Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
Алмас әңгімелерінің шындығы...

Алмас әңгімелерінің шындығы

15.02.2026

3291

Алмас әңгімелерінің шындығы - adebiportal.kz

Сан қырлы өнер иесі Алмас Алматов шығармашылығының бір қыры – оның жазушылық өнері. Оның әңгімелері тегіс шындыққа құрылған. Сондықтан болар, бірін оқи бастасаңыз, аяқтамай кете алмайсыз. 

Өмірде аяқсыз қалатын туындылар қаншама? Алмастың әңгімелері әртүрлі тақырыпқа – саятшылық, атсейістік, жыршы-жыраулық, салт-дәстүр тағы басқаларға жазылғанымен, ортақ бір жүлгеге құрылған, ол – өмірден ойып алынған шындық.

Шындық дегеннен шығады, классик жазушыларды оқып отырсаңыз онда ойдан шығарылған ештеме жоқ сияқты көрінеді, растығына имандай сенесіз. Жапон классиктеріне назар салайық, Рюноске Акутагаваның «О-Томидің тазалығы» әңгімесінде: «Мэйдзидің жиырма үшінші жылы, жиырма алтыншы наурызда О-Томи күйеуі және үш баласымен Уэно алаңы арқылы өтіп бара жатты. Бұл күні Такэннодайда Бүкіл жапондық Үшінші көрме ашылмақ-тын, оның үстіне Курамон қақпасының қасындағы шиенің гүлдеген кезі, сондықтан да алаңда халық қарақұрым еді», – деп басталатын көрініс бар. Аңдасаңыз, мұнда Жапониядағы Уэно алаңы тұр, әңгіменің басты кейіпкері Томи күйеуі және үш баласымен сол алаң арқылы басқа күні емес, Мэйдзидің жиырма үшінші жылы (1890 жылы), жиырма алтыншы наурызда өтіп бара жатыр. Және сол күні Бүкіл жапондық Үшінші көрме ашылмақ. Ал сенбей көріңіз. Немесе Харуки Муракамидің «Лексингтондағы елестер» әңгімесінің басталуын қараңыз: «Бұл ойдан шығарылған оқиға емес. Шын мәнінде бірнеше жыл бұрын болған жайт. Мен бар болғаны кейбір жағдайларға байланысты адам аттарын ғана өзгерттім, ал қалғанының бәрі таза шындық». Әңгіме жазудың асқан шебері өзіміздің Мұхтар Мағауиннің «Түйеші Қамбар», «Бір нәзік сәуле», «Әбдіғапар сері», «Қара қағаз келген Салық ағам» әңгімелері де тап осындай. Таза шындық. Шындық болғанда, көркем шындық.

Алмас шығармашылығындағы айтып отырған ортақ жүлгені айқындау үшін «Төркін сыбаға» атты әңгімесін талдап көрейік. Осыдан-ақ Алмас әңгімелерінің жалпы нобайы көрініп қалар. Ол былай басталады: «1973 жылдың қыркүйек айы. Мектеп бітірген жылым. Оқуға түсе алмай ауылға қайта оралдық... Ендігі бұйырған жұмыс механик Машараптың көмекшісі болып, Жаңақала совхозының №4-ші фермасындағы шопандардың құдығына мотор құруға тапсырма алып, жолға шықтық... Таңертең гараждан мотор тиеп жатсақ жұрт бізге:

– Бірің молда, бірің қожа, құдай қосқан екен екеуіңді! – деп, күліп жатыр. «Дін – апиын» деп, қожа мен молданы құбыжық қылып қойған заман... Жұртқа арзан сөз, мазақ керек... Машекеңнің бір әдеті, ондай сөздерді естімеген жандай кейіп танытады. «Тәуекел!» деп, біз өз шаруамызға шықтық. Астымызда Машекеңнің совхоздың өтелінен құрастырып алған қорапты, құрама қашыр мәшинесі бар. Үстімізде 10 «ЗИД» моторы мен қосымша бөлшектері тиеулі, шығысқа қараған ауылдың шетіндегі аққұмақ төбеден асып жолға түстік», – деп, ақырын басталған экспозиция сізге тым құрғақ көрінетіні рас, алайда, бұдан әрі іле көркемдік бояуы қанық сөйлемдер жарқырап шыға келеді. «Қыркүйек айы кірсе де, күн әлі ыстық. Таңертең ерте, күнге қарсы жүрдік. Біздің Қызылдың жолы – қияметтің жолындай ауыр. Өзім бұрын көрмеген, жүрмеген қырық тарау жолмен қия құмды кеселеп, ілбіп келеміз. Я «тегі», я «зауыты» жоқ ескі темірден жинаған машина қарсы қабақ, биік төбеге келгенде ышқына зарланып, өзін құрастырған Машекең молладан медет тілеп, Қызылқұмның құмын маңдайымен бір өзі итеріп келе жатқандай «қалш-қалш» етіп, азу тісі сақылдап ала жөнеледі. Шаң мен түтін араласып, кабинаның іші алай-түлей», – деп, көркем суретке ұласады. 

Жалпы, нағыз шынайы шығарма шындықтан туатынын сыншылар да, жазушылар да мойындайды. Әңгіме жанрының хас шеберлерінің бірі Василий Шукшин таза ойдан шығарылған, стол басында «творчестволық азаптан» туған әңгіме турасында айта келіп, «Ойдан бұйырып әңгіме тудыру қиын. Ең абзалы – оған бармаған» дейді. Ал Гончаров болса: «Менің көретінім көз алдымда тұрған тірі кісі, осыған ғана қараймын, осының өзін дұрыс суреттеп отырмын ба, жоқ па деп абыржимын, оны өзгелермен қарым-қатынасқа көшіріп, тағы бір кезек соған үңілемін», – дейді әдеби шығармадағы шындық жайлы. Әлбетте, бұл көркем шығармада жазушының ойдан қосуы болмауы керек деген сөз емес. Ойдан қосулар, көркемдеуіш құралдар болмаса, көркем шығарма да жоқ.

«Төркін сыбаға» экспозициясында бұл әңгімені айтушы Машарап молданың образы жасалады. Бала кезінде Шораның мешітінде оқыған, арап, парсы, шағатай тілдерін білетін, зейінді Машарап молда орысшаға да жүйрік, Ресейдің «Тангорский сельхоз техникумында» білім алып, ауыл шаруашылығы техникаларының механигі, үшінші класты шофер мамандығын игерген. Одан әрі Қарағандыға жіберіліп, сол жерден Армия қатарына шақырылады. 1939 жылғы Фин соғысына, 1941-45 жылғы Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, Германияда тағы бір жыл әскери қызметте болып, елге 1946 жылы келген... Бұл кісінің бойындағы сан-алуан мүмкіндіктерін көріп, өзіңнен-өзің түңілесің... Кезкелген дастанды бір рет естігенде жаттап ала береді. Бір саусағы, біздің екі саусағымыздай. Домбыра тартқанда тыңдаған жанның алпыс екі тамырын иітеді... 1943 жылы, әйгілі «Курск доғасының» қанды қырғынына қатысқан, танк командирі, аға сержант – Машарап Әлиев. Бас Қолбасшы Сталиннен жасаған ерлігі үшін он қайтара алғыс алған қанды өзек, қайсар жан. Соғысқа Қармақшыдан бес жүздің үстінде сайдың тасындай жас жігіттер алынғанда, ауылға соның саусақпен санарлығы ғана оралыпты. Соның бірі! Оның үстіне, Сыр бойының ақын-шайырларының бар сөзі осы кісінің басында.

Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы» әңгімесіндегі Әйтілес қария сияқты көргені көп, көңілге түйгені – көл. Айырмашылығы – Әйтілес он тоғызыншы ғасырдың тұлғасы болса, бұл советтік дәуірдің, өз заманының сондай адамы. 

Машарап барар жеріне тура тартпай, әдейі айналма жолмен жүріп, үміт артып жүрген шәкіртіне шөгіп, сұлбасы қалған Кете Ешнияздың бейітін көрсетіп, оған арнап ұзақ сонар құран оқиды. Ешнияз салдың өмірбаянына тоқталып, артында қалған «Айтжан-ай» әнінің тарихын баяндайды. Шыңғыс Айтматовтың алпыс жасында үлбіреп тұрған жас қыз Бегімайға ғашық болған Райымалы ағасы сияқты, Ешнияз Айтжан қызға алпыс жасында ғашық болып, қалың малына алпыс қара санап беріп қосылған екен. Және бұл кісі атақты Кете Жүсіптің әкесі көрінеді. Машарап: «Сөйткен гөзәліңнің жатысы осы», – дейді, нардай шөгіп, опырылып құлап жатқан салдың моласын нұсқап. Бұл көрініс мектепті жаңа бітіргенімен, Кете Ешнияз бен Кете Жүсіп шығармашылығын жақсы білетін, бірақ өлім жайы әлі миына кіріп-шықпаған бозбалаға үлкен ой салады. Тіпті, көңілін босатып, көзіне жас келтіреді. Машараптың тұлғасы, жүріс-тұрысы, іс-қимылы, айтар сөзі, таным-түсінігі былайғы көпке ұқсамайды. Аңғарсаңыз, бұл кісінің түскі ас үстінде ет турап отырған пышағына дейін өзгеше – өзі қолдан соққан, күміс мойнақ, мүйіз сапты. Ал сөмкесі... соғыстан алып келген, белін тоғалап тастаған, екі құлақты үлкен сары сөмке. Астындағы көлігін көрдіңіз ғой, совхоздың іске аспай қалған темір-терсегінен құрастырып алған. Шәкірті айтқандай, я «тегі», я «зауыты» жоқ ескі темірден жинаған машина».

Автор осылайша басты геройы Машарап образын біртіндеп жасап, әдебиеттану теориясындағы даралауға апарады. Тек даралау емес, тип жасау. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жалғыз Қармақшы емес, әр ауданда көпті көріп қана қоймай, оны көңіліне түйген қариялар болды. Мысалы, бала кезінде мешіт жанындағы медреседе оқыған, кейін біздің Шалқар ауданындағы мешіттің бас мүфтиі болған, аса зейінді Өтеш деген молда болды. Он сегіз жастағы теміржолшы, «Совет үкіметін құлату ойында болған, жапонияның шпионы» Өтеш он жылға сотталып, Карлагтан бір шығады. «Барсам, – дейді молдекең, – қазақтың қасқа-жайсаңының бәрі сонда отыр екен. Ретін тауып, сыналап ортасына кірдім. Естігенімді ұмытпайтын жас уағым ғой, он жылда көп нәрсе үйреніп, адам қатарына іліктім. Сотталғаным мұндай жақсы болар ма, әйтпесе, темір жолдың май-май жаман қара жұмысшысының бірі болып өмір бойы қала беретін едім», – дейді. Әңгіме айтудың шебері еді. Бұл күнде біз айырылып қалған, қазақтың ғасырлар жүзінде қалыптасқан әңгіме айту методикасын да сол түрмедегі қасқа-жайсаңдардан үйренген адам-тын. Тағы бір сонда отырып келген, бала кезінде екі кластық орыс мектебін үздік бітірген Ерғали деген қартты көре қалып ек, әріден тартып әңгіме толғағанында тойда отырған, бөлме толы шуылдаған адамдардың бөгде сөзден сап тиылғаны сонша, шыбынның ызыңы естілетін. Астарына үңілсек, Алмас Алматов Машарап ақсақал арқылы сол замандағы осындай бір шоғыр адамдардың типтік бейнесін жасап отыр. Әңгіменің осы жеріне шейінгі оқиға әңгіме ішіндегі әңгіме іспетті, яғни осы әңгімені айтып беруші Машарап жайын, онымен бірге автордың жолға шығуын баяндауға кетеді. Мұны әдебиет теориясына жүгінсек, бұрма экспозиция деуге де келеді. Бұдан әрі қазақты қынадай қырған 1932-1933 жылғы аштық туралы сюжет басталады. Алайда сюжеттік байланыс үзілмейді, әңгіменің басты персонажы Машарап арқылы жігі білінбей шебер өріледі. 

Көркем шығармада басты кейіпкердің портретін жасаудың өзіндік атқарар рөлі бар. Әңгімеде бұл да ұмыт қалмаған. Алайда, Алмас өз басты геройының тұлғасын, түсін, бет пішінін тегіс суреттеп, портретін жасап жатпайды, әр жерде: «иегіндегі сақал-мұрты шошайып», «балуан білегімен машинаның рөлін орай ұстап», «бір саусағы, біздің екі саусағымыздай» сияқты азғантай штрихтармен аңғартып кетеді. Әйгілі суреткер А.П.Чеховтың портрет жасауда адамның бет әлпетінен, киген киімінен дым қалдырмай қазбалап жазуды бос сөз деп ескерту жасап, мысалы, қайыршы әйелдің бейнесін жасау үшін әбден тозығы жеткен шәлісін айта салсаңыз жеткілікті дейтіні бар еді ғой, сол әдіске салады. Реалистік образ жасайды.

«Реалистік образ, – дейді, әдебиет теориясының білгірі академик Зейнолла Қабдолов, – әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Мұның сымбаттылығы да, шынайылығы да шыншылдығында; бұл – кәдімгі өмірде болған, бар және бола беретін, бірақ қайталанбайтын, әрқашан бұрын-соңды белгісіз тың қырынан көрініп, ылғи жаңарып отыратын тип. ...Реалистік образдың эстетикалық-тәрбиелік мәні де, қоғамдық-өзгертушілік күші де айрықша үлкен», – дейді. Алматовтың Машарабы осы байламның үдесінен шығып тұр.

Сол Машекең Қызылқұмды кесіп өтіп, жайдақ жолға шығып көңіл бірлеген соң, машинаны әуелден өзі көздеп келе жатқан бір төбенің басына доғарып, дастархан жайып, ас-су ішіп отырғанда тап осы төбеде орналасқан өз ауылында өткен бір тауарихты қозғайды. Совет өкіметі әдейі қысастықпен ұйымдастырған 1932-1933-тің аштығында өз көзімен көргендерін баяндауға кіріседі. Құрғақ баяндамай, оны бұрынғы бабалардан қалған «қыз – қонақ, төркініне келгенде, төрден орын беру керек» дейтін жөн-жоралғымен, жан тебірентерлік уақиғамен байланыстырады. Қазақта аштан өліп бара жатса да одан жоғары қоятын дәстүр барын, оны сақтайтын адамдар барын, керек болса аштықтан да жоғары тұратын ар, ұят дегендер барын айтып, жан-дүниеңді астан-кестен етеді.

Ол аштықты бала кезінде көзімен көрген, басынан кешкен Машараптың айтуынша, 1932 жылы ашаршылық басталғанда «ТОЗ»-да, колхоз да жөніне қалады. «Үкімет асырайды» деп, шапқылап жүрген белсенділер мен әкім-қаралар елде тігерге тұяқ қалдырмай тонап болып, күз келгенде қарасын көрсетпей кетеді. Адам ашыққанда ештеңеге қарамайды екен. Ақбасты табандағы қоғаның түбін қопарып жейді. Тышқан жеп, құрт-құмырсқа, бақа-шаян теріп кеткен жұрт қаншама. Қыстың түсуі, бар күн-көрістерінен айырады. Өлгені өліп, қалғаны көктемге көктырна болып зорға ілігеді. Әр үйдегі тұқымға деп сақтаған дәнін, жұрт жеп қояды. Бұлардың үйінің де жағдайы сондай. Қоста жарты қапқа жақын арпа араласқан, тарының дәні болуы керек еді, сол жоғалады. Әкесінің тұқымға сақтап жүрген соңғы қоры екен. Қас қылғанда, көктем де созылмалы болып, кеш шығады. Әкесі мен шешесінің беті қалқып жылтырап, ісе бастайды. Бала тұзақ құрып, шыр айналып жүгіріп жүргенде, қыс бойына алғаны – екі қоян. «Аштың аңы жүрмейді» деген сөзді сонда түсіндім», – дейді Машекең.

Бір күні шешесі түс көріп, түсінде аңшы әкесі қоректі қай беттен іздеу керектігін айтады. Машарапты ұйқысынан ерте оятып: «Балам, қар кетіп, жер аршылып жатыр. Құбыла беттегі жыңғылды ойда балықкөзді табан бар. Тұзағыңды сонда құр. Құдай берсе, бірдеңе ілігер. Қайтарыңда дорбаңа балықкөзден толтырып ала кел», – деп жұмсайды. Басқа тұрыпты, ішерге шай да жоқ болған соң, ауыл тұрғындары балықкөзді қайнатып, шай орнына ішеді екен. Оның аздап та болса қоректік те қасиеті бар көрінеді. Құрған тұзақтарына бір емес, екі қырғауыл түскен бала қайтар жолында төмендегідей сұмдыққа ұшырасады.

«Алдымдағы ойға түссем, өлімтікке үймелеген қарға-құзғын шуылдап қоя берді. Жүрегім тартпаса да, солай қарай жақындап жүрдім. Қар астынан аршылып қалған адам мүрделерін көрдім. Жемсауын найзалап тояттап алған тазқара, орнынан мені көріп зорға көтеріліп, ұзамай төбенің басына қайта қонды. Қардың бетінде қою қара шашы бұрқырап жатқан жас әйел екен. Бір бұрымы тарқатылып, бір бұрымы өруімен қалыпты. Әйел бауырына баласын қысып, бүк түсіп қырынан жатыр. Үстінде сырма масатыдан шапаны бар. Баласымен екеуінің көзін құзғындар ойып алып тастапты. Сәл әріректе тағы бірнеше адамның өлігі көрінді... Қарға-құзғынның шуылы күшейіп, жүрегім қалтырап қоя берді. Бойымнан әл кетіп бара жатқандай сезіндім. Үрей билеп айқайламақ болдым, дыбысым шықпады. Тез кетуге асықтым. Жүрегім айнып, екі-үш қайтара лоқсыдым. Төбенің басына әзер шығып, отыра кеттім. Қарама-қарсы жыңғылдың түбіндегі үрлесін қардан басы көрініп отырған екі адамның сұлбасын байқадым... Қайта қарағанымда, жердің беті түгел өлікке толып бара жатты... Басым айналып, жер менен көк төңкеріліп түскендей күй кештім. Қайта лоқсып қара құрым запыран тастадым. Бойым жеңілдегендей болды. Бетімді қармен жуып. Қайта жүрдім. Өзіме-өзім: «өлікке жақындап нем бар еді?!» - деп, келемін... Теңселіп, жүрегім аттай шауып, көзім қарауытты. Бойымнан әл-дәрмен кетіп, көз алдыма анам елестегендей болды... Әкем бе екен, біреудің сұлбасы... Одан әрі есімде жоқ»... 

Бұл енді жалпы қазақтың басына келген, үштің екісін алып кеткен сол сұмдықты көзімен көрген адамның өзгертуге, басқаша айтуға болмайтын алғаусыз баяны. Ұзақ толғауды жыршы бір айтқанында, бір де бір сөзін шашау шығармай сол күйінде жаттап алатын зейінді шәкірті де Машарап сөзін өзгеріссіз таза күйінде бергеніне осы отырғанда біздің еш күмәніміз жоқ. Қан майданда елін, жерін қорғап қасарысқан жауымен қылыш сілтесіп, қаржасып өлген адамда не арман бар, кешегі ащады совет жендеттері қазақты осындай қор өліммен өлтірді ғой.

Өстіп жарым жұрты аштан қырылып жатқан ауыл іргесіне, тағы біреулер көшіп келіп қоныстана бастағанда мұндағыларды әртүрлі үрей билей бастайды. Басты кейіпкер Машараптың сөзімен айтсақ: «Ол заманда бейсауыт адам қарасы көрінсе әуелі елге ақылдан бұрын, үрей келеді. Атқа мінген адам көрсе, әзірейліні көргендей қорқып, халықты әбден үрей билеп, жетесі жер болып қалған заман». Ешкім бұрынғыдай «қоныс жайлы болсын» айтып оларға бармайды. Бірақ бәрінің көзі соларда. Ол күні еру болып, ертеңіне жыңғылдан қостарын жасап болған соң, ол ауылдан қасына сегіз-тоғыз жасар қызын ерткен бір келіншек бермен қарата аяңдайды. Шеткі үйден бастап жағалай келе Машараптікіне маңдай тірейді. «Сәлем бердік, аға!» – дейді Машараптың әкесі Әліге, қызын бауырына тартып, оң босағада тізе бүккен, киім киісі, әдебі алыс жақтың адамына ұқсайтын, жасы жиырма бес, отыздар ішіндегі, сырт көзге қажырлы көрінетін, өңді, қараторы, келіншек. Әлі аңтарыла қарап, сәлемін алады. Бұл кезде келіншек бері қарата бет түзегеннен бері сығалап бағып отырған көрші-көлем де жинала бастайды. 

Алмастың нағыз жазу шеберлігі аштық туралы әңгіменің осы шарықтау шегінде жарқырай көрінеді. Бүлдіріп алмас үшін әңгімеден көбірек үзінділер бере отырып пікір айтайық. «Келіншек: – Аға, біз алыс Тауелібайдан келе жатқан ағайынбыз. Еліміз Шөмекей, Отарбай Балқы. Майдабек аулының бір үзік жұртымыз. Қызылқұм бетінде малды ауылда отыр едік. Біздің елімізде де, осы жұтшылық жайлады. Мал-жанның бәрі тәркіленді. Азаматтарымызды үкімет адамдары айдап әкетті. Өлі-тірісінен хабарымыз жоқ. Елден шыққанда көш көлігіміз бар, 40-50 жан едік. Тонаушылыққа ұшырап, осы жерге бала-шағамызды қосқанда 22 жан жеттік», – деп, кідірді.

Әкем: – Айналайын-ау! Ел біткен жан сақтауға Бұхараға шұбырып жатқанда, теріс көшкенің не?! – деп салды. Келіншек жанарын төмен салып, сәл кідіріп сөзін жалғады: – Әлі аға! Мен сізді енді ғана, дауысыңыздан танып отырмын. Бұдан он жыл бұрын осы Ақбастабаннан өздеріңіз ұзатқан, Құлыс Кете Бегімнің қызы Зухрамын! – дегенде, әкем еңсесін тез көтеріп алып, келіншекке зер сала қарап: – Ойбөй, шырағым-ай!? Айналайын-ай! Шілмаханжанның қарындасы екенсің ғой!? – деді, дауысы дірілдеп: – Енді не істедік? Енді не істедік? – деп, жан-жағына қарап, екі тізесін уқалай берді. 

Анам дауыс салып: – Жан бауырым, жан бауырым! – деп, келіншекті бауырына қысып, құшақтасып көрісті. Бұл кісілер немере, туысқан болып шықты. Әкем: – Әй, қоя тұр! Тыңдайық, – деп, шешеме зекіп тастады. Келіншек те басындағы орамалын жөндеп, әңгімесін қайта жалғады». 

Келіншектің бұл жерге бекер көшіп келмегені, алдындағы Әліні аға тұтып, туыс тұтып, пана тұтып отырғаны айқын сезілгенде, өзі де жоқ пен бардың ортасында алмағайып күй кешіп отырған Әлінің ішкі сезімін, күйзелісі мен дағдарысын жазушы ұзыннан шұбақ суреттеп жатпай, «Енді не істедік? Енді не істедік? – деп, жан-жағына қарап, екі тізесін уқалай берді» деген азғантай ғана штрихпен көрсетеді. Жалпы, Алмастың жазуынан көркемдік құралдарды – теңеу мен эпитеттің, фигура мен троптың неше атасын әңгіменің ұзына бойынан ұшыратасыз. «Құрама қашыр мәшине», «әйдік қара күләбі қауын», «қияметтің жолындай ауыр» деген эпитеттер мен метафоралар; «Ал, қожа, от жағып шәй қой» сияқты синекдоха, шығармаға көркемдік қуат үстемелейтін – «Хан сыртынан жұдырық», «Жолға шықсаң жолдасыңды тауып шық, үйіңнің ішін шауып шық», «Аштық бір үйге келсе, бүкіл ауыл ашығады», «Аштың аңы жүрмейді», «Жан бергенге – дән берем» деген сияқты мақал-мәтелдер шағын әңгімеде ретіне қарай бой көрсеткен. 

Ал жоғарыдағы «екі тізесін уқалай бердінің» құдыретінің күштілігі сондай, оқып отырған сіз де кәдімгідей абыржып қаласыз. Психолог Алмас мұндай қысқа штрихпен оқырман сезіміне әсер ете білуге шебер-ақ. Мұндай шеберлікті төмендегі әңгіме үзінділерінің өне бойынан көресіз де отырасыз.

Әлқисса, сонымен, келіншек басындағы орамалын жөндеп, әңгімесін қайта жалғады. – Аға, жолшыбай халықтың жағдайын көріп келе жатырмын. Кей ауыл түндігі ашылмай түгел нәубетке ұшырапты... Өткен жылғы қыркүйекте, өзімді ұзатқан жолмен Сырға қарай Ақбөгеттен шығып, Қуаңның бойына жетіп, Қоянтүлейді қыстап шықтық. Сол жерде тонаушылыққа ұшырап, оншақты адамымыз шығын болды... Көліктен екі түйе, екі атымыз бар еді, соны тартып алып кетті. Бұл жерге жеткен әйел бала-шағамыз. Өзімнің үш баламнан қолға ұстап қалғаным – мынау, үлкен қызым. Екі ер балам жолай шетінеді. Көктем шыға ерте қозғалып, қар суымен сіздерге жеттік. Аң екеш, аңның баласы да қиналғанда туған ініне қарай қашып, жан сақтайды екен. Бұдан әрі баратын жерім де, елім де жоқ. Менің туған жерім – осы Ақбастабан ғой, Әлі аға!? – дегенде, әкем екі иығы бүлкілдеп, жасқа булығып тебіреніп кетті:

– Айналайын-ай! Айналайын-ай! Әлім мен Шөменге сөзін өткізген Кете Бегім бидің қызысың! Қандай ел едік? Соншама жерден еліме жеттім дегенде, қаңсып өлік сасыған далаға келдің-ау, – деп, басын шайқап отырып қалды».

Байқап отырмыз, бұл келіншек тегін адам болмады, Әлім мен Шөменге сөзін өткізген Кете Бегім бидің қызы боп шықты! Қашанда «ат аунаған жерде түк қалады», тегін емес адам тектіден туады. Автор бұл жерде де шеберлік танытады, сондай адам еді деп өзі айтпайды, басты кейіпкері Машараптың аузына салып, өзі сыртынан «дым білмегендей» қарауыл қарап отыр.

«Сәлден соң әкем бойын жинап: – Біздің жағдайымыз осы. Төркін жұртыңнан да ешкім қалмады. Тірісі айдалып кетті, өлісі қардың астында қалды – деп, әкем орамалымен бетін сүртті. 

Келіншек: – Аға, ел қарасына жеттік, қалған жерде құдайдың басқа салғанын бірге көрейік. Сізден, қапталыңызда қос салып отыруға рұқсат сұрай келдім. «Жұтаған шүкірге тоймайды», – деген, біздің ішімізде ер азамат жоқ. Еркекше киініп жүрген төрт әйелміз. Қалғаны ата-анасыз қалған бала-шаға. Ағайын-туманың тұқым жұрағаттары. «Ақбас табандағы егін еккен еліме жеткізсем жетімдерді өлтірмеспін» деп, күні-түні сабылып келе жатқан жағдайым сол. Ең болмаса, есіл азаматтардан артында қыз да болса тұқым қалсын деп ертіп келе жатқаным, алды 15-16 жасар, соңы 10-12 жасар балалар. Мына заманда қайыр тілеп тарап кетсе, жинай алмай қаламын. Сіздерден өтінішім, кеңестеріңіз жарасса маған «Төркін сыбағама» Қара арықтың суынан бір құлақ су беріңіздер? Егін егіп жетімдерімді асырайын, ағалар? – деп тоқтады. Келіншектің айтқан сөзіне егіліп жылап отырмын».

Би қызының жеріне жеткізіп айтқан қазақтың «Төркін сыбағасының» салмағы өзі аштықтан сәмсіреп отырған Әліге тым ауыр тиеді. Ойланып отырып қалады. «Жарайды» деп айтайын десе, бұл жеке өзі шешетін шаруа емес, «болмайды» дейін десе, қарындасының сөзінің салмағы тым ауыр. Әлі үшін бұдан гөрі тас шауып, тау қопарған жеңілірек болар еді. Тоқ заманда кейде бір құлақ суға таласып, бір-бірін көрместей боп төбелесіп қалатын ағайын мынадай заманда оны қайдан бере қойсын. Бағанадан сөзін тыңдап аш көздері үңірейіп тұрған көршілер сөздің аужайына түсініп, келіспейтін кейіп танытып, қолдарын сілтеп, селдіреп тарай бастайды. Тіпті аусарлау біреуі, ойбай, мынау би тұқымы, байдың қызы бізге іріткі салуға келген екен, мұны жоғарғы жаққа хабарлау керек деп байбалам салады.

Әлі Зухраға қарап: – Айналайын, менің арығымнан бір құлақ су аласың. «Арқақос» болып, егінді бірге егеміз. Ағамның мойнындағы аманаты – «Төркін сыбағаң» үшін! Қияметке барғанда Алла Бегім ағама жолықтырса, жауап беремін ғой, шырағым!? – дегенде, келіншек қызын бауырына тартып, солқылдап жылай берді. Өксігін баса алмай біраз жылады. Шешем байғұс құшақтап жұбатып-ақ жатыр. Бәріміз жыладық. Азапты жолдан өтіп келгенде, әкесінің көзін көрген бір адамның маңдайынан сипаған бір ауыз сөзі іштегі шерін қозғап жіберді білем... Анам байғұс су әкеліп беті-қолдарын жуғызып, майлық төсеп жеті түйір жүгерінің шоққа пісірген дәнін қойды. Әкемнің жидеден ойған шәй ішерлік ыдысына қаңылтыр шелектен ожаумен алып, балықкөздің шәйін құйды. Біздегі бар дүние осы. Анам:

– Айналайын, дәм тата отыр. Алла, өнемейін бұлай қыса бермес, – деп, ас мезіретін жасады. Келіншек шекпенінің ішінен белін орап тастаған шәйі жібек белбеуін төрт орап ағытып, арасынан май шүберекке ораған нәрсені дастарқанға қойып:

– Аға, Шөмекейдің елі аңшы болады ғой. Оншақты қақпанымыз бар. Абысынымыз екеуміз сол қақпанмен осыншама жанды талғажау асырап келеміз. Мынау сіздерге сыбаға болсын деп ала келген асым еді, – деп, орамалды ашты. Бәріміздің көзіміз сонда. Ой, Алла-ай! Сүрленіп, шоққа пісірілген семіз киіктің үш қабырғасынан төменгі сүбесі екен». 

«Төркін сыбағаның» мәнісі ұзатылған қыз барған жерінде өсіп-өнгеннен соң ата-анасына сый-сияпатымен арнайы сәлем бере келіп, мал- мүліктен таңдап алатын сыбағасы. Содан соң, ел ақсақалдарының басын қосып: «Ана, қиямет күнге дейін ақ сүтіңе ризамын! Әке, аталық ақыңызға ризамын!» – деп баталасады. «Өлім барда, қаза бар», кімнің басы қайда қалады? Қыз бала жат-жұрттық, шалғайда біреудің елінде жүреді. Ата-ананың қадірін тірлігінде біліп құрметтеу, ризашылығын алу дегеніміз сол. Бегім бидің қызы әкем болмаса, әкемнің көзін көрген жұртына келдім, менің «төркін сыбағама» бір құлақ су беріңіз? деп, салмағын салып сөйлегені, сол – ата жолы! Ал, «арқақостың» мәнісі бір құлақтан су ішкенмен әркім өз еккенін өзі жинап, пайдаланады. Қос болып ексең өнім қанша болса да, қосқа біріккен адамға тең бөлінеді. 

Зухраның өздерімен алып келе жатқан тұқымдық дәндері де бар болып шықты. «Әкем: – Шырағым жұрт аш. Біз отырықшы елміз. Ертең көктемге жетем дегенше, халық бұдан да бетер қиналады. Тұқымдық дәніңді берік жерге сақтайық. Ұры-қары, жүргінші көп. Түнделетіп мына балаға беріп жібер, – деп, ақылын айтты. Соған келісіп, бір қап дәнді арқалап келсем, әкем далада күтіп тұр екен. Алдыма түсіп жүре берді. Сол бойы Сарыөзен қожаның қосына келдік. Қожекең де сыртта күтіп отыр екен. Ішке кірсек, қостың ортасындағы ұраны ашып қойыпты. Арқалап келген қапты соған салдым. Біздің үйден «ұрланған» алаша қап та сонда тұр. Бірдеңені түсінгендей болдым... 

Әңгіменің шарықтау шегінің күштілігі сондай, осы жерге келгенде манадан бері енді не болар екен деп, алабұртып отырған көңілің босаңсып, уф деп, деміңді бір-ақ аласың. 

Ал шешімі қандай? Шешімінің өзі «бір қаралық»!! Есі бүтін адамға сабақ болатын, ойға қалдыратын өз алдына пәлсәпалық бір түйін. Бұны да бұзып алмай сол күйінде берейік.

«Көктем шыға, жаппай егінге кірістік. Құдай беремін десе, демде ғой! Егін жайқалып, бітіп қалды. «Меке жүгері» деген, дақылды солардан көрдік. Ол жылдам, тарымен жарысып пісетін дән екен. «Ердің назын жер көтереді» деген, аштықтан қалған жұрттың жұрнағы тойымшылыққа ілінді-ау!...

Асылы қатынның аты шықпайды ғой!? Болмаса сол Бегімнің қызы үш жыл ішінде өзімен келген жұртты тойындырып, киіндіріп, көшерлік көлікті, мінерлік атты қылып, керуен салып, ағайынмен той жасап қоштасып, Тау еліне қайтты. Бір адамын шашау шығармай еліне қосты. Бұл, «мен» деген азаматтың қолынан келмейтін, туымдылық қой. «Аспан аяқтай, жер таяқтай» болып, қара су теріс аққан заманда тәубасынан жаңылмаған, жолынан жығылмаған, иманын аттамаған сол жандарды көрдік. Елді біріктірер еркек-әйелдің туымы бөлек болады екен. Соған көзім жетті, – деп, Машекең әңгіменің бір түйінін қайырды».

Жалғыз бұл емес, Алмастың өзге әңгімелерінде де мазмұн жалғандығы, кейіпкерлердің дараланбауы дейтін жоқ. Бұл туралы айтар сөз көп болғанымен, біз де әзірше осы жерден қайырғанды жөн көрдік.

Жұманазар Асан

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan