Аллергия

Жас қаламгер Перизат Сарын Орал қаласынан өзінің туындысын жолдап отыр. Қалың оқырманның назарына ұсына отырып, авторға шығармашылық жолында сәттілік тілейміз.

108

Аллергия - adebiportal.kz

  Шығарманы жазып бітіргенше ,

қолымды неше рет қасығанымды білмеймін.

Жайық бүгін тағы да анасы мәнзелдес ұйқысынан түс көрмей оянды. Құйтымдай кезінде, «Түсті қалай көресіңдер? Түстің түсі қандай өзі?» деген сұрағына шанбайтын. Көрбалалық ой. Есейді, ессіз емес... Енді нанды. Түс көрмей ұйқыңнан ояну – шешесінің жатырында шетінеп кеткен шақалық зәлітті. Әкесі Сары ажал көпшігіне бас  қойғанына он жылға таяпты. 

Әкесінің  өкпесі үштен төрт бөлігін қатерлі ісік дендеп жатып қалғанда, астына төселген ақжаймасына (айбықадам Сақина апасының әкеп берген) Жайықтың түнде қаси-қаси сүдінсіз терісін жарып шыққан қан сіңіп, қатып қалыпты. «Әкем ауырғанда қан жұқпаған, әжемнен қалған ақжаймаға менің қаным сіңгені – айбоз, абұйырлы ісі емес» деп ойлады. Бас жағында Отар Чиладзенің қып-қызыл жалқындаған кітабы жатыр. Зер салса, кеуіп қалған қан мен мұқабаның түсі тең. Кітапты әрі ысырыңқырап, ал қызыл қанжайманы жууға жинап алды. Қоңсы исі сасыған жатақтағы көршісін оятып алмауға емеусін етіп, шабандап бөлмеден шығып кетті. Бірін-бірі көсіп сабағандай болған қап-қара шашты баспай, қол жуатын жерден қызыл шылапшынға су толтырды. Шалғай Оралдан Алматыға нән шылапшынды алып келгеніне ыза болды. Садақтың адырнасындай иілген шылапшынға кір жуып, төге салса бір жөн... Салтақ суды шайқап төккен сайын, басы бірге айналатыны неткен азап еді. Кір суды төгуге  оқталғанда, денесінде бір тыртығы, жарасы жоқ қыздардың шашы ұңғыны бітеп тастапты. Іштей сасып, бетін басайын десе, қолы күс-күс. Өңі қуып тұрса да, жалғыз аллергия шықпай, маса шақпаған бет-әлпетін кір жуған қолымен ұстағысы келмей, шаш араласқан суға қарап отыра берді.

Ойға шомып, сумен бірге айналған шашқа қарап отырғанда есік тарс ете қалды. Есіктің тарсылынан емес, өз ойынан үріккен Жайық абайсызда саласыз, қысқа, қисық, тырнағы жоқ қолымен бетін басып қалды. Абырой болғанда су ағып кетіпті. Есін жиып, есікті ашып қалса, көрші бөлмедегі қоңсыз қыз тұр.

– Әпке, шай қайнатымдай уақыт емес, сіз шыққанша мен екі рет қой қайырып келетін уақыт болды, – Жайықты кірген-шыққанын бақылап жүрген көрімтал екен. – Айсоқты адамдай не істеп отырсыз? Дәрет сындырып, қақыратын жерге осыншама шет отырғаныңыз қай сасқаныңыз?! Жұмыс істемейсіз, сарыжалқынданып атқан күнмен бірге оянбай, шаруасы шаш етектен асатын адамдар жуынып-шайынып кеткеннен кейін де ептеп тұруға болады ғой, тегі, – деп титімдей қыздың өзіне төске шауып, заржақтанған айқайына емес, қолы ашық қалып, аллергиясын көріп қойды ма деп сасып, маңдайынан тер ыршып түсті. Жарғақ қызға бір қарады, асығып тұрса керек, мән бермепті. Әншейінде өзінен бас асырмайтын Жайық – шылапшынды иегеніне дейін тақап, бөлмеге кіріп кетті. Артынан естіртіп сөйлеп, тізесін тістеген иттей болып, көзін ақшел басқан қыз қалды.

Жасы отыз үшке келген ол – суішерлік ғұмырында тығылыспақ ойнауға жарамай бара жатқанын сезді. Басы кеудесіне домалап, ішке кірсе мықымы май, майбөксе,  сүмбілдей ұйысқан шашын тістеп, кеңелес көрші қыз жарты айнаға тесіліп, майтоқаш сұрқын опа-далап жағып отыр. «Сүйікті етші» деген әнге қосыла, енесін жоқтаған қодық құсап аңырады. Құдды Микеланджелодай қылқаламын біресе күнгей, біресе теріскей жаққа сілтеп, көзін сызды. «Беті-аузын жумай, әрлей беретін не әдет өзі?» деп ымын білдірмей, емеурін етті. Жайық шылапшынды тарсылдатып, тақтының астына лақтырып жібергені сол,  иесінің бұлданғанынана жауап болсын дегендей, бәкене жерге симай, ұзақ айналып тоқтады. 

Төрт жыл бойы бейкеспір шүйкебастармен бейқұт ғұмыры – бейнәм жерге  егін еккендей. Бейберекет керкеуде қыздардың сылып-сылып басқан жүрістеріне дейін кеспірсіз еді. Белсызығы екі метрден астам бір қуыс жерге сиып жүргеніне – шүкіршілігін тастамайды. Бөлмені іші түтігі шыққан шырайсыз киімдей шашқа толғанымен қоймай, кітаптар да  добыраған шашқа көміліпті. Аспай-саспай «әпшелеп» сытылып кететін қыздың бұ қылығына Жайық сабырлық таныта алмады. Айнақұмар қыз бала былшығын сүрттпей, үйді малдың жаппасымен майлаған іспетті бетін сылап отырғанын аңдып, түндегі қотырдан кейінгі аллергиясын көрсетпей, қара сия тиген бегімсал ақ жемпірінің басын сұғып, киіп алды. Өз ақылы басынан аспаған адам, бір мүшел кіші бойжеткенге не айтады? Биттей қаптаған жын қойсын ба! Ақ сайтаны ұстап, баяғы әдетіне басты.

– Менің кітаптарымның үстіне салақ-олақ заттарыңызды қоймаңыз! – ныспысын ұмытып, сен деп жекіре алмай. – Ыңылдаған, ысылдаған сарнауықтың дауысын басып, тиыш отырсаңыз игі болар еді, – қолының дірілдеген сездірмей, тілін бастықтырмай сенімді адамша сөйледі. Айқайлап сөйлеп, екі беті нарттай қызарып, не айтқанын таразылаған сайын, башпайшықтан басына дейін қалтырайтын әдеті бар. «Бұл не деген Дон Кихот Ламанчский сияқты батыркештену!»  деп іштей басылды. Ержеңдеп қарны тойынған адам ұқсын ба, Жайық ашуланса, аллергиясы қозатынын білгендей қытығына тиіп, жерге шашын жайып, тарай бастады. Белуарына келетін толқындай қара шаш терезеден келген аңзақ желмен әр бұрышқа ұшты. Үстін тырнап, байыз таппайтынын ескеріп, аядай бөлмедегі әрлі-берлі ұшқан шашқа қарап аңтарылды. Адамды саудыра күнелтіп жүрген аяр қырықжеті Жайыққа қарап:

– Әпше, өй, апасы, әбілеттей атылып не көрінді? Маған бажайлай қылап қараңыз!  Сіз ойлағадай қауқабас емеспін, – ажарының бір жағы торланбай қалған жүн шұлықтай болып. – Егер базынаңызды айта берсеңіз, жатақтың қоңқайған қатындарына сіздің тұла бойыңыз тұрған жара екенін, тағы 2001 емес ішінде «тоқсан бір» деген келімді жазылған жасыл куәлігіңіз бар екенін жарықтың жылдамдығынан бұрын айтып беремін. Бұл жерге бөлек-салақ адам кіргізе бермейді. Так ышто, божылдай бермей, бүкір жатып, шүкір айтып отыра береңіз, – не істер екен дегендей бір көзі айнада, екінші көзін  Жайыққа аударып отыра берді. «Мына көнтақым қалай біліп алған? Білсе де, білмегендей болып,  жайқуат отырған ба? Мен қашаннан бері «бөлек» адаммын?!» деп темір төсекке отырды.  

Көкіман қыз кетті! Жайық бөлмеде оңаша қалды. Әбден титықтатып бітірген көрер күні осы болған соң ба, Оралға сағынышы шикі өкпенің махаббатындай маздады. Күні бойы жалғызілікті болып, бөлмеде сопайып жүретін есіне түскені сол-ақ, белдемпая жерге ақсүйек түскендей масаттанды. Алматының сарыжалқындаған күннің қызуы бөлмені емес, төбеңді балқытып жіберердей. Осындай қапырық ыстықта үстіндегі аллергиясын жасырып, қышытпайтын жемпір кигеніне тағы ызаланды. Буырқанған көңіл, ыпшып шыққан тері аллергияны қоздырмай қоймады. Ол лезде есікті кілттеп, киімін шешіп, үстін тырнай бастады. «Бізді ысып, илеуге ұмыттың ба?» дегендей репетсіз терісі ғырт-ғырт деп дыбыс білдіргендей болды. Армансыз жерді тырмауышпен тырмалағандай, айызы қанғанша тырнай берді. Тырнай берді... 

Біреуі періштесі, бірі азғырар ібілістей болған екі жақ қолындағы аллергияны кезек-кезек жара болғанша қаси берді. Бір кезде терісі қызарып, бөрте бастады. Тәңірдің дегені болды, мөлдіріп қан білінді. Өзі бір ағындап ақпайды, бір жерде томсырайып тұра қалды. Әйелғара адамға бұдан асқан қандай бақыт керек! Оң қолын ербеңдетіп жауырына апарды. Молтақ қолы арқасына жетпей, Қытай қаламсабын нығыздап ұстап, тағы қаси бастады. Қара сия аузы ашылған жараны күйдіріп әкетті. Жайық ілкімей, қаси берді. Арқасы қызды-ау дегенде бас бармақ пен балан үйрек саусағын қосып тырнады. Кенет саусақтары жылы дымқыл сезгенде, зәуметте саусағын арасын қараса, кір мен қан тырнақтың арасында бықсып жатыр. Қайта жемпірін кейіп, сенеде тұрған сасық қара сабынмен уқалап қолын жуды. Жаманқатты, жуған сайын тырнақтың астынан егін орып жатқандай қан мен кір шыға берді. Қап-қара сабынға  бес саусағын тырмалап жіберіп, сасық иістен өздері қашып шығар деп ойлап, біраз ұстады. Басынан таяқ арылмаған кісі, таяққа да үйренеді ғой. Жуа-жуа капилляр тамыр жіптіктей жіңішкеріп, терісі болбырап қалды.

Жайық ызадан ба, біреу көріп қоймасын деген елең-алаң көңілден бе, божып, қарақасқасы шықты. Күннен туған күңше емес, бипазданып көпшік тысын ауыстыра бергені сол-ақ еді, есіне алғысы, қасығысы келмейтін сол жақ кеуде тұсындағы аллергиясы тырнауға белгі берді. Таң біліне бастағаннан бері тынып таппай, қабақат кірмінезінің термен бірге араласып шықты ма, мәнін таппай кілт тоқтап қалды. Көпшігінің астындағы Бекет атаның басынан әкелген желбегейді көріп, кеудесіне басты. Неге сақтап жүрген көктегі Тәңір білер, білмес, әйтеуір қазақ шығып кеткісі келмей, тастамай жүр. Орамал тоң да, жол да болмай, омырауға тигізген сайын қышуы маздап әкетіп барады. Жайық беті долданып, бір уыс орамалды басып тұра берді. Ең құрығында қышуы басылғанша, қазан көтеріп тамақ пісіруге кірісті. Оң қолын сол жағындағы кеудесіне апарып,  бір қырып жіберсе, не деген қазап деп ойлады. Үйелмелі-сүйелмелі тете өскен бауырлардай бір жерде қаймалысқан аллергия меселін қайтарды. Осындайда Макиавеллидің қайлақы саясаты көмектеспей, қаймыжықтай ерінін тістеп, қазан-ошақ жаққа бет алды. 

Аяңдап басып, екінші қабатқа көтерілді. Кісі исі келмейді. Борсып қоңыр қоқыс шелек тұр. Ішіне мұнтаздай таза күрішті лақтырып тастапты. Қазмойынды, ашаңдау келген, ортан терек пен шылдыр шүмектің арасына құйтымдай сызықша қойып, «1933», «1937» санды өрнектеп жазып қойған қыз бала келіп, сәбізді жони бастады.  Жайықтың бір кезде денесі қызып, кеудесіндегі аллергиясы қаймыжықтанып қанай бастағандай елестеді. Тәбеті қашып, лоқсып, жүрек айнып, көзі қарауытып, қақолдың оспадар сөзін айтып, ес жиды. Айналасын шолса, ештеңе болмағандай ас бөлмеде адамдар екі аяғын иығына тірей, қалта жәшікке телміре бел босатып, тамақ асап отыр. Жайық әбден қақсалданған сүйектей боп бөлмесіне оралды.

Пиндөштен1 сатып алған нән жанан кәсеге қара шай салып, қоюдан сіміре ішті. Шәй ішті деп айту үшін ішетін болса керек, тәтті жемегелі бір сәбидің әріп танитындай уақыт өткен. Жарқ-жұрқ еткен парсының алашасындай қияпатты тәттілерден қасынан бірде кідіріп, бірде атын әрі салатын әдеті бар. Шәй ішіп отырып, жұмыр басты орыстың басынан басқасын бәрін сататын сұмбазарға кірген күнін еске алды. 

Ырғын адам толған тәттілер сататын жақта қаптың түбін қағып базарқан шыр-пыр болып жүр екен. Жайықтың көзі ызғын дөңкелек, он бала тапқан әйелдей болған  қоңды тоқаштарға түсті. Сәбіз алам да шығам деген ол – байыз тауып тұра алмады. Бұтын көтеріп, алтыннан саусағы ісіп, құлағы салбырап кеткен мықыр әйелді қолын сермеп шақырам дегенде, байқұт, жарық өшті де қалды. Қара көкірек саудашы, артымен жүзіп, қайдан жаққаны белгісіз, зып етіп саңылаудан жарық түсірді.  Екі иығы кексеңдеп, Отырарды алғандай керік-керік күліп қояды өзі. Көзді қышытатын тәттілердің қара көлеңкелеу жерде саргідірленіп қалған әйелдің өңі зәттес кеспірсіздігін көріп, миығынан мырс етті. Қарамықтанып көрінбей тұрған көкталақ жерге сылқ құлады. Көз алдына  ағаштың басына тізілген торғайдай боп осы көрініс келгенде, құр шәйді алаңсыз сораптай берді.

Шалшық түстен сиыр түске дейін кітап оқып, әлденіп, кейіпкердің ұзын сонар монологы кезінде аллергиясы есіне түсіп қоятыны болмаса, әбігерге салмады. Сәске түстен күн төбеге келгеннің арасына ас ішіп, бойына қан жүгіртпекші болды. Өзінен басқаның бәрі мұрнынан қан аққанша кептілісте шабақ балық сияқты қақталып тұрғандай елестейтін. Шошалаға құрығанда шайнамаға бірдеңе пісіру үшін кіргенде, қарамықтанып көрінетін жан баласы жоқ. Біреу күйелеш болған қазанын төңкеріп кетіпті. Қарап жүрмей, кері аударып, қақпағын сығырайтып ашық қалдырды. Тоңазып тұрған жерден етті алып, торғайдың жеміндей етіп турады. Бөлмедегі шаштан жиіркеніп, азығын тоңазтқышқа салып қойса керек, «Әбеқоңырдың тоңмайына тиіспеңдер! Тәңір көріп тұр!» деп жазылған қиқымдай бетті тоңмайға жапсырып, қырыққабат, пияз, айқауын2, тіпті болбыраған сәбізге дейін жымқырып кетіпті. Жайық қарғағыш емес-ті. Тоңмайды бірге алып кетпегеніне налып, екі жақ белуарындағы жарасын қыши берді. Беріштеніп без болған іске қолын бір сермеп, шырпымен от тұтатты. Пияз тоңмайға шыжғырылып жатқанда, қасынан бір аяққап арқалай, аршын басып, «Менде нөл» өлеңін сырнайлата ер адам өте шықты. Жайық ертеңнен қалмай бәлніске барып, бой бағаға пәтуа қылғаны.

Бипаз, бейпіл қабақ аңдыса сөйлеп, емханада құралпы қария мен ақжаулық отыр екен.  Жайыққа ескі иіс таныс еді. Бұрындары емханаға талай келіп, талай кеткен. Бүгін қан алғыш емес, қан бергіш дімкәс бимағлұм адам. Сақалы да, мұрты жоқ шашы кіршілдеу, қабағы кіртиіңкі, мойыны құнжиған ақсақал – қимылы мәнжу, әлпеті можа-можа, «Иә, пәруардігер!» деп күбірлей отырған кемпіріне сағыздай созылып әңгіме айтып отыр.

– Ә, бәйбіше! Әбас дей ме, Ақбас дей меБір кинорежиссер бар еді. Өзінің тегі де қиын, К... қалай еді әлгі... Ұмытып отырмын. Жә, режиссерге есім не керек, мен Қираған деймін. Сол Ақбастың фильмдерінде бойын тұмардай сақтаған кейіпкерлер сайлы садақбоз жерлерді аралайды да жүреді. Жастау кезімде Ақжайықтың Сарытоғай деген ауылында болып едім. Атын кім қойсада, мәш қойыпты. Шіркін, Сарытоғай десе, Сарытоғай ғой! Жайықтың жағасына тиіп тұр. Малға кедей болмаса, енді өзен мен тоғайы бір-бірін сүйіп қосылған Мариус пен Козеттадай көркем. Сарытоғай – сырын бұғып жатқан, балакіс көп алтын мекен!. Ақбастың шырт етіп камерасына түскен жерлер сол жақта да бар. Осы біздің кинотүсіргіштер Әфрикаға бір, Әмірикаға екі алданып ел-жұртқа ажуа болғанша, аяқ жетер Жайықтың арғы бетінде жатқан сол тоғайда неге түсірмейді-ей?! – деп мосқал қария кемпіріне сұраулы көзбен қарап қояды. Кемпірі сырқырауық сыриған саусақтарын сипап жіберіп, сіртақа орамалын тарта, үндемей отыра берді. 

Бір кезде 452-нөмірлі орыс әйелдің дауысы заржақтана айқалап шақырды. Жайықтың дәрігерге кіретін кезегі екен. Мимырт қимылдап, кабинетке қарай ұмтылды. Есікті ашса, айпарадай бір әйел үстел үстінде бетін жауып отыр. Ол аяғынан барған қонақ секілді не істерін білмей, екі қолын айқастырып табалдырықта тұрып қалды. Дәрігер «Осы еркекшорадан құтыла алмаяқ қойдық қой» дегендей қолын ербеңдетіп, солғын бас изеді. Жайық та оның адам күнін аяп, әлпетсіз сөмкесін ілгішке ілді. Отырған әйел шәй деспетен, компьютерге жатқа білетін есім-сойды тере бастады. 

– Иә, Жайық бұл жолы қай жерің қышып жатыр? –  әзіл сөйлегенімен, кекесін екенін білдіріп. – Тамақты талғап жеп, менің айтқанымды бажалайлап жүрсің бе, ә? Киіміңді шеш, аллергияның әуселесін қарап жіберейін, – ол ышқырын түсіріп, жеңін ашты. –  Апельсин, лимон, ақ тәтті жеуге болмайтыны есіңде ғой, иә?  – сары әйел шет пұшпақтап тергеуді бастап кетті. Жайық оны жегісі келсе де, алатын емес... – Кіріңді езіп, қырып жүген секілдісің, құрғақтанып кетіпті, – айлабұйымға салып, қып-қызыл тырнағының ұшымен Жайықтың қолын әрі-бері төңкерді.

– Үстім күстеніп кір болған сайын қыши береді. Ең құрығанда, байыз тапсын деп бір жеті бұрын жуындым. 

– Әйтеуір мен берген маңыраманың майын жағып жүрсің бе? – деп Жайыққа көзін аударды.

–  ... май үшін жатақта күнде айқай. Мұрын тұрмақ, бас сіркеңді қашырып жіберетін мүңсік жарауқұсақтың ішмайына бауыр басыппын. Басқа адамдар ше?.. Олар менімен шерлес те, бастас та емес...

– Не үшін?! – деп дәрігер бытқынауға шақ қалды.

– Олар бұл майды мен тамаққа қосып жейді деп ойлап жүр,– еріксіз күліп қоя жаздап. – Менің шын ныспымды, туған жылымды, үстімде шеңгелдей жабысқан аллергия барын да білмейді, – деп қысқа қайырды.

– Айту керек! Бұны іштен тынып жасыра алмайсың. Бөрткендей қызарып, желшешектей ұшып бүкіл денеге шыққанда кеш болады. Ішегің айналып, қанап, көтеу боласың!

– Айтсам, біреудің хатына ілігіп кетем бе деген күпті көңіл маза бермейді. Үштағандап қуып шықса не істемекпін? Үш айдан кейін диплом қорғаймын. Соған дейін шай деспей үркесоқтап бөлек жүрем, – ұялы көзін төмен салып. – Баяс Кайзерқызы, сізге мен мұңымды шағып, базына айтуға келмедім. Аллергияның әңгіртаяқ ойынына үйрендік қой. Тәңір жарылқаса, мен еліме – Оралға қайтпақ  ниетім бар. Сізге осы уақытқа дейін сан рет оқталып, қоя алмаған сауалымды ала келдім. Сұрайын дегенім... енді... ана...білу керек... –    бетіне түскен шашын құлағына қыстырып. – Осы аллергияның себебі не? – деп әбден  түсіп, арасы шанжағай болған шашын сипады. 

Дәрігердің сығырайған көзі баданадай бақырайып, қарашағы бері қарай домалап түсе жаздады. Аң-таң, байпаң қимылы ширалайын деді. Жайыққа бақайдан қағып, басынан бағын тайдырғандай тесіле қарады.

– Ақ Жайық, қарағым, бұрын былай себепшіл емес едің! Бұл ауру – аяғы шырмалған ерлі-байлы әйел сияқты. Аузы іріп, азынай береді. Мына жалғанда ауру көп-ақ, алдыңғы арбаның дөңгелегін кім іздеп жүрер дейсің, – демін ішке тартып, ауыр күрсініп. – Саған қазір қытымыр әйелдің келген мейманға «Тезірек кетсінші» деп шайды шынаяқтың ернеуіне дейін толтырғандай анализ жазып берсем, тапсырмайсың. Бізде оған ақша бөлінбеген, – «Өзің де тірі жанның тірлігін жасап, жұмысты та істемейсің» дегендей көзін әкетіп, көңілін бармағына қыстырғанын Жайық сезе қалды.

– Жарайды енді, Баяс Кайзерқызы. Мына аллергия Оралдың ашулы жаңбырынан кейінгі балшығы зәттес бауырмал, жабысып алып, кетпей қойды. Басымды ауыртып, балтырымды сыздатса да, осы бір құрғырға қош дегім келмейді. Мен сізге келмес едім... Әттең, аллергия мен күткен жерге де жетті. Өзіңіз топшылап отырған шығарсыз... – мәймөңкелеп бірдеңе естірткендей болды. Дәрігер де адыраңдап, көрер күнің осы дегендей әлгінде кіріп келгенде терісі құрғап, базданған иіс сезген еді.

– Мен сені сонау 2011 жылдан бері  Ақжайықтан танимын. Міне, сырқат тарихыңда менің мөрім тұр. Маған әуірің басылмай ойнақтап келген едің. Сол кезде айтқанмын, осылай болатынын. Табаның қанамаса да, басыңа тас тиген болар. Гинекологқа жіберейін, егер қаласың... Басқа амал жоқ, – ол үнсіз. Иә яки жоқ демеді. – Негізі сенің тұстастарыңның көбіне аллергия жатыр мойынына ұя салып үлгерді ғой. Жаналақай неме!. Олар енді бала тапқан әйел. Гиппократтың антын қабылдағаныма бақандай жиырма жыл өтіпті.  Себебін біле алмадым, – қолындағы  қаламсап пен кетіргішті бестас ойнағандай бір-біріне ұрғылай берді. – Сен осы абайсызда цитрус жемістер: апельсин, лимон, алма жеп қойған жоқсың ба? Сенің қарныңа жәркөп жәзит, – себебін білмей тұра әлгінде ғана қойған сұрағын тағы қайталады. Жайық себепті өзінен аулаққа ұстап, «Жоқ» деп селқос айта салды. 

Оның төнеукүні ұраңқайға қасына көшіп келген жадау жүзді, терісінен сүйегі бері шығып кетердей, шашы сирек, бойы мықыр, бала болып, желігіп жүретін балғын жаста, сіңірі созылған кейуанадай қыздың көшіп келген күні есіне түсті. Ол кезде кітаптың шетіне һашия жазып отырған.  Бір уыс қыздың үлдіреген шабанданын көтере алмай жатқанын көріп, аяғын артып, ептесіп жіберді. Әрі құла десең бері құлайтын үйлесі – көшіп келген қыздың шабанданын аттап кете барды. «Бауыры қатты неме» деп айтуға оқтала  бергенде, әлгінде боғы ақтарылғаны есіне түсіп, үнсіз қалды. Буға семіріп жүрген бітеу ас адам оның сөзін бұйым демейді де. Аузына мәсуекті салып жіберіп, жан-жағына тамақтың түйіршіктерін түкіріп, кете барды.

Әлгінде келген қыз бала ілби басып бөлмеге әрең орналасты. Атыма затым сай болсын деді ме екен, қақшитып жинаған дүниесі уыздай ұйыды да қалды. Кітап оқып отырғандай болып, көздің қиығын сол жаққа тастады. Қимылы тым саябыр. Шабан-шардақ, буыны ақсаған, шар тартқан ақсақалдай арасында ыңырсып қояды. «Үннен қалған үндемес екен»  деп ойлады. Ағаштөсекке отырды. Титімдей бүрме ауызы гүбірлейгендей болды. Бақса, үстіне лыпаны жамай беріпті.  Өзінен-өзі бұрсанып қырыққабат киімін шеше бастады. Жайықтың сыры белгілі. «Жанып тұрған күнде аузынан мәйегі шыққан қыз сонша неге бастан-аяқ оранып алған?» деп күбілжіді. Жалаңқат бесшпетін шешкенде,  ырсиған    денесінің терісі құрғап, жарасы суланып, басынан бақайына дейін аллергия дендеп алыпты. Оқып отырған «Темір театр» (О. Чиладзе) кітабының парағы суланды. Өзі сап-сары сарғайған ескі кітап болса да, кісі қолы тимеген соң су жайыла қоймады. 

– Әпілсін жейсіз бе? – деген бөтен дауыстан ойы үзілді. – Есімім – Гүлжақсы, сіздің ше?

– Жайық. Пейіліңізге алғыс, бірақ маған апельсин жеуге болмайды, – ұркөппе көрінгісі келмей, келте айтты.

– Сізге де жаман кесел кенедей жабысты ма? – қияламай, тура шапқанға Жайықтың жауырыны дірілдеп, біресе тоңазып, енді бірде жанып қоя берді. Бірақ, әкей-үкей  сөз қылатын бөлмеде екеуінен басқа тірі жан жоқ. Өзі де түрсіз емес.

– Иә, несіне бүкпелейін. Білгенге – кейіпте із сайрап жатыр, – кітабын жауып жатып. –  Мен анадан босап шыққалы аллергиясы бар он тоғызды алғаш көруім. Қашан, ұят болмаса, қалай басталды? –  тарпа бас салғанына қызарып, түкірігін ішіне жұтты.

– Еш айыбы жоқ. Құдайға көріме алып кетуге уәзипа етпедім. Аяғымыздың желі де жоқ,  – түрік ерінін жалап жіберіп. – Боқты боталы түйе қып жүрген екі аяқты көп қой. Аңдысып, қиялай шауып кайтемін, – жиырманың белесіне шықпаған жас қызға ырза болғандай, қасына отыруға емеурін етті,  – мен анадан осылай тудым. Әкем... қалай еді...ә, есіме түсті, тұрмығы кесілмеген өзге ұлттан екен. Анам бірмойын қыңғыр адам, әкесінің теріс батасына қарамай сол кісінің шылбырынан жармасып кете барған. Екеуі қол ұстасып, тұнықтал көңілде тау мен тасты кезіп, ірге таппай жүргенде – шыр етіп мен келіппін. Екі жасты аяп, тегі белгісіз біреу шылбыр берген.  Әкем шыбық шаншымайтын, қырсыз, жалқау адам екенін анам кеш түсінген. Шешем байғұс қазақтан басқаға тисем, үріп ішіп, шайқап төгем деп ойлады ма екен, соңында екі жаққа кетіп тынды. Өздігінен өсетін арамшөп қана, мені алты айлығымда суалтып, көшіп-қонып жеткізді. Үстімдегі жараға алғаш мән бермепті. Мен тілсіз болсам да, тірі жанмын. Бесікке бөлегенде жөргек қышытса керек, шыңғырып жылайтын көрінем. Анам менімен бірге азынап, не істерін білмей, дәрітіммен сүрте берген. Берекелі шөпке балап, батыс жақтан жусан алдыртып, ыссы суға қайнатып, мені пісіріп шығарады екен. Қышуы басылғанымен, аллергия кетпей, үстіне иттеме тиген. Осылай екеуміз үйелмелі-сүйелмелі бауырлардай қатар өсіп келеміз, –  деп бірдеңені жасырып, әбзаматта айта шықты.

Мойылдай көзі қызарған, байпаң мінезді қыздың айтқанына нанбады. Жылымжемге алданатын бүркіт қана... Оймақтай кезінен қаптаған аллергия – ақсөңкеленіп теріге біте қайнасып кетеді. Гүлжақсының суланып, сорғалап тұрған жарасы ақсүйректей аппақ. Жайықтың аллергиясындай ақтар көбейіп, ақтулана қоймаған, жалақ жылқыға ұқсамайды, жасы әлі өндірдей, иі бос, көкжақ. 19 жыл теріге таскенедей жабысқан жара – алакүлік адамдай қырсыз, кәртең тартады. Аллергияның шын жасын сұрап, алакүлік сұрай қалса, құлжа қатқан құмағы шығып қалатынын әсте сезіп, іркілді. Екеуі бір-бірінен көз ала, сіңбіріктерін ішіне тартып, табан жазбай бір орында қақшиып отыра берді. Тастай қатты өңсіз денесі тиіп кетпесін деген  ниетте Жайық сынық сүйем әрі ысырылды. Гүлжақсы жас болса да, түйсіксіз болмаса керек, қарыс сүйем жылжи қойды. 

– Қайдан жүрсің? Мен Мақтааралданмын. Менен бір төрт-бес жөргек ерте тоздырған шығарсың? Құпия болмаса, сізге бұл ауру қай уақытта ғашық болды? – Гүлжақсы жымиып үнсіздікті бұзды. 

Неге екені белгісіз, Жайықты ешкім тоқсан бірінші жылға қимайтын. Бойы тайпақ, ажары әзірге қатпарсыз, жанары сұстылау болған соң ба, әйтеуір екі мыңға бір сан қосады. 

– Мен тәуелсіздік жарияламастан үш жұма бұрын, тура сағат 12.00–де дүние жарықты көрдім. Оралдың Сарытоғай ауылынан жүрмін. Оқуға кеш түсті деп ойлайды көбі. Бірақ мен уақытында келдім, – деп әдеттегідей ақтала жөнелді.

– Рас па? –  деп Гүлжақсы екі қолын қасыды. – Менен бір мүшел үлкен екенсіз ғой. Сізді әрі кетсе, жиырманың бесеуіне келген болар деп ойладым. Айып менен... – тоқсан  дегенде, аталы зиыт естігендей  сынықтай болып орнына жайғасты.

– Әдепкі жағдай, еш қысылма! Бой үйренді. Кейде, сырт көз солай ойласа – жаныңа жағады екен. Тоқсан бірмін дегенде ешкім нанбаған соң, кейбір бозөкепелерді шошытпай, екі мың дей саламын, – Гүлжақсының қасынан тұрып кеткенінен бірдеңе сезгендей, ауылдан арқалап келген тақтының ескі жабынын сипалады. – Мен айтсам, мың бір түн жырлаймын ғой. Бірақ мен жадысыз, желбуазға айналған адаммын...

Жөн сұрасып алғаннан кейін, ұзақ уақыт сөйлеспей қойды. Ібілісті алдағандарына екеуі де тоқкөңіл. Осы жерден терапевттің «Жайық» деген сөзі ойын үзді. Үзіле қозғалыс тоқтады. Қолына 221-кабинет деп жазылған шеті жыртық, әбден мүжілген бір уыс қағазды ұстатты. 

Екінші қабатқа көтеріліп, гинекологтың кабинетін іздеп, ұзын дәлізде  сыңар жүріп келеді. Әдетте жыпырлап жүрген адам ақыр заманнан кейін жоғалып кеткендей үн жоқ. Аң-таң... Ешкім жоқтығын пайдаланып, қоңыр бешпентінің жеңін түре сала қасып жіберді. Төрт бұрыштың ішкі екі бұрышына айқыш сызған қыш тақтаның үстінен табанының дыбысы шықпай жүріп келеді. 221 саны көрінер емес. Жан жағы бұлдыр, әйнекілеген кабинеттердің ретті саны бықсып, араласып кеткен. Біреу тапап кетердей,  сененің ернеуіне қарай жылжыды. Толғанайдай толысып, етейген жайпаң, зығырсыз жеңгелер көрінді.  Іздегенім осы болар деп, еркөбектене сол жаққа бет алды. Есіктің сыртына қалыңдықтың гүлтәжіндей айналдыра дәрігердің есім-сойын жазулы. Апы кіріп, күпі шығып, жағы тынбай, акушер көжегі тойған қосетектілерге бірдеңе түсіндіріп әлек. 

– Осы кабинетке бар, бөбекті қалай емізу керектігін түсіндіреді. Күміренбе! Адам күніне түспей, демалыс босанып қалып жатсаң, уатсапқа, «Ұлдай апа, аман-сау жаным қалды» деп жазып жібер, – кекілін қайырып, жанқалтасынан терорамалды алып, маңдай терісін сүртті. –  «Иә, саған өзім жазам», – «Кіші дәрітіңді жинап қой», – «Сені кесар тілігін  жасату үшін порталға қойдым», – деп бақалтақ әйел бие сауымдай аралықта барлығын жайғастырды. 

Акушер Жайықтың қолынан титімдей қағазды алып, ішкері өткізді. Есік қиялап  шапқан аттай ашылып, сықырлап барып жабылды. Кісі екен, ит екен демей, желкесін көрсетіп гинеколог отыр. Сыла бой, апай төс, шомбалдай жауырынды әйелді алғаш көруі. Терезеден түскен жарықтан жүзін бажалай алмады. Желкөзден жел ысқырып тұр.  «Шынында кіретін кезегім бе өзі?» деп қолындағы талонға қарай бергені сол еді, қисық орындықтың шиқылдаған дыбысы естілді. Аңдаса, шашы түскеннен анадайдан асылбілестене жарқылдаған, атжақты ер екен. Үстінде перезе түсті бешпет-шалбар, ат көрпе жастанып отыр. Оң жақ қолын гипістеп қойыпты. Асығы түгел адамдай керіле-созыла әрең қозғалды. Басын изеп, отыруға емеурін етті. Атқан таңдай аппақ ер кісінің әйел қарайтынын басқы көріп, таң  болды. Ілбей басып, жарығырақ, докторға қарама-қарсы жайғасты. Жайық көзін ала бергені сол еді:

– Ныспың Жайық па? 

– Иә – деп немкетті сөйледі.

Еділ, Жайық – екі өзенге тағы бір өзен қосылған ба?– не айтып тұр дегендей Жайық тақырбасқа қарады. – Қайдан жүрсің? Случайно, Тараз жақтан емессің бе? Менімен тұстас екенсің ғой.

– Жоқ, – аламан адамдай келте қайырды. 

– Не істейміз, аларман, жұм ойнамайтын шығармыз. Иә, айта бер. Етек-жеңді қай жасыңда жинадың? Ерлі-байлы әйелсің бе? Бойыңа құрсақ бітті ме? – деп Жайықтың ескі көз танысындай көсілді.

– Сұрақтың жауабы – теріп отырған көк әйнекте жазылып тұр. Барған жерде қайталап сұрай беретін несі! –  деп оның перісі қози түсті.

– «Біз пері деген халықпыз, Періштеден төмендеу» демекші, кісі баласынан сұрағанды жөн көрем, – Жайықтың көңілін алқағысы келіп, әз көтергісі келді ме, жырлап әкетті.

– «Нағыз таза болады, Перизаттың кеудесі». Пері сынды жезкиік еместігім көрініп-ақ тұр, – «Керімін қараш» деп құлағындағы мамықтай сыралғысын сипалап.

– Е, жөргем өмір! – күрсініп. – Онда не үшін келдің? Ерсіремей, емейтайы үзілмеген отыз үште болады екен ... – шоң қолымен жалтыраған басын сипады.

– Өзім келмедім, терапевт жіберді, – «Жүзін салатын мен емес» дегендей қаймақ ернін емірді.

– Осы бірінші қабаттағылар бүткіл жанұяны бір ұяға жиып алып, анда-мұнда тентіретіп қояды. Өздері емдейтін бір ауру, – аржағымен Жайыққа болысқысы келгендей, –мына ақ керегеге кіріп, дайын отыр. 

Жайық әбден тозып, көмескі тартқан, кереге сияқты жазылып, жиналатын бір уыс қаздай аппақ жерге кірді. Терезе жаққа қаратқан нән керует тұр. Біреуі батысқа, екіншісі шығысқа қараған екі аяқты гинекологиялық орынтақты көріп, «Жантық адамдай адыраңдаған нәрсеге әйел адам қалай мініп түседі? Көрпе сияқты төселіп, жиналатын сыпайы бір дүние ойлап таппады ма екен?!» деп әбден састы. Жанында күйелеш табаны қыратын темір сияқты қатты бұйымдар жиналған жып-жинақы үстел тұр. Асқан дүние жоқ. Осыдан он жыл бұрын келсе, үйме қағаздың арасынан ақ халаттыны таппайтын еді. Дәрігердің ақ киімі  аппақ бөлмеде білінбейді. Кенет Жайықтың төрт көзі бөлменің оң және сол жағындағы ілініп тұрған суретке түсті. Оң жағында – әйел жатырының анатомиялық құрылысы. Қауынды қақ ортадан жарғандай сызып-жазып қойған. Бақса, жатырдың екі жағы – пұшпақ ішіктің жеңін жайып, саусақ буынын ішке бүгіп алған жаңа туған сәбидің жұдырығандай екен. Уысына бүкіл тіршілік тарайтын аналық безді көрсетпей бүгіп алған. «Құданың құдыреті, титімдей ғана жатырдан қалайша адам шығады?» деп таң.  Қошқардың басындай болған мүшені – «жатыр денесі» деп жазып қойыпты. Өз жатырын бірінші рет суреттен көргеніне бек риза болды. 

Сол жақ жарда – қошқармүйіз ою өрнегінің сары, жасыл, көк түсті жіптен тоқып, атанымен тысталған кескен тұр. Қос мүйіз ішіне қарай кірігіп, бүгілген сайын жуандай береді. Ортасындағы су арнасын тасып, ағып жатқандай ұзын кескінін – жасылға, көкке қараған жағын – көк түске бояп, гүл торланған. Үстінен әкеліп тағы бір қошқар мүйіз кіріктіріп, екеуінің түйіскен жеріне құсмойынға ұқсас бірнәрсе салған. Картинаны көріп, аузы сараң адамдай тілін  жұтып, елеңдей қалды. Екіесті тұлайланған Жайыққа:

– Жайық өзенінің жұтпасы иіріп әкеткендей ақжемделіп кетіпсің! Жайықты Жайық жұтып қойса, қалай болар екен, ә? – жардағы екі сурет есіне түсті ме екен, – Ақсарыбастың көрсетер нұры мен дәулеті таусылмасын, ырымдап іліп қойдым. Ою-өрнекте  асқақ ғылым жатыр – түйсіксіз емес адамға... Ес болатын ескі құлақ қайда! Жә, жүлгелеспіз, етің ауырласа да айтайын, мына бір үркек түйе сияқтыға қарғы. Бірінші әйел емессің. Тәңір жарылқаса, домбал тоқсан бірлерге 16 желтоқсан «Тәуелсіздіктің құрдастары» деп аялап, айыр құйрықты қарлығаштың суреті бар алты кәсе береді.  Екеумізді еркекжетім-қызжетім етіп, ілестіріп жібермегеніне тәуба! Ақырмаштың ызғар желі соққанша, делқұлылықтан арыл, – деп кеңседеп күлді.

Жайық біртүлі қысыла, не үшін келгенін ұмытып, біресе жарға, біресе дәрігерге қарады. Ол да қарады. Екеуі жекетұр адамдай үнсіз. Жайық екі қолын айқастырып, жебелегін ората, қоясы бар қарынын басып, далаға жөнелді. Ақ бөлмеде ою мен жатырдың арасында тұрған дәрігер, «Мен іздегенім таптым, сен іздеп келген адамсың» деп алшаң басқан қадамына қарап, шығарып салды. Жайық күнқағарын ұмытып кеткенін дәрігер кейін көрді.

Емханадан шаршап жатақжайға келсе, ауызғы бөлмеде мақыра шашылып жатыр. Жанында елбесіп-селбесіп кітаптары тұр. Жаймен жинап, сасыған аяқ киім тізілген сөренің бұрышына қойды. Не болғанын түсінбей, есіктің тұтқасын бұраса, тастай, бүгілмейді бәлем. Кері шығып, кезекші апайды іздеді. Сасық жатақта ешкім тұрмағандай, кісі баласы жоқ. Екінші қабатқа көтеріле бере, кеңгірдегі керілгенше шәңгілдеген әйелдің дауысын естіп келеді. Түлкінің жаутаң  күшігіндей әйелге түсі суық  жараспайды екен. Сонда да кәрлі. Қасында жантық Гүлжақсы тұр. Екеуі жең ұшынан жалғастыра бірдеңе күбірлеп қояды. Жайық ерінін жыбырлатып, сөйлеуге оқталғанда, долы  әйел аузын қағып, сөз жұлып алды.

– Бүгіннен бастап бұл жерде тұрмайсың, – ақбалшығын әрі ысырып. – Өзің байтөбет екенсің... Үндемегенге дұрыс адамға балап жүрсек... Қасындағы қыздар сенің үстіңнен домалақ арыз жазды. Әлімжеттік жасайды екенсің, – Жайықтың оң қолындағы енбауы жуандайын деді. – Ғарап адамға апельсинді бауырсақтың арасына орап, тоңмайға қуырып жесең, жазыласың деп өтірік сапырыпсың. Титімдей қызға қастық қылған естіге жараспас. Істі болғың келмесе, тайып тұр, – деп екі қолын шалғылай сілтеп, күнге күйген сүдіне ақбалшық тамыза қисық қабырғаны олақ-солақ ақтай берді.

Апельсин жемегеніне төрт рет жаз келіп, төртінші рет қыс түсейін деп отыр. «Апырай, бауырсақ пен сарыжалқынды қуыру кімнің шайтан ойыны?» деп жүрегі қарайды. Шашы добырап, қолы төбеге аршын жетпей тұрған әйелге шәй деспей бөлмеге бет алды.

Келсе, есік ашық. Бөлме іші астаң-кестең. Гүлжақсы саспай сүтке піскен сыркүріш жеп отыр. Ағаш төсектің айналасы, терезенің жақтауы апельсин қабығына үйіліп тұр. Оны көріп, ұшып түсіп, қабықтарды жинай берді. Бірде қимылын кілт тоқтатып, күлдәрімен буған белін жазып, Жайыққа жайғабыс аяңдады. Қолында қызараңдап бірдеңе білінеді. Жаздың сарша тамызынан өңі кесперсіз, еті оязданып кетіпті. 

– Ғайыперен түсіме енді, әпке. Дағыра даңғырлатып, таяқшасымен мені ұрды. Сізді көгертуге келген екен, бақытыңызға орай екі мүйізді адамның қасында болыпсыз. Тырнағын батыруға  батылы жетпепті. Түсім үшін сізден өш алдым, – жын соққандай жыламсырап. – Қамырықтас адаммен бір бөлмеде тұрып, желегімді желбіретіп көшіп-қонып та жүре алмаймын. Сіздің көк етіңіз үйренген. Маған қағажытып бөлек шығарған ұнамайды. Жаркелеш адам не істемейді. Ұзатылар үйге қотыры бар қыздың жасауы емес, әсте «тұл отауы» баратыны өзіңе аянСол жаққа қарай жүгіргім келеді де тұрады, – деп домалық, былжыраған ауыр зат ұстатты. Алақанын жазса, наны жылбысқыланып, апельсині күйіп, езілген бірдеңені көрінді. Қотыр пері оянып, ызыңдай денесі қышып, басы айналды. Қасуға шамасы келмей, кіреберіс есікті әрең ашты. Тынысы тарылып, көзі үлпершектей ісіп, қолы ербеңдеп, дидарын жылы ауаға тосып,  аяғын тепкілей шылапшынын тауып алды. Нән шылапшынға біреу су толтырып қойыпты. Киім шешпестен гүмп етті. Ернеуінен тасып, жан-жаққа төгілген сумен бірге ұйықтап кетіпті. Көзін ашса, Жайық Оралда Мұрат Мөңкеұлы көшесінде жылыланып отыр.

Өңім ма ақ түсім ма дегендей, әнтек бетін шымшып еді, ауырып кетті, өңі екен. «Ақсарбас, ет пісірім уақыт бұрын әл-Фараби көшесінде едім. Қалай болды...» деп, өңешін жыртып, үн естірткісі келді. Көкпеңбек шарыққа қараса, екі бұлт аймаласып, бір-бірін өбіп тұр. Қасында сақалы белуарына түсіп, екі бұлтқа іштегі қыжылы сырт көрінген Одиссия қарап тұрғандай. Мұндай ақшаң бұлттың сырына қанық. Жан-жағына көз салды. Жік жазбай, шұбырып жүрген бұғанасы қатпағандар қызыл ту ойнап жүр. Томашаторғайдай егіз қыздың біреуі жылап, сұқ саусағын сорып тұрған сыңарынан қашып барады. Анасына, «Ол қалсын, бізбен бармайды» деп шыңғырды. Анадай жерде Жұбан кітапханасының алдында адам өріп жүр. Қуанып, желбегейлеп жетіп барса, құрылысшылар жол төсеп жүр. Қуанышы су сепкендей басылып, гүбір-гүбір әңгіме айтып отырған екі адамға құлағын тосты.

– Тарихта Томирис есімді бір ұрғашы бар еді ғой. Кеше осы Карев үйінің алдында сол қатынның киімін киген қыз бен ақ бешпетті жігіт фотоға түскен. Тойға лаптори жасағысы келген дей ме бірдеңе. Осы бір көне ғимаратты неменеге алдағандай қылады? Түсінбеймін... Қиратып, басқа дүние салу керек қой, әкеңді ... – зертас құрағандай жұмсақ тасты құмға салды. – Содан екеуі қос аққудай, әрлі-берлі ырғалып түрлі көрініс қойған. Енді бітті- ау дегенде, таяғын сүйреп, қыр етсіз көк-сары адам жолдарын кесіп өтіпті. Өзі де көріп тұрып, нағып сол жаққа ентелеген. Айналып өтпеді ме екен, – ұзақ отырғаннан құяң ауру шыдатпай, тұрып сөйлей. – Содан жастар ырымшыл болса керек. Ойбайға салып, саңдарын соғып, қалыңдық, «Келімді бейнені бұзды» деп солқылдап жылаған. 

– Қасқа-ау, екінші рет шырт еткізіп түсе қоямай ма?. Сонша кеще емес шығар, – жолдасы шыдамай. – Ақ тұш, ақ сиырдың сүтін іш! – түшкіргенге ақ тілек жаудырып үлгерді.

– Алдын сары бәле кесіп өткен сурет – өте реңді шыққан. Қазір істетика, ғистетикані сылтауратып, бұрынғы молдалар рәуіштес теріс оқытып жүрген болар, әкеңді ұрайындар. Сен айтқандай екі рет емес, мың рет түсірген. Шықпапты. Байғұс қыз азынап, әкесіне барған. Ол беті қалың, терісі тар дөкей болса керек. «Жас ұяшықтың шаңырағын бұзды» деп, ана пақырдың қау табаны тиген жердің бәрін бұзып, қайта салуға бұйрық еткен. Енді сен екеуміз ыстетиканың арқасында нан тауып отырмыз, – деп екі талқандас ақылшайласып, тасты теріше илеп, төсей берді.

– Ана кемталайды тидеағашқа салып, айран ұйытқандай  жазым етпеген бе?

– Өй, ол бүгін-ертең арулауға бөз матасын пішіп жүрген телпиген біреу. Туған-ауғанын білмейтін екіесті. Жетімек, ілерге тұяқ, жүрсе ізі жоқ. «Көп ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болар» деген мақал бар ғой. Өздерінше бірігіп, «моралдық залал, қиянат қылды» деп жай тоғыз өндіріп алмақшы болыпты. Сөйтсе ділі, тілі басқа екен. Қазақтың ырым-тыйымын ұрсын ба?. Керқайсаңдай тезатар тергеген. «Неге айналып өтпей, кес-кестеп өттің? – «Күнде сол бұлтақ жолды жағалап, аптекке барам. Басқа жолдың бәрі тас, таяғым тірелмейді», – деп ақталыпты. Байғұс, жан тәтті, қайтсін енді! Бір жағынан ана жерімістің текелік қылғаны жақсы болды. Хәмлет айтқандай, «шоқалақ, жөндекі жол» тегістеліп қалды. Бұл жол да жылтырып жатады. Текешоқырақ жүріп өте алмайтын бұ жерде, ана тегі бөлек қай жерді тіреп жүреді екен енді? Тақыс өмір-ай! – деп демін баяу ішіне тартты.

Жайық қызыл жолақтан аспай кетіп қалды.  Сол жерден жетіге мініп, қалтасы тесік болса да талкөшке жаққа тартып тұрды. Аутобус іші – толған тамашашыл жастар. Кебіс киер сәті жақын, сүйегі кеуіп кеткен кейуана отыр. Бажайлайса, орамалын артқа бүгіп тартқан. Балаларға қарап қояды. Білегіне уақ сіркеленген күміс  білезік таққан. Шашқа жабысқан сірке сияқты күн сәулесіне жалт-жұлт етіп қояды. Әжей айналасын сыртаңқыр шолып келеді. Ойқы-шойқы жолдан өтіп, Құрманғазы көшесі бойындағы талкөшке аялдамасына сыр етіп тоқтай қалды. Кейуана сымбыл таяғын сүйретіп, шопырға: 

– Балам, осы Әктәбрскідегі базардан асып кетпедік пе? Көтеніңді тесетін жолдан сүркекте кесіп өтпейтін едік, – сәркестей саусақтарын бірін-біріне түйістірді.

– Апа, сіз сұраған көшенің аты ауысқалы қай заман... Ол Қазір «Мұхит көшесі» деп өзгерді ғой. Мана дауыстап хабарлады. – сүйексалды сөйлеп. – Осы Құрманғазы көшесінен түсе салыңыз, әрі қарай ептеп жаяу жетесіз.

Ебесін әйел түсерін яки түспесін білмей ұзақ тұрды. Маңдайына сусылдап түсе беретін желбейгейін көтеріп, тәпішкесін сүйрей орнына жайғасты. Мамаағашқа аңтарып қоятын жылқы емес, «Жаяу жүрмес үшін, кері айналғанда бағзы Октябрский көшесінен түсетін болар. Көк жамбас, баяғы көк жамбас» деп ойлап, есігін тарсылдатып, заңбас шопыр кетіп барады. 

Жайық жетіден түскен соң талкөшкеге бет алды. Кіреберісте, «Әпелсақ аламыз. Әпелсақ аламыз» деп бір суықбас деңгенедей әйел кеңірдегі кепкенше суырыла айқайлап тұр. Таңсық сөзге елең еттті. Қасына барды. Дүңгіршіктің аты – «Субстанция» деп қат жазып, төбесі сәргермен көлегейленген. Өңі қу, ақжемдеу келіншек қасындағы әйелге сөз қашырып тұр. Күлсары сөреге тізілген. Қолын қоңыр бешпентінің қалтасына салып, көзәйнегін алды. Анықтап қараса, Гүлжақсы бауырсақтың ішіне орап қуырған апельсин сатып тұр. Таудан қашып, құмаға келсе де осы бір түсініксіз нәрседен құтыламай-ақ қойды. Сатушыдан не екенін, қайдан келгенін сұраса, сөзбұйдалап ештеңе айтпады. 

– «Сояр көбейсін!» деп ырымын жасап, біреуін сатып алсаңыз айтам, – қырсығып тұрып алды. Жайық қақын сұрауға батылы жетпей, үндемеді. – Өзің бір сортақым адам екенсің. Сөз сырғасын білетін адамға ұқсатып айтып едім. Саған сорлы қабырғада жоқ! – деп ашуға мініп, сенге басып, көз тырнауға барды.

Жайық әрлі-берлі ләйліп, сәмсірек жүрді де қойды. «Апельсиннің бірінші буыны – «апелге» бауырсақтың  соңғы буыны – «сақты» жалғап «әпелсақ» деп құраған жаңа сөзжасамға енді миы жетті. Әрегідік субстанциямен байланысын ойлап, ойға шомып тұрғанда зауым адам қаптады. Бітінә әйел сегізаяқ сияқты сәуекке он шақты әпелсақты толтырып, бақайына сүрініп жүр. Түс ауып барады. Жертеспей жер Тәңірісі болған сәдірмек адамдар ашқаратанып, күйкі сөл мен шанжау майға, болмашыға дайласып жатыр. «Көгентойды осылай тойламайды, көдектер нағыз!» деп Жайықтың жүрегі түгіл, көзі айныды. Іші құжылдап, құсайын десе – асқазаны бос. Запыран шықпаған соң, түкіріп жіберді. Бекбике әйел сасық жындай сасығыттан түскен тиынын санап отыр. Жайық балаша қуанып, қаңбақтай ұшып жүрген әйелге қарай жүгірді. Осы кезде ауырлап тұрған денесі шоқтай маздап, құстай ұшты. «Сарыпісірекке зар бол!» деп сөрені қиратып, әпелсақтарды әпей-тәпей қылып, биттей сықты. Сартөсектеніп жатып қалған әкесін мұңдағандай әйел бақырып жүр. Жайық қарар емес. Жерге түскен сарыкөбектей дара әпелсақты қойнына тығып, «субстанция» деген жазуды жұлып алып, қаша жөнелді. «Темірторда әсір боласың! Бесікке саларың болмасын! Әтекке байға шық!» деп сарнамалаған бақсыдай болып, зар еңіреп әйел қалды. «Ақ сүйек жұтта олар емес, байбарақ ата-бабаң қырылу керек еді, дәнекүс. Зектен шығып, закүншісін қараш. Инақ етіп  сенің еріңді тартар...» деп Жайық алды-артына қарамай, демі құрып, ерғаштыланса да желтабандай қашып келеді. Қашып келеді...

Бір бауырлық жүгіргеннен, үйіне жетті. Жайық бейқамал тоңмайы қатып қалған әпелсақты қызыл гүлжібекке байлап, кептіріп қойды. «Мұның орны – музей. Адам сиясы тимейді» деп қазабатты жымиды. Май мен шырын кепкенше жерге тамып тұрды. Жайық жындас Гүлжақсыны жындыкөбелекеше еске алып, сары тамшы мен терезінің ар жағындағы жер иесі – Желікпемен құтырған ну тоғайға қарап отырды. 

Перизат САРЫ,

Орал қаласы

 

Түсіндірме

Пиндөш1 – пиндуодуо (Қытай маркетплейсі. Сөздікжасам талабына сәйкес келмейді. Аутор қысқартып жазды. Ресми қабылданбаған)

Айқауын2  – банан (кірме сөзге балама енгізген – М. Өтемісұлы атындағы БҚУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті БББ-нің  2-курс студенті Ернар Жақыптегі. Ресми қабылданбаған)

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan