Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
Айгүл Кемелбаева. Шала білім мен әсіре эгоизм түбі...

Айгүл Кемелбаева. Шала білім мен әсіре эгоизм түбі оңдырмайды

10.02.2026

6001

Айгүл Кемелбаева. Шала білім мен әсіре эгоизм түбі оңдырмайды - adebiportal.kz

2000 жылдан кейін қазақ әдебиетіне бірнеше буын келіп үлгерді. Жаңа мыңжылдықтың басында әдебиетке қадам басқан жас қаламгерлердің алды бүгінде қырықтың қырқасына шықты, елуге таяғандары да бар. Алайда осы жаңа ғасырда қалыптасқан тұтас әдеби буынға қатысты ортақ баға, жүйелі пайым әлі де айтыла қойған жоқ. Ал «жаңа буын» ұғымы – тек жас ерекшелігі емес, ол жаңа ой, жаңа эстетика, жаңа көркемдік таным, тіпті кей жағдайда жаңа әдеби құбылыс деген сөз.

Осы орайда төмендегі сауалдар төңірегінде пікір білдірсеңіз:

1.      2000 жылдан кейін әдебиетке келген буынның шығармашылық келбеті Сіздің көңіліңізден шыға ма? Жалпы жаңа ғасырдағы әдеби үдеріске көзқарасыңыз қандай?

2.      Бүгінгі қоғам қандай әдебиетке зәру деп ойлайсыз? Қазіргі заманның рухани сұранысына жауап беретін әдебиет қандай болуы керек?

3.      Сіздің пайымыңызша, бүгінге дейін жеткілікті деңгейде бағаланбай келе жатқан қаламгер немесе шығарма бар ма? Егер бар болса, атап өтсеңіз.

4.      Жастар әдебиетіне қатысты аға буынның ең басты ескертуі немесе ақ тілегі қандай болуға тиіс деп ойлайсыз?      

1. Әдебиет ұлттық рухани бақ болғандықтан әр буын өз кезегімен толқындана келіп отырады. Бұл талас тудырмас табиғи заңдылық. Өмірде ең басты құбылыс: «Не ексең соны орасың», мемлекеттің өмір сүру қуатына, нығаюына сөз өнері астральды, құпия әсер етеді. 

XX ғасырдың екінші жартысына тиесілі классикалық қазақ поэзиясының нүктесін қойған біздің Маралтай болатын. Менің сөзім емес, телефон арқылы Ақұштап апайдың оң пікірі ғой, реті келгенде неге айтпасқа. Маралтай мен үшін өтпелі, өлара кезең қыспағында қалған тап біздің буынның шамшырағы болып шықты. Оның әдебиет адыра қалғандай дүдәмал күй кешкен беймезгілде сағы сынып кетпей, тау қыраны сияқты түлеп ұшқаны мен үшін метафора, символ, үлкен кеңістікке өту, оптимистік трансформация, рухани мәртебе болатын. Мұның астарында шын дарынға құдайдың қарасуынан бір бөлек, жанкештілік, буын алмасуда рухани сабақтастық жатыр. 

Маралтайдан соң жаңа ғасыр әдебиеті басталады. Мен өзімнен кейінгі буын туралы бірқатар сұхбаттарда бірқатар айттым, әжептәуір жеке шығармашылық портрет жаздым. Талғат Ешен, Дәулеткерей Кәпұлы, Бақытжан Алдияр, Ерлан Жүніс, Серік Сағынтай, Маржан Ершу, Бауыржан Қарағызұлы, Ұларбек Дәлей, Бейбіт Сарыбай, Қалқаман Сарин, Сағыныш Намазшамова, Динара Мәлік, Назгүл Бердіқожа, одан бергі буыннан Дүйсенәлі Әлімақын, Бауыржан Игілік, Жанат Жаңқашұлы, Бақытбек Қадырұлы, Файзолла Төлтай, Батырхан Сәрсенхан, Айдын Байыс, Есбол Нұрахмет, Асантемір Қаршыға, Айзада Рахымжанова, Дәулет Тілеухан, Серғазы Қайырболды... есімдер легі мұнымен таусылып қалмасы тағы белгілі.  Проза жанрында марқұм Ғалымбек Елубайды ерекше жоғары бағалаймын. Шын дарын болсаң жарып шығуға қашанда мүмкіндік мол.  Потенциалы мықты интеллектуал болып қалыптасу аса маңызды, сонда өз қазағыңмен ғана шектелмей, әлемдік Олимпке жол ашық. 

2. Бүгінгі қазақ қоғамы және руханияты ұлт келешегіне теріс сөзбен, таяз пиғылмен балта шаппайтын, көкжиегін түңілуден аман сақтайтын сөз магиясы арқылы елдік эгрегорды күшейтетін әдебиетке зәру. Абсурд әдебиетті оқып, соны қайталау, жат құбылысқа еліктеу қатерлі әрі сырын танып білместіктен, жабайы көшірмешіліктен туады.

Қазір күллі әлем үлкен рухани дағдарысты бастан кешіруде. Ол бізді айналып кетпейді. Ата сөздердің шынайы мәнін білу, қисынымен қабылдау аса маңызды. Бір ғана мысал. Бүгін маған Алматыдан тележурналист Нұғыманов Саниязбек аға қоңырау шалды. Ол кісіні екі рет көргемін. «Қазақ әдебиеті» газетінде 2004 жылдары «Айтыс» қосымшасын шығарған тіл маманы. Зейнолла Сәнік атындағы этнографиялық конкурста бағы жанған, 6 ақпанда №5 «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Қарашегір» атты әңгімеме қатысты пікір білдіріп, жаңсақ қолданған екі-үш сөзімді түзеді. «Қазақ «қақ маңдайдан» дейді, қақ басынан депсің, «ат арқасынан түспейді» депсің, дұрысы ат үсті, ат жалы; шебер емес, әккі ұрылар». Мұндай редакторлық түзеу көркем сөзге аса қажет сын, авторға жазуының мінін тауып көрсету жанашырлық. Жұмабай Шаштайұлы, Ақылбек Шаяхмет, Бекен Ыбырайымов сияқты алдыңғы буын ағалар кезінде прозада сөз қолдануда қате жібергенімді көріп айтқанына, хат-қағазға жазып жібергеніне ризашылық білдіремін. 

Саниязбек аға: «Бір үйдің үш ұлы бар. Үлкен ұл шаруаға берік, үйде отырмайды, малсақ, көктемде туған бұзауды өгізше қылып шығарады. Ортаңғы бала құймақұлақ, шалдардың әңгімесін естиді, өлең-жырға, өнерге құштар болып өседі. Кенже ұлды әке-шешесі сен қарашаңырақтың иесісің деп еркелеткен соң кішісі қазанбұзар, үйтентек болып өседі. Осыған кейіннен басқа мағына беріп, өзгеше акцент салып жіберді. «Ұлы жүзді қауға беріп малға қой, орта жүзді қалам беріп дауға қой, кіші жүзді найза беріп жауға қой» деп мүлдем бұрмалап, бұзып айтады. Қазақ бір биеден ала да, құла да туады дейді. Өйткені әр баланың қабілеті, мінез-құлқы, таңдауы әртүрлі. Расында бұл бір кісі өзінің үш баласына қарап, іс-әрекетін көзбен көріп-біліп айтқаны ғой. Қазір рулықтан елдікке аяқ басатын уақыт әлдеқашан жетті ғой», – деп айтқаны елдік идеологияға қызмет ететін шындық, артық сөйлеуден, астамсудан сақтайтын ұлық сөз деп білемін. 

3. Әрине, олар біз ойлағаннан әлдеқайда көп. Әсіре бағаланған, жолы болғыш, аузының салымы күшті ақын-жазушылар болады, соған орай тірісінде еленбей, тасада қалып жасып жүретін талант иелері болуы әбден заңды.

Тобық Жармағамбетов, Төлеужан Ысмайылов, Бекежан Тілегенов, Өтежан Нұрғалиев, Қалихан Алтынбаев, Ерғазы Рахимов, Әуезхан Көшімов, Әуезхан Қодар, Зейнолла Серікқалиев, Мағзом Сүндетов, Қалихан Алтынбаев, Қабидолла Сыдиықұлы, Жүсіп Қыдыров, Жәлел Кеттебеков, Жайық Бектұров, Мұратбек Оспанов, Мақсот Ізімов. Мұнымен және шектелмес. Бұл іспен ауық-ауық әдебиеттанушылар, филолог ғалымдар айналысуы керек. Ірі халықтар классификация жасап қойған. Олар шын асылын жерге тастамайды, мықтыларын қалыс қалдырмауымен дүниежүзілік озық мәдениетке ие болып отыр. Мысалы, Фридрих Гёльдерлин (1770-1843). Бұл сүйінішті. 

4. Талғаммен үзбей кітап оқи беру керек. Классикалық әдебиетті терең білмей іс бітпейді. Шала білім, әсіре эгоизм, күншілдік, классикалық үлгілер және кинофильмдерден идея, сюжет ала салуға әуестік, ойып фрагмент алу, ой-идея барымтасы түбі оңдырмайды. Егер жас талант дүниеқорлыққа елігіп, ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүрсе, Абай айтқандай, қулық сауса  плагиат, қарадүрсіндікке оңбай ұрынарын еш ұмытпауы керек.

«Өзіңді өзің тани біл» деген философиялық ұғым ең алдымен жас авторға қатысты.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan