Ертеде бір атай мен әжей болыпты. Олардың Дуня атты немересі бар екен. Дуня ертегілерде айтылатын ай мен күндей ару болмаса да, өте ақылды әрі үй шаруасына икемді, пысық қыз болыпты.
Бірде атай мен әжей көрші ауылдағы үлкен базарға бармақ болады. Бірақ та олар: «Біз жол жүріп кетсек сорпаны кім пісіріп, ботқаны кім дайындайды? Сиырды кім суарып, сауады? Тауықтарға кім тары шашып жемдейді, сосын үйшікке кім кіргізіп қамайды?» - деп сөйлесіп уайымдап отырыпты.
Мұны естіген Дуня атасы мен әжесіне:
– Ата, әже, мен бар емеспін бе! Алаңдамаңыздар, мен сіздер келгенше сорпаны да пісіріп, ботқаны да дайындап қоямын, өрістен қайтқан сиырды қораға әкеліп қамаймын, тауықтарды да тыныштандырамын, үйді де тазалаймын, шелек аулада тұрғанда, шөпті де өзім аударып қоямын.
– Ой, немерем-ау, сен әлі кішкентайсың ғой, - дейді әжесі, – бар болғаны жетіде ғана емессің бе?
– Жеті деген – екі емес емес қой, әже. Жеті жас деген – біршама үлкен жас қой! Менің қолымнан бәрі келеді! - дейді Дуня.
Сонымен екі қария базарға кетіп, кешке таман қайта оралады. Екеуі келген соң қараса, шынымен де бәрі ойдағыдай: үй жиналған, тамақ дайын, аула тап-тұйнақтай сыпырылған, мал мен құстың да тамағы тоқ, шөп қопсытылған, тіпті атасы екі жылдан бері қолы тиіп жөндей алмай жүрген шарбақ та тоқылып қойылған. Құдықтың айналасына құм себілген — осыншама көп іс тындырылғаны соншама, мұнда бір емес, төрт адам жұмыс істегендей әсер қалдырғандай екен.
Атай мен әжей немересі Дуняға риза болып қарап тұрып: «Енді уайым-қайғысыз, шаттықпен өмір сүретін шығармыз!» - деп ойлапты.
Бірақ әжейдің қуанышы көпке созылмады: ол сырқаттанып ауырып, кешікпей қайтыс болыпты. Үйде атай Дунясымен екеуі қалыпты. Қартайғанда әжейдің соңында жетімсіреп қалу атайға өте қиын тиді. Осылайша екеуі әжейсіз өмір сүре бастапты. Жасы тым кішкентай болса да, пысық туған Дуня үйдегі барлық жұмыс-шаруаны өзі үлгеріп, атқаратын болыпты.
Бір күні атасының әлдебір шаруасы шығып, қалаға баруы қажет болыпты. Ол жолда қалаға кетіп бара жатқан бай көршісін жолықтырыпты. Екеуі ары қарай бірге жүреді. Көршілер жүре-жүре, күн де батып, қараңғылық түседі. Бай көршісі мен Дуняның атасы жол бойындағы бір үйдің шамы жанып тұрғанын көріп, сол үйге келіп есігін қағады. Олар арбаларын доғарып, аттарын байлап, ұйықтап демалуға жатады. Дуняның атасының мінгені – бие екен де, ал бай көршісінің мінгені – айғыр екен.
Түн ортасында атайдың биесі құлындайды. Жаңа туған ессіз құлын тәлтіректеп жүріп енесінің жанынан алыстап, бай көршінің арбасының астына барып жатыпты.
Таңертең ерте бай көршісі ұйқысынан оянады да атайға:
– Мынаны қарашы, көршім, түнде менің айғырым құлындапты! - дейді.
– Бұлай болуы мүмкін емес қой! - дейді атай сонда, – тасқа тары екпейді, айғыр құлын тумайды ғой! Бұл – менің биемнің тапқан құлыны.
Бай көршісі болса:
– Жоқ, бұл құлын менікі! Егер құлынды сенің биең туған болса, бұл құлын соның қасында жатқан болар еді. Ал мынау құлын менің арбамның астында, айғырымның жанында жатыр – демек, бұл менікі!
Осылайша екі көрші ұзақ дауласыпты: кедей шындық үшін, бай көретін пайдасы үшін айқайласумен болады. Екеуі де жеңілгісі келмейді.
Сөйтіп, олар бір қалаға келіп жетеді. Ол кезде бұл қаланы бір қуатты патша билейтін еді. Патшаның өзі осы патшалықтағы ең бай адам еді. Ол өзін осы патшалықтағы ең ақылды адаммын деп санайтын және қол астындағы халықтың түрлі дау-жанжалдарын өзі шешуді жақсы көретін.
Сөйтіп бай мен кедей дауласып патша-соттың алдына келеді. Дуняның атасы патшаға былай деп шағымын айтыпты:
– Бай көршім менің құлынымды бермей отыр: «Құлын менің айғырымнан туды», - деп бет бақтырар емес!
Патша үшін шындықтың кім жағында екені бәрібір еді. Ол бұлардың дауын өзінше қызық көріп, оны ойынға айналдырып, біраз көңіл көтеріп алуды жөн деп тауыпты.
– Мен сендерге төрт сұрақ қоямын, - дейді патша. – Жауабын кім дұрыс тапса, сол адам құлынға ие болады. Ол сұрақтар былай: «Мына дүниеде ең күшті және ең жылдам не?», «Дүниедегі ең семіз не?», «Дүниедегі ең жұмсақ және ең сүйкімді яғни қымбатты нәрсе не?»
Патша оларға үш күн уақыт беріп, төртінші күні жауабын тыңдайтынын айтады.
Әділдікке жету үшін таласқан екеуі жолға шыққанда, патша: «Кедей мен бай жаяулап жүре тұрсын, соңында не боларын патша білсін!» - деп атайдың биесі мен байдың айғырын өзінің ауласында қалдыруды бұйырады.
Бай мен кедей жаяулап үйлеріне беттейді. Бай көршісі болса: «Патшаның сұрағының бәрінің жауабын мен білетін сияқтымын, оның түк қиындығы жоқ», - деп көңілі шалқып келе жатады. Ал кедей қария болса, бұл сұрақтардың жауабын мүлде білмейтіндігін ойлап, әбден қапаланып басы қатады.
Атасын қарсы алған Дуня оған былай дейді:
– Аташым, неге соншама көңілің түсіп кеткен? Әлде әжемді сағындың ба? Қасыңда мен бармын ғой, жалғыз емессің!
Атасы немересіне болған жағдайды түгел баяндап беріп, құлынға обал болғанын айтып көз жасын көлдетіпті.
– Және тағы бір қиындыққа тап болдым, - дейді атай, — патша төрт сұрақтың жауабын тауып келуді бұйырды. Менің миыма кіретін нәрсе емес екен. Білмесем ол сұрақтардың жауабын қайдан таппақпын!
Сонда Дуня атасына:
– Айтыңызшы, ата, ол қандай сұрақтар екен? Олар ақылдан ақылды емес шығар!
Атасы немересіне патшаның берген сұрақтарын баяндап береді. Дуня тыңдап алып, атасына күлімсірей жауап қатады:
– Патшаға барып бұл сұрақтардың жауабын былай деп айтыңыз: дүниедегі ең күшті және ең жылдам – жел, ең семіз нәрсе – жер, өйткені бәрін асырайды: не өссе де, не тіршілік етсе де – бәрі жердің арқасында; ең жұмсақ – адамның қолы: адам қайда жатса да, басын әрдайым қолына сүйейді; ал ең сүйкімді, ең қымбатты – ұйқы, одан тәтті ештеңе жоқ, аташым.
Үш күннен соң бай мен кедей қайтадан патша-соттың алдына келеді.
Бай патшаның алдында бірінші болып сөз алады:
– Даналыққа толы сұрақтарыңыз үшін рақмет, ұлы әміршім! Мен олардың жауабын бірден шештім. Ол былай: ең күшті және ең жылдам — ол сіздің атқораңыздағы қара биеңіз, оны қамшымен шықпыртып ұрсаңыз, қашқан қоянды да қуып жетеді. Ал ең семіз — сіздің ала торайыңыз, оның май жинап семіргені соншама, тіпті орнынан тұра алмай қалыпты. Ең жұмсақ зат – сіздің жатып демалатын мамық төсегіңіз. Ал ең сүйкімді де қымбатты ол – сіздің ұлыңыз, Никитажан ғой!
Патша байдың сөзін тыңдап болып, енді кедейге бұрылады:
– Ал, сен не айтасың, қартым? Жауабың бар ма, әлде жоқ па?
Қария сонда немересі үйреткендей етіп жауап береді. Айтуын айтса да, іштей қорқып тұр: «Бәлкім, дұрыс жауап бермеген шығармын, ал бай көршім дұрыс айтқан болар!» - деп уайымдайды.
Патша-сот қарияның сөзін тыңдап болып одан сұрайды:
– Мұның бәрін өзің ойлап таптың ба, әлде саған біреу үйретті ме?
Қария шындықты жасырмай айтады:
– Менің ойыма мұндай тапқырлық қайдан келсін, тақсыр! Бір немерем бар, өзі ақылды, пысық қыз – сол үйреткен болатын.
Тақ үстінде ерігіп отырған патшаға қарияның берген жауабы қызықты болып көрінді.
– Егер немерең сондай ақылды әрі тапқыр болса, - дейді патша, - оған мынау жібек жіпті апарып бер. Осы жіптен маған ою-өрнекті сүлгі тоқысын, әрі оны таң атқанша дайындап бітіретін болсын! Түсініп тұрсың ба мені?
– Түсіндім, түсіндім, тақсыр! - дейді қария. – Мен түсінбейтіндей соншалықты ақымақ емеспін ғой!
Қария жібек жіпті қойнына тығып, үйіне қарай жолға шығады. Бірақ жол бойы уайымдап, қорқып келеді: «Мынадай жалғыз жіптен тұтастай сүлгі тоқып шығу ақылды Дуняжанның өзінің қолынан келмейтін шығар-ау! Әрі таңертеңге дейін, оған қоса ою-өрнегімен тоқып бітіру керек!»
Дуня атасының айтқан сөздерін асықпай тыңдап алады да:
– Уайымдамаңыз, ата, бұл да соншалықты қиын іс емес! - деп қарияны сабырға шақырады.
Сосын сыпырғышты қолына алып, бір тал шиді сындырды да, оны атасына ұстатып тұрып былай дейді:
– Барыңыз да патшаға айтыңыз: егер менің жібек жіптен сүлгі тоқуымды қаласа, алдымен осы бір тал шиден тоқыма өретін станок жасайтын шебер тапсын. Сонымен мен сүлгіні бір түнде-ақ тоқып беремін.
Қария қайтадан патшаның алдына барады. Жолда келе жатып, іштей: «Енді патша бұдан да күрделі сынақ беретін шығар, бәлкім, оны тіпті Дуняжан да шеше алмайтын шығар», - деп уайымдайды.
Расымен солай болады да.
Бұл жолы патша қарияға жүз елу жұмыртқа береді де, былай деп бұйырады:
– Немереңе былай деп айт: ертеңге дейін осы жүз елу жұмыртқадан жүз елу балапан шығарып берсін!
Қария үйіне тіпті көңілсіз оралады:
– Бір қиындықтан құтылмай жатып, екіншісіне тұтылдық, - дейді ол.
Сөйтіп ол немересіне патшаның жаңа тапсырмасы туралы айтады.
Дуня болса мұны естігенде еш абыржымастан:
– Бұл да қиын емес, ата! - деп жауап береді.
Сөйтіп, ол атасы әкелген жұмыртқаларды пісіріп, кешкі ас әзірлейді.
Келесі күні таңертең Дуня атасына былай дейді:
– Ата, сіз енді патшаға қайтадан барыңыз. Оған: «Балапандарға жем үшін бір күнде өскен тары қажет. Ол үшін бір күнде жер жыртып, тары егіп, оны өсіріп, пісіріп беріп берсін. Әйтпесе балапандар өзге тарыны жей алатын емес, босқа өліп қалатын түрі бар», - деп айтыңыз.
Қария қайтадан патшаның алдына барады. Оны тыңдап болған патша-сот:
- Сенің немерең бір қудың өзі екен, ал мен болсам тіпті де мықтымын. Немерең таңертең менің алдыма өзі келетін болсын. Келгенде жаяу да емес, атпен де емес, жалаңаш та емес, киімшең де емес, қолында сыйлықсыз да емес, сыйлықпен де емес келетін болсын! - деп бұйырады.
Мұны естіген соң қария үйіне бет алады. Келе жатып: «Неткен орындалмас қисынсыз тапсырма еді!» - деп күйінумен болады.
Дуня патшаның жаңа тапсырмасын естіген соң ойланып қалады да, біраздан соң күлімсіреп тұрып былай деді:
– Ата, бұл да қиын емес екен. Ормандағы аңшыларға барыңыз да маған тірі қоян мен бөдене сатып алып келіңіз. Бірақ, ата, сіз бармай-ақ қойыңыз, шаршаған боларсыз. Мен өзім-ақ барайын. Мен кішкентаймын ғой: сұрасам аңшылар бұларды маған тегін-ақ беретін болады. Оларды қолма-қол сатып алатын ақшамыз да жоқ қой!
Сөйтіп Дуня орманға барып, тірі қоян мен бөдене алып келеді.
Таңертең патшаға барарда Дуня үстіндегі жейдесін шешіп, оның орнына балықшылардың ауын киеді, бөденені қолына ұстап, қоянның үстіне мініп алып, патша-соттың сарайына қарай жол тартады.
Оны алыстан көрген патша таң-тамаша болады, әрі қорқып кетеді:
– Бұл қорқынышты мақұлық қайдан шыға келді? Мұндай сиықсыз нәрсені бұрын-соңды көрмеген екенмін!
Дуня келіп патшаға басын иіп сәлем беріп:
– Мінеки, тақсыр, не тапсырдыңыз, соны алып келдім, қабыл алыңыз! - деп бөденені ұсынады.
Патша қолын соза бергенде, бөдене пыр етіп ұшып кетеді.
Патша таң қалып Дунядан:
– Сен менің айтқанымның бәрін бұлжытпай орындадың. Айтшы, атаң екеуің немен қоректеніп күн көресіңдер? – деп сұрайды.
Дуня сонда патшаға былай деп жауап береді:
– Атам суға ау салмайды, ол құрғақ жағалаудан балық аулайды. Ал мен балықты етегіммен тасып, сорпаны алақанымның уысына қайнатып ішемін.
Мұны естіген патша ашуға басады:
– Сен не айтып тұрсың, ақымақ қыз! Құрғақта балық бола ма екен, алақанда сорпа қайнай ма екен!
Дуня сонда патшаға былай деп үн қатады:
– Ендеше сіз де өзіңізді ақылым орнында деп ойлайсыз ба? Айғырдың құлын туғанын қайдан көріп едіңіз? Сіздің патшалығыңызда айғырлар да құлындайды екен ғой!
Патша сасқалақтап қалып:
– Ал мен құлын кімдікі екенін қайдан білейін? Мүмкін басқа жақтан келген шығар! - деп жалтара жауап береді.
Дуня бұл сөзге қатты ашуланды:
– Неге білмейсіз? Бұған кез келген ақымақ та дұрыс шешім айтқан болар еді. Ал сіз патша емессіз бе! Атам өзінің биесін бір бағытқа, ал бай көрші келесі бағытқа қарай жетектеп жүрсін. Құлын қайсысының соңынан жүгірсе, сол жылқы соның енесі. Тек ақылың болса болды! Екі ат иесін екі жаққа айдатып жібер, қайсысына қарай құлын жүгірсе, сол — оның енесі деген сөз.
Патша бұл сөзге таңдана ойланып қалады да:
– Сен шынымен де өзекті нәрсені айтып отырсың! Мен бұған дейін неге мұны ойламастан шешім шығарғанмын? - дейді.
– Ал егер сіз шын әділ үкім шығарар болсаңыз, - дейді Дуня, - бай да, патша да болмас едіңіз.
– Тілінің ащысын қарай гөр, өзінің! - дейді патша. – Жасыңнан былай сөйлейсің, өскенде кім болып шығар екенсің?
– Алдымен құлынның кімдікі екендігі жөнінде әділ шешім шығарыңыз, - дейді Дуня, – ал өскенде кім болатынымды сосын айтамын!
Патша осы аптада сот отырысын тағайындады. Патшаның сарайына Дуняның атасы мен бай көршісі тағы келді. Патша екеуіне өз-өзінің жылқыларын арбасымен бірге алып шығуды бұйырды. Дуняның атасы өзінің бие жеккен арбасына, бай көршісі айғыр жеккен арбасына отырып, екі бағытқа бет алды. Патша сол кезде құлынды босатып жіберген еді, ол тікелей өзінің анасына, яғни қарияның биесіне қарай шапқылады. Осыдан кейін мәселе сотқа да, өзгелерге де түсінікті болды. Құлын өз иесіне қайтарылды.
Сонда патша Дунядан:
– Ал енді, айтшы, өскенде кім боласың? - деп сұрайды.
– Сот боламын, - дейді Дуня.
– Сен қалай сот болмақсың, сот деген – мына менмін ғой! - дейді патша қарқ-қарқ күліп.
– Сіздің өзіңізді соттау үшін сот боламын! - дейді Дуня.
Патшаның ашуға булығып, істің насырға шауып бара жатқанын сезген қария немересін қолынан жетектеп алып, арбасына отырғыза салып, биесін қамшылап шаба жөнеледі, соңынан құлыны да еріп кете барады.
Ашулы патша қария мен немересін талап тастасын деп, соңдарынан қабаған итін босатып жібереді. Дуняның атасы қартайса да қимылы ширақ адам еді. Немересін жәбірлеуге ешқашан жол бермейтін. Қабаған ит арбаны қуып жетіп секіре бергенде, атасы оны қамшымен құлаштай тартып жіберді, одан кейін арбаның үстінде жатқан қосымша жетекпен ұрып, иттен құтылып кетті.
– Сені иттің де, патшаның да қорқытуына жол бермеймін, қызым. Алаңсыз өсе бер, ақылдым менің! – деп атасы немересін құшағына қысты.
