Алтайдан Анкараға дейін...
«Алтайдан Анкараға дейін... Анадолыдағы алаштанушы туралы үзік сыр» атты бұл мақалада қазақтың ғалым қызы Гүлжанат Құрманғалиева-Эрджиласунның қысқаша шығармашылық ғұмырбаяны арқау болған.
Өмір қызық... Кейде бір адамның тағдыры екі елдің арасын жалғаған алтын көпірге айналады. Атажұрт пен Анадолының рухани байланысын күшейтіп жүргендердің бірегейі – Түркияда ғылым қуып, қазақтың тарихын жіті зерттеген тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлжанат Құрманғалиева-Эрджиласун.

Ол Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының Қойтас ауылында дүниеге келген. Алтайдың баурайындағы қарапайым қазақ ауылынан басталған өмір жолы кейін түркі дүниесінің ғылыми орталықтарына апарар үлкен академиялық мектепке ұласты. Мектепті алтын медальмен аяқтаған жас талапкер 1992 жылы Түркияның астанасы Анкарадағы беделді Таяу Шығыс техникалық университетіне түсіп, тарих мамандығын меңгерді. Осылайша тәуелсіздігін енді ғана алған Қазақстанның бір қызы бауырлас Түркия елінде үлкен ғылым жолына абыроймен қадам басты.
Гүлжанат Кеңесбекқызы Түркиядағы әйгілі тарихшы, түрколог ғалымдардан дәріс алды. Мәселен, ол ХХ ғасыр басындағы ұлы тұлғалардың бірі, Башқұрт мемлекетінің негізін қалаған қайраткер, ғалым, Алаш арыстарының замандасы болған Ахмет Зәки Уәлиди Тоғанның қызы, профессор Есенбике Тоғанның ғылыми мектебінен түлеп ұшқан шәкірт.
Профессор Гүлжанат Кеңесбекқызының өмір жолына қарасаңыз, оның ғылымды кездейсоқ таңдамағанын аңғарасыз. Ол сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болған қазақ зиялыларын жан-жақты зерттеп, арнайы кітап жазды. Профессор Ильхан Шахиннің кеңесшілігімен жазған докторлық диссертациясында Жетісу өңіріндегі қазақтар мен қырғыздардың әлеуметтік құрылымын зерттеді. Бұл тақырыптардың барлығы оның туған халқының тағдырына, тарихына деген жауапкершілігін көрсетеді.
Гүлжанат Құрманғалиева-Эрджиласунның ғылыми қызметінің ең маңызды қыры – алаштану саласындағы еңбегі. Ол Түркияда Алаш қозғалысын, қазақ ұлт-азаттық ойының тарихын зерттеп жүрген санаулы мамандардың бірі. Оның зерттеулерінде, Алаш қозғалысы – қазақ халқының ұлттық жаңғыруының қозғалысы ғана емес, бүкіл түркі халықтарының модернизация жолындағы күресінің маңызды бөлігі болса, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған қайраткерлердің қызметі түркі әлемінің ортақ тарихымен сабақтастықта қарастырылады. Батыс ғылымындағы Абай, Алаш тақырыбына қатысты қызықты деректерді тауып, Қазақстан тарихын тың жаңалықтар арқылы байытып жүр.
Түркиядағы қазақтың ғалым қызының еңбегі тек академиялық мақалалармен ғана шектелмейді. Ол қазақ тарихы, әдебиеті, мәдениеті туралы кітаптар жазып, түрік оқырманына қазақ әлемін таныстыруға күш салып келеді. Қазақ тілін түрік азаматтарына үйретуге арналған оқулық авторларының бірі ретінде де белгілі. Сонымен қатар Абай мен Ахмет Байтұрсынұлына арналған ғылыми еңбектердің жарық көруіне атсалысты. Абай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жалау Мыңбайұлы түб. қаншама ұлтымыздың өр тұлғаларының өнегесін танытуға арналған халықаралық конференциялар ұйымдастырып, Анкара, Ыстанбұл, Денизли қалаларында Алаш сөзін ұлықтады.
Шетелде жүріп ұлттық болмысты сақтау – оңай міндет емес. Алайда Гүлжанат ұстаз үшін қазақтық тек туған жерге қатысты ұғым емес, өмірлік һәм азаматтық ұлы миссияға айналған. Ғалымның қызметі Қазақстанда да жоғары бағаланды. Түркияда қазақ тарихын зерттеп, насихаттағаны үшін ол Президент Қ. Тоқаевтың арнайы марапатына ие болған.
Гүлжанат Құрманғалиева-Эрджиласун тұлғасына қарағанда, ғылымның шекарасы болмайтынына көз жеткіземіз. Ол туған жері Алтай мен қызмет етіп жүрген Анкараның арасын ғылым арқылы жалғап келеді. Осындай ғалымдардың арқасында қазақтың үні әлемге жетіп, Алаш идеясы халықаралық ғылыми айналымда жаңаша танылып отыр.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде Гүлжанат Құрманғалиева-Эрджиласун секілді тұлғалар ұлттық руханияттың елшісіне айналды. Олар туған халқының тарихын зерттеп қана қоймай, оны әлемдік ғылым кеңістігіне алып шығады. Сондықтан оның өмір жолы – білімге адалдықтың, ұлтқа қызмет етудің және рухани жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
«Алаш руханиятының шетелдегі шырақшысы» атанған Анадолыдағы алаштанушы ғалым мерейлі жасқа толды. Қаламына, жүрегіне қуат, отбасына амандық пен жақсылық серік болсын деп тілейміз!
