АЛТЫН АДАМ
Есте жоқ ерте замандағы, ит сүйегі қураған кездегі қазақ топырағынан сақ, үйсін, қаңлы мәдениетіне тиесілі 200-ге жуық ғаламат мұра табылғаны ел есінде шығар деген ойдамыз. Жаңағыдай жәдігерлер – бағзыдағы жұрттың егіншілік, қолөнер һәм металлургиямен айрықша айналысқандығының белгісі. Сондай тарихи феномендердің бірі – Алтын адам.
Әдебиетті, мәдениетті, тауарихты, тұтастай руханиятты қадыр тұтатын ұлт ешкімге бас имейді, ешкімге бодан болмасы анық. Өйткені, әр ерікті жан өткеннен өнеге алады, соның арқасында келешекке үлкен сеніммен қарайды. Дүниеден де, биліктен де, байлықтан да бағалы нәрсе бар. Бұл – атадан әкеге, әкеден балаға берілген рухани құндылық, мирас. Демек, ұлттың өзді-өзін сақтап қалу үшін ғасырлар сырласына айналған мол мұраның рөлі зор деп білген орынды.
Алтын – тек дәулеттің ғана емес, сабыр, тұрақтылық пен мықшегедей мызғымастықтың нышаны. Алтын – адамды таңдап-талғайтын аса ерекше металл. Оның буына мас болған кісі не жынданып кетеді не дәрежелі, абыройлы болады. Яғни, бабаларымыз ашкөздіктен гөрі, ар-ұжданды алға тартып отырған-ды. Тарих – халықтың айнасы, дәлірек айтсақ жүріп өткен жолының айнасы. Сақ жауынгері жанынан табылған ыдыстардың бірінде ойып жазылған таңбалар табылған. Бұл – Орта Азия аумағынан кездескен жазудың ішіндегі ең ежелгісі екен. Ол кезде ата-бабаларын алтынмен аптап-қаптап, мүлік-мүкәмалымен, жылқыларымен қосып жерлейтін дәстүр бар-тұғын. Мұны тереңдете зерттеп, бұйымдардың бұрнағы технологиясын ашсақ, одан да ғажап жаңалық болар еді. Себебі, Алтын адам Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әлемге әйгілеп берді. Оның киіміне 4000-ға тарта ұсақ әшекей тағылған екен. Ал, сақ қорғандары – тұнған сыр. Оларға зер сала қарасақ, бәрі бір белдеудің бойында орналасқанын байқаймыз. Мұнда қандай құпия бар? Мысырдағы мумиялар сықылды сақ сардарының жынысына, шығу тегіне, лауазымына, ортасына, қоғамдағы орнына, киім үлгісіне қатысты сұрақ көп, менде. Алайда, жауап – мардымсыз, долбар-гипотеза деңгейінде ғана. Антропологтар мен археологтардың айтуынша, қазақ жерінде қорған-қорымдар әлі де көп ұқсайды. Сәйкесінше, зерделейтін нәрсе жетерлік. Ал, ең қуаныштысы – бүгіндері сол Алтын адамымыз – Азаттықтың, Егемендіктің, Тәуелсіздіктің символына айналғандығы…
АЛАШҚА АДАЛ АЗАМАТ
Алаш аманаты деген – қасиетті, киелі ұғым бар. Сол аманатқа қиянат жасамағандар, бүгіндері ұлт мерейін өсірген ұлылар есебінде ұлықталып, айтылып, жазылып жүр. Сөз – тасқа басылған тарих, іс – өмірде қалған із. Олай болса, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышпайұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Райымжан Марсекұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Барлыбек Сырттанұлы, Әлімхан Ермекұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Санжар Асфендиярұлы, Сейдәзім Қадырбайұлы, Біләл Сүлейұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Асылбек Сейітұлы, Жақып Ақбайұлы, Телжан Шонанұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Мәннан Тұрғанбайұлы, Абдолла Байтасұлы, Біләл Малдыбайұлы, т.б. Алаш қайраткерлерімен қатар аталынатын тағы бір тарихи тұлға бар, бұл – Халел Досмұхамедұлы.
Саяси һәм қоғам қайраткері Халел Досмұхамедұлы 1883 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты Тайсойған құмында дүниеге келген-ді. Аталған тұлғаның адал азаматтығымен қоса есіміне ғалымдығы, көсемсөздігі, дәрігерлігі, тілшілігі, аудармашылығы, ұстаздығы, табиғаттанушылығы, әдебиетшілігі, тарихшылығы, ағартушылығы, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, соны насихаттаушылығы қатар еріп жүреді. Осындай санқырлы жан өз артына өлмес, өшпес мұра қалдырды, халықтың тарихи, ғылыми, мәдени, рухани жетілуіне сүбелі үлес қосып, күн демей, түн демей еліне еңбек етті. Сол ерен еңбек – жұрт назарында және ол бүгінгі ұрпақ іздеп жүріп оқитын алтын қазынаға айналғалы қашан. Осы ретте, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес «Халықтың Халелі» атты мақаласында былай деп жазады: «Бар-жоғы 55-56 жыл ғұмыр кеткен Халекеңнің қысқа да мәнді тәржіме халін (өмірбаянын), біздіңше, төрт кезеңге бөліп қарастырған орынды:
1) тұлғалану жылдары (1916-шы дүрбелең жылдарға дейін);
2) ат үстінде өткен, күрес жылдары (1916-1920);
3) ғылыми-шығармашылық һәм қоғамдық-педагогикалық қызметпен айналысқан жылдары (1921-1928);
4) қуғын-сүргінге ұшыраған азапты жылдары (1929-1939)».
Қазақы дәстүр бойынша, кішкентай кезінен ауыл молдасынан сауат ашқан Халелдің арғы аталары кілең би, кілең оқымысты, кілең батыр болған-ды. Солардың бірі – Машақ би, бұл – Досмұхамедтің әкесі. Сондай-ақ, ол – «Табиғаттану», «Адамның тән тірлігі», «Жануарлар», «Оқушыларың саулығын сақтау» секілді іргелі ғылыми еңбектердің авторы, әрі Ю. Вагнердің «Дене бітімі мен оның жұмысы туралы әңгімелерін», «Өсімдіктердің жаратылысы мен тіршілігі туралы әңгімелерін» қазақшаға аударған талантты тәржімеші. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбайұлы сөзімізді тұздықтай отыра, «Есімі мен еселі еңбегі халқымызға қайтып оралған қайран Халел» атты мақаласында бүйдейді: «Аламан» – қазақтың ел әдебиетінен алынған сөздер жинағы; «Исатай-Махамбет» – Махамбет батыр жырларының алғашқы басылымы; «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы» атты жинағы; «Шернияз шешен», «Алаш» не сөз?», «Бұхарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана», «Самарқан қаласындағы Тіллә-Қары мен Ширдор медреселерін салғызған Жалаңтөс батыр шежіресі», «Диуани лұғат ат-түрк», «Кенесарының соңғы күндері» атты зерттеулері және басқа да көптеген туындыларын атамауға болмайды, әрине». НКВД жандармдарының бақылауында жүрген Алаш қайраткері 1938 жылы Ресейдегі Воронеж қаласында тұтқындалып, 1939 жылы өмірден өтеді. Алайда, халық үшін тынбай еңбек еткен Халел өзінен кейін асыл сөз қалдырды. Петербордағы Императорлық Әскери-медициналық академияны Алтын медальмен бітірген үздік маман – Халелдің ұлтшыл, отаншыл азамат екендігі мына сөзінен-ақ айқын аңғарылады: «Біздің мақсатымыз – ел билігін халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта өз тағдырын өз қолына алуы тиіс. Біз тапқа, жікке бөлінбейміз, біртұтас халық ретінде болашақ үшін күресеміз». Бұл сөздердің тереңіне үңілсек, мұнда үлкен таным, тамаша ғибрат, өмірге азық боларлық өнеге жатыр.
ӘЙЕЛ КИНОМЕХАНИК
2016-жыл ғой деймін...
ҚР Ұлттық кітапханасының Көрмелер залында Халықаралық әйелдер күніне орай КСР кинематография саласының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қазақ әйелінің арасынан шыққан тұңғыш киномеханик – Рәпия Халықованың өмір жолына арналған «Рәпия» атты тәрбиелік-танымдық кітаптың тұсаукесері өткен еді.
Аталмыш кітапқа «Құрмет белгісі» және «Октябрь революциясы» орденінің кавалері, Қазақ КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының «Құрмет грамотасының» иегері, Жамбыл облысының «Құрметті киномеханигі», Қордай ауданының «Құрметті азаматы», Орта Азиядағы тұңғыш әйел киномеханик, сол кездері 80 жасқа толған Рәпия Халықованың «Қызыл империя» алып келген зұлмат – ашаршылықтағы, қуғын-сүргін мен соғыс жылдарындағы тауқыметке толы өмір жолы арқау болып, кісілік келбеті кеңінен әңгімеленіп еді.
Отанына қалтқысыз еңбек еткен аяулы жанның жүріп өткен жолы келер ұрпаққа үлгі-өнеге. Рәпия Халықова жастарды өмірде өздері таңдаған мамандықты қадірлеп, оны сүюге, аянбай еңбек етуге шақырды. Тұсаукесер аясында «Ана – өмір, Ана – мейірім, Ана – қамқор» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, 1985 жылы кинорежиссер Ораз Әбішев түсірген «Рәпия» атты деректі фильм көрсетілді. Қайсыбір көрермендер өткенін еске алып, келмес күндер елесінің құшағында отырды. Кітап «Асыл кітап» баспа үйінен жарық көрген-ді. Авторы – тележурналист, көсемсөзші, редактор, спорт жанашыры, көптеген бағдарламаның жүргізушісі – Ақын Ордабайұлы.
Рәпия Халықова Іле Алатауының етегінде орналасқан, Қастек ауылының жанындағы Шиен деген елдімекенде туған. Арғы аталары – білегінің күшімен, найзасының ұшымен ұлан-ғайыр жерді жаудан азат етуде аты шыққан қазақтың қос батыры – Қарасай мен Қараш. 1931-жылы әкесі ұсталып кеткенде, апамыз небары – 3 жаста-ақ болыпты. Ол кісі ауыл балаларына қазанның қақпағын қабырғаға іліп қойып, жазу-сызуды үйреткен екен. Анасы 8 құрсақ көтеріпті. Алайда, тағдырдың жазуына кім қарсы тұрған, бәрі бақилық болып, тек Нүрилә деген әпкесі ғана қалыпты. Әкесін НКВД құрыққа түсіргеннен кейін жан сақтап, аман қалу үшін бәрі отбасымен қырғыз асып, айыр қалпақты ағайын арасында тіршілік кешеді. Әпкесі – Нүрилә 5 баланың анасы атанса, Рәпия апамыз 8 құрсақ көтеріпті. Өмірлік жолдасы – Ордабаймен 60 жылға жуық отасып, тату-тәтті өмір сүрген екен. Кейіпкердің осынау бір аласапыран өміріндегі үзік сырларына қанық болған оқырман көкейінде: «Сонда, ол кісі қалайша киномеханик болды?» деген сұрақ тууы мүмкін. Енді осы туралы айтайық...
Рәпия Халықова 1958-жылы бұрынғы Киров, қазіргі Кенен ауылына көшіп келеді. Екінші дүниежүзілік соғыстан аман оралған Ордабай ақсақал мұғалім болып, балаларға сабақ оқыту ісімен айналысады. Апамыз – үйде. Жаңадан құрылып жатқан ауыл. Су тапшы. Ас-шайға қардың суын ерітіп пайдаланады, жұрт. Бірде туысқан ағайыны – Таңатар Оспанов үйге келіп:
– Жеңеше, үйде отыра бергенше, бізбен бірге жұмыс істесеңіз... – деген ұсыныс айтады.
– Жұмыс болып жатса, бас тартпас едім... – дейді апамыз қуанарын да, қуанбасын да білмей, екіұдай күй кешіп.
– Олай болса, колхоздың ескі қоймасын сыпырып, тазалап, кино көретін клуб жасаймыз! – дейді.
Апамыз келісе кетеді. Әлгі жерді қоқыстан тазартып, ішін сырлап, әктеп шығады. Сөйтіп, ауыл тұрғындары үшін кино қоюды ұйғарады. Таңатар Оспанов Красногор ауданының басшыларымен келісіп, КН-16 киноаппаратын әкеледі. Халықова сол кісінің жанында жүріп киномеханика саласының қыр-сырын меңгере бастайды. Бірақ, аз уақыттан кейін кейіпкеріміздің алғашқы ұстазы, ардақты азамат – Оспанов о дүниелік болып кетеді. Енді не істемек керек?! Білімін жетілдіру үшін Алматыдағы кинотехникумға түсуге бел буады. Оқуы, білімі, тәжірибесі жетіп тұрса да, түсе алмай құлағаны – есінде. Басты себеп – қазақ екендігі. Сол кездері үлкен қызметтің тізгінін ұстаған – орыстар арасынан сытылып шығу тіптен қиын-тын. Апамыз тауы шағылып, жаны күйзеліп үйіне қайтады. Бірақ, кейіпкеріміз алған бетінен қайтпайды. Жамбыл облысының орталығындағы Мәдени және кинотехникумына барып құжат тапсырып, ақыры қоярда-қоймай жүріп оқуға түседі. Сөйтіп, ол оқу орнынан I-категориялы киномеханик деген дәрежемен қатар, дипломды алып шығады. Сол кездері Радж Капур ойнайтын үнді кинолары өте өтімді еді. Ауылға келе сала сол киноны қоюға кіріседі. Залда ине шаншар орын жоқ... «Әлі есімде... Қыз Жібек кино-драмасы алғаш экранға шыққанда, мен Алматыға арнайы барып, сол киноны «Кинопрокаттан» алып келдім. Бұл өзі қызық оқиға болды. Мен алғаш рет құжынаған халқы бар үлкен қалаға қорықпай барып, кино беретін жерді іздегенім біреудің күлкісін келтірер. Шаһарды жаяу аралап келе жатқанда: «Кинопрокат» деген жазу көзіме оттай басылды. Ішке кіріп, қарсы алдымнан кездескен бір орыстың қызына бар жағдайды айтып едім, маған бір қағазды беріп, толтыртты да қолыма 30 килограммдық кино-банкасын бере салмасы бар ма?!» – дейді апамыз киномеханиктің жұмысы қаншалықты қиын екенін ұғындыру үшін.
1972-жылдың қаңтарында Рәпия Халықова Мәскеуде өткен Мәдениет қайраткерлері арасындағы Бүкілодақтық Кәсіподақтың VIII-съезіне еліміздің атынан делегат болып қатысып, қазақ әйелінің кино саласындағы орны туралы баяндама жасайды. Сондағы батыл ұсыныстары үшін КСРО Мәдениет министрі – Екатерина Фурцеваның алғысын алады. Министр риза болғаны сонша, апамызға Мәскеу жанындағы Дзержинск қаласының Ильинский аймағында әскери борышын өтеп жүрген үлкен ұлы – Алтайды көруге мүмкіндік береді. Рәпия Халықованың кинопремьера кезінде бір ауылдан екінші ауылға кино-банканы көтергені, көрермен шат-шадыман боп кетіп бара жатқанда, ол кісі бір бұрышта отырып ішектей шұбалған лентаны сағаттап айналдырып, қайтадан өз орнына келтіргені, жұмысына бірде-бір тиын ақша алмай, адал жұмыс істегені – бүгінгі өскелең ұрпаққа өнеге. Машақаты мол, азабы көп саланы игеріп, ел игілігі үшін еңбек еткен жаны таза, көңілі пәк апамыздың өмірінің өзі – бір кино!
КҮНДЕЛІК – ЖАННЫҢ АЙНАСЫ
Мемуарлық, жолжазбалық, ғұмырнамалық сипаттағы күнделік – күрделі жанр. Оның күрделілігі сонда, кісі баласы оған ішкен-жегенін, жүрген-тұрғанын арқау етпесе керек, керісінше ешкімге айтпайтын іштегі сырын төгеді, мұң-зарын шағады, жасырын, өзге көзден тасаланып жүріп жазады. Себебі, күнделікте автордың күңіренген дауысы болады. Бұны екінің бірі, егіздің сыңары байқай алмас, бұны мәтінге тереңірек үңілген жан ғана сезіне алмақ. Күнделік жанры – кең тараған, етегін молынан жайған берекелі жанр. Әлем әдебиетінің Толстой, Достоевский, Гюго, Блок, Пастернак, Ремарк, Борхес, Элюар, т.б. ірі өкілдерінің күнделігіне ден қойғанда ғажап тынысты, қайталанбас стильді, арнаға сыймас адамзаттық ойды аңғарған едік. Ал, қазақ әдебиетінде бұл жанрға ат ізін салмаған қаламгерлер кемде-кем. Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Әбіш, Шерхан, Әкім, қысқасы айта берсеңіз таусылар емес. Мәселен, атақты артист Асанәлі Әшімов күнделікті өзінің серігіне, сырласына айналдырғалы қашан. Тұлғаның жазбалары «Алматы ақшамы» басылымында үзік-үзік, кейіндері етектей-етектей боп жарияланып жатты, студент шақта әлгіні алғашқылардың бірі боп оқуға асығатынбыз, гәзет қолдан-қолға көшіп, ақырында біреудің жастығы астынан табылатын-ды. Айтпағым мынау ғой, күнделікті оқу арқылы сүрген заманның белгісін, автордың психологиялық портретін, қоғам, адам, отбасы, дос, өмір, ел, жер турасындағы жан тебірентер қилы-қилы толғаныстарға қанық боласыз, сол кісімен өмірді қайта сүргендей күй кешесіз, күнделіктің осындай бір тылсымы, кереметі бар. Бұл жанр кесек-кесек картинаны, сом-сом, түйдек-түйдек ойларды аса қажет етпейді, керісінше мұндай қылықты жатырқайды, бізге де оқырман ретінде автордың адами қалпы, өмірлік, өнегелік салты қызық және датаға ерекше ділгір. Осы ретте, 1972 жылы отызға жетпей опат болған Мұңсызбек Мәрденұлының «Оңаша қалып өзіммен» атты күнделігімен танысып шықтым. Ұнады. Ойлы екен. Кей жерінде бала, кей жерінде дана, кей жерінде лирик, кей жерінде реалист. Мұңсызбек былай деп жазыпты: «Не себепті екенін өзім де анық білмеймін, әйтеуір, күнделік жаза жүруді орынды деп таптым; неге өйткенімді қайдам, жалпы әрнеге көп еліктеймін бе, не тіпті оңаша қалып, ойлана беретін уақыттар көп боп қала ма, кім білсін?!». Автор арманшыл, мұратшыл, оқуға құмар, бөлекше болған екен. Ұшқыш та, ақын да, музыкант та, инженер де болуды аңсапты. Жазба иесі Күнге сұмдық ғашық-тын: «..Адамдар үшін Данко күннен от ұрлапты, «жанған жүрек» туралы аңыз осыдан шыққан... Шамасы, адам Күннен «жаралған» шығар?! ...Ең жақсы көретін адамын «күнім» деп атайды... Ал, кейбір данышпан ксілер: «Әр адамның да өз күні болады...» деп жазып кетіпті». Оқып отырып кәдімгідей сүйсініп қаласыз, мәтінде мән әрі тартымдылық бар-ды. Ең қызығы – автор өмірден ерте өтетінін сезгендігі, Алла аузына салды ма екен, білмеймін, бірақ былай депті, жарықтық: «Менше мәңгі жас өмір деген жоқ, өмір өзгереді, адам да өзгереді... ...Ал, менің көктеммен қоштасқым келмейді... Иә, қоштасқым келмейді...». Екі дүркін қайталайды, акцент береді. Автордың «көктем» деп тұрғаны мына біз тіршілік кешіп, тырбанып жүрген – өмір. Көктем – жастықтың нышаны, көктем – ерте солудың белгісі, қимастық – қинала сезудің айғағы. Мына бір тұста ол кісі туған күн туралы өзіндік ойын білдіреді, ойланып қалдым: «3 январь. ...Біздің үйде де балалардың туған күнін тойлау деген әдет жоқ. Ал, кейбір үйлер балаларының туған күнін жыл сайын тойлап жатқаны, адамдарды тойқұмар ма, кім білсін, әлде солардың балалары қымбатты ма, қайдам?!. 12 январь. Бүгін «Шегірен былғарыны» бітірдім. Француз халқының алып ұлы О. де Бальзактың осы кітабы, оның мен оқыған бірінші кітабы маған өте ұнады. Енді, «Не істеу керекті» бастаймын. Лениннің өзі сүйіп, бірнеше қайтара оқыған атақты кітап қалай екен?..». Сондай-ақ, автор «К-дан» хат алғанын бірнеше жерде жазады, сол тұста тәубешіл, адал, арлы, сыйлас кісі екенін байқадық. Күнделік – адамның айнасы, күнделік – ешкімге ашыла бермейтін айна. Шортанды, Бурабай, Көкшені аралаған кездегі Мұңсызбек Мәрденұлы көңілінің ерекше көншігені аңғарылады. Күнделікті оқу барысында автор 20 деген санды өте көп қолданады. Құдай бір нәрсені сездірген-ау деп шамаладық: «3/VII. Бүгін р-нге түстім. Хал жаман – распад қайта ашылған ба қалай, снимкаға түсіреді, сонда анықталады. Операцияны ұсынады...». Көп нүкте! Артынша орысша орағытады, оқып отырып терең тебіреніске түсесіз, себебі бұл – соңғы жазбаларының бірі. Талабы тастай жастың небары 23 жасында жалған өмірді қиып, келмес жерге кеткендігі әрине өкінішті, дегенмен жанға демеу болатындығы – күнделіктің кітап боп шығатындығы, оқырманға жол тартатындығы. Аллам амандығын берсе, аталмыш кітап жас алаштанушы, әдебиеттанушы Данияр Ихсанның бастамасымен жарыққа шықпақ.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.