Алаш рухының алтын көпірі

46

Алаш рухының алтын көпірі - adebiportal.kz

Алаштың аймаңдай ұлы Тұрсын Жұртбайға мерейлі 75 жасқа толуына орай «Барыс» ордені берілгенін естігенде туған ой-толғауымды жолдап отырмын.

Қазақтың рухани кеңістігінде әдебиет пен ғылымның арасын жалғап, көркем сөзді тарихи дерекпен, архив құжаттарын ұлттық жадымен сабақтастырып жүрген Тұрсекең алты Алашқа мағлұм тұлға. Бір басында – жазушы, ғалым, ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы, әуезовтанушы алаштанушы сынды сан тарау тоғысқан Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай бүгін де жетпістің желкенінде, мерейлі 75 жаста.

Пәндәуи дүниеден оңаша, бәлдір-батпақ, шатпақта шатағы жоқ, қаламын қару етіп қазағына адалдықпен, жан-тәнімен қызмет еткен Т.Жұртбай рухы үлгі, өнеге, темірқазық. Ол арғы Алаш рухының бүгінге сілемденген алтын көпірі. Көненің көзі, бұрынғының арты, қазіргінің «қарты». Талмас, талықпас, жалықпас, жанкештілік жалауын желбіреткен соңғы баһадүрдің бірі. Бірі ғана емес, бірегейі. 

Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық жолына көз салғанда, оның бір ғана саланың аясында қалмағанын аңғарамыз. Ол әуелі әдебиетке ақындық, прозалық туындыларымен келсе, кейін журналистика мен әдеби сын саласында да бақ сынады. «Жетісу» газетінде жетілді, «Білім және еңбек» журналында білім мен ғылымның қырынан көзге түсті. «Жұлдыз» журналының сындарлы сынынан, әдеби өткелінен өтті. Бұл кезең оның жазушылық шеберлігін шыңап, әдебиет өлкесін молынан тануына мүмкіндік берді. Одан әрі ғылыми ізденіске бет бұрып, қазақ әдебиетінің аса күрделі әрі тағдырлы кезеңдерін зерттеуге ден қойды. 

Тұрсын Жұртбай шығармашылығының бір ерекшелігі – көркемдік пен зерттеушіліктің қатар дамуы.

Оның қаламынан «Бейуақ», «Дулыға», «Кетбұға», «Талқы», «Күйесiң, жүрек…сүйесiң!» «Бесігіңді аяла!», «Құнанбай», «Сүре сөз» «Ұраным – Алаш!..» секілді көптеген көркем және ғылыми-танымдық бағыттағы іргелі еңбектер дүниеге келді. 

Т.Жұртбайдың ғылымға келуі әдебиеттен алыстау емес еді. Керісінше, ол әдебиеттің ар жағындағы тарихи шындықты, адамның тағдырын, ұлттық сананың қалыптасу жолдарын тереңірек тануға ұмтылды. Оның зерттеулерінде құрғақ академиялық баяндаудан гөрі көркем ойлау, тарихи сезіну, деректің астарын ашу басым.

Ұлтын өзінен де артық сүйген қаламгер қазақ ұлтының өткенін тануға, алаш аманатын бүгінге жалғауға, ұлт өзегіндегі рухани жауһарларды аршып-ашуға, бүгінгі ұрпақ санасына сәуле шашуға барын арнады. 

Бұл таңдау оны Абайға, Әуезовке, Алаш қайраткерлеріне бастады. Оның Абай туралы зерттеулері ұлы ақынды жеке шығармашылық тұлға ретінде ғана емес, тұтас қазақ ой-санасының алтын кезеңі – асқар белі ретінде қарастырды. Сол жолда ғалым ең әуелі Абайдың  заманына, әулетіне, қоғамдық ортасына, ой жауһарларына, рухани байланыстарына және сол кездегі тарихи жағдайға назар аударды. Осы тұрғыдан алғанда Құнанбай бейнесі де оның зерттеуінде ерекше орын алды. Құнанбай Өскенбайұлының тарихи тұлғасын біржақты бағалаудан арылып, таптаурынға бармай, оны өз дәуірінің күрделі қоғамдық-қайшылықты жағдайынан қарастырды. Өмірдің өз келбетінен, қазақ даласынан іздеді. 

Құнанбайды түсінбей Абайды толық түсіну мүмкін бе еді?

Бұл сұрақ Тұрсын Жұртбай зерттеулерінің өзегіндегі үлкен, ірі сауалдың бірі болды.  Абайдың дүниетанымы өздігінен пайда болған жоқ. Оның артында қазақ даласының ғасырлар бойы жинақталған қоғамдық тәжірибесі, билік дәстүрі, дала заңы, исламдық таным, шығыстық және батыстық білім арналары тоғысқан күрделі рухани орта тұрды. Ата-баба рухының алтын өзегі жатты. Сондықтан ғалым үшін Абай – бір адамның ғана тағдыры емес, қазақ қоғамының рухани эволюциясын танытатын алып құбылыс болды. Алаш дәуірін қалыптастыруға негіз болған қазақ даласының айнасы ретінде Құнанбайды, Абайды анық кеспір, шынайы болмысымен көрсетті. 

Міне, осылайша, тереңнен қайнап шыққан тұма шындықтың – дала мектебінің ендігі түлегі ретінде оның қаламына ең әуелі Әуезов ілікті.

Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын зерттеу дегеніміз – ХХ ғасырдағы қазақ руханиятының күрделі тарихына үңілу деген сөз. Тұрсын Жұртбай осы бағыттағы еңбектерінде жазушының шығармашылық тағдырын, қоғамдық ортамен байланысын, Абай мұрасын игеру жолын және кеңестік дәуірдің идеологиялық қысымын қатар қамтыды.

Қаламгер ғалымның зерттеушілік әдісінде архивтік деректің орны ерекше болды. Ол үстірт сөзге, жеңіл сезімге, дәйексіз-мәйексіз мәнсіз дүниеге бармады. Ғалым үшін архив – өткеннің үнсіз қоймасы ғана емес, ол – ұлт тарихының жоғалған дауыстарын қайта естіртетін кеңістік еді. Осы бағытта «Алаш» ұраны, үні, тереңі, жұмбағы, сан-қырлы саяси қақпақылы оның назарынан қағыс қалмады. Хаттар, тергеу материалдары, ресми құжаттар, естеліктер мен бұрын жарияланбаған деректерді түгел қамтуға тырысты. Ақиқаттың алдаспанын жарқыратып, шындық шырағын ұстаудан шаршамады. 

Сөйтіп, ендігі жерде ұлттық сананың құнды шежіресі – «Ұраным – Алаш!..» қара қазақ баласына жол тартты. 

Онсызда есім-сойы алтын парақшаға іліккен Т.Жұртбай тұлғасы осыдан кейін Алаш тарихын зерттеген алып тұлға ретінде тіпті де ірілене түсті. Солардың бізге қалдырып кеткен аманатының, ар-ожданының асыл қиығындай, алтын сынығындай елестеді. Өлмес рухтың отын көседі. Сексеуілдің шоғындай, мірдің оғындай оғлан сөзі жас ұрпақты оятты. Жай ғана оятқан жоқ, Абай, Әуезов бастаған Алаш рухымен оятты.

Оның «Ұраным – Алаш!..» атты көптомдық зерттеуі – осы бағыттағы ең көлемді еңбектерінің бірі. Мұнда Алаш қайраткерлерінің тағдыры, олардың идеялық ұстанымдары, саяси қуғын-сүргін кезеңіндегі тергеу істері мен тарихи құжаттар кеңінен қарастырылды. Аңызға айналған кейіпкерлердің ақиқи тұлғасы шындық тұрғысынан сөйледі.

Алаш қайраткерлері туралы кеңестік кезеңде қалыптасқан біржақты бағалардың тонын айырды, тоңын жібітті. Рухын тірілтті. Оны жай сөзбен емес, олардың өз сөзі, өз қолымен жазған хаттары, тергеудегі жауаптары, тарихи құжаттары арқылы алға шығарды. Шаң басқан архивтен аршып алған тірі бейнелер сөйледі. Жалтаруға келмейтін, жал табуға жол бермес нағыз деректер сананы сілкіледі. Ол тарихты қайта жазу дегеннің өткенді ойдан құрастыру емес, архивтің шаң басқан бетіндегі шындықты қайта сөйлету екенін жақсы білді. «Алаш қозғалысы» төңірегіндегі сот процестерінің материалдары, құжаттар, жауаптар, хаттар және басқа да тарихи деректер ешкімді бұлтартпады. Тұрсынның тезі, безбені ешкімді, ештеңені алдамады.

Осы еңбектер арқылы Алаш арыстарының тарихы оқырманға тек баяндау арқылы емес, тарихи құжат тілімен сөйледі.

Әрине, айта салғанға оңай сияқты. Алайда архивте отырып шаң жұту, ой қорыту, оны ала қағаз бетінде өрнектеу, сол арқылы өнегелі ғұмырдың сәулесін жарқырату көп адамның қолынан келмейтін бейнетті еңбек. Әдебиет айдыны мен ғылым шалқарында қатар жүзген Тұрсын кемесі жартастарға соғылмай, толқындарға тоғытылмай, алған бағытынан жазбады. Дауылды, нөсерлі күндер оны мұқатпады, тоқтатпады. Дала қыранының қанатындай болған күміс ескек тынымсыз серпілді, көмбеге асықтырды.

Тұрсын Жұртбай зерттеулерінде Алаш мәселесі тек ХХ ғасырдың басындағы саяси қозғалыс ретінде ғана қарастырылған жоқ. Ол Алаш идеясын ұлттық сананың, тәуелсіздік ұғымының, білім мен мәдениеттің, тіл мен мемлекеттілік мәселелерімен сабақтастырды. Ұлттың рухани жадын, ойлау мәдениетін танытудан жаңылмады.

Осы тұрғыдан «Біртұтас алаш идеясы» – ұлттық идеяның тарихи тамырларын тереңнен іздеген, телегей ойға бет бұрған, бүгінгі бізге ең керекті болған ұлы мұрат, бағыт-бағдар бейнесінде бейнеленді. 

Оның шығармашылық сапары көркем проза, әдеби сын, ғылыми зерттеу, публицистика, архивтік жинақ, арнайы курс, экспедициялық күнделік сияқты барлық жолды басып өтті. Жазба тарих пен халық жадын алтын инесімен сабақтастырды.

Ғалым Тұрсын Жұртбайды жазушы Тұрсын Жұртбайдан бөліп қарау қиын.

Ол көркем шығармалары арқылы тарихи тұлғаның ішкі әлемін ашып, заманның психологиялық хал-күйін шеберлікпен көрсете білді. Тарихи оқиғаны жалаң хронология ретінде емес, адам тағдыры арқылы көрсетті. Сондықтан да оның тарихи кейіпкерлері – белгілі бір дәуірдің аты-жөні ғана емес, арман-мұңы, күдігі, таңдауы, жауапкершілігі бар тірі адамдарға айналды.

Сосын Т.Жұртбайдың ешкім де жоқ бөгенайы бөлек тағы бір қасиеті – ғылыми тілінің өзіне әдеби сезім, көркем бояу қоса білуі. Осы жағынан қарағанда  тарихи жауапкершілікті арқалай жүріп, халық қазынасын – асыл тілін ардақтаған даралық бейнесі көзге ұрады. Дала мектебі данышпандарының сөз қолданысын жоғалтпағаны, сөздің тарихи қызметін терең түсінетіні айқын көрінеді. Бір сөзбен айтқанда – қара сөздің қайығы, шешен сөздің шебері.

Қорыта келгенде, бүгінгі қазақ әдебиеті мен тарихынан Тұрсын Жұртбай есімін алып тастасақ, бір бүйіріміздің үңірейіп қалатыны анық. Бір бүйіріміз жай ғана үңірейіп қалмайды, сол бостықтан боз боран аңырап бізді тоңдырар еді. 

Оның Алаш рухының алтын көпіріне айналуындағы табан ет, маңдай тері тегіннен тегін сарып болған жоқ. Ұлттың рухын ояту жолындағы жанкешті еңбегі мен бейнетті жұмысының бергені аз емес. Ол Абайды зерттеу арқылы ұлттың рухани биігін таныды. Әуезовті зерттеу арқылы қазақ көркем ойының тағдырын зерделеді. Алашты зерттеу арқылы тәуелсіздік идеясының тарихи тамырларын көрсетті. Ал архивке сүйену арқылы тарихтың үнсіз, күңгірт қалған беттерін сөйлетті. Бұл жолда жай ғана еңбектенген жоқ, ұлтқа қажетті ең өзекті рухани асыл арналарды өзара тоғыстырды.

Түйіндеп айтсақ, Тұрсын Жұртбай – қазақ әдебиеті мен ғылымының тарихында өз дәуірінің рухани мәселелерін зерттеп қана қоймай, сол зерттеулер арқылы ұлттың тарихи жадын жаңғыртуға күш салған қарымды қаламгер, көрнекті тұлға.

Қазақ бар жерде Абай мен Алаш бар. Абай мен Алаш бар жерде Тұрсын бар. 

Оның еңбектері өміршеңдігімен ұрпақ санасында жарқырап, жайнап, мәңгілікке сәуле шаша береді.  

Жәди Шәкенұлы,

жазушы, тарихшы,

Қазақстан Жазушылар одағының, 

Еуразия Жазушылар одағының мүшесі. 

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

13.08.2026.

Алматы. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan