Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СӨЗ ДАУЫСЫ
/
Ақындық деген асудың «Бозбеткеймен» алғашқы белін...

Ақындық деген асудың «Бозбеткеймен» алғашқы белін асқан...

168

Ақындық деген асудың «Бозбеткеймен» алғашқы  белін асқан... - adebiportal.kz

Қырықтың қырқасына кеп қалған ақын, журналист «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Бозбеткей», «Жан райы», «Азат жол» өлеңдер жинағының, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Оралхан Бөкей кім?», «Мұқағали Мақатаев кім?» кітаптарының авторы Олжас Қасымның сөз өнерін маңайлап, ақын деген атаққа алғаш алып келген «Бозбеткей» атты өлеңдер жинағы қолыма түсті. Бұған дейін де талданып, бірнеше рет рецензиясы жазылған бұл кітапты оқып отырып, мен де өз ойыммен бөлісе кетуді жөн көрдім.

Шағын ғана жүз беттен тұратын, «Санамдағы ырғақтар», «Жанардағы жұмбақтар» деген екі бөлімнен құралған өлеңдер жинағында балалық махаббат, махаббаттан туған мұң, туған жерге деген сағыныш, ақын тағдыры, қоғамдағы кей мәселелер жайлы тақырыптар қамтылған екен. Ақынның «Аққора», «Сырғанақ» сынды кей өлеңдері оқып отырған жанды балалық шаққа елітіп алып кетсе, кейбірі құрылымы күрделі, терең философиялық ойға жетелейді. Сондай өлеңнің бірі – «Жалғыз тал».

«Жалғыз тал» 

«Төрт мезгіл де жасамайтын жалған өң,

Бастан күндер өткергендей не түрлі?

Өмірдегі жалғыздықтар Алла мен,

Сол бір талға жарасатын секілді.

 

...Жалғыз тал тұр жанындағы екеуге

Жалғыз қалмау керектігін үйретіп», - 

деген өлең жолдарында албырт махаббаттан бөлек өмірде жалғыздықтың тек Аллаға ғана жарасатыны жайлы айтылған тиянақты философиялық ой жатыр.

Ал «Әлгі қыздың әуресі» өлеңінде:

«...Қамқорымдай сол аруға қайтадан,

Тұмауратып тұрмын деймін тұнжырап».

«...Тұмауратқан» көңілімнің дәрісі

Өзі екенін біле тұра білмейді», - 

деп әлгі қызға деген жауапсыз махаббаты мен ғашық болған көңілінің жаралы екенін, сол бір қыз деп жанының ауырып тұрғанын әдемі суреттей келе, ішкі әлемінің тереңіне жетелейді. 

Неге екенін білмеймін, бірақ маған санамдағы ырғақтар бөліміндегі «Ит туралы элегия» өлеңі қатты әсер етті. Бәлкім менің де балалығымда дәл автордыкіндей қасқырға ұқсаған төбет итім болғандықтан болар. Ұзақ болса да, өлеңді бірнеше қайтара оқыдым. Жүрегіме жетті. Оқып отырсаңыз, кәдімгі көкжалға ұқсаған төбет итінің ұзаққа кетіп, қайтып келмегені жайлы жазды дерсіз. Алайда жеті қазынаның бірі деп, жеті күшік арасынан таңдап алған иті арқылы ақын дүниеге деген көзқарасын, қазіргі қоғамда кездесетін кей жайттарды төбет итінің тағдыры арқылы дөп жеткізгендей. Сондай-ақ, осы өлеңде ақын өзі «Алыпсоқ» деп ат берген итінің өмірін «марғау фәниге» теңегені ерекше салыстырулардың бірі болды.

«Үйшігімен өлшенбейтін әлемі,

Көкжалдарға келетұғын ал өңі.

Жан қаппаған қатуланса қан қапқан,

Дауыл мінез төбет итім бар еді.

 

Жеті күшік арасынан таңдап ем,

Жеті қазына бірі ғой деп алған ем.

Азан емес, қазаныма шақырып,

«Алыпсоқ» деп ат қойған ем сонда мен.

 

«...Күннен-күнге бой өсірді, жетілді,

Секеңдеді, ойнақтады, секірді.

Адамдармен дос болғысы келді ме?

Ол иттермен «дос» болмаған секілді.

 

Бітсе дағы ажал құшқан ит күні,

Алыпсоқ боп ұлыма жел ұйытқыды.

«Мен өлгем жоқ. Өлтіреді біздерді

Қоғамдағы адамдардың иттігі».

 

Сыймады ма мынау марғау фәниге,

Екі апта өтті оралмады ол үйге.

Күдік жайлап көкірегімді өртеді,

Далатектім келе ме, әлде келмей ме? 

Және де осы тарауда тағы бір «Жапырақ» атты өлеңі ерекше дер едім. Бұл өлеңде ақын өз жүрегін махаббатың ызғарына шыдай алмай үзіліп түскен, әлсіз күзгі жапыраққа теңеген. Махаббаттан тоңған өне бойы мен күзгі жапырақтың қара суық желден тоңған бейнесін оқып отырғанда көз алдыңа келетіндей етіп құдды суретшідей суреттеген. Дәл осылай теңеу арқылы табиғат пен адамды қатар қойып, керемет үндестіре білген. Өлеңнен үзінді оқи отырыңыздар.

«Сағымдарға бөккенде атырабым,

Сағынышты жаныма шақырамын.

Мен ол қыздан үзгенде күдерімді,

Ағаш та үзіп жатты жапырағын.

 

Санамызға самарқау сәт келгесін,

Қаңтарлардың күтеміз ақ кемесін.

Өн бойымды тоңдырды күздің желі,

Жапырақтың солдырды пәк денесін.

 

Мезгілдің меңзеуімен жыл ығысып, 

Күз – жеңгеймен барамыз ұғынысып.

О, жапырақ, сен ұштың мәжбүрліктен,

Менің де ұзайды алыс күнім ұшып.

 

 Әуелден нәп-нәзік боп түзілгенсің

Демеймін беймезгілде күзің келсін.

Әй қиын ағаш құрлы бола алмаймыз

Жүрек дейтін жапырақ үзілгесін».

Бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Абыралы атырабында дүниеге келген ақын өзінің балалық шағында сол өңірден шыққан тарихи тұлғаларға еліктеп өскенін айтады. Шығармашылыққа келуіне де сол қасиетті топырақтың әсері болса керек-ті. Ақындық деген асудың алғашқы белін «Бозбеткеймен» асқан бала Олжас бүгінде көпке танымал, ақын деген атағы бар, шығармашылық әлемінде аты қалыптасқан біртуар дара Олжасқа айналғалы қашан.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan