Бүгін – Әкелер күні. Маусымның үшінші аптасының жексенбісі ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 1 маусымдағы қаулысына сәйкес атап өтілетін бұл күннің негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын нығайту және мұндай атаулы күн әлемнің көптеген елдерінде бар.
Қазақ қоғамында әкенің орны қашан да биік болған және қазір де солай болып отыр. Әке – адамзат өркениетіндегі ең көне әрі ең қастерлі ұғымдардың бірі. Ол – шаңырақтың шайқалмас тірегі, ұрпақтың рухани бағдаршысы, отбасылық құндылықтардың үнсіз сақшысы. Әке туралы сөз қозғау – бір адамның ғана болмысын сипаттау емес, тұтас қоғамның моральдық бейнесін, ұлттың тәрбиелік жүйесін, дәстүр мен жаңашылдықтың өзара байланысын пайымдау деген сөз. Қазақта «құрым турылықты әкеден күміс керегелі ұл дәметеді» деген терең астарлы сөз бар. Бұл – әкенің, қара шаңырақтың біріктірушілік құдіретін сипаттайтын сөз.
Қазақ дүниетанымында әке ұғымы биологиялық туыстық шеңберімен ғана шектелмейді. Әке – тектіліктің жалғастырушысы, әулеттің абыройын арқалаушы, ұрпақтың өмірлік бағытын айқындайтын тұлға. «Әке көрген оқ жонар» деген халық даналығы кездейсоқ айтылмаған. Бұл мақалдың астарында терең педагогикалық мән жатыр: бала әкенің сөзінен бұрын ісінен үйренеді, өсиетінен бұрын өнегесін қабылдайды. Демек, әке тәрбиесі – тікелей насихаттан гөрі, күнделікті мінез, еңбек, сабыр, жауапкершілік арқылы берілетін өмір мектебі.
Әке тәрбиесінің ерекшелігі – оның көбіне үнсіздік арқылы көрінуінде. Әке әрдайым ұзақ ақыл айтпауы мүмкін, бірақ оның бір ауыз сөзі, бір қарасы, бір ісі баланың жадында өмірлік сабақ болып сақталады. Әкенің таңертең еңбекке асығуы, отбасына қамқор болуы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі, уәдеге беріктігі – баланың санасында адамдық өлшемдердің іргетасын қалайды. Осы тұрғыдан алғанда, әке – отбасының үнсіз университеті. Солай болып келген және солай бола беруі де тиіс.
Дегенмен ғылым мен технология дамыған, «мал істейтін жұмысты, от пен суға түсірді» дейтін қазіргі заманда, әкелердің, жалпы ер адамның күшін қажет ететін жұмыстардың көбін әмбебап техникалар атқаратын болды.
Әлемнің бейбітшілік тарихына көз жіберсек, ірілі-ұсақты соғыс, қантөгіссіз өмір сүрген жылдары өте аз екен. Сол толып жатқан соғыс, шайқас-қақтығыстарда ер адамның күш-қайраты, ақыл-ойы шешуші маңызға ие болып келген. Бірақ қазіргі заманғы ұрыс тактикасы, онда қолданылып отырған ғаламат технологиялар бұл түсінікке де селкеу түсіріп, сетінете бастады. Дрондар мен құлтемір әскерлердің шайқасу дәуірі басталып та кеткен аңдап, көріп отырмыз. Ер адамның күш-жігері әлі де көп уақыт басымдыққа ие болып қала берер, бірақ ғылыми технология мұнда да өз дегенін істетеді.
Үйдің іш-сыртындағы ірілі-ұсақты шаруалардың да біразына әуреленіп жатудың қажеті жоқ, хабарлассаңыз, әрқайсының өз кәсіби маманы сақадай сай құрал-сайманын көтеріп келіп, әп-сәтте тап-тұйнақтай етіп аяқтап береді. Ал «отбасының асыраушысы» мәселесіне келсек, көптеген отбасы аналардың тапқан табысына сүйеніп жан сақтап отырғаны да өмір шындығы. Міне осындай жағдайда «Әке – отбасының тірегі, асыраушысы» дегеннің өзі салыстырмалы түсінікке айналып кеткен жоқ па?» - деген ойға келуіңіз де мүмкін.
Сондықтан бүгінгі қоғамда әкенің рөлі мәселесі бұрынғыдан да өзекті, өткір. Жаһандану, ақпараттық технологиялар, әлеуметтік желілер мен құндылықтар алмасуы бала тәрбиесіне жаңа талаптар қойып отыр. Қазіргі бала ақпаратты көп алады, бірақ рухани бағыт-бағдарға зәру болуы мүмкін. Мұндай жағдайда әке балаға тек бақылаушы емес, сырлас, бағыттаушы, өмірлік кеңесші бола білуі тиіс. Әкенің баламен ашық сөйлесуі, оның қызығушылығын түсінуі, жетістігін қолдауы, қателігін сабырмен түзетуі – психологиялық қауіпсіз ортаның маңызды шарты.
Әке тәрбиесінде қаталдық пен мейірімнің тепе-теңдігі ерекше мәнге ие. Бұрынғы дәстүрлі түсінікте әке көбіне талап қоюшы, тәртіп сақтаушы тұлға ретінде қабылданды. Алайда қазіргі педагогика мен психология әкенің эмоциялық қолдауы да баланың дамуына зор ықпал ететінін көрсетеді. Бала әкесінен тек талап емес, сенім күтеді; тек тәртіп емес, түсіністік іздейді; тек ақыл емес, жылы сөзге де мұқтаж. Сондықтан бүгінгі әке бейнесі – парасатты, жауапты, мейірімді әрі рухани бай тұлға бейнесі болуы қажет.
Әкелер күні – бір күндік құттықтау мерекесі ғана емес, қоғамға ой салатын рухани дата. Бұл күн бізге әке еңбегін бағалауды, оның отбасындағы және қоғамдағы орнын терең түсінуді еске салады. Әкенің маңдай тері, үнсіз уайымы, баласының болашағы үшін жасаған қажырлы еңбегі көбіне сырт көзге байқала бермейді. Бірақ отбасының берекесі, баланың сенімді қадамы, ұрпақтың адамдық болмысы сол көрінбейтін еңбектің жемісі екені анық.
Әке болу – тек перзент сүю емес, ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті арқалау. Әке өз баласына тегін ғана емес, тілін, ділін, мінезін, өмірге көзқарасын, адамдық ұстанымын қалдырады. Сондықтан әке тәрбиесі үзілген жерде ұрпақ сабақтастығы әлсірейді, ал әке өнегесі сақталған жерде ұлттық рух күшейеді.
Әкені аты – әке. Жоғарыда атап өткен кей жағдайға қарап, әкелерсіз-ақ өмір ағысы қалыпты жүре береді деуге болмас. Отбасы бүтін, әке де, шеше де, бала да өз орнында болғанға не жетсін!
Әке – отбасының тірегі ғана емес, ұлттың рухани иммунитетін қалыптастыратын тұлға. Оның тәрбиесі – ұрпақ санасына егілетін ізгілік дәні, қоғамның болашағына салынатын адамгершілік капиталы. Әкелер күні осындай биік мәнімен құнды: ол бізді әкені ардақтауға, әкелік жауапкершілікті ұлықтауға, отбасы құндылығын сақтауға шақырады.
Әкесі бар үйдің қабырғасы берік, сөзі салмақты, рухы биік болады. Әке – шаңырақтың көлеңкесі емес, жарығы; қаталдығы емес, қорғаны; үнсіздігі емес, тереңдігі. Әкені құрметтеу – өткенді сыйлау, бүгінді бағалау, болашаққа жауапкершілікпен қарау деген сөз.
Әкелер күні құтты, әкенің орны әрқашан биік болсын!
