Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
Аласапыран жылдар ақиқаты...

Аласапыран жылдар ақиқаты

28.01.2026

5188

Аласапыран жылдар ақиқаты - adebiportal.kz

 (Жазушы Әлібек Асқаровтың қаламгерлік бес қыры) 

Бүгінгі төл әдебиетіміздегі қазақ көркемсөзінің керегесін кеңейткен қаламгерлердің бірі – Әлібек Асқаров. Жетпістің асуына қаламымен сурет салып, өрнекті сөзін кестелеп жеткен жазушының  әдебиетке қосқан үлесі шын мәнінде қомақты, салған олжасы үлкен. 

Ең әуелі Асқаров – өзі туып өскен Алтайдың әсем табиғаты мен тыныс-тіршілігін сан-салалы тақырыпқа арқау еткен суреткер. Ол тақырыптарды тармақтап қарар болсақ, былайша тарқатар едік. 

Бірінші, Алтайдағы ауыл тақырыбы – жазушының өзіне етене жақын тақырып. Шежіресі көне дәуірлерден бастау алатын қарт Алтайдың бөктерін, сай-саласын мекендеп, тіршілік еткен қарапайым ауыл тағдыры ертерек жазылған «Жазатыр оқиғасы» повесінен басталып, кейінгі «Өр, Алтай мен қайтейін биігіңді» романына дейін желі болып тартылады. 

Өткен ғасырда халқымыз екі өтпелі кезеңге тап келді. Бірі – ХХ ғасыр басындағы аласапыран жылдар, азамат соғысы, Кеңестік жүйенің зор қиындықпен, қантөгіспен орнығуы. Екіншісі – ХХ ғасыр аяғындағы  социалистік жүйенің құлауы, қазақ қоғамының басқа формацияға, нарықтық қатынастарға өткен кезі, тәуелсіздікке қол жеткізген алқашқы ауыр жылдар. 

Мұндай өтпелі  кезеңнің өзіндік заңдылығы бары тарихтан мәлім. Осы кезеңдегі алмағайып оқиғалар, үлкен дағдарыстар қазақ ауылын, қарапайым ауыл қазағын қандай жағдайға тап қылды, міне, осы сауалдың жауабын жазушының көркем прозасынан табамыз. Сөз өнеріне тән шынайылық, көркем бейнелеулер мен баяндаулар өмірлік құбылыстармен үндесіп, жазушы туындыларының салмағын арттырып, мазмұнын тереңдете түседі. 

Екінші, Асқаров – кешегі кеңестік жүйенің шындығын шағын әңгімелеріне арқау етіп, ол  шындықты кейіпкерлерінің болмысы, іс-әрекеті, мінез-құлқы арқылы ашып берген. «Социализм әңгімелерінен» «Социализм хикаятына» ұласқан уақыт шындығын бейнелі баяндаулармен жеткізуде қаламгер өзіндік қолтаңбасын даралады. 

«Социализм әңгімелері» циклы – жазушының тың тәсіл, өзгеше суреттеулермен түзілген шығармалар топтамасы. Көркемдік-эстетикалық тұрғыдан олардың қай-қайсысы болмасын айырықша әсерге толы. Кеңес заманының шындығын суреттей отырып, шебер баяндаулар мен жаңаша пайымдаулар арқылы оқырманға ой салады. Қазіргі әдебиеттанудағы нарратор ұғымы аясында қарастырылатын баяншы мен әңгімешінің қызметі бұл тақырыптағы әңгімелерде және  «Социализм хикаятында» жаңа қырымен танылады. 

Үшінші, қаламгердің тағы бір циклды тақырыбы – әйел-аналар. «Әйел парасаты» деген ортақ атауға біріктірілген бұл тақырыптағы туындылар да жазушының өзіндік дара қолтаңбасын, өзгеше баяндау тәсілін танытатын еңбек деп білеміз. «Задаш пен Балғаным»,  «Ғаббас пен Шура», «Қалжан мен Ләзиза», «Қаратай мен Анна-Лиза», «Тұрағыл мен Мағиза» әңгіме-повестеріндегі заман мен адам, адам мен адам проблемалары, шиеленісу мен ширығу, шешім табу мәселелері осыған дәлел. 

Задаш пен Балғаным,  Ғаббас пен Шура, Қалжан мен Ләзиза, Қаратай мен Анна-Лиза, Тұрағыл мен Мағизаның драмалық шиеленіске толы жағдаяттар жеке бастың, отбасының ғана емес, кешегі тоталитарлық қоғамның зұлымдығы мен қатыгездігінің ортақ зардабы, қолдан жасалған зобалаңның астарлы жеткізуімен, баяндауымен оқырманды терең ойға жетелейді. 

Төртінші, Асқаров қазақ әдебиетіндегі сафари жанрына алғаш қалам тартып, жүйелі түрде кесек дүниелер жазған қаламгер. Жеке-жеке  кітап ретінде жарық көрген «Көккөл», «Шындығытай», «Мұзтау», «Шабанбай», «Марқакөл», «Қазығұрт», «Хантәңірі», «Қайырымды Үміт мүйісі» секілді деректі-сафари жазбалары бізді қоршаған табиғат пен адам тағдырын тұтастыра баяндауымен ерекшеленеді. Табиғаттың тамашасын, оның таңғажайып қат-қабат қатпарын, құпия сырларын, тәкаппар да қатал болмысын сан-қырынан суреттеу кәсіби суретші әрі қуатты қалам иесі Асқаровтың туыдыларына тән. 

Бесінші, Асқаров шығармаларына арқау болған тақырып – аңшылық. Алтайдың қар басқан асқар биігі мен қалың қарағайы, сыңсыған самырсынды орманы, қауіп-қатерге толы үңірейген сай-саласы, ол маңды мекен етуші еңбек адамдарының тіршілік-тынысы негізгі нысанға алынып шебер айтылады. «Аңшы хикасы» циклындағы  «Қойға шапқан қара аю», «Аюдың өті», «Бұғы қуып, аю алған», «Тарғыл таулар, бұйра белдер» деректі әңгімелерінің ортақ кейіпкері – Қатонқарағай ұлттық табиғи паркінің алғашқы директоры. Бұл циклдағы қызықты әңгімелер осы  Ерен Жұмағұловтың басынан кешкен оқиғалары арқылы тартымды баяндалады. 

Жалпы,  Әлібек Асқаровтың шығармашылығы туралы сөз қозғаған әдебиетші қауым жазушының баяндау шеберлігіне, суреткерлік даралығына, қатысты дәлелді пікір білдіріп,  жүйелі тұжырымдар жасап жүр. Біз осы шағын мақаламызда жазушының ешкімге ұқсамайтын жеке-дара қарамгерлік қырларын жүйелеп көрсетуді мақсат еттік. 

Жібек Болтанова, 

әдебиетанушы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan