Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Әлемдегі бар қазақ – қарашығы көзімнің...

29.11.2022 1485

Әлемдегі бар қазақ – қарашығы көзімнің 14+

Әлемдегі бар қазақ – қарашығы көзімнің - adebiportal.kz

Кеңес дәуірі тұсында Қарақалпақстан Республикасындағы «Қазақ мәдени орталығын» ашуға ат салысып, «Халық Мәпі» интерқозғалысының бастамашасы болған Базарбай Иманов атты ақын бар. Иә, ақын шетте жүрген қандастарымыз өз құндылығын жоймай, табиғатын таза сақтауы үшін осындай игі қадамдарға барған. Базарбай Имановтың есімін бүгінгі қазақ оқырмандарының бірі білсе, бірі біле бермейді.  Тарланбоз ақын бір жырында «Әлемдегі бар қазақ – қарашығы көзімнің»,-дейді. Неткен ғажап теңеу десеңізші.

Бүгін жетпістің бесеуіне келген қаламгер Базарбай Имановпен сұхбаттасқан едік. Сол сұхбатымызды мәртебелі оқырманның назарына ұсынуды жөн көрдік. Мархабат!

 

- Мәдени ортадан жырақта жүріп кемелдендіңіз. Тоғайға асыққан балташыдай қолына қалам ұстағандар Алматыға асығып бара жатқанда, сіз неге ауылда қалдыңыз?

-  Ол рас. Мен Қарақалпақ Республикасында дүниеге келіп, елу төрт жыл сол елдің ауасын жұтып, суын ішкен адаммын. Менің туған жерім сол уақытта Хожелі ауданына қараған болса, қазір Шоманай ауданына қарайды. 1964 жылы Карл Маркс атындағы он жылдық мектепте оныншы сыныпты бітірдім. Сол жылы Қарақалпақ мемлекеттік пединститутының физика-математика факультетіне түсіп студент атанған едім. Он жыл бойы мектепті қарақалпақ тілінде оқығасын ба, қарақалпақша қосық (өлең) жазуға әуес болдым. Бір жазған қосығымды алып, «Совет Қарақалпақстан» газетінің редакциясына барып, Азат Бердешов деген журналистке көрсеттім. Ол: «Шайырлардың жазған қосықтары газетке жариялана бермейді, екі жүз қосықтан бір қосығың шықса да шайыр болғаның, көбірек жазып шынығуың керек»,- деді. Әлі есімде, сол күні менен сұхбат алды. 

1967 жылдың аяғына қарай физматтың дәм тұзы тартпай қалып, 1968 жылы қаңтардан бастап Шоманай аудандық су шаруашылығы бөліміне жұмысқа тұрдым. Өзім Ташкент совхозындамын. Ауылға жарық келгенімен, біздің көшеге тоқ өтетін сым тартылмай, бір жыл тұрды. Ауыл тегіс жарқыратып  свет тұтынып отырғанда, біз төрт үй шырақ жағып отырдық. Электрикке айтсақ, құлақ аспайды. Мен сол кезде совхоз директордың атына төрт шумақ өлең жазып, хат ретінде конвертке салып жіберіп едім. Ұмытпасам, ол өлеңімнің  жолдары былай өрілуші еді:

 

Совхоз директоры жолдас Құрбанов,

Алдынызға арыз айтсақ  бір барып, 

Свет келгеніне екі жыл болды,

Бірақ біздер отырыппыз құр қалып.

 

Колхозшыңбыз еш білектен кем емес,

Тек төрт үйміз бізді ешкім елемес.

Екі шетке екі столба қақайтып,

 Көпшілікке етіп қойдыау келемеш.

 

Электригіңізге етсек жалобты

Көрсетеді жақпайтұғын қалыпты.

Асықпаңыз құрамыз ғой дегенді,

Постоянно сөздік етіп алыпты.

 

Совхоз директоры жолдас  Құрбанов,

Арыз айтсақ алдыңызға бір барып.

Свет келгеніне екі жыл болды,

Бірақ біздер отырыппыз құр қалып.

Көріп кетің шөжелерің тұр барып. (Жетім шөжелерің)

 

Кейін «Адамдар арызды қара сөзбен жазатын болса, бұл ауылдың адамдары өлеңмен жазатын болған ба?» - деп мақта алқабындағы жұмысшыларға айтқан екен. Мен «Совет Қарақалпақстан» газетіне мақала жазсам, редактор Өмірбектің қоржынынан шығатын болды (Соған қарағанда юморы басымдау болған сияқты). Савхоз директоры мені мақала, өлең жазатыным үшін «ұнамсыздардың» қатарына қосқан сияқты. Содан өлең де, мақалада жазбай кеттім.

1989 жылы Алматыға қыдырып келіп, Алатау қонақ үйіне аялдадым. Қай бір күні кезекші әйел Нөкістен бір группа студенттер келді, мұғалімі «пәленінші комнатада»,- деді. Барсам, Еркебай Мергенбаев. Содан әңгімелесіп қалдық. Университеттің студенттері  Төлеген Айбергенов атындағы шығармашылық үйірменің мүшелері екен. Таңертең Талдықорғандағы Шоқан Уалиханов зиратына, ал ертеңіне  Жазушылар Одағына барып, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Фариза Онғарсынова секілді ақындармен кездесу өткізетінін айтып, «бізбен жүр» деп қолқа салды. Бұл таптырмайтын кездесулер екен деп, қуана-қуана келістім. Негізі ауылға ұшып кетуім керек еді. Самолеттің билеті жайына қалып, студенттермен бірге таңертең Икарусқа мініп, Шоқанның басынан бір-ақ шықтым. Шоқанның басына зиярат етіп музейіне келіп, Қарақалпақтан келген делагациямыз десек, қызметкерлері «Қарақалпақсындар ма» дейді, жоқ қазақпыз десек, «біздер кіші жүз қарақалпақтарымыз» деді. Мен Талдықорғанға қашан көшіп келдіңіздер деп сұрадым. Сөйтсем, олар бұл  мекенге екі жүз жыл бұрын қоныс аударған болып шықты.  Түркістаннан қарақалпақ ұлты үдере көшкенде, көпшілігі  Әмудәряның төменгі жағына, ауқаттылау бір бөлігі Талдықорғанға келіп қоныстанған екен. Елге қайтып оралған соң «Совет Қарақалпақстан» газетіне Еркебай Мергенбаевтың «Алтын емелдегі қарақалпақ ағайын» деген көлемді мақаласы жарияланды.

Талдықорғаннан көңілді қайттық. Ертеңіне Жазушылар Одағының хатшысы Ұлықбек Есдаулетовтің ұйымдастыруымен бірнеше ақын-жазушылармен кездестік. Олжас Сүлейменовті ортаға алып суретке түстік. «Жалын» журналына барып, Мұхтар Шахановпен кездестік. Төлегеннің досы Зәкір Асабаевпен кездестік. Ол марқұм Төлеген Айбергенов жөнінде біраз естелігімен бөлісті: «Төлегеннің мінезі қызық еді, маған келіп ана пәленшемен араласпа»,-дейді. Төлеген айтқан соң ол кісіден алыс жүреміз, бір аптадан кейін келіп: «Әй, ана жігіт дұрыс жігіт екен, араласа беріңдер» деп тұрады. Керек десең, бірде «әй-шәй жоқ» өзіміздің де сәлемімізді алмай қалды. Неге өкпелегенін айтпайды, біз де сұрамаймыз».

Ұлықбек, Мереке, Рахымжан, Жарасқандармен қонақ үйде оңаша отырып, әңгіме дүкен құрып, жақын жолдас болып кеттік. Еркебаймен оңаша отырғанда  маған сенің ақын болып осылай жүргенің қаржыгерлігіңнің  арқасы, осы кәсібіңді тастама деді, тастамадым. Жиырма үш жыл бір орында бас есепші болып, атамекенім Қазақстанға көшкенше жұмыс істедім, өлең жазуды да тастамадым…

- Алыптар тобынан кімді кезіктірдіңіз?

- Шамалауымша, 1976 жылдың қазан айы-ау деймін. Тоқтарбай Оңдасынов деген досыммен бірге Алматы қаласына бардық. Алматы қонақ үйіне барып орын сұрадық. Түс әлетінде түскі ас ішіп алайық деп, қонақ үйдің мейрамханасына кіріп, шеттегі столға екеуміз отыра кеттік. Көрші үстелде бір адам отыр екен. Даяшы екеумізді соның қасына шақырды. Барып жайғастық, жасы елулердің ішіне кірген, бурыл шашын артына қайырған, депутат төсбелгісі бар келісті, салмақты жігіт ағасы екен. Танысып, «Қарақалпақтан келген ағайын едік, әрі бірінші келуіміз, танысымыз да жоғын» айтып, қонақ үйден орын сұрадық. Ол кісі Жамбыл қаласының горисполкомының төрағасы, Жоғарғы кеңестің келесі сессиясына материал дайындап отырған комиссияның тұрақты мүшесі екен. Ол: «Мен коммунал шаруашылығының министрлігіне документ жинап жатырмын, бірден министрге айтпай-ақ қояйын, сіздер алдымен директорына кіріп шығыңыздар. Ол кісі рейхстагқа ту тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаев. Абайлаңыздар. Қарпып тастамасын. Егер орын жоқ десе, маған келіңіздер. Мен министрге айтып көрейін» -  деп, өзін 333 нөмірден таба алатынымызды айтты. Қуанып кеттік. Директордың кабинетіне барып кезек күттік, іші бос емес. «Гүлдер» ансамблінің адамдары шығып болмады. Ал өзіміз сағат 17-00-дегі «Қайрат-Пахтакор» ойынына асығып тұрмыз.  Іші босамаса да, «нар тәуекел» деп Рақаңның кабинетіне  кірдім. Ол кісі үстелде түрегеліп, сөйлеп тұр екен. Амандасып, қолын алдым. Қазақтың Алматыдағы ақсақалдарына көрісіп келіп едім, ұлтымыздың көзсіз батыры деп бірінші өзіңізге арнайы келіп тұрмын. Бұдан артық бақыт бар ма дедім. Сөйтіп ақсақал өз қонақ үйінен раскладушка қойдырып, екі бөлмесін жалдауымызға көмектесті. Кейін Қайраттың ойынына кеттік. «Қайрат» ойынның бітуіне бес минут қалғанда, жүйкені құртып барып бір гол салып, Пахтокорды ұтты-ау. Келіп раскладушкамызға жатып, таңертең Рақымжан Қошқарбаев ағамызға тағы бардым. Рақаң бір кнопканы басып: «Түнде раскладушкада қонып шыққан Имановты басқа бөлмеге көшіріңіздер»,- деді. Ол уақытта үш бөлмелі люкс бір күнге 8 рубль еді. Сол жылдары недеген арзаншылық деп ойлаймын-ау қазір. Содан, қазақтың ақсақалы Ғабит Мүсіреповке сәлемдесіп кетейін деген ой келіп, телефон нөмірін тауып алып, звондадым. Ғабен өзі трубканы көтерді, маңғазданып нығарлап сөйлесті. Қарақалпақтан келіп едім, қазақтың ақсақалы деп сізге көрісіп кетейін деген ойым бар еді десем: «Әй ат, түйе сұрап жүрген қарақалпақ емессің бе?» - деді. Ойымда ештеңе жоқ, сіздің мүбәрәк жүзіңді көріп, қолыңызды алып, әңгімелесіп шықсам болды дедім. 

- Онда ертең воскресенье, сол күнімді өзіме қалдырсаң қайтеді? Дүйсенбі күні таңертең сағат онға келе ғой,-деді. Келістік. Келіскен күні таңертең Виноградов 49 деген үйді іздедім. Алматы қонақ үйіне  жақын екен. Қайсы подьезд, қай квартира екенін сұрамаппын, орталау жердегі подьезі кеңдеу үйдің алдына барып тұрдым. Бір орыс келіншек жанымнан өте бергенде, Ғабеңнің үйін сұрап едім, ол «осы подьезд, 25 квартира, үшінші этаж»,- деді. Дәл келіппін. Көтеріліп, нөмірі 25-інші есіктің кнопкасын бастым. Сес жоқ. Үлкен адамның үйіне бірінші келіп тұрғасын ба, кнопкасын жасқанып жәй басып тұр екем, бас бармақпен қаттырақ басып жіберіп ем, ар жағынан сылп-сылп еткен тәпішкенің даусы естіліп, ізінше есік ашылып, кербез ағам кел-кел деп ішке кіргізіп, қабылдау бөлмесіне ертіп кірді.

Қарақалпақта қанша қазақ тұратынын, егжей-тегжейлі  халқымның жағдайын сұрады, мен білетінімді шамам келгенше айтып бердім. Қарақалпақта бір миллион адам жасайды. Статистика бойынша, үш жүз мыңы қарақалпақ, үш жүз мыңы қазақ, үш жүз мыңы өзбек қалғаны  орыс, түрікмен т.б. секілді құрама халық екенін айттым. Шындығына келгенде 600 мыңнан астамы қазақтар. Осы қазақтардың қазақ тілінде шығатын газеті жоқ, я телевизор радиода қазақ тілінде хабары жоқ, орталықтарда қазақ мектебі болғанымен, ауылдық жерлерде тілден бөлініп оқиды дедім. Ғабит аға орнынан тұрып кетіп: «Бұл – біз үшін трагедия. Октябрь революциясынан кейін 3 миллион қазақтан айырылдық деп, қолын артына ұстап, бөлмені кезіп кетті. Қарақалпақтағы қазақтар өз ата-бабасының жерінде өмір сүріп жатыр, ол күйде қалдыруға болмайды, қай бір уақытта Қазақстанға қосып алуымыз керек, сонда сендерде проблема болмайды, бұйырса ол күнде туар» - деп алысқа көз тастап, ойға шомып біраз тұрды. Сол кезде телефон безілдеп, Ғабеңнің ойын бөліп жіберді. Бауыржан Момышұлы екен. Ар жағынан даусы анық естіліп, саңқ-саңқ етіп тұрды. Кеше бір үлкен адамның тойына барғанын айтып жатыр. Ғабең өткендегі Хамаңның тойынан қалай болды деп сұрап жатыр (Хамит Ерғалиевтың 50 жылдық тойы). Ол бұның қасында «закуска ғой» деген даусы нақты естіліп тұр. Ғабең: «Мен Қарақалпақтан келген бір жігітпен сөйлесіп отыр едім » - деп еді, кешіріңіз сөздеріңе кедергі болмайын деп қоштасты.

Айнала бос жер жоқ. Кітап толған сөрелер, домбыра да, мылтық та тұр. Жазу үстеліндегі қағазда арап әліпбиіндегі жазбалар... Ғабеңнің арабша жазатыны көрініп тұр. Бір сағаттан көп отырып, әңгімелесіп қоштастық. Ол кезде суретке түсе қоятын қазіргідей смартфон жоқ. Бұл естен кетпейтін тарихи сапар болды. Қазақтың алып тұлғасының бірегейі Ғабит Мүсіреповтың үйіне барып әңгімелесу, рейхстагқа ту тіккен көзсіз батыр Рақымжан Қошқарбаевпен танысып әңгімелесу, үш ұйықтаса түсіңе кірмейтін құбылыстар ғой. Алматыға келсек, Қайроллаға келетін болдық. Қайролла кейін Қазақтың төл ақшасы теңгенің бірінші авторы болды. Англияға 4-5 жыл қатынап, қазақтың теңгесін жасатып әкелген азамат. Теңге жасап шығарғанына тиісті өтем ақы алмай қазақ үшін, ел үшін деп еңбегін сатпаған, қанына тартқан адал азамат. Өтемақы алып еңбегін сатқанда, миллиардерлердің бірі болып отырар еді. Мен осындай адал дос тапқаным үшін де өзімді бақыттымын деп есептеймін. 

Кәкімбек Салықовпен қалай танысқанымды да айтып өтейін.  1992 жылы 28-қыркүйекте Абай Опера театрында  дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы өтті. Біз де осы ғылыми конферецияға қатыстық. Кешке қарай ВДНХ-ның ішіне, барлық Қарақалпақтан келген делегаттарға Көкшетау облысынан келген киіз үйде қонақасы берілді. Керемет дайындалған. Разы болып шықтық. Амангелді аға Шоманай ауданы атынан қазақы үй тікті. Көбіне сол үйде болып келген қонақтармен бірге болдық. Күнде бір марқа сойылып дастарқан жайнап тұрады, қасында шәй қайнап тұрады, шіркін. Қарақалпақ  үйі тігілді дегенді естіп, Кәкімбек Салықов пен Мәриям жеңгей екеуі келіп қонақ болды. Жақсы домбыра алып қойғанбыз, Кәкімбек аға домбыра шертіп көңілді отырды. Бұрын Қарақалпақта Обкомның бірінші хатшысы болған адам, қазір су қожалық министрінің экология бөлімін басқарып жүр екен. Кәкімбектің үстіңгі жағына КазГУ профессоры Уахит Шалекенов, Жұманазар Базарбаев, Сапарбай Нұрхожаев т.б. бір топ адамдар келіп отырды. Кәкең домбыра алып шертіп бастаса, Уахит Шалекенов: «Арал теңізін құртқан сендер» деп, Кәкеңе тиісіп бастады. Кәкең: «Менің оған қатысым жоқ, қайта сол аудан тұрғындарының жалақысына қосымша коэффициент алып берген адаммын» деді. Шалекенов мырза оны түсінбеген сыңай танытты. Орнынан тұрып, жүрелеп қайта отыра берді. Мен қызмет істеп жүрдім. Шалекеновтың екі иығынан басып, біз Кәкеңді сағынып келдік, сол кісіні тыңдайық деп, домбыраны Кәкеңнің қолына бердім. Кәкең әндеткісі келіп оңтайланып отырған еді, ана кісі шырқын бұзып жіберді. Кейіннен Кәкең ет жеп армянский коняктан дәм татып,  көңілді отырып шықты. Суретке түстік. Осы сәт жадымда жақсы естелік болып қалды.

30-ыншы қыркүйекте Мәдениет сарайында салтанатты жиналыс болды. Жиынды Өзбекәлі Жәнібеков жүргізді. Шет елден келген қазақтардан «Аман Төлеевке сөз берілсін» деген ұсыныстар көп түсті. Жәнібеков сөйлеп, көпшілік Аман Төлеевке сөз беруді қоймай сұрады.  Аман аға: «Бұл жиналыстың ақыры емес, кеште Президенттің қонақасы бар, сонда ол кісіге сөз береміз» деді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев алдыңғы президумның үстелінде Олжастың жанында отырған Төлеевті бармағының ұшымен шақырды. Төлеев Назарбаевтың қасына келгенде, елбасы трибунаны нұсқады. Төлеев трибунаға шығып «Я плохой қазақ» деп сөзін бастап, өз идеясы мен саясатын орысша баяндап, ендігі құрылтайда қазақша сөйлеймін деп уәде беріп, өз орнына барып отырғанша, шет елден келген ағайындар қол шапалақтап үлкен қүрмет көрсетті. Кештен соң Алматы мейрамханасында ақ дастарханы жайылған Президенттің қонақасына бардық. Амангелді аға, Жиенәлі үшеуміз бір үстелде отырдық. Жиенәлі камера алып барған, жүрген жеріміздің бәрін камераға түсіріп жүрді. Қарақалпақтан келген делагаттар бір үстелде Төлеевті ортаға алып отыр екен. Біздер де барып сәлемдестік. Амангелдіні көрсетіп Адай деп таныстырып едім, Төлеев: «О Адай, Адай» деп Амангелді ағаның қолын ұзақ сілкіп ұстап тұрды. Қонақасы бітіп, Қарақалпақстаннан келген делагация жиналып, президент шығатын жердің алдында тұрдық. Президентпен бірінші қол алысып мереке құтты болсын дедім. Нәкеңнің қолымды қатты қысып, рахмет деп сілкілегені есімде. Басқа делегациялар мен сәлемдесіп жатқасын, «мен сәлемдесіп болдым ғой» деп шетке шығып тұрсам, маған тағы қолын созып келе жатыр. Жаңа сәлемдестік деуге бола ма, амалсыз тағы қолымды бердім. Қолымды қысып, жоғары көтеріп тұрып, бүкіл халықпен қоштасып, екінші этаждан төмен түсетін баспалдаққа қарай бет алды. Ол жерде Аман Төлеев күтіп тұрды. Төлеевті қолтықтап төмен түсті. Баспалдақтың жанында Мұстафа Өзтүрік тұр екен. Оның қолтығынан ұстап «денсаулығың қалай» деп, жағдайын сұрады. Біздер ізінде шұбырып келеміз, есікке дейін келдік-ау деймін. Шығатын жер тарлау екен, сол есіктің алдында іркіліп қалдық. Жиенәлі бәрін камераға түсіріп жүрді. Қонақ үйге келіп камераны қарап, Президентпен түскен суретімізді көріп, қуанып қалдық.  Құрылтай 4-інші қазанға дейін ұласып, 5-інші қазан күні ауылға ұшып кеттік. Түнде сағат 12-лерде үйге жетіп құладық. Келген күннің ертесіне келіншегім Нағима босанып, ұлды болдым. Атын Нұрсұлтан қойдық. 

- Сіз әуелі еңбек адамы ретінде қалыптасыпсыз.  Қолыңызға қаламыңызды қайта алған соң, мәдени шараларға белсене ат салыстыңыз. Азамат атыңыз ақындығыңыздан басымдау шықты. Қазақ ұлтының ұлттық құндылығын сақтау үшін азамат ретінде «Ғазиз басыңызды» бәйгеге тігіп, жергілікті әкімдермен арпалыстыңыз. Ол мейлі аудандық деңгейдегі мәдени орталық болсын, сірескен сеңді бұзу үшін үлкен жүрек керек қой. Шетте жүрсеңіз де үлкен жүректі азаматтық сізден табылды. Еңбек жолыңызда  кімді ұстаз тұттыңыз? Сіз өскен орта бюрократияның илеуіндей еді, сол шаршатпай ма?

- Мен  12 жыл су қожалығында жұмыс істедім. Сол кезде аудандық су қожалығының бастығы Әбдірахман Нұраев деген өте таза, адал, әділ басшымыз болды. Осы кісіден көп үлгі алдым. Ұстаз тұттым. Ауданымыз мақта кәсібімен күн көреді. Аудан бойынша 12,0 мың гектар мақта егіліп, соған су жеткіземіз. 1969 жылы өте суық болды. Әмудариядағы су мұз болып қатып, Шаржау жақтан еріп аққан қызыл су Әмударияның аңғарына симай, Бируни ауданын су алып кетті. Совет министрінің орынбасары А.А.Юрицтің басшылығында паводковой комиссия құрылып, әр ауданның тұсында ауданның атқару комитеті төрағасының басшылығының штабы Бегжапта болды. Штабқа ауданның бірінші хатшысынан бастап, атқару комитет бастығы, ішкі істер бастығы, тиісті  мекемелердің басшылары жиналып, қандай хабар болатынын күтіп отырады. Мен Республика бойынша   хабарды рациямен жеткізіп отырамын. Хожелінің 25 автобаза колхидаларын, жүк машиналарын, Шоманай авто базасының жүк машиналарын жұмылдырып, Қарабайлы станциясына сапқа қойды. Мұнысы егер Бегжаптың тұсынан су жығылса, үйлерді аман алып шығуға дайындығын көрсетуі еді. Бегжаптың қасындағы балықшы  ауыл өмірінше отырмыз, бізге су шықпайды деп көшпей отырған, түнде су басып кетіп адамдарын алып шығуға үлгеріп, Калинин мектебіне апарып жайғастырылды. Әмудария толып ағып, сең жүріп жатыр, дауысы адам шошырлық...Түніміз ұйқысыз өтті. Жан-жақпен байланысып отырмыз. Дарияның арғы жағындағы Кегейлі ауданы тұсынан су жығып Раиспольком бастығы судың ортасында қалып қойып, күн шыққасын тік ұшақ барып құтқарып алды.Түн ауғанда Есберген шығанаққа сең тіреліп, екі жағын тұтас су алады. Ленин каналының сағасынан 70 куб су ағып,  Қоңырат жағына кететін каналдың Қарабайлы сооружениесі түсіріліп қалып, барлық су Шоманай каналына қарай ақты. Ол су барса Шоманай қаласын толық алып кетеді. Әбдірахман аға састы. Ленин каналын арқа жаққа жығып жіберейін деп жатқанда, су қожалық министрі Сауқым Жаманқараев келіп, Ленин каналына тиіспеңіздер, суды Шоманай каналының қалаған жағына жығыңыз деді. Сөйтіп, Шоманай қаласын су алу қаупінің алдын алдық.  Түнгі сағат төртте Әбдірахман ағаның үйіне келіп дем алдық. Қасымызда бұрынғы су қожалық министрі болған, жасы сексенді алқымдаған Мереев бар. Облыстық партия комитеті, қиын қыстау кезде  көмекке жіберген. Март айы қысымен қатып тұрған мұзды аман-есен қаланың тұсынан өткізуіміз керек болды. Каналға мұз бір метр қалыңдықта қатқан. Аманалы жарып өткізбесе мұз бұзылар емес. Аманалы жаратын взрывник Бахтыбай ағамыз  комондировкаға кеткен. 27-інші  наурыз күні сеңді ауыздықтауға кірістік. Қызыл су мұздың шетінде екі метр жерді алып, ағып жатыр. Мына жерден ою керек деп, сөйлеп келе жатқан Шербеков аяғының асты ойылып кетіп, ол кісі жалма-жан жанындағы маған жабыса кетті. Менің де аяғымның асты ойылып, кеудемді мұзға тастап қарманып жатырмын. Қайта мен құлаған мұз мықты екен... Мұз ойып жүрген жігіт келіп менің қолымды демеп тартты. Аяғымды судан шығарып алып, екеулеп жүріп Шербековті суырып алдық. Үшінші жігіт келмесе,  Шербековпен бірге кетуші едім.  Көретін жарығымыз бар екен, шын ниетпен халық үшін  жүгіріп жүргенімізді бір Алла өзі көргені ғой, демеп дем берген деген осы емес пе?... Жағадағы тұрған адамдар. Су мұз үстімен сам саз, жағаға дейін  4-5 метрдей жүріп кеткен. Ұзын сырық тауып, Шербековті шығарып алып, машинасына отырғызып, бас дәрігер өзімен бірге алып кетті. Екі-үш жерге тастайтын аммонитті жағып тастап, қашып үлгердік. Мені де бір машинаға мінгізіп жіберіп, Қатарбайдың үйіне келіп киімдерімді кептіріп киіп, канал жағалап қайта кетіп, қаланың тұсынан  сең кетіп болғанша жүріп, түннің бір уағында қайтып конторға келіп жығылдық. Басымыздан сондай да сондай күн өткен еді, жарықтық.

- Сізді өткен ғасырдың жиырманшы жылдарында Қарақалпақстандағы қазақ ұлтының мәдени орталығының құрылуына ат салықсан дейді. Сол рас па?

- Әуелі басынан бастап айтып берейін. Бұл былай болды. 1980 жылы Нөкіс мемлекеттік университеті, қаржы факультетінің үшінші курсында сырттай оқып жүріп, мамандығым бойынша аудандық оқу бөліміне жұмысқа тұрдым. Мені бөлім меңгерушісі бас есепші жұмысына қабылдады. Бастығымыз Қарақалпақстанға белгілі, обкомдарға сыйлы адам еді. Ол бұрын ауданның партия комитетінің идеологиялық хатшысы болған Алламжар Қошқаров  еді. Қою қасты, көзінің кірпіктері найзадай ұзын кісінің жанары жарқ-жұрқ етіп бір жеріңді түйреп алатындай сезілетін.  Орта бойлы, өзі жуандау келген, сөздері дәсте-дәсте салмақты, жүз жыл бұрын туғанда қарақалпақ халқының ханы болып отыратын өте салмақты, байыпты кісі еді.  Алламжар ағамыз көп ақылын айтып: «Бұл мемлекеттік бюджет мекемесі, бұған бармақ батыруға болмайды, тек бармағыңа жұққанды жалап жүресің, жылтырап  кетпей көне шекпенді  сүйретіп жүретін мекеме» - деп тұспалдап, кеңесін берді. Бірде бір исполкомнан кішкене ғана құрылыс жұмысына қарар шығарып әкелсем: «Исполкоммен келісіп қарар шығаруға болмайды, үш адам бірігіп ауданның барлық бюджетіне қараған қаражатын жеп қою мүмкін, сол үшін бұл мәселеге сақ болу керек» - деп ақылын айтты. Бұл ақылы кейін менің ұстанымыма айналды. Он бес жыл бірге қызметтес болдық, барлық мәселеге өзі араласып, өзі шешіп отырды. Өте қатал адам еді. 

Өзбекстан Республикасы Қазақ мәдени орталығын ашуға кедергі жасаған жоқ. Артықбай Үкібаев қазақ мәдени орталығының төрағасы болды. Телеарналарда қазақ тіліндегі «Замандас бағдарламасы» жүретін. Ташкентке бір барғанымда, Қарақалпақстандағы «Қазақ мәдени орталығын» ашу бойынша Артықбай Үкібаеевпен үйінде отырып, бес сағат  сөйлескенім бар. Ол кісіге 1990 жылдың жаз айында «Өзіңіз Жоғарғы кеңес совминімен келісіп, ұйымдастыру жағын қарастыруыңыз керек»,-деп, ескертіп едім. Сол 1990 жылдың 22- желтоқсанында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс қаласында «Қазақ мәдени орталығы» құрылды.

Несін айтайын, Шоманай ауданында осы мәдени орталық құрылуына кедергі көп болды ғой. Сол тұстағы Қарақалпақстанда «Халық Мәпі» деген интерқозғалыс құрылып, төрағалығына Марат Аралбаев сайланды. Бұрын Қарақалпақта обкомда идеологиялық хатшы болып істеген өте сауатты жігіт еді. Мен осы «Халық Мәпи интерқозғалысының» Шоманай ауданындағы филиалын ашуға ат салыстым. Қазақ мәдени орталығын ашуға әкім қарсылық білдіргесін, интерқозғалысын ашуды қолға алдым. Республика бойынша митинг өтеді, Қарақалпақстанға Президент сайлауымыз керек деген ұранмен Нөкістегі Станиславский атындағы театрдың алдына он шақты адам келдік. Театрдың айналасы толған милиция. Еш жерде бұзақылық әрекеті орын алмады. Мен ортаға шығып, сөз сөйлеп «Халықшылдар» деген өлеңімді оқыдым. Қарақалпақстанға Президент сайлау керек, ол қарақалпақ бола ма, өзбек бола ма, қазақ бола ма «елді әділ басқаратын адал адам таңдап, сайлайық» деген ұсыныстар қаптап кетті. Ертеңіне басылымдар митинг жөнінде жарысып жазып, Вестник газетінің бірінші бетіне «Иманов бурный стихотварение читал» деген ақпарат жарияланды. Қарақалпақстанда «Халық мәпи қозғалысы» күннен күнге көбейіп, күш алып бара жатқасын, жоғары жақтан тоқтату жағын қарастырған екен. Осы бойынша қазақ мәдени орталығының төрағасы Нұрхожаевқа «Базарбайды тоқтат» деген тапсырма келген. Нұрхожаев мені шақырып, сен тоқтатсаң Республика бойынша тоқтайды деп қолқа салды. Алдында «Халық Мәпінің» бюросында Аралбаев маған сен өз алдыңа шот ашып нәғып жүрсің, шотыңды жауып тастаймын деп тиіскен. Қайта жақсы емес пе, жұмыстың алға жүргенін көре алмай ма, өзіме де жақпай жүр еді. Нұрхожаевқа мәдени орталықты ашуға көмектес, мен «Халық Мәпі интерқозғалысын» тоқтатам дедім. Топ жұмысы тоқтағасын «Халық Мәпінің» өресі өрге жүрмеді. Ақыры тоқтап тынды. Өзбекстанға президент сайлауымыз керек деген  ұсыныстарымыз құлақтарына түрпідей тиген сияқты.

Кейін, республика бойынша Қазақ мәдени орталығын құруға ат салыстым. 1990 жылы желтоқсан айында Нөкіс қаласында қазақ мәдени орталығы құрылып, Сапарбай Нұрхожаев төраға болып сайланды. Обкомның бірінші хатшысы Сағындық Нметуллаев өзі қатысып, Аралводстройдың үлкен залында барлық ауданнан делегаттар қатысып, қазақтардың бірінші құрылтайы өтіп, идеология бойынша хатшы Азия Бекеевнаның  басшылығында  жеті делегат қатысып, мен шығып сөйлеп, мәдени  орталықтың ашылуына өлең оқыдым. Бірінші құрылтайымызға облыс басшылары толық қатысты. 500-дей делегат болды. Мен мәдени орталықты ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып сайланған жылы аудан әкіміне кіріп, мәдени орталықты ауданнан ашу мәселесін көтердім. Әкіміміз бір қазақ журналист, бір юрист жігітті  жанына алып, «Совет Қарақалпақстан» басылымына мәдени орталықты құруға қарсы  екі рет мақала жазғызды. 

1991 жылы тамыз айында КСРО жоғары советінің депутаты мен Әкімнің залында кездесу болып, Өзбекстанда, Қарақалпақстанда мәдени орталық бар екенін, енді ауданда ашуға пікіріңіз қандай деп жазбаша сұрақ жіберсем, аудан әкімі Сапарниязов бұл сұраққа мен жауап беремін деп менің сұрағымды оқып берді. Ізінше, мәдени орталықтың неге қажеті бар,той-садақаларың берілмей жатыр ма деп, қарсылық білдірді. Мен шығып, мәдени орталықтың мақсатын айтып түсіндірейін десем, сөз бермеді.

Шұғыл жиналыстан шыққан бойда поштаға барып, тікелей  Өзбекстан президенті атына хат жаздым. Хатқа былай: «Шоманай ауданының әкімі ауданда қазақ мәдени орталығын ашуға қарсы болып отыр. Араласуыңызды сұраймын» деп жаздым. Дәл сол кезде Мәскеуде тамыз төңкерісі басталып кетті. Менің жедел хатыма жауап бер үшін, қазан айында Министрлер кеңесінің бөлім басшысы мен қазақ мәдени орталығының орынбасары Құтмағанбет Қонысбай екеуі арнайы келіп, мені әкімнің қабылдауына шақырды. Әкім Айтбай аға мені көрсетіп, келген кісілерге бұл кім деп сұрақ қойып еді, Құтмағанбет: «Бұл –  Шоманай ауданы бойынша қазақ мәдени орталығын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Базарбай Иманов» - деп әкімнің кабинетінің қабырғасын қақыратып жібергендей дауыспен қойып қалды. Министрлер кеңестен келген жігіт, мәдени орталық құрылу керек екенін, оның заңдылықтарын айтып түсіндірген болды.  Келесі маусым айында басқаша жол тауып, әкімнің сыйлайтын адамының бірі социалистик еңбек ері Тұржан Сариевке барып, әкімге бірге кірейік дедім. Жақсы деп ертеңіне кіретін болып келісіп, әкімге келсем Тұржан ағам менен бұрын кіріп шығып тұр екен. Болды бала өзім хабарын айтам деді деп тұр. Болмайды аға. екеуміз қайта кірейік дедім (солай алдарқатып жібергенін білдім). Қайта кіріп Айтбай аға маған Тұрекеңнің көзінше қай күні ашуға рұсат бересіз, нақты уақытын айтыңыз дедім. Ештеңе деместен алдындағы календарға қарап Тұрекеңнің жақсы көретін сәтті күні 2 июль, сәрсенбі екен. Сол күні өткізіңдер деген шырай танытты. Жұмажан Жарылқасыновты шақырып, мәдени орталықты ашу жиналысын өткізу үшін кинотеатрдың залын 2-июльге босатып беріңіздер деп тапсырма беріп, алғысымызды айтып шықтық. Аудандағы қазақ мәдени орталығын құру жолында  осындай қиыншылықты, жүйкенің шаршауы мен реніштерді де басымыздан өткізім, әйтеуір тілегімізге қол жеткіздік. 

 

- Уақыт бөліп, шынайы әңгімелескеніңіз үшін көп рақмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар