, ізгілік жайылсын дейді. Түрлі бояуы астасқан мына жалған дүниеде жақсылықтан қол үзбей, әділеттің ақ туын көтерсін дейді. Ендеше, мен кетті екен деп ренжіме. Ер жеткен соң әкесіздердің хәлін түсініп, қорғансыздарға пана боларсың. Озбырларға қарсы тұрып, жанашыры жоқтарға қорған боларсың! Ал мен осында боламын, ешқайда кетпеймін. Саған осы жақтан қарап, әрбір бәйгең үшін қуанып, тақымымды қысып отырамын. Жеңілсең де тайма, тоқтама! Өйткені, өмір – бәйге: бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Жеңімпаз деп – жеңгенді айтпайды, қанша жеңілсе де арман-мақсатынан қайтпай, алға адымдай білген, қайта тұруға күш таба білген жанды – жеңімпаз дейді.

- Мен тай жарыста жеңіліп қалдым, екінші рет, міне, тағы бағымды сынап көрмекпін, – деді бойын мақтаныш кернеп. 

- Білем, бәрін білем. Сенің қалай еңбектеп, тәй-тәй басқаныңды. Атқа мінгенде таңданғаның ол – ол ма,  жалаң аяғыңмен қызғалдақ толы далада жүгіргеніңде қалай қуанғансың. «Мен ұша алам» дегенсің былдырлап. Тәніңнің өзіне қарашы, кереметтің өзі емес пе: қалаған жағыңа апаратын, көрем деген, сезем деген дүниеңді айнытпай сездіретін, мына пырақтан қай жері кем. Денеңнің өзі бір – тұлпар емес пе!

- Мен расында күштімін бе, әке! – деді мұны бұрын қалай ойламағанмын дегендей таңданып. 

- Неге күшті емессің, күшті болмасаң аспан асып осында жетер ме едің?

- Сіз шынымен де, менің балалық шағымды түгел қарап отырдыңыз ба?

- Сен үшін қуанып, сүйсініп отырдым. Сабақтан алғаш бестік алғаныңда қуанғаныңды, үштік алғанда мұңайғаныңды, бәрін көрдім. Жалғызбын деме, ешкім көрмей тұр деме! Ал жақында тай жарысқа қалай дайындалғаның, құлап-тұрып, қайта шапқаныңды түгел білемін. Соған қарамастан сен мен үшін жеңімпазсың. Өзіме тартқан қайтпас-қайсарсың. Әкелші бері шот маңдайыңнан, қыраным, – деді шекесінен бір иіскеп. 

- Әке, мына тордан бері шықпайсыз ба, менімен үйге жүрмейсіз бе?

- Әттең, арамызды бөліп тұрған перде бар. Бірақ, қам жеме, біз түбі қауышамыз. Ең бастысы сен сабағыңды жақсы оқы, анаңа қамқор бол, оған ренжіме! Ата-әжеңнің жанын тындырып, қолғанат бол! Өмірде көп жақсылық жаса, көп жақсылық жасағаның сонша, мына аспанда, мына пырақтар: «Айберген мынандай ізгі іс істеген екен», – деп жарыса сені мақтаған сайын, мерейім өсіп, бойымды мақтаныш кернесін. Әр басқан ізіңнен жарық молайып, адамгершілік ұлғайып, махаббат артсын. Ал мен оған дейін ешқайда кетпеймін, сенің барлық игіліктеріңді бақылап, осында күтемін.

Айберген әкесін қимай-қимай, жәутеңдеп қарай берді. 

- Ертеңгі бәйге жер жүзіндегі ең үлкен бәйге. Мен сенің тілеуіңді тілеп отырамын. Қош, құлыным!

- Қош, әкей!

Расында, күтпеген тосын сый болды. Толқығаны сонша үнсіз ғана күнұзақ толғаныста, ой үстінде жүрді де қойды. Тек түн ауып, жұлдыз-моншақтар шашыла қалғанда бір-ақ үн қатты:

- Әкеме барсам бола ма? 

- Өкінішке орай, жоқ! «Көрісу қақпасы» қонақтардың өміріне бір-ақ рет беріледі. Енді сен сол бір естелікті көкірегіңде қазына құсап, жоғалтып алмай сақта. Өйткені, бұл – қайтып айналып келмейтін, көпке беріле бермес мүмкіндік. 

- Қап-ай, ә! Мен енді оны тіптен сағынатын болдым-ау!

- Сағыныш деген терең сый емес пе, жүрегі жұмсақ жандар ғана сағына алады. Солайша қашықтықтың қадірін жете түсінеді.

Айберген терең бір күрсінді де, көзін көкке аударды. Аспандағы ауылдан жұлдыздар мүлдем басқаша, жақын көрінетініне таңдай қақты.   

- Ақпырақ, мына жұлдыз біткенге қарашы, ертегі сияқты, ғажайып! 

- Өмірдің өзі – ертегі, кереметке тола. Қардың жауғаны, гүлдің өскені, күннің-батып шыққаны, балалардың ер жеткені, бәрі де тұнған ертегі емей енді не!

- Мен ертең осынау жұлдыздардай болсам ғой. Адасқанға жол, жабыққанға жұбаныш, торыққанға үміт сыйлағым келеді. Жұлдыздар неткен тұңғиық, мөлдір – әжемнің жанары сияқты. 

- Жұлдыздар – түн-бақшасындағы гүлдер сияқты жайқала өскен, – деді Ақпырақ та көкке телміре қарап. 

- Мен жерде, есік алдында тұрып осы тұрған жеріме, аспанға көз тастап армандаушы едім. Ал қазір қарасам, міне, тіптен зау қиянға қол созғым келеді екен. 

- Сендер адамдар мақсаттарың да сол емес пе, тал бесіктен жер бесікке шейін білім жинап, даму, биікке ұмтылу... – сосын үнсіз қалып, сөзін қайта жалғады, – қой, ертең ертемен бәйге басталмақ, демалайық. Қайырлы түн! – деді Ақпырақ түндей тұнық көзін жұмып. 

- Қайырлы түн! – деді Айберген қанша жерден ұйқысы келіп тұрса да, әлі де ұйықтай қоймасын сезіп. Аспан арманға тұнып, қиял аңқып тұрғандай. Көкірегінде қыз-қыз қайнаған от жалын, кеудесінде күмбірлеген күй, оны арқаландырып, бойына қуат құйып жатқандай. 

- Шабыт деп айтып жүргендері осы шығар, – деді ертеңгі жарысты ойлап. Сенімі артып, жігерін қайрады. 

 

IV

 

«Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы көкте де тойланатынынан қаншама адам бейхабар, әттең», – деп ойлады Айберген. Көптен күткен думан басталып кетті. Гүлтәж таққан байталдар, құттықтау айтып, тұлпарларға сәттілік тілеп жүр. Жүргізуші кәрі тұлпар: 

- Бір күндік жол, бір айналым. Жарыс – шапқылау мен самғау санатынан тұрады. Қатысушылар: бірінші ғаламшардан он пырақ, екінші шоқжұлдыздан сегіз пырақ, бесінші галактикадан он бес пырақ...

- Біздікі нешінші ғалам? – деді Айберген қобалжып. 

- Бірінші, әрине! Саспа, бастысы жалымнан мықтап ұста, сонсоң желге қарсы кеудеңді тоспай еңкейіп отыр. 

Айберген басын изеп қараса, басқа да пырақтардың шабандоздары өзі сияқты балалар екен. Әр елден, әр жерден келгендер. Түрі, ұлты басқа. 

- Әне жан-жақтан шабандоздар да келді.

- Олар да сен сияқты, арманшыл балалар. Болашағынан үміт күттіретін азаматтар. Оларды да бір-бір пырақ ертіп әкелді. 

- Мәссаған, тай жарыс оңай бола қоймайтын сияқты!

- Ішкі хәлің, көңіл күйің маған да әсер етеді. Қорықпай отыр, жарай ма? – деді Ақпырақ аяқ астын тарпып, алға кісіней ұмтылып. Ол да бәйге десе арқаланып құры тұра алмайтыны көрініп тұр.

- Сегізінші нөмірдің шабандозы – Джейкоб, АҚШ-тан келген, – деді бидай өңді, қоңыр шашты баланы нұсқап. –Тоғызыншы нөмірде...

- Біздікі нешінші нөмір?

- Он.

- Ал оныншы нөмірдің шабандозы – Айберген, Қазақстан.

Айбергеннің мәртебесі көтеріліп қалды. «Мен сонда елімнің атынан қатысып жатыр екенмін ғой, о, тоба!» – деп қойды жауапкершілікті тіптен сезініп. Әр түрлі ұлттардың шабандоздары пырақтарымен қаз-қатар, ысқырық үнін естігенше сақадай сай, қақшиып тұр. Бір-бірімен өз тілдерінде аман-саулық сұрасып жатыр. Мейірімді балалар екенін жылы жүздері, ашық-жарқындығы айғақтап тұр. 

Аспан жайлауында көптен күткен бәйге басталды да кетті. Найзағайдың гүрілі құсаған ысқырық естілгенде, қамшыдай от ұшқын жарқ етті. Қаншама пырақтардың тұяқтары әскер адымындай айбатты гүрілге ұласып, жиналғандардың рухын көтере түсті. Айберген бұған дейін үйренгені, жығылып сабақ алғаны бар, Әсеттің айтқан ақылы бар, түгелін ескеріп қолдан келгенше пырақ үстінде сенімді отыр. Айналасына қараған жоқ. Бірінен алдыда, бірінен артта, әйтеуір, көш ортасында келеді. Біреуден озайын деп тырысқан да жоқ. Тек көз алдында мәре, қалғаны соған қарай апаратын жол сияқты көрінді. Ақпырақтың сауырынан қағып қалды.

- Шап, жануар! Ұш, қыраным!

Соншама көп пырақтардың бәйгесін егер жерден қараған болсаң, көкте айналып жатқан бір галактика деп топшылап қалуың бек мүмкін. Күміс ұшқындар тұяқтан шашырап, қанат қағылғанда алтын шұғыла ауаны қауып бара жатты. Пырақтар айналып барады, айнала шабады: айнала жауған қар сияқты, адам жүрегінен бастау алған тамырдағы қан сияқты, аспанда әуелеген құс секілді. Айналып барады айналған дөңгелек құсап, айналған жер құсап, айнала билеген ғалам құсап – тұлпарлар шауып барады. Шапқылап барады – арындап аққан өзендей, жағаға жүгірген толқындай. Қанаттың сусылы, тұяқтың дүбірі, шабандоздардың одалы жыры – түгел үйлесіп аспан сақинасын шабытты әуезге айналдырып жібергендей. Күллі ғалам осы бәйгені тамашалап тұрғандай. Көптен күткен мәре алаңы да көрінді. Күткендер мәре-сәре болып кісінеп жатыр. Айбергендер аққан жұлдыз құсап мәре сызығынан зу ете өте шықты. Арырақ барып Ақпырақты әзер тізгіндегенде бір-ақ байқады, қара үзіп келген екен. Басқа шабандоздар соңынан ілесіп енді-енді келіп жатыр. Алақайлап, қолын көкке көтерді. 

- Біз жеңімпаз атандық, Ақпырақ, сенесің бе?

Ақпырақ бір қалыпта, сабырлы. 

- Дүние алма-кезек – бірде жеңесің, бірде жеңілесің.

- Иә-иә, ары қарай есімде, бастысы, қойған мақсатыңнан қайтпау дейсің ғой! – деді Ақпырақтың алдыңғы айтқанын еске түсіріп.  

- Дөп солай, ақылды бала! 

Басқа ұлттың да шабандоздарымен қауқылдасып, құттықтасып, арқа-жарқа. Әттең, тілі бөлек, ұғынысуы қиын. Алайда адам болған соң ба не айтып, не қойып жатқандарын жүзіндегі ым-ишарадан-ақ біліп тұр. Бір-бірін қолпаштап, риза болысты. 

Әлгі кәрі жүргізуші пырақ сөз соңында:

- Мақсатымыз – біріңді төмен, біріңді жоғары қою емес. Ерік-жігерге баулып, алға қойған арман-мұраттарың үшін ұмтылуды насихаттау. Тұлпар тізгінін қолдарыңа алып, жауапкершілікті сезініп, ел аманатына немқұрайды қарамауға шақыру. Мінез бен намыс, рух пен ождан ер үстінде сыналмақ.  Тек жердегі жауапкершілік қана емес, аспанға тән жасампаз міндеттерді де мойынға артуға үйрету. Өздерің білесіңдер, аспанды зерттеген қаншама ғалымдар шықты, солардың барлығы ғылымға жаңалық әкелу арқылы адам жанының қатпар-қырларын да аша білді. Адам деген – әлі толық ашылмаған ғылым, оқылмаған кітап. Осының барлығы өздеріңдей талантты балаларға жүктелген жауапты міндет. Оның да бастауы, мына – тай жарыс.

Айберген шабандоздармен арқа-жарқа боп тұрғанда Ақпырақтың қайда кеткенін таппай қалды. Әлі де мына бәйгенің әсерінен арыла алмай, шат-шадыман. Адамдықтың биік сатысы – кісі баласын алаламау, жеңілгенді мұқатпай, медеу болу керектігін ұғынды. Сол үшін де ол Ақпырақтың кезінде өзіне айтқан сөзін қайталады. 

- Жеңілгендер, негізі – жеңімпаздар. Жеңілу арқылы дамуға, өсуге тағы бір себеп табады, – деді, сонсоң әкем көріп қуанып жатқан шығар, тағы бір жүздесіп мақтанар ма едім, шіркін, – деп ойлады. 

Ой үстінде Ақпырақ қасына келіп қалғанын байқамапты. 

- Мен әкеңнен хабар алып келдім. Ол сені мақтан тұтып, қасындағы көршілерін шақырып, атап өтіп жатыр екен. Сені әлі талай биіктерден көретініне, ең бастысы адамгершіліктің шыңынан түспесіңе үміт артады екен. Оның айтуынша, оған кезекті берілген жұмыс, Жер бетіне, – дегенде Айберген елең етіп, көзі жайнай қалды. Ақпырақ байқаса да байқамағансып сөзін жалғай түсті, – Жер бетіндегі жазылып жатқан кей кітаптарға мейірімді образдағы кейіпкер ретінде аттанып барады екен. «Қаншалықты көп кітап оқысаң, соншалықты мені қасыңнан табасың» деп айтты, – деді Ақпырақ. Айберген алғашында «Жер бетіне, баласына қайта оралады» деп айтады екен деп үміттеніп қалғанын жүзіндегі құбылыс жасыра алмады. Осының өзіне де шүкір айтып, ризашылығын білдірді. «Әке сенімен кітаптарда жүздесеміз, кейіпкер тілінде сөйлесерміз».

Той тарқап, шабандоздар елдеріне, үйлеріне қайтып жатты. Айберген де аспан жұртымен қимастықпен қоштасты. Ақпырақ екеуі кетерде жайылып жүрген қойларының қасына қайта келіп қонды. Оттаған қалпынан бағыттары еш өзгермеген. Кеткен кездеріндегідей – уақыт та, сәт те сол күйінше. Құдды бір түс көріп, жаңа оянғандай жер жүзіне ұйқысырап қарайды. Сонан соң, тау баурайы, қатпар-қатпар тастары мен сай саласына көзі түсті. Дүние жаңғырып, соны бояуға енгендей ме, әлде өзі дүниеге басқа көзбен қарап тұр ма?! Сол көріп жүрген, таныс бетеге, таныс бел. Бояуы қанық, реңкі соны. 

- Өмірге қандай көзбен қарасаң, ол сондай күйде көрінеді, – деді Ақпырақ Айбергеннің не ойлап тұрғанын сезіп қойғанын аңғартып. 

- Мен мына жаратылысты түсінбеген екем, енді көзім ашылып келе жатқандай...

- Әлі үйренетін, білетін дүниеміз қанша. Білім – шексіз, сол үшін де білім алдында өзімізді дәрменсіз сезінеміз. Соған қарамастан білген сайын, үйренген сайын қанат бітіп, биікке қалықтай түсеміз. Алыс жақындап, жақын айшықталмақ. 

Кенет аулақтан таныс адамның үні естілді. 

- Беу, қойшы бала, күнге қақталып қашанғы тұрасың! Қойың ешқайда да кетпейді. Жүр, одан да Доңқидан ұтылған асықтарымды қайтаруға көмектес, – деді велосипедін теуіп келе жатып, шаң шығара тоқтай қап. Жарты жолдан сөзінің жартысын жел жұтып қойса да, Айберген не айтқанын түсінді. 

–Бара алмаймын, атам ұрысады, – деді айқайлап, бір жағынан барғысы кеп, ойын ойнағысы келсе де өз-өзін ұстап, – оның үстіне отарды егесіз қалдыруға болмайды. 

- Өй, сен де бір, сабақтан қашқанда бәледейсің, тәртіпті бола қалуын. Өзің біл! – деді шырт түкіріп. 

- Айберген Ақпырақтың ер тоқым, өмілдірігін алып жайып жіберді. Өзі дөң үстінде оттап жүрген қойларға қарап терең ойға шомды. Әкесінің айтқанын ойлады, «қаншалықты көп кітап оқысаң, соншалықты мені қасыңнан табасың». Ақпырақтың білім алған сайын, таным көкжиегің кеңейе түсетіні туралы айтқанын және есіне түсірді. «Демек, маған оқу керек, іздену керек», – деді кітаптай ашылған кең далаға көзін қадап. Парақтай жазықта жайылған қойлар бір-бір қаріптей. Қараған сайын оқып жатқандай. Сол ойын енді бекемдеп Ақпыраққа жақын келді. 

- Мен сенен көп нәрсе үйрендім. Сен маған әрі ұстаз әрі дос бола білдің. Сен әу баста еркіндікке, ұшуға бола туғансың, саған ауыздық салып, тұсаулағаным қиянат болар. Мен сені еркіңе жіберемін, самғап, ұш! Аспан ауылын айнала қалықта. Ал мен саған жерден қол бұлғап тұрамын. Құстар арқылы сәлем-сауқат жолдаймын. 

- Мен самғап кетуін кетемін ғой, бірақ биыл тағы бір тай жарыс өтеді деп еді. Екеуміз де бәйге десе тыпыршып тұра алмаймыз. Тағы бір бағымызды сынап көрмедік пе?

Айберген қуанып кетті. Ақпырақты құшақтап алды. 

- Олай болса неге бүгіннен бастап, дайындалмасқа?

- Кел, мін, ендеше! – деді жердің топырағын шаша тарпи, кісінеп. 

Ұзын-сонар, шетсіз де шексіз байтақ даланы дүбірлете шауып барады. Ерке құстар да бұларды шығарып салып, бірге ілесіп, төбелерінде тізбектеліп келеді. Тентек жел де мойнынан жейдесіне сүңгіп қойнын қытықтайды. Айберген қос қолын қанат құсап ашып алған. Көзін тарс жұмып: «Алақай, мен ұшып барамын. Маған қанат бітті, қараңдар», – деп айқайлай түсті. Ауылдың тал-теректері – тұрғындары құсап, «бұл қайсысы болды-ей» дегендей елең етіп, мойнын көкке созып, «әй-әй, балақай» деп желге тербеле қарап тұр. Қарт Алатау да абыз құсап, «айналайын, құлап қалма, құлыным» деп тұрғандай. Жер-ананың өзі, үстінде дүбірлей шапқан тентегіне жұмсақ құшағын тосып қалғысы келетіндей. Ал аспан болса, әкесінің жүрегіндей – ап-ашық. Туған жерге еркелеген балақан тұмса табиғаттан үйреніп өсіп-өніп келеді.

Лақап аты: Шәмші

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan