Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘҢГІМЕ
/
Ақлима Исмаил. Парадокс...

Ақлима Исмаил. Парадокс

11.02.2026

4775

Ақлима Исмаил. Парадокс - adebiportal.kz

Түс кезі еді. Жұмысындағы асхананың мәзірінен мезі болған Жания көрші кафеге келіп, тамаққа тапсырыс берді. 

Алдына келген асты асығыс асап жатып, қадалып отырған көлденең көзден қақалып қалды. Қарсы отырған Саян ыңғайсыздық тудырғанын байқаған бойда басын басқа жаққа бұрып әкетті. Әлгі шаншудай қадалған көзқарастан соң жайбарақат жайылып отырған Жания дереу бойын жинап, иығын тіктеп, бейтаныс жігітті байқамағансып шәй ішуге кірісті. Байқамағансимын деп отырып көзінің көкжиегінен жігітті жоғалтып та алды. Отырған жағына ұрлана көз тастап еді, орны бос. Әккі жігіт алысырақ барып қыздың сыртынан қарап тұр еді. Қулығының құрығына ілгенін бірден білді. Қызығушылығын одан сайын қытықтау үшін әдейі кетіп қалды. Оның ертең де дәл осы уақытта осы жерге келетінін білді. Қыз-қырқынға қатысты қулықтың жеті атасын білетін жігіттің ойы орындалды. Жания ертесі де түстенуге осы кафеге келді. Кіре сала біреуді іздегендей залды көзімен бір шолып шықты. Жігіт көрінбеді. Тез тамақтанып, кафеден шығып бара жатқанда кіріп келді ол. Жания оның жанынан көз қырын тастап өтіп кетті. Екеуінің «үнсіздік» ойыны осылай жалғасып жатты. Отызға таяған жаста ондай ойынды ерсі көрді ма, әйтеуір, Жания көрші кафеге баруды да қойды. Бүгін де  күндегідей жұмысынан шаршап шығып, үйіне сүйретіле жетті де, суық төсекке сұлқ құлады. Пледке оранып алып, біраз уақыт телефонын ақтарды. Жауап күтіп жатқан хаттарды кезегімен ашып жатып «Сәлем» деген сөзге көзі сүрінді. Бейтаныс біреуден келіпті. Дереу аватарын ашты. Мәссаған! Мынаны қара! Кафедегі жігіт! Таңданғаннан орнынан ұшып тұрды! Суретін үлкейтіп тағы бір қарады. Өз көзіне өзі сенер емес. Бір құрбысының «Жігітке бірден жауап берме» - деген сөзі есіне түсті, сонда да саусақтары жауап жазуға асыға сумаңдап телефонның тетіктерін тінтіп кетті. 

- Жоқ, - деді артынша өз-өзін тоқтатып, - асүйге барып алдана тұрайын. 

Түзде тамақтанып жүргендіктен, біраз уақыттан бері үйіне азық-түлік алмағанын біледі, сонда да бірдеңе табылып қалар деген үмітпен тоңазытқышты біраз ашып қарап тұрды. Жас өмірдің жалғыз белгісіндей болып бұрышта бір түйір қызанақ қалыпты. Қуанып кетті. Қызанақты жуып, пияз турап, тұз бен қызыл бұрыш сеуіп әдемі салат жасап алды. Өмірдің дәмі сезіле бастағандай езуіне күлкі кірді. Екі көзі телефонда. Сәлемнің ізінен тағы бір сөз ілесе ме деген үміт қой. Бір шыны ыстық шәймен бойын жылытып алды да, «танымадым» деп жауап жіберді. Іле, «танысайық» деді жігіт. Әзірше, екеуі де бір сөзден аса алмай тұр. Бұл жауап – шешуші жауап болайын деп тұр. Не десем екен а? Бір минуттың ішінде Жанияның басын біраз сөз шолып шықты: «Бейтаныс адамдармен таныспаймын», «номерімді қайдан алдыңыз?», «еріккеннің ермегі емеспін, бұдан былай жазбаңыз», «мені мазаламаңыз» т.б. Жаңа ғана сұр тартқан өміріне «Сәлем» деген бір сөз сәуле болып кірген жоқ па еді?! Жооқ, мен жылы жауап жазуым керек, - деп ойлады Жания. Ойлана, ойлана «Мен сізді бір жерде көрген сияқтымын» - деп еді, «Кафеде көрдіңіз» - деді жігіт көп кідірмей. «Ее, есіме енді түсті!» - деді Жания. Оның өтірік ақымақ болып отырғанын жігіт байқамаған бола салды. Сонымен Саян күнде хаттың түр-түрін жазып, кешке жұмыстан күтіп алып, үйіне апарып салып жүрді. Өмір Жанияның жүрегіне өзгеше өрнек сала бастады. Соңғы кезде айнаға қарағанда өңі ескіріп қалған сияқты болғанымен, бойында Саян оятқан бір құйын пайда болды. Өңінің ескіргенін жұмысындағы бір апай айтпаса байқамайтын да еді. Түс кезі болатын. Бес-алты келіншек болып шәй ішіп отыр еді. Жания сөз салып жүрген жігіттерді шетінен айтып, кейбірінің қылықтарын келеке етіп күліп отырғанда алпысты алқымдаған бір апай: «Ойбуй, ханзаданы күтіп жүргенде өзіңнің де өңің ескіріп қалды ғой! Таңдаған тазға жолығады деген бар! – деп күлгені. Аңдамай айтылды ма, астарлап айтылды ма, қалай айтылса да «өңің ескірді ғой» деген сөз құлағында қалыпты. Содан бері айнаға қарамай өтпейді. Қараған сайын бұрын байқамаған әжімнің белгілерін көреді де көңілі құлазиды. 

Саян әдеттегідей Жаниямен қоштасып, түннің қайырлы болуын тілеп бір-ақ кетті. Үйге келсе, Жанияның қол сөмкесі жоқ. Саянның көлігінде қалғаны есіне түсіп, дереу хабарласты. Қызық болғанда, телефоны сөндірулі. Қайта хабарласты. Жауап жоқ. 

- Қызық екен ғой. Үйге кіргеніме жарты сағат та болған жоқ, телефонын өшіргені несі? Әлде, қуаты таусылып қалды ма екен?! Жарайды, бастысы телефоным қолымда қалыпты. Сөмкемді ертең жеткізіп берер. 

Жанияға бұл жағдай ұнамады. Кірбің кірген көңілмен ұйқыға кетті. Таңертең төсектен тұра сала Саянға хабарласты. Телефоны әлі өшірулі. 

- Қызық екен! – деді де Жания жуынып, киініп, жұмысқа қамданды. 

Сыртқа шықты. Міне қызық, аулада сұр көлік тұр. Жанияның жүрегі орнына түскендей болды, бірақ күдік сейіле қойған жоқ. Саян бір қолымен бір тал ақ раушан гүлін, екінші қолымен Жанияның сөмкесін ұстап көлігінен түсті. Жания оған жымиып жақындады.  

- Сөмкесін ұмытқан сұлу – деді бетінен сүйіп жатып.

Жания салқындау амандасты да, Саянның қолынан сөмкесін алды. 

- Ал, мынау, ұмытқаның үшін – деп ақ раушан гүлін ұсынды.

Жания үнсіз оны да алды. 

- Осылай, үндемей тұра беремісің? 

- Телефоның өзіңде ме еді? 

Менің телефоным кімде болу керек? – деп ыржиды Саян.

- Білмеймін, кешеден бері өшірулі тұр ғой.

А а а, содан екен ғой бұртиып тұрғаның! Кеше үйге барып шаршағаннан қатып қалыппын, сол жатқаннан көзімді таңертең бір-ақ аштым. Қарасам жеті болып қалыпты, менің сұлуым жұмысына сөмкесіз кетіп қала ма деп саған тура тартып келгенім осы. Телефоным көлігімде қуатта тұр. Ал, кеттік, жұмысыңа жеткізіп тастайын! Түсте ресторанға барамыз. «Жоқ» деген сөз қабылданбайды!

- Бәрін шешіп қойсаң, қалай бас тарта аламын?

- Міне, мынау енді басқа әңгіме.. - деп Саян қарулы қолымен қыздың нәзік білегінен қысып қалды. Жания бұл тосын қылықты жігіттің бойында болуы керек жігерге балады. Саянға дейін сөз салғандар оған тым тәртіпті болып көрінетін. Кейде «Кешіріңіз», «Айып етпесеңіз», «Рұқсат болса», «Қалауыңыз білсін» деген мәдениетті сөздерден жалығып та кететін. Жігітке тірек бола алмайтын ондай олқы сөздердің ар жағында олардың жасырынған нақты ниетін көре алмай қиналатын-ды. Сөйтіп екі кездесуден ары аса алмайтын. Ал, Саян болса басқа. Бұнда бастысы ерлерге тән табандылық бар. Жанияға жетпей жүргені де осы. Айтқызбай түсінеді. Түсініп қана қоймай, ойын оқып, оны орындайды. Ренжіп қалса көңілін табады. Іштей «іздегенімді таптым» деген байламға келді. 

Осы жолы Саян түстенуге Жанияны басқа жерге алып келді. Ішке кіргенде табиғи жарық беретін үлкен терезелер, интерьерінде минимализмі басым ашық түстер, ағаш, металл, шыны сияқты табиғи әрі дизайнерлік материалдардан үйлесім тапқан кең кеңістікте ойнап тұрған Lounge Music жылы атмосферасымен арбап тұрды. Екеуі жайғасып отырған соң теңіз тағамдарына тапсырыс берді. Даяшы «Руккола», «Шпинат» сияқты неше түрлі шөппен әрленген әдемі тағамдарды алдарына әкеліп қойып кетті. 

- Енді мұндай тағаммен шарап ішпесе оның сәні бола ма? – деп Саян орындықтың оң жағындағы домалақ ноқатты басты. 

- Иә, мырза?

- Мына сұлуға ең жақсы шарабыңыздан алып келсеңіз.

- Біздегі ең жақсы шарап – Chateau Lafite 

- Бір бокал әкеліңіз

Әлден уақыттан соң, әппақ жейде киген даяшы келіп, белі қылдай бокалға шарап құйып кетті. 

- Ал, сен үшін сұлуым, - деді Саян бокалды көзімен нұсқап

- Сен ше?

- Мен бүгін сенің шопырыңмын ғой. Ішсем, сені кім апарып салады? 

- Такси шақырта салар едік қой.

Келесі жолы міндетті түрде серік боламын, сұлуым.

Меншіктеп айтылған «Сұлуым» деген сөз Жанияның жан-дүниесін жібітіп барады. Әдемі әңгімені телефонның безілдеген дыбысы бөліп жіберді. Саян телефонын құлағына басып сыртқа шығып кетті. Жанияның көзі терезеге түсіп кетіп еді, қолын сермеп біреуге бірдеңе түсіндіріп әлек. Бір сөзінде ол Кеден комитетінің бөлім бастығымын деген болатын. Қауырт жұмысының арасынан маған уақыт қиып қымбат жерге шақырып отырған қандай жігіт, десеңші! Бағым бар екен – деп тамсанып қойды, Жания өзіне. Саян ішке кірді де телефонын столға қойып, қол жууға кетті. Сол арада Жанияға: «Бұл мені телефонына не деп жазып қойды екен?» - деген бір ұры ой келді. Ыңғайсыз болса да өзі жоқта телефон шалып көрейін деп шешті. Тетікті басып еді таспаға «Ақсай» деген жазу шықты. Жания өз көзіне өзі сенбей жақындап қарады. Қателеспеді. Өзінің тұратын жері. Атымды неге жазбаған? – деп таңғалды. Көп ұзамай Саян да келді. Дереу телефонына қарап: 

- Звондапсың ғой! - деді.

- А, иә, жаңа даяшы келіп: «Тағы не қалайсыздар?» - деген соң, беретін тапсырысың бар ма? - деп сұрамақшы болғанмын, - деді Жания көргенін білдірмеуге тырысып. Әлгі көргені ішін қарып бара жатса да айтуға асықпады. Ары қарай әдемі атмосфера мен музыкаға мастанып әңгімелерін жалғастырды. Біраз отырған соң Саян сағатына қарады да қипақтап: 

- Басқа күнге де әңгіме қалсын иә, сұлуым - деді. 

Өз-өзіне деген сенімділігін өлтіре жаздаған «Өңің ескі» деген сөзден кейін «Сұлуым» сөзіне қалай қарсы тұрарын білмеген Жанияның келіспеуге амалы да қалмады. 

Жол бойы ой үстінде келе жатқан Жанияның қолын Саян құшырлана қысты. Рестораннан шыққан бойда есікті ашуы, күтпеген жерден гүл сыйлауы, өзін ұстау әдебі сияқты джентельмендік әрекеттердің барлығын бір күмән басып тұрды. Ол жаңағы «Ақсай» деп жазылған сөзден туған күмән. Екеуі үнсіз келе жатыр. Саянның қиялының қайда екені белгісіз, бірақ телефонына атын жазбауы Жанияны іштей кеміріп келеді. Көлік белгісіз бағытқа бұрылғанда барып ойын жинап алды.

- Қайда барамыз?

Оңаша жерге 

- Оңаша жері несі?

- Қазір көресің.

- Көлікті тоқтат.

Мұндайды күтпеген Саян сасып қалды. Ыңғайлы жерге барып тоқтады. 

- Неге сонша ашулысың, сұлуым? Барлығы өз қалауыңмен болады. Бала емеспіз ғой. Қаламасаң үйіңе апарып саламын. Мен асықпаймын. 

- Алдымен мені телефоныңа неге «Ақсай» деп жазғаныңды айтшы.

- Ааа, сол екен ғой! Қайдан көрдің?

- Шыныңды айтшы, отбасың бар ғой иә?! Мен жиырмадағы жас қыз емеспін, Саян

- Мхм, бар. 

Онда менен не керек?

- Сен керексің маған. 

- Келіншегің ше?

- Біздің арамыз баяғыда суыған. Бірге тұрмаймыз. Негізі, басында болмаған сезім кейін де келмейді екен.

Онда неге үйлендің? 

Ата-анамның қалауы сол болды. «Осы қызды аласың!» - деді. Қарсы тұра алмадым. Ары қарай сүйіп кететініме сеніп едім, бекер екен. Иә, әйелімде жазық жоқ, - дей беріп еді, «Әйелім» деген сөз Жанияның жүрегін шым еткізді.

- Мхм, әйелім де..

Оны Саян басқа сөзбен алмастырмақ болып: 

- Балаларымның анасы дегенім..

- Балаларымның анасы? Балаларың да бар ма сонда?

- Екеу.

Жания шығып кетпек болып, есікті тартқылады. Саян алдын-ала сезгендей ішінен құлыптап қойыпты. 

Уақыт берші. Ажырасамын. Уәде беремін. Сені шын сүйемін. Менде мұндай сезім бұрын-соңды болған емес. 

- Болмайды. Балаларың бар. 

- Мен оларды тастамаймын, бірақ олардың анасына деген сезімім мүлде жоқ, ары қарай онымен бірге өмір сүре алмаймын, түсінесің бе? 

- Неге жасырдың?

- Сені жоғалтып алудан қорықтым. 

Саянның дауысы дірілдеп, көзіне жас тығылған соң ғана Жания жіби бастады. Құшақтасты. Ұзақ сүйісті. Жания Саянның иығына басын сүйеп біраз отырды. Екеуінің үнсіздігін безілдеген телефон бұзды. Саян телефонын өшіріп тастады. 

- «Иә» деші 

- Иә...

Жания жуынуға кіріп кетті. Ала көлеңкеленіп тұрған бөлмедегі ажарлы ақ мүсіннің сұлбасын көргенде Саянның қаны қызып, шатына ыстық бірдеңе бір-ақ шапшыды. Ол өзінің қандай күштің екпінімен орнынан тұрып кеткенін байқамады. «Қазір жуынып келемін» - дегенін күткісі келмей, бойын билеп алған жабайы инстинктің жетегіне еріп, мінсіз мүсіннің  көлеңкесінен көз жазып қалмау үшін сұлудың соңынан ілесті. Сұлуы жуынатын бөлмеге кіріп, жібек халатын денесінен сыпырып суға малынып үлгеріпті. Есіктің жабылмағаны Саян үшін тәтті жұмбақ. Сарылдаған судан ештеңе естімегендей, сүйрік саусақтарымен аппақ санын сабынды көпіршіте жоғары-төмен сырғыта сылап жатқан жерінен ұрлана Саян кірді. Көңіл көзін бұлдыр байлап бір сәтке жан жарын да, белінен тамған балаларын да – бүкіл әлемді ұмытты. Оған дейін өмір болмағандай көз алдында тек Жания көлбеңдейді. Ол да алдын-ала солай болғанын қалап есікті әдейі ілмей кетсе де, қызға тән қулыққа салынып, сасып қалғандай сыңай танытты. Саян үркіп қалған Жанияның жанына жақындап келіп үрпісіндегі тамшыны тілімен үзіп алды. Тұла бойын тінтіп өткен әлсіз тоққа төтеп беретін Жанияда қауқар қалмады. Меңдуана жегендей мең-зең. Сұлудың сиқырына Саян сүңгіп кетті... Тәбетінде тоқтау болмады. Ессіз түннен екеуі де есеңгіреп құлады. Жания башпайына дейін балқып жатты...

Таң жарықтанбай бозғыл тартып қалған еді. Күннің шарапатты шуағынан шабыт алған Саян Жанияның аш беліне білегін сала беріп еді, телефоны тызылдап қоя берді. Бетіндегі «женушка» деген жазуды көре сала аяғы жерге тиер-тиместен балконға қарай ұша жөнелді. Бір уыс беті бірнеше түске боялып бөлмеге қайта жүгіріп кірді де, жерде умаждалып жатқан жейдесін сипап жүріп саусағына ілгендей болды. Аласұрған күйі қараңғыланған бөлмеде қолына іліккенді қарап жатуға мұршасы келмей, қарадай сасып, екі қолын екі жаққа соза салып еді, әбүйір болғанда жейдесінің жеңінен қос қолы сопаң ете қалды. Желбіреген жиегін ышқырына итере сала есік жаққа екі аттап жетті. Жания мынандай жанталасты түсінбей ұйқылы ояу жатқан жерінен көзін сығырайтып:

- Не болды? Кім звондады сонша? - деді.

- Әйелім ғой, іздеп жатқан.

- Әйелім?

- Иә, әйелім.

- Бірге тұрмаймыз дегенің қайда?

- Қашан?

- Кеше.

- Кеше көп ішіп қойған шығарсың, ішкен адамға барлығы шалыс естіле береді ғой.

- Солай де?

Саян ары қарай сөйлеуге мұршасы келмей, бөлменің бұрышында тігінен тұрған айнаға жақындап, жейдесінің жағасын екі иығына қарай керіп тұрып, мойнын созып, бірдеңенің ізін іздегендей басын ары-бері бұрып анықтап қарап алды да:

- Ренжіме. Хабарласамын - деді. Сөйтті де көз ілестірмес жылдамдықпен үйден атып шығып кетті. Есік жабусыз қалды. 

Жания аң-таң. Не жыларын, не күлерін білмейді. Мұндай да өтірікші адам болады екен-ау! Сонда мейрамхана, гүл, сыйлықтар, сырласу – осының барлығы бір түн үшін ғана ма? Жания төсектен тұрғысы келмеді. Қайтадан нәпсі мен сезімді айыра алмай қалғанына жүрегі қан жылады. Өзін аяды. Қан жараға айналып, жара кек болып кеберсімеу үшін әйел бар жаманды жаспен жуып тазаланатыны бар. Өңменіне көтеріліп қалған өксікті өз ырқына қоя берді. Жан жолдасы жастығына көз жасы осы жолы да сіңіп жатты.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan